top of page
Зәуре Батаева

Абай жұмбағы - IV. Дала Уалаятының газеті

Акмолинские Областные Ведомости газетінің 1888 жылдан 1902 жылға дейін қазақ тілінде Дала Уалаятының газеті , ал орыс тілінде Особое Прибавление к АОВ (1894 жылдан бастап Киргизская Степная Газета деп өзгертілген) деп аталған Дала Генерал-Губернаторының кеңсесінен 2 тілде қатар шыққан арнайы қосымшасы болған еді. [43] Қосымша ресми және бейресми 2 бөлімнен тұрды. Ресми бөлігі қазақ оқырмандарын Патша әкімшілігінің соңғы бұйрықтары мен жарғылары туралы құлақтандырса, бейресми бөлігінде арнайы тағайындалған тілшілермен қоса, қарапайым оқырмандарға «қазақтардың күнделікті тұрмыстық және қоғамдық өмірі» туралы баяндап отыруға және ойларын бөлісуге мүмкіндік берілді. [44]


Редакторлар ұжымы әр басылған жолы үшін үш тиын ұсынып, білімді де білікті оқырмандарды бұл қоғамдық жұмысқа үлес қосуға шақырды. Қаржылай ынталандыру әсер етті ме әлде қоғамдық пікірталасқа деген рухани шөл ме, қазақ оқырмандары баспаға басынан бастап белсенді түрде мақалалар, хаттар, аңыздар, мақал-мәтелдер және өлеңдер жібере бастады. Көбі өз атынан жазса, бірнеше адам лақап ат қолданды. Баспа орыс редакторлардың қатаң бақылауында болғанына қарамастан, Дала Уалаятының Газеті қазақтардың қоғамдық мәселелерге өз көзқарасы білдіруге күтпеген жерден аса жайлы алаң ұсынды. Мысалы, 1889- жылдың өзінде осы газетте прогрессивті Ислам дінін насихаттап, қазақ көшпенділерінің шаруашылық жайы мен біліміне қатысты мәселелерді жиі көтеріп жүрген Баян Аул тұрғыны – Жүсіп Көпей-ұлы газет ұжымына өзінің хаттары мен өлеңдерін «еш өзгеріссіз, мағынасын бұрмаламай және ойын бұзбай» шығарып жүргені үшін өз қошеметін көрсетті. [45]


Тарихи дереккөздерден бұл газеттің қазақтың зиялы қауымының еркін сөз алаңына айналуы патша үкіметінің аймақтағы белгілі шығыстанушы идеологтарын алаңдатқанын да байқаймыз. Мысалы, Түркістан Уалаятының Газетінің редакторы Николай Остроумов бір еңбегінде қазақтардың өз мұң-мұқтажын Дала Уалаятының Газетінен ашық айтып, орыс тілшілерді сынауына рұқсат етілгендігіне шағымданады. [46] Түркітанушы және христиан миссионері Николай Ильминский Дала Уалаятының Газетінің қазақтарға дауыс беріп қана қоймай, олардың көзқарасын бақылауды қиындататын араб қарпімен басылуына разы болмады. [47] Әрине, басқа қаладан емес, Омбыдан шыққан бұл газеттің көшпенділердің мұң-мұқтажына ашықтығы бізді таң қалдырмауы тиіс шығар, себебі Омбы – патша саясатына қарсылық танытып, өздері қуғынға ұшыраған орыс халықшылдары (народниктер) шоғырланған қала еді және олардың Ақ Патшаның аяусыз отарлау саясатының құрбанына айналған көшпенді қазақтардың күйіне жанашырлық танытуы әбден заңды. 14 жыл бойы үзілмей жарық көрген Дала Уалаятының газетінің тәуелсіз бағыты – әлі де көмескі және зерттеуді қажет ететін маңызды тақырып. Бір анығы – Дала Уалаятының Газетінен жарық көрген мақалалар мен газет бетіндегі пікір-талас қазақ тарихындағы елеулі оқиғалар.


Газет тілшілерінің көпшілігінің қырдағы әйелдер жағдайына, әсіресе жас қыздарды қалың малға сату дәстүріне қатысты мәселелер төңірегінде ойлары бір жерден шықты. Көшпенді қазақтардың басым көпшілігінің сауатсыздығы және соның салдарынан қырға келген татар молдалар, сарт саудагерлері мен орыс шенеуніктерінің алдап-арбауына бейім екендігі жайында да келісім болды. Алайда, сауатсыз көшпенділерге қажетті «жақсы білім» төңірегіндегі пікірлер әр алуан: біреулері медресе білімін жақтаса, басқалары орыс мектептерін құп көрді. Сонымен бірге жаңадан пайда болған жатақ феномені, яғни, өз малынан айрылып, біреуге жалданып, еңбекақыға күн көретін кедей көшпенділер жайында да пікірлер әртүрлі болды. Тұрақты тілшілердің кейбірі патша өкіметінің ресми ұстанымын жақтап, көшпенділер бір жерге қоныстанып, егін шаруашылығын үйреніп, қажет болса жатаққа айналу тиіс деді. Жазушы және молда Жүсіп Көпей-ұлы сынды зиялылар қазақтардың көшпенді өмір салтын тастауына үзілді-кесілді қарсы болды. Түркістандық жәдидшілдік пәлсапасынан нәр алған Көпей-ұлы көшпенділердің білімге алуға бет бұрып, мал шаруашылығын кәсіби жағынан жетілдіріп, ауқатты қазақтардың өз қоғамындағы мұқтаж жандарға қорған бола білуі маңызды деген пікірді ұстанды. Көпей-ұлы көшпенділердің жатаққа айналуы оларды кедейшілікке, одан да бұрын басыбайлыққа ұрындырады деген ойда болды. [48]


Аса белсенді тілшілердің бірі – бір емес, бірнеше лақап атпен жазған іспетті. Мақалалардың мазмұны мен жалпы стиліне қарай – Қыр Баласы, А.Н., Ғабдраһим Алашбаев, Көшпелі Қазақбаев, мүмкін тіпті А. Құрманбаев және тағы басқалар атынан жазған бір адам деген болжамға келуге болады. Бұл болжамды нақтырақ зерттеу үшін стилометриялық статистика қолданып, олардың барлығының мәтіндерін мұқият талдау қажет, әрине. Дегенмен, осы авторлардың сөз қоры ғана емес, сонымен қатар көтерген мәселелері мен жалпы қызығушылықтары бір екенін байқамау мүмкін емес. Біріншіден, аталған авторлардың барлығы меритократия қағидасын, яғни, болыстар мен билер – өмір тәжірибесі, даналығы, адалдығы мен білімі негізінде таңдалуы тиіс деген қағиданы берік ұстанды. Бұл авторлар сондай-ақ қазақтарды адамгершілік пен адалдықты жоғары тұтатын дәстүрлі құндылықтарынан, салт-дәстүрлерінен бас тартпауға, қоғамда кең етек жая бастаған даңғойлық пен құр мақтанға берілмеуге шақырды. Бұл ойлар Абайдың өлеңдері мен қара сөзін оқыған адамға таныс болуы тиіс.


Жоғарыда аталған авторлар тағы бірнеше ортақ көзқарасты ұстанды. Барлығы дерлік 1860 жылдардан бері Ақ Патша үкіметі көшпенді қазақ руларының ішкі ісіне кірісіп, біртіндеп енгізген әкімшілік реформалардың салдарына қатысты уайымдарын білдірді. Соның бірі – қырдың ежелгі салт-дәстүріне негізделіп, өмір салтына бейімделген билер қазылығының құзырын жоғалтуы еді. Патша өкіметінің көшпенділердің дәстүрлі сот жүйесін бұзып, өздерін орыс сот жүйесіне бағындыруы салдарынан дала көшпенділері аса ұтымсыз жағдайда қалды. Аталған авторлар бұл реформалардың саяси салдарын да талқылады. Шыңғыс Ханның тегін дәстүрлі хан билігінен айырып, сайлау жүйесін енгізген патша реформалары ру басыларының арасында бұрын-соңды болмаған бақталастық туғызды. Оған қоса, бұл реформалар билік басына сайлаушыларды сатып алып, орыс шенеуніктеріне пара беру арқылы келген біліксіз әкімшілердің пайда болуына себеп болды. Бұл жағдайды орыс тілін білім үшін емес, көптің игілігі үшін емес, өз қара басының, руының қамы үшін пайдаланған арсыз аудармашылар одан сайын ушықтырды. Бұл жағдайдың да Абай мәтіндерінен көрініс тапқаны белгілі.


Аталып отырған авторлардың білім беру жүйесіне қатысты ойлары да бір жерден шығады. Олар Ыбырай Алтынсариннің қазақтарға оң ықпалын ерекше бағалап, бір жағынан қазақ тілінің тазалығын сақтауға, яғни, татар және сарт тілінің әсерін азайтып, патша режимінің орыстандыру (обрусительная) саясатына төтеп беруге шақырса, екінші жағынан қазақтарға орыс тілін (парсы және араб тілдеріне қарағанда) білім мен ғылым үшін үйрену керек деп насихаттады. Осы авторлардың көзқарастарының ұқсастығын ескерсек, барлығының атынан бір адам жазуы әбден мүмкін.


Дегенмен, осы аталған авторлар арасындағы ең белсендісі – Қыр Баласының 1889 жылы газетке жіберген ең алғашқы хатындағы тың ойлары келесі онжылдықтар мен тіпті ғасырлар бойы маңызын жоғалтпады. Хаттың басты тақырыбы – «халықтың рәсімін жақсы білетін һәм көпті көріп халықты әбден білетін жақсы қариялардың» сауатсыздық салдарынан не газетті оқи алмай, не өздері үлес қоса алмай отырғаны. Хат авторы жас оқыған қазақтардың жұртпен бөлісетін білімі болса да, «жым-жырт жатқанына», «олар керуен талап, уақ адуакат, арызшы болғанды жақсы көретініне» уайымдады. [49] Қыр Баласы, яғни 23 жасар Әлихан Бөкейханов, 1889 жылы былай деген еді: «Қазаққа пайда келдіруге ойлап жүрген қазақ халқының өз алдына өлең-жыры бар. Кім білмейді қазақтарың ақындары Шортанбайды, Шөжені, Орынбайды, Найман-бала, Шерниязды, иә сырым керейден Құламбайды һәм ғириларуын. Қазақтарға осы ақындардың қайсысының сөзі күшті екенін білдіруге жөні бар ма? Шерниязды ойласақ, қызыл тілінің арқасымен жаны қалған. Шөже Қарымбай (Гогольдің Плюшкині) секілді сараң кісіден сый алған сыйлық алған».


Қыр баласының бұл хаты Дала Уалаятының Газетінің Кеңес заманында кирилл қарпіне аударылған ешбір жинағына неге кірмей қалғаны түсінікті, бірақ бұл мәтіннің 2000 жылдары Тәуелсіз Қазақстанда шыққан еңбектерде неге бұрмаланып берілгені түсініксіз. Мысалы, бұл хаттың түпнұсқасында да, орысша аудармасында да «сырым керей Құламбай» деп жазылса да, «Құнанбай» деп кездеседі. Бұның себебі – Бөкейхановтың бұл хатының Абайдың бүкіл шығармашылының квинтэссенциясы болып табылатындығында болса керек. «Өлең – сөздің патшасы» деп аталатын өлеңінде Абай өз заманының ақындарын «мақтау өлең айтып», «сөз қадірін кетіріп жүр» деп сынады. «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол» атты өлеңінде Абай Шортанбай мен Дулат ақындарды «өлеңі бірі – жамау, бірі – құрақ» деп баға берсе, «Күлембайға» деген өлеңінде «ақын Күлембайдың» пайдасыз болысқа айналғанын мазақ етті (бұл өлең тек қана 1933 жылы жарық көргенін ескеру қажет). Қазақ әдебиетінің тарихында 19-ғасырдың ақындарын сынаған тек екі жазушы бар: Абай мен Қыр Баласы. Бұл екеуі бір адам болуы мүмкін бе?


Бұл болжамды 1947 жылы Абай туралы бірнеше мақала мен кітап жазған және оның өлеңдерін аударған кеңес ғалымы Михаил Сильченко айтқан еді. Сильченко бір мақаласында: «Қыр Баласының хатының мазмұны мен сарыны Абайдың 19-ғасыр ақындарын «тарихи шындықты бұрмалағаны» үшін «жазғырғанымен бірдей», сол себепті, бұл хаттың авторы атақты ақын Абай болса керек деген» [50],- деген қорытындыға келді. Басқа Кеңес ғалымдары – Хайыржан Бекхожин 1949 жылы және Михаил Фетисов 1961 жылы – Сильченконың талдауын жоққа шығарды. Екеуі де хаттың шын авторы – «буржуа-ұлтшыл Әлихан Бөкейханов» екенін мәлімдеді. [51]


Дегенмен, сырт көзге бір-бірімен келіспеген сияқты болғанымен, осы кеңес ғалымдарының бәрінің айтқаны дұрыс болса ше? Мүмкін, бұл ғалымдар құпия болып қалуы тиісті ақпаратты әдейі немесе байқаусызда ашып қалған болар? Нақтырақ айтсақ, Абай, Қыр баласы және Әлихан Бөкейханов – бір адам деген ойды? Бұл болжамның негізсіз емес екенін осы мақалада әрі қарай талдаймыз.


Біріншіден, Бөкейхановтың Дала Уалаятының Газетінде Қыр Баласы және басқа да көптеген лақап атпен жазғаны – факт. Ал Бөкейхановтың біраз жылдан кейін, 1910 жылы орыс тілінде өз атынан жазған «Киргизы» атты мақаласынан Дала Уалаятының Газетінде Қыр Баласы мен жоғарыда аталған тілшілер ұстанған мәдени және саяси көзқарасты айнытпай танимыз. [52] Бұл мақалада ханның немересі, Шыңғыс Ханның ұрпағы Әлихан Бөкейханов қазақ көшпенділері арасындағы сауатсыздыққа қатысты уайымын және көп жылдар бұрын көшпенділердің ішкі ісіне араласқан патша үкіметінің әкімшілік реформаларының қазақ қоғамына әкелген залалды салдары жайында пікірін ашық білдірді. Бөкейханов әкімшілік саласындағы былықты ғана емес, сонымен қатар көшпенді қазақтардың құқығының қай жағынан болмасын тапталғанын – жайылымдарынан айрылып, тілі мен діні кемсітіліп отырғанын айыптады. Дегенмен, көп жылғы орыстандыру саясатына қарсы болғанымен, Бөкейханов қазақтардың білімінің екі тілде болуын құп көрді.


Бөкейхановтың Омбыда орналасқан газеттің тұрақты тілшісі болуының жөні бар еді: 1880-90 жылдары ол Омбы гимназиясында, одан кейін сол қаладағы техникалық оқу орнында оқыды, мұғалім болып жұмыс істеді – ол Омбы қаласында ұзақ жылдар бойы тұрды. Дәл сол кезеңде Омбы қаласының мәдени өмірі біршама дамып жатқан еді: мұнда бірнеше университет, техникалық колледж, қыздарға арналған гимназия және қоғамдық кітапханалар ашылды. Омбылық болып кеткен Бөкейханов орыс тілі мен мәдениетіне сіңісіп, осы аймаққа айдалып келген халықшылдың (народник) қызы Елена Севостияноваға үйленді. 1895-1901 жылдар аралығында осы өңірдегі саяси қудаланушылардың көбі қатысқан орыс санақшысы Федор Щербинаның ғылыми экспедициясына қатысты. Осы жылдары народниктер пен орыс зиялыларының ықпалына түскен қандай да бір қазақ болса – ол Бөкейханов еді.


Оған қоса, Бөкейхановтың орыс классикалық әдебиетін көп оқып, әдеби аудармамен айналысқанына айғақ көп. Дала Уалаятының Газетінің 1894-жылы шыққан 32-басылымында Иван Крыловтың бір мысалын «Асылқожа Құрманбаев» есімді біреу аударыпты. Ондаған жылдар өткен соң, қазақ ғалымдары Құрманбаевты шын адам ретінде көрсетті: «Ыбырай Алтынсариннің оқушысы болған, кейіннен Лепсіге көшіп, мектеп басшысы болған, 1912 жылы Айқап газетінің 3-нөміріне осы мысалдың өңделген аудармасын «Омбылық» деген лақап атпен шығарған», - десті. Егер Құрманбаев шын адам болса, ол неге басқа аудармаларын да газет бетіне шығармаған екен? «Омбылық» сияқты лақап екендігі анық болмаса да, «Құрманбаев» шын адам емес, біреудің лақап есімі болса керек. Осы екі лақап атты қолданған адам – 1894 жылы Дала Уалаятының газетінде және 1912 жылы Айқап журналында белсенді түрде жазып отырған Бөкейханов болуы әбден мүмкін. Бір қызығы – кеңес ғалымы Үшкөлтай Суханбердина «Асылқожа Құрманбаевтың» аудармасы жайлы жазғанда, оны тіпті «А. Құнанбаев» деп береді. Бұл көптеген ғалымдардың Бөкейханов пен Абайдың тұлғасын (әдейі не абайсызда) шатастыруының тағы да бір мысалы. [53]


Бөкейхановтың орыс әдебиетін аударуға деген қызығушылығына қатысты айғақ одан әрі жалғаса түспек. 1900 жылы Дала Уалаятының Газетінің 11 және 12 сандарында Бөкейханов Лев Толстойдың «Суратская кофейная» деген туындысын аударып шығарды. 1987 жылы Кеңес ғалымы Әбен Сатыбалдиев осы аударманың сапасын мақтады, бірақ ол соғыстан кейінгі кезеңде аты-жөні мен шығармашылығына тыйым салынған аудармашы Бөкейхановтың аты-жөнін атай алмады. [54] 1924 жылы Бөкейханов өзінің бұрыннан қолданып жүрген лақап аты – Қыр Баласының атынан Толстойдың «Хаджи-Мурат» повесін аударған еді. [55] 1922 жылдан 1927 жылға дейін Бөкейханов КСРО халықтарының орталық баспа үйінің (Центроиздат) қазақ бөлімінде жұмыс істегенде, көптеген басқа кітаптардың аудармасын да өз атынан емес, лақап есімдер қолданып шығарды.


Мысалы, 1926-27-жылдары Центроиздат басып шығарған үш кітаптың оның ресми аудармашысы «Тұрағұл Абай-ұлы» емес, Бөкейхановтың өзі болуы мүмкін. Архив құжаттары бойынша, Тұрағұл Ибрагимов ол кезде Мәскеуде емес, Шыңғыс уезінің тұрғыны болған іспетті. [56] 1914 жылдың өзінде «Н.Рамазанов» деген лақап атпен Бөкейханов Абайдың үш лирикалық өлеңінің орыс тіліндегі прозалық тәржімесін Лазарев атындағы шығыс тілдері институтының арнайы санынан жариялады. (Кейбір адамдар «Нух Рамазановты» шын адамға айналдыруға қанша тырысса да, оның өмірбаянының жұқалығы сонша, дәл сол журнал шыққан 1914 жылы қайтыс болыпты-мыс. Бұл есім Бөкейхановтың тағы да бір лақап аттарының бірі болғанға ұқсайды.)


1888-1902 жылдары орыс әдебиетіне ерекше қызығушылығы мен дала көшпенділерінің өміріне әсер етіп жатқан саяси мәселелерді тығыз байланыстырған жалғыз қазақ – Әлихан Бөкейханов болған сияқты. Сондықтан Дала Уалаятының Газетінен белгілі бір тақырыптар төңірегінде лақап атпен жарық көрген көптеген мақаланың авторы Бөкейханов болуына негіз көп.


Жоғарыда көрсетілген Қыр Баласының хатынан басқа, Бөкейхановтың әртүрлі лақап атпен шыққан жазбалары мен біз қазір «Абай» біз деп атайтын ақын және ойшылдың жазбаларының арасында басқа ұқсастықтар да өте көп. Мысалы, А.Н. және стилі оған өте ұқсас С.М.Ш. атынан шыққан сатиралық мақалаларға қарайық. «Қымыз ішіп, ет жеуден» қолы босамайтын біліксіз болыс туралы очеркінде А.Н. сайлауға қатысып, жеңе алмай, өзінің болыс досын айналшықтап жүрген М. Ш. деген кейіпкерді таныстырады. [57] А.Н. – Бөкейхановтың басқа да альтер эголары сияқты, қазақ мәдениетімен етене таныс, бірақ оған сырт көзбен қарай алатын адам. Кей жағдайларда, бұл сырт көзқарас, мысалы, осы А.Н. атынан жазылған мақала сияқты, орыс классикалық әдебиетінің, әсіресе, Николай Гоголь мен Михаил Салтыков-Щедриннің әлеуметтік сатирасының елегінен өткізілген.


Газеттің келесі сандарының бірінде Бөкейханов авторлықты сол М.Ш. атты кейіпкердің өзіне тапсырады. С. М. Ш атынан Бөкейханов тағы ертеректегі билер сотының құрып кеткені және оның салдары жайлы тақырыпты көтереді. Ертеректе би немесе қоғам адамы болғысы келген қазақ білікті ханның не бидің қоластында ұзақ уақыт қызмет етіп, қазақтың ежелгі салт-дәстүрін үйренуші еді (Есім ханның ескі жолын, Қасым ханның қасқа жолын), даналар бұл жастардың қабілетіне, оның парасаттылығына, билік етуге біліктілігіне көзі жеткенде батасын беруші еді деген өкінішін жеткізіп, бұрын біліктілік мектебі болған көне дәстүрдің қазіргі заманда орнын басқан орыс тілді білімнің пайдалы жақтарына тоқталып өтеді. Омбының классикалық гимназиясын бітірген қазақ балалары үшін Томскіден жаңадан ашылған университеттен екі-үш стипендия тағайындалса, жастардың жақсы білімі өкіметтің де, халықтың игілігіне жарар еді деп ұсыныс жасайды. [58]


С. М. Ш жазған мақаланың ықшамдалған нұсқасын Абайдың қара сөздерінен, атап айтқанда, болыс біліктілгі жайлы 3-сөзінен кездестіреміз. Газеттегі мақаладан стилистикалық тұрғыдан өзгешелеу болғанымен, идеясы мен қолданылған сөз тіркестері бірдей: «Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадірлі орысша образование алған кісі болсын... Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек».


Бұл қалай болғаны? Біз қазір «Абай» деп атайтын ақын және ойшыл 23-жасар Бөкейхановтың ойлары мен мәтінін көшіріп алған ба? Әлде, шындығында бұл екеуі бір адам ба? Бұл сұрақтың жауабы күрделі, дегенмен осы мақалада жауабын іздеп бағамыз.


Әзірше Дала Уалаятының Газетінде «Абай» деген ақын ешқашан аталмағанын айтсақ та жеткілікті. Қолда бар жазба деректер – әртүрлі лақап атпен жарық көрген, бірақ авторы Бөкейханов болуы ықтимал мақалалар мен хаттар. Әйтсе де, ғалымдар Кеңес заманынан бері Дала Уалаятының Газеті – «Абай шығармаларының бесігі» деп келді (осылай дегендердің алғашқысы Хайыржан Бекхожин болса керек). Абайдың аты газетте ешқашан аталмаса да, Абайдың қазіргі канонына кірген «Жаз» және «Болыс болдым мінеки» атты өлеңдердің алғашқы нұсқасы осы газет бетінен жарық көргені рас. Дала Уалаятының Газеті – он тоғызыншы ғасырдағы суырып салма ақындықтан, даналық сөзден жазбаша мәдениетке ауысу үрдісі орын алған ең маңызды рухани алаңдардың бірі. Абайдың аталған екі өлеңі осы тарихи қозғалыстың бір бөлігі еді. Екі өлеңнің алғашқы нұсқалары 1889-жылдың ақпан және наурыз айларында атаусыз, ал бірі тіпті авторсыз жарияланды. [59] Бірінші өлеңнің авторы өзін «Көкпай Жанатай-ұлы» деп таныстырса, екінші өлең мүлдем анонимді жарияланды.


Екі өлеңнен де Ахмет Байтұрсыновтың «Абайдың қазақ ақындық өнеріне енгізген жаңашылдығы» деген сипаттарын байқаймыз. Екі өлең де суырып-салма өнерінің ретсіз ырғақ үлгісін қолданса да, олардың суреткерлік мақсаты мүлдем басқа. Егер «Жаз» өлеңнің авторы дәстүрлі ақын болғанда, бұл өлең бай көшпендіні мадақтайтын жыр болар еді. Оның орнына, жайлаудағы табиғат сұлулығын және көшпенді қоғамының ұйыған бірлігіне сүйсінген лирикалық суреттемені көреміз. Дәл осылайша, екінші өлең де болысқа арналған мадақ-жыр болуы мүмкін еді, бірақ бұл өлең керісінше – сайлаушылар арасында ары-бері шауып, барлығына жалтарма жауап беріп, билікке ұмтылған біліксіз болыстың сатиралық портреті.


Әдеби сыншылар бұл өлеңдердегі ақынның өз субьектісіне жаңаша көзқарасына орыс әдебиетіне деген қызығушылығы ықпал еткен деп дәйектегісі келер. Бұл рас болуы мүмкін болса да, «Абай» шығармашылығына тән бір ерекше қасиет бар екенін мойындау маңызды: автор өз мәдениетін терең білетін, бірақ сырт көзбен қарай алатын адам. 2008 жылы ақынның романдағы бейнесіне сүйеніп, «портретін» сомдаған орыс ғалымы Николай Анастасьев сырт көз – Абай шығармаларының айрықша қасиеті екенін баса айтып, бұл қасиеттің тек қана кітап оқудан емес, адамның өмір-салтын түбегейлі өзгертетін саяхат немесе мүлдем басқа ортаға қоныс аудару нәтижесінде ғана орын алатынына текке мән бермесе керек. [60]


Әдебиеттің бір ерекше қасиеті – кейде айғақты әдебиеттің өзі ұсынады. Біз қазір «Абай» деп танитын адамның кім екенін растайтын ешбір құжаттар болмаса да, Дала Уалаятының Газетінен шыққан осы екі өлеңнің мазмұнынан-ақ оның авторы алыс жерлерге саяхат жасап, әлемнің басқа бөліктерін көрген, басқа өмір шындығын білетін адам екені байқалып-ақ тұр. Біз «Абай» деп атайтын ақын – қалада немесе қалалық жерде тұрған, бірақ қырға анда-санда барып тұратын қазақ болса керек. Екі өлеңнің де ішкі айғағы «Абайды» Семейден ары аттап баспаған деп суреттейтін ресми өмірбаянына қарама-қайшы дерек ұсынады. Егер «Абай» өмір бойы қырда тұрса, онда қыр оның табиғи ортасы болар еді де, ол оның табиғи сұлулығын байқамас еді және қырдың сұлулығына лирикалық өлең арнамас еді. Бұл жерде Юрий Лермонтовтың Кавказға барып, тау сұлулығына қайран қалып, қаншама жыр арнағанын немесе сазгер Александр Бородиннің қырға келіп, «Орталық Азияда» атты бір тума туындысын жазғанын еске салсақ та жеткілікті болар.


Осы анонимді ақынның тұлғасына Бөкейхановтан басқа лайықты кім бар? Бөкейханов 1880-1890 жылдары, яғни, жасөспірім шағынан көшпенді өмірін артқа қалдырып, интернатта тұрып орысша білім алды, одан кейін 1892-1895 жылдары Ресей университетінде оқып, Ресей мен Орталық Азия арасында біраз сабылды, Орталық Азия бойынша бірнеше ғылыми экспедицияға қатысып, өмірінің аяғына дейін қазақ тілі мен қазақтардың көшпенділік өмір салтын қызғыштай қорғады.


Кеңес кезінен бері Дала Уалаятының Газетінен шыққан осы 2 өлең жайлы – «цензура тарихи шындықты бұрмалап, кедей көшпенділердің ауыр өмірін алып тастаған» деген жалған пікір қалыптасқан және бұл еш негізсіз пікір әлі күнге дейін өзгерген жоқ. [61] Таза идеологиялық тұрғыдан, Кеңес ғалымдарына айтарымыз: Дала Уалаятының Газетінде жарияланған осы екі өлеңнің авторы – марксист емес, 19-ғасырдың қазағы, ол неге тап күресі жайлы жазуы тиіс? Алайда, әдеби-тарихи көзқарас тұрғысынан қарасақ, Кеңес ғалымдарының пікірі шындықтан осыншама қашық болар ма! Ең кемінде, бұл газеттің контекстінде дәл осы өлеңнің тақырыбы 1889 жылы қарама-қайшылық туғызатын тақырып емес еді, себебі Әлихан Бөкейханов бұған дейін де осы тақырыптар жайында (дала көшпенділерінің намысы, болыстардың жемқорлығы туралы) мақалалар жазып жүрген еді.

 

Сондықтан, бұл сұрақ Абайдың 20-ғасырда өңдеуден мұқият өткен өлеңдеріне көбіек қатысты болса керек. Абайдың 19-ғасырда жарияланған өлеңдерін кім және қашан өңдеді? Бұл сұрақтың жауабын өлеңдердің өзінен-ақ көруге болады. Мысалы, 1933 жылы «Жаз» деген атауға ие болған белгілі өлең бір сәтте сұлу пейзаж бен көшпенділер өмірінің лирикалық көрінісі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік сын элементтеріне ие болып шыға келді. Егер өлеңнің 1889-жылғы нұсқасы қазақ ауылын айрандай ұйыған қауымдастық ретінде көрсетсе, 1933 жылғы нұсқасы тап (жылқышылар, қойшылар) және кедейлік (ет сұрап тұрған аш бала, байға жалтақтаған байқұс қария) негізінде жіктелген қоғам ретінде көрсетті. 1933 жылғы нұсқасында оның қалай өзгертілгені және не себепті өзгертілгенін көрсететін айғақтар жеткілікті: Кеңес насихатшылары бұл өзгерістерді «көшпелі қоғам – адам сенгісіз теңсіздік билеген феодалдық құрылым» болды деген кеңестік көзқарасқа сәйкес келу үшін жасаған болуы керек.


Осы екі өлеңнің Дала Уалаятының Газетінде 1889 жылы жарық көрген нұсқалары қазіргі заманда канондық болып есептелмесе де, бұл екеуі – нағыз түпнұсқа екені факт. Хронология тұрғысынан қарасақ, олар – Абайдың кей өлеңдерінің 19-ғасырда жазылғанының айғағы. Айрықша атап өтетін нәрсе – 1889 жылы осы өлеңнің екеуі де біз қазір «Абай» деп атайтын ақындікі болып есептелмеген еді. Бұлардың «Ибраһим Құнанбай» деген ақынға да қатысы жоқ. Ал «Ыбырай Құнанбай-ұлы» деген есім аталғанымен де, өлеңнің авторы емес, кейіпкері ретінде, дәлірек айтқанда, Бақанас өзенінің жанындағы Көпбейіт деген жайлауға өз ауылын қондырып жатқан ауқатты көшпенді ретінде ғана аталған еді. Қызық болғанда, «Ыбырай Құнанбай-ұлы» деген адамның шынайылығына қатысты пікірталас 1889 жылдың өзінде-ақ орын алған еді. Өлең жарияланғаннан кейінгі бірер аптадан соң, көршілес Баян Ауыл уезіндегі Жүсіп Көпей-ұлы газетке ашық хат жіберіп, әзіл-шыны аралас, «Ыбырай Құнанбай-ұлы» деген көшпендінің бұл өмірде бар болғанына күмән келтірді. [62] Жүсіп Көпей-ұлының хатын Хайыржан Бекхожин «Абайды әкесіне ас бермегені үшін сынады» деп қанша бұрмаласа да, Көпей-ұлының аймақта белгілі Құнанбайдың «Ыбырай» атты мирасқоры барына күмәні бар екенін білдіргені айдан анық. Өлеңнің субьектісінің шын адам болғанын әлде ойдан құрастырылған кейіпкер болғанын анықтау мүмкін болмас, бірақ газет бетіне түскен бір физикалық айғақ мәңгі сақталары анық: Ыбырай Құнанбай бұл өлеңнің авторы емес және бұл газеттің оқырмандарының ешқайсысы оны осы немесе басқа өлеңдердің авторы деп атаған емес.


Дала Уалаятының газетіндегі өлеңдер мен мақалалардағы жазбаша айғақтардың ғалымдар мен өмірбаян жазғыштар кедергі келтіргені сонша, кейбірі осы тақырыпты зерттеуден мүлдем қашқақтады. Айғаққа ұшырасқандары бұл деректерді Абайдың ресми өмірбаянына қиыстырысып жіберудің «креативтік» жолдарын іздеп бақты. Абайдың шығармалар жинағының 1933 жылғы шығарылымына Мұхтар Әуезовтің қосқан үлкен үлесі – Абайдың баласы Тұрағұлдың «естеліктерінде» ақынның басында өз ақындығына аса мән бермей, өлеңдерін «Көкпай» деген досының атынан «бір жапырақ қағазға жазып тарата бергені» жайлы мәлімет берілгені белгілі. [63] Осы мәлімдеме бұл «естелік» авторларының Дала Уалаятының Газетінен шыққан екі өлеңнің біреуінің 1889 жылы «Көкпай Жанатай-ұлы» атынан шыққанынан хабардар болғанын көрсетеді. Алайда, «Көкпай» атымен жазылған бұдан басқа өлең жоқ. Яғни, Тұрағұлдың «мәлімдемесі» (1933 жылғы ресми өмірбаянына енсе де) – мән-жайы белгісіз, әлі күнге дейін көп сұрақ туындататын мәселе. Дала Уалаятының газетінің беттерін зерттеген Бекхожин мен Фетисов сияқты Кеңес ғалымдары өзгешелеу әдіс қолданды: олар Бөкейхановтың газетке ең кемінде бір лақап атпен мақала жазғанын мойындаса да, олар Абайды осы газетке тұрақты түрде жазып отырған атақты және ықпалды «публицист» болды деп соқты. [64] Десек те, Бекхожин мен Фетисовтың сөзін растайтын еш айғақ жоқ. «Абай» немесе Ыбырай Құнабай-ұлы деген адам бұл газет бетінде ақын не жазушы ретінде мүлдем кездеспейді.


1889 жыл – «Абай» тарихындағы аса маңызды жыл. Бұл «Абайдың» алғашқы екі өлеңі газет бетінен жақыр көрген жыл ғана емес, сонымен қатар «Абай жазды» деп саналатын басқа шығармалардың прототиптері алғаш рет баспадан жарық көрген кезең. Бөкейханов «Қыр Баласы» атынан жазған хаттан бөлек, Дала Уалаятының газетінде идеялары мен сөз қоры Абайдың қазіргі каноникалық еңбектерінде қайталанатын тағы екі өлең жарық көрді.


1889 жылдың сәуірінде С.Ғ. деген адамның атынан жарияланған өлеңдердің бірі «Көктем» деп аталады. [65] Бұл өлеңнің 20-ғасырда «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» деген атаумен Абай канонына енген өлеңінің прототипі екені анық. Бұл өлеңнің қазақ жазба әдебиетінде одан да ертерек кездесетін прототипі бар: ол оянған табиғат әлемінің осыған ұқсас бейнелерін суреттеген Ыбырай Алтынсариннің (1879 жылы шыққан) «Жаз» атты өлеңі. [66] Ауызша толғау үлгісінде жазылған басқа өлеңдерден ерекше, С.Ғ. мен Алтынсарин жазған өлеңдер орыс және парсы өлеңдерінде жиі қолданылатын бірақ қазақ ақындық өнерінде сол заманда әлі жаңа поэтикалық форма – төрт жолды рубаятпен жазылған. Бұл эстетикалық жаңашылдығынан бөлек, С.Ғ. жазған өлеңнің Абайдың каноникалық өлеңінің прототипі екенін көрсететін тағы бір сипаты бар: екі өлеңде де сипатталған күн, мезгіл құстары, мал, ит және жүгіріп жүрген балалардың көркем бейнелері өте ұқсас.


С.Ғ деген кім? Кейбір ғалымдар С. Ғ. – газеттің кіші аудармашысы және оның қазақ бөлімінің редакторларының бірі Сұлтан Ғазин десті. Бірақ Сұлтан Ғазин деген кім? Мұқият қарасақ, «Сұлтан Ғазин» де лақап аттардың бірі болуы мүмкін. Себебі ол заманда «Сұлтан» адамның есімі емес, белгілі статус иесі еді. Оның үстіне, расталмаған болжамдардан басқа, Сұлтан Ғазиннің өмірбаяны туралы ақпарат өте аз. Сұлтан Ғазиннің тұлғасын анықтайтын сол заманнан қалған 2 дереккөз ғана бар. 1890 жылы газет ұжымы Дінмұхамед Сұлтан Ғазиннің кіші аудармашы жұмысын тоқтатып, Томскідегі император университетіне қабылданғанын хабарлады. 1895 жылғы екінші дереккөздің авторы – орыстың этнографы Григорий Потанин Көкшетау уезіне экспедициясы кезінде жанында Санкт-Петербург университетінің студенті Сұлтан Ғазиннің болғанын айтады. [67] Қарасақ, Сұлтан Ғазиннің аты аталатын бар-жоғы екі дереккөз оның оқу орны туралы қарама-қайшы ақпарат береді. Оған қоса, Потанин Сұлтан Ғазиннің Тоқырау өзенінің маңындағы Қарқаралы уезінің тумасы дейді. Ал Әлихан Бөкейханов та осы Тоқырау тумасы. Осы соңғы ақпарат көптеген зерттеушілерді Сұлтан Ғазин – Бөкейхановтың туысы деп топшылауға жетелеген сияқты. Әйтсе де, «Сұлтан Ғазин» деген есім жоғарыда аталған екі дереккөзден басқа ешбір тарихи дереккөздерде кездеспейді. Бөкейхановтың 1890-94 жылдар аралығында Санкт-Петербургте оқып, 1895 жылы Омбыға қайтып келгенін ескерсек, «Сұлтан Ғазин» газеттің редакторларының және аудармашыларының бірі болған Бөкейхановтың лақап аттарының бірі болып шығатын сияқты. Бұл болжамды тек қана газеттің архивін зерттеу арқылы және бар болса, Бөкейхановтың жеке құжаттарын кеңінен зерттеу арқылы ғана анықтауға болады.


1889 жылдың қарашасында Жүсіп Көпей-ұлының бір толғауы жарияланған еді, осы өлеңді мұқият оқысақ, оның кейінірек Абайдың басқа өлеңдеріне шабыт бергенін байқау қиын емес. Газеттің 2 санынан жарық көрген ұзақ толғауында Түркістанда білім жәдидшіл молда Көпей-ұлы қазақ қоғамында орын алып жатқан көкейтесті мәселелерді көтерді, атап айтқанда кейбір жастардың жұмыссыз, оқу-тоқусыз ерігіп жүргенін, кедейленген жатақтардың көбейіп бара жатқанын, көшпенді қазақтардың сауда мен егін шаруашылығын қосымша кәсіп ретінде қолдануға селқостығын сынады. [68] Көпей-ұлы лирик-ақын емес, ол бұл өлеңді қазақтардың назарын әлеуметтік мәселелерге аудару үшін қолданды. 20-ғасырда «Сегіз аяқ» деген атпен белгілі болған Абайдың ең бір дидактикалық өлеңіндегі көптеген идеяларды Көпей-ұлының осы өлеңінен байқаймыз. Десек те, 20-ғасырда пайда болған Абайдың өлеңінің айырмашылығы көп: Көпей-ұлының дәстүрлі толғауының орнына асқан шеберлікпен құралған 8 аяқ қолданылды және автордың дауысы Көпей-ұлының ағартушылық уағызынан әлдеқайда қатқылдау. Осыдан туындайтын сұрақ: идеясы жағынан Көпей-ұлының толғауынан шабыт алып, Абай атынан ұсынған автор кім?


1994 жылы Кеңес ғалымы Үшкөлтай Субханбердина Дала Уалаятының Газетінде 1888 бен 1902 жылдар арасында жарияланған өлеңдер мен проза шығармаларына шолу жасады, бірақ 1889 жылғы бөлігіне Бөкейханов пен Көпей-ұлы жазған мәтіндердің ешқайсысы кірмеді. [69] Олардың енгізілмей қалуы – біраз ғалымдардың шындықты білгеніне мықты дәлел: Сталин режимінде қызмет еткен Кеңес ақындары мен үгіт-насихатшыларына Бөкейханов пен Көпей-ұлы сияқты алғашқы зиялылардың аты-жөнін қазақ тарихынан жойып, олардың ойлары мен шығармаларын «Абай» деген ақын және ойшылға таңу жайлы қатаң нұсқаулық берілсе керек.


Дегенмен, Кеңес кезіндегі Хайржан Бекхожин, Михаил Фетисов және Заки Ахметов сияқты әріптестерінің ізімен, Үшкөлтай Субханбердина да Абай жазбаларының 19-ғасырдағы жұмбақ жағдаяттар аясында пайда болғандығы жайлы абайлап дабыл қаққандай. 1964 және 1996 жылдары Үшкөлтай Субханбердина Абайдың канондық тізіміне кірген «Ескендір» поэмасы мен 1895 жылдың қаңтар айында Дала Уалаятының Газетінде анонимді түрде жарияланған «Тәкаппар қолбасшы» деген әңгіме арасындағы таңқаларлық ұқсастыққа назар аударып, бұл әңгімені «Абайдың өзі жазған болар» деген ойын ашық жазды. [70] Бұл – әрине, күтпеген ұсыныс еді. Біріншіден, Абайдың поэмасы мен Дала Уалаятының Газетіндегі анонимді әңгіменің арасындағы ұқсастыққа алаңдаған басқа ғалымдар мүлдем басқа теориялар ұсынған еді. Көбісі Абайдың поэмасына негіз болған 12 ғасырдағы парсы ақыны Низамидің «Ескендір-наме» атты эпостық поэмасы деген пікірді жақтады. Алайда, Абайдың бас кейіпкеріне деген көзқарасы – батырлығы мадақталған Низамидің кейіпкеріне қарама-қарсы: Абай кейіпкерін сараңдығы мен астамшылдығы үшін жазғырғаны белгілі. Оған қоса, Субханбердинаның бұл ұсынысы Абайдың тек қана ақын емес, көркем проза жазушысы болуы да мүмкін деген теорияға жол ашты. Кеңес дәуірінің беделді ғалымдарының бірі – Субханбердинаны бұл ойға жетелеген не болды екен? Ол бұл мәлімдемесі арқылы Абайдың ресми өмірбаянының әлдеқайда күрделірек екенін тұспалдағысы келді ме екен?


«Тәкаппар қолбасшы» атты әңгіме Дала Уалаятының Газетінен 1895 жылы жарық көрді. Бұл кездейсоқтық емес еді. 1895 жыл – «Абай» шығармашылығының тарихындағы тағы бір маңызды жыл. 20 ғасырда «Абай жазды» деп танылған бірқатар шығармалар мен идеялардың көбі осы жылы жарық көрген еді. Мысалы, 1895 жылы редакцияға Ш. К. атынан жазылған хаттан Абайдың екі өлеңінде қайталанған қомақты ойлар мен өзімізге таныс бірқатар сөз тіркестерін кездестіреміз. Хатында жоғары лауазымды шенеуніктерді мақтау арқылы өзіне назар аударуды тәуір көретін қазақ тілшілерін сынаған Ш. К. былай дейді: «Және жоғары ұлықтарымыздың қылған істеріне, кеңшілік, мархабаттарына разы болғандарымызды бұл газетке жазбасақ жарайды. Егер жазсақ та, аяғында атымызды не үшін жазамыз? Оның үшін атымызды жазамыз баяғы бір мақтанбақ үшін». [71] Дәл осы қарапайымдылық маңыздылығы жайлы идея біраз жылдардан кейін Абайдың өлеңінен көрініс тапты: «Мұны жазған кісінің атын білме, сөзін біл». [72] Ш. К. хатында сондай-ақ әлеуметтік мақсаты жоқ аңыз-ертегілерді басатын редакторлар ұжымын да сынады: «Соның үшін бұл газетті бір-бірінен ғибрат алып, ғылым үйретсін деп шығарған ғой. Әншейін ермек қылу үшін емес қой». Дәл осы сөз тіркестері Абайдың белгілі өлеңіне сол қалпында қайталанды: «Мен өлеңді жазбаймын ермек үшін, жоқ-барды, ертегіні термек үшін… жаздым үлгі жастарға бермек үшін». [73] Кеңес ғалымдары Ш.К. хатының кейбір тұстары мен Абайдың ең танымал өлең жолдарының арасындағы ұқсастыққа алаңдап, Ш.К. атынан жазылған хаттың авторы «Шәкәрім Құдайбердиев» екенін мәлімдеп, ал жас Шәкәрімнің хаттағы ойын ағасы Абай өңдеп, өлең етті деп топшылайды. [74]


Газетте әріптерді қате жазу жиі орын алғанын ескерсек, С.Г. және Ш.К. екеуі бір адам болуы мүмкін: Сұлтан Шахин-Герей Бөкей-ұлы. Біздің Бөкей-ұлы туралы білеріміз өте аз: оның Омбыда жоғары білім алғаны, дарынды ақын болғаны және орыс тілін жетік меңгергені белгілі. Оған қоса, Бөкейхановтың алыс-жақын ағайыны болды ма деген ой да туындайды. Бір дереккөзде Бөкей-ұлы қазақ халық өлеңдерін жинақтаушы және Ыбырай Алтынсарин секілді қазақ хрестоматиясын құрастырған деген ақпарат бар. Француз тілінен де хабары болған дейді бұл дереккөз авторлары. [75] 1964 жылы Орталық Азия баспалары жайлы Батыста алғаш боп хабарлаған бұл кітаптың авторларына дерек берген адам - қазақ зиялыларын таныған Ахмед Зәки Валидов екенін ескерсек, Сұлтан Шахин-Герей Бөкей-ұлының 1880-1900 жылдары қоғамдық өмірге қатыспауы екіталай сияқты. Дегенмен, оның Дала Уалаятының Газетінің редакторы немесе тілшісі болып қызмет еткені не етпегені жайлы ақпарат жоқ. Бұл мүмкіндікті архив құжаттарын қазбалау арқылы зерттеуге болар еді.


Бөкейханов неге өте көп лақап ат қолданған? Бұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Оның орыс әдебиетіне деген қызығушылығын ескерсек, кейбір лақап аттарының, мысалы, А.Н., Перепелка (Дала Уалаятының Газетінде қолданған) және V. (әртүрлі орыс тіліндегі газеттерде 1869-97 жылдары, кейіннен 1908-09 жылдары қолданды) лақап аттарының қайдан келгенін түсіну оңай. [76] Орыстың Современник атты әдеби журналының ең ықпалды редакторы – белгілі ақын Николай Некрасов Современник беттерінде және басқа ақпарат көздеріне осыларға ұқсас лақап аттар қолданған еді: Н.Н., Перепельский және В. Жас Бөкейханов Некрасовқа еліктеді ме әлде өз оқырмандарына осы басылымның редакторы болғанын жеткізгісі келді ме екен?


Қалай болса да, Бөкейхановтың Некрасовтың осы дәстүрінен шабыт алғаны анық. Некрасов сияқты, Бөкейханов та өзекті мәселелер ашық түрде талқыланып, әртүрлі жазушылар ой бөлісетін белсенді қоғамдық орта құруды аңсаған іспетті. Алайда, оның бұдан басқа да себептері болуы мүмкін. Шыңғыс ханның ұрпағы – сұлтан Бөкейханов өз атын ақындықпен немесе шығармашылықпен байланыстырғысы келмеуі де мүмкін. Бөкейханов бұған қатысты ойын 1905 жылғы мақаласында тұспалдап айтқандай.


Оқырмандарға алғашқы рет «Абайды» таныстырған мақаласында ол Абайдың атақ-данқ қуудан түбегейлі бас тартқанын былай деп түсіндіреді: «Возможно, он не хотел позорить себя званием поэта, ведь степные вельможи презирали поэтов. Киргизские султаны гордились тем, что среди них не было ни шаманов, ни поэтов». [77] Бұл сөйлемде бір оғаштық, тіпті қарама-қайшылық байқалады. Себебі келесі сөйлемдерде Бөкейханов Абайды сұлтан емес, билердің ұрпағы ретінде суреттейді. Бөкейханов бұл жерде өз жағдайын меңзеп отырса керек. Оның тегі, яғни, Төре руының қоғамдағы жоғары дәрежесі оның өз өлеңдерін өз атынан жариялауға кедергі жасаған ең басты себеп болуы әбден мүмкін. 


Қандай себеп болса да, Бөкейханов өзінің саяси мәнсабын журналистік және әдеби шығармашылығынан алшақ ұстағысы келгенге ұқсайды. 1937 жылға дейін, яғни, ату жазасына кесілгенге дейін, ол әдеби аудармалар, әдеби сын және өлеңдерін әртүрлі лақап атпен ұсынып, Алаш Орда көшбасшысы ретінде жазған саяси мақалалары мен сөйлеген сөздерін өз атынан жариялады. Алайда, Большевиктер төңкерісінен кейін Бөкейхановтың бұл тактикасы өзіне қарсы қолданылды. Оның бірнеше жылдар бұрын әртүрлі лақап атпен жазылған мақалаларын Бөкейхановты «халық жауы» деп санаған Кеңес насихатшылары аяусыз бұрмалап, барынша режимі мүддесіне қолданып кетті.


[44] Гәзет шығаратындардан. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 1-саны.

[45] Жүсіп Көпей-ұлы. Баян ауылдан. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 48-саны.

[46] Николай Остроумов. Сарты. Этнографические материалы. Ташкент, 1897. стр.171.

[47] Анатолий Ремнёв. Татары в казахской степи: соратники и соперники Российской империи. // Вестник Евразии. Выпуск 4, 2006. стр.24

[48] Жүсіп Көпей-ұлы. Қазаққа пайда мынау малын бақсын. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 45-саны.

[49] Қыр баласы. Хат баспаханаға. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 24-саны.

[50] Сильченко М.С. Абай и русские демократы. 1947. № 10.

[51] Михаил Фетисов. Зарождение казахской публицистики. Алматы, 1961. 322-бет. Фетисов еңбегінде дәйеккөз ретінде Хайыржан Бекхожиннің 1949 жылы қорғалған диссертациясын көрсетті.

[52] Алихан Букейханов. Киргизы. «Формы национального движения в современных государствах». Санкт-Петербург, 1910. стр.593-594.

[53] Үшкөлтай Субханбердина. Айқап. Алматы, 1995, 16-17 бет.

[54] Абен Сатыбалдиев. Духовное наследие. Алматы, 1987.

[55] Лев Толстой. Хаджи-Мурат. Москва, 1924.

[56] Трагедия казахского аула: 1928-1934.

[57] А.Н. Ықтиятты болыс. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 45-саны.

[58] С.М.Ш. Баян ауылдан. // Дала Уалаятының Газеті. 1890, 3-саны.

[59] Көкпай Жанатай-ұлы. Атаусыз. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 7-саны. Авторсыз. Атаусыз. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 12-саны.

[60] Николай Анастасьев. Абай. Москва, 2008. Стр. 196.

[61] Михаил Фетисов. Зарождение казахской публицистики. Алматы, 1961. 322-бет. Үшкөлтай Субханбердина. Абайдың көзі тірісінде басылған шығармалары. Дала Уалаятының Газеті. 1888-1902. Алматы, 1996. 2-томы, 20-бет.

[62] Жүсіп Көпей-ұлы. Баян ауылдан. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 48-саны.

[63] Мұхтар Әуезов. Абай туралы Көкпай ақсақал мен баласы Тұрағұлдың естеліктері (воспоменания). Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ. Қызыл Орда, 1933. 385-386 бет.

[64] Хайржан Бекхожин. Қазақ баспасөзінің даму жолдары (1860-1930). Алматы, 1964. 50-бет. Михаил Фетисов. Зарождение казахской публицистики. Алматы, 1961. Стр. 53.

[65] С.Г. Көктем. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 17-саны.

[66] Ыбырай Алтынсарин. Қырғыз хрестоматиясы. Оренбург, 1906 (1879 жылы бірінші рет басылған), 85-бет.

[67] Григорий Потанин. Казах-киргизские и алтайский предания, легенды и сказки. // Живая старина. , В. 3, 1916, стр. 189.

[68] Жүсіп Көпей-ұлы. Атаусыз өлең. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 45-46 саны.

[69] Үшкөлтай Субханбердина. Дала Уалаятының газеті: 1888-1902. Алматы, 1994.

[70] Үшкөлтай Субханбердина. Әңгіме авторы Абай емес пе екен? // Қазақ Әдебиеті. 1964, 20 қараша. Үшкөлтай Субханбердина. Абайдың көзі тірісінде басылған шығармалары. Дала Уалаятының газеті: 1888-1902. Алматы, 1996, 21-22-бет.

[71] Ш.К. Баспаханаға хат. // Дала Уалаятының Газеті. 1895, 49-саны.

[72] Абай. Өлсем орным қара жер сыз болмай ма.

[73] Абай. Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін.

[74] Үшкөлтай Субханбердина. Дала Уалаятының газеті: 1888-1902. Алматы, 1994. 2-томы, 799-бет. Түсініктер. Есенбай Дүйсенбайұлы (ред.). Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-томы. Алматы, 2005. 2-томы, 217-бет.

[75] Alexandre Bennigsen and Chantal Lemercier-Quelquejay. La Presse et le Mouvement National chez les Musulmans de Russie avant 1920. Paris, 1962.

[76] Жусип Султанхан Аккулулы (ред.) Алихан Букейханов. Полное собрание сочинений на казахском русском и языках. Том. 1. Aстана, 2009. Стр. 539-540.

[77] Алихан Букейханов. Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог) Семипалатинский Листок. 1905, № 250.


I. Кіріспе (сілтеме)  II. Белгісіз және тыйым салынған тарих (сілтеме)  III. Абай Құнанбаев кім? (сілтеме)  IV. Дала Уалаятының газеті (сілтеме)  V. Ғасыр басындағы орыс дереккөздері (сілтеме)  VI. Алаш Орда (сілтеме)  VII. Кеңес Одағы (сілтеме)  VIII. Қорытынды (сілтеме) 

bottom of page