top of page
  • Зәуре Батаева

Абай жұмбағы - III. Абай Құнанбаев кім?

Абайдың біз білетін өмір тарихы тек қана 20-ғасырдың орта шенінде анықталып болды. Кешегі 19-ғасырда өмір сүріп, қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деп есептелетін адам үшін бұл біртүрлі құбылыс. Абайдан үш жүз жыл бұрын туған Уильям Шекпир туралы да құр сөз емес, адам сенуге тұрарлық, дәлелі бар деректер табылған еді. Егер фактіні қиялдан, шындықты жасанды деректен ажырататын болсақ, «Абай»» деген адам туралы білеріміз өте аз екенін мойындауымыз керек. Сыншы Ілияс Жансүгіров осы мәселе жайында сонау 1933 жылы, Абайдың шығармаларының толық жинағының алғашқы басылымына жазған кіріспесінде ескерткен еді. «Абай әлі тексерілген жоқ... Абай туралы мәселелер әлі күнге дейін дақпыртпен, алып-қашпамен, әркім өз ойынша созғылаумен келеді»,- деп жазды ол аталған кіріспенің бірінші бетінде. «Абай туралы жазылған мағлұматтарда анық ортамен байланыстырарлық, анықтап таныстырарлық көп материалдар, өмір фактілері, алысқан, айналысқан, танысқан кісілері жақсы көрсетілмеді. Ақынның үй тұрмысы, өз қылықтары, қара басының маңызды жақсы-жаман істері тексеріліп тізілмеді», - деген еді сыншы. [24]


Біз Абай туралы не білеміз? Ресми өмірбаянына сүйенсек, Абайдың толық аты Абай (Ибраһим) Құнанбай-ұлы. Алайда, 19-ғасырдағы нағыз көшпенді қазақтың аты «Ибраһим» емес, «Ыбырай» болуы керек еді, өйткені сол кездегі қазақтар қолданған дыбыс жүйесі бойынша «Ибраһим» деп атау мүмкін емес еді. Оған қоса, егер оның есімі шын адамның есімі болса, оған осыншама символикалық мағына берілмес еді. Біріншіден, Ибраһим – Құранның 14-сүресінде өз халқын қараңғылықтан жарыққа бастайтын пайғамбардың есімі болса, «Абай» («сақ» немесе «зейінді») деген лақап есімі тағы бір символикалық мағына қосады: қазіргі ресми өмірбаяны бойынша, сәбидің ерекше қабілетін байқап қойған анасы/әжесі «Абай» деп атапты-мыс. Ал шындыққа келсек, «Абай» деген лақап есімнің еш символикалық астары болуы қажет емес қой. Ақынның кіші інілері «Ыбырайды» дұрыс айта алмай, «Ыбай» деп атап кетуі де мүмкін еді. Қазақстанның ең атақты ақынының аты-жөніне шектен тыс символикалық мағына берілуі осы есімдердің ақынның нағыз есімі болмауы ықтимал екендігін меңзейді.


Абайдың өмірбаянындағы адам сенгісіз символикалық оқиғаларға қатысты ешбір сыншы не тарихшы күдік танытып, ешқашан сұрақ қоймағаны бір жағынан өте қызықты құбылыс, ал екінші жағынан – Кеңес азаматтарының бір жақты білімі адамның өздігінен ізденіп, сұрақ қою қабілетін жойып, біреудің айтқанын тотықұс құсап қайталай беруге ғана үйретті. Мысалы, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абайдың ең алғашқы өмірбаяны – 1905 жылдың қазан айында орыс тілінде жарық көрген қазанама еді. Бірақ осы қазанаманың ақын көз жұмғаннан кейін бір жылдан аса уақыттан кейін, бірақ қазақтар Ресей империясына қарсылық көрсету үшін алғаш рет бас қосқан Қоянды петициясынан кейін 3 ай өте жарық көргеніне әлі күнге дейін мән берілмепті. Осы өмірбаянды жазған саяси белсенді және әдебиет білгірі Әлихан Бөкейхановтың Абайдың қайтыс болған күнін символикалық датаға, яғни, Абайдың сүйікті баласы Мағауияның «қырқымен» байланыстырғанына қатысты да ешбір пікір айтылған емес. [25]


Бірақ осы символизм Абайдың өмірбаянына 1933 жылы тағы бір баласының есімін –Ақылбайды қосқан Кеңес насихатшыларының назарынан тыс қалмағаны анық. [26] Бөкейхенов жазған өмірбаянда Абайдың осы баласы жайлы ешнәрсе жазылмаған, бірақ Кеңес насихатшыларының айтуынша, Ақылбай әкесінің «қырқы» өткен күні Семейде қайтыс болыпты-мыс. Мелодрамаға жақын бұл символизм шындыққа ешбір жанаспайды, бұл – миф, аңыз. Бұл жайлы неге ешбір Абайтанушы сөз қозғамаған?


1990 жылдарға дейін Абайдың туған күні нақтыланған емес. Оның туған күні 1845 жылдың 10-тамызы екені кенеттен қандай дерекке сүйеніп табылғаны жайлы ешбір ғылыми анықтама берілген емес. Дегенмен, ешқандай жазба деректері болмаған көшпенділер туған күнді шамалап, белгілі бір жағдаяттармен байланыстыра отырып, есте сақтағаны (мысалы, «тауық жылы, жайлауға көшкенде туған» деген сияқты) күллі қазаққа мәлім. Сталиннің жаппай ұжымдастыру науқаны көшпенділердің өмір салтын жойып жібергенге дейін осы дәстүр қолданыста болды. Егер Абай 19-ғасырдың нағыз көшпендісі болса, оның аты-жөні қалай символикалық мағынаға ие болып, туған күні қалай анықтала қалды?


Жансүгіров ескерту жасаған кездің өзінде сомдалып жатқан ресми өмірбаяны бойынша, Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы – 2 томға жуық еңбегі бар еселі ақын, аудармашы, композитор және ойшыл болыпты. Сонымен қатар, ресми өмірбаянына қарасақ, Абай – ауқатты, өздігінен білім алған қазақ, дала көшпендісінің қиын-қыстау өмірін кешіп жүріп, қуғынға ұшыраған саяси босқындарға пана болып, жеке адамдарға қомақты қаржылай көмек беріп, аймақтық музейлерді қолдап, өз бетімен орыс, парсы және араб тілдерін үйреніп, Патша үкіметінің санақ комитетінің мүшесі болып, Семей болыстығында саяси айдауда жүрген орыс халықшылдарымен (народники) шығыс және батыстың пәлсапасын талқылапты-мыс. Осыны кім шын адамның өмірбаяны деп сене алады?


Оның үстіне, жазушының өмір сүргенін дәлелдейтін Абайдың өз қолымен жазған қолжазбалары, оның өз рұқсатымен жарияланған еңбектері немесе қолы қойылған хаттардың өзі де жоқ, ізі де жоқ. Абай көзі тірісінде көп хат жазысыпты, бірақ ол хаттардың бірде-бірі сақталмапты-мыс. Ал Абай хат алысып тұрыпты-мыс Северин Гросс және Евгений Михаэлис секілді жер аударылған азаматтардың жеке хаттарынан да Абай жайлы бір де бір дерек не сілтеме табылмаған еді. 1935 жылы сыншы Ғаббас Тоғжанов «Абай» атты көлемді монографиясында орыс халықшылдарының Абай жайлы ешбір сөз қозғамағанын жазған болатын. Алдымен Алаш көсемдерін (Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовты) «бәрі де Абайды ауылдағы надан қара қазақша мақтайды» деп сынаған Тоғжанов, артынан ақынның 1930 жылдары насихаттала бастаған ресми өмірбаянына да күмән келтірді. [27] Тоғжановтың пікірінше, ақынның өмір тарихында Лев Толстой және Михаил Салтыков-Щедрин сияқты орыс ойшылдарының ықпалы асыра айтылған, себебі олардың аты-жөні «Интернатта оқып жүр» деген өлеңде жай аталғаны болмаса, Абайдың шығармаларынан мүлдем көрініс таппаған. [28] Тоғжанов Абайдың Долгополов, Гросс және Михаэлис секілді жер аударылған орыс халықшылдарымен қандай-да бір қарым-қатынасы болғанына да күмән келтірді. Тоғжанов өз зерттеуінде мұрағатты қазбалап, Абайдың олармен достығын немесе байланысын дәлелдейтін ешбір құжат не дерек таппағанын және ең маңыздысы – осы аталған адамдардың мақалалары мен хаттарынан да Абайға бірде-бір сілтеме кездестірмегенін жазды. [29]


Абай жайлы ешбір жазбаша дәлелдің болмағаны түсініксіз құбылыс, өйткені Абайдың ресми өмірбаянына сүйенсек, ол дала көшпендісі болғанымен, дәстүрлі халық ақыны болмаған. 1913-жылдың өзінде Абайдың шығармалары жайлы алғашқы сыни мақала жазған Ахмет Байтұрсынов Абайдың поэзиясының жаңашылдығын, оның суырып-салма ақындардан өзгешелігін атап өткен болатын: «1903-інші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең...» [30] Абай – ауызша емес, жазбаша ақындық өкілі. Әсем бейнелер мен терең ойлары көркем сөзбен нақты суреттеліп, мінсіз ырғағы әуенге ұласқан бұл өлеңдердің эстетикасына 19-ғасырдың ұлы классиктерін аудару шабыт берген сияқты. 70-ке жуық лирикалық өлең, үш-төрт поэма, 40-50 шақты өлең аударған және 45 прозалық мәтін жазған адамның артында өз қолымен жазған бірде-бір парақ қалмауы мүмкін бе?


Ресми түрде Абай өмір сүрді деп саналатын 1845-1904 жылдары баспадан 2-ақ өлеңі шығыпты. Бұл екі өлең де 1889 жылы қазақ және орыс тілінде басылған «Дала Уалаятының Газеті» атты баспадан жарық көрген. Алайда, «Абай» деген есім осы өлеңдерге тек қана жиырмасыншы ғасырда белгілі бір жағдайларда қосылды (бұл мәселе төменде талқыланады). Абайдан ешбір жазбаша айғақ қалмағанына қатысты «Абайдың жеке заттары 1930 жылдардағы аласапыранда жоғалып кетіпті» деген уәж жиі айтылады. Бұл уәжге сендік делік, бірақ бұл уәж – Абай көзі тірісінде араласып, хат алысып тұрды деген білімді адамдардың біреуінің де хатынан немесе мұрағатынан «Абай» атты адам жайлы неге ешбір жазбаша айғақ табылмады деген сұраққа жауап бермейді.


Елу жылдан кейін, Кеңес заманында ғана, Абайдың «хатшысы» Мүрсейіт Бікіұлы өз қолымен көшіріп алыпты-мыс 3 қолжазба Абайдың шынымен де өмір сүргеніне және оған тиесілі деген барлық өлеңдер мен прозалық мәтіндердің авторы екеніне дәлел ретінде ұсыныла бастады. Дегенмен, Мүрсейіт Бікіұлы мен оның көшірмелеріне қатысты жауабы жоқ сұрақтар да жетерлік. Біріншіден, көшірмелерді жазуға 1904 жылы кіріскен Мүрсейіттің қолында ұстазының өзінің қолжазбалары болды ма? Егер болмаса, онда ол 200 беттен астам өлең мен прозалық мәтінді қалайша өз жадынан немесе басқа біреулердің аузынан жазып алған? Ал егер қолында болса, онда ол неге ұстазының қолжазбасын өз қолжазбасымен ауыстыру қажет деп шешті? Оған қоса, ол өз ұстазының шығармаларын қандай себеппен бір рет емес, үш рет – 1905, 1907 және 1910 жылдары көшіріп жазған?


Бұл сұрақтарға осы мақала көлемінде жауап беру мүмкін емес, себебі біздің Мүрсейіт жайында білеріміз Абайдан да аз. Абайдың өлеңдерін алғаш болып таныстыра бастаған «Қазақ» газетінің редакторлары мен жазушылары 1913-1918 жылдары Мүрсейіт пен оның «қолжазбалары» жайлы ләм-лим демеген еді. Абайдың 45 прозасын алғаш болып таныстырған кеңестік сыншылар мен редакторлар да 1930-1940 жылдары Мүрсейіт пен оның «қолжазбалары» жайлы сөз қозғамады.


Әйтсе де, 2005 жылы Зәки Ахметов, Қайым Мұхамеджанов, Мекемтас Мырзахметовтың қатысуымен әзірленген Абай шығармаларының толық жинағының редакторы Есенбай Дүйсенбайұлы – басылымдағы барлық мәтіндердің ертеректегі нұсқаларымен (1909, 1916, 1922, 1933, 1945) және Мүрсейіттің «қолжазбасымен» салыстыра отырып расталғанын айтады. [31] Абайдың өзінің қолжазбалары болмауы себепті ғалымдар Мүрсейіттің «қолжазбаларын» маңызды дереккөз деп санайды. Алайда, бұл «қолжазбадағы» мәтіндердің авторы Мүрсейіт емес, Абай екеніне қандай дәйек бар? Бұл мәтіндердің авторы Мүрсейіттің өзі емес екенін кім дәлелдей алады?


Мүрсейіттің 1905 және 1910 жылғы «қолжазбасы» 200 беттен тұрады, ал 1907-жылғысына «Қазақ халқының шығу тегі туралы бірер сөз» деп аталатын тарихи мәтін қосылып (тағы басқа материалдар), 232 беттен тұрады. Егер осы мәтіннің авторы Мүрсейіттің өзі болмаса, ол неге 1907 жылғы «қолжазбаға» аталған мәтінді қосып, 1910 жылғысына қоспай ұмытып кеткен? Біздің бұл сұраққа да жауабымыз жоқ. Осы аталып отырған жылдардан кейінгі уақытта Мүрсейіттің «қолжазбасы» қайда болыпты? Бұған да жауап жоқ. Бір білеріміз – Мүрсейіттің «қолжазбалары» бұқараға тек қана 1950 жылдары таныстырылды. [32] Сондай-ақ, біз 1905 және 1910 жылғы «қолжазбалардың» Алматыдағы орталық ғылыми кітапхананың қорында екенін білеміз. [33] Абайдың 2005-ші жылғы толық жинағын әзірлеген редакторлардың сөзіне сүйенсек, 1907-жылғы көшірмесі 1950-жылдарға дейін Мұхтар Әуезовтің жеке меншігінде болып, қазір Мұхтар Әуезовтың музейінде екен. [34]


Мүрсейіт пен оның «қолжазбасына» қатысты сұрақтардың жауабын табу үшін 20-ғасырдың басында қолданылған арап қарпін жетік білетін тіл мамандары (кәсіби лингвист) мен форензика мамандарынан тұратын білікті ғалымдар тобының көмегі қажет. Тіл мамандары осы «қолжазбаның» құрамына кірген өлеңдер мен проза жұмыстарын барлық басылымдарымен және 2005-ші жылғы Абайтанушылар әзірлеген толық жинағымен салыстыра отырып, олардың бастапқы және соңғы нұсқаларын, олардың тарихын мұқият анықтауы тиіс. Ал қол жазуын, қағаз бен сияның мерзімін анықтай алатын арнайы әзірлігі бар форензика сарапшылары Мүрсейіт «қолжазбасының» жазылу уақыты мен шығу жағдайын, тіпті автордың да кім екенін анықтай алады. (Әрине, қазіргі жағдайда мүдделі топтардың бұндай ғылыми жобаға жол бермесі анық, дегенмен жасырақ буын ғалымдарына бұл жайлы ойлану қажет).


Ресми түрде, Абай шығармаларының каноны төрт дереккөзге негізделген: Мүрсейіттің үш «қолжазбасы» және 1909 жылы Санкт-Петербургте шықты деп саналатын Абай өлеңдерінің алғашқы басылымы. Мәтіннің мерзімі мен түпнұсқалығын электронды нұсқасы негізінде анықтау мүмкін емес, алайда, 1909 жылғы кітаптың орталық ғылыми кітапхана жариялаған екі электрондық көшірмесі де көп күмән тудырып үлгерді.


Біріншіден, осы екі көшірменің де беттері неге соншалық нашар күйде (желімделген)? Бұл – бір ғасыр бұрын ғана жарық көрген кітап үшін қалыпты нәрсе емес. Дәл осы кезеңде шығарылған басқа кітаптар, мысалы, Жүсіп Көпей-ұлының кітаптары, өте жақсы күйде сақталған. Екіншіден, сол заманда шыққан басқа кітаптардан өзгеше, осы екі кітаптың да шыққан уақыты мен орнын көрсететін ішкі-сыртқы колофоны жоқ. Ресми ақпарат бойынша, кітап Санкт-Петербургтегі Бораганский&К баспасынан шыққан, бірақ не сыртында, не іщінде колофоны жоқ болғандықтан, бұл ақпаратты растау тіптен мүмкін емес. Колофонның жоғына қоса, мәселені қиындата түсетін тағы бір нәрсе – 1900 жылдары қазақ тіліндегі кітаптар Санкт-Петербургте емес, Қазанда немесе Орынборда шығарылған еді.


Үшіншіден, кітаптың бір көшірмесінің мазмұнында өлеңнің атауының оң жағынан латын қарпімен жазылған жылы көрсетілген. Арап қарпімен шыққан кітапта латын қарпі қолданылмайтынын атамағанда, кітап мазмұнының үлгісі 1909 жылы жарық көрген басқа кітаптарда кездеспейді. Бұл кітап мазмұнының кестеге ұқсас және сандары латын қарпімен берілген үлгісі Абай өлеңдерінің 1940 жылы орыс тіліндегі аудармасының кітапханадағы алғашқы нұсқасына (черновик) көбірек ұқсайды. [35] Оған қоса, Мұхтар Әуезов 1940 жылдары Абайдың ешқандай суреті жоқ екенін басып айтқан еді, ал осы кітаптардың бірінде Абайдың суреті қайдан жүр? [36]


Қазір біздер Абай туралы білеміз деп жүрген ақпараттың негізгі дереккөзі – Мұхтар Әуезовтің 1942-1952 жылдары жарық көрген «Абай жолы» романы. Әуезовтың ата-бабасы Абай «туып-өскен» аймақтан екенін білсек те, көркем шығарма әсте шынайы өмірбаян деп қаралмауы тиіс. Роман мен өмірбаян – мүлдем өзгеше жанрлар, өйткені, көркем әдебиет авторлары өмірбаян зерттеушілер сияқты құжаттарға тәуелді емес, олар шығармадағы оқиғаларды суреттеу үшін әр алуан мәліметтерді, тіпті кейде автобиографиялық, яғни, өз басынан өткен жағдайларды да қолдануға ерікті. Роман алғаш рет жарық көргеннен бастап-ақ Кеңес сыншылары мен идеологтары көпшілік оқырманның роман туралы ойын шатастыруға үлкен үлес қосты. Олар Әуезовтің романын Кеңестік «тарихи эпопея» үлгісі деп мақтап, романды идеологиялық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ фактілер тұрғысынан да шынайы деп соқты.


Сол уақыттан бері «Абай десек Әуезов, Әуезов десек Абай дегеніміз» деген қағида қалыптасты. Алайда, Абайдың «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» [37] атты ең алғашқы және кейін ықпалы аса зор болған өмірбаянын 1905 жылы Әлихан Бөкейхановтың орыс тілінде жазғаны, ал Мұхтар Әуезовтің Абайдың шығармашылығымен тек қана 1933 жылдан бастап айналыса бастағаны жайлы 2000-жылдарға дейін оқырмандардың басым көпшілігіне беймәлім болды. Әуезов Бөкейханов жазған өмірбаян нұсқасын өзгертпей, Абайдың ата-бабалары туралы, әсіресе, Абайдың әкесі туралы ақпаратты кеңейтіп, көп ұзамай-ақ роман жанрына бұрылып кеткен еді. Ал Абайдың әкесінің Әуезов сомдаған көркем бейнесіне қарасақ, Әуезов шабыт алған дереккөздердің бірі – Сібірге жер айдалып, 1846 жылы Қазақ даласындағы санақ экспедициясына қатысқан «Адольф Янушкевич» есімді поляк ақынның күнделігі екенін байқамау мүмкін емес. Янушкевич күнделігінде руластары салықтан қашып жасырған жылқы санын Патша үкіметінің өкілдеріне айтып қойып, оларды сатып кеткен уезд әкімшісі «Құнанбай Өскенбай-ұлы» деген қу қазақты ұзағынан суреттейді. Янушкевич бір жағынан көшпендінің өз руластарына қатысты екіжүзділігі мен қатыгездігіне жағасын ұстаса, екінші жағынан, орыс заңдары мен шариатты жатқа сайрап отырған қара қазақтың шешендігі мен біліктілігіне, оның руластарының арасындағы беделіне қайран қалады. Янушкевичтің күнделігі 1966 жылы орыс тіліне аударылып, Алматыда белгісіз бір баспадан жарық көргелі, Абайдың әкесі Құнанбайдың және Абайдың өзінің шын өмір сүргенінің айғағы ретінде дәйек көз болып есептеліп келеді. Алайда, күнделікте болыстың баласының аты-жөні мүлдем аталмағандықтан, бұл дереккөзді жазбаша дәлел ретінде санау – ғылыми қателік.


Біздің Абай туралы жалпылама хабарымыздың тегі болып табылатын, бірақ қазақтарға аса таныс емес дереккөздің бірі – АҚШ тілшісі және саяхатшысы Джордж Кеннанның «Сібір және жер аудару жүйесі» атты кітабы. Кітап ресми түрде 1891 жылы ағылшын тілінде жарық көріп, оның шетелде шыққан орыс тіліндегі аудармасы Ресейге астыртын жеткізіліп, әсіресе қуғынға ұшыраған саяси белсенділер мен төңкерісшілдер арасында бұл кітап аса танымал болған еді. [38] Осы кітаптағы бірер параграф Абайдың өмірбаянының кейбір тұстарын құрастыруға негіз болды. Дегенмен, қазірде Абайға қатысты қазақ және орыс тілді материалдарда мүлдем бұрмаланып беріліп жүрген осы бөліктерін мұқият оқысақ, ондағы деректердің біз қазір «Абай» деп атайтын адамға қатысы өте аз екенін байқаймыз.


Ескеретін ең маңызды бір мәселе – Джордж Кеннан «Абайдың» өзін көрмеген адам. Кеннан Семейге 1885 жылы осы аймаққа жер аударылған саяси белсенділердің жағдайын зерттеу үшін барған тілші. Қалашықтағы жаңадан ашылған жалғыз кітапханадан «Батыс ойшылдары Спенсер, Бокль, Льюис, Милль, Тэн, Леббок, Тайлер, Хаксли, Дарвин, Лайель, Тиндаль, Альфред Рассел Уоллес, Маккензи Уоллес және Сэр Генри Мэн еңбектерін көріп, таң қалған» Кеннан айдауда жүрген 25 жасар Александр Леонтьевпен сұхбаттасады. Жаңа кітапхананың қалашық тұрғындарына ұсынар интеллектуалдық пайдасы жайлы әңгіме үстінде Леонтьев Кеннанға «кітапханаға келіп қана қоймай, сонымен қатар Бокль, Милль және Дрейпер сияқты авторларды оқитын Ибрагим Конобай атты көзі ашық кәрі қырғызды (a learned old Kirghis)» танитынын айтады. [39]


1913-жылы Абай жайлы алғашқы сыни мақала жазған ақын және филолог Ахмет Байтұрсынов Абайдың шын есімі «Ибраһим Құнанбай-ұлы» екенін мәлімдеп, «Тәржіме хәлін жазушы Әли Хан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай Ісбенсір, Лүиіс, Дірибір деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған», - деп жазды. [40] 1940 жылы ақынның орыс тіліндегі өмірбаянында Мұхтар Әуезов: «По свидетельству ссыльных его друзей, Леонтьева и других, Абай систематически занимался западной философией, Спенсером, Спинозой, интересовался учением Дарвина», - деп жазды. [41] Әуезов тізімге Дарвинді текке қоспағанына да мән берілуі қажет, себебі Кеңес үкіметі үшін Чарльз Дарвин ілімі аса маңызды болған еді. Ал 2008 жылы Абайдың өмірбаянын жазған Ресей ғалымы Николай Анастасьев Абайдың Семейде орыстың халықшылдарын (Леонтьев, Долгополов, Гросс пен Михаэлис сияқты) кездестіргені жайында «еш айғақ» жоқ екенін мойындады. [42] Ахмет Байтұрсынов мақаласында бұл ақпаратты Бөкейхановтан естігенін атап өтті, ал Бөкейханов пен Әуезов бұл деректерді қайдан алды? Әрине, Джордж Кеннанның кітабынан алғанына еш күмән жоқ.


Бірақ Кеннанның кітабындағы «Абайға» қатысты деген деректер шындық деп қабылданбауы тиіс, себебі осы деректің де біраз қисынға келмейтін тұстары бар. Біріншіден, Леонтьевтің «Ибрагим Конобай» атты қырғыз танысы – егде жастағы адам. Ресми өмірбаянына сүйенсек, Абай 1845 жылы туған, яғни, Кеннан Леонтьевпен кездескен 1885 жылы Абай қырық жаста ғана болуы тиіс. Ал қырық жастағы адам, тіпті 19-ғасырдың стандарттары бойынша да «кәрі» болып есептелмейді. Екіншіден, Леонтьев «Ибрагим Конобай» атты танысын ақын деп суреттеген жоқ. Ал Байтұрсынов пен Әуезовтің жазғандарына қарасақ, ақын «Абай» өз замандастары арасында үлкен атаққа ие болған. Егер «Ибрагим Конобай» мен «Абай» бір адам болса, онда оның досы Леонтьев неге бұл қырғыздың «атақты ақын» екенін айтуды ұмытып кеткен?


Оған қоса, өмірбаянын жазғандар Кеннанның кітабына сүйеніп Абайдың Еуропа ойшылдарын оқығанын сан қайталаса да, оның бұл «қызығушылығы» 20-ғасырда «Абай» атынан басылып шыққан жазбалардан көрініс таппады. Біз қазір «Абай» деп атайтын адам дарынды ақын және ойшыл болғанына күмән жоқ, бірақ оның пәлсапалық шабыты Кеннанның кітабында аталған авторлар емес, оның пәлсапасы Ислам дініне, жәдидшілдік пен көшпенділердің көне даналығына негізделген. Қысқаша айтқанда, 1885 жылы жазылған Кеннанның кітабындағы «Ибрагим Конобай» жайлы деректер ол адамның біз қазір «Абай» ден танитын ақын екендігін растамайды.


Шындығында, «Абай» мен «Ибраһим Құнанбайдың» бір адам емес екендігі Омбыдан 2 тілде қатар басылған «Дала Уалаятының Газеті» атты баспадан 1889 жылдың өзінде расталған болатын. 1889-жылдың ақпан және наурыз айында атауы жоқ екі өлең жарияланды. Қазір осы өлеңдер «Жаз» және «Болыс болдым мінеки» деген атаумен белгілі және екеуі де Абай шығармаларының канонына кірген. «Дала Уәлаятының Газетінде» 1889 жылы шыққан осы екі өлең – Абай өлеңдерінің 19-ғасырда жазылғанының дәлелі.


Дегенмен, 1889 жылы шыққанда бұл өлеңдердің «Абай» деген ақынға қатысы жоқ еді. Бірінші өлең «Көкпай Жанатай-ұлы» атынан шықса, екінші өлең мүлдем авторсыз, анонимді шыққан еді. Бірақ осы «Көкпай Жанатай-ұлы» деген адам туралы да осы уақытқа дейін ауызекі әңгімеден басқа ешбір расталған дерек ұсынылған жоқ. Ал «Ибраһим Құнанбай» деген есім қазір бізге «Жаз» атауымен белгілі өлеңге берілген шағын алғысөзде өлеңнің субьектісі – Семей аймағындағы Бақанас өзенінің жағалауындағы Көпбейіт деген жайлауда өз ауылын тігіп жатқан ауқатты қазақ ретінде ғана суреттелеген. Басқаша айтсақ, 1913 жылы Ахмет Байтұрсынов алғаш рет қазақша жариялап, кейіннен Кеңес ғалымдары мен насихатшылары қайталаған пайымдар факт жүзінде дұрыс емес тәрізді.Біріншіден, «Ибрагим Құнанбай» деген адам ақын болмаған. Екіншіден, біз қазір «Абай» деп танитын адамның ол кезде «Абай» деген лақап аты әлі болмаған.


[24] Ілияс Жансүгіров. Кіріспе. Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ. Қызыл Орда, 1933. 5-6 бет.

[25] Алихан Букейханов. Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог) Семипалатинский Листок. 1905, № 250.

[26] Мұхтар Әуезов. Абайдың туысы мен өмірі. Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ, Қызыл Орда, 1933, 374-бет.

[27] Ғаббас Тоғжанов. Абай. Қазан, 1935. 9-12 бет.

[28] Ғаббас Тоғжанов. Abai. Қазан, 1935. 103-110 бет.

[29] Ғаббас Тоғжанов. Абай. Қазан, 1935. 103-110 бет.

[30] Ахмет Байтұрсынов. Қазақтың бас ақыны. // Қазақ. 1913, 39-саны

[31] Шығарушылар алқасынан. Есенбай Дүйсенбайұлы (ред.) Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-томы. Алматы, 2005. 3-4 бет.

[32] Гүлнәзия Әбуова. Абайдың алғашқы кітабы. // Парасат. 5-саны, 17-бет.

[33] See http://www.library.kz.

[34] Шығарушылар алқасынан. Есенбай Дүйсенбайұлы (ред.). Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-томы. Алматы, 2005. 3-4 бет.

[35] Алматыдағы орталық ғылым кітапханасының архивінде сақталған «Абай Құнанбаевтың қолжазбасы» деген нөмірі 598 құжатты қараңыз. See http://www.library.kz.

[36] Мұхтар Әуезов. Абай жайын зерттеушілерге. Шығармаларының 50 томдық толық жинағы. 15-томы. Мақалалар, зерттеулер және пьесалар. 1937-1940. Алматы, 2004. 32-бет.

[37] Алихан Букейханов. Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог) Семипалатинский Листок. 1905, № 250.

[38] George Kennan. Siberia and the Exile System. New York, 1891. Vol.1, p. 184.

[39] Ibidem. p. 184.

[40] Ахмет Байтұрсынов. Қазақтың бас ақыны. // Қазақ. 1913, 43-саны.

[41] Мухтар Ауезов. Абай (Ибрагим) Кунанбаев. Жизнь и творчество. Абай Кунанбаев. Лирика и поэмы. Москва, 1940. Стр. 27.

[42] Николай Анастасьев. Абай. Москва, 2008. Стр. 203.

[43] Томск Мемлекеттік Университетінің кітапханасы Дала Уалаятының Газетінің бірнеше жылының электрондық нұсқасын жариялап, қазақ тарихының аса маңызды, бірақ зерттелмеген қырларын қайта қарастыруға мүмкіндік ұсынды.


bottom of page