1905 жылғы саяси-тарихи контекст – «Абай» аватарының дүниеге келуін түсінудің аса маңызды аспекті болып табылады. Бөкейханов Абайдың қазанамасын неге 1905 жылдың қарашасында ғана басып шығарды? Ол неге сонша ұзақ күтті? Бөкейхановтың өмірбаянына сүйенсек, «Абай» 1904 жылдың маусымында дүниеден озған жоқ па? Бұл сұрақтардың жауабы 1905 жылғы саяси контекстіден табылады. 1905 жылдың алғашқы айларында Ресей империясын түгел қамтыған патшаның авторитарлық билігіне қарсы халық көтерілісінен кейін, қазақ зиялылары да жер меншіктігі мен діни құқықтарын талап еткен алғашқы саяси петициясын жазу үшін бас қосты. Империядағы бұл жылғы саяси оқиғалар империя халықтарына біраз сөз бостандығын ұсынды, бірақ осы жағдайлар аясында Бөкейханов Ресейдің орыстандыру саясатының салдарынан орыс тілінде білім алған зиялыларға (западники) көшпенді қазақтардың қолдауына ие болу қиынға соғарын түсінді.
Біз Бөкейхановтың 1905 жылы қандай ойда болғанын оның 1910 жылғы мақаласынан білеміз. Бөкейхановтың саяси үндеухаты деуге тұрарлық осы мақала 1905 жылдың маусымындағы петицияға дейінгі кезең туралы баяндайды. Бөкейханов және басқа қазақ зиялылары петицияның мазмұнын талқылау үшін ұйымдастырған құпия кездесулер барысында мұсылмандық пен түркілер одақтастығына бет бұрған зиялылар мен өзі сияқты батыс мәдениетіне бет бұрған зиялылардың мүддесі екі түрлі екені анықталды. Бөкейханов қазақтардың көбі «саяси бостандық мәселесінен» гөрі «дін және жер мәселесіне» басымдық беріп, осы құқықтарына қауіп төндірген «орыстандыру саясатына» және «батыс білімі мен мәдениетіне күдікпен» қарайтынын түсінді. [91] 1905 жылғы петиция Бөкейхановтың саяси стратегиясындағы шешуші сәт болды деуге болар: Бөкейханов қана емес, басқа түркі тілдес бауырластардың да батысшыл зиялылары жерлестерінің арасындағы саяси беделге ие бола алмайтынын және саяси мақсаттарына жетудің басқа жолдарын іздеу керек екеніне көзі жеткен сияқты. 1905 жылдың жаз айларында Бөкейханов ақын бейнесі жайлы ойлана бастағанға ұқсайды. Қараша айында Бөкейханов бұрыннан жазып жүрген өлеңдеріне осы ойларына сай автор және өмірбаян қосты: Ибраһим (Абай) Құнанбай – көшпенді өмір салтынан бас тартпаған, ауқатты болса да жемқор емес, мұсылман болса да тақуа емес, батыс білімін алса да орыстанбаған үлгілі көшпенді. Оған қоса, оның «Ибраһим» деген атына үлкен символикалық мән берілді – Құранның 4 сүресіне сай, халқын қараңғыдан жарыққа шығарған жаршы. 1905 жылғы қазанаманың орыстілді оқырмандары бұл есімнің 19 ғасырдағы қазақ көшпендісінің шын есімі болуы мүмкін еместігінен хабары болмауы мүмкін, бірақ кейінірек «Абайдың» өмірі мен шығармашылығы таныстырылған қазақ тілді оқырмандардың бұған мән бермеуі мүмкін емес: себебі бұл есім «Ибрагим» емес, «Ыбырай» болуы керек еді ғой.
Бөкейханов «Абайды» тек қазақ халық ауыз өнерінің шеберлігін ғана емес, сонымен қатар орыстың ақындық өнерін де меңгерген жаңашыл ақын етіп көрсеткісі келгенін ескерсек, «Абай» – Бөкейхановтың өзі үшін де ойындағы үлгілі қазақ бейнесі болса керек. Бәлкім, Бөкейханов «Абай» деген лақап атты мағынасы үшін ғана емес, өзінің инициалдарына қарай таңдаған болар. Себебі Бөкейханов дәл осы 1905-06 жылдары көптеген мақалаларын А.Б. деген лақап атпен жазды. [92] Бөкейхановтың жеке күнделіктері мен жеке құжаттары сақталмауына байланысты, әрине, біз бұны ешқашан дөп басып айта алмаспыз. Алайда, 1905 жылдағы саяси контекстке мән берсек, Бөкейхановтың осы үлгілі бейне арқылы әртүрлі оқырмандарға әртүрлі хабар жеткізуге ниеттенгенін байқауға болады. «Абайдың» бейнесі арқылы ол өзінің алғашқы оқырмандары, яғни, орыс зиялыларына қыр қауымдастығы империяға сенімді болу үшін, оларды жер, тіл, дін және дәстүрлі өмір салтынан айырмауға да боларын жеткізіп, қазақ зиялыларына «Абай» бейнесі арқылы қазақтарға орыс білімін ала отырып, өзінің діни болмысы мен дәстүрлі өмір салтын сақтап қалуға болатынын көрсеткісі келгендей. Бөкейхановтың бұл жобасын тікелей «саяси жоба» деп атауға болмайтын болар, бірақ символизмнің саяси күшіне сенгені анық. Бөкейханов өз өлеңдері символикалық есімді автор мен лайықты өмірбаянға ие болған соң, қазақ оқырмандарына орыс тілі мен мәдениетінің қаншалықты пайдалы екенін көрсетеді деп сенді. Осы сеніммен Бөкейханов орысша білім алған Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатовпен күш біріктіріп, одан кейінгі жылдары «Абай» шығармашылығын таратуды қолға алған іспетті. Үшеуі де өздері тілшілік еткен баспасөз беттерінде, әсіресе, өздері шығарған «Қазақ» газеті (1913-17) мен «Абай» журналында (1918 жылы) Абайдың өлеңдері мен прозасын үздіксіз дәріптеді. 1913 жылдың 2 сәуірінде шыққан Абай туралы ең алғашқы мақаласында Байтұрсынов өздерінің маңызды жоспарын былай деп хабарлады: «Абай сөзі әр қазаққа жетуі тиіс». [93] Дәл осы уақытта газет Абайдың өлеңдер жинағын да жарнамалай бастады және ең қызығы – бұл жинаққа «Әртүрлі насихат өлеңдер» деген атау берілді. [94] Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатовтың қолында «Абай» кейінірек Алаш Орда саяси партиясына ұласқан (1917-1920) – бейресми бірақ мығым саяси және мәдени қозғалыстың аватарына айналды.
«Абайды» 19 ғасыр қазақ ақыны ретінде ең бірінші болып дәріптеген Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов екенін статистикалық есеппен де дәлелдеуге болады. 1902 жылы Дала Уалаятының Газеті жабылғаннан кейін, қазақтарда біраз жыл ешбір баспасөз болмады. 1905 жылғы толқудан кейін Ресей империясының халықтары қол жеткізген сөз бостандығы қазақ жазушыларына кітаптарын Қазандағы және Орынбордағы татар баспаханаларынан шығаруға мүмкіндік берді. Ал пікірін баспасөз арқылы жеткізгісі келген зиялылар үшін пікір-талас алаңы 1911 жылы Айқап журналы ашылғанда ғана ұсынылды. Мұхамеджан Сералин басшылық еткен бұл журнал басқа материалдармен қатар өлең-жырларды да жариялаған, бірақ бұл журналдан Абайдың өлеңдері жарық көрмеді. Жалпы Айқапта Абайдың аты мен шығармашылығы тек қана 2 рет аталды. Бірінші рет Абайдың өлеңінен қысқаша дәйексөз берілді. [95] Ал екінші рет Семейде Абайдың қазасына 10 жыл толғанын атап өту мақсатымен географиялық қоғам ұйымдастырған әдеби шара туралы қысқаша хабарландыру берілді. [96] Оған қоса, Айқап өз оқырмандарына жаңадан басылып шыққан қазақ тіліндегі кітаптар туралы ақпарат таратып отырды. Авторлар арасында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев, Ғұмар Қарашев және Мұхамеджан Сералиндер бар, бірақ Ибраһим «Абай» Құнанбаевтың өлеңдер жинағы аталған жоқ. [97]
Осы уақытта Абайдың өлеңдері мен беделі Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов шығарған Қазақ газетінде ғана жарнамаланғанына мән берейік. Бұны 15 жылдан кейін Ілияс Жансүгіров пен Ғаббас Тоғжанов сынды кеңес ғалымдары да растаған болатын. Жансүгіров 1933 жылы былай деп жазады: «Абайды алдымен көпшілікке таныстырған Қазақ газеті болды». [98] Тоғжанов 1935 жылы былай деп жазды: «Абай жайында төңкерістен бұрын қазақ, орыс тілдерінде қазақ ұлтшылдарының көсемдері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының мақалалары шықты. Төңкерістен кейін Семейде Абай деген журнал шыға бастады, сонда Жүсіпбек, «Екеу» дегендердің Абай жөнінде сын мақалалары басылды…» [99] Тіпті Абай жайлы орыс оқырмандарына бағытталған мәтіндер, мысалы газет редакторы, этнограф және географиялық қоғам мүшесі Григорий Потанин жазған мақаланың өзі Потанниннің досы әрі әріптесі Бөкейхановтың бастамасы болғаны анық. Потанин қырға ғылыми экспедициялармен 1880 жылдардан бері шығып жүрсе де ол географиялық қоғам баяндамаларында Ибраһим «Абай» Құнанбай туралы ешнәрсе айтпаған. Алайда, 1914 жылғы Қарқаралы экспедициясы (1913 жылы орын алған) жайлы баяндамасында Потанин кенеттен сол кездегі танымал үш қазақ ақынның есімін атады: «Семейде аты танымал, өлең жазып, ән жазатын Ыбырай Құнанбай деген интелектуал ақын болды, жастар арасында танымалы – Қазақ газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынов және өзі жылқы ұрлағандарға пана бергіш, өлеңдерін қағаз бетіне түсірмейтін, Байтұрсынов секілді ән арқылы таратпайтын және сол себепті де құлаққа жетуі неғайбыл бір романтик ақын бар». [100] Потанин айтып отырған белгісіз ақын Дулатов болатын. Ол сол жылы «Азамат» деген лақап атпен шыққан «Оян, қазақ!» (1909) атты өлең жинағын таратқаны үшін болуы керек, қамауға алынған болатын. 1909 жыл – сондай-ақ Байтұрсынов «Маса» деген лақап атпен өзінің «40 мысалын», ал Бөкейханов Абайдың өлеңдер жинағын басып шығарған жыл еді. 1914 жылғы қазақ ақындығының қал-жағдайын сипаттау үшін ғалым-этнограф Потанин өзінің досы Бөкейхановтың берген ақпаратына сүйенді және оны өз баяндамасында ашық түрде айтып өтті.
Қазақ газетінің бес жыл өмірінде оның үш редакторы Абай өлеңдері жайлы немесе өлеңінен дәйексөз беріп, қырыққа жуық мақала жариялапты. Байтұрсынов пен Дулатов не өз атымен, не таныс лақап атпен жазса, әдеттегідей, Бөкейханов саяси мақалаларын өз атымен, ал әдеби не басқа тақырыптағы мақалаларын әр түрлі баспасөз беттерінде көп жыл бойы қолданып жүрген «Уақ», «Қыр Баласы» сияқты лақап атпен жариялады. Сонымен қатар, Абайдың есімі қысқаша аталып өткен анонимді баянаттар мен әдеби шаралар туралы санаулы хабарландырулар да жарияланды (осы хабарландырулардың бірі «Айқап» газетінен де шықты).
Егер сан жағынан қарасақ, Қазақ газетінің үш редакторының жұмысы аса әсерлі көрінбеуі мүмкін: газеттің бес жылғы өмірінде мақалалардың 20 пайыздан азы Абайға арналды не өлеңдері дәйексөз ретінде қолданылды. Ал сапалық жағына келетін болсақ, бұл – бұрын-соңды болмаған оқиға. Редакторлар «Абайды» қазақ қоғамына алғаш болып таныстырып қана қойған жоқ, олар ақынды бірден парасаттылық пен даналық үні – ойшыл және көреген ретінде таныстырды. Олардың осы мақсатта қолданған техникасы – Абайдың өлеңдерінен дәйексөз беріп, ақылшы не көреген ретінде Абай өлеңдерінен ұзақ үзінділер беру. Мысалы, қазақтар арасындағы өзара соттасуды тоқтатуға шақырған Дулатов ақынның моральдық бейнесін көрсетіп, «Біріңді, қазақ, бірің, дос/ Көрмесең істің бәрі бос» деген дәйексөз келтірді. [101] Дулатов жасөспірім екі қазақтың әдепсіз қылығын талқылағанда, Абайдың көреген ойшыл екенін, оның қазақ балаларының әдеби білімі болмағандықтан «өтірікші» және «бәсекелес» келетінін 20-30 жыл бұрын айтып кеткенін меңзеп, тағы Абайға жүгінді. [102]
Салған күш-қуаты мен құлшыныстарына қарамастан, Қазақ редакторлары орыс үкіметі тарапынан қысым және қаржы тапшылығы жағдайында жұмыс жасады. Бұл жағдай 1914 жылдың жазында бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен одан сайын ушығып кетті. Қазақтың қаржы жағынан «Азамат» деген ұйымнан басқа қандай көздерге сүйенгені жайлы ақпарат аз. Газеттегі жарнамалардан байқайтынымыз – редакторлар кітап сатуды да кәсіп етсе керек, соның ішінде «Әртүрлі насихат өлеңдер» деп аталатын Ибраһим Құнанбайдың өлеңдер жинағы да бар. Бірақ 1915 жылдың наурыз айында редакторлар кітаптың бір де бір данасы қалмағанын хабарлады. [103] Бір жағынан бұл хабарлама редакторлардың Абайды дәріптеу жұмысының жемісті болып, Қазақ оқырмандары Абайдың өлеңдер жинағын сатып алғанын көрсетсе, екінші жағынан бұл Қазақ редакторларының қолы қысқа болғанын да көрсетеді. Қазақ редакторлары өздері сатқан кітапты – 1909 жылы Санкт-Петербургтен шыққан кітап деп хабарлады. Десек те, бұл мәлімдемені растау мүмкін емес, себебі келесі 25 жылдық зобалаңнан Қазақ сатқан кітаптың еш данасы қалмағанға ұқсайды.
Қазақ халқының 40 пайызы қырылып қалған Ашаршылық (1929-33) жылдары Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов Ресейде еді: Бөкейханов Мәскеуде үйқамақта отырса, Байтұрсынов пен Дулатов Солтүстік Ресейде екі бөлек еңбек лагерінде болды. Ал Сталиннің Үлкен Террорының соңына таман олардың үшеуі де қаза тауып, жеке құжаттары жойылып, жанұялары қуғынға ұшырады. КСРО ыдырағанға дейін олардың есімдері қазақ тарихынан мүлдем өшірілді. Осының салдарынан біздер осы үш адамның жеке өмірі, олардың арман-мақсаты мен өкініштері жайлы ешнәрсе білмейміз. Дегенмен, олардың жазбаша мұрасы бізге аман-есен жетті. Бұл еңбектер «Абай» деген ақын мен ойшылдың шығу тегін зерттеп, оны шынайы тарихын топшылауға мүмкіндік береді. Олардың жазбаларының ішкі айғағына үңілсек, осы үш адамның Абай жырларын 1903 жылы талқылай бастағанын байқаймыз. 1913 жылдың қарашасында шыққан Абай туралы ең алғашқы көлемді мақаласында Байтұрсынов былай деп еске алады: «1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті... Тәржіме халын жазушы Әли Хан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай Ыспенср, Лүиіс, Діребір деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған.… Өлең жазушылардан орыстың Лермонтов деген терең пікірлі ақынының өлеңдерін сүйіп оқыған». [104] Бір жылдан соң Дулатов Бөкейханов пен Байтұрсыновтың осы шығармашылық бірлестігін растайды: «1904 жылы иун жұлдызының басында Омскіге барғанымда Абай өлеңдерінің жазбасын Байтұрсыновтан көрдім». [105] 1904 жылы небәрі 19 жасында мұғалімдер оқуына келген Дулатовты Байтұрсынов Бөкейхановпен таныстырса керек (Байтұрсынов пен Дулатовың таныстықтары ертерек басталғаны белгілі).
Бұл мақала үшін Байтұрсынов пен Дулатовың естеліктері аса маңызды, себебі олардың куәлігі Бөкейхановтың 1915 жылы Қазақ газетінде жазған ақынның немере інісі Кәкітай Ысқақұлының қазанамасындағы деректерге қарама-қайшы (Бөкейханов Кәкітайды оқырмандарға Абайдың 1905 жылғы орыс тіліндегі қазанамасында таныстырған еді). Бөкейханов Кәкітайдың қазанамасында Абай жайлы ақпаратты оған Кәкітай бергенін тағы бір айтып өтіп, Абайдың қолжазбасын бірінші рет 1905 жылдың сәуірінде, яғни, Кәкітай оны Омбыға әкеліп, Бөкейхановтың үйінде бірнеше күн болып, ағасының өмірі мен шығармашылығы туралы сөйлескенде көргенін мәлімдеді. [106] Бірақ бұл шындық па? Олай емес сияқты. Бөкейхановтың «Абайдың» өлеңдеріне қатысы олар алғаш рет 1889 жылы Дала Уалаятының Газетінде басылып шыққан кезден басталады. Егер оның өмір жолы мен лақап ат қолдануға деген ерекше ілтипатын ескерсек, Бөкейхановтың бұл өлеңдердің газеттегі аудармашысы емес, сонымен қатар нағыз авторы екенін түсінеміз. Байтұрсынов пен Дулатовтың екеуі де Қазақта шыққан мақалаларында Абай жайлы деректердің барлығы Бөкейхановтан келгенін хабарлап қойған соң, оқырмандардың оның Абаймен жеке байланысы туралы сауалдар қоя бастаса керек. Бәрінен де, Бөкейханов ешқашан жауап бермеген бір сұрақ бар: Абайдың жазбаларын дәріптеп, басып шығаруға не себепті Ибраһим «Абай» Құнанбайұлына еш туыстық қатысы жоқ Бөкейханов таңдалды? Ресми өмірбаяны бойынша, өзінің ұлдары да сауатты емес пе еді? Бұл сұрақтың үлкен мәселеге айналып кетпеуін ойлаған Бөкейханов, 1915 жылғы қазанамасында да 1905 жылғы қазанамада қолданған техниканы қолданып, осы мақаланың субьектісінің қазасын жариялай отырып, осы тақырыпқа қызығушылығы бар үшінші тарап сұрақтарын алдын ала тоқтатуды көздесе керек.
Бөкейханов өтірік айтты деуге бола ма? Бөкейхановтікі шығармашылық әдіс болса, 15 жылдай уақыт өткен соң, Бөкейхановтың жазбаларын ұрлап, оларға Кеңес өкіметінің әнін әндетіп қойған Кеңес насихатшыларының тірлігі – нағыз өтірік. Идеологиялық тұрғыдан, Бөкейханов та, кеңес насихатшылары да іс-әрекеттерінің «дұрыстығына» сенді: олар «Абайды» қазақтарға орыс мәдениетінен үйренудің пайдасы мол екенін көрсететін мінсіз қазақ ретінде көрсетуге тырысты. Алайда, кеңес насихатшыларының «Абайдың» толық жинағын Ашаршылықтың қақ ортасында, 1933 жылы кең ауқымды жоба ретінде жүзеге асыруы Бөкейхановтың зәресін ұшырған болар. Бөкейханов пен кеңес насихатшыларының арасындағы үлкен айырмашылық – «Абай» жобасының авторы Бөкейхановтың өзі еді. Бөкейхановтың «Кәкітай Ысқақұлына» арнап жазған қазанамасын фактіге негізделген материал деп оқуға болады. Ал егер басқаша оқысақ, Бөкейхановтың тапқырлығына, оның Абаймен туыстығы жайында туындауы мүмкін кез келген сұрақтың жауабын алдын ала болжап отыру шеберлігіне күлуден басқа амалымыз жоқ. Бөкейхановтың 1915 жылғы қазанамада көрсеткен тапқырлығы оның жасырақ әріптестерінің 1917 төңкеріс жылдары пайда болған «Сары Арқа» деген жаңа газеттегі Абайдың өмірбаяны туралы қалжыңдарынан ерекше көрініс тапқан.
Бұл қалжыңдар 1931 жылы жарық көрген «Золотой теленок» атты сатиралық романның қос авторы – «Ильф пен Петровтың» стиліне жақын десе болады. Мәселен, «Сары Арқаның» 2-нөмірінде «Өткен май айында бір жерде отырған Абайдың он шақты ұлының 14-15 жастары игілік мақсұтпен бір ұйым ашты» дейді де (солардың ішінде Абайдың «Михаил Құнанбаев» деген ұлы да бар), «Шәкәрім қажының «Еңлік-Кебек» жырын театр түрі кітабына айналдырып, Тұрағұл Құнанбаев мырзаның бір бала ұзатқан тойында представление істеп, ойнап көрсетті... Жиылған жұрт ұрғашы-еркегі бар 100 ден асты... Ойын басталарда «семинарист Мұхтар Әуезов пьеса жайынан халықты болар іспен таныстырды» деген хабарлама жасайды. [107] Ал 11 және 57 сандарында «Абай Құнанбай» екі қайырымдылық қорына 50 және 20 теңгеден садақа беріп, донор ретінде өмірге қайтып келіпті. [108] Бұл анонимді хабарландырулардың авторлары белгісіз, бірақ газеттің тілшілерінің арасында Бөкейхановтың жас әріптестері, соның ішінде, Байтұрсынов пен Дулатов, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов пен Бейімбет Майлин және басқалар болды. 1917 жылдың 21 қазанына дейін Самарада айдауда болған Бөкейханов осы қалжыңдарды мақұлдады ма екен деген сұрақ туындайды. [109] Десек те, 1915 жылғы қазанаманың ойнақы сарында жазылғанын ескерсек, Бөкейхановтың бұл қалжыңды мақұлдамауы мүмкін емес сияқты.
Өкінішке орай, тәуелсіз Қазақстанның оқырмандары мен ғалымдары әлі де кеңес уақытында қаланған жолмен Бөкейхановтың «Абай» жайлы хабарлары мен оның жас әріптестерінің осы аталған қалжыңдарын факті ретінде қарайды. Ал шындықтың мүлдем басқаша екенінің белгілері өте көп! Бөкейхановтың ойлап тапқан мифі туралы Байтұрсынов пен Дулатовтың не ойлағанынан хабардар ететін еш хат не күнделік жоқ болар. Дегенмен, Байтұрсыновтың «Абайдың» кім екенін 1913 жылдың өзінде білгені анық. 1913 жылдың 30 қарашасында шыққан мақаласында Байтұрсынов Абайдың өлеңдерінің «жақсы» және «толық» екенін, бірақ олардың «жалғыз ақ міні бар» екеніне тоқталады: «Ол мін өлең бунақтары тексеріліп орнына қойылмағандық. Оның оқығанда, иә әнге салып айтқанда кемшілігі зор болады. Дауыстың ағынын бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді. Мысалы, төселіп келе жатып, шоқитып кеткен сияқты, тайпалып жорғалап келе жатып текірекдеп кеткен сияқты». [110] «Ұлы ақынды» бұлай сынаушы ма еді? Өзі аса дарынды ақын Байтұрсынов Абайдың талантын «ерекше» деп бағаламағаны анық. Байтұрсынов осы бунақ мәселесін түзетудің жолын да өзі ұсынады: «Бұл кемшілікті түзетуге болады. Өлеңнің үш буынды бунақтары мен төрт буынды бунақтары алмасып кеткен жерлерін алып, өз орындарына қойса, түзеледі», -дейді ол. [111]
Байтұрсынов – талантты ақын және сазгер ғана емес, сонымен қатар аса білікті әдебиет зерттеушісі еді. Қазақ тіліндегі әдебиет теориясына арналған еңбегінде (Ташкенттен 1926 жылы шыққан) ол Абай өлеңдерінің бунақ үлгілерін кеңінен талқылады. [112] Алайда, оның 1913 жылғы мақаладағы ұсынысы кімді болса да таңдандыруы тиіс. Байтұрсынов не себепті өзінен үлкен, өмірден озып кеткен сыйлы ақынның еңбегіне стилистикалық өзгерістер енгізуді ұсынады? Ойға қонымды жауап – Байтұрсынов бұл өлеңдердің авторы өзінің досы Бөкейханов екенін біледі және олар 1903 жылы Бөкейханов оған қолжазбасын көрсеткеннен бері, осы өлең жайын өзара талқылап жүрсе керек. Бөкейхановтың өз қолжазбасы әлдеқашан жойылды. Сондай-ақ, Байтұрсыновтың Бөкейхановтың қолжазбасындағы қолмен жазылған өлеңдерді өңдегенін тексеруге мүмкіншілік беретіндей Байтұрсыновтың 1903-13 жылдар аралығындағы жазбаша құжаттары да сақталмаған болар. Алайда, не болғанын болжауға мүмкіндік беретін басқа тарихи құжаттар бар: біріншісі – Қазақ газетіндегі кітап жарнамалары, екіншісі – Дала Уалаятының Газетінде 1889 жылы анонимді түрде шыққан екі өлең. Абайдың басылымдарының ресми генеологиясына үңілсек, 1909 жылы шыққан Абайдың өлеңдер жинағына өлеңдердің соңғы нұсқалары кірген, сондықтан Қазақ редакторлары сатқан кітап 1909 жылғы кітаптың қайта шыққан басылымы болуы ықтимал. [113] Қазақ газетіндегі жарнамалар басқа тарихтан сыр шертеді. 1913 жылдың басында, газеттің 8, 13 және 20 санында «атақты ақын Ибраһим Құнанбай-ұлының» «Әртүрлі насихат өлеңдер» атты кітабы «жаңадан басылып шыққан кітап» ретінде жарнамалана бастады. Жарнамалар кітапты Семейдегі «Көпбай Баисовтың» дүкенінен сатып алуға болады дейді. Осы ертеректегі хабарландырулардан кейін, Қазақтың редакторлары Абайды өз мақалалары арқылы дәріптеу жұмысына кірісіт, бірақ Абайдың кітабы туралы басқа жарнамалар 1913 жылы жарияланбады. Ұзақ үзілістің себебі белгісіз: кітаптың барлық данасы тез сатылып кетті ме әлде жарнамаланған кітап Баисовтың дүкеніне жетпеді ме?
Тек қана 1914 жылдың 23 қаңтарында (47-саны), Байтұрсынов Абайдың өлеңдерінің ретсіз бунақтарын түзетуді ұсынғаннан екі айдан кейін, газет «Абайдың өлеңдері келді» деп хабарлады. Қазақ редакциясы 75 тыйын тұратын жаңа кітапті 1914 жылдың жазында тағы да 4 рет жарнамалады (72,74,76 және 77 сандарында). 1915 жылдың 5 наурызында (109-саны) редакторлар кітаптың ешбір данасы қалмағанын хабарлайды. Кітапты қайта басып шығару мүмкіндігі туралы еш сөз айтылмаған. Газеттің редакциясына 1914 жылдың қаңтарында түскен Абай жинағы 1909 жылғы басылымымен бірдей ме және 1913 жылы сатылымда болған сол басылым ба? 1914 жылғы басылымның ешбір данасы қалмаса және кітапханалардан 1909 жылғы басылым ретінде ұсынылған кітаптардың түпнұсқалығы форензика көмегімен тексерілмесе, бұл сұраққа жауап беру мүмкін емес.
Дегенмен, 1913 жылдың қарашасы мен 1914 жылдың қаңтары аралығында Байтұрсынов Бөкейхановты 1914 жылы жаңа басылымы үшін Абайдың кейбір өлеңдерін өңдеуге көндірген болуы керек. Бұның айғағын басқа тарихи дереккөзден табуға болады: 1889 жылы Дала Уалаятының Газетінде анонимді түрде жарық көрген өлеңдер мен сол өлеңдердің 20 ғасырдың бірінші онжылдығында «Абайдың» атынан ұсынылған нұсқаларында айырмашылық бар.
Мысалы, қазір «Болыс болдым мінеки» деген атаумен белгілі өлең 20 ғасырда қайта шыққанда, оның 1889 жылғы нұсқасына Байтұрсынов 1913 жылғы мақаласында ұсынған стилистикалық өзгерістер енгізілгенін көреміз. 1889 жылғы нұсқасы үшінші жақтан жазылған және бунақ өлшемдері шалағайлау екені рас. [114] 1914 жылдың 31 қаңтарында Бөкейханов осы өлеңді дәйексөз ретінде қолданғанда (1914 жылы Абайдың өлеңдер жинағы басылып шыққаннан кейін бір аптадан кейін), бунақ ретінің Байтұрсынов қалағандай, төрт буынды бунақ соңынан үш буынды бунақ қуалап өзгеріп кеткенін байқаймыз. [115] Өзгертілген нұсқасының ішкі-сыртқы ырғағын жетілдіру үшін, өлең енді бірінші жақтан баяндалып, ұйқасы одан сайын ажарлана түскен. Осы стилистикалық өзгерістерді енгізген Байтұрсыновтың өзі ме әлде оның кеңесімен Бөкейхановтың өзі өзгертті ме – біз оның анығына ешқашан жете алмаймыз. Бұны растайтын айғақтар әлдеқашан құртылған болар. Анығы – Байтұрсыновтың ақындыққа қатысты эстетикалық көзқарасының «Болыс болдым мінеки» өлеңінің 1914 жылғы нұсқасына әсері еткені.
Бұл болжам кеңес ғалымдары мен насихатшылары құрастырған ресми нұсқаға қарама қайшы: Абайдың өлеңдері 20 ғасырдың басында Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов үшеуінің тығыз ынтымақтастығының нәтижесінде өзгеріске ұшырады. Әрине олардың арасындағы шығармашылық бірлестік 1903 жылдан басталып, Қазақ газетін шығару үшін күш біріктіргеннен соң одан сайын күшейе түсті. Абайдың өлеңдер жинағының 1909 жылғы және 1914 жылғы басылымдарының мазмұны туралы жайлы ақпарат өте аз болғандықтан, қандай өзгерістің қай кезде жасалғанын анықтау мүмкін емес. Дегенмен, «Болыс болдым мінеки» өлеңінің 1914 жылғы басылымда шыққан нұсқасы жайында екі фактіні сеніммен айта аламыз. Біріншіден, 1914 жылы шыққан өлеңнің нұсқасы стилистикалық жағынан 1889 жылы шыққан бастапқы нұсқасынан мүлдем өзгеше. Екіншіден, бұл өзгерістер Байтұрсыновтың ұсынысына сай жасалғаны анық.
«Абай» жобасында Қазақтың ең жас редакторы Дулатовтың да үлесі болуы ықтимал. Мысалы, қазір Абайдың канондық өлеңдерінің бірі болып саналатын «Интернатта оқып жүр» атты өлеңіне қатысты біраз сұрақ туындайды. Алғашқы рет 1905 жылы Абайдың қазанамасында бір айтылып, 1912 жылы Айқаптағы бір мақалада қысқаша аталып өткенімен, Омбыдағы орыс-қазақ гимназиясындағы 2 қазақ баланың арамзалығы жайлы мақаласында осы өлеңді толығымен беріп, өлеңге алғаш назар аудартқан Дулатов болатын. [116] Аздаған стилистикалық талдау осы өлеңнің сарыны Абайдың басқа өлеңдерінен әлдеқайда ашулы екенін аңғартады. Абайдың өлеңдеріне тән сабырлы және көрегендік сарын осы өлеңде байқалмайды. Мысалы, Дулатовтың тік мінезі мен аштылау тіліне қатысты егде оқырмандар сын айтқанын байқаймыз. [117] Оған қоса, бұл өлеңде орыс сөздері мен сөз тіркестері өте көп қолданылған. Бұл, әрине, 19 ғасырдан гөрі 20 ғасыр қазағына тән стилистикалық ерекшелік. Байтұрсынов секілді, тіл тазалығына мән берген Бөкейханов та 19 ғасырда орыс сөзін көп қолданбаса керек. «Интернатта оқып жүр» өлеңінің авторы Бөкейханов емес, Дулатов сияқты жасырақ біреу болуы әбден мүмкін.
Осыдан шығатын күрделі сурет мынандай: «Абай» бейнесін кімнің жасағаны және 20 ғасырдың бірінші онжылдығында кімнің дәріптегені белгілі болғанымен, «Абайдың» канонына Бөкейхановтан басқа авторлардың шығармалары кірген сияқты. Мысалы, Жүсіп Көпейұлының 10 шақты өлеңі «Абай» канонына абайсызда "кіріп кеткені" қазіргі әдеби дереккөздерде «Көпейұлы Абайдың өлеңдерін жинап таратқан» деп ұсынылады.
«Абайдың» 20 ғасырдағы генезисі анық. Біріншіден, қазіргі «Абайдың» канонының үлкен бөлігі болып табылатын орыс классикалық әдебиетінің аудармалары мен орыс өлеңдерінің қазақша тәржімесінің авторлығына ең ықтимал үміткерлер – Қазақтың үш редакторы. «Абай» канонында Иван Крылов мысалдарының еркін аударылған он бес шақты нұсқасы, Пушкиннің «Евгений Онегин» өлең-романынан алынған сегіз өлең, және Михаил Лермонтовтың отыздан аса лирикалық өлеңдерінің еркін аудармасы не қайта жазылған нұсқалары бар. 1951 жылы өзге әріптестеріне қарағанда Абайдың өлеңдерін тереңірек зерттеген Зәки Ахметов Абай канонындағы «Лермонтовтан шабыт алған өлең саны біз ойлағаннан әлдеқайда көбірек» екенін айтқан болатын. [118] Осы аудармалар мен тәржімелердің авторы кім? Ресми өмірбаянында (1905 жылы Бөкейханов көрсеткендей) орыс тілін шіркеу мектебінен үш ай ғана оқыған 19-ғасырдағы қазақ көшпендісі аударды деген шындыққа жанаса ма?
Сол заманда мұндай көркем туындыларды дүниеге әкелу қолынан келетіндер – орта білімді арнайы орыс-қазақ мектебінен алып, оқуын орыс тілінде жалғастырған, қалада тұрған – Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов секілді жоғары білімді адамдар. Қазақтың үш редакторы да орыс әдебиетін сүйіп оқып, кітап және газеттерге Крылов пен Лермонтов аудармаларын жариялауға белсенді араласты. 1894 және 1900 жылдары – Байтұрсыновтан жеті жас, Дулатовтан он тоғыз жас үлкен Бөкейханов Крыловтың бір мысалын және Лев Толстойдың бір әңгімесінің аудармасын жариялағанға ұқсайды. [119] Бөкейхановтың тәлімгерлігінің аясында оның жас әріптестері де орыс әдебиетінен аударма жасай бастады. 1909 жылы Байтұрсынов Крыловтың мысалдарын «Қырық Мысал» деген атаумен шығарды. 1913-14 жылдары Дулатов Айқап және Қазақ беттерінен Лермонтовтың өлеңдерінің аудармасын жариялады. [120] Абайдың қолымен жазылған өлеңдер қолжазбасының 1903 жылы-ақ Бөкейхановтың қолында болғаны және оның сол сәттен бастап екі әріптесімен бірігіп, Абайдың шығармашылығын кем дегенде 2 онжылдық дәріптегенін ескерсек, Абайдың канонына кірген көптеген орыс өлеңдерінің авторлары осы адамдар деп болжамдауға негіз бар екенін көреміз.
Орыс мәдениеті Абайдың көркем туындыларына ғана емес, әндеріне де зор әсерін тигізді. 1951 жылы шыққан зерттеуінде Зәки Ахметов Абайдың кем дегенде екі өлеңінің атақты орыс әндеріне негізделгенін айтты: Антон Рубинштейннің «Разбитое Сердце» атты романсы мен Михаил Глинканың Дельвигтің сөзіне жазған «Не осенний частый дождичек» атты әні. [121] Орыс романстарының әсері туралы 1925 жылы орыстың музыкатанушысы Александр Затаевич те айтқан болатын. Біреуін Аймауытовтан, қалғанын Бөкейхановтан болса керек, Затаевич Абайдың үш әнін жазып алған еді: «Татьянаның қырдағы әні», «Қор болды жаным» және атауы жоқ тағы бір ән. Қазақ халық әндерінің өзіндік ерекшеліктерін аса жоғары бағалаған Затаевич Абайдың өлеңдерін «сапасы төмендеу дилетант орыс романстарына еліктеп жазылған» деп, аса әсерлене қоймаған. [122]
Затаевичтің Абайдың әндеріне қатысты бағасы әділ ме әлде жоқ па – бұл, әрине, басқа мәселе. Дегенмен, оның Абайдың әндерінің орыс әндеріне негізделгені жайындағы кәсіби көзқарасы орынды. Себебі, бұл әндердің авторы көшпенді қазақ емес, орыстанған, қала қазағы, яғни, орыс ән өнерінен гөрі қазақ ән өнерін жоғары деңгейде меңгерген Байтұрсыновтан гөрі, Бөкейханов сияқты біреудің жазғанын дәлелдейді. Омбыда ұзақ жыл тұрып, орыстармен жақын араласқан Бөкейханов концертке бару мәдениетін жоғары бағалап, батыс музыкасы жайында тереңнен ойланғанына да айғақ бар: Бөкейханов 1914 жылы Қазақ газетінен музыка тақырыбында (Арыс-ұлы деген лақап атпен) «Ән, музыка және оның құралдары» атты көлемді мақаласын жариялады. [123] Оған қоса, Бөкейхановтың музыка жайындағы мақаласынан оны Абайдың әндерінің сазгері ғана емес, бірақ өлеңдерінің авторы екенін меңзейтін тағы бір айғақ байқаймыз. Мысалы, оның осы мақаладағы «жаңа туған бала жылау әні, солқылдау әнімен дүнияға амандасады», «адам жан шығар алдында арпалысып «а-а-а» деп ән салып дүниемен қоштасады» сияқты бейнелері мен Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денеңі» бірдей. Абайдың өлеңін оқып шабыттанғаны соншалық, Бөкейханов сол бейнені санасыз түрде қайталады ма? Бөкейхановтың 1889 жылы Абайдың алғашқы өлеңі жарияланған кезден бастап оның шығармашылығына жақын араласуын ескерсек, жағдайдың қарама-қарсы болуы да мүмкін: Бөкейханов көп жылдар бұрынғы өлеңдеріндегі өзі сомдаған бейнені (саналы не санасыз түрде) қайталап отырса керек.
«Абай» бейнесінің сомдалуының тағы бір тұсы бар. 1917 жылы Қазақ газеті жабылып қалғаннан кейін, «Абай» шығармаларын дәріптеу 1918 жылы «Абай» журналының құрылуымен жаңа кезеңге өтті. Бұл журнал 12 айлық өмірінде Алаш Орданы ашық түрде қолдай отырып, «Уақ» ұйымының қаржылай көмегімен шықты. Журналдың алғысөзінде журналды 5-6 азаматтың жасырын басқарғаны айтылса да, 12 санында да ресми редактор ретінде Жүсіпбек Аймауытовтың аты-жөні ғана көрсетілген. «Абай» генезисінің жаңа кезеңінде негізгі назар Абайдың өлеңдерінен оның прозалық мәтіндеріне көшті. Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов мақалаларында Абайды проза жазушысы деп емес, әрдайым көреген ақын және терең ойшыл деп көрсеткен еді. Абайдың репертуарына жаңа жанр қосу Қазақтың редакторларының емес, бірақ басқа біреудің, мүмкін, Аймауытовтың идеясы болуы мүмкін. Абайдың жазушылығы туралы идея Абай журналынан бірнеше ай бұрын, Сары Арқа газетінде пайда болды. 1917 жылдың 14 қыркүйегінде Сары Арқада «Абай сөзі» деген мәтін басылды, бірақ дереккөзі көрсетілмеген. [124] 1933 жылы Кеңес үкіметі Абайдың өлеңдерін ғана емес, бірақ «Қара Сөздер» атауымен проза мәтіндерін де басып шығарғанда, осы мәтін Абайдың канонына ресми түрде «Алтыншы сөз» болып енді.
1917 жылы Сары Арқада таныстырылған жанрмен келесі жылы «Абай» журналы тағы 5 проза мәтінін жариялайды. 1933 жылы осы бес мәтін де Абайдың канонына кірді. Журналдың 1санында «Қуаныш пен Жұбаныш» атауымен «Абай сөзі» рубрикасынан жарық көрген мәтін кейіннен «Жиырма үшінші сөзге» айналды. Журналдың 5 санындағы атаусыз «Абай сөзі» «Қырықыншы сөзге» айналды. 7 санында басылып шыққан «Мақал туралы» атты мәтін Абай канонына екі мәтін болып енді: «Он тоғызыншы сөз» және «Жиырма тоғызыншы сөз». Журналдың 11 санындағы «Қайрат, ақыл, жүрек» атты («Абай сөзі» рубрикасында) прозалық мәтін кейіннен «Он жетінші сөзге» айналды. Және ең соңғысы – журналдың 12 санындағы «Ақылды мен ақылсыздың парығы» атты («Абай сөзі» рубрикасында) прозалы мәтін кейіннен «Он бесінші сөзге» айналды.
Егер осы мәтіндерді Бөкейханов, Байтұрсынов немесе Дулатов жазған болса, олар оны ертеректе сілтеме ретінде қолданып, талқылап немесе жариялаушы еді. Бұл сөздердің авторы журналдың редакторлық ұжымының мүшесі болған дарынды жас эссеистердің біреуі, атап айтқанда, Аймауытов немесе Әуезовтің бірі болуы ықтимал. Әуезов журналға көп тақырыптар бойынша жазса да, Абай жайлы ешнәрсе жазбаған. Шындығында, 1917 жылы «Сары Арқада» шыққан Абайдың балалары туралы сатираға ұқсас хабарда Әуезовтың аты аталса да, ол 1930 жылдары кеңес үкіметінің кітап жобасының жетекші редакторларының біріне айналған уақытқа дейін, Абай туралы ешнәрсе жазбаған. Тағы бір маңызды дерек - Әуезов бұл журналда псевдоним қолданбаған, ол әрқашан «Мұхтар» немесе «Мұхтар Әуезұлы» деп қол қойды.
Ал Аймауытов журналдың бірінші санының бірінші бетінде «ойшыл және ағартушы Абайға» деген үлкен құрметін жеткізеді. Оған қоса, дәл осы санында Аймауытовтың өз атынан шыққан «Байлық, кедейлік» атты мақала – 1933 жылы Абайдың канонына кірген «Жиырма сегізінші сөздің» прототипі. Осы мәтіндерге стилистикалық және пәлсапалық тұрғыдан қарасақ, журналдың 10 санынан анонимді түрде шыққан «Қайрат туралы» атты мәтіннің авторы Аймауытов болуы әбден мүмкін. Осы мәтін 1933 жылы Абайдың канонына «Он төртінші сөз» болып енген. Аймауытов мәтіндерінің кейбір тұстары сол кездегі қазақ мәдениетіне әлеуметтік және этикалық сыни көзқараста болғанымен, олар мұсылмандыққа, байлыққа және көшпенділікке қарсы емес. Бұл мәтіндердің мазмұны 1933 жылы кеңес үкіметі Абайды «социалист» ойшыл деп ұсынғанда Абайдың канонына жаңадан қосылған ондаған прозалық мәтіндерден мүлдем өзгеше.
Саяси жағдайларға байланысты болар, журналдың көптеген тілшілері Бөкейхановтың ізімен лақап ат қолданды. «Абай» журналында қолданылған ең маңызды лақап аттар –«Ақылбай Абай-ұлы» және «Мағауия Абай баласы» болса керек. Олар журналдың 4, 5, 6, 8 және 10 сандарынан жарық көрген екі ұзақ поэманың авторы. Кеңес дәуірінен бері осы екі лақап ат қате түсінікке ұшырап, шын болған адамдардың есімі, дәлірек айтқанда, «Абай Құнанбайдың ұлдары» деп айтылып келеді. Олардың біреуі 1905 жылғы Бөкейхановтың қазанамасына сәйкес, әкесінің өлімінен 40 күн бұрын, 1904 жылдың мамыр айында қайтыс болды делінеді. Өмірбаянын жазған Бөкейханов «ақын» деп анықтамаған адамның өлімінен он төрт жылдан кейін ұзақ әлі мүлдем жаңаша жазылған поэмасының жарық көруі тіптен мүмкін емес нәрсе. «Абай» журналының кез келген оқырманы «Ақылбай Абай-ұлы» мен «Мағауия Абай-баласы» деген есімдерді мүлдем басқаша оқиды: бұлардың символикалық лақап есімдер екені айдан анық. Бұл өлеңдерді жазған кім болса да, бұл есімдер шын адам есімдері емес – «Абайдың» мұрасын жалғастырған жаңа буын жазушыларының, Абайдың «интеллектуалдық балаларына» меңзеген лақап есімдер. Бұл поэмалардың авторы - 11 санында «Мағжан» деп қол қойған Мағжан Жұмабаев болуы да мүмкін, себебі «Мағжан» деген ат - Мағауияның қысқартылған түрі.
«Абай» журналының қып-қысқа тарихы қазақ жазушылығының соңғы он жылдықта едәуір дамығанын айғақтайды. Бұл – қазақтың бай ауыз әдебиетінен жазба әдебиетін қалыптастырған Әлихан Бөкейханов пен Жүсіп Көпей-ұлы сияқты жазушылар көптеген жылдар бұрын бастаған мәдени қозғалыстың шырқау шегі еді. Ақындар мен жазушылардың жаңа буыны олардың үмітін ақтады: Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Аймауытов, Майлин және Әуезов – қазақ әдебиетінің үркеріндей жарқыраған «Абайдың» нағыз мирасқорлары, «Абай мектебінің» нағыз шәкірттері еді. Осыдан кейінгі жылдары орын алған саяси оқиғалар мен оның салдары – аталған кейіпкерлердің ешқайсысының түсіне де кірмеген тосын жағдайлар еді. Не Бөкейханов, не Аймауытов, не басқалары Империя аймағында қазақ автономиясын сақтап қалып, бірегей ұлт құру күресінің үлкен бөлігі болған – «Абай» аватарының аясында жазған өлеңдері мен мәтіндерінің бірер жылдан кейін қандай күйге түсетінін болжап-біле алған жоқ.
[91] Алихан Букейханов. Киргизы. под ред.А.И. Кастелянского. «Формы национального движения в современных государствах» Санкт-Петербург, 1910. стр. 598.
[92] Жусип Султанхан Аккулулы (ред.) Алихан Букейханов. Полное собрание сочинений на казахском русском и языках. Том-1. Астана, 2009, стр. 534-536.
[93] Ахмет Байтұрсынов. Қазақтың бас ақыны. // Қазақ. 1913, 39-саны.
[94] Жаңа шыққан кітаптар. // Қазақ. 1913, 8-саны.
[95] Молдағали Жолдыбаев. Құрметті Ш.Әлжановқа жауап . // Айқап. 1912, 4-саны.
[96] M.M. Семипалаттан. // Айқап. 1914, 4-саны
[97] Үшкөлтай Субханбердина. Айқап бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлар. Алматы, 1995. 303-364 бет.
[98] Ілияс Жансүгіров. Кіріспе. Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ, Қызыл Орда, 1933, 44-бет.
[99] Ғаббас Тоғжанов. Aбай. Алматы, 1935. 5-бет.
[100] Григорий Потанин. На притоке реки Токрау // Сибирская жизнь. 22 апреля, 1914.
[101] Міржақып Дулатов. Жер аудару. // Қазақ. 1913, 9-саны.
[102] Міржақып Дулат-ұлы. Балаларға да жұққаны. // Қазақ. 1913, 28-саны.
[103] Хабарландыру. // Қазақ. 1915, 109-саны
[104] Ахмет Байтұрсынов. Қазақтың бас ақыны. // Қазақ. 1913, 39-саны.
[105] Міржақып Дулат-ұлы. Абай. // Қазақ. 1914, 67-саны.
[106] Ғалихан. Кәкітай. // Қазақ. 1905, 105-саны
[107] Авторсыз. Игілік іс. // Сары Арқа. 1917, 2-саны.
[108] Авторсыз. «Теңдік» серіктестігіне кіріскендер // Сары Арқа. 1917, 11-саны. Авторсыз. Аш-жалаңаш қазақ-қырғызға жәрдем. // Сары Арқа. 1917, 57-саны.
[109] Әлиханның Семейге келуі. Сары Арқа, 1917, 17-саны.
[110] Ахмет Байтұрсынов. Қазақтың бас ақыны. // Қазақ. 1913, 39-саны.
[111] Ахмет Байтұрсынов. Қазақтың бас ақыны. // Қазақ. 1913, 40-саны.
[112] Ахмет Байтұрсынов. Әдебиет танытқыш. Ташкент, 1926.
[113] Есенбай Дүйсенбайұлы (ред.). Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-томы. Алматы, 2005.
[114] Атаусыз. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 12-саны.
[115] Алихан Букейханов. Би және билік. // Қазақ. 1914, 48-саны.
[116] Міржақып Дулат-ұлы. Балаларға да жұққаны. // Қазақ. 1913, 28-саны,
[117] Сабыржан Ғаббасов. Ашық хат. // Айқап. 1914, 7-саны.
[118] Заки Ахметов. Новое о переводах Абая из М. Ю. Лермонтова. // Тюркологический сборник, №1, 1951.
[119] Асылқожа Құрманбаев (Әлихан Бөкейханов?). Құмырсқа мен шегіртке. // Дала Уалаятының Газеті. 1894, 32-саны.
[120] Міржақып Дулат-ұлы. Айтыс (Лернмонтовтан). // Қазақ. 1913, 6-саны Міржақып Дулатов. Айтыс (Лермонтовтан). // Айқап. 1913, 3-4 саны. Міржақып Дулатов. Үш құрма терек. // Айқап. 1914, 17-саны
[121] Заки Ахметов. Новое о переводах Абая из М. Ю. Лермонтова. // Тюркологический сборник, №1, 1951.
[122] Александр Затаевич. 1000 киргизских песен. Оренбург, 1925, стр. 331.
[123] Арыс-ұлы. Ән-өлең хәм оның құралы. // Қазақ. 1914, 67-саны.
[124] Авторсыз. Абай сөзі. // Сары Арқа. 1917, 13-саны.
Commentaires