top of page
  • Зәуре Батаева

Абай жұмбағы - II. Белгісіз және тыйым салынған тарих

Абайдың заманында қазақтардың басым көпшілігінің өмір-салты болған көшпенділік мәдениеті туралы және сол мәдениеттің 20-ғасырда Кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясаты нәтижесінде 3 жыл аралығында ғайып болғаны жайлы біздің өте аз білетініміз таң қаларлық жайт. Тарихшы Радик Темірғалиевтің дала көшпенділерінің 19-ғасырдағы тарихының «ақ таңдақ» парақтарын қалпына келтіруді мақсат тұтқан зерттеулері көшпелі қазақтардың дәстүрлі өмір салты мен оларды отырықшылыққа бұруды көздеген патша өкіметінің жарты ғасыр бойы енгізген әкімшілік реформаларының қазақтардың салт-дәстүріне, өзара қарым-қатынасына қалай әсер еткенін аша түседі. [10] Бізге мүлдем белгісіз осы тарихтың өзіндік маңызы да зор әрі бұл деректер бізге Абайдың ертеректегі өлеңдеріне негіз болған мәселелерді дұрыс түсіну үшін аса маңызды рөл атқаратын контекст ұсынады.

 

19-ғасырдағы көшпенділер мәдениетінің біздер аз білетін бір тұсы ­– қырдағы білім беру жүйесі. Көшпенді қазақтардың білім алуға қандай мүмкіндіктері болды? Кеңес академигі Төлеген Тәжібаев 1962 жылы жарық көрген еңбегінде 19-ғасырдың екінші жартысындағы қырдағы мектеп пен білім беру жүйесін зерттей келе, әсіресе Семей облысында, дәлірек айтқанда, Абай және оның отбасы өмір сүрген аймақтағы жағдайдың басқа аймақтармен салыстырғанда «ең төменгі сатыда» болғанын архив құжаттарына сүйеніп бағалаған еді. [11] Одан кейін аса көп зерттеу жасалмады. Бұл мәселеге қатысты Кеңес академигіне сенбейміз десек, көшпенділердің басым бөлігінің сауатсыз болғанын, сол сауатсыздықтың себебінен олардың татар молдалары, сарт саудагерлері және орыс әкімшілігінің алдау-арбауына түсуге тым бейім болғаны жайлы 1890-жылдары жиі жазған Әлихан Бөкейхан-ұлы және Жүсіп Көпей-ұлы сияқты оқыған қазақ зиялыларының пікіріне құлақ түрсек те жеткілікті. [12]

 

Абайдың ресми өмірбаянын жазушылар 19-ғасырда сахараны жайлаған сауатсыздық деңгейін, білім сапасының төмендігін мүлдем ескермей келді. Олардың айтуынша, Абай медреседе үш жыл діни білім алып, шіркеу мектебінде үш ай орысша оқып, өзінің ерекше қабілетінің арқасында аса күрделі саналатын орыс тілін ғана емес, сонымен қатар парсы, араб тілдерін, статистикалық ғылымдар мен шығыс пен батыстың философиясын өз бетімен меңгеріп алыпты-мыс. Біз қазір «Абай» деп атайтын адам ерекше дарын иесі болды десек те, дала көшпендісінің қиын-қыстау өмірін кешіп жүріп, өздігінен осыншама білім мен біліктілікті меңгеріп алуы мүмкін емес нәрсе. Мысалы, біз екінші тілді меңгеру ғылымына сүйенсек, тіл үйрену – аса күрделі ми үрдісі, ол үшін сол тілде сөйлейтін ортаға толықтай сіңісу немесе ұзақ уақыт бойы арнайы сабақ алып, жаттығу – негізгі талаптар. Барлық стандарттар бойынша дарын иесі боп саналатын Иоганн Вольфганг Гетенің өзі латын, грек, француз, ағылшын және италиян тілдерін 4-5 жасынан бастап, осы тілдер ана тілі болып табылатын мұғалімдердің қадағалауымен және күнделікті дәріс алу арқылы ғана үйрене алған екен. Шіркеу мектебінде өз ана тілінде оқыған орыс балалармен қатар отырған қазақ балаға орыс тілінің аса күрделі дыбыс жүйесін және емлесін кім жеке түсіндіріп жатады? Оған қоса, 19-ғасырда Орталық Азияда білім беру әдістерінің пассивті түрлері ғана қолданылғаны да белгілі дерек. Яғни, оқып не жазуға үйретіп, сөйлем құрау машықтарын дамытудың орнына, медресе шәкірттеріне бірнеше мәтінді ауызша қайталатып, жаттатуға ғана мән берілген еді. [13]

 

Қазақтардың өздерінің көшпенді ата-бабаларының сауаттылық деңгейі және олардың мәдени практикалары туралы білімінің мардымсыздығы соншалық, ешбір ғалым Абайдың ресми өмірбаянының шындыққа жанаспайтынына ешқашан күмән келтірмеді. Ешкім Абайдың, яғни, өз мәдениетіне толығымен сіңіскен, Семейден асып ешқайда шықпаған, ешқашан қалалық жерде тұрмаған, 19-ғасыр көшпендісінің өз ортасынан, өз мәдениетінен неге жеріп, неге бас тартқанын түсіндіруге тырыспады.

 

Жуырда Абайды өз ауылынан жаңа мектеп ашқан жәдид деп көрсеткісі келгендер де болды. Абайды жәдидшілдікпен байланыстыру – қазақтардың Қазан төңкерісіне дейінгі тарихын мүлдем білмейтініміздің тағы бір көрінісі. Шындығында, жәдидшілдік Орта Азия түркілерінің ұжымдық жадындағы «ақ таңдақтың» бірі. Жақында жүргізілген тарихи зерттеуге сүйенсек, жәдидшілдік қалалық мұсылмандар бастамасымен пайда болған және мұсылмандық білім беру жүйесін реформалауды көздеген мәдени қозғалыс. Осы қозғалыс Орта Азияның ірі қалаларында 19-ғасырдың аяғына таман пайда болса да, қазақ даласында жаңа әдіске негізделген мектептер тек 1900 жылдан кейін ғана ашыла бастаған еді. [14] Бұхарада білім алып, Түркістан мен Сібірге көп саясат жасаған Жүсіп Көпей-ұлының жазбаларынан осы қозғалыстың ықпалы анық байқалады.

 

Абай өмір сүрген замандағы көшпенділердің тарихы, мәдениеті және оның 1928-33 жылдары ғайып болуы Кеңес заманында тыйым салынған тақырыптың бірі еді. Осы жайында қалам түрткен кез-келген Кеңес жазушысы цензураға ұшырап, қатаң жазаланды. Мәселен, 1940 жылдары көркем шығарма екені жарияланып, қазақ-орыс достығы мен ынтымақтастығы жайлы режимнің ресми үндеуіне негізделген болса да, көп томды «Абай жолы» романын жазып-шығару барысында цензурадан көз ашпаған Әуезовтің тағдырына қараңыз. [15] Немесе, пешенесі одан да ауыр болған тарихшы Ермұхан Бекмахановтың 1952 жылы жазылған «1820-1840 жылдардағы Қазақстан» атты кітабы үшін «ұлтшыл» деп айыпталып, Гулагқа жіберілгені ше?!

 

Режим тізгінін біраз босатқан 1970 жылдардың өзінде де бұл тақырып қауіпті болып қала берді. 1961 жылы Юрий Гагаринге арналған одасымен күллі Кеңес Одағына атағы шығып, саяси қудалауға иммунитеті мығым деген Кеңес ақыны және партия мүшесі Олжас Сүлейменовтің басына төнген қауіп ше? Орыстың орта ғасырлық мәтінінен түркі сөздерін іздеген лингвистикалық-антропологиялық АЗ и Я атты еңбегі үшін және оның алғы сөзіндегі пікірі үшін 1975 жылы ұлтшылдықты дәріптеп, көшпенді феодалдықты жақтады деп айыпталып, қуғынға ұшырады. Біріншіден, Сүлейменов: «Өз тарихи контексінен суырып алынған факт ғалымдардың жансыз ойыншығына айналады. Өйткені факт – дәуірдің өзегі. Ол атмосфераға оранған Жер сияқты, өз уақытының әлемінде тіршілік етеді. Білімге нұқсан келтірмей, оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес», - деген еді. Бұл мағлұматтың соңынан одан неше есе қауіпті декларация жасалды: Сүлейменов «қателесуге» және «тыйым салынған тақырыптар жайында өз пайымын жасауға» құқығы бар екенін мәлімдеді. [16] Сүлейменовті қатаң жазадан құтқару үшін бұл іске шұғыл түрде Дінмұхаммед Қонаевтың кірісуіне тура келді.

 

Қазақ мәдениетінің түркі және көшпенді тегін жадында сақтауға ұмтылған қазақ зиялыларын қатаң жазалаған Кеңес үкіметінің стратегиясы айқын еді: қазақтардың ұжымдық жадынан шыққан тегін мүлдем өшіру. Осы мақсатқа жету үшін Кеңес билігі мәдени өндіріс саласында екі тәсілді қолданды: басып-жаншу және алмастыру. Осы тарауда қарастырылып отырғаны – екінші тәсіл. Себебі осы әдіс тарихтың белгісіз және ұзақ уақыт әдейі еленбей келген тағы бір саласында, атап айтқанда1930 жылдары Сталиннің ұлттық саясаты аясында жүзеге асырылған халық ауыз әдебиеті үлгілерін аудару және кітап қылып шығару жобаларында кеңінен қолданылған еді. Осы жобалардың қалай іске асырылғаны жайлы зерттеулер де бізге Абайдың өмірі мен шығармашылығын қажетті деңгейде түсінуіміз үшін аса қажетті және өте маңызды тарихи контекст ұсынатынына төменде тоқтала кетпекпіз.

 

Соңғы он жылдықтарда орыс және батыс ғалымдары 1930 жылдары ҚСРО-да жүзеге асырылған ауқымды аударма және кітап шығару жобаларын зерттей бастады. Осы зерттеулердің нәтижесі Абайдың шығармаларының шығу тегіне алаңдайтын оқырмандар мен ғалымдарға ой салуы тиіс. Себебі, дәл осы жылдары Абай да ұлттық ақын мәртебесіне көтеріліп жатқан еді. Ерекше атап өтетін жайт – зерттеушілер 30-жылдары баспаханалар, газеттер мен радио арқылы жарнамалаған қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін насихатшылардың өздері жазып, кейде мүлдем бұрмалап ұсынған екі кең ауқымды әдеби жобаның орын алғанын дәлелдеді.

 

Бірінші жоба – 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ мәдениетінің он күндігінде қазақтың халық шығармашылығын (народное творчество) таныстыруға шақырылған тоқсан жастағы дарынды халық ақыны Жамбыл Жабаевқа қатысты. Осыдан кейінгі жылдарда бір топ Кеңес ақындары мен аудармашылары Жамбылдың белгілі бір тақырыптарға жазылған суырып салма өлеңдерін жазып алып, оны өзгертіп, Кеңес үкіметі мен Сталинді мадақтау жырларынаа айналдырып, Жамбыл ақынның бірегей дарынын барынша қанаған еді. Осы жырлар барлық орталық газеттерден жарық көріп, Кеңес Одағының көп тілдеріне аударылып, Жамбылды күллі ҚСРО-ның Сталинді мадақтаушы ұлттық ақыны мәртебесіне көтерді. Жамбылдың өлеңдерінің бұрмаланғаны Сталин өлгеннен кейінгі кезеңнің өзінде-ақ әшкереленген еді. Есмағамбет Исмаилов сияқты қазақтың ғалымдары Жамбылдың 1938 жылы басылып шыққан «Путешествие на Кавказ» атты өлеңдер жинағындағы көптеген жырлардың түпнұсқасы мүлдем болмағанын, яғни, оларды Жамбылдың өзі жазбағанын айтқан болатын. [17] Кейінгі жылдары басқа ғалымдар осы зерттеуді ары қарай жалғастырды. Олар Жамбылдың өлеңдерінің («Туған ел» сияқты бірінші рет Правда газетінде 1936 жылы жарық көрген ) қаншалықты бұрмаланғанына талдау жасап қана қойған жоқ, бірақ Жамбылды әртүрлі медиа көздері арқылы дәріптеуге жұмылдырылған үлкен өндіріс желісінің болғанын ашып көрсетті. [18]

 

Жамбыл ақынның жағдайы Абай мәселесін зерттеушілерді де алаңдатуы тиіс. Себебі осы екі жағдайдың арасында біраз ұқсастық бар. Біріншіден, қазақтың бай ауыз әдебиетінің мұрагерлері болып саналатын Жамбыл мен Абайдың екеуі де ауызша мәдениет ақындары болып саналды. Ал ауыз әдебиеті – қағазға түсірілу барысында мазмұны бұрмаланып, өзгеріске ұшырауға жеңіл келетін осал жанрлардың бірі. Екіншіден, Жамбыл мен Абай «қазақтың ақындық өнерін таныстыру» мақсатымен бір уақытта және бірдей жағдайларда, 1930 жылдары Сталиннің ұлттық саясаты аясында таңдалып алынған ақындар. Үшіншіден, ұлттық ақын мәртебесіне көтерілген Жамбыл мен Абай екеуінің айналасында да жеке басқа табынушылық үрдісі өрбіді. Жамбылдың жағдайында жеке басқа табынушылық Сталиннен кейінгі кезеңде тез басылып қалды да, Абай тұлғасына табыну әлі күнге дейін жалғасып келеді. Абайдың осы Кеңес насихатшылары ұсынған бейнесіне еш сызат түспей, осы күнге дейін неге өзгеріссіз жалғасып келеді? Бұл Абайдың және оның шығармаларының еш бұрмалауға ұшырамағанынан ба? Әлде бұл біздің «Абай» деген адам туралы және оның жазбалары туралы хабарымыздың аздығынан ба? (Біз бұл сұраққа кейінірек ораламыз).

 

Екінші жағдай – 1937 жылы Правда газетінің бастауымен «Кеңес одағы халықтарының шығармашылығы» (Творчество народов СССР) деген атаумен жарық көрген халық жырлары мен қысқа әңгімелер антологиясына қатысты. Айтулы антологияның мақсаты екіжақты болды: Қазан төңкерісінің 20 жылдық мерейтойын атап өту және Кеңес Одағы республикаларының этникалық және тілдік саналуандығын мадақтау. Десек те, осы үлкен көлемді жобаның Ресей Мемлекеттік Әдебиет және Өнер Мұрағатында (РГАЛИ) сақталған әкімшілік құжаттарын зерттеу барысында филолог Елена Земскова осы «аудармалардың» көбін түпнұсқа тілді мүлдем білмейтін бір топ орыс ақындарының жүзеге асырғанын анықтаған еді. Ол аз болғандай, антологияның қазақ бөліміндегі құжаттарда транскрипция мен қазақ тіліндегі мәтіндер мүлдем болмай шыққан. [19] Яғни, антологияның қазақ бөлімін орыс ақындары мен редакторлары өздері жазған. Ал жазбаша әдеби дәстүрі мықты өзбек сияқты тілдерден аударылған өлеңдер барынша бұрмаланған.

 

Бұл зерттеулер қазақ ақындарының өлеңдері, әсіресе, халық ауыз жырларын Кеңес насихатшылары қағазға түсіргенде біраз бұрмаланғанын растайды. Сондықтан осы зерттеулерді болашақ Абайтанушылардың ескеруі абзал. Абай халық ауыз ақыны болмаса да, өз қолымен жазған немесе оның авторлығын растайтын жазбаша құжаттар болмағандықтан, оның өлеңдері де кез-келген ауыз әдебиетінің туындысы тәрізді өзгертуге осал.

 

Толғандыратын тағы да бір мәселе бар. Алғаш рет 1933 жылы «Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ» атауымен жарық көріп, 1940 жылы орыс тіліне аударылған кітап жобасы мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып, басылып шыққан еді. Бұл жоба көптеген редакторлар мен аудармашылардың көмегімен әзірленіп, кеңінен дәріптелді. Бұл кітап жобасы да Жамбылдың кітаптары мен Правда газетінің ұйымдастыруымен шыққан антология сияқты, тікелей Мәскеудің қолдауымен жүзеге асырылды.

 

Бәрінен де маңыздысы – бұл жинақты 1940 жылы орыс тіліне аударып, баспа жұмысына дайындағандардың көбі жоғарыда аталған екі жобаға қатысқан идеолог редакторлар мен аудармашылар. Сталиннің протежесі болған әдеби сыншы Николай Соболев 1940 жылғы аударманың алғысөзін («Поэт-мыслитель» атты мақаласы) жазып қана қойған жоқ, ол сонымен қатар Жамбылдың шығармашылығын жарнамалаумен де айналысқан еді. [20] Ақын Мария Петровых пен Всеволод Рождественский 1937 жылы Правда газеті шығарған антология үшін армян, болгар, грузин және серб тілдерінен аударса, 1940 жылы Абайды қазақшадан аударуға қатысты. 1940 жылғы Абайды аударуға қатысқан ақын Марк Тарловский екінші дүниежүзілік соғысының басында Жамбылдың жеке хатшысына айналып, Жамбылдың соғыс туралы өлеңдерінің барлығын аударып отырған.

 

Аталған ақын-аудармашылардың қазақ тілін (немесе басқа тілдерді) мүлдем білмегені аса маңызды болып есептелмеді. Өйткені, жоғарыда аталған антологияны зерттеген Земскова көрсеткендей, осы кезеңдегі көлемді аударма жобаларында екі түрлі аудармашылар тобы жұмыс жасаған. Аудармашылардың бірінші тобы – түпнұсқа тілді жетік білетін және сөзбе-сөз аударма (подстрочник) әзірлеген белгісіз адамдар. Жобалардың әкімшілік құжаттарында бұл аудармашылар туралы әдетте ешқандай дерек берілмеген. Ал екінші топтың құрамына кірген атақты орыс ақындары – тілді білмесе де, осы белгісіз аудармашылар жасаған сөзбе-сөз аудармаларға Кеңес өмірінің идеалды бейнесін кірістіру тапсырылған режимнің сенімді адамдары еді. Жарияланған кітаптарда әдетте аудармашы ретінде осы ақын-аудармашылардың есімдері ғана көрсетілді. [21]

 

Кеңес дәуірінің көпке беймәлім осы практикасы жайлы ақпаратты мүлдем күтпеген жерден кездестіреміз. Ол – ҚСРО-да ұзақ уақыт тыйым салынған орыс ақыны Осип Мандельштамның 1990-жылдары ғана жарық көрген жырлары. Мария Петровыхпен жақын дос болған Мандельштам Сталиннің аударма жобаларының мағынасыздығынан әбден хабардар болса керек. Өзінің 1933 жылы жазған бір өлеңінде ол былай депті:

 

Татар, өзбек, ненецтер,Еділдегі немістер, Күллі украин ел-жұрты,Аударма жайын күтіп жүр.
Кім білсін, қазір мені де, Сөйлетіп таза түрікше,Жатыр ма бір жапондық,Жаныма терең үңіле. [22]

 

Мария Петровых және басқа аудармашы-идеологтардың Абайдың өлеңдерін аударуға қатысқаны Абай шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдарға үлкен ескерту. Егер дәл осы аудармашы-идеологтар басқа да ірі жобалардың бұрмалануына қатысқан болса, олардың Абай өлеңдеріне деген көзқарасы неге басқаша болуы тиіс? Абайдың өлеңдерінің қаншалықты бұрмаланғанын анықтау үшін, оның өлеңдерінің араб қарпімен жазылған ең алғашқы нұсқаларын анықтап, соларды 1940 жылғы аудармасымен салыстыру қажет.

 

Жоғарыда келтірілген үш оқиға арасындағы ұқсастықты дәлел деп тану қателік, әрине. Дегенмен, осы оқиғалар бізге сабақ және Абайдың оқырмандары мен Абайтанушыларды Абайдың атынан ұсынылған дүниелердің мағынасына мән беруге, мұқият болуға үйретуі тиіс. 1930 және 1940 жылдардағы ірі әдеби жобалардың мұрағаттық деректері табылып, сараланып, ертеректегі қазақ тіліндегі нұсқалары анықталып, орыс тіліндегі аудармасымен салыстырылып талданбайынша, Абайдың шығармаларының бұрмалануы ықтимал екенін естен шығармауымыз керек.

 

Ең бір өкінішті жағдай – бұрмалау дәстүрі ҚСРО-ның құлауымен аяқталған жоқ. Егер Абай туралы соңғы жылдары пайда болған қосымша әдебиетке көз жүгіртсек, мәтіндерді, тарихи деректерді бұрмалау, ешбір дәлелі жоқ ақпарат тарату, тіпті жоқ деректерді қолдан жасай салып, жоқ кітапты басып шығару да әлі күнге дейін жалғасуда! Оларды қадағалап отырған ғалымдар да байқалмайды. Алайда, қандай да дәлел үшін жалған ақпарат беріп, мәтіндерді өзгерту, дереккөздерді қолдан жасау әрқашан теріс нәтиже береді: Абайдың ақындығын бағалай білетін оқырмандар мен ғалымдар аз емес және олардың күдігі одан сайын арта түсті. Бірақ басты сұрақ: осы жасанды не бұрмалаған деректерді ұсынып отырған адамдар нені жасырмақ? Олар кімді алдамақ?


Бұл сұрақтың жауабы да сол 1930 жылдардан, яғни, Абай ұлттық ақын мәртебесіне көтерілген кезден табылады. Абай 20-ғасырдың басында Алаш Орданың ұлтшыл жазушылары өлеңдерін басып шығарып, ағартушы ретінде жарнамалағанға дейін ақын ретінде мүлдем танымал болмаған еді. Абай 1933 жылы Кеңес үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылған жобалар нәтижесінде ғана атақты ақын болып шыға келді. Дәл сол сәтте жүздеген мың қазақ Сталиннің бұйрығымен көшпенділік өмір салтын мүлдем жоюды көздеген жойқын ұжымдастыру салдарынан жаппай қырылып, тірі қалғаны бүкіл ҚСРО аймағына тентіреп, қайыр тілеп кеткен еді. [23] 1928-1933 жылдар аралығындағы Ашаршылық қазақ халқының 40 пайызының өмірін жалмап, қазақ тарихындағы ең аянышты оқиғаға, сонымен қатар, мүлдем тыйым салынған тақырыпқа айналды. Бұл сұмдық апат қазақтардың ұжымдық жадын өшіру үрдісін жылдамдата түскен нағыз катализатор болған еді.


Сталиннің насихатшыларын 19-ғасырда өмір сүрген көшпенді Абайды «өз табын сынаған, яғни, Кеңес режиміне жақтас ақын» қылып жарнамалауға осыншама қаржы мен күш-қуат жұмсауға жетелеген осы 1928-33 жылдары қазақ даласын жайлаған Ашаршылық себеп болды ма екен? Кездейсоқ жағдай деуге бұл сәйкестік тым күшті сияқты. Дегенмен, бұл сұраққа жауап табу көп зерттеуді қажет етеді және жауаптың оңай табылмайтыны анық, себебі осы оқиғалар арасындағы байланысты зерттеуге қажетті архивтердің есігі әлі күнге дейін жабық.


[10] Радик Темиргалиев. Казахи и Россия. Москва, 2013.

[11] Толеген Тажибаев. Просвещение и школы Казахстана во второй половине XIX века. Алматы, 1962, стр.270.

[12] Жүсіп Көпей-ұлы. Біздің қазақ жұртының бала оқыту тариқасын айтамын. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 38-саны. А.Н. Қ оязының молдаларының баяны // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 19-саны.

[13] Adeeb Khalid. The Politics of Muslim Cultural Reform: Jadidism in Central Asia. Berkeley, 1998, pp. 21-22.

[14] Ibidem, pp. 162-167.

[15] Вячеслав Огрызко. Чего мы не знаем об Абае и его великом певце (1-часть) Развенчивая мифы вокруг Великой эпопеи Мухтара Ауезова Литературная Россия. 2018, № 27.

[16] Олжас Сулейменов. АЗ иЯ. Алма-Ата, 1975.

[17] Есмагамбет Исмаилов Ақыны. Алма-Ата, 1957. Стр.188-189.

[18] Редактор: Богданов Константин, Николози Риккардо, Мурашов Юрий. Джамбул Джабаев. Приключения казахского акына в советской стране. Статьи и материалы. Москва, 2013.

[19] Elena Zemskova. Soviet «Folklore» as a Translation Project: The Case of Tvorchestvo narodov SSSR. In Translation in Russian Contexts: Culture, Politics, Identity. London, 2017.

[20] Леонид Соболев. Поэт-мыслитель. Абай Кунанбаев. Лирика и поэмы. Москва, 1940.

[21] Алена Тарасова. Песни на заказ: Как в СССР фальсифицировался национальный фольклор // IQ.HSE, 29 мая, 2018.

[22] Osip Mandelstam. Oeuvres complètes. Paris, 2018, p. 431.

[23] Sarah Cameron. The Hungry Steppe: Famine, Violence, and the Making of Soviet Kazakhstan. Ithaca, 2018. Robert Kindler, Stalin’s Nomads: Power and Famine in Kazakhstan. Pittsburgh, 2018.


bottom of page