top of page
  • Зәуре Батаева

Абай жұмбағы - V. Ғасыр басындағы орыс дереккөздері

Омбы қаласынан басылып шыққан Акмолинские Областные Ведомости газетінің қазақ және орыс тілінде қатар шыққан қосымшасы – Дала Уалаятының Газеті мәдени сұхбат алаңына айналды. Бұл сұхбатқа алғашқы білімді қазақтардан Әлихан Бөкейханов (Қыр Баласы), Жүсіп Көпей-ұлы белсене қатысқаны белгілі, бірақ Шахин-Герей Бөкей-ұлы сияқты басқа да білімді адамдар лақап атпен қатысуы мүмкін екенін де зерттеу қажет болар. Десек те, газетке шыққан материалдардың басым бөлігін орыстың белгілі шығыстанушылары – В.Григорьев, В.Радлов, Н.Ильминский, Н. Остроумов, А. Васильев және А.Алекторовтар жазды. Олардың басты мақсаты – Қырдағы көшпенді қазақтарды орыстандыру және қоныстандыру саясатын жүзеге асыру болғандықтан, қазақтар мен олардың басқа мұсылман көршілерінің арасына жік салу әдісі де аз қолданылмады. Бұл идеологтар тобы орыс білімінің мұсылман білімінен артықшылықтарына басым назар аударып, қазақтарды мұсылман саудагерлері мен татар және сарт молдаларының «қу пиғылдарына алданып қалмауын» ескертіп бақты. [78] Кейбірі жалған қауесет, мысалы, «қазақтар татардан тараған» деген тәрізді «аңыз-әңгімелер» таратып, қазақтарды татарларға қарсы қою әдісін де қолданды. [79]


Бірақ орыс шығыстанушыларының үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан, Дала Уалаятының Газеті ұлтшылдық идеяларының катализаторына айналды: газет қазақ оқырмандарын патша режимінің мұсылмандыққа көзқарасын білдірумен қатар көшпенділерге отырықшылықтың экономикалық тұрғыдан тиімсіздігін жиі ескертіп, құнарлы жерлерді орыс шаруаларының басып алу қаупі де жоқ емес екенінен хабардар етіп отырды. Бөкейхановтың ұзақ жылдар бойғы газеттің оқырманы және тілшісі (мүмкін, аудармашы-редакторы) ретіндегі тәжірибесі оның ұлтшылдық идеяларының пайда болуына әсер еткеніне еш күмән жоқ. Ал оның газеттің шығуына жақын араласуы – саяси идеяларының қалыптасуына ғана емес, сондай-ақ орыс шығыстанушылары қолданған нарративтік насихаттау техникаларын меңгеруіне де жағдай жасағаны анық. Осы тұста Бөкейхановқа ықпалы зор болған мәтіндердің бірі – Ибраһим (Иван Алексеевич) Алтынсариннің қазанамасы болса керек. Бұл мәтін алғашында орыстың Оренбурский Листок атты газетінен жарияланып, 1 аптадан кейін аудармасы Дала Уалаятының Газетінің 1889 жылдың тамызында шыққан 33-санынан қайта басылып шыққан еді. [80] Осы қазанамада қолданылған нарративтік техникалардың біразы «Абай» есімі алғаш рет аталған орыс тілді мәтінде, яғни 1905 жылы Семипалатинский Листок газетінде басылған Абайдың қазанамасында қайталанды. [81]


Алтынсариннің қазанамасын жазған авторлар оның білім беруші ретінде жетістікке жетуіне орыс-қазақ бастауыш мектебіндегі үш жыл білімі мен әкесіндей қамқорлық көрсеткен орыс тұлғаларының рухани ықпалы себеп болғанын баса айтқан болатын. Оның есімінің символикалық мағынасына ерекше ден қойған орыс авторлары Алтынсаринді «көшпенді қазақтарға Еуропа өркениетінің жарығын төгіп, олардың Ресейге деген сүйіспеншілігін арттырған алғашқы қазақ апостолы» деп жариялады. Әрине, Абайдың қазанамасының идеологиялық мағынасы бұған қарама-қарсы болса да, бұл қазанама да «Ибрагим» деген аттың символикалық астарына аса мән берді. Оған қоса, Абайдың білімі 3 жыл медресе және 3 ай шіркеу мектебімен ғана шектелгенін де басып айтты. Бірақ бәрінен де маңыздысы – бұл қазанама да Абайдың интеллектуалдық өсуіне білімді орыс тұлғаларының ықпалы болғанын, ал шығармашылық шеберлігінің дамуы орыс әдебиетін үздіксіз оқығанының арқасында ғана мүмкін болғанын мәлімдеді. Бөкейхановтың айтуынша, анасы еркелетіп «Абай» деп атаған ақынның дарыны жастайынан байқалса да, оның жазушылыққа толығымен бет бұруына орыс әдебиетімен танысып, орыс халықшылдарымен араласуы әсер еткен.


Абайдың қазанамасының 1905 жылы жариялануы күтпеген оқиға болса керек. Бұл уақытта орыс этнографтары Орта Азияны шарлап, өңірдің географиясы, экономикасы және мәдениеті жайында мәлімет жинап жүргеніне біраз жылдардың жүзі болған еді. Дегенмен, Бөкейханов Абайды Тобықты руының арасында аса танымал болған ақын деп жазса да, оның есімі орыс этнографтарының еңбектерінде мүлдем аталмайды. Мысалы, Александр Алекторов 1900 жылы жарық көрген қыр жайлы дереккөздердің (1000 бет) библиографиялық көрсеткішінде Жүсіп Көпей-ұлының мақалаларын атайды, бірақ «Абай», «Ибраһим Құнанбаев» немесе «Ыбырай Құнанбай» деген ақын жайлы ақпарат бұнда жоқ. [82] 1895 жылы Алекторов атақ-даңқы өзінің туған өлкесі Қостанай уезінен асып танылған Құрманбай атты ақын-әнші туралы мақала жариялады. Бірақ Алекторов Абай жайлы ләм-лим демейді. [83] Әрине, Алекторовтың Абайдың есімін библиографияға енгізбеуін Абайдың өмір сүрмегенінің дәлел деп қарау қателік. Дегенмен, бұл алаңдарлық белгі, тіпті айғақ десек те болады. Егер сол уақытта қырда орыс мәдениетіне бас иген Абай сияқты ақын өмір сүрген болса, және тіпті өз руының ішінде ғана танымал болса да, орыс этнографтары оның өлеңдерін жазып алуға ағылып бармас па еді?


Ешкім естіп-көрмеген ақын туралы оқырмандардың сұрағы болатынын сезген Бөкейханов қазанамада Абайдың өлеңдерінің ешбір жазбаша ізінің жоқтығын түсіндіретіндей нарратив ұсынады. Бөкейхановтың айтуынша, Абай жас кезінде өлеңдерін бір жапырақ қағазға жазып, оңды-солды тарата берген. Ал кейінірек, қартайған шағында, Абай өлеңді бос уақытында, өзі үшін ғана жазып, оны кітап етіп жинамаған. Басқалай айтқанда, Бөкейхановтың меңзеп отырғаны – оқырмандар «Абай» не «Ибраһим Құнанбаев» деген аттарды естімесе, оның себебі – Абайдың өлеңдері ешқашан басылып шықпағандықтан. Дегенмен, қазанаманың соңына қарай Бөкейханов Абайдың өлеңдерінің жинағын орыс императорлық географиялық қоғамы Бөкейхановтың редакторлығымен басып шығаратынын хабарлайды. Алайда, бұл жоба жүзеге аспады. Абайдың өлеңдер жинағы тек 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Бораганский&К баспасынан шыққанға ұқсайды. Әрине, біз өткен тарауда айтып өткендей, 1909 жылы шыққан осы кітаптың түпнұсқалығына қатысты жауабы жоқ сұрақтар көп-ақ.


Бөкейханов 1904 жылы қайтыс болған Абайдың қазанамасын неге 1905 жылы шығарды? Бәлкім, Дала Уалаятының Газетінде 1889 жылы жарияланған екі өлең көптің көңілінен шыққан соң, Бөкейханов одан басқа да өлеңдер жазып, оларды ( географиялық қоғамдағы таныстары арқылы) басып шығарғысы келген болар. Ол кітапты өмірі қызық та бояуы қанық бір кейіпкердің (гетероним) атынан және ол жайлы сұрақ туындамауы үшін, өмірден озып кеткен кейіпкердің атынан шығаруға ұйғарған болар. Осылайша, Бөкейханов, бәлкім, өзінің әдеби жобаларының (өлеңдер, аудармалар, әдеби сын) анонимділігін сақтауға тырысқан болар?


1954 жылы (Сталиннің өлімінен кейін бірер ай өткенде) ғалым Әлкей Марғұлан Ленинградтағы географиялық қоғамның архивінен қолжазба тауып алды. Осы қолжазбадағы сол кезде Абайға тиесілі деп танылған 12 өлең А.К деген лақап атпен берілгеніне қарамастан, кеңес ғалымдары бірден «Абайдікі» деп, ал қолжазбаны дәлел деп санады. [84] Егер қолжазбаның табылған орнына, қолданылған лақап атқа және жинақтың атауына («О положении современных киргиз») көңіл аударсақ, аталған қолжазбаның авторы Бөкейханов емес пе екен деген ой келеді. Бұл мүмкіндікті 1954 жылы және одан кейінгі, яғни, Бөкейхановтың аты-жөніне тыйым салынған жылдары, ғалымдар атауға дәттері бармаған болуы мүмкін.


Дегенмен, Әлкей Марғұлан мен басқа кеңес ғалымдары бұл мүмкіндікті тұспалдап, осы өлеңдерді 1897 жылы Владимир Кудашев деген орыс тілшісі белгісіз ақынның аузынан жазып алып, орыс тіліне аударғанын айтқан еді. Ал Бөкейхановтың 1897 жылы V. деген лақап атпен жариялаған Омскідегі географиялық қоғамның кезекті бір жиылысы жайлы баянатынан оның Кудашев мырзаны танитынын және Кудашевтің қазақ тілін мүлдем білмейтіні жайлы ақпарат аламыз. [85] Егер Кудашев айтып отырған белгісіз қазақ ақынын Бөкейханов деп топшыласақ, пазл-жұмбақтың барлық бөліктері қиыса кететін сияқты. Және бұл дерек қолжазбаның географиялық қоғамның архивінен табылуының себебін де түсіндіреді. Сонымен қатар, бұл өлеңдердің А.К деген лақап атпен, яғни, Бөкейхановтың жиі қолданатын лақап аттарының бірі – «А.Құрманбаев» немесе «Асылқожа Құрманбаевтың» қысқартылған түрі емес пе деген ой келеді. Ең бастысы – бұл дерек қолжазбаның не себепті екі тілде жазылғанын түсіндіреді. Кудашевтың қазақ тілінен өлең аударуға тіл деңгейі жетпейтіні айдан анық, оған қоса, сол кезде қырда қазақ және орыс тілінде жазбаша әдебиет шығаруға белсенділік танытып жүрген жалғыз қазақ Әлихан Бөкейханов іспетті. Бөкейхановты осы қолжазбадағы қазақ тіліндегі өлеңдердің авторы ғана емес, сонымен қатар аудармашысы деп пайымдауға әбден негіз бар сияқты.


1905 жылдың алдындағы онжылдықта өзі «Абайдың» қазанамасында сипаттағандай, Бөкейханов өлеңдерін бос уақытында, көбінесе өзі үшін, жарияламай немесе басып шығаруды мақсат тұтпай жазған болуы мүмкін. Сол кезеңде ол лақап ат іздеу және ақынның жалпы бейнесі жайлы ойланып жүруі ықтимал. Ол осы жаңа тұлғаның бейнесі туралы орыс әріптестеріне де тұспалдап айтты ма екен?


Мәселен, Бөкейханов қазанаманы жариялаған кезде географиялық қоғамның мүшесі және Семипалатинский Листок газетінің редакторы болған Николай Коншин 1900 жылы бір материал жариялады. Сол материалдың алғысөзінде ол Семейде «аты әйгілі болғандықтан, аты-жөнін атағысы келмеген» Тобықты руының бір азаматы Орта Жүз руларының шежіресін жазып бергені жайлы хабарлаған еді. [86] Көп жылдардан кейін, 1940 жылдары, кеңес ғалымы Михаил Фетисов Коншиннің ғылыми хабарының дереккөзі болған белгісіз қазақты «Абай» деп мәлімдеп, оның «ақын ғана емес, сонымен қатар тарихшы және ғалым» болғаны туралы батыл мәлімдеме жасаған болатын. [87] Фетисов бұл мәлімдемені қандай дерекке сүйеніп жасағаны анық емес. Ал Бөкейханов 1905 жылғы қазанамасында Абайды «тарихшы» не «ғалым» деп суреттемеген еді. Ал осы белгісіз қазақтың Бөкейхановтың өзі болуы да ғажап емес. Ол 1895-1901 жылдар аралығында орыс санақшысы Федор Щербина бастаған ғылыми экспедицияға қатысу барысында орта жүздің тарихын жинақтап, жазып алуы әбден мүмкін, себебі кейінірек оның жақын одақтасы болған Міржақып Дулатов қазақтың тарихына, тегіне қатысты біршама мақала жазды.


Бөкейхановтың орыс әріптестеріне өз идеясын тұспалдап айтуы мүмкін екеніне тағы бір мысалды 1903 жылы географ Александр Седельников жазған бір мақаладан да байқауға болады. Мақаласының қазақтың халық өнері (народное творчество) жайлы бір бөлімінде Седельников айналасы 2-3 сөйлеммен «Кномбай» деген қазақ ақыны туралы, оның Пушкиннің Онегинін және Лермонтовтың өлеңдерін аударғанын және оның «формасы әсем» әрі «терең мазмұнды» лирикалық өлеңдер жазатынына тоқталып өткен. [88] Кейінгі жылдары Седельниковтың мақаласы «Абай» тарихнамасына қатысты және оның шын есімі «Құнанбаев» екенін дәлелдейтін тарихи айғақ ретінде қолданылып жүр. Алайда, Седельниковтың «Кномбайға» қатысты сілтемесі екі мәселе бойынша күмән тудырады. Біріншіден, бұл кезеңде қазақ ақындары мен билері әкесінің атымен емес, өз атымен немесе лақап атымен танымал болушы еді. Басқаша айтсақ, Седельниковтың сілтемесін ақынның әкесінің емес, өз есіміне немесе «Кномбай» деген лақап атқа жасалған сілтеме деп түсіну керек. Мұны басқаша түсіну – осы сілтеме жасалған уақыттағы тарихи контексті жетік білмегеннен туындайтын қателік болып табылады. Седельниковке «Кномбай» туралы деректі Бөкейханов берсе керек, себебі екеу бір-бірін таныды деуге негіз бар: екеуі де Омбыда тұрды, мұғалім болып қызмет етті, зерттеу экспедицияларына қатысты. Седельников «Кномбайды» атаған кітапта екеуі де үлес қосқан тағы бір мақала бар.


Седельниковтың сілтемесі зерттеушілерді ойға қалдырады, себебі 1915 жылы «Қазақ» газетінде Абайдың немере інісі Кәкітай Құнанбаевтың қысқаша қазанамасын («Ғалихан» деген лақап атпен) жазған Бөкейханов Кәкітайды 1900 жылы кездестіргенін айтады. [89] Онда ол неге досы әрі әріптесі Седельниковке ақынның толық аты-жөнін немесе оның «Абай» деген лақап атын 1903 жылы айтпаған? Бұл сұрақ бұдан да үлкенірек мәселенің бір көрінісі: тарихи деректер пен Абайдың өмірбаянының ресми нұсқасының қарама-қайшылыққа толы екені соншалық, оны зерттеген кез-келген адам міндетті түрде қандай да бір жұмбаққа тіреледі. Осы пазл-жұмбақтың шындыққа жанасатын шешімі мынадай болмақ: 1903 жылы Бөкейханов «Абайдың» шын есімін әлі білмеуі де мүмкін әлде ол оны ойлап таппаған болар?


Десек те, 1905 жылы Абайдың қазанамасын жазып, ұлттық ақын бейнесін сомдағанда, Бөкейхановтың жалғыз мақсаты оның атынан өлең жариялау болмаса керек. Бөкейхановтың бұл қазанаманы орыс тілінде және өз атынан жариялауы – осы қазанаманың негізгі мақсатын ашып көрсетуі мүмкін. Мақаланың алдыңғы тарауында аталғандай, Бөкейханов 1937 жылға дейін, яғни, өмірінің соңына дейін, саяси тақырыптан басқа мәтіндерінің барлығын лақап атпен жариялады. Осы қазанаманы расында да Бөкейханов жазған болса, ол бұл қазанама арқылы саяси мәлімдеме жасауды көздеуі мүмкін. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана Бөкейханов – Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов сияқты басқа ұлтшылдармен бірге орыс үкіметінен қазақтардың діни және жер меншіктігі құқығын талап етіп, 14500 адам қол қойған петицияны жазуға қатысқан еді. [90] Бөкейханов өз атынан жазған қазанама осы саяси жобаның бір бөлігі екеніне еш күмән жоқ. Абайдың бейнесі арқылы Бөкейханов өзінің саяси жобасының шығармашылық компонентін құрады: ұзақ уақыт орыстандыру саясатын көздеген орыс-қазақ зиялыларына орыс мәдениетіне толық сіңісе отырып, өзінің көшпелі мәдениетінен қол үзбеген, үлгі тұтарлықтай мінсіз қазақ бейнесін көрсеткісі келсе керек.


Бұл уақытта Бөкейхановтың саяси-мәдени жобасы партия деңгейінде пісіп-жетілмеген еді. Ол тек 1917 жылы Алаш Орданың құрылуымен өз мәресіне жетті. Осы аралықтағы жылдарда Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов үшеуі бірігіп, көптеген мәдени-ағартушылық жобаларын жүзеге асырды. Солардың бірі – 19 ғасырда өмір сүрген «Ибраһим (Абай) Құнанбай» деген біртуар ақын және ойшыл қазақтың өмірі мен шығармашылығын үлгі етіп, халыққа тарату жобасы еді.


[78] Анатолий Ремнёв. Татары в казахской степи: соратники и соперники Российской империи // Вестник Евразии. 2006. Вып. 4, стр. 24-25.

[79] Там же. С. 24.

[80] Ибрагим Алтынсаринович (Иван Алексеевич) Алтынсарин. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 33-саны.

[81] Букейханов А.Н. Абай (Ибрагим) Кунанбаев // Семипалатинский листок. 1905. Вып. 250.

[82] Александр Алекторов. Указатель книг, журнальных и газетных статей и заметок о киргизах. Казань, 1900.

[83] Александр Алекторов. Курманбай // Тургайская газета. 1895, Вып.39.

[84] Хайржан Бекхожин. Қазақ баспасөзінің даму жолдары (1860-1930). Алматы, 1964. 22-бет.

[85] V. В Западно-Сибирском отделе Географического Общеста // Степной Край. 1897, № 29.

[86] Николай Коншин. Заметка о происхождении родов Средней киргизской орды. Памятная книжка Семипалатинской области на 1900 год. Вып.4.

[87] Михаил Фетисов. Зарождение казахской публицистики. Алматы, 1961. 238-бет.

[88] А. Н. Седельников. Киргизы. // Россия: Полное географическое описание нашего отечества: настольная и дорожная книга для русских людей. Т. 18. Киргизский край. / сост. А.Н. Седельников, Л.П. Осипова, А.Н. Букейханов. С. 204.

[89] Ғалихан. Кәкітай. Қазақ.1915, 105-саны.

[90] А.Н. Букейханов. Киргизы. // Формы национального движения в современных государствах. Австро-Венгрия. Россия. Германия. / Под ред. А.И. Кастелянского. СПб., 1910. С. 598.


bottom of page