• Зәуре Батаева

Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз ұлы ақыны

Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Абай [1]
Мұны жазған кісінің, Атын білме, сөзін біл. Абай [2]

I. Кіріспе

Ақын және ойшыл Абай Құнанбай-ұлы ұзақ уақыт бойы қазіргі қазақ мәдениетінің негізін қалаған тұлға ретінде саналып келді. Жазушы Аслан Жақсылықов бірде 19-ғасырдың ірі ағартушы тұлғалары арасында қазақтың ұлттық болмысының (менталитетінің) қалыптасуына Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсариннен гөрі Абайдың ықпалы зор болды деген еді. [3] Абайдың ықпалының орасан зор болғаны күмәнсіз, бірақ Аслан Жақсылықов және оның буынындағы басқа жазушылар мәлімдеген деңгейде ме? Қазіргі қазақ қоғамы тіл және мәдениетке қарай жікке бөлініп отыр, ал Абайдың бұған қаншалықты үлес қосқанын дөп басып айту қиын болғанымен, Абайдың шығармаларында осы екі топтың да көңіліне қонымды элементтердің бар екені анық.

Абайға арналған көптеген академиялық зерттеулерге қарасақ та, немесе Абай туралы ақпарат тарататын академиялық емес вебсайттарға көз жүгіртсек те, осы жік көзге түседі. Орыс тілді қазақтар Абайды орыс тілі мен Еуропа мәдениетіне бет бұрған алғашқы ағартушы, орыс-қазақ достығының дәнекершісі ретінде дәріптесе, тілі қазақ ағайын Абайды ұлы лирик-ақын және ғұлама ойшыл деп құрметтейді. Алайда, бұл екі түрлі көзқарас мақтаныш сезімін ғана емес, сонымен қатар біраз теріс көзқарастар мен жағымсыз ой-пікірлердің туындауына да себепші болды. Мысалы, кейінгі буын өкілдерін әсіресе ашындыратыны – алғаш рет 1933 жылы Қара Сөздер (проза) деген атаумен жарық көріп, 1945 жылы орыс тіліне Слова Назидания (Ұлағатты сөздер) деп аударылған прозасындағы Абайдың қазақтар туралы зәрлі де ұнамсыз пікірі, қазақтардың «жалқау», «надан», «бірін-бірі көре алмайтын қызғаншақ», одан қалса «бір-біріне дұшпан» деп сипатталуы. Жас буын өкілдерінің пікірінше, қазақ-орыс мектептерінде Абайдың қазақтар жайлы аса жағымсыз пікірін оқытуға ондаған жылдар бойы басымдылық берілуі қазақтардың бірнеше буынының өзін-өзі қадірлеу сезімін улап, басқа этникалық топтар арасындағы қазақтар туралы таптаурынды жағымсыз пікірлердің қалыптасуына әсер етіп, Қазақ қоғамындағы жікшілдікті одан сайын тереңдете түсті.

Сыншылардың ашуының астарында тағы бір ой жатыр: Абай – қазіргі қазақ қоғамындағы Қазақ ұлтына деген құрметтің төмендігіне ғана емес, сонымен қатар қазақтардың көшпенді ата-бабаларына деген сый-құрметтің жоғалуына да жауапты. Атап айтқанда, өзі көшпенді қазақ болған Абайдың аяқ астынан өз мәдениетінен жеріп, орыстың мәдениеті мен білімін одан артық көре қалуы – дүдәмалды хабар. Алайда, Абайға бұндай сын айтушы жас буын өкілдері бір маңызды жайттан бейхабар тәрізді: Абайдың өмірбаяны мен шығармалары әртүрлі кезеңдерде сомдалды және Абай шығармаларындағы көшпенділікке қарсы, орысқа жақтас сарын кейіннен, Кеңес Одағы кезеңінде цензура қысымымен қосылған еді.

Екінші жағынан, мектеп оқулықтары әлі күнге дейін Абайдың ақындық, суреткерлік ерекшелігін мүлдем назардан тыс қалдырып, оның шығармаларының дидактикалық мазмұнына ғана мән беретінін де жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, қазақ мектебінің 3-ші сыныбына арналған бір оқулықта Абайдың Ғылым таппай мақтанба және Құлақтан кіріп бойды алар атты 2 дидактикалық өлеңіне қоса 38-ші сөзінен (ең күрделі мәтін) алынған шағын үзінді кіріпті. Осы 60 сөзден ғана тұратын шап-шағын үзіндіде кейде екі рет қайталанған 9 жағымсыз сөз бар екен: надандық, жалқаулық, қулық, сауатсыздық, арсыздық, талапсыздық, әлсіздік, дұшпандық. Мәтінге берілген жаттығудағы жағымсыз сөздерді қосқанда (надан, дарынсыз, жалқау, сараң, өтірікші, дөрекі), қазақ мектебінің 3-ші сынып оқушылары Абайдың қазаққа қатысты қолданған 17 жағымсыз сөзін үйренеді екен. Осындай негатив дозасынан 9 жасар қазақ бала қандай қорытындыға келуі тиіс? Ал Абайдың қазақтан мүлдем түңілген және ең бір зәрлі сөздерімен аяқталатын 7-сөзін оқыған 6-шы сынып оқушысы қандай түйін түймек: «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз... Біз түк білмейміз, «біз де білеміз» деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз».

Бала тәрбиесінің психологиялық жағына үлкен мән беретін біраз жас ата-ана Абайдың прозалық шығармаларын мектеп бағдарламасынан алып тастауға шақырып та жүр. Әлеуметтік медиа алаңында Абайға қатысты осындай сын көтерілсе болғаны, «Абайдың қазақ туралы сыни сөздері жеккөргеннен емес, керісінше, адам табиғатына тән қызғаншақтық пен жалқаулықты жеңіп, жақсылыққа шақырған қатал сүйіспеншіліктен туындаған, мәңгүрттер сөз төркінін түсінбейді»,- деп қазақ қазаққа дүрсе қоя береді.

Ал Абайды орыс мәдениетін уағыздаушы, алғашқы ағартушы ретінде танитын орыс тілді қауым ақынның қазақ мәдениетіне қосқан орасан зор үлесі – оның лирикалық ақындығын мүлдем елемей, Абайдың 19-ғасырдағы орыс классиктері – Лермонтов, Пушкин, Крылов аудармаларына, оның 45 сөзіндегі орысқа жақтас тұстарына және Кеңес дәуірі кезеңіндегі ғалымдар мен насихатшылар жазған мақалаларға баса назар аударады. Олардың Абайдың суреткерлігін бағалай алмайтын жөні де бар, себебі көпшілігі қазақ тілін жетік білмейді де, Абай өлеңдерін түпнұсқада оқи алмайды. Оның үстіне, Абайдың терең ойлары мен ақындық шеберлігін орыс тіліндегі тәржімесі арқылы тану мүмкін емес. Өйткені, Абайдың бай және күрделі тілін осы күнге дейін орыс тіліне ешбір аудармашы аудара алмады. Ғалым Гүлзия Қамбарбаеваның 1964 жылы Абайдың ең үздік аудармалары 1936-54 жылдары жасалған Всеволод Рождественский, Семен Липкин және Мария Петровых аудармалары деген еді, осы пікір әлі өзгерген жоқ. [4] Бірақ бұл аудармалардың сапасына қатысты айтар сын көп және бұл бізді таң қалдырмауы тиіс. Себебі, аталған аудармашылардың кәсіби біліктілігі әдеби аударма саласының ең қарапайым талабына сай болмады: олар түпнұсқа тілді білмеді. Түпнұсқада оқи алмайтын адам ақынның не айтпағын түсініп, өлеңін аудара ала ма? Қазақ тілін жетік білмеу себебінен аудармашылар әлі күнге дейін Абайдың метафоралық бейнелерге толы жырларын қажетті деңгейде орыс тіліне аудара алмай жүр.

Шындығында, Абайдың жайын трагедия десе артық емес. Абайдың өлеңдері – ақындық шеберлік үлгісі және бұл шеберлікті қазақ тілін жетік меңгерген оқырмандар ғана бағалай алады. Ал Абай жырларының басқа тілдердегі (әсіресе, орыс тіліндегі) тәржімесін оқитындар Абаймен оның ұлылығын жеткізе алмайтын нұсқалары арқылы танысып жүр. Абайдың ақындығының әр қазақтың мақтаныш сезімін тұтатып, қазақтардың басын қосатын күші бар еді. Бірақ кеңестік дәуірден кейінгі Қазақстан қоғамында Абайдың бейнесі қарама-қайшы пікірлер туындатып, мәдениет және тілге қатысты бөлініп-жіктелудің символына айналып отыр.

Ал осы мәселеге мұқият зер салсақ, осы қасіреттің негізінде – 20 ғасырда Абайдың бейнесін, оның өлеңдерін өз мүддесіне пайдалану мақсатымен бұрмалаған саяси айла-шарғылар жатыр. Абай – нағыз суреткер ақын еді, ал оның тек қана ақын болып қалуына ешқашан жол берілмеді. Ол әрқашан да саяси құрал ретінде қолданылды. Осы саяси бұрмалауды тереңірек зерттесек, қасіреттің ауқымы одан да ұлғая түспек. Бүгінгі күні қазақтар білеміз деп жүрген Абай жайлы ақпарат және Абайға тиесілі деп жүрген шығармалар – 20 ғасырдың басында бір сомдалып, Кеңес одағы кезінде, яғни, Абайдың алғашқы екі өлеңі Дала Уалаяты газетінен жарияланғаннан соң қырық жылдан кейін, қайта сомдалған еді.

1930-жылдары Кеңес үкіметінің Абайды насихаттау науқанына қатысқан Мұхтар Әуезов 1940-жылы оқырмандарын Абайдың шығармашылығы айналасында өрбіп жатқан мәселелер туралы ескертіп қоюға тырысқан іспетті. [5] Әуезов, бір жағынан, Абайдың жаңа өлеңдерін «тауып алғыштардың» көбейіп бара жатқанына алаңдап, кезінде Абайға еліктеп өлең жазғыштардың көп болғанын ескеруге шақырса, екінші жағынан, табылды-мыс жаңа өлеңдердің түпнұсқалығын анықтау үшін өзара талдаудан өткізетін ғылыми әзірлігі жеткілікті ғалымдардың жоқтығына алаңдайды. Әуезовті бұл мәселелер алаңдатты, себебі бұлар «болашақ зерттеушілерді» бұрыс бағытқа итермелеп, шатастырады деп қауіптенді. Абайдың ақындығын дұрыс түсінуге көмек ретінде Әуезов болашақ зерттеушілерге Абай өмір сүрген 19-ғасырдағы көшпенді қазақтардың тарихи ортасын ғылыми тұрғыдан зерттей түсуге кеңес береді. Әуезов 1940-жылы неге болашақ зерттеушілерге баса назар аударды? Ол неге тарихи контексті зерттеуге мән берді? Әуезов жалпы не айтқысы келді? Қазақ ұлттық қозғалысының Сталин тазартуынан аман қалған жалғыз өкілі – Мұхтар Әуезов 1940 жылы ешбір тақырып жайында өз ойын ашық түрде айта алмады. Тарихи контексті тереңірек зерттеудің қажеттігіне баса назар аударып, өз үмітін болашақ зерттеушілерге арту арқылы Әуезов өз ойын қауіпті болса да, астарлап оқырмандарына жеткізгісі келген сияқты. Оның айтқысы келгені – 19 ғасырда өмір сүрген Абай сияқты көшпендінің қазіргі уақытта, яғни, 1940 жылы, оған таңылған орысқа, коммунизмге жақтас, ал қазаққа, көшпенділер мәдениетіне қарсы сенімдерді қолдауы мүмкін емес екенін, сондықтан Абай шығармашылығының түпнұсқасы мүлдем басқа болғанын меңзеген сияқты.

Демек, Абайдың өмірбаяны мен шығармаларының уақытына қарай өзгергеніне дәлел іздеген зерттеушілер үшін мына сұрақ маңызды: Абайдың қазіргі шығармашылығынан Әуезовтің ұстазы Әлихан Бөкейхан-ұлының сөзімен айтқанда, «саф алтын сомтуманы» [6] қайта қазып алу мүмкін болар ма екен?

Абай өлеңдері «әлем әдебиеті» деген анықтамаға лайықты болу үшін, әлем әдебиетінің басқа туындыларын бағалау стандарттарына сай тексерілуі тиіс. Құран және Інжіл іспеттес діни мәтіндердің, Авиценна мен Платонның философиялық мәтіндері мен Уильям Шекспирдің шығармаларының түпнұсқалығы ғасырлар бойы зерттеліп келе жатқаны белгілі. Нәтижесінде, біз осы мәтіндер және олардың жазылу тарихы – қашан және қайда, кім жазғандығы туралы көбірек біліп, сенімділікпен айта аламыз. Осындай деңгейдегі зерттеу жұмыстары Абай өлеңдеріне де қолданылуы тиіс, бірақ бұл зерттеу паранойядан емес, ақынға деген сый-құрметтен туындауы тиіс. Егер өнер саласында ескі мәтіндерді, суреттер мен монументтерді қайта қалпына келтіру қалыпты жағдай болса, Абайдың өлеңдерінің түпнұсқасын неге іздемеске?

Ғалымдар Абай авторлығына және оның шығармаларының түпнұсқалығына күмәні бар екенін әлдеқашан, үнсіз болса да, мойындаған болатын. 1932 жылдың өзінде ғалым және ақын Ілияс Жансүгіров «Абайдың өмірбаянының ғылыми тұрғыдан жазылмағанын», оның «дақпырт» сөз бен «алып-қашпа» әңгімеге негізделгенін айтқан болатын. [7] Кеңес кезінде Абай еңбегін зерттеушілердің арасындағы ең ықпалды ғалым Зәки Ахметовтың Абайдың өмірі мен шығармаларын талдау барысында әрқашан болжамды шақты («мүмкін», «ықтимал») қолданғаны тегін болмас. [8] 2008 жылы әдеби сыншы Николай Анастасьев Абай жайлы ешбір жазбаша құжат не физикалық дәлел болмағандықтан, Абайдың «өмірбаянын» жазу мүмкін еместігін мойындап, тек қана «портретін немесе сұлбасын» жасауға болатынын айтқан еді. [9]

Күмән әлеуметтік медиа алаңында да туындаған болатын. Мысалы, 2017 жылы бір блогер Абайдың Қара Сөздерін бір топ кеңес насихатшылары 1930 жылдары жазып шығуы ықтимал екені жайлы пікірін білдіріп, «Абай» деген адамның шынымен болғанына шүбә келтірген еді. Осыған байланысты туындаған пікір-талас ұрыс-керіске айналып, блогерді балағаттап, оған қоқан-лоққы көрсету қазақ қоғамына тереңінен бойлаған лингвистикалық және мәдени жіктелудің, сорақы мәдениетсіздіктің әлеуметтік медиа алаңына да жеткеніне көз жеткізді. Алайда, пікір таластырушылар блогер көтерген ең негізгі сұрақтарды талқылауға ешбір құлық танытпады. Біз осы күні «Абай» деп атайтын адам кім болған? Біз Абайға тиесілі деп сенетін шығармалардың барлығын осы адам жазды ма?

Бұл мақалада көтерілген мәселелер алғаш рет көтеріліп отырғандықтан, оларға қатысты әртүрлі қарама-қайшы пікірлердің туындайтыны анық. Осы уақытқа дейін Абайтанушыларға бұл мәселелерді көтеруге кедергі жасап отырған Кеңес үкіметі орнаған сәттен бері жалғасып келе жатқан үнсіздік мәдениетіне қоса тағы бірнеше фактор бар. Абайдың өмір-тарихы мен шығармашылығының уақыт өте келе өзгерістерге ұшырағанын ғылыми тұрғыдан зерттеу үшін филолог ғалымдар әр алуан эксперттік білім және біліктілікке ие болуы міндет: 19-ғасырда қазақтар қолданған арап қарпін терең меңгеру, сонымен қатар «Абай туып өмір сүрген заман» мен 1928-33 жылдары көшпенділік өмір салты жойылып, Абайға ұлттық ақын мәртебесі берілген уақыт аралығындағы көшпенділік тарихын жетік білу. Бұл кезеңде жазылған дереккөздері сол қалпында оқымай, тарихи контекстіне сай тәржімелей білу де ғылыми әдістемені қажет етеді. Дегенмен, Абайтанушылардың осы уақытқа дейін көшпенді қазақтар тарихы мен мәдениетін Кеңес үкіметі танған марксистік-лениндің күйінен ажыратып, тарихи жолмен зерттей отырып, тереңірек түсінуіне неге осыншама құлықсыз болғаны аса түсініксіз мәселе, әрине.


II. Белгісіз және тыйым салынған тарих Абайдың заманында қазақтардың басым көпшілігінің өмір-салты болған көшпенділік мәдениеті туралы және сол мәдениеттің 20-ғасырда Кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясаты нәтижесінде 3 жыл аралығында ғайып болғаны жайлы біздің өте аз білетініміз таң қаларлық жайт. Тарихшы Радик Темірғалиевтің дала көшпенділерінің 19-ғасырдағы тарихының «ақ таңдақ» парақтарын қалпына келтіруді мақсат тұтқан зерттеулері көшпелі қазақтардың дәстүрлі өмір салты мен оларды отырықшылыққа бұруды көздеген патша өкіметінің жарты ғасыр бойы енгізген әкімшілік реформаларының қазақтардың салт-дәстүріне, өзара қарым-қатынасына қалай әсер еткенін аша түседі. [10] Бізге мүлдем белгісіз осы тарихтың өзіндік маңызы да зор әрі бұл деректер бізге Абайдың ертеректегі өлеңдеріне негіз болған мәселелерді дұрыс түсіну үшін аса маңызды рөл атқаратын контекст ұсынады.

19-ғасырдағы көшпенділер мәдениетінің біздер аз білетін бір тұсы ­– қырдағы білім беру жүйесі. Көшпенді қазақтардың білім алуға қандай мүмкіндіктері болды? Кеңес академигі Төлеген Тәжібаев 1962 жылы жарық көрген еңбегінде 19-ғасырдың екінші жартысындағы қырдағы мектеп пен білім беру жүйесін зерттей келе, әсіресе Семей облысында, дәлірек айтқанда, Абай және оның отбасы өмір сүрген аймақтағы жағдайдың басқа аймақтармен салыстырғанда «ең төменгі сатыда» болғанын архив құжаттарына сүйеніп бағалаған еді. [11] Одан кейін аса көп зерттеу жасалмады. Бұл мәселеге қатысты Кеңес академигіне сенбейміз десек, көшпенділердің басым бөлігінің сауатсыз болғанын, сол сауатсыздықтың себебінен олардың татар молдалары, сарт саудагерлері және орыс әкімшілігінің алдау-арбауына түсуге тым бейім болғаны жайлы 1890-жылдары жиі жазған Әлихан Бөкейхан-ұлы және Жүсіп Көпей-ұлы сияқты оқыған қазақ зиялыларының пікіріне құлақ түрсек те жеткілікті. [12]

Абайдың ресми өмірбаянын жазушылар 19-ғасырда сахараны жайлаған сауатсыздық деңгейін, білім сапасының төмендігін мүлдем ескермей келді. Олардың айтуынша, Абай медреседе үш жыл діни білім алып, шіркеу мектебінде үш ай орысша оқып, өзінің ерекше қабілетінің арқасында аса күрделі саналатын орыс тілін ғана емес, сонымен қатар парсы, араб тілдерін, статистикалық ғылымдар мен шығыс пен батыстың философиясын өз бетімен меңгеріп алыпты-мыс. Біз қазір «Абай» деп атайтын адам ерекше дарын иесі болды десек те, дала көшпендісінің қиын-қыстау өмірін кешіп жүріп, өздігінен осыншама білім мен біліктілікті меңгеріп алуы мүмкін емес нәрсе. Мысалы, біз екінші тілді меңгеру ғылымына сүйенсек, тіл үйрену – аса күрделі ми үрдісі, ол үшін сол тілде сөйлейтін ортаға толықтай сіңісу немесе ұзақ уақыт бойы арнайы сабақ алып, жаттығу – негізгі талаптар. Барлық стандарттар бойынша дарын иесі боп саналатын Иоганн Вольфганг Гетенің өзі латын, грек, француз, ағылшын және италиян тілдерін 4-5 жасынан бастап, осы тілдер ана тілі болып табылатын мұғалімдердің қадағалауымен және күнделікті дәріс алу арқылы ғана үйрене алған екен. Шіркеу мектебінде өз ана тілінде оқыған орыс балалармен қатар отырған қазақ балаға орыс тілінің аса күрделі дыбыс жүйесін және емлесін кім жеке түсіндіріп жатады? Оған қоса, 19-ғасырда Орталық Азияда білім беру әдістерінің пассивті түрлері ғана қолданылғаны да белгілі дерек. Яғни, оқып не жазуға үйретіп, сөйлем құрау машықтарын дамытудың орнына, медресе шәкірттеріне бірнеше мәтінді ауызша қайталатып, жаттатуға ғана мән берілген еді. [13]

Қазақтардың өздерінің көшпенді ата-бабаларының сауаттылық деңгейі және олардың мәдени практикалары туралы білімінің мардымсыздығы соншалық, ешбір ғалым Абайдың ресми өмірбаянының шындыққа жанаспайтынына ешқашан күмән келтірмеді. Ешкім Абайдың, яғни, өз мәдениетіне толығымен сіңіскен, Семейден асып ешқайда шықпаған, ешқашан қалалық жерде тұрмаған, 19-ғасыр көшпендісінің өз ортасынан, өз мәдениетінен неге жеріп, неге бас тартқанын түсіндіруге тырыспады.

Жуырда Абайды өз ауылынан жаңа мектеп ашқан жәдид деп көрсеткісі келгендер де болды. Абайды жәдидшілдікпен байланыстыру – қазақтардың Қазан төңкерісіне дейінгі тарихын мүлдем білмейтініміздің тағы бір көрінісі. Шындығында, жәдидшілдік Орта Азия түркілерінің ұжымдық жадындағы «ақ таңдақтың» бірі. Жақында жүргізілген тарихи зерттеуге сүйенсек, жәдидшілдік қалалық мұсылмандар бастамасымен пайда болған және мұсылмандық білім беру жүйесін реформалауды көздеген мәдени қозғалыс. Осы қозғалыс Орта Азияның ірі қалаларында 19-ғасырдың аяғына таман пайда болса да, қазақ даласында жаңа әдіске негізделген мектептер тек 1900 жылдан кейін ғана ашыла бастаған еді. [14] Бұхарада білім алып, Түркістан мен Сібірге көп саясат жасаған Жүсіп Көпей-ұлының жазбаларынан осы қозғалыстың ықпалы анық байқалады.

Абай өмір сүрген замандағы көшпенділердің тарихы, мәдениеті және оның 1928-33 жылдары ғайып болуы Кеңес заманында тыйым салынған тақырыптың бірі еді. Осы жайында қалам түрткен кез-келген Кеңес жазушысы цензураға ұшырап, қатаң жазаланды. Мәселен, 1940 жылдары көркем шығарма екені жарияланып, қазақ-орыс достығы мен ынтымақтастығы жайлы режимнің ресми үндеуіне негізделген болса да, көп томды «Абай жолы» романын жазып-шығару барысында цензурадан көз ашпаған Әуезовтің тағдырына қараңыз. [15] Немесе, пешенесі одан да ауыр болған тарихшы Ермұхан Бекмахановтың 1952 жылы жазылған «1820-1840 жылдардағы Қазақстан» атты кітабы үшін «ұлтшыл» деп айыпталып, Гулагқа жіберілгені ше?!

Режим тізгінін біраз босатқан 1970 жылдардың өзінде де бұл тақырып қауіпті болып қала берді. 1961 жылы Юрий Гагаринге арналған одасымен күллі Кеңес Одағына атағы шығып, саяси қудалауға иммунитеті мығым деген Кеңес ақыны және партия мүшесі Олжас Сүлейменовтің басына төнген қауіп ше? Орыстың орта ғасырлық мәтінінен түркі сөздерін іздеген лингвистикалық-антропологиялық АЗ и Я атты еңбегі үшін және оның алғы сөзіндегі пікірі үшін 1975 жылы ұлтшылдықты дәріптеп, көшпенді феодалдықты жақтады деп айыпталып, қуғынға ұшырады. Біріншіден, Сүлейменов: «Өз тарихи контексінен суырып алынған факт ғалымдардың жансыз ойыншығына айналады. Өйткені факт – дәуірдің өзегі. Ол атмосфераға оранған Жер сияқты, өз уақытының әлемінде тіршілік етеді. Білімге нұқсан келтірмей, оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес», - деген еді. Бұл мағлұматтың соңынан одан неше есе қауіпті декларация жасалды: Сүлейменов «қателесуге» және «тыйым салынған тақырыптар жайында өз пайымын жасауға» құқығы бар екенін мәлімдеді. [16] Сүлейменовті қатаң жазадан құтқару үшін бұл іске шұғыл түрде Дінмұхаммед Қонаевтың кірісуіне тура келді.

Қазақ мәдениетінің түркі және көшпенді тегін жадында сақтауға ұмтылған қазақ зиялыларын қатаң жазалаған Кеңес үкіметінің стратегиясы айқын еді: қазақтардың ұжымдық жадынан шыққан тегін мүлдем өшіру. Осы мақсатқа жету үшін Кеңес билігі мәдени өндіріс саласында екі тәсілді қолданды: басып-жаншу және алмастыру. Осы тарауда қарастырылып отырғаны – екінші тәсіл. Себебі осы әдіс тарихтың белгісіз және ұзақ уақыт әдейі еленбей келген тағы бір саласында, атап айтқанда1930 жылдары Сталиннің ұлттық саясаты аясында жүзеге асырылған халық ауыз әдебиеті үлгілерін аудару және кітап қылып шығару жобаларында кеңінен қолданылған еді. Осы жобалардың қалай іске асырылғаны жайлы зерттеулер де бізге Абайдың өмірі мен шығармашылығын қажетті деңгейде түсінуіміз үшін аса қажетті және өте маңызды тарихи контекст ұсынатынына төменде тоқтала кетпекпіз.

Соңғы он жылдықтарда орыс және батыс ғалымдары 1930 жылдары ҚСРО-да жүзеге асырылған ауқымды аударма және кітап шығару жобаларын зерттей бастады. Осы зерттеулердің нәтижесі Абайдың шығармаларының шығу тегіне алаңдайтын оқырмандар мен ғалымдарға ой салуы тиіс. Себебі, дәл осы жылдары Абай да ұлттық ақын мәртебесіне көтеріліп жатқан еді. Ерекше атап өтетін жайт – зерттеушілер 30-жылдары баспаханалар, газеттер мен радио арқылы жарнамалаған қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін насихатшылардың өздері жазып, кейде мүлдем бұрмалап ұсынған екі кең ауқымды әдеби жобаның орын алғанын дәлелдеді.

Бірінші жоба – 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ мәдениетінің он күндігінде қазақтың халық шығармашылығын (народное творчество) таныстыруға шақырылған тоқсан жастағы дарынды халық ақыны Жамбыл Жабаевқа қатысты. Осыдан кейінгі жылдарда бір топ Кеңес ақындары мен аудармашылары Жамбылдың белгілі бір тақырыптарға жазылған суырып салма өлеңдерін жазып алып, оны өзгертіп, Кеңес үкіметі мен Сталинді мадақтау жырларынаа айналдырып, Жамбыл ақынның бірегей дарынын барынша қанаған еді. Осы жырлар барлық орталық газеттерден жарық көріп, Кеңес Одағының көп тілдеріне аударылып, Жамбылды күллі ҚСРО-ның Сталинді мадақтаушы ұлттық ақыны мәртебесіне көтерді. Жамбылдың өлеңдерінің бұрмаланғаны Сталин өлгеннен кейінгі кезеңнің өзінде-ақ әшкереленген еді. Есмағамбет Исмаилов сияқты қазақтың ғалымдары Жамбылдың 1938 жылы басылып шыққан «Путешествие на Кавказ» атты өлеңдер жинағындағы көптеген жырлардың түпнұсқасы мүлдем болмағанын, яғни, оларды Жамбылдың өзі жазбағанын айтқан болатын. [17] Кейінгі жылдары басқа ғалымдар осы зерттеуді ары қарай жалғастырды. Олар Жамбылдың өлеңдерінің («Туған ел» сияқты бірінші рет Правда газетінде 1936 жылы жарық көрген ) қаншалықты бұрмаланғанына талдау жасап қана қойған жоқ, бірақ Жамбылды әртүрлі медиа көздері арқылы дәріптеуге жұмылдырылған үлкен өндіріс желісінің болғанын ашып көрсетті. [18]

Жамбыл ақынның жағдайы Абай мәселесін зерттеушілерді де алаңдатуы тиіс. Себебі осы екі жағдайдың арасында біраз ұқсастық бар. Біріншіден, қазақтың бай ауыз әдебиетінің мұрагерлері болып саналатын Жамбыл мен Абайдың екеуі де ауызша мәдениет ақындары болып саналды. Ал ауыз әдебиеті – қағазға түсірілу барысында мазмұны бұрмаланып, өзгеріске ұшырауға жеңіл келетін осал жанрлардың бірі. Екіншіден, Жамбыл мен Абай «қазақтың ақындық өнерін таныстыру» мақсатымен бір уақытта және бірдей жағдайларда, 1930 жылдары Сталиннің ұлттық саясаты аясында таңдалып алынған ақындар. Үшіншіден, ұлттық ақын мәртебесіне көтерілген Жамбыл мен Абай екеуінің айналасында да жеке басқа табынушылық үрдісі өрбіді. Жамбылдың жағдайында жеке басқа табынушылық Сталиннен кейінгі кезеңде тез басылып қалды да, Абай тұлғасына табыну әлі күнге дейін жалғасып келеді. Абайдың осы Кеңес насихатшылары ұсынған бейнесіне еш сызат түспей, осы күнге дейін неге өзгеріссіз жалғасып келеді? Бұл Абайдың және оның шығармаларының еш бұрмалауға ұшырамағанынан ба? Әлде бұл біздің «Абай» деген адам туралы және оның жазбалары туралы хабарымыздың аздығынан ба? (Біз бұл сұраққа кейінірек ораламыз).

Екінші жағдай – 1937 жылы Правда газетінің бастауымен «Кеңес одағы халықтарының шығармашылығы» (Творчество народов СССР) деген атаумен жарық көрген халық жырлары мен қысқа әңгімелер антологиясына қатысты. Айтулы антологияның мақсаты екіжақты болды: Қазан төңкерісінің 20 жылдық мерейтойын атап өту және Кеңес Одағы республикаларының этникалық және тілдік саналуандығын мадақтау. Десек те, осы үлкен көлемді жобаның Ресей Мемлекеттік Әдебиет және Өнер Мұрағатында (РГАЛИ) сақталған әкімшілік құжаттарын зерттеу барысында филолог Елена Земскова осы «аудармалардың» көбін түпнұсқа тілді мүлдем білмейтін бір топ орыс ақындарының жүзеге асырғанын анықтаған еді. Ол аз болғандай, антологияның қазақ бөліміндегі құжаттарда транскрипция мен қазақ тіліндегі мәтіндер мүлдем болмай шыққан. [19] Яғни, антологияның қазақ бөлімін орыс ақындары мен редакторлары өздері жазған. Ал жазбаша әдеби дәстүрі мықты өзбек сияқты тілдерден аударылған өлеңдер барынша бұрмаланған.

Бұл зерттеулер қазақ ақындарының өлеңдері, әсіресе, халық ауыз жырларын Кеңес насихатшылары қағазға түсіргенде біраз бұрмаланғанын растайды. Сондықтан осы зерттеулерді болашақ Абайтанушылардың ескеруі абзал. Абай халық ауыз ақыны болмаса да, өз қолымен жазған немесе оның авторлығын растайтын жазбаша құжаттар болмағандықтан, оның өлеңдері де кез-келген ауыз әдебиетінің туындысы тәрізді өзгертуге осал.

Толғандыратын тағы да бір мәселе бар. Алғаш рет 1933 жылы «Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ» атауымен жарық көріп, 1940 жылы орыс тіліне аударылған кітап жобасы мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып, басылып шыққан еді. Бұл жоба көптеген редакторлар мен аудармашылардың көмегімен әзірленіп, кеңінен дәріптелді. Бұл кітап жобасы да Жамбылдың кітаптары мен Правда газетінің ұйымдастыруымен шыққан антология сияқты, тікелей Мәскеудің қолдауымен жүзеге асырылды.

Бәрінен де маңыздысы – бұл жинақты 1940 жылы орыс тіліне аударып, баспа жұмысына дайындағандардың көбі жоғарыда аталған екі жобаға қатысқан идеолог редакторлар мен аудармашылар. Сталиннің протежесі болған әдеби сыншы Николай Соболев 1940 жылғы аударманың алғысөзін («Поэт-мыслитель» атты мақаласы) жазып қана қойған жоқ, ол сонымен қатар Жамбылдың шығармашылығын жарнамалаумен де айналысқан еді. [20] Ақын Мария Петровых пен Всеволод Рождественский 1937 жылы Правда газеті шығарған антология үшін армян, болгар, грузин және серб тілдерінен аударса, 1940 жылы Абайды қазақшадан аударуға қатысты. 1940 жылғы Абайды аударуға қатысқан ақын Марк Тарловский екінші дүниежүзілік соғысының басында Жамбылдың жеке хатшысына айналып, Жамбылдың соғыс туралы өлеңдерінің барлығын аударып отырған.

Аталған ақын-аудармашылардың қазақ тілін (немесе басқа тілдерді) мүлдем білмегені аса маңызды болып есептелмеді. Өйткені, жоғарыда аталған антологияны зерттеген Земскова көрсеткендей, осы кезеңдегі көлемді аударма жобаларында екі түрлі аудармашылар тобы жұмыс жасаған. Аудармашылардың бірінші тобы – түпнұсқа тілді жетік білетін және сөзбе-сөз аударма (подстрочник) әзірлеген белгісіз адамдар. Жобалардың әкімшілік құжаттарында бұл аудармашылар туралы әдетте ешқандай дерек берілмеген. Ал екінші топтың құрамына кірген атақты орыс ақындары – тілді білмесе де, осы белгісіз аудармашылар жасаған сөзбе-сөз аудармаларға Кеңес өмірінің идеалды бейнесін кірістіру тапсырылған режимнің сенімді адамдары еді. Жарияланған кітаптарда әдетте аудармашы ретінде осы ақын-аудармашылардың есімдері ғана көрсетілді. [21]

Кеңес дәуірінің көпке беймәлім осы практикасы жайлы ақпаратты мүлдем күтпеген жерден кездестіреміз. Ол – ҚСРО-да ұзақ уақыт тыйым салынған орыс ақыны Осип Мандельштамның 1990-жылдары ғана жарық көрген жырлары. Мария Петровыхпен жақын дос болған Мандельштам Сталиннің аударма жобаларының мағынасыздығынан әбден хабардар болса керек. Өзінің 1933 жылы жазған бір өлеңінде ол былай депті:

Татар, өзбек, ненецтер, Еділдегі немістер, Күллі украин ел-жұрты, Аударма жайын күтіп жүр.
Кім білсін, қазір мені де, Сөйлетіп таза түрікше, Жатыр ма бір жапондық, Жаныма терең үңіле. [22]

Мария Петровых және басқа аудармашы-идеологтардың Абайдың өлеңдерін аударуға қатысқаны Абай шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдарға үлкен ескерту. Егер дәл осы аудармашы-идеологтар басқа да ірі жобалардың бұрмалануына қатысқан болса, олардың Абай өлеңдеріне деген көзқарасы неге басқаша болуы тиіс? Абайдың өлеңдерінің қаншалықты бұрмаланғанын анықтау үшін, оның өлеңдерінің араб қарпімен жазылған ең алғашқы нұсқаларын анықтап, соларды 1940 жылғы аудармасымен салыстыру қажет.

Жоғарыда келтірілген үш оқиға арасындағы ұқсастықты дәлел деп тану қателік, әрине. Дегенмен, осы оқиғалар бізге сабақ және Абайдың оқырмандары мен Абайтанушыларды Абайдың атынан ұсынылған дүниелердің мағынасына мән беруге, мұқият болуға үйретуі тиіс. 1930 және 1940 жылдардағы ірі әдеби жобалардың мұрағаттық деректері табылып, сараланып, ертеректегі қазақ тіліндегі нұсқалары анықталып, орыс тіліндегі аудармасымен салыстырылып талданбайынша, Абайдың шығармаларының бұрмалануы ықтимал екенін естен шығармауымыз керек.

Ең бір өкінішті жағдай – бұрмалау дәстүрі ҚСРО-ның құлауымен аяқталған жоқ. Егер Абай туралы соңғы жылдары пайда болған қосымша әдебиетке көз жүгіртсек, мәтіндерді, тарихи деректерді бұрмалау, ешбір дәлелі жоқ ақпарат тарату, тіпті жоқ деректерді қолдан жасай салып, жоқ кітапты басып шығару да әлі күнге дейін жалғасуда! Оларды қадағалап отырған ғалымдар да байқалмайды. Алайда, қандай да дәлел үшін жалған ақпарат беріп, мәтіндерді өзгерту, дереккөздерді қолдан жасау әрқашан теріс нәтиже береді: Абайдың ақындығын бағалай білетін оқырмандар мен ғалымдар аз емес және олардың күдігі одан сайын арта түсті. Бірақ басты сұрақ: осы жасанды не бұрмалаған деректерді ұсынып отырған адамдар нені жасырмақ? Олар кімді алдамақ?


Бұл сұрақтың жауабы да сол 1930 жылдардан, яғни, Абай ұлттық ақын мәртебесіне көтерілген кезден табылады. Абай 20-ғасырдың басында Алаш Орданың ұлтшыл жазушылары өлеңдерін басып шығарып, ағартушы ретінде жарнамалағанға дейін ақын ретінде мүлдем танымал болмаған еді. Абай 1933 жылы Кеңес үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылған жобалар нәтижесінде ғана атақты ақын болып шыға келді. Дәл сол сәтте жүздеген мың қазақ Сталиннің бұйрығымен көшпенділік өмір салтын мүлдем жоюды көздеген жойқын ұжымдастыру салдарынан жаппай қырылып, тірі қалғаны бүкіл ҚСРО аймағына тентіреп, қайыр тілеп кеткен еді. [23] 1928-1933 жылдар аралығындағы Ашаршылық қазақ халқының 40 пайызының өмірін жалмап, қазақ тарихындағы ең аянышты оқиғаға, сонымен қатар, мүлдем тыйым салынған тақырыпқа айналды. Бұл сұмдық апат қазақтардың ұжымдық жадын өшіру үрдісін жылдамдата түскен нағыз катализатор болған еді.


Сталиннің насихатшыларын 19-ғасырда өмір сүрген көшпенді Абайды «өз табын сынаған, яғни, Кеңес режиміне жақтас ақын» қылып жарнамалауға осыншама қаржы мен күш-қуат жұмсауға жетелеген осы 1928-33 жылдары қазақ даласын жайлаған Ашаршылық себеп болды ма екен? Кездейсоқ жағдай деуге бұл сәйкестік тым күшті сияқты. Дегенмен, бұл сұраққа жауап табу көп зерттеуді қажет етеді және жауаптың оңай табылмайтыны анық, себебі осы оқиғалар арасындағы байланысты зерттеуге қажетті архивтердің есігі әлі күнге дейін жабық.


III. Абай кім болған?


Абайдың біз білетін өмір тарихы тек қана 20-ғасырдың орта шенінде анықталып болды. Кешегі 19-ғасырда өмір сүріп, қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деп есептелетін адам үшін бұл біртүрлі құбылыс. Абайдан үш жүз жыл бұрын туған Уильям Шекпир туралы да құр сөз емес, адам сенуге тұрарлық, дәлелі бар деректер табылған еді. Егер фактіні қиялдан, шындықты жасанды деректен ажырататын болсақ, «Абай»» деген адам туралы білеріміз өте аз екенін мойындауымыз керек. Сыншы Ілияс Жансүгіров осы мәселе жайында сонау 1933 жылы, Абайдың шығармаларының толық жинағының алғашқы басылымына жазған кіріспесінде ескерткен еді. «Абай әлі тексерілген жоқ... Абай туралы мәселелер әлі күнге дейін дақпыртпен, алып-қашпамен, әркім өз ойынша созғылаумен келеді»,- деп жазды ол аталған кіріспенің бірінші бетінде. «Абай туралы жазылған мағлұматтарда анық ортамен байланыстырарлық, анықтап таныстырарлық көп материалдар, өмір фактілері, алысқан, айналысқан, танысқан кісілері жақсы көрсетілмеді. Ақынның үй тұрмысы, өз қылықтары, қара басының маңызды жақсы-жаман істері тексеріліп тізілмеді», - деген еді сыншы. [24]


Біз Абай туралы не білеміз? Ресми өмірбаянына сүйенсек, Абайдың толық аты Абай (Ибраһим) Құнанбай-ұлы. Алайда, 19-ғасырдағы нағыз көшпенді қазақтың аты «Ибраһим» емес, «Ыбырай» болуы керек еді, өйткені сол кездегі қазақтар қолданған дыбыс жүйесі бойынша «Ибраһим» деп атау мүмкін емес еді. Оған қоса, егер оның есімі шын адамның есімі болса, оған осыншама символикалық мағына берілмес еді. Біріншіден, Ибраһим – Құранның 14-сүресінде өз халқын қараңғылықтан жарыққа бастайтын пайғамбардың есімі болса, «Абай» («сақ» немесе «зейінді») деген лақап есімі тағы бір символикалық мағына қосады: қазіргі ресми өмірбаяны бойынша, сәбидің ерекше қабілетін байқап қойған анасы/әжесі «Абай» деп атапты-мыс. Ал шындыққа келсек, «Абай» деген лақап есімнің еш символикалық астары болуы қажет емес қой. Ақынның кіші інілері «Ыбырайды» дұрыс айта алмай, «Ыбай» деп атап кетуі де мүмкін еді. Қазақстанның ең атақты ақынының аты-жөніне шектен тыс символикалық мағына берілуі осы есімдердің ақынның нағыз есімі болмауы ықтимал екендігін меңзейді.


Абайдың өмірбаянындағы адам сенгісіз символикалық оқиғаларға қатысты ешбір сыншы не тарихшы күдік танытып, ешқашан сұрақ қоймағаны бір жағынан өте қызықты құбылыс, ал екінші жағынан – Кеңес азаматтарының бір жақты білімі адамның өздігінен ізденіп, сұрақ қою қабілетін жойып, біреудің айтқанын тотықұс құсап қайталай беруге ғана үйретті. Мысалы, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абайдың ең алғашқы өмірбаяны – 1905 жылдың қазан айында орыс тілінде жарық көрген қазанама еді. Бірақ осы қазанаманың ақын көз жұмғаннан кейін бір жылдан аса уақыттан кейін, бірақ қазақтар Ресей империясына қарсылық көрсету үшін алғаш рет бас қосқан Қоянды петициясынан кейін 3 ай өте жарық көргеніне әлі күнге дейін мән берілмепті. Осы өмірбаянды жазған саяси белсенді және әдебиет білгірі Әлихан Бөкейхановтың Абайдың қайтыс болған күнін символикалық датаға, яғни, Абайдың сүйікті баласы Мағауияның «қырқымен» байланыстырғанына қатысты да ешбір пікір айтылған емес. [25] Бірақ осы символизм Абайдың өмірбаянына 1933 жылы тағы бір баласының есімін –Ақылбайды қосқан Кеңес насихатшыларының назарынан тыс қалмағаны анық. [26] Бөкейхенов жазған өмірбаянда Абайдың осы баласы жайлы ешнәрсе жазылмаған, бірақ Кеңес насихатшыларының айтуынша, Ақылбай әкесінің «қырқы» өткен күні Семейде қайтыс болыпты-мыс. Мелодрамаға жақын бұл символизм шындыққа ешбір жанаспайды, бұл – миф, аңыз. Бұл жайлы неге ешбір Абайтанушы сөз қозғамаған?


1990 жылдарға дейін Абайдың туған күні нақтыланған емес. Оның туған күні 1845 жылдың 10-тамызы екені кенеттен қандай дерекке сүйеніп табылғаны жайлы ешбір ғылыми анықтама берілген емес. Дегенмен, ешқандай жазба деректері болмаған көшпенділер туған күнді шамалап, белгілі бір жағдаяттармен байланыстыра отырып, есте сақтағаны (мысалы, «тауық жылы, жайлауға көшкенде туған» деген сияқты) күллі қазаққа мәлім. Сталиннің жаппай ұжымдастыру науқаны көшпенділердің өмір салтын жойып жібергенге дейін осы дәстүр қолданыста болды. Егер Абай 19-ғасырдың нағыз көшпендісі болса, оның аты-жөні қалай символикалық мағынаға ие болып, туған күні қалай анықтала қалды?


Жансүгіров ескерту жасаған кездің өзінде сомдалып жатқан ресми өмірбаяны бойынша, Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы – 2 томға жуық еңбегі бар еселі ақын, аудармашы, композитор және ойшыл болыпты. Сонымен қатар, ресми өмірбаянына қарасақ, Абай – ауқатты, өздігінен білім алған қазақ, дала көшпендісінің қиын-қыстау өмірін кешіп жүріп, қуғынға ұшыраған саяси босқындарға пана болып, жеке адамдарға қомақты қаржылай көмек беріп, аймақтық музейлерді қолдап, өз бетімен орыс, парсы және араб тілдерін үйреніп, Патша үкіметінің санақ комитетінің мүшесі болып, Семей болыстығында саяси айдауда жүрген орыс халықшылдарымен (народники) шығыс және батыстың пәлсапасын талқылапты-мыс. Осыны кім шын адамның өмірбаяны деп сене алады?


Оның үстіне, жазушының өмір сүргенін дәлелдейтін Абайдың өз қолымен жазған қолжазбалары, оның өз рұқсатымен жарияланған еңбектері немесе қолы қойылған хаттардың өзі де жоқ, ізі де жоқ. Абай көзі тірісінде көп хат жазысыпты, бірақ ол хаттардың бірде-бірі сақталмапты-мыс. Ал Абай хат алысып тұрыпты-мыс Северин Гросс және Евгений Михаэлис секілді жер аударылған азаматтардың жеке хаттарынан да Абай жайлы бір де бір дерек не сілтеме табылмаған еді. 1935 жылы сыншы Ғаббас Тоғжанов «Абай» атты көлемді монографиясында орыс халықшылдарының Абай жайлы ешбір сөз қозғамағанын жазған болатын. Алдымен Алаш көсемдерін (Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовты) «бәрі де Абайды ауылдағы надан қара қазақша мақтайды» деп сынаған Тоғжанов, артынан ақынның 1930 жылдары насихаттала бастаған ресми өмірбаянына да күмән келтірді. [27] Тоғжановтың пікірінше, ақынның өмір тарихында Лев Толстой және Михаил Салтыков-Щедрин сияқты орыс ойшылдарының ықпалы асыра айтылған, себебі олардың аты-жөні «Интернатта оқып жүр» деген өлеңде жай аталғаны болмаса, Абайдың шығармаларынан мүлдем көрініс таппаған. [28] Тоғжанов Абайдың Долгополов, Гросс және Михаэлис секілді жер аударылған орыс халықшылдарымен қандай-да бір қарым-қатынасы болғанына да күмән келтірді. Тоғжанов өз зерттеуінде мұрағатты қазбалап, Абайдың олармен достығын немесе байланысын дәлелдейтін ешбір құжат не дерек таппағанын және ең маңыздысы – осы аталған адамдардың мақалалары мен хаттарынан да Абайға бірде-бір сілтеме кездестірмегенін жазды. [29]


Абай жайлы ешбір жазбаша дәлелдің болмағаны түсініксіз құбылыс, өйткені Абайдың ресми өмірбаянына сүйенсек, ол дала көшпендісі болғанымен, дәстүрлі халық ақыны болмаған. 1913-жылдың өзінде Абайдың шығармалары жайлы алғашқы сыни мақала жазған Ахмет Байтұрсынов Абайдың поэзиясының жаңашылдығын, оның суырып-салма ақындардан өзгешелігін атап өткен болатын: «1903-інші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең...» [30] Абай – ауызша емес, жазбаша ақындық өкілі. Әсем бейнелер мен терең ойлары көркем сөзбен нақты суреттеліп, мінсіз ырғағы әуенге ұласқан бұл өлеңдердің эстетикасына 19-ғасырдың ұлы классиктерін аудару шабыт берген сияқты. 70-ке жуық лирикалық өлең, үш-төрт поэма, 40-50 шақты өлең аударған және 45 прозалық мәтін жазған адамның артында өз қолымен жазған бірде-бір парақ қалмауы мүмкін бе?


Ресми түрде Абай өмір сүрді деп саналатын 1845-1904 жылдары баспадан 2-ақ өлеңі шығыпты. Бұл екі өлең де 1889 жылы қазақ және орыс тілінде басылған «Дала Уалаятының Газеті» атты баспадан жарық көрген. Алайда, «Абай» деген есім осы өлеңдерге тек қана жиырмасыншы ғасырда белгілі бір жағдайларда қосылды (бұл мәселе төменде талқыланады). Абайдан ешбір жазбаша айғақ қалмағанына қатысты «Абайдың жеке заттары 1930 жылдардағы аласапыранда жоғалып кетіпті» деген уәж жиі айтылады. Бұл уәжге сендік делік, бірақ бұл уәж – Абай көзі тірісінде араласып, хат алысып тұрды деген білімді адамдардың біреуінің де хатынан немесе мұрағатынан «Абай» атты адам жайлы неге ешбір жазбаша айғақ табылмады деген сұраққа жауап бермейді.


Елу жылдан кейін, Кеңес заманында ғана, Абайдың «хатшысы» Мүрсейіт Бікіұлы өз қолымен көшіріп алыпты-мыс 3 қолжазба Абайдың шынымен де өмір сүргеніне және оған тиесілі деген барлық өлеңдер мен прозалық мәтіндердің авторы екеніне дәлел ретінде ұсыныла бастады. Дегенмен, Мүрсейіт Бікіұлы мен оның көшірмелеріне қатысты жауабы жоқ сұрақтар да жетерлік. Біріншіден, көшірмелерді жазуға 1904 жылы кіріскен Мүрсейіттің қолында ұстазының өзінің қолжазбалары болды ма? Егер болмаса, онда ол 200 беттен астам өлең мен прозалық мәтінді қалайша өз жадынан немесе басқа біреулердің аузынан жазып алған? Ал егер қолында болса, онда ол неге ұстазының қолжазбасын өз қолжазбасымен ауыстыру қажет деп шешті? Оған қоса, ол өз ұстазының шығармаларын қандай себеппен бір рет емес, үш рет – 1905, 1907 және 1910 жылдары көшіріп жазған?


Бұл сұрақтарға осы мақала көлемінде жауап беру мүмкін емес, себебі біздің Мүрсейіт жайында білеріміз Абайдан да аз. Абайдың өлеңдерін алғаш болып таныстыра бастаған «Қазақ» газетінің редакторлары мен жазушылары 1913-1918 жылдары Мүрсейіт пен оның «қолжазбалары» жайлы ләм-лим демеген еді. Абайдың 45 прозасын алғаш болып таныстырған кеңестік сыншылар мен редакторлар да 1930-1940 жылдары Мүрсейіт пен оның «қолжазбалары» жайлы сөз қозғамады.


Әйтсе де, 2005 жылы Зәки Ахметов, Қайым Мұхамеджанов, Мекемтас Мырзахметовтың қатысуымен әзірленген Абай шығармаларының толық жинағының редакторы Есенбай Дүйсенбайұлы – басылымдағы барлық мәтіндердің ертеректегі нұсқаларымен (1909, 1916, 1922, 1933, 1945) және Мүрсейіттің «қолжазбасымен» салыстыра отырып расталғанын айтады. [31] Абайдың өзінің қолжазбалары болмауы себепті ғалымдар Мүрсейіттің «қолжазбаларын» маңызды дереккөз деп санайды. Алайда, бұл «қолжазбадағы» мәтіндердің авторы Мүрсейіт емес, Абай екеніне қандай дәйек бар? Бұл мәтіндердің авторы Мүрсейіттің өзі емес екенін кім дәлелдей алады?


Мүрсейіттің 1905 және 1910 жылғы «қолжазбасы» 200 беттен тұрады, ал 1907-жылғысына «Қазақ халқының шығу тегі туралы бірер сөз» деп аталатын тарихи мәтін қосылып (тағы басқа материалдар), 232 беттен тұрады. Егер осы мәтіннің авторы Мүрсейіттің өзі болмаса, ол неге 1907 жылғы «қолжазбаға» аталған мәтінді қосып, 1910 жылғысына қоспай ұмытып кеткен? Біздің бұл сұраққа да жауабымыз жоқ. Осы аталып отырған жылдардан кейінгі уақытта Мүрсейіттің «қолжазбасы» қайда болыпты? Бұған да жауап жоқ. Бір білеріміз – Мүрсейіттің «қолжазбалары» бұқараға тек қана 1950 жылдары таныстырылды. [32] Сондай-ақ, біз 1905 және 1910 жылғы «қолжазбалардың» Алматыдағы орталық ғылыми кітапхананың қорында екенін білеміз. [33] Абайдың 2005-ші жылғы толық жинағын әзірлеген редакторлардың сөзіне сүйенсек, 1907-жылғы көшірмесі 1950-жылдарға дейін Мұхтар Әуезовтің жеке меншігінде болып, қазір Мұхтар Әуезовтың музейінде екен. [34]


Мүрсейіт пен оның «қолжазбасына» қатысты сұрақтардың жауабын табу үшін 20-ғасырдың басында қолданылған арап қарпін жетік білетін тіл мамандары (кәсіби лингвист) мен форензика мамандарынан тұратын білікті ғалымдар тобының көмегі қажет. Тіл мамандары осы «қолжазбаның» құрамына кірген өлеңдер мен проза жұмыстарын барлық басылымдарымен және 2005-ші жылғы Абайтанушылар әзірлеген толық жинағымен салыстыра отырып, олардың бастапқы және соңғы нұсқаларын, олардың тарихын мұқият анықтауы тиіс. Ал қол жазуын, қағаз бен сияның мерзімін анықтай алатын арнайы әзірлігі бар форензика сарапшылары Мүрсейіт «қолжазбасының» жазылу уақыты мен шығу жағдайын, тіпті автордың да кім екенін анықтай алады. (Әрине, қазіргі жағдайда мүдделі топтардың бұндай ғылыми жобаға жол бермесі анық, дегенмен жасырақ буын ғалымдарына бұл жайлы ойлану қажет).


Ресми түрде, Абай шығармаларының каноны төрт дереккөзге негізделген: Мүрсейіттің үш «қолжазбасы» және 1909 жылы Санкт-Петербургте шықты деп саналатын Абай өлеңдерінің алғашқы басылымы. Мәтіннің мерзімі мен түпнұсқалығын электронды нұсқасы негізінде анықтау мүмкін емес, алайда, 1909 жылғы кітаптың орталық ғылыми кітапхана жариялаған екі электрондық көшірмесі де көп күмән тудырып үлгерді.


Біріншіден, осы екі көшірменің де беттері неге соншалық нашар күйде (желімделген)? Бұл – бір ғасыр бұрын ғана жарық көрген кітап үшін қалыпты нәрсе емес. Дәл осы кезеңде шығарылған басқа кітаптар, мысалы, Жүсіп Көпей-ұлының кітаптары, өте жақсы күйде сақталған. Екіншіден, сол заманда шыққан басқа кітаптардан өзгеше, осы екі кітаптың да шыққан уақыты мен орнын көрсететін ішкі-сыртқы колофоны жоқ. Ресми ақпарат бойынша, кітап Санкт-Петербургтегі Бораганский&К баспасынан шыққан, бірақ не сыртында, не іщінде колофоны жоқ болғандықтан, бұл ақпаратты растау тіптен мүмкін емес. Колофонның жоғына қоса, мәселені қиындата түсетін тағы бір нәрсе – 1900 жылдары қазақ тіліндегі кітаптар Санкт-Петербургте емес, Қазанда немесе Орынборда шығарылған еді.


Үшіншіден, кітаптың бір көшірмесінің мазмұнында өлеңнің атауының оң жағынан латын қарпімен жазылған жылы көрсетілген. Арап қарпімен шыққан кітапта латын қарпі қолданылмайтынын атамағанда, кітап мазмұнының үлгісі 1909 жылы жарық көрген басқа кітаптарда кездеспейді. Бұл кітап мазмұнының кестеге ұқсас және сандары латын қарпімен берілген үлгісі Абай өлеңдерінің 1940 жылы орыс тіліндегі аудармасының кітапханадағы алғашқы нұсқасына (черновик) көбірек ұқсайды. [35] Оған қоса, Мұхтар Әуезов 1940 жылдары Абайдың ешқандай суреті жоқ екенін басып айтқан еді, ал осы кітаптардың бірінде Абайдың суреті қайдан жүр? [36]


Қазір біздер Абай туралы білеміз деп жүрген ақпараттың негізгі дереккөзі – Мұхтар Әуезовтің 1942-1952 жылдары жарық көрген «Абай жолы» романы. Әуезовтың ата-бабасы Абай «туып-өскен» аймақтан екенін білсек те, көркем шығарма әсте шынайы өмірбаян деп қаралмауы тиіс. Роман мен өмірбаян – мүлдем өзгеше жанрлар, өйткені, көркем әдебиет авторлары өмірбаян зерттеушілер сияқты құжаттарға тәуелді емес, олар шығармадағы оқиғаларды суреттеу үшін әр алуан мәліметтерді, тіпті кейде автобиографиялық, яғни, өз басынан өткен жағдайларды да қолдануға ерікті. Роман алғаш рет жарық көргеннен бастап-ақ Кеңес сыншылары мен идеологтары көпшілік оқырманның роман туралы ойын шатастыруға үлкен үлес қосты. Олар Әуезовтің романын Кеңестік «тарихи эпопея» үлгісі деп мақтап, романды идеологиялық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ фактілер тұрғысынан да шынайы деп соқты.


Сол уақыттан бері «Абай десек Әуезов, Әуезов десек Абай дегеніміз» деген қағида қалыптасты. Алайда, Абайдың «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» [37] атты ең алғашқы және кейін ықпалы аса зор болған өмірбаянын 1905 жылы Әлихан Бөкейхановтың орыс тілінде жазғаны, ал Мұхтар Әуезовтің Абайдың шығармашылығымен тек қана 1933 жылдан бастап айналыса бастағаны жайлы 2000-жылдарға дейін оқырмандардың басым көпшілігіне беймәлім болды. Әуезов Бөкейханов жазған өмірбаян нұсқасын өзгертпей, Абайдың ата-бабалары туралы, әсіресе, Абайдың әкесі туралы ақпаратты кеңейтіп, көп ұзамай-ақ роман жанрына бұрылып кеткен еді. Ал Абайдың әкесінің Әуезов сомдаған көркем бейнесіне қарасақ, Әуезов шабыт алған дереккөздердің бірі – Сібірге жер айдалып, 1846 жылы Қазақ даласындағы санақ экспедициясына қатысқан «Адольф Янушкевич» есімді поляк ақынның күнделігі екенін байқамау мүмкін емес. Янушкевич күнделігінде руластары салықтан қашып жасырған жылқы санын Патша үкіметінің өкілдеріне айтып қойып, оларды сатып кеткен уезд әкімшісі «Құнанбай Өскенбай-ұлы» деген қу қазақты ұзағынан суреттейді. Янушкевич бір жағынан көшпендінің өз руластарына қатысты екіжүзділігі мен қатыгездігіне жағасын ұстаса, екінші жағынан, орыс заңдары мен шариатты жатқа сайрап отырған қара қазақтың шешендігі мен біліктілігіне, оның руластарының арасындағы беделіне қайран қалады. Янушкевичтің күнделігі 1966 жылы орыс тіліне аударылып, Алматыда белгісіз бір баспадан жарық көргелі, Абайдың әкесі Құнанбайдың және Абайдың өзінің шын өмір сүргенінің айғағы ретінде дәйек көз болып есептеліп келеді. Алайда, күнделікте болыстың баласының аты-жөні мүлдем аталмағандықтан, бұл дереккөзді жазбаша дәлел ретінде санау – ғылыми қателік.


Біздің Абай туралы жалпылама хабарымыздың тегі болып табылатын, бірақ қазақтарға аса таныс емес дереккөздің бірі – АҚШ тілшісі және саяхатшысы Джордж Кеннанның «Сібір және жер аудару жүйесі» атты кітабы. Кітап ресми түрде 1891 жылы ағылшын тілінде жарық көріп, оның шетелде шыққан орыс тіліндегі аудармасы Ресейге астыртын жеткізіліп, әсіресе қуғынға ұшыраған саяси белсенділер мен төңкерісшілдер арасында бұл кітап аса танымал болған еді. [38] Осы кітаптағы бірер параграф Абайдың өмірбаянының кейбір тұстарын құрастыруға негіз болды. Дегенмен, қазірде Абайға қатысты қазақ және орыс тілді материалдарда мүлдем бұрмаланып беріліп жүрген осы бөліктерін мұқият оқысақ, ондағы деректердің біз қазір «Абай» деп атайтын адамға қатысы өте аз екенін байқаймыз.


Ескеретін ең маңызды бір мәселе – Джордж Кеннан «Абайдың» өзін көрмеген адам. Кеннан Семейге 1885 жылы осы аймаққа жер аударылған саяси белсенділердің жағдайын зерттеу үшін барған тілші. Қалашықтағы жаңадан ашылған жалғыз кітапханадан «Батыс ойшылдары Спенсер, Бокль, Льюис, Милль, Тэн, Леббок, Тайлер, Хаксли, Дарвин, Лайель, Тиндаль, Альфред Рассел Уоллес, Маккензи Уоллес және Сэр Генри Мэн еңбектерін көріп, таң қалған» Кеннан айдауда жүрген 25 жасар Александр Леонтьевпен сұхбаттасады. Жаңа кітапхананың қалашық тұрғындарына ұсынар интеллектуалдық пайдасы жайлы әңгіме үстінде Леонтьев Кеннанға «кітапханаға келіп қана қоймай, сонымен қатар Бокль, Милль және Дрейпер сияқты авторларды оқитын Ибрагим Конобай атты көзі ашық кәрі қырғызды (a learned old Kirghis)» танитынын айтады. [39]


1913-жылы Абай жайлы алғашқы сыни мақала жазған ақын және филолог Ахмет Байтұрсынов Абайдың шын есімі «Ибраһим Құнанбай-ұлы» екенін мәлімдеп, «Тәржіме хәлін жазушы Әли Хан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай Ісбенсір, Лүиіс, Дірибір деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған», - деп жазды. [40] 1940 жылы ақынның орыс тіліндегі өмірбаянында Мұхтар Әуезов: «По свидетельству ссыльных его друзей, Леонтьева и других, Абай систематически занимался западной философией, Спенсером, Спинозой, интересовался учением Дарвина», - деп жазды. [41] Әуезов тізімге Дарвинді текке қоспағанына да мән берілуі қажет, себебі Кеңес үкіметі үшін Чарльз Дарвин ілімі аса маңызды болған еді. Ал 2008 жылы Абайдың өмірбаянын жазған Ресей ғалымы Николай Анастасьев Абайдың Семейде орыстың халықшылдарын (Леонтьев, Долгополов, Гросс пен Михаэлис сияқты) кездестіргені жайында «еш айғақ» жоқ екенін мойындады. [42] Ахмет Байтұрсынов мақаласында бұл ақпаратты Бөкейхановтан естігенін атап өтті, ал Бөкейханов пен Әуезов бұл деректерді қайдан алды? Әрине, Джордж Кеннанның кітабынан алғанына еш күмән жоқ.


Бірақ Кеннанның кітабындағы «Абайға» қатысты деген деректер шындық деп қабылданбауы тиіс, себебі осы деректің де біраз қисынға келмейтін тұстары бар. Біріншіден, Леонтьевтің «Ибрагим Конобай» атты қырғыз танысы – егде жастағы адам. Ресми өмірбаянына сүйенсек, Абай 1845 жылы туған, яғни, Кеннан Леонтьевпен кездескен 1885 жылы Абай қырық жаста ғана болуы тиіс. Ал қырық жастағы адам, тіпті 19-ғасырдың стандарттары бойынша да «кәрі» болып есептелмейді. Екіншіден, Леонтьев «Ибрагим Конобай» атты танысын ақын деп суреттеген жоқ. Ал Байтұрсынов пен Әуезовтің жазғандарына қарасақ, ақын «Абай» өз замандастары арасында үлкен атаққа ие болған. Егер «Ибрагим Конобай» мен «Абай» бір адам болса, онда оның досы Леонтьев неге бұл қырғыздың «атақты ақын» екенін айтуды ұмытып кеткен?


Оған қоса, өмірбаянын жазғандар Кеннанның кітабына сүйеніп Абайдың Еуропа ойшылдарын оқығанын сан қайталаса да, оның бұл «қызығушылығы» 20-ғасырда «Абай» атынан басылып шыққан жазбалардан көрініс таппады. Біз қазір «Абай» деп атайтын адам дарынды ақын және ойшыл болғанына күмән жоқ, бірақ оның пәлсапалық шабыты Кеннанның кітабында аталған авторлар емес, оның пәлсапасы Ислам дініне, жәдидшілдік пен көшпенділердің көне даналығына негізделген. Қысқаша айтқанда, 1885 жылы жазылған Кеннанның кітабындағы «Ибрагим Конобай» жайлы деректер ол адамның біз қазір «Абай» ден танитын ақын екендігін растамайды.


Шындығында, «Абай» мен «Ибраһим Құнанбайдың» бір адам емес екендігі Омбыдан 2 тілде қатар басылған «Дала Уалаятының Газеті» атты баспадан 1889 жылдың өзінде расталған болатын. 1889-жылдың ақпан және наурыз айында атауы жоқ екі өлең жарияланды. Қазір осы өлеңдер «Жаз» және «Болыс болдым мінеки» деген атаумен белгілі және екеуі де Абай шығармаларының канонына кірген. «Дала Уәлаятының Газетінде» 1889 жылы шыққан осы екі өлең – Абай өлеңдерінің 19-ғасырда жазылғанының дәлелі.


Дегенмен, 1889 жылы шыққанда бұл өлеңдердің «Абай» деген ақынға қатысы жоқ еді. Бірінші өлең «Көкпай Жанатай-ұлы» атынан шықса, екінші өлең мүлдем авторсыз, анонимді шыққан еді. Бірақ осы «Көкпай Жанатай-ұлы» деген адам туралы да осы уақытқа дейін ауызекі әңгімеден басқа ешбір расталған дерек ұсынылған жоқ. Ал «Ибраһим Құнанбай» деген есім қазір бізге «Жаз» атауымен белгілі өлеңге берілген шағын алғысөзде өлеңнің субьектісі – Семей аймағындағы Бақанас өзенінің жағалауындағы Көпбейіт деген жайлауда өз ауылын тігіп жатқан ауқатты қазақ ретінде ғана суреттелеген. Басқаша айтсақ, 1913 жылы Ахмет Байтұрсынов алғаш рет қазақша жариялап, кейіннен Кеңес ғалымдары мен насихатшылары қайталаған пайымдар факт жүзінде дұрыс емес тәрізді.Біріншіден, «Ибрагим Құнанбай» деген адам ақын болмаған. Екіншіден, біз қазір «Абай» деп танитын адамның ол кезде «Абай» деген лақап аты әлі болмаған.


IV. Дала Уалаятының газеті


Акмолинские Областные Ведомости газетінің 1888 жылдан 1902 жылға дейін қазақ тілінде Дала Уалаятының газеті , ал орыс тілінде Особое Прибавление к АОВ (1894 жылдан бастап Киргизская Степная Газета деп өзгертілген) деп аталған Дала Генерал-Губернаторының кеңсесінен 2 тілде қатар шыққан арнайы қосымшасы болған еді. [43] Қосымша ресми және бейресми 2 бөлімнен тұрды. Ресми бөлігі қазақ оқырмандарын Патша әкімшілігінің соңғы бұйрықтары мен жарғылары туралы құлақтандырса, бейресми бөлігінде арнайы тағайындалған тілшілермен қоса, қарапайым оқырмандарға «қазақтардың күнделікті тұрмыстық және қоғамдық өмірі» туралы баяндап отыруға және ойларын бөлісуге мүмкіндік берілді. [44]


Редакторлар ұжымы әр басылған жолы үшін үш тиын ұсынып, білімді де білікті оқырмандарды бұл қоғамдық жұмысқа үлес қосуға шақырды. Қаржылай ынталандыру әсер етті ме әлде қоғамдық пікірталасқа деген рухани шөл ме, қазақ оқырмандары баспаға басынан бастап белсенді түрде мақалалар, хаттар, аңыздар, мақал-мәтелдер және өлеңдер жібере бастады. Көбі өз атынан жазса, бірнеше адам лақап ат қолданды. Баспа орыс редакторлардың қатаң бақылауында болғанына қарамастан, Дала Уалаятының Газеті қазақтардың қоғамдық мәселелерге өз көзқарасы білдіруге күтпеген жерден аса жайлы алаң ұсынды. Мысалы, 1889- жылдың өзінде осы газетте прогрессивті Ислам дінін насихаттап, қазақ көшпенділерінің шаруашылық жайы мен біліміне қатысты мәселелерді жиі көтеріп жүрген Баян Аул тұрғыны – Жүсіп Көпей-ұлы газет ұжымына өзінің хаттары мен өлеңдерін «еш өзгеріссіз, мағынасын бұрмаламай және ойын бұзбай» шығарып жүргені үшін өз қошеметін көрсетті. [45]


Тарихи дереккөздерден бұл газеттің қазақтың зиялы қауымының еркін сөз алаңына айналуы патша үкіметінің аймақтағы белгілі шығыстанушы идеологтарын алаңдатқанын да байқаймыз. Мысалы, Түркістан Уалаятының Газетінің редакторы Николай Остроумов бір еңбегінде қазақтардың өз мұң-мұқтажын Дала Уалаятының Газетінен ашық айтып, орыс тілшілерді сынауына рұқсат етілгендігіне шағымданады. [46] Түркітанушы және христиан миссионері Николай Ильминский Дала Уалаятының Газетінің қазақтарға дауыс беріп қана қоймай, олардың көзқарасын бақылауды қиындататын араб қарпімен басылуына разы болмады. [47] Әрине, басқа қаладан емес, Омбыдан шыққан бұл газеттің көшпенділердің мұң-мұқтажына ашықтығы бізді таң қалдырмауы тиіс шығар, себебі Омбы – патша саясатына қарсылық танытып, өздері қуғынға ұшыраған орыс халықшылдары (народниктер) шоғырланған қала еді және олардың Ақ Патшаның аяусыз отарлау саясатының құрбанына айналған көшпенді қазақтардың күйіне жанашырлық танытуы әбден заңды. 14 жыл бойы үзілмей жарық көрген Дала Уалаятының газетінің тәуелсіз бағыты – әлі де көмескі және зерттеуді қажет ететін маңызды тақырып. Бір анығы – Дала Уалаятының Газетінен жарық көрген мақалалар мен газет бетіндегі пікір-талас қазақ тарихындағы елеулі оқиғалар.


Газет тілшілерінің көпшілігінің қырдағы әйелдер жағдайына, әсіресе жас қыздарды қалың малға сату дәстүріне қатысты мәселелер төңірегінде ойлары бір жерден шықты. Көшпенді қазақтардың басым көпшілігінің сауатсыздығы және соның салдарынан қырға келген татар молдалар, сарт саудагерлері мен орыс шенеуніктерінің алдап-арбауына бейім екендігі жайында да келісім болды. Алайда, сауатсыз көшпенділерге қажетті «жақсы білім» төңірегіндегі пікірлер әр алуан: біреулері медресе білімін жақтаса, басқалары орыс мектептерін құп көрді. Сонымен бірге жаңадан пайда болған жатақ феномені, яғни, өз малынан айрылып, біреуге жалданып, еңбекақыға күн көретін кедей көшпенділер жайында да пікірлер әртүрлі болды. Тұрақты тілшілердің кейбірі патша өкіметінің ресми ұстанымын жақтап, көшпенділер бір жерге қоныстанып, егін шаруашылығын үйреніп, қажет болса жатаққа айналу тиіс деді. Жазушы және молда Жүсіп Көпей-ұлы сынды зиялылар қазақтардың көшпенді өмір салтын тастауына үзілді-кесілді қарсы болды. Түркістандық жәдидшілдік пәлсапасынан нәр алған Көпей-ұлы көшпенділердің білімге алуға бет бұрып, мал шаруашылығын кәсіби жағынан жетілдіріп, ауқатты қазақтардың өз қоғамындағы мұқтаж жандарға қорған бола білуі маңызды деген пікірді ұстанды. Көпей-ұлы көшпенділердің жатаққа айналуы оларды кедейшілікке, одан да бұрын басыбайлыққа ұрындырады деген ойда болды. [48]


Аса белсенді тілшілердің бірі – бір емес, бірнеше лақап атпен жазған іспетті. Мақалалардың мазмұны мен жалпы стиліне қарай – Қыр Баласы, А.Н., Ғабдраһим Алашбаев, Көшпелі Қазақбаев, мүмкін тіпті А. Құрманбаев және тағы басқалар атынан жазған бір адам деген болжамға келуге болады. Бұл болжамды нақтырақ зерттеу үшін стилометриялық статистика қолданып, олардың барлығының мәтіндерін мұқият талдау қажет, әрине. Дегенмен, осы авторлардың сөз қоры ғана емес, сонымен қатар көтерген мәселелері мен жалпы қызығушылықтары бір екенін байқамау мүмкін емес. Біріншіден, аталған авторлардың барлығы меритократия қағидасын, яғни, болыстар мен билер – өмір тәжірибесі, даналығы, адалдығы мен білімі негізінде таңдалуы тиіс деген қағиданы берік ұстанды. Бұл авторлар сондай-ақ қазақтарды адамгершілік пен адалдықты жоғары тұтатын дәстүрлі құндылықтарынан, салт-дәстүрлерінен бас тартпауға, қоғамда кең етек жая бастаған даңғойлық пен құр мақтанға берілмеуге шақырды. Бұл ойлар Абайдың өлеңдері мен қара сөзін оқыған адамға таныс болуы тиіс.


Жоғарыда аталған авторлар тағы бірнеше ортақ көзқарасты ұстанды. Барлығы дерлік 1860 жылдардан бері Ақ Патша үкіметі көшпенді қазақ руларының ішкі ісіне кірісіп, біртіндеп енгізген әкімшілік реформалардың салдарына қатысты уайымдарын білдірді. Соның бірі – қырдың ежелгі салт-дәстүріне негізделіп, өмір салтына бейімделген билер қазылығының құзырын жоғалтуы еді. Патша өкіметінің көшпенділердің дәстүрлі сот жүйесін бұзып, өздерін орыс сот жүйесіне бағындыруы салдарынан дала көшпенділері аса ұтымсыз жағдайда қалды. Аталған авторлар бұл реформалардың саяси салдарын да талқылады. Шыңғыс Ханның тегін дәстүрлі хан билігінен айырып, сайлау жүйесін енгізген патша реформалары ру басыларының арасында бұрын-соңды болмаған бақталастық туғызды. Оған қоса, бұл реформалар билік басына сайлаушыларды сатып алып, орыс шенеуніктеріне пара беру арқылы келген біліксіз әкімшілердің пайда болуына себеп болды. Бұл жағдайды орыс тілін білім үшін емес, көптің игілігі үшін емес, өз қара басының, руының қамы үшін пайдаланған арсыз аудармашылар одан сайын ушықтырды. Бұл жағдайдың да Абай мәтіндерінен көрініс тапқаны белгілі.


Аталып отырған авторлардың білім беру жүйесіне қатысты ойлары да бір жерден шығады. Олар Ыбырай Алтынсариннің қазақтарға оң ықпалын ерекше бағалап, бір жағынан қазақ тілінің тазалығын сақтауға, яғни, татар және сарт тілінің әсерін азайтып, патша режимінің орыстандыру (обрусительная) саясатына төтеп беруге шақырса, екінші жағынан қазақтарға орыс тілін (парсы және араб тілдеріне қарағанда) білім мен ғылым үшін үйрену керек деп насихаттады. Осы авторлардың көзқарастарының ұқсастығын ескерсек, барлығының атынан бір адам жазуы әбден мүмкін.


Дегенмен, осы аталған авторлар арасындағы ең белсендісі – Қыр Баласының 1889 жылы газетке жіберген ең алғашқы хатындағы тың ойлары келесі онжылдықтар мен тіпті ғасырлар бойы маңызын жоғалтпады. Хаттың басты тақырыбы – «халықтың рәсімін жақсы білетін һәм көпті көріп халықты әбден білетін жақсы қариялардың» сауатсыздық салдарынан не газетті оқи алмай, не өздері үлес қоса алмай отырғаны. Хат авторы жас оқыған қазақтардың жұртпен бөлісетін білімі болса да, «жым-жырт жатқанына», «олар керуен талап, уақ адуакат, арызшы болғанды жақсы көретініне» уайымдады. [49] Қыр Баласы, яғни 23 жасар Әлихан Бөкейханов, 1889 жылы былай деген еді: «Қазаққа пайда келдіруге ойлап жүрген қазақ халқының өз алдына өлең-жыры бар. Кім білмейді қазақтарың ақындары Шортанбайды, Шөжені, Орынбайды, Найман-бала, Шерниязды, иә сырым керейден Құламбайды һәм ғириларуын. Қазақтарға осы ақындардың қайсысының сөзі күшті екенін білдіруге жөні бар ма? Шерниязды ойласақ, қызыл тілінің арқасымен жаны қалған. Шөже Қарымбай (Гогольдің Плюшкині) секілді сараң кісіден сый алған сыйлық алған».


Қыр баласының бұл хаты Дала Уалаятының Газетінің Кеңес заманында кирилл қарпіне аударылған ешбір жинағына неге кірмей қалғаны түсінікті, бірақ бұл мәтіннің 2000 жылдары Тәуелсіз Қазақстанда шыққан еңбектерде неге бұрмаланып берілгені түсініксіз. Мысалы, бұл хаттың түпнұсқасында да, орысша аудармасында да «сырым керей Құламбай» деп жазылса да, «Құнанбай» деп кездеседі. Бұның себебі – Бөкейхановтың бұл хатының Абайдың бүкіл шығармашылының квинтэссенциясы болып табылатындығында болса керек. «Өлең – сөздің патшасы» деп аталатын өлеңінде Абай өз заманының ақындарын «мақтау өлең айтып», «сөз қадірін кетіріп жүр» деп сынады. «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол» атты өлеңінде Абай Шортанбай мен Дулат ақындарды «өлеңі бірі – жамау, бірі – құрақ» деп баға берсе, «Күлембайға» деген өлеңінде «ақын Күлембайдың» пайдасыз болысқа айналғанын мазақ етті (бұл өлең тек қана 1933 жылы жарық көргенін ескеру қажет). Қазақ әдебиетінің тарихында 19-ғасырдың ақындарын сынаған тек екі жазушы бар: Абай мен Қыр Баласы. Бұл екеуі бір адам болуы мүмкін бе?


Бұл болжамды 1947 жылы Абай туралы бірнеше мақала мен кітап жазған және оның өлеңдерін аударған кеңес ғалымы Михаил Сильченко айтқан еді. Сильченко бір мақаласында: «Қыр Баласының хатының мазмұны мен сарыны Абайдың 19-ғасыр ақындарын «тарихи шындықты бұрмалағаны» үшін «жазғырғанымен бірдей», сол себепті, бұл хаттың авторы атақты ақын Абай болса керек деген» [50],- деген қорытындыға келді. Басқа Кеңес ғалымдары – Хайыржан Бекхожин 1949 жылы және Михаил Фетисов 1961 жылы – Сильченконың талдауын жоққа шығарды. Екеуі де хаттың шын авторы – «буржуа-ұлтшыл Әлихан Бөкейханов» екенін мәлімдеді. [51]


Дегенмен, сырт көзге бір-бірімен келіспеген сияқты болғанымен, осы кеңес ғалымдарының бәрінің айтқаны дұрыс болса ше? Мүмкін, бұл ғалымдар құпия болып қалуы тиісті ақпаратты әдейі немесе байқаусызда ашып қалған болар? Нақтырақ айтсақ, Абай, Қыр баласы және Әлихан Бөкейханов – бір адам деген ойды? Бұл болжамның негізсіз емес екенін осы мақалада әрі қарай талдаймыз.


Біріншіден, Бөкейхановтың Дала Уалаятының Газетінде Қыр Баласы және басқа да көптеген лақап атпен жазғаны – факт. Ал Бөкейхановтың біраз жылдан кейін, 1910 жылы орыс тілінде өз атынан жазған «Киргизы» атты мақаласынан Дала Уалаятының Газетінде Қыр Баласы мен жоғарыда аталған тілшілер ұстанған мәдени және саяси көзқарасты айнытпай танимыз. [52] Бұл мақалада ханның немересі, Шыңғыс Ханның ұрпағы Әлихан Бөкейханов қазақ көшпенділері арасындағы сауатсыздыққа қатысты уайымын және көп жылдар бұрын көшпенділердің ішкі ісіне араласқан патша үкіметінің әкімшілік реформаларының қазақ қоғамына әкелген залалды салдары жайында пікірін ашық білдірді. Бөкейханов әкімшілік саласындағы былықты ғана емес, сонымен қатар көшпенді қазақтардың құқығының қай жағынан болмасын тапталғанын – жайылымдарынан айрылып, тілі мен діні кемсітіліп отырғанын айыптады. Дегенмен, көп жылғы орыстандыру саясатына қарсы болғанымен, Бөкейханов қазақтардың білімінің екі тілде болуын құп көрді.


Бөкейхановтың Омбыда орналасқан газеттің тұрақты тілшісі болуының жөні бар еді: 1880-90 жылдары ол Омбы гимназиясында, одан кейін сол қаладағы техникалық оқу орнында оқыды, мұғалім болып жұмыс істеді – ол Омбы қаласында ұзақ жылдар бойы тұрды. Дәл сол кезеңде Омбы қаласының мәдени өмірі біршама дамып жатқан еді: мұнда бірнеше университет, техникалық колледж, қыздарға арналған гимназия және қоғамдық кітапханалар ашылды. Омбылық болып кеткен Бөкейханов орыс тілі мен мәдениетіне сіңісіп, осы аймаққа айдалып келген халықшылдың (народник) қызы Елена Севостияноваға үйленді. 1895-1901 жылдар аралығында осы өңірдегі саяси қудаланушылардың көбі қатысқан орыс санақшысы Федор Щербинаның ғылыми экспедициясына қатысты. Осы жылдары народниктер пен орыс зиялыларының ықпалына түскен қандай да бір қазақ болса – ол Бөкейханов еді.


Оған қоса, Бөкейхановтың орыс классикалық әдебиетін көп оқып, әдеби аудармамен айналысқанына айғақ көп. Дала Уалаятының Газетінің 1894-жылы шыққан 32-басылымында Иван Крыловтың бір мысалын «Асылқожа Құрманбаев» есімді біреу аударыпты. Ондаған жылдар өткен соң, қазақ ғалымдары Құрманбаевты шын адам ретінде көрсетті: «Ыбырай Алтынсариннің оқушысы болған, кейіннен Лепсіге көшіп, мектеп басшысы болған, 1912 жылы Айқап газетінің 3-нөміріне осы мысалдың өңделген аудармасын «Омбылық» деген лақап атпен шығарған», - десті. Егер Құрманбаев шын адам болса, ол неге басқа аудармаларын да газет бетіне шығармаған екен? «Омбылық» сияқты лақап екендігі анық болмаса да, «Құрманбаев» шын адам емес, біреудің лақап есімі болса керек. Осы екі лақап атты қолданған адам – 1894 жылы Дала Уалаятының газетінде және 1912 жылы Айқап журналында белсенді түрде жазып отырған Бөкейханов болуы әбден мүмкін. Бір қызығы – кеңес ғалымы Үшкөлтай Суханбердина «Асылқожа Құрманбаевтың» аудармасы жайлы жазғанда, оны тіпті «А. Құнанбаев» деп береді. Бұл көптеген ғалымдардың Бөкейханов пен Абайдың тұлғасын (әдейі не абайсызда) шатастыруының тағы да бір мысалы. [53]


Бөкейхановтың орыс әдебиетін аударуға деген қызығушылығына қатысты айғақ одан әрі жалғаса түспек. 1900 жылы Дала Уалаятының Газетінің 11 және 12 сандарында Бөкейханов Лев Толстойдың «Суратская кофейная» деген туындысын аударып шығарды. 1987 жылы Кеңес ғалымы Әбен Сатыбалдиев осы аударманың сапасын мақтады, бірақ ол соғыстан кейінгі кезеңде аты-жөні мен шығармашылығына тыйым салынған аудармашы Бөкейхановтың аты-жөнін атай алмады. [54] 1924 жылы Бөкейханов өзінің бұрыннан қолданып жүрген лақап аты – Қыр Баласының атынан Толстойдың «Хаджи-Мурат» повесін аударған еді. [55] 1922 жылдан 1927 жылға дейін Бөкейханов КСРО халықтарының орталық баспа үйінің (Центроиздат) қазақ бөлімінде жұмыс істегенде, көптеген басқа кітаптардың аудармасын да өз атынан емес, лақап есімдер қолданып шығарды.


Мысалы, 1926-27-жылдары Центроиздат басып шығарған үш кітаптың оның ресми аудармашысы «Тұрағұл Абай-ұлы» емес, Бөкейхановтың өзі болуы мүмкін. Архив құжаттары бойынша, Тұрағұл Ибрагимов ол кезде Мәскеуде емес, Шыңғыс уезінің тұрғыны болған іспетті. [56] 1914 жылдың өзінде «Н.Рамазанов» деген лақап атпен Бөкейханов Абайдың үш лирикалық өлеңінің орыс тіліндегі прозалық тәржімесін Лазарев атындағы шығыс тілдері институтының арнайы санынан жариялады. (Кейбір адамдар «Нух Рамазановты» шын адамға айналдыруға қанша тырысса да, оның өмірбаянының жұқалығы сонша, дәл сол журнал шыққан 1914 жылы қайтыс болыпты-мыс. Бұл есім Бөкейхановтың тағы да бір лақап аттарының бірі болғанға ұқсайды.)


1888-1902 жылдары орыс әдебиетіне ерекше қызығушылығы мен дала көшпенділерінің өміріне әсер етіп жатқан саяси мәселелерді тығыз байланыстырған жалғыз қазақ – Әлихан Бөкейханов болған сияқты. Сондықтан Дала Уалаятының Газетінен белгілі бір тақырыптар төңірегінде лақап атпен жарық көрген көптеген мақаланың авторы Бөкейханов болуына негіз көп.


Жоғарыда көрсетілген Қыр Баласының хатынан басқа, Бөкейхановтың әртүрлі лақап атпен шыққан жазбалары мен біз қазір «Абай» біз деп атайтын ақын және ойшылдың жазбаларының арасында басқа ұқсастықтар да өте көп. Мысалы, А.Н. және стилі оған өте ұқсас С.М.Ш. атынан шыққан сатиралық мақалаларға қарайық. «Қымыз ішіп, ет жеуден» қолы босамайтын біліксіз болыс туралы очеркінде А.Н. сайлауға қатысып, жеңе алмай, өзінің болыс досын айналшықтап жүрген М. Ш. деген кейіпкерді таныстырады. [57] А.Н. – Бөкейхановтың басқа да альтер эголары сияқты, қазақ мәдениетімен етене таныс, бірақ оған сырт көзбен қарай алатын адам. Кей жағдайларда, бұл сырт көзқарас, мысалы, осы А.Н. атынан жазылған мақала сияқты, орыс классикалық әдебиетінің, әсіресе, Николай Гоголь мен Михаил Салтыков-Щедриннің әлеуметтік сатирасының елегінен өткізілген.


Газеттің келесі сандарының бірінде Бөкейханов авторлықты сол М.Ш. атты кейіпкердің өзіне тапсырады. С. М. Ш атынан Бөкейханов тағы ертеректегі билер сотының құрып кеткені және оның салдары жайлы тақырыпты көтереді. Ертеректе би немесе қоғам адамы болғысы келген қазақ білікті ханның не бидің қоластында ұзақ уақыт қызмет етіп, қазақтың ежелгі салт-дәстүрін үйренуші еді (Есім ханның ескі жолын, Қасым ханның қасқа жолын), даналар бұл жастардың қабілетіне, оның парасаттылығына, билік етуге біліктілігіне көзі жеткенде батасын беруші еді деген өкінішін жеткізіп, бұрын біліктілік мектебі болған көне дәстүрдің қазіргі заманда орнын басқан орыс тілді білімнің пайдалы жақтарына тоқталып өтеді. Омбының классикалық гимназиясын бітірген қазақ балалары үшін Томскіден жаңадан ашылған университеттен екі-үш стипендия тағайындалса, жастардың жақсы білімі өкіметтің де, халықтың игілігіне жарар еді деп ұсыныс жасайды. [58]


С. М. Ш жазған мақаланың ықшамдалған нұсқасын Абайдың қара сөздерінен, атап айтқанда, болыс біліктілгі жайлы 3-сөзінен кездестіреміз. Газеттегі мақаладан стилистикалық тұрғыдан өзгешелеу болғанымен, идеясы мен қолданылған сөз тіркестері бірдей: «Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадірлі орысша образование алған кісі болсын... Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек».


Бұл қалай болғаны? Біз қазір «Абай» деп атайтын ақын және ойшыл 23-жасар Бөкейхановтың ойлары мен мәтінін көшіріп алған ба? Әлде, шындығында бұл екеуі бір адам ба? Бұл сұрақтың жауабы күрделі, дегенмен осы мақалада жауабын іздеп бағамыз.


Әзірше Дала Уалаятының Газетінде «Абай» деген ақын ешқашан аталмағанын айтсақ та жеткілікті. Қолда бар жазба деректер – әртүрлі лақап атпен жарық көрген, бірақ авторы Бөкейханов болуы ықтимал мақалалар мен хаттар. Әйтсе де, ғалымдар Кеңес заманынан бері Дала Уалаятының Газеті – «Абай шығармаларының бесігі» деп келді (осылай дегендердің алғашқысы Хайыржан Бекхожин болса керек). Абайдың аты газетте ешқашан аталмаса да, Абайдың қазіргі канонына кірген «Жаз» және «Болыс болдым мінеки» атты өлеңдердің алғашқы нұсқасы осы газет бетінен жарық көргені рас. Дала Уалаятының Газеті – он тоғызыншы ғасырдағы суырып салма ақындықтан, даналық сөзден жазбаша мәдениетке ауысу үрдісі орын алған ең маңызды рухани алаңдардың бірі. Абайдың аталған екі өлеңі осы тарихи қозғалыстың бір бөлігі еді. Екі өлеңнің алғашқы нұсқалары 1889-жылдың ақпан және наурыз айларында атаусыз, ал бірі тіпті авторсыз жарияланды. [59] Бірінші өлеңнің авторы өзін «Көкпай Жанатай-ұлы» деп таныстырса, екінші өлең мүлдем анонимді жарияланды.


Екі өлеңнен де Ахмет Байтұрсыновтың «Абайдың қазақ ақындық өнеріне енгізген жаңашылдығы» деген сипаттарын байқаймыз. Екі өлең де суырып-салма өнерінің ретсіз ырғақ үлгісін қолданса да, олардың суреткерлік мақсаты мүлдем басқа. Егер «Жаз» өлеңнің авторы дәстүрлі ақын болғанда, бұл өлең бай көшпендіні мадақтайтын жыр болар еді. Оның орнына, жайлаудағы табиғат сұлулығын және көшпенді қоғамының ұйыған бірлігіне сүйсінген лирикалық суреттемені көреміз. Дәл осылайша, екінші өлең де болысқа арналған мадақ-жыр болуы мүмкін еді, бірақ бұл өлең керісінше – сайлаушылар арасында ары-бері шауып, барлығына жалтарма жауап беріп, билікке ұмтылған біліксіз болыстың сатиралық портреті.


Әдеби сыншылар бұл өлеңдердегі ақынның өз субьектісіне жаңаша көзқарасына орыс әдебиетіне деген қызығушылығы ықпал еткен деп дәйектегісі келер. Бұл рас болуы мүмкін болса да, «Абай» шығармашылығына тән бір ерекше қасиет бар екенін мойындау маңызды: автор өз мәдениетін терең білетін, бірақ сырт көзбен қарай алатын адам. 2008 жылы ақынның романдағы бейнесіне сүйеніп, «портретін» сомдаған орыс ғалымы Николай Анастасьев сырт көз – Абай шығармаларының айрықша қасиеті екенін баса айтып, бұл қасиеттің тек қана кітап оқудан емес, адамның өмір-салтын түбегейлі өзгертетін саяхат немесе мүлдем басқа ортаға қоныс аудару нәтижесінде ғана орын алатынына текке мән бермесе керек. [60]


Әдебиеттің бір ерекше қасиеті – кейде айғақты әдебиеттің өзі ұсынады. Біз қазір «Абай» деп танитын адамның кім екенін растайтын ешбір құжаттар болмаса да, Дала Уалаятының Газетінен шыққан осы екі өлеңнің мазмұнынан-ақ оның авторы алыс жерлерге саяхат жасап, әлемнің басқа бөліктерін көрген, басқа өмір шындығын білетін адам екені байқалып-ақ тұр. Біз «Абай» деп атайтын ақын – қалада немесе қалалық жерде тұрған, бірақ қырға анда-санда барып тұратын қазақ болса керек. Екі өлеңнің де ішкі айғағы «Абайды» Семейден ары аттап баспаған деп суреттейтін ресми өмірбаянына қарама-қайшы дерек ұсынады. Егер «Абай» өмір бойы қырда тұрса, онда қыр оның табиғи ортасы болар еді де, ол оның табиғи сұлулығын байқамас еді және қырдың сұлулығына лирикалық өлең арнамас еді. Бұл жерде Юрий Лермонтовтың Кавказға барып, тау сұлулығына қайран қалып, қаншама жыр арнағанын немесе сазгер Александр Бородиннің қырға келіп, «Орталық Азияда» атты бір тума туындысын жазғанын еске салсақ та жеткілікті болар.


Осы анонимді ақынның тұлғасына Бөкейхановтан басқа лайықты кім бар? Бөкейханов 1880-1890 жылдары, яғни, жасөспірім шағынан көшпенді өмірін артқа қалдырып, интернатта тұрып орысша білім алды, одан кейін 1892-1895 жылдары Ресей университетінде оқып, Ресей мен Орталық Азия арасында біраз сабылды, Орталық Азия бойынша бірнеше ғылыми экспедицияға қатысып, өмірінің аяғына дейін қазақ тілі мен қазақтардың көшпенділік өмір салтын қызғыштай қорғады.


Кеңес кезінен бері Дала Уалаятының Газетінен шыққан осы 2 өлең жайлы – «цензура тарихи шындықты бұрмалап, кедей көшпенділердің ауыр өмірін алып тастаған» деген жалған пікір қалыптасқан және бұл еш негізсіз пікір әлі күнге дейін өзгерген жоқ. [61] Таза идеологиялық тұрғыдан, Кеңес ғалымдарына айтарымыз: Дала Уалаятының Газетінде жарияланған осы екі өлеңнің авторы – марксист емес, 19-ғасырдың қазағы, ол неге тап күресі жайлы жазуы тиіс? Алайда, әдеби-тарихи көзқарас тұрғысынан қарасақ, Кеңес ғалымдарының пікірі шындықтан осыншама қашық болар ма! Ең кемінде, бұл газеттің контекстінде дәл осы өлеңнің тақырыбы 1889 жылы қарама-қайшылық туғызатын тақырып емес еді, себебі Әлихан Бөкейханов бұған дейін де осы тақырыптар жайында (дала көшпенділерінің намысы, болыстардың жемқорлығы туралы) мақалалар жазып жүрген еді.

Сондықтан, бұл сұрақ Абайдың 20-ғасырда өңдеуден мұқият өткен өлеңдеріне көбіек қатысты болса керек. Абайдың 19-ғасырда жарияланған өлеңдерін кім және қашан өңдеді? Бұл сұрақтың жауабын өлеңдердің өзінен-ақ көруге болады. Мысалы, 1933 жылы «Жаз» деген атауға ие болған белгілі өлең бір сәтте сұлу пейзаж бен көшпенділер өмірінің лирикалық көрінісі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік сын элементтеріне ие болып шыға келді. Егер өлеңнің 1889-жылғы нұсқасы қазақ ауылын айрандай ұйыған қауымдастық ретінде көрсетсе, 1933 жылғы нұсқасы тап (жылқышылар, қойшылар) және кедейлік (ет сұрап тұрған аш бала, байға жалтақтаған байқұс қария) негізінде жіктелген қоғам ретінде көрсетті. 1933 жылғы нұсқасында оның қалай өзгертілгені және не себепті өзгертілгенін көрсететін айғақтар жеткілікті: Кеңес насихатшылары бұл өзгерістерді «көшпелі қоғам – адам сенгісіз теңсіздік билеген феодалдық құрылым» болды деген кеңестік көзқарасқа сәйкес келу үшін жасаған болуы керек.


Осы екі өлеңнің Дала Уалаятының Газетінде 1889 жылы жарық көрген нұсқалары қазіргі заманда канондық болып есептелмесе де, бұл екеуі – нағыз түпнұсқа екені факт. Хронология тұрғысынан қарасақ, олар – Абайдың кей өлеңдерінің 19-ғасырда жазылғанының айғағы. Айрықша атап өтетін нәрсе – 1889 жылы осы өлеңнің екеуі де біз қазір «Абай» деп атайтын ақындікі болып есептелмеген еді. Бұлардың «Ибраһим Құнанбай» деген ақынға да қатысы жоқ. Ал «Ыбырай Құнанбай-ұлы» деген есім аталғанымен де, өлеңнің авторы емес, кейіпкері ретінде, дәлірек айтқанда, Бақанас өзенінің жанындағы Көпбейіт деген жайлауға өз ауылын қондырып жатқан ауқатты көшпенді ретінде ғана аталған еді. Қызық болғанда, «Ыбырай Құнанбай-ұлы» деген адамның шынайылығына қатысты пікірталас 1889 жылдың өзінде-ақ орын алған еді. Өлең жарияланғаннан кейінгі бірер аптадан соң, көршілес Баян Ауыл уезіндегі Жүсіп Көпей-ұлы газетке ашық хат жіберіп, әзіл-шыны аралас, «Ыбырай Құнанбай-ұлы» деген көшпендінің бұл өмірде бар болғанына күмән келтірді. [62] Жүсіп Көпей-ұлының хатын Хайыржан Бекхожин «Абайды әкесіне ас бермегені үшін сынады» деп қанша бұрмаласа да, Көпей-ұлының аймақта белгілі Құнанбайдың «Ыбырай» атты мирасқоры барына күмәні бар екенін білдіргені айдан анық. Өлеңнің субьектісінің шын адам болғанын әлде ойдан құрастырылған кейіпкер болғанын анықтау мүмкін болмас, бірақ газет бетіне түскен бір физикалық айғақ мәңгі сақталары анық: Ыбырай Құнанбай бұл өлеңнің авторы емес және бұл газеттің оқырмандарының ешқайсысы оны осы немесе басқа өлеңдердің авторы деп атаған емес.


Дала Уалаятының газетіндегі өлеңдер мен мақалалардағы жазбаша айғақтардың ғалымдар мен өмірбаян жазғыштар кедергі келтіргені сонша, кейбірі осы тақырыпты зерттеуден мүлдем қашқақтады. Айғаққа ұшырасқандары бұл деректерді Абайдың ресми өмірбаянына қиыстырысып жіберудің «креативтік» жолдарын іздеп бақты. Абайдың шығармалар жинағының 1933 жылғы шығарылымына Мұхтар Әуезовтің қосқан үлкен үлесі – Абайдың баласы Тұрағұлдың «естеліктерінде» ақынның басында өз ақындығына аса мән бермей, өлеңдерін «Көкпай» деген досының атынан «бір жапырақ қағазға жазып тарата бергені» жайлы мәлімет берілгені белгілі. [63] Осы мәлімдеме бұл «естелік» авторларының Дала Уалаятының Газетінен шыққан екі өлеңнің біреуінің 1889 жылы «Көкпай Жанатай-ұлы» атынан шыққанынан хабардар болғанын көрсетеді. Алайда, «Көкпай» атымен жазылған бұдан басқа өлең жоқ. Яғни, Тұрағұлдың «мәлімдемесі» (1933 жылғы ресми өмірбаянына енсе де) – мән-жайы белгісіз, әлі күнге дейін көп сұрақ туындататын мәселе. Дала Уалаятының газетінің беттерін зерттеген Бекхожин мен Фетисов сияқты Кеңес ғалымдары өзгешелеу әдіс қолданды: олар Бөкейхановтың газетке ең кемінде бір лақап атпен мақала жазғанын мойындаса да, олар Абайды осы газетке тұрақты түрде жазып отырған атақты және ықпалды «публицист» болды деп соқты. [64] Десек те, Бекхожин мен Фетисовтың сөзін растайтын еш айғақ жоқ. «Абай» немесе Ыбырай Құнабай-ұлы деген адам бұл газет бетінде ақын не жазушы ретінде мүлдем кездеспейді.


1889 жыл – «Абай» тарихындағы аса маңызды жыл. Бұл «Абайдың» алғашқы екі өлеңі газет бетінен жақыр көрген жыл ғана емес, сонымен қатар «Абай жазды» деп саналатын басқа шығармалардың прототиптері алғаш рет баспадан жарық көрген кезең. Бөкейханов «Қыр Баласы» атынан жазған хаттан бөлек, Дала Уалаятының газетінде идеялары мен сөз қоры Абайдың қазіргі каноникалық еңбектерінде қайталанатын тағы екі өлең жарық көрді.


1889 жылдың сәуірінде С.Ғ. деген адамның атынан жарияланған өлеңдердің бірі «Көктем» деп аталады. [65] Бұл өлеңнің 20-ғасырда «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» деген атаумен Абай канонына енген өлеңінің прототипі екені анық. Бұл өлеңнің қазақ жазба әдебиетінде одан да ертерек кездесетін прототипі бар: ол оянған табиғат әлемінің осыған ұқсас бейнелерін суреттеген Ыбырай Алтынсариннің (1879 жылы шыққан) «Жаз» атты өлеңі. [66] Ауызша толғау үлгісінде жазылған басқа өлеңдерден ерекше, С.Ғ. мен Алтынсарин жазған өлеңдер орыс және парсы өлеңдерінде жиі қолданылатын бірақ қазақ ақындық өнерінде сол заманда әлі жаңа поэтикалық форма – төрт жолды рубаятпен жазылған. Бұл эстетикалық жаңашылдығынан бөлек, С.Ғ. жазған өлеңнің Абайдың каноникалық өлеңінің прототипі екенін көрсететін тағы бір сипаты бар: екі өлеңде де сипатталған күн, мезгіл құстары, мал, ит және жүгіріп жүрген балалардың көркем бейнелері өте ұқсас.


С.Ғ деген кім? Кейбір ғалымдар С. Ғ. – газеттің кіші аудармашысы және оның қазақ бөлімінің редакторларының бірі Сұлтан Ғазин десті. Бірақ Сұлтан Ғазин деген кім? Мұқият қарасақ, «Сұлтан Ғазин» де лақап аттардың бірі болуы мүмкін. Себебі ол заманда «Сұлтан» адамның есімі емес, белгілі статус иесі еді. Оның үстіне, расталмаған болжамдардан басқа, Сұлтан Ғазиннің өмірбаяны туралы ақпарат өте аз. Сұлтан Ғазиннің тұлғасын анықтайтын сол заманнан қалған 2 дереккөз ғана бар. 1890 жылы газет ұжымы Дінмұхамед Сұлтан Ғазиннің кіші аудармашы жұмысын тоқтатып, Томскідегі император университетіне қабылданғанын хабарлады. 1895 жылғы екінші дереккөздің авторы – орыстың этнографы Григорий Потанин Көкшетау уезіне экспедициясы кезінде жанында Санкт-Петербург университетінің студенті Сұлтан Ғазиннің болғанын айтады. [67] Қарасақ, Сұлтан Ғазиннің аты аталатын бар-жоғы екі дереккөз оның оқу орны туралы қарама-қайшы ақпарат береді. Оған қоса, Потанин Сұлтан Ғазиннің Тоқырау өзенінің маңындағы Қарқаралы уезінің тумасы дейді. Ал Әлихан Бөкейханов та осы Тоқырау тумасы. Осы соңғы ақпарат көптеген зерттеушілерді Сұлтан Ғазин – Бөкейхановтың туысы деп топшылауға жетелеген сияқты. Әйтсе де, «Сұлтан Ғазин» деген есім жоғарыда аталған екі дереккөзден басқа ешбір тарихи дереккөздерде кездеспейді. Бөкейхановтың 1890-94 жылдар аралығында Санкт-Петербургте оқып, 1895 жылы Омбыға қайтып келгенін ескерсек, «Сұлтан Ғазин» газеттің редакторларының және аудармашыларының бірі болған Бөкейхановтың лақап аттарының бірі болып шығатын сияқты. Бұл болжамды тек қана газеттің архивін зерттеу арқылы және бар болса, Бөкейхановтың жеке құжаттарын кеңінен зерттеу арқылы ғана анықтауға болады.


1889 жылдың қарашасында Жүсіп Көпей-ұлының бір толғауы жарияланған еді, осы өлеңді мұқият оқысақ, оның кейінірек Абайдың басқа өлеңдеріне шабыт бергенін байқау қиын емес. Газеттің 2 санынан жарық көрген ұзақ толғауында Түркістанда білім жәдидшіл молда Көпей-ұлы қазақ қоғамында орын алып жатқан көкейтесті мәселелерді көтерді, атап айтқанда кейбір жастардың жұмыссыз, оқу-тоқусыз ерігіп жүргенін, кедейленген жатақтардың көбейіп бара жатқанын, көшпенді қазақтардың сауда мен егін шаруашылығын қосымша кәсіп ретінде қолдануға селқостығын сынады. [68] Көпей-ұлы лирик-ақын емес, ол бұл өлеңді қазақтардың назарын әлеуметтік мәселелерге аудару үшін қолданды. 20-ғасырда «Сегіз аяқ» деген атпен белгілі болған Абайдың ең бір дидактикалық өлеңіндегі көптеген идеяларды Көпей-ұлының осы өлеңінен байқаймыз. Десек те, 20-ғасырда пайда болған Абайдың өлеңінің айырмашылығы көп: Көпей-ұлының дәстүрлі толғауының орнына асқан шеберлікпен құралған 8 аяқ қолданылды және автордың дауысы Көпей-ұлының ағартушылық уағызынан әлдеқайда қатқылдау. Осыдан туындайтын сұрақ: идеясы жағынан Көпей-ұлының толғауынан шабыт алып, Абай атынан ұсынған автор кім?


1994 жылы Кеңес ғалымы Үшкөлтай Субханбердина Дала Уалаятының Газетінде 1888 бен 1902 жылдар арасында жарияланған өлеңдер мен проза шығармаларына шолу жасады, бірақ 1889 жылғы бөлігіне Бөкейханов пен Көпей-ұлы жазған мәтіндердің ешқайсысы кірмеді. [69] Олардың енгізілмей қалуы – біраз ғалымдардың шындықты білгеніне мықты дәлел: Сталин режимінде қызмет еткен Кеңес ақындары мен үгіт-насихатшыларына Бөкейханов пен Көпей-ұлы сияқты алғашқы зиялылардың аты-жөнін қазақ тарихынан жойып, олардың ойлары мен шығармаларын «Абай» деген ақын және ойшылға таңу жайлы қатаң нұсқаулық берілсе керек.


Дегенмен, Кеңес кезіндегі Хайржан Бекхожин, Михаил Фетисов және Заки Ахметов сияқты әріптестерінің ізімен, Үшкөлтай Субханбердина да Абай жазбаларының 19-ғасырдағы жұмбақ жағдаяттар аясында пайда болғандығы жайлы абайлап дабыл қаққандай. 1964 және 1996 жылдары Үшкөлтай Субханбердина Абайдың канондық тізіміне кірген «Ескендір» поэмасы мен 1895 жылдың қаңтар айында Дала Уалаятының Газетінде анонимді түрде жарияланған «Тәкаппар қолбасшы» деген әңгіме арасындағы таңқаларлық ұқсастыққа назар аударып, бұл әңгімені «Абайдың өзі жазған болар» деген ойын ашық жазды. [70] Бұл – әрине, күтпеген ұсыныс еді. Біріншіден, Абайдың поэмасы мен Дала Уалаятының Газетіндегі анонимді әңгіменің арасындағы ұқсастыққа алаңдаған басқа ғалымдар мүлдем басқа теориялар ұсынған еді. Көбісі Абайдың поэмасына негіз болған 12 ғасырдағы парсы ақыны Низамидің «Ескендір-наме» атты эпостық поэмасы деген пікірді жақтады. Алайда, Абайдың бас кейіпкеріне деген көзқарасы – батырлығы мадақталған Низамидің кейіпкеріне қарама-қарсы: Абай кейіпкерін сараңдығы мен астамшылдығы үшін жазғырғаны белгілі. Оған қоса, Субханбердинаның бұл ұсынысы Абайдың тек қана ақын емес, көркем проза жазушысы болуы да мүмкін деген теорияға жол ашты. Кеңес дәуірінің беделді ғалымдарының бірі – Субханбердинаны бұл ойға жетелеген не болды екен? Ол бұл мәлімдемесі арқылы Абайдың ресми өмірбаянының әлдеқайда күрделірек екенін тұспалдағысы келді ме екен?


«Тәкаппар қолбасшы» атты әңгіме Дала Уалаятының Газетінен 1895 жылы жарық көрді. Бұл кездейсоқтық емес еді. 1895 жыл – «Абай» шығармашылығының тарихындағы тағы бір маңызды жыл. 20 ғасырда «Абай жазды» деп танылған бірқатар шығармалар мен идеялардың көбі осы жылы жарық көрген еді. Мысалы, 1895 жылы редакцияға Ш. К. атынан жазылған хаттан Абайдың екі өлеңінде қайталанған қомақты ойлар мен өзімізге таныс бірқатар сөз тіркестерін кездестіреміз. Хатында жоғары лауазымды шенеуніктерді мақтау арқылы өзіне назар аударуды тәуір көретін қазақ тілшілерін сынаған Ш. К. былай дейді: «Және жоғары ұлықтарымыздың қылған істеріне, кеңшілік, мархабаттарына разы болғандарымызды бұл газетке жазбасақ жарайды. Егер жазсақ та, аяғында атымызды не үшін жазамыз? Оның үшін атымызды жазамыз баяғы бір мақтанбақ үшін». [71] Дәл осы қарапайымдылық маңыздылығы жайлы идея біраз жылдардан кейін Абайдың өлеңінен көрініс тапты: «Мұны жазған кісінің атын білме, сөзін біл». [72] Ш. К. хатында сондай-ақ әлеуметтік мақсаты жоқ аңыз-ертегілерді басатын редакторлар ұжымын да сынады: «Соның үшін бұл газетті бір-бірінен ғибрат алып, ғылым үйретсін деп шығарған ғой. Әншейін ермек қылу үшін емес қой». Дәл осы сөз тіркестері Абайдың белгілі өлеңіне сол қалпында қайталанды: «Мен өлеңді жазбаймын ермек үшін, жоқ-барды, ертегіні термек үшін… жаздым үлгі жастарға бермек үшін». [73] Кеңес ғалымдары Ш.К. хатының кейбір тұстары мен Абайдың ең танымал өлең жолдарының арасындағы ұқсастыққа алаңдап, Ш.К. атынан жазылған хаттың авторы «Шәкәрім Құдайбердиев» екенін мәлімдеп, ал жас Шәкәрімнің хаттағы ойын ағасы Абай өңдеп, өлең етті деп топшылайды. [74]


Газетте әріптерді қате жазу жиі орын алғанын ескерсек, С.Г. және Ш.К. екеуі бір адам болуы мүмкін: Сұлтан Шахин-Герей Бөкей-ұлы. Біздің Бөкей-ұлы туралы білеріміз өте аз: оның Омбыда жоғары білім алғаны, дарынды ақын болғаны және орыс тілін жетік меңгергені белгілі. Оған қоса, Бөкейхановтың алыс-жақын ағайыны болды ма деген ой да туындайды. Бір дереккөзде Бөкей-ұлы қазақ халық өлеңдерін жинақтаушы және Ыбырай Алтынсарин секілді қазақ хрестоматиясын құрастырған деген ақпарат бар. Француз тілінен де хабары болған дейді бұл дереккөз авторлары. [75] 1964 жылы Орталық Азия баспалары жайлы Батыста алғаш боп хабарлаған бұл кітаптың авторларына дерек берген адам - қазақ зиялыларын таныған Ахмед Зәки Валидов екенін ескерсек, Сұлтан Шахин-Герей Бөкей-ұлының 1880-1900 жылдары қоғамдық өмірге қатыспауы екіталай сияқты. Дегенмен, оның Дала Уалаятының Газетінің редакторы немесе тілшісі болып қызмет еткені не етпегені жайлы ақпарат жоқ. Бұл мүмкіндікті архив құжаттарын қазбалау арқылы зерттеуге болар еді.


Бөкейханов неге өте көп лақап ат қолданған? Бұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Оның орыс әдебиетіне деген қызығушылығын ескерсек, кейбір лақап аттарының, мысалы, А.Н., Перепелка (Дала Уалаятының Газетінде қолданған) және V. (әртүрлі орыс тіліндегі газеттерде 1869-97 жылдары, кейіннен 1908-09 жылдары қолданды) лақап аттарының қайдан келгенін түсіну оңай. [76] Орыстың Современник атты әдеби журналының ең ықпалды редакторы – белгілі ақын Николай Некрасов Современник беттерінде және басқа ақпарат көздеріне осыларға ұқсас лақап аттар қолданған еді: Н.Н., Перепельский және В. Жас Бөкейханов Некрасовқа еліктеді ме әлде өз оқырмандарына осы басылымның редакторы болғанын жеткізгісі келді ме екен?


Қалай болса да, Бөкейхановтың Некрасовтың осы дәстүрінен шабыт алғаны анық. Некрасов сияқты, Бөкейханов та өзекті мәселелер ашық түрде талқыланып, әртүрлі жазушылар ой бөлісетін белсенді қоғамдық орта құруды аңсаған іспетті. Алайда, оның бұдан басқа да себептері болуы мүмкін. Шыңғыс ханның ұрпағы – сұлтан Бөкейханов өз атын ақындықпен немесе шығармашылықпен байланыстырғысы келмеуі де мүмкін. Бөкейханов бұған қатысты ойын 1905 жылғы мақаласында тұспалдап айтқандай.


Оқырмандарға алғашқы рет «Абайды» таныстырған мақаласында ол Абайдың атақ-данқ қуудан түбегейлі бас тартқанын былай деп түсіндіреді: «Возможно, он не хотел позорить себя званием поэта, ведь степные вельможи презирали поэтов. Киргизские султаны гордились тем, что среди них не было ни шаманов, ни поэтов». [77] Бұл сөйлемде бір оғаштық, тіпті қарама-қайшылық байқалады. Себебі келесі сөйлемдерде Бөкейханов Абайды сұлтан емес, билердің ұрпағы ретінде суреттейді. Бөкейханов бұл жерде өз жағдайын меңзеп отырса керек. Оның тегі, яғни, Төре руының қоғамдағы жоғары дәрежесі оның өз өлеңдерін өз атынан жариялауға кедергі жасаған ең басты себеп болуы әбден мүмкін.


Қандай себеп болса да, Бөкейханов өзінің саяси мәнсабын журналистік және әдеби шығармашылығынан алшақ ұстағысы келгенге ұқсайды. 1937 жылға дейін, яғни, ату жазасына кесілгенге дейін, ол әдеби аудармалар, әдеби сын және өлеңдерін әртүрлі лақап атпен ұсынып, Алаш Орда көшбасшысы ретінде жазған саяси мақалалары мен сөйлеген сөздерін өз атынан жариялады. Алайда, Большевиктер төңкерісінен кейін Бөкейхановтың бұл тактикасы өзіне қарсы қолданылды. Оның бірнеше жылдар бұрын әртүрлі лақап атпен жазылған мақалаларын Бөкейхановты «халық жауы» деп санаған Кеңес насихатшылары аяусыз бұрмалап, барынша режимі мүддесіне қолданып кетті.


V. Ертеректегі орыс дереккөздері


Омбы қаласынан басылып шыққан Акмолинские Областные Ведомости газетінің қазақ және орыс тілінде қатар шыққан қосымшасы – Дала Уалаятының Газеті мәдени сұхбат алаңына айналды. Бұл сұхбатқа алғашқы білімді қазақтардан Әлихан Бөкейханов (Қыр Баласы), Жүсіп Көпей-ұлы белсене қатысқаны белгілі, бірақ Шахин-Герей Бөкей-ұлы сияқты басқа да білімді адамдар лақап атпен қатысуы мүмкін екенін де зерттеу қажет болар. Десек те, газетке шыққан материалдардың басым бөлігін орыстың белгілі шығыстанушылары – В.Григорьев, В.Радлов, Н.Ильминский, Н. Остроумов, А. Васильев және А.Алекторовтар жазды. Олардың басты мақсаты – Қырдағы көшпенді қазақтарды орыстандыру және қоныстандыру саясатын жүзеге асыру болғандықтан, қазақтар мен олардың басқа мұсылман көршілерінің арасына жік салу әдісі де аз қолданылмады. Бұл идеологтар тобы орыс білімінің мұсылман білімінен артықшылықтарына басым назар аударып, қазақтарды мұсылман саудагерлері мен татар және сарт молдаларының «қу пиғылдарына алданып қалмауын» ескертіп бақты. [78] Кейбірі жалған қауесет, мысалы, «қазақтар татардан тараған» деген тәрізді «аңыз-әңгімелер» таратып, қазақтарды татарларға қарсы қою әдісін де қолданды. [79]


Бірақ орыс шығыстанушыларының үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан, Дала Уалаятының Газеті ұлтшылдық идеяларының катализаторына айналды: газет қазақ оқырмандарын патша режимінің мұсылмандыққа көзқарасын білдірумен қатар көшпенділерге отырықшылықтың экономикалық тұрғыдан тиімсіздігін жиі ескертіп, құнарлы жерлерді орыс шаруаларының басып алу қаупі де жоқ емес екенінен хабардар етіп отырды. Бөкейхановтың ұзақ жылдар бойғы газеттің оқырманы және тілшісі (мүмкін, аудармашы-редакторы) ретіндегі тәжірибесі оның ұлтшылдық идеяларының пайда болуына әсер еткеніне еш күмән жоқ. Ал оның газеттің шығуына жақын араласуы – саяси идеяларының қалыптасуына ғана емес, сондай-ақ орыс шығыстанушылары қолданған нарративтік насихаттау техникаларын меңгеруіне де жағдай жасағаны анық. Осы тұста Бөкейхановқа ықпалы зор болған мәтіндердің бірі – Ибраһим (Иван Алексеевич) Алтынсариннің қазанамасы болса керек. Бұл мәтін алғашында орыстың Оренбурский Листок атты газетінен жарияланып, 1 аптадан кейін аудармасы Дала Уалаятының Газетінің 1889 жылдың тамызында шыққан 33-санынан қайта басылып шыққан еді. [80] Осы қазанамада қолданылған нарративтік техникалардың біразы «Абай» есімі алғаш рет аталған орыс тілді мәтінде, яғни 1905 жылы Семипалатинский Листок газетінде басылған Абайдың қазанамасында қайталанды. [81]


Алтынсариннің қазанамасын жазған авторлар оның білім беруші ретінде жетістікке жетуіне орыс-қазақ бастауыш мектебіндегі үш жыл білімі мен әкесіндей қамқорлық көрсеткен орыс тұлғаларының рухани ықпалы себеп болғанын баса айтқан болатын. Оның есімінің символикалық мағынасына ерекше ден қойған орыс авторлары Алтынсаринді «көшпенді қазақтарға Еуропа өркениетінің жарығын төгіп, олардың Ресейге деген сүйіспеншілігін арттырған алғашқы қазақ апостолы» деп жариялады. Әрине, Абайдың қазанамасының идеологиялық мағынасы бұған қарама-қарсы болса да, бұл қазанама да «Ибрагим» деген аттың символикалық астарына аса мән берді. Оған қоса, Абайдың білімі 3 жыл медресе және 3 ай шіркеу мектебімен ғана шектелгенін де басып айтты. Бірақ бәрінен де маңыздысы – бұл қазанама да Абайдың интеллектуалдық өсуіне білімді орыс тұлғаларының ықпалы болғанын, ал шығармашылық шеберлігінің дамуы орыс әдебиетін үздіксіз оқығанының арқасында ғана мүмкін болғанын мәлімдеді. Бөкейхановтың айтуынша, анасы еркелетіп «Абай» деп атаған ақынның дарыны жастайынан байқалса да, оның жазушылыққа толығымен бет бұруына орыс әдебиетімен танысып, орыс халықшылдарымен араласуы әсер еткен.


Абайдың қазанамасының 1905 жылы жариялануы күтпеген оқиға болса керек. Бұл уақытта орыс этнографтары Орта Азияны шарлап, өңірдің географиясы, экономикасы және мәдениеті жайында мәлімет жинап жүргеніне біраз жылдардың жүзі болған еді. Дегенмен, Бөкейханов Абайды Тобықты руының арасында аса танымал болған ақын деп жазса да, оның есімі орыс этнографтарының еңбектерінде мүлдем аталмайды. Мысалы, Александр Алекторов 1900 жылы жарық көрген қыр жайлы дереккөздердің (1000 бет) библиографиялық көрсеткішінде Жүсіп Көпей-ұлының мақалаларын атайды, бірақ «Абай», «Ибраһим Құнанбаев» немесе «Ыбырай Құнанбай» деген ақын жайлы ақпарат бұнда жоқ. [82] 1895 жылы Алекторов атақ-даңқы өзінің туған өлкесі Қостанай уезінен асып танылған Құрманбай атты ақын-әнші туралы мақала жариялады. Бірақ Алекторов Абай жайлы ләм-лим демейді. [83] Әрине, Алекторовтың Абайдың есімін библиографияға енгізбеуін Абайдың өмір сүрмегенінің дәлел деп қарау қателік. Дегенмен, бұл алаңдарлық белгі, тіпті айғақ десек те болады. Егер сол уақытта қырда орыс мәдениетіне бас иген Абай сияқты ақын өмір сүрген болса, және тіпті өз руының ішінде ғана танымал болса да, орыс этнографтары оның өлеңдерін жазып алуға ағылып бармас па еді?


Ешкім естіп-көрмеген ақын туралы оқырмандардың сұрағы болатынын сезген Бөкейханов қазанамада Абайдың өлеңдерінің ешбір жазбаша ізінің жоқтығын түсіндіретіндей нарратив ұсынады. Бөкейхановтың айтуынша, Абай жас кезінде өлеңдерін бір жапырақ қағазға жазып, оңды-солды тарата берген. Ал кейінірек, қартайған шағында, Абай өлеңді бос уақытында, өзі үшін ғана жазып, оны кітап етіп жинамаған. Басқалай айтқанда, Бөкейхановтың меңзеп отырғаны – оқырмандар «Абай» не «Ибраһим Құнанбаев» деген аттарды естімесе, оның себебі – Абайдың өлеңдері ешқашан басылып шықпағандықтан. Дегенмен, қазанаманың соңына қарай Бөкейханов Абайдың өлеңдерінің жинағын орыс императорлық географиялық қоғамы Бөкейхановтың редакторлығымен басып шығаратынын хабарлайды. Алайда, бұл жоба жүзеге аспады. Абайдың өлеңдер жинағы тек 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Бораганский&К баспасынан шыққанға ұқсайды. Әрине, біз өткен тарауда айтып өткендей, 1909 жылы шыққан осы кітаптың түпнұсқалығына қатысты жауабы жоқ сұрақтар көп-ақ.


Бөкейханов 1904 жылы қайтыс болған Абайдың қазанамасын неге 1905 жылы шығарды? Бәлкім, Дала Уалаятының Газетінде 1889 жылы жарияланған екі өлең көптің көңілінен шыққан соң, Бөкейханов одан басқа да өлеңдер жазып, оларды ( географиялық қоғамдағы таныстары арқылы) басып шығарғысы келген болар. Ол кітапты өмірі қызық та бояуы қанық бір кейіпкердің (гетероним) атынан және ол жайлы сұрақ туындамауы үшін, өмірден озып кеткен кейіпкердің атынан шығаруға ұйғарған болар. Осылайша, Бөкейханов, бәлкім, өзінің әдеби жобаларының (өлеңдер, аудармалар, әдеби сын) анонимділігін сақтауға тырысқан болар?


1954 жылы (Сталиннің өлімінен кейін бірер ай өткенде) ғалым Әлкей Марғұлан Ленинградтағы географиялық қоғамның архивінен қолжазба тауып алды. Осы қолжазбадағы сол кезде Абайға тиесілі деп танылған 12 өлең А.К деген лақап атпен берілгеніне қарамастан, кеңес ғалымдары бірден «Абайдікі» деп, ал қолжазбаны дәлел деп санады. [84] Егер қолжазбаның табылған орнына, қолданылған лақап атқа және жинақтың атауына («О положении современных киргиз») көңіл аударсақ, аталған қолжазбаның авторы Бөкейханов емес пе екен деген ой келеді. Бұл мүмкіндікті 1954 жылы және одан кейінгі, яғни, Бөкейхановтың аты-жөніне тыйым салынған жылдары, ғалымдар атауға дәттері бармаған болуы мүмкін.


Дегенмен, Әлкей Марғұлан мен басқа кеңес ғалымдары бұл мүмкіндікті тұспалдап, осы өлеңдерді 1897 жылы Владимир Кудашев деген орыс тілшісі белгісіз ақынның аузынан жазып алып, орыс тіліне аударғанын айтқан еді. Ал Бөкейхановтың 1897 жылы V. деген лақап атпен жариялаған Омскідегі географиялық қоғамның кезекті бір жиылысы жайлы баянатынан оның Кудашев мырзаны танитынын және Кудашевтің қазақ тілін мүлдем білмейтіні жайлы ақпарат аламыз. [85] Егер Кудашев айтып отырған белгісіз қазақ ақынын Бөкейханов деп топшыласақ, пазл-жұмбақтың барлық бөліктері қиыса кететін сияқты. Және бұл дерек қолжазбаның географиялық қоғамның архивінен табылуының себебін де түсіндіреді. Сонымен қатар, бұл өлеңдердің А.К деген лақап атпен, яғни, Бөкейхановтың жиі қолданатын лақап аттарының бірі – «А.Құрманбаев» немесе «Асылқожа Құрманбаевтың» қысқартылған түрі емес пе деген ой келеді. Ең бастысы – бұл дерек қолжазбаның не себепті екі тілде жазылғанын түсіндіреді. Кудашевтың қазақ тілінен өлең аударуға тіл деңгейі жетпейтіні айдан анық, оған қоса, сол кезде қырда қазақ және орыс тілінде жазбаша әдебиет шығаруға белсенділік танытып жүрген жалғыз қазақ Әлихан Бөкейханов іспетті. Бөкейхановты осы қолжазбадағы қазақ тіліндегі өлеңдердің авторы ғана емес, сонымен қатар аудармашысы деп пайымдауға әбден негіз бар сияқты.


1905 жылдың алдындағы онжылдықта өзі «Абайдың» қазанамасында сипаттағандай, Бөкейханов өлеңдерін бос уақытында, көбінесе өзі үшін, жарияламай немесе басып шығаруды мақсат тұтпай жазған болуы мүмкін. Сол кезеңде ол лақап ат іздеу және ақынның жалпы бейнесі жайлы ойланып жүруі ықтимал. Ол осы жаңа тұлғаның бейнесі туралы орыс әріптестеріне де тұспалдап айтты ма екен?


Мәселен, Бөкейханов қазанаманы жариялаған кезде географиялық қоғамның мүшесі және Семипалатинский Листок газетінің редакторы болған Николай Коншин 1900 жылы бір материал жариялады. Сол материалдың алғысөзінде ол Семейде «аты әйгілі болғандықтан, аты-жөнін атағысы келмеген» Тобықты руының бір азаматы Орта Жүз руларының шежіресін жазып бергені жайлы хабарлаған еді. [86] Көп жылдардан кейін, 1940 жылдары, кеңес ғалымы Михаил Фетисов Коншиннің ғылыми хабарының дереккөзі болған белгісіз қазақты «Абай» деп мәлімдеп, оның «ақын ғана емес, сонымен қатар тарихшы және ғалым» болғаны туралы батыл мәлімдеме жасаған болатын. [87] Фетисов бұл мәлімдемені қандай дерекке сүйеніп жасағаны анық емес. Ал Бөкейханов 1905 жылғы қазанамасында Абайды «тарихшы» не «ғалым» деп суреттемеген еді. Ал осы белгісіз қазақтың Бөкейхановтың өзі болуы да ғажап емес. Ол 1895-1901 жылдар аралығында орыс санақшысы Федор Щербина бастаған ғылыми экспедицияға қатысу барысында орта жүздің тарихын жинақтап, жазып алуы әбден мүмкін, себебі кейінірек оның жақын одақтасы болған Міржақып Дулатов қазақтың тарихына, тегіне қатысты біршама мақала жазды.


Бөкейхановтың орыс әріптестеріне өз идеясын тұспалдап айтуы мүмкін екеніне тағы бір мысалды 1903 жылы географ Александр Седельников жазған бір мақаладан да байқауға болады. Мақаласының қазақтың халық өнері (народное творчество) жайлы бір бөлімінде Седельников айналасы 2-3 сөйлеммен «Кномбай» деген қазақ ақыны туралы, оның Пушкиннің Онегинін және Лермонтовтың өлеңдерін аударғанын және оның «формасы әсем» әрі «терең мазмұнды» лирикалық өлеңдер жазатынына тоқталып өткен. [88] Кейінгі жылдары Седельниковтың мақаласы «Абай» тарихнамасына қатысты және оның шын есімі «Құнанбаев» екенін дәлелдейтін тарихи айғақ ретінде қолданылып жүр. Алайда, Седельниковтың «Кномбайға» қатысты сілтемесі екі мәселе бойынша күмән тудырады. Біріншіден, бұл кезеңде қазақ ақындары мен билері әкесінің атымен емес, өз атымен немесе лақап атымен танымал болушы еді. Басқаша айтсақ, Седельниковтың сілтемесін ақынның әкесінің емес, өз есіміне немесе «Кномбай» деген лақап атқа жасалған сілтеме деп түсіну керек. Мұны басқаша түсіну – осы сілтеме жасалған уақыттағы тарихи контексті жетік білмегеннен туындайтын қателік болып табылады. Седельниковке «Кномбай» туралы деректі Бөкейханов берсе керек, себебі екеу бір-бірін таныды деуге негіз бар: екеуі де Омбыда тұрды, мұғалім болып қызмет етті, зерттеу экспедицияларына қатысты. Седельников «Кномбайды» атаған кітапта екеуі де үлес қосқан тағы бір мақала бар.


Седельниковтың сілтемесі зерттеушілерді ойға қалдырады, себебі 1915 жылы «Қазақ» газетінде Абайдың немере інісі Кәкітай Құнанбаевтың қысқаша қазанамасын («Ғалихан» деген лақап атпен) жазған Бөкейханов Кәкітайды 1900 жылы кездестіргенін айтады. [89] Онда ол неге досы әрі әріптесі Седельниковке ақынның толық аты-жөнін немесе оның «Абай» деген лақап атын 1903 жылы айтпаған? Бұл сұрақ бұдан да үлкенірек мәселенің бір көрінісі: тарихи деректер пен Абайдың өмірбаянының ресми нұсқасының қарама-қайшылыққа толы екені соншалық, оны зерттеген кез-келген адам міндетті түрде қандай да бір жұмбаққа тіреледі. Осы пазл-жұмбақтың шындыққа жанасатын шешімі мынадай болмақ: 1903 жылы Бөкейханов «Абайдың» шын есімін әлі білмеуі де мүмкін әлде ол оны ойлап таппаған болар?


Десек те, 1905 жылы Абайдың қазанамасын жазып, ұлттық ақын бейнесін сомдағанда, Бөкейхановтың жалғыз мақсаты оның атынан өлең жариялау болмаса керек. Бөкейхановтың бұл қазанаманы орыс тілінде және өз атынан жариялауы – осы қазанаманың негізгі мақсатын ашып көрсетуі мүмкін. Мақаланың алдыңғы тарауында аталғандай, Бөкейханов 1937 жылға дейін, яғни, өмірінің соңына дейін, саяси тақырыптан басқа мәтіндерінің барлығын лақап атпен жариялады. Осы қазанаманы расында да Бөкейханов жазған болса, ол бұл қазанама арқылы саяси мәлімдеме жасауды көздеуі мүмкін. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана Бөкейханов – Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов сияқты басқа ұлтшылдармен бірге орыс үкіметінен қазақтардың діни және жер меншіктігі құқығын талап етіп, 14500 адам қол қойған петицияны жазуға қатысқан еді. [90] Бөкейханов өз атынан жазған қазанама осы саяси жобаның бір бөлігі екеніне еш күмән жоқ. Абайдың бейнесі арқылы Бөкейханов өзінің саяси жобасының шығармашылық компонентін құрады: ұзақ уақыт орыстандыру саясатын көздеген орыс-қазақ зиялыларына орыс мәдениетіне толық сіңісе отырып, өзінің көшпелі мәдениетінен қол үзбеген, үлгі тұтарлықтай мінсіз қазақ бейнесін көрсеткісі келсе керек.


Бұл уақытта Бөкейхановтың саяси-мәдени жобасы партия деңгейінде пісіп-жетілмеген еді. Ол тек 1917 жылы Алаш Орданың құрылуымен өз мәресіне жетті. Осы аралықтағы жылдарда Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов үшеуі бірігіп, көптеген мәдени-ағартушылық жобаларын жүзеге асырды. Солардың бірі – 19 ғасырда өмір сүрген «Ибраһим (Абай) Құнанбай» деген біртуар ақын және ойшыл қазақтың өмірі мен шығармашылығын үлгі етіп, халыққа тарату жобасы еді.


Жалғасы: https://www.zaurebatayeva.blog/post/абай-жұмбағы-қазақстанның-белгісіз-ұлы-ақыны-2

[1] Абай. Өлсем орным қара жер сыз болмай ма.

[2] Абай. Білім таппай мақтанба.

[3] Аслан Жаксылыков. Поэтика и эстетика Абая. Алматы, 2012.

[4] Гүлзия Камбарбаева. Стихи Абая в переводе на русский язык. Алматы, 2014.

[5] Мұхтар Әуезов. Абай жайын зерттеушілерге. Шығармаларының 50 томдық толық жинағы. Мақалалар, зерттеулер және пьесалар. 1937-1940. Алматы, 2004. 15-томы, 30-33 бет.

[6] Алихан Букейханов. Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог) // Семипалатинский Листок. 1905, № 250.

[7] Ілияс Жансүгіров. Кіріспе. «Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ». Қызыл Орда, 1933. 5-бет.

[8] Заки Ахметов. Новое о переводах Абая из М. Ю. Лермонтова // Тюркологический сборник, №1, 1951. Зәки Ахметов. Кемел ақын, кемеңгер ойшыл. Есенбай Дүйсенбайұлы (ред.). Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. Алматы, 2005, 1-томы, 6-33 бет.

[9] Николай Анастасьев. Абай. Москва, 2008, стр. 7.

[10] Радик Темиргалиев. Казахи и Россия. Москва, 2013. [11] Толеген Тажибаев. Просвещение и школы Казахстана во второй половине XIX века. Алматы, 1962, стр.270. [12] Жүсіп Көпей-ұлы. Біздің қазақ жұртының бала оқыту тариқасын айтамын. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 38-саны. А.Н. Қ оязының молдаларының баяны // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 19-саны. [13] Adeeb Khalid. The Politics of Muslim Cultural Reform: Jadidism in Central Asia. Berkeley,1998, pp. 21-22. [14] Adeeb Khalid. The Politics of Muslim Cultural Reform: Jadidism in Central Asia. Berkeley, 1998. [15] Вячеслав Огрызко. Чего мы не знаем об Абае и его великом певце (1-часть) Развенчивая мифы вокруг Великой эпопеи Мухтара Ауезова Литературная Россия. 2018, № 27. [16] Олжас Сулейменов. АЗ иЯ. Алма-Ата, 1975. [17] Есмагамбет Исмаилов Ақыны. Алма-Ата, 1957. Стр.188-189. [18] Редактор: Богданов Константин, Николози Риккардо, Мурашов Юрий. Джамбул Джабаев. Приключения казахского акына в советской стране. Статьи и материалы. Москва, 2013. [19] Elena Zemskova. Soviet «Folklore» as a Translation Project: The Case of Tvorchestvo narodov SSSR. In Translation in Russian Contexts: Culture, Politics, Identity. London, 2017. [20] Леонид Соболев. Поэт-мыслитель. Абай Кунанбаев. Лирика и поэмы. Москва, 1940. [21] Алена Тарасова. Песни на заказ: Как в СССР фальсифицировался национальный фольклор // IQ.HSE, 29 мая, 2018. [22] Osip Mandelstam. Oeuvres complètes. Paris, 2018, p. 431. [23] Sarah Cameron. The Hungry Steppe: Famine, Violence, and the Making of Soviet Kazakhstan. Ithaca, 2018. Robert Kindler, Stalin’s Nomads: Power and Famine in Kazakhstan. Pittsburgh, 2018.

[24] Ілияс Жансүгіров. Кіріспе. Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ. Қызыл Орда, 1933. 5-6 бет.

[25] Алихан Букейханов. Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог) Семипалатинский Листок. 1905, № 250.

[26] Мұхтар Әуезов. Абайдың туысы мен өмірі. Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ, Қызыл Орда, 1933, 374-бет.

[27] Ғаббас Тоғжанов. Абай. Қазан, 1935. 9-12 бет.

[28] Ғаббас Тоғжанов. Abai. Қазан, 1935. 103-110 бет.

[29] Ғаббас Тоғжанов. Абай. Қазан, 1935. 103-110 бет.

[30] Ахмет Байтұрсынов. Қазақтың бас ақыны. // Қазақ. 1913, 39-саны

[31] Шығарушылар алқасынан. Есенбай Дүйсенбайұлы (ред.) Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-томы. Алматы, 2005. 3-4 бет.

[32] Гүлнәзия Әбуова. Абайдың алғашқы кітабы. // Парасат. 5-саны, 17-бет.

[33] See http://www.library.kz.

[34] Шығарушылар алқасынан. Есенбай Дүйсенбайұлы (ред.). Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-томы. Алматы, 2005. 3-4 бет.

[35] Алматыдағы орталық ғылым кітапханасының архивінде сақталған «Абай Құнанбаевтың қолжазбасы» деген нөмірі 598 құжатты қараңыз. See http://www.library.kz.

[36] Мұхтар Әуезов. Абай жайын зерттеушілерге. Шығармаларының 50 томдық толық жинағы. 15-томы. Мақалалар, зерттеулер және пьесалар. 1937-1940. Алматы, 2004. 32-бет.

[37] Алихан Букейханов. Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог) Семипалатинский Листок. 1905, № 250.

[38] George Kennan. Siberia and the Exile System. New York, 1891. Vol.1, p. 184.

[39] Ibidem. p. 184.

[40] Ахмет Байтұрсынов. Қазақтың бас ақыны. // Қазақ. 1913, 43-саны.

[41] Мухтар Ауезов. Абай (Ибрагим) Кунанбаев. Жизнь и творчество. Абай Кунанбаев. Лирика и поэмы. Москва, 1940. Стр. 27.

[42] Николай Анастасьев. Абай. Москва, 2008. Стр. 203.

[43] Томск Мемлекеттік Университетінің кітапханасы Дала Уалаятының Газетінің бірнеше жылының электрондық нұсқасын жариялап, қазақ тарихының аса маңызды, бірақ зерттелмеген қырларын қайта қарастыруға мүмкіндік ұсынды.

[44] Гәзет шығаратындардан. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 1-саны.

[45] Жүсіп Көпей-ұлы. Баян ауылдан. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 48-саны.

[46] Николай Остроумов. Сарты. Этнографические материалы. Ташкент, 1897. стр.171.

[47] Анатолий Ремнёв. Татары в казахской степи: соратники и соперники Российской империи. // Вестник Евразии. Выпуск 4, 2006. стр.24

[48] Жүсіп Көпей-ұлы. Қазаққа пайда мынау малын бақсын. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 45-саны.

[49] Қыр баласы. Хат баспаханаға. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 24-саны.

[50] Сильченко М.С. Абай и русские демократы. 1947. № 10.

[51] Михаил Фетисов. Зарождение казахской публицистики. Алматы, 1961. 322-бет. Фетисов еңбегінде дәйеккөз ретінде Хайыржан Бекхожиннің 1949 жылы қорғалған диссертациясын көрсетті.

[52] Алихан Букейханов. Киргизы. «Формы национального движения в современных государствах». Санкт-Петербург, 1910. стр.593-594.

[53] Үшкөлтай Субханбердина. Айқап. Алматы, 1995, 16-17 бет.

[54] Абен Сатыбалдиев. Духовное наследие. Алматы, 1987.

[55] Лев Толстой. Хаджи-Мурат. Москва, 1924.

[56] Трагедия казахского аула: 1928-1934.

[57] А.Н. Ықтиятты болыс. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 45-саны.

[58] С.М.Ш. Баян ауылдан. // Дала Уалаятының Газеті. 1890, 3-саны.

[59] Көкпай Жанатай-ұлы. Атаусыз. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 7-саны. Авторсыз. Атаусыз. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 12-саны.

[60] Николай Анастасьев. Абай. Москва, 2008. Стр. 196.

[61] Михаил Фетисов. Зарождение казахской публицистики. Алматы, 1961. 322-бет. Үшкөлтай Субханбердина. Абайдың көзі тірісінде басылған шығармалары. Дала Уалаятының Газеті. 1888-1902. Алматы, 1996. 2-томы, 20-бет.

[62] Жүсіп Көпей-ұлы. Баян ауылдан. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 48-саны.

[63] Мұхтар Әуезов. Абай туралы Көкпай ақсақал мен баласы Тұрағұлдың естеліктері (воспоменания). Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ. Қызыл Орда, 1933. 385-386 бет.

[64] Хайржан Бекхожин. Қазақ баспасөзінің даму жолдары (1860-1930). Алматы, 1964. 50-бет. Михаил Фетисов. Зарождение казахской публицистики. Алматы, 1961. Стр. 53.

[65] С.Г. Көктем. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 17-саны.

[66] Ыбырай Алтынсарин. Қырғыз хрестоматиясы. Оренбург, 1906 (1879 жылы бірінші рет басылған), 85-бет.

[67] Григорий Потанин. Казах-киргизские и алтайский предания, легенды и сказки. // Живая старина. , В. 3, 1916, стр. 189.

[68] Жүсіп Көпей-ұлы. Атаусыз өлең. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 45-46 саны.

[69] Үшкөлтай Субханбердина. Дала Уалаятының газеті: 1888-1902. Алматы, 1994.

[70] Үшкөлтай Субханбердина. Әңгіме авторы Абай емес пе екен? // Қазақ Әдебиеті. 1964, 20 қараша. Үшкөлтай Субханбердина. Абайдың көзі тірісінде басылған шығармалары. Дала Уалаятының газеті: 1888-1902. Алматы, 1996, 21-22-бет.

[71] Ш.К. Баспаханаға хат. // Дала Уалаятының Газеті. 1895, 49-саны.

[72] Абай. Өлсем орным қара жер сыз болмай ма.

[73] Абай. Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін.

[74] Үшкөлтай Субханбердина. Дала Уалаятының газеті: 1888-1902. Алматы, 1994. 2-томы, 799-бет. Түсініктер. Есенбай Дүйсенбайұлы (ред.). Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-томы. Алматы, 2005. 2-томы, 217-бет.

[75] Alexandre Bennigsen and Chantal Lemercier-Quelquejay. La Presse et le Mouvement National chez les Musulmans de Russie avant 1920. Paris, 1962.

[76] Жусип Султанхан Аккулулы (ред.) Алихан Букейханов. Полное собрание сочинений на казахском русском и языках. Том. 1. Aстана, 2009. Стр. 539-540.

[77] Алихан Букейханов. Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог) Семипалатинский Листок. 1905, №250. [78] Анатолий Ремнёв. Татары в казахской степи: соратники и соперники Российской империи // Вестник Евразии. 2006. Вып. 4, стр.24-25.

[79] Там же. С. 24.

[80] Ибрагим Алтынсаринович (Иван Алексеевич) Алтынсарин. // Дала Уалаятының Газеті. 1889, 33-саны.

[81] Букейханов А.Н. Абай (Ибрагим) Кунанбаев // Семипалатинский листок. 1905. Вып. 250.

[82] Александр Алекторов. Указатель книг, журнальных и газетных статей и заметок о киргизах. Казань, 1900.

[83] Александр Алекторов. Курманбай // Тургайская газета. 1895, Вып.39.

[84] Хайржан Бекхожин. Қазақ баспасөзінің даму жолдары (1860-1930). Алматы, 1964. 22-бет.

[85] V. В Западно-Сибирском отделе Географического Общеста // Степной Край. 1897, № 29.

[86] Николай Коншин. Заметка о происхождении родов Средней киргизской орды. Памятная книжка Семипалатинской области на 1900 год. Вып.4.

[87] Михаил Фетисов. Зарождение казахской публицистики. Алматы, 1961. 238-бет.

[88] А. Н. Седельников. Киргизы. // Россия: Полное географическое описание нашего отечества: настольная и дорожная книга для русских людей. Т. 18. Киргизский край. / сост. А.Н. Седельников, Л.П. Осипова, А.Н. Букейханов. С. 204.

[89] Ғалихан. Кәкітай. Қазақ.1915, 105-саны.

[90] А.Н. Букейханов. Киргизы. // Формы национального движения в современных государствах. Австро-Венгрия. Россия. Германия. / Под ред. А.И. Кастелянского. СПб., 1910. С. 598.


Жалғасы: https://www.zaurebatayeva.blog/post/абай-жұмбағы-қазақстанның-белгісіз-ұлы-ақыны-2