1933 жылы Кеңес үкіметі әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, Абайды орыс тілі мен мәдениетіне бет алған ағартушы, ойшыл ақын ретінде дәріптеу науқанын бастады. Осы науқанның басты құралы – жаңадан құрылған мемлекеттік «Қазақстан Баспасы» 6000 данамен басып шығарған «Абай Құнанбай-ұлы. Шығармаларының толық жинағы» атты кітабы еді. Баспахананың өкілі Таир Жароков кітаптың алғысөзінде бұл хабарды былай жеткізді: «Бұрын-соңды жалпы қазақ әдебиетінің тарихында, қала берді қазақ баспасының өмірінде бұл сияқты көркем шығармалар жазып жүрген ақын, жазушы, сыншыларымыздың толық жинағы басылған жоқ. Мұның себебі өзімізге мәлім: Өктәбр төңкерісіне шейінгі Ресей патшалығының отаршылдық қолтығында қысылып-езіліп келген қазақ елінің өз тізгіні өзінде болмай өз алдына ерікті ел болмағаны бір болса, екіншіден өзінің әдебиет көркем өнер музикелерін тілдерін өсіруге шаруашылық экономикесінің, мәдениетінің қабындап өсе алмай артта қалғандығымен байланысты». [125]
Ақын Абайдың өмірбаянынан еш хабары жоқ адам баспагердің осындай мәлімдемесінен кейін Абайдың кеңес жазушысы емес, 19-ғасырда өмір сүрген көшпенді қазақ екенін түсінер ме еді? Екіталай. Бұл мәлімдеме кеңестік насихатшылардың «Абайды» қандай ақын қылып көрсеткісі келгендерінің нақ көрінісі: олар Абайды тарихқа бағынбайтын, мәңгілік шындықты жырлаған, сондықтан ешқандай тарихи контекстке байланысы жоқ түптұлға (прототипикалық) кеңес жазушысы деп таныстырды. Баспагердің бұл жұмысы 70 жылдық өмірінің басынан бастап бүкіл күш-қуатын жалған үгіт-насихатқа салып, бұқаралық ақпарат құралдары және білім беру жүйесі арқылы кеңес азаматтарын миға қонбайтын дүниеге сендірген Кеңес Үкіметінің қолдауына ие болды. Кеңестік насихат жұмыстарының қаншалықты тиімді болғанын қазір де көріп отырмыз. Пост-кеңестік, Тәуелсіз Қазақстанның өзінде көпшілік қауым мүмкін емес нәрселерге әлі де сеніп келеді! Соның бірі – өзінің дәстүрлі өмір салтынан ешқашан бас тартпай-ақ, орыс тілін шіркеу мектебінен 3-ақ ай оқып, классикалық орыс әдебиетін жетік меңгеріп, соның арқасында формасы мен идеясы жаңашыл қазақ жазбаша әдебиетінің негізін салған – ақын «Абай».
Жароковтың мәлімдемесінен байқағанымыздай, кеңес билігінің үгіт-насихатының шектен шыққаны сонша, олар «Абайды» қазақ әдебиетінің алғашқы жазушысы ғана емес, жалғыз ақын-жазушысы деп соқты. Яғни, олардың «шындығы», 20-ғасырдың бірінші онжылдығында тәуелсіз қазақ әдебиетін қалыптастыруға, соның ішінде ақын және ойшыл «Абай» контентін сомдауда маңызды рөл атқарған адамдарды және олардың еңбегін біржолата ысырып қана қойған жоқ, түбегейлі жоққа шығарды. Бұл үрдіс 1933 жылы басталған еді.
Қазақ әдебиетінің өзгеше тарихынан хабары бар барлық ақын-жазушы, ғалымдарды жаппай қыра бастаған кеңес үкіметі 1933 жылы «Абайдың» тұтастай жаңа нұсқасын ұсынды. Жаңа нұсқаға алғаш рет Дала Уалаятының Газеті, Қазақ газетінен, Абай журналынан және ертеректегі кітаптардан (бірінші нұсқасы 1909 немесе 1913-14 жылдары және соңғы нұсқасы 1922 жылы Ташкенттен басылып шыққан) жарық көрген өлеңдер мен прозалық мәтіндер ғана еніп қойған жоқ.
1933 жылғы басылымға бұрындары еш жерде жарияланбаған шығармалар да кірді: бірнеше лирикалық өлең, «Әзім» және «Вадим» атты екі жаңа поэма. Бұл нұсқаға, сонымен қатар, 1939-40 жылдары «Абайдың өз қолымен жазылған» деп танылған «Бір аз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты тарихи мәтін де кірді. [126] Ең бастысы – 1933 жылғы кітаптан «Қара сөздер «Ғақлия» атауымен жарияланған 43 прозалық мәтін де ұсынды. Осы 43 мәтіннің жетеуі 1918 жылы Абай журналында әртүрлі авторлардың атынан басылып шыққан еді. Ал қалған 36 мәтіннің қайдан келгені белгісіз және кеңес ғалымдары ол мәтіндердің тарихын немесе аяқ астынан қайдан пайда болғанын түсіндіріп те жатпады.
Бүгінде бізге «Бірінші сөз» және «Қырық бесінші сөз» ретінде белгілі мәтіндер 1933 жылғы кітап жобасында болған жоқ. Кітап Екінші сөзден басталып, Қырық Төртінші өзбен аяқталды. Кеңес редакторлары алғашында Абайдың сөздерінің санын «қырық төрт» қылып, оқырмандарына білім, әдеп және этика туралы кеңес беретін 11-ғасырлық «Қабуснама» атты парсы мәтінінің баламасы ретінде көрсеткісі келгенге ұқсайды.
1945 жылға таман Абайдың сөздерінің саны 45-ке жетті. Ал 1939-40 жылғы басылымына Бірінші сөз қосылды. [127] (Кейбір ғалымдар Бірінші сөз 1916 жылы Орынбордан шыққан Абайдың таңдамалы өлеңдер жинағына енген дейді, алайда бұл кітап кітапханаларда жоқ). 1945 жылы Абайдың тағы басқа басылымында Отыз жетінші сөз екіге бөлініп, соның екінші бөлімі Қырық Бесінші сөзге айналады. [128] 1939-40 жылғы басылымына «жаңадан» табылып, «Абайдікі» деп танылған, бірақ екі кеңес сазгері «Латиф Хамиди жолдас пен Б.Г. Ерзакович жолдас» жазып алған он екі әннің музыкалық нотасы да кірді. [129]
Кеңес редакторларына «Абайдың» 1933 жылғы басылымына ғана емес, одан кейінгі басылымдарына да соншалықты көп өлең, мәтін қосып, оларды үздіксіз өзгертуге қалай рұқсат етілген? Ойға қонымды бір түсініктеме ғана бар: кеңес редакторларының біразы немесе біреуі сол мәтіндердің авторы болғандықтан, олар мәтіндерді өзгертуге еш қынжылмаса керек.
1933 жылғы басылым әлі күнге дейін қазақ әдебиетінің тарихындағы ең маңызды оқиға болып саналып келеді. Қазіргі зерттеушілердің көбінің айтуынша, 1933 жылғы кітап Абайдың өз елі – Қазақстанда шыққан ең бірінші басылым. Бұл сөз – қазіргі Қазақстанға тек қана Кеңес Одағы айқындаған шекаралық межемен қарағанда ғана рас болады. Себебі кеңес білімін алған бұл зерттеушілер Ресей Империясының көшпенділері «ұлттық шекараға» шектелмегенін мүлдем естен шығарып алған: көшпенді қазақтар қатаң шекара бақылауын орнатқан Сталиннің ұжымдастыру науқанына дейін, яғни, 1928-33 жылға дейін, Еуразияда еркін қозғалып жүрген еді. Кеңес Одағының ішкі шекараларды айқындап, ұлттарды республикаларға бөлу үрдісі тек қана 1936 жылы аяқталған еді. Қазақ ғалымдары 1933 жылғы басылымның қандай тарихи контексте басылып шыққанын талқылаудан әлі күнге дейін үзілді-кесілді бас тартса да, дәл сол тарихи контекст осы кітаптың кенеттен пайда болуының басты себебі болғаны – факт.
1933 жылы бұрынғы қазақ даласы жанталас үстінде еді. Сталиннің 1928-37 жылдар арасындағы ұжымдастыру науқаны қазақ даласына шексіз қасірет әкелді. Қазақтар мәжбүрлі ұжымдастыруға ғана емес, онымен қатар жүрген бірнеше қатыгез шараға тап болды: Сталиннің қазақтардың ауқатты және беделді ру басыларының көзін құртуға бағытталған бай-кулактарға қарсы науқаны мен Кеңес Одағындағы барлық діни сенімдерді жоюды көксеген 1932-37 жылдар арасындағы жаппай дінсіздендіру 5 жылдық жоспары қоса жүрді. Осы шаралардың салдарынан 1929-33 жылдары қазақ көшпенділерінің 40 пайызы аштан қырылды. Оған қоса, ру басылары, діни оқымыстылар, тәуелсіз зияткерлер, ақын-жазушылар мен ғалымдар сияқты кеңестік «модернизациялау» үрдісіне бөгет болатын тұлғалардың көзі басқа жолдармен құртылды. Орын алған жан түршігерлік оқиғаларды мемлекеттік баспасөз беттері жасырды, бірақ кеңестік насихат машинасының ішінде қызмет еткен орыс зиялылары шын мәнінде не болып жатқанын өте жақсы түсінді. 1933 жылдың қарашасында, сол кезде «Московский Комсомолец» газетінде жұмыс істеп жүрген орыс ақыны Осип Мандельштам өз күнделігінде мына сегіз жолды жазып кетіпті:
Ниеті пәк жастардың Әні бүгін қанішер, Әлдиге ұқсас ән-жырмен, «Байларды жой!» деп шақырды.
Өзім де жүрмін ыңылдап, Соған ұқсас бір жырды: Ауылдың байын әлдилеп, Кулактың пайын ән қылдым. [130]
Осип Мандельштам Орталық Азиядан 4000 шақырым қашықта болса да, ол онда қандай сұмдық жағдайлар орын алып жатқанынан хабардар болды, себебі ол кеңес баспасөзінің байларға, кулактарға, мұсылмандарға қарсы насихат жұмыстарына тікелей қатысқан еді. Кейіннен оның жұбайы Надежда Мандельштам естелігінде былай деп жазды: «Тұншықтырған заман одан баға беруін талап етті... осы сегіз жолдан оның бүкіл күйініші ерекше сезіледі». [131]
1933 жылғы Абайдың толық жинағы жарық көргенде, елдегі тарихи контекст осындай еді. Мемлекет қызметкерлері қазақ ашаршылығының тосын салдарымен – елді жаппай жайлаған босқындық және қала-далада қалған сансыз мүрделермен күресіп жатқан кезде, Кеңестік насихат машинасы қазақ халқының аман қалған 60 пайызын кеңес билігінің қол астындағы социалистік өмірге әзірлеумен әлек болып жатқан еді. 1933 жылы Абай басылымы – сол ірі насихат науқанының үлкен бір бөлігі. Ғасырдың бірінші онжылдығында қазақ ұлтшылдары таныстырған «Абайдың» бейнесі мен жазбалары енді мүлдем бөлек саяси хабар жеткізу мақсатында қолданылды. Бұны кітаптың атауынан-ақ көреміз: «Абай Құнанбайұлы: Шығармаларының толық жинағы». Оның «Ибраһим» атты мұсылман аты 1933,1934 және 1936 жылғы басылымдардан мүлдем алынып тасталды.
Абайды 1930 жылдары «ұлттық ақын» мәртебесіне көтеру туралы шешімді кім және қашан қабылдағаны әлі де болса зерттеуді қажет ететін сұрақтар. Қолдағы ақпаратқа сүйенсек, Абайдың өлеңдері 1927-28 жылдар аралығында Қазақ АССР халық ағарту комиссариаты басып шығаруы тиіс әдеби кітаптардың тізімінде екен. [132] Абайдың өлеңдерінің сол кезде неге шықпағаны қосымша зерттеуді қажет ететін тағы бір сұрақ. Сұрақтың жауабы мұнда болуы да мүмкін: Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов Қазақстанның халық ағарту комиссариатының академиялық орталығында қызмет еткен уақытында «Абайды» дәріптеу жұмысын жалғастырып бақты. Бірақ 1928-29 жылдарға қарай, Байтұрсынов пен Дулатов өздерінің белсенді әріптесі Жүсіпбек Аймауытов тәрізді, «халық жауы» атанып, қамауға алынды. 1927 жылға қарай «Абайдың» соны бейнесін сомдаушы Әлихан Бөкейханов КСРО халықтарының орталық баспаханасының қазақ бөліміндегі редакторлық қызметінен босатылып, Мәскеудегі шағын пәтерде үй-қамаққа жабылды. Басқаша айтқанда, «Абайды» алғашқы боп дәріптеушілердің ешқайсысы оны Қазақстанның «ұлттық» ақынына айналдыру жобасына қатыспағаны анық.
1933 жылғы кітап жобасының редакторлық алқасы үш жазушыдан тұрды. Шағын алғысөзін жазған сол кезде «Қазақстан Баспасында» жұмыс істеген, бірақ біраз уақыттан кейін бүкіл КСРО-ның «ұлттық ақынына» айналған Жамбыл Жабаевтың жеке хатшысы болған Жароков жазған болатын. 60 беттік ұзақ кіріспесін жазған Ілияс Жансүгіров еді. Ол кезде Жансүгіров ҚССР-ның алғашқы жазушылар одағын құру комитетінің мүшесі болатын, кейіннен ол одақтың бірінші төрағасы болып тағайындалды (1937 жылы қызметін түсіп, өлім жазасына кесілгенге дейін сонда қызмет етті). Жансүгіровтың есімі 1933 жылғы басылымның бірінші бетінде көрсетілді, бірақ оның есімі осы басылымның бас редакторы болған адамның есімінен әлдеқайда кішкентай әріптермен жазылған. Бұл басылымның бас редакторы – Мұхтар Әуезов болатын. Титулдық бет бойынша, Әуезов бұл басылымның «құрастырушысы» ғана, бірақ шындығында Әуезовтың үлесі біз ойлағаннан әлдеқайда үлкенірек болуы мүмкін. Ресми түрде Әуезов Абайдың еңбектерін реттеп, өмірбаянын жазып (Бөкейханов жазған 1905 жылғы қазанама негізінде) және «1924 жылы жазып алдым» деп мәлімделген «Абай туралы Көкпай ақсақал мен баласы Тұрағұлдың естеліктері» (воспоменания) атты мәтінді қосқан. (Бірақ, өмірбаяны бойынша, Әуезов 1932 жылға дейін 2,5 жыл қамауда болған еді).
Десек те, басылымның күтпеген жерден көлемді болып шыға келуі көп күдік тудырады: Біршама жаңа өлеңдерді, соны ішінде Абайдың баласы «Әбдірахманға» арналған алты өлеңді жазған кім? «Әзім» және «Вадим» атты екі поэманың авторы кім? Ал жаңадан қосылған отыз алты прозалық мәтіндер қайдан келді? Әуезовтың талантты проза жазушысы екенін ескерсек, оның осы отыз алты прозалық мәтіндердің жазылуына қатысы болуы мүмкін бе? Сайып келгенде, Әуезов арап қарпін білген және оның Қазақ, Дала Уалаятының газеті және Абай журналында шыққан мәтіндерді оқитын мүмкіндігі болды. Оған қоса, ол 1917 жылдан бері (Сары Арқа газетінде шыққан Абай туралы сатиралық жазбада аты аталғалы) Абайды дәріптеушілер мен Абай еңбектерінің ықтимал авторларын таныды. [133]
Осы жаңа өлеңдердің жазылуына дарынды ақын және белсенді проза жазушысы Бөкейхановтың өзінің қатысы болуы мүмкін бе? Бөкейхановтың архиві жойылған болар, ал Әуезовтың әдеби архивінің біраз бөлігі 2018 жылы тағы 75 жылға жабылғанын ескерсек, бұл сұрақтардың жауабын жақын арада таппаймыз деген ой келеді. [134] Және бұл сұрақтардың жауабын табу үшін, осы екі адамның (бір-бірін 1918 жылдан бері таныған) 1933 жылға дейінгі бірер жыл өміріне ден қою керек.
Бөкейханов сияқты емес, Әуезов 1930-жылдардағы Сталиннің Ұлы Террорынан аман қалды. Алайда, Әуезовтың 1940 жылдардағы жазбаларынан оның «Абайдың» кеңестік нұсқасын сомдаудағы өз рөліне аса разы емес екенін байқауға болады. 1940 жылы Әуезов: «Абай жайын зерттеуді тараң түсініп жүрміз»,- деді. «Абай жайын зерттеушілерге өзгеше бағалы, өзі соны және үлкен ғылымдық, тарихтық қасиеті зор бір алуан істер бар. Ол – Абайдың дәуірін танытатын мағлұматтар. Бұған үлкен де, ұсақ та нәрселер кіреді. Бірақ бәрі-бәрі Абай өлеңдерінің ішіндегі көп-көп өзгеше жолдардың сырын, нәрін, мәні-жөнін танытады»,- [135] деген еді. Одан кейінгі жылдары Әуезов «Абай жолы» романын жазуға бет бұрды. Әуезов бұл туындысын «көркем әдебиет туындысы» деп жарияласа да, Сталин заманының үгіт-насихатшылар оны фактіге негізделген өмірбаян ретінде көрсетуден тайынбады және осы қате түсінік әлі күнге дейін жалғасып келеді.
1933 жылғы басылымдағы феодалдық мәдениет өкілі Абайдың социалистік ақындығына оқырманды сендірудің ауыр жүгі Жансүгіровтың мойнына жүктелді. Өзінің шұбалаңқы 64 бет кіріспесінде, Жансүгіров егер Абайдың жазбаларын «Маркстік-Лениндік диалектикаға» сай талдасақ, оның өлеңдерінің феодалдық мәдениеттен шыққан жазушыға тән қарама-қайшылықтарын көруге болады, бірақ Абай сол қоғамға ашуы мен қарсылығын білдіргендіктен (ақсүйектерден шыққан Лев Толстой секілді), оны «таптар күресінің» қажеттігіне сенетін ақын екенін көреміз деп түсіндірді. [136] Жансүгіров келесі елу жылда кеңестік насихат жоспарында үстем болған басты мәлімдемені қайталай берді: Абайдың пәлсапасының көрегенділігі – оның өз мәдениетінің (феодалдық, көшпенді, қазақ) қатыгез сыншысы бола білгенінде.
Абайдың кейбір өлеңдерінде кеңестік дәуірдің идеологиялық мүддесі анығырақ көрсетілген. Мысалы, 1933 жылғы басылымға «Жаз» деген атаумен енген, бірақ 1889 жылы Дала Уалаятының Газетінде анонимді түрде жарық көрген өлеңнің мазмұны кеңес идеологиясына сай өзгертілген. Бұл өлең 1922 жылы Байтұрсыновтар Ташкенттен шығарған Абайдың толық жазбаларының жинағына кірмеген сияқты. Ал өлеңнің 1933 жылғы нұсқасында 1889 жылғы түпнұсқасында жоқ әлеуметтік сын элементтері байқалады. Егер өлеңнің 1889 жылғы нұсқасы жазғы ауылдың жайбарақат бірлігін көрсетсе, 1933 жылғы нұсқасында тапқа жіктелген қоғам мен кедейлік көзге түседі: жалшы, малшылар, жылқышылар, ет сұраған бала, байға жалтақтаған қарт.
«Вадим» сияқты жаңа поэма да кеңес үкіметінің идеологиялық мүддесі үшін енгізілген. Поэма желісі Михаил Лермонтовтың аяқталмаған романына негізделсе де, идеологиялық тұрғыдан 1773-75 жылдардағы Емельян Пугачев басқарған орыс шаруаларының жер иеленушілерге қарсы көтерілісінің кеңес насихатшылары құрған мифологиясына сай. Патша режимі Пугачевті қылмыскер және қаныпезер деп жазғырса, кеңес насихатшылары оны 1928 жылы «ұлт батыры» статусына көтерді. Пугачевтің бейнесі 1928 жылдан бастап кітаптар мен фильмдерде («Дочь Капитана» фильмінің бас кейіпкері болды) жағымды кейіпкер ретінде дәріптеле бастады. 19 ғасырда өмір сүрген көшпенді қазақ таптар күресіне қызығушылық танытып, 18-ғасырдағы орыс шаруалары мен олардың жер иеленушілерінің арасындағы әлеуметтік шиеленіске негізделген поэма жазды дегенге кім сенеді?! Мысалы, Лермонтов Пугачев жайлы сол көтерілісте туыстары қаза болған әжесінен естіп жазған еді.
1933 жылғы кітап жобасының идеологиялық мазмұны әсіресе 1933 жылға дейін жарық көрмеген «Қара Сөздерден» көрініс тапты. Қырық үш прозалық мәтіннің басты мақсаты – қазақ оқырмандарына ата-бабаларының «артта қалған мәдениетін» аңсап, кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсылық көрсету жөн емес екенін жеткізу болды.
Бұл мақсатқа жету үшін, 1933 жылғы басылымның авторлары мен редакторлары қазақтардың денсаулық, байлық және жалпы тіршілік көзі – малды ең жағымсыз сөз ретінде қолданды. Осылайша, Абай шығармаларының 1933 жылғы кеңестік басылымы мал сөзін жағымсыз да сүйкімсіз қылып таныстырған ең алғашқы және аса ықпалды кітапқа айналды. Кітаптағы прозалық мәтіндер мал сөзіне барынша шабуыл жасап бақты. Әсіресе үшінші, бесінші, алтыншы, он бірінші, отыз үшінші және қырық төртінші сөздерден мал, мал таппақты маңызды деп санаған қазақтар «жалқау», «талапсыз», «өнерсіз», «қаскүнем», «надан», «қайратсыз» деп суреттелді.
Ресми өмірбаянында өз жанұясы мен ата-бабаларының дәстүрлі өмір салтына адал болған көшпенді қазақ өз халқы жайында осыншалық сыни көзқараста бола ма деген сұраққа жауап беру қабілетінен біз 70 жылғы үгіт-насихат нәтижесінде баяғыда айырылғанбыз. Мұндай еш негізі жоқ сынды көшпенділікке қарсы үгіт-насихат әзірлеу тапсырылған идеологтар ғана жаза алатынын кеңес заманында туып-өскен қазақтың санасына жеткізу – мүмкін емес дүние! Орталық Азия көшпенділердің өмір салтын ұзақ жылдар зерттеген антрополог Джек Уезерфорд бір сөзінде көшпенділердің «жалқау», «талапсыз» болуға ешқандай мүмкіндігі жоқ екенін былай деп суреттеді: «Қыр баласы күн көруге және күнделікті өмірі үшін аса маңызды шешімдерді күнделікті қабылдауға жастайынан машықтанады. Таң ата малшы герден (киіз үйден) шығып, айналасына көз жіберіп, бүгінгі жолын өткен аптадағы жаңбырға, кешегі желге, бүгінгі күннің күйіне немесе келесі аптада малын айдап жүретін бағытқа сай таңдайды. Жайылым іздеу – әр күннің шаруасы, бірақ оны табудың әр алуан жолын іздеу қажет. Егер жаңбыр жаумаса, малшы жаңбыр жауатын жерді өзі табады; егер шөп өспесе, малшы шөп өсетін жерді өзі табады. Малшы әрекет етпей, бір жерде отыра алмайды. Ол жолын күн сайын, тіпті әр сәт сайын таңдауға мәжбүр». [137]
Шындығына, 1933 жылғы басылымның редакторлары өздерінің идеологиялық мақсаттарын бүркемелеуге тырысқан да жоқ. Осы басылымдағы Екінші сөзде көшпенді қазақтар басқалардан «төмен» деп суреттелді: «Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз». Бұл сөздерден көшпенділікке қарсы үгіт-насихат жұмысының үлкен бір бөлігі – қазақтарды өздерінің ата-бабаларының салт-дәстүріне арландыру, намыстандыру болғаны байқалады.
Тіпті еш зиянсыз дәстүрлі спорт ойындары (күрес, құс салу, ит қосу) туралы Жиырма Алтыншы сөздің де мақсаты – қазақтарды ұялту. Бұл сөзінде ел ақылшысы «Абай» бұл ойындар қазақтарға ойын-сауық рахатын емес, қазақтарға «біреуді ызаландыру», біреуге «мақтану» рахатын береді дейді. Ол аздай, үгіт-насихатшылар «Абайға» бұрынғы қазақ пен бүгінгі қазақтың бәрін сынатып, «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» дегізді. Осының әр қазақ кәміл сенетін қағида болып кеткені рас па? Рас.
Дегенмен, «Қара Сөздердегі» мәтіндердің барлығы бұндай аяусыз сын емес. Мысалы, отыз сегізінші сөз басқа мәтіндерден діни мазмұнымен ғана емес, сондай-ақ, көлемімен және мүлдем өзгеше сарынымен ерекшеленеді. Бұл сөздің авторы оқырмандарын асқан ізеттілікпен «перзентлерім» деп атайды. Мұнда басқа мәтіндердегі, мысалы, 2, 3 және 26 сөздердегі шыдамсыздық мен қарадай түңілу белгілері жоқ. Автор бір топты сынаса да, ашуланып ұрыспай, жайлап қана әжуалайды. Оның сынап отырған тобы да басқа: аңқау қазақтарды арбауына түсірген дүмше молдалар. Мәтіндегі арнайы түсініктемені қажет ететін жүзден аса арап сөздері, автордың сабырлы да байсалды үні осы мәтіннің авторы молда болуы ықтимал екенін меңзейді.
«Қара сөздердің» стильдік әр алуандығы – мәтіндердің авторлары әртүрлі адамдар болғанын көрсетеді. Мәселен, Он Тоғызыншы және Жиырма Тоғызыншы сөздердің авторы Аймауытов деуге болады. Себебі осы екі прозалық мәтін 1918 жылы «Абай» журналынан жарық көрген қазақ мәтелдері, соның ішінде мал туралы да әлеуметтік және философиялық ойлар ұсынылған «Мақал туралы» деген мақаланың көшірмесі. Бұл мақала стилі жағынан Аймауытовтың «Байлық, кедейлік» мақаласымен үндес. Керісінше, Бесінші және Алтыншы сөздер «Мақал туралы» атты мақалаға негізделсе де, басқа автордың қатқыл үні басым: оның мақсаты – қазақтарды мал, мал табудан басқа ешнәрсеге қам жемейді деп сынау.
Осылайша, «Абай» Сталиннің Социалистік Қазақстанына көшпенді қазақтардың қатал сыншысы, орыс мәдениетін дәріптеуші ретінде енді. «Абайдың» шығармаларының ықтимал жазушылары және бастапқы дәріптеушілері болған, 1928-37 жылдары қазаға ұшыраған Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов және Аймауытовтардың есімі енді тарихтан мүлдем өшірілді. 1933 жылғы басылымның шығу тарихын білген, Абай шығармашылығының тегін зерттеген екі кеңес қазақ ғалымы – Ілияс Жансүгіров пен Ғаббас Тоғжанов та 1937 жылдың аяғына таман өлім жазасына кесілген еді. Дегенмен, аталған адамдардың жазбаша мирасы кітапхана жертөлесінде жасырын болса да өмірін жалғастырды. Қандай да себептермен, бұл жазба деректер толығымен жойылған жоқ.
1953 жылдан кейінгі пост-Сталиндік кезеңнің босаңсыған атмосферасында Жамбыл ақынды Сталинге табыну үшін аяусыз пайдалану жағдайы ашық сыналған соң, «Абайға» байланысты насихат ойыны да әшкереленуі мүмкін екендігі белгілі болды. Ата-бабалары қолданған араб қарпін оқи алатын қазақ ғалымдарының жаңа буыны шындықты тауып, Дала Уалаятының Газетінен бастап, қазақ газеттері мен журналдарындағы әртүрлі дереккөздер арқылы Абайдың жазбаларының қалай пайда болғанының ізін құрастыруы әлі де мүмкін еді.
Осындай жағдайлардың бірі – Сталиннің өлімінен кейін бірнеше айдан кейін орын алды. 1954 жылы ғалым Әлкей Марғұлан Ленинградтағы географиялық қоғамның архивінен Абай канонына кірген он екі өлең аудармасымен берілген қолжазба «тауып алды». Қолжазбада А.К. деген инициал ғана тұрса да, кеңес ғалымдары бұл қолжазбаны «Абайдікі» деп, Әлкей Марғұлан «Граф Кудашев аударған Абай өлеңдері» деп хабарласа да, Әлихан Бөкейханов біраз жыл мүшесі болып, тығыз байланыста болған географиялық қоғамның архивінен «қолжазба тауып алу» 1954 жылы әлі де қауіпті еді: бұны кеңестік насихат аппаратындағы редакторлар мен ғалымдар «ұлтшыл» Бөкейхановтың есімін қайта тірілтуге талпыныс деп түсініп қалуы да мүмкін еді. Әлкей Марғұланның кеңестік әріптестері бұл жағдайды «граф Кудашев» сияқты «орыс шығыстанушылары Абайды 1897 жылдың өзінде-ақ жазып үлгерген» деп қошемет көрсеткенімен, Марғұланның қауіпті жаңалығы кеңес нұсқасына мүлдем қарама-қарсы тарихтан хабар беруі де ықтимал еді.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін, келесі жылдары біраз іс-шаралар қолданылды. Біріншіден, Кеңес дәуіріне дейінгі дереккөздер бақыланып, оның қолданылуына шектеу қойылды. Екіншіден, бұл мәлімдемеге қарсы мәлімдеме жарияланды. Әлкей Марғұлан граф Кудашевтың қолжазбасын тауып алғаннан кейін, басқа кеңес ғалымдары Мүрсейіт Бікіұлы атты «Абайдың жеке хатшысы» болған адамның Абай өлгеннен кейін оның өлеңдерін қағаз бетіне түсірген қолжазбасы бар десті. Дегенмен, бұл қолжазбаның авторы Мүрсейіт екеніне күмән көп. 1950 жылдарға дейін ешбір дереккөздерде «Мүрсейіт» немесе Абайдың қандай да бір хатшысы аталған емес. Әлихан Бөкейханов та ол жайлы ләм-лим демеген. Мүрсейіттің қолжазбасы мен 1933 жылғы басылымның мазмұнының ерекше ұқсастығын ескерсек, бұл қолжазбалар 1933 жылғы басылымның алғашқы жазылған нұсқалары болуы мүмкін деп топшылауға болады. Бұл жағдайда, «Мүрсейіт» кеңес кезінде кілт сөз қызметін атқаруы да мүмкін. Қазір «Мүрсейіттің қолжазбалары» деп аталатын дәптерлердің түпнұсқалығын тәуелсіз халықаралық форензика сарапшылары ғана анықтай алады. Ондай сараптама жасалмаса, басқа ауызша немесе Кеңес заманында пайда болған дереккөздер мен құжаттарға ешқандай сенім жоқ. Себебі ол кезде фальсификация, қолжазбаларды қолдан жасау әдістері кеңінен қолданылды.
Дегенмен, Мүрсейіттің қолжазбасы ұсынылған соң, 1933 жылғы басылымға енген «Абайдың» өлеңдері мен прозалық еңбектерінің түпнұсқалығын растайтын дәлел жеткілікті деп саналды. Нәтижесінде, «Абай» мен тыйым салынған қазақ ұлтшылдарының арасындағы тарихи байланысты іздеу тағы 50 жылға шегерілді.
Сталиннен кейінгі жылдары «Абай» көреген ойлары пен пәлсапасын өлеңнен гөрі Қара Сөздерінде көбірек жазған деген қағида дәріптеле берді. Бұл қағида барлық ақпарат көздерінен көрініс тапты: мектеп, университет оқулықтары, кітаптар, журналдар мен газеттер, радио және теледидар. Пікірталастар мен әртүрлі талқылауларда Абайдың Қара Сөздеріне сілтеме жасап немесе дәйексөз ретінде беріп, шешуші үкім ретінде қолдану дәстүрі қалыптасты. «Абай айтты ғой, қазақтар солай деп» деген сияқты клишелер әр қазақтың күнделікті қолданатын мәтеліне айналды. Алайда, білім ордалары мен мемлекеттік баспасөз құралдарында ең көп сілтеме жасалатындары – қазақтардың мәдениетін сөгіп, өздерін «жалқау», «қызғаншақ», «надан», «қазақтың жауы қазақ» деп суреттейтін сөздері.
Бұл жағымсыз пікірдің қазақ халқының өзіне деген сый-құрметіне кері әсерін өлшеу қиын болар, дегенмен, бұны ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақтар кеңестік қоғамда әр қазақтың бойына сіңіп қалған өзін кем сезіну комплексімен әлі күнге дейін күресіп келеді. Бұл бір жағынан Ашаршылықтан қалған терең психологиялық травманың өшпес ізі болса, екінші жағынан өздері сүйіп оқитын қазақ жазушыларының ішіндегі ең ықпалды ақынның аузынан естіген қатал сынның кері әсері екеніне еш күмән жоқ.
[125] Таир Жароков. Қазақстан баспасынан. Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ. Қызыл Орда, 1933, 1-бет.
[126] Абай (Ибрагим) Құнанбай-ұлы Аудармалары пен қара сөздері. 2-том. Алматы, 1940. 251-бет.
[127] Абай (Ибрагим) Құнанбай-ұлы. Аудармалары пен қара сөздері. 2-том. Алматы, 1940. 165-бет.
[128] Абай Құнанбаев. Толық жинақ. (ред. Н.Т.Сауранбаев) Алматы, 1945.
[129] Абай (Ибрагим) Құнанбай-ұлы. Аудармалары пен қара сөздері. 2-том. Алматы, 1940. 155-164-бет.
[130] Мандельштам О. Полное собрание сочинений и писем в трёх томах. Т. 1. Стихотворения. М., 2009. С. 305.
[131] Мандельштам Н. Воспоминания. Книга Третья. Москва-Берлин. 2019. С. 169..
[132] Ағарту комиссариатының 27-28-ші жылғы бастыратын кітаптардың тізімі.// Жаңа мектеп 1927, 11-12 сандары.
[133] Авторсыз. Игілік іс. // Сары Арқа. 1917, 2-саны
[134] Огрызко В.В. Чего мы не знаем об Абае и его великом певце: развенчивая мифы вокруг великой эпопеи Мухтара Ауэзова. Часть 1. // Литературная Россия. 2018. Вып. 27.
[135] Мұхтар Әуезов. Абай жайын зерттеушілерге. Шығармаларының 50 томдық толық жинағы. Мақалалар, зерттеулер және пьесалар. 1937-1940. Алматы, 2004. 2-томы, 32-бет.
[136] Ілияс Жансүгіров. Кіріспе. Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ. Қызыл Орда, 1933. 6-7, 16-17, 67-68 бет.
[137] Jack Weatherford. The Secret History of the Mongol Queens: How the Daughters of Genghis Khan Rescued His Empire. New York, 2010, p. 184.
Comments