top of page
  • Зәуре Батаева

Совет режимінің тағы бір жасанды құжаты – Адольф Янушкевичтің күнделігі мен хаттары

I. Кіріспе


«Абай Құнанбаевтың» тарихын зерттеу – Пандора жәшігін ашумен пара-пар, амалсыздан жағымсыз ақиқатпен бетпе-бет ұшырасуға тура келеді.


Әуелі «Абай» деген ақын туралы мифті сомдаған Әлихан Бөкейхановтың күрделі ниетіне келсек, саяси тұрғыдан Бөкейханов ұлтшыл болды, Қазақ автономиясы мен қазақ халқының көшпенді мәдени болмысының сақталып қалуын қолдады. Алайда, алаңдатын ащы шындық осы – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Бөкейханов орыс әдебиетіне және жалпы орыс мәдениетіне кіріптар болды. Санасына терең бойлаған осы русофилия сезімінсіз, Бөкейханов «Абай» канонының үлкен бір бөлігі саналатын өлең-жырларын жаза алмаған болар еді. Тіпті қазірдің өзінде көптеген қазақтар жазба әдебиетінің негізін қалаған тұлғаның мүдделері мен жанына аса жақын құндылықтарының бір-бірінен соншалықты алшақ болғанын тосырқай қабылдайды.


Қыр баласы, Ғабдірахым Алашбаев, Көшпелі Қазақбаев, А.Құрманбаев, Шәкәрім, Абай тәрізді жасанды тұлғаларды сомдаған Бөкейханов нені көздеді? Ол неге өзге көшпелі қазақтарды да өзі сияқты орыс әдебиетін сүйетін, ауызша мәдениеттен жазба мәдениетке көшіп қойғандай бейнелейтін мифологиялық кеңістік құрғысы келді? Әр түрлі жасанды тұлғалар атынан әр қилы мәселелер көтере білу қабілеті Бөкейхановтың шығармашылық кемеңгерлігінің сырын аша түседі, бірақ тарих таразысына салғанда, бұл оның ең үлкен кемшілігі болып шықты: Совет режимі оның жазбаларын қалауынша бейімдеп, орысшыл, қазаққа қарсы үгіт-насихат құралына оп-оңай айналдыра салды. Ащы ақиқат осы.


Постсоветтік кезеңде «Абай» және оның шығармалары советтік статусын сақтап қалды. Мемлекеттік құрылымдар аясында қызмет еткен бірде-бір адамның «Абай» шығармалары қалай жазылды деген мәселені қозғауына рұқсат етілмеді. Алайда, «Абай» жайлы үгіт-насихат науқаны адам сенгісіз дәрежеге жеткен шақта, тағы бір шындықтың беті ашылды: «Абайдың» қара сөздерінің қазақылыққа қарсы және орысшыл екендігі оны жазғанынан ғана емес, сонымен қатар не туралы жазбағанынан да айқындалды.


19-ғасырда Жүсіп Көпеев, Әлихан Бөкейханов тәрізді қазақ зиялылары Ресейдің қырды отарлау саясатының салдарынан қазақтарға төніп тұрған қауіпке алаңдап, жан ұшырып дабыл қағып жатқанда, «Абай» атты данышпан Ресейдің жер саясаты жайлы ләм-лим демеген жалғыз зиялы болып шығады. Ал егер «Абай» шынымен көшпелі мәдениет өкілі болса, онда ол өзінің отбасына, ауылына, тұтас жұртына төнген қауіпті аңғарған болар еді ғой.


Бұл бізді тағы бір ащы ақиқатқа жетелейді: «Абайдың қара сөздері» – фейк. Онда 19 ғасырда көшпелі қазақты қатты алаңдатқан мәселе – Ресейдің отарлау саясаты, соның ішінде қазақтың жерін күштеп тартып алу жайлы ләм-лим делінбеген. Себебі «Қара сөздердің» басым дені 19-ғасырда емес, 1932-33 жылдары Мұхтар Әуезов жетекшілік еткен совет насихатшылары «Абайдың» алғашқы толық жинағын әзірлеу барысында жазылған.


«Абайдың қара сөздерін» әзірлеуге совет насихатшылары белсене араласқанын дәлелдеу үшін Әуезовтің жеке архивін ақтарудың қажеті де жоқ (Әуезов архивінің біраз бөлігін «қазақтар мен орыстарға білуге болмайтын ақпарат бар» деген уәжбен 2093 жылға дейін қайта жауып тастаған [1]). Дәлелдер «Қара сөздердің» өзінен-ақ еш қиындықсыз табылады. Мысалы, 40, 41 және 42-ші сөзінде «Абай» өз халқының мұңына мұңдас, сырына сырлас болудың орнына көшпелі халықты жалқау, надан, жаманшылыққа үйір, қызғаншақ, мақтаншақ, арызшыл, бір-біріне қастықшыл деп қатаң сөгеді. [2]


Шын мәнінде «Абайдың» бұл зәрлі сөздері 19-ғасыр шындығын емес, Сталин терроры жаппай сипат алған 1930-жылдарды сипаттайды. Ол кезде ОГПУ агенттері қазақтың кедейін ауқаттысына, мұсылманын мұсылман емесіне қарсы қойып, ру сыртынан ру арыз жазуға мәжбүр болып, қазақтар топ-тобымен ГУЛАГ-қа айдалып жатты. «Абайдың» осы уытты сөздерінің көмегімен Совет режимі талай пропаганда құралын жасақтады. 19-ғасырдағы қазақ халқын ауызбірлігі жоқ, өзара қырқысқан халық ретінде бұрмалап көрсеткен «Абай жолы» шығармасы да солардың қатарында.


Қазір қазақ оқырмандары бір-бірін көрсетіп, ит жеккенге айдату жағдайларын 19-ғасырдағы қазақтармен байланыстырады, шын мәнінде атышулы «домалақ хат жазу» – тек қана 1930-жылдары Сталин терроры кезінде пайда болған құбылыс. 19-ғасырда көшпелі қазақты мүлде басқа мәселе алаңдатты: Ресей империясының Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі өмір салтын құртуға бағытталған отарлау саясатының үдеуі және соның залалды салдары.


40-сөзінде «Абай» қарапайым қазақты қаралаумен ғана шектелмейді, «Елді пысық билегені несі? Пысықтың бәрі кедей келетұғыны қалай?»– деп, ел билеушілерді де айыптайды. [3] Ресми өмірбаянына жүгінсек, «Абай» өзі – ауқатты, өз ортасында құрметі асқан көшпелі қазақ қоғамының өкілі, отаға иесі, малы көп адам. Осындай адамның «Қара сөздерде» өзінің төл мәдениетіне ашық қарсы шығуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес және олай істеудің мәні де жоқ еді. Тек ондаған жылдардан кейін ғана совет режимі өзіне мүлтіксіз қызмет еткен қазақтарға өз ата-бабасының мәдениетіне шабуыл жасауына қолайлы саяси жағдай жасап берген еді.


Айта кетерлік жайт, осы мәтіндерді жазған совет пропагандистері ел билеуші азаматтарды «кедей келетұғыны қалай» деп айыптай отырып, пасық ниетін өзі-ақ әшкерелеп берді. Шын мәнінде көшпелі халықтың атқамінерлері мыңғырған малы бар ауқатты адамдар болғаны белгілі жай. Бар мәселе – осы жолдарды жазған адам өзі өмір сүрген 1930 жылдарды сипаттауында жатса керек. Ол заманда кедей қазақтар «пролетариат жатақ» атанып, ұжымдық шаруашылықтарға (артель, колхоздар) жетекшілік етті, ал ауқатты қазақтар не ату жазасына кесілді, не ГУЛАГ-қа жіберілді, не «жатақтың» қоластында жұмыс істеді.


«Абайдың» 41-сөзінде совет пропагандасының үні одан сайын айқындала түседі. «Абай» көшпелі қазақ қоғамын «түзеу» үшін 19-ғасырда не қазақтың өзінің, не патша үкіметінің миына да кіріп шықпаған шешім ұсынады. Алайда, бұл ұсыныстарды совет режимі ұтымды пайдаланған белгілі жайты: көшпелі өмір салтын түбегейлі құрту үшін алдымен қазақтың малын тартып алып, рулық жүйені құртып, талай отағасын ГУЛАГ-қа жіберіп, жетім қалған бала-шағаны жетімдер үйіне орналастырды. 41-сөзден туындайтын риторикалық жағдайға мән берсек, 19-ғасырда өмір сүрген «Абай» есімді көшпелі қазақ уақыт пен кеңістікті жарып өтіп, совет диктаторы Сталинге қазақтың рулық жүйесін қалай талқандау қажеттігі жөнінде кеңес бергендей:


«Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хатта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді». [4]


Бұл сөздің қара ниетін тани тұра бірде-бір совет ғалымының «Қара сөздердің» тарихи түпнұсқалығына күмән келтіруге батылы бармаса, бұл – совет тоталитарлық режимінің айбының айғағы. Бірде-бір совет оқушысы немесе қарапайым азамат «Абай» өз халқынан неге соншалықты жиренген деп сұрақ қоя алмаса – советтік пропаганда машинасы мен халықтың миын шаю үрдісінің қаншалықты күшті болғанының айғағы. Қысқаша айтқанда, миы әбден шайылған совет азаматы адам сенгісіз нәрселерді қабылдауға әзір болды: 19-ғасырдың көшпелі қазағы «Қара сөздерінде» қазақтың дәстүрлі рулық жүйесін талқандау себептері мен әдістерін ұсынды деген жалған идеяға кәміл сенді.


Өкінішке орай, «Абай» тарихына тереңірек үңілу бізді одан да ірі ақиқатқа жетелейді: совет дәуірінде совет жазушылары мен институттары «Абай» мәселесі ғана емес, совет режимі үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды болған көптеген мәселелер бойынша тарихи фактілерді бұрмалаумен және плагиатпен жаппай айналысты. Бұл мәселелердің кейбірін ғалымдар әшкерелегенімен, көбі жабық күйде қалып отыр. Бұл мақалада осы сұрықсыз шындыққа, яғни совет жазушылары мен пропаганда институттарының сыбайластық құпия әрекеттеріне кеңірек тоқталамыз.


Советтік Қазақстандағы көптеген тарихи бұрмалаушылықтар пен жалған кітаптардың пайда болуына катализатор болған тарихи жағдайлардың бірі – Сталин 1929-1933 жылдар аралығында жүргізген күштеп ұжымдастыру науқанының тікелей салдарынан болған Ашаршылық. Бұл жасанды қасірет Қазақ халқының 40 пайызын жалмады: Сталиннің ұжымдастыру шараларының салдарынан 1,5 млн қазақ аштықтан қырылып жатқанда, совет режимі отырықшы қазақтарды, әсіресе білімді де білікті қазақтарды жаппай қудалау науқанын қатар жүргізді. Жаңа бой көтеріп келе жатқан зиялылар қауымдастығы түгелдей дерлік совет билігін құлатуды көздеген шетел агенті, халық жауы ретінде айыпталып, ату жазасына кесілді немесе ГУЛАГ-қа жіберілді.


Бұл сұмдық заманды орыс жазушысы Варлам Шаламов кейін былай деп суреттеген еді: «Түрмедегі алғашқы сәттерден-ақ маған бұл қудалау науқанының ешқандай да қателік емес екені айдан айқын болды, бұл – бір тұтас әлеуметтік топты, яғни, Ресей тарихының жуықтағы тарихының «қажетсіз» тұстарын есте сақтағандардың көзін түбегейлі құртуға бағытталған жоспарлы науқан екенін түсіндім». [5]


Бұл қырғыннан Сталиннің қырып-жою кампаниясын қолдап, совет пропагандасына үлес қосқандар мен қазақ халқын қаралаған совет-қазақ «интеллигенциясы» ғана аман қалғаны белгілі факт. Олар режим пропагандасының ең мықты құралына айналып, совет режимінің Ашаршылық кезінде жасаған қылмысын жасырып, совет заманына дейінгі көшпенді өмір салтының мәдени байлығын қоғам санасынан өшіруге күш салысты. Мұндай жан түршігерлік оқиғаны қоғамда талқылауға тыйым салынса да, тірі қалғандар мен олардың ұрпақтарының алдында советтік режимнің күштеп ұжымдастыру әдістерін ақтау маңызды болды. Осы мақсатта жаппай советизациялау бағдарламасы құрылып, оған қазақ тарихын қайта жазу науқаны да кірді.


Қазақ тарихын совет режимі мүддесіне қарай бейімдеп, қайта жазуға «шикізат» ретінде пайдаланылатын материалдарды Қазақ ғылым академиясы 1961 және 1964 жылдары жинақтап, екі томмен басып шығарды. [6] Барлық совет тарихшылары мен жазушылары осы екі жинаққа сүйенуге міндеттелді, осылайша тарихи зерттеулерге қатаң шектеу қойылып, әр басылымның мазмұны мұқият цензура сүзгісінен өткізіліп отырды.


Қысқаша қорытындыласақ, қазақ тарихының советтік нұсқасы былай өрбіді: Қазақ тарихындағы ең қайғылы оқиға 20-ғасырда емес, 18-ғасырда орын алды-мыс. Нақтыласақ, 1723 жылғы жоңғарлардың қазақ руларына шабуылы – совет тарихшысы В.И.Басиннің сөзімен, «жоңғарлар Қазақстанды жаулап алуы» (тарихшы ол кезде Қазақстан ұғымының қалыптасып үлгермегенін саналы түрде ескермеді). [7] Бұл халық жадында терең із қалдырып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы ретінде тарихта қалды-мыс. Совет тарихшыларының баяндауынша, жоңғарлар қазақтардың 40 пайызын қырып салыпты.


Тарих желісін әрі қарай өрбіткен совет тарихшылары тегі қазақ Ресейдің тыңшысы Шоқан Уәлихановтың жазбаларына жиі сүйенді: «Жауыз жоңғарлардан қашқан қазақтар үріккен ақбөкендер үйірі тәрізді өздерінің баспанасын, балалары мен ата-аналарын, азығы мен малын тастап, оңтүстікке сабылды: Орта жүз – Самарқанд маңында, Кіші жүз – Хиуа мен Бұқараға жетіп тоқтады... Орталық Азия даласынан жаңа мекен таба алмай, жолшыбай жаңа көршілерімен соғысқан қазақтар көмек пен қорған іздеп, қуатты Ресейге қайырылды». [8]


Уәлихановтың 18-ғасырдағы қазақтар тарихы жайлы бұл деректі қандай дереккөзге сүйеніп мәлімдегенін совет тарихшылары ешқашан нақтылаған емес. Бұл бәлкім, олар үшін маңызды да болмаған шығар. Оларға қолдауға зәру қазақ тайпаларының Ресей империясынан көмек сұрап, патша империясы құрамына өз еркімен кіруін атап өту маңыздырақ болса керек. Совет тарихшыларының баяндауынша, қазақтың бақытына орай, Ресей империясы қазақ даласында ауыл шаруашылығы мен мал өсірудің болашағын көріп, «сыртқы жаудан» тепкі көрген қырғыздарды қанатының астына алуға келісіпті-міс. Сол себепті Кіші жүз Ресей империясына өз еркімен 1731 жылы қосылып, орта жүз 1740 жылы қосылыпты-мыс.


Одан кейінгі оқиғалар нақты түсіндірілмеді: келесі 100 жыл бойы Ұлы жүзбен келіссөздер жүргізіліпті-міс. Бұл келіссөздер неге осынша ұзақ созылды? Ұлы жүздің империяға қосылуына не кедергі болды? Совет тарихнамасының тар шеңбері аясында бұл сұрақтарды зерттеуге ешбір мүмкіндік болмады. Бұған қоса, 1837 жылы басталып, 1846 жылға дейін созылған сұлтан Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс не себепті осынша ұзаққа созылды деген сұрақ та зерттелмеген күйі қалды. Егер совет тарихшылары айтқандай, Кенесары Қасымұлы қазақ рулары арасында үлкен қолдауға ие болмаса, онда ол Ресей отаршылдығына осынша ұзақ уақыт яғни, 9 жыл бойы төтеп бере алар ма еді?


Бұл сұрақтарға жауап іздеудің орнына совет тарихшылары келесі «тарихи маңызды сәтке» үлкен назар аударды: 1846-47 жылы Ұлы жүздің бес руы Ресей империясының құрамына өз еркімен кіріп, Кенесары Қасымұлын құрту науқанына қатысты-мыс.


Осы мақалада біз талдағалы отырған «Қазақ даласына саяхат кезінде жазылған күнделіктер мен хаттар» атты кітаптың 1846 жылғы оқиғалар жайлы болуы да кездейсоқтық емес: поляк тілінде «Żywot Adolfa Januszkiewicza i jego listy ze stepów kirgizkich» деген атаумен белгілі бұл кітапты – поляктың жер аударылған ақсүйегі Адольф Янушкевич Орта жүз руларын санақтық экспедициямен аралап жүріп жазыпты-мыс. Бұл кітаптың орысша аудармасы алғаш рет 1966 жылы Қазақ ғылым академиясы жетекшілігімен басылып шыққан.


Янушкевичтің кітабының 1846 жылы жазылуы назар аударарлық жайт. Янушкевич Орта жүзде санақ экспедициясымен жүрсе де, санақтан гөрі ереуілші Кенесары Хан жайлы көбірек жазады, себебі ол іс жүзінде Кенесары Ханды құртуға келген патша армиясының әскери жорығының құрамында. Янушкевич кітабында 1846 жылғы зерттеу экспедициясын тарихи факт ретінде көрсетуге тырысады, бірақ оның олай емес екені тарихи деректерге сүйенгенде анықтала түседі: қазақ көшпелілерінің аты-жөні, руы мен мал-мүлкі жаппай тіркелген алғашқы санақ тек қана 1896-902 жылдары жүргізілген.


Бұл кітаптың орысша аудармасының 1966 жылы басылып шығуының да мәні бар. Янушкевичтің кітабы «Абай» шығармаларының толық жинағының 1933 жылғы алғашқы басылымынан бастау алып, ізінше «Абайдың» өмірі мен 19-ғасырдағы қазақ қоғамының бейнесін тарихи деректер ретінде таныстырған екі томдық шығармамен (Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболевтің жұбының туындысы) жалғасқан ұзақ жылғы үгіт-насихат науқанының соңғы кезеңін қамтиды.


Бұл науқанның түпкі мақсаты – «куәгерлерге» сүйене отырып, қазақ тарихының советтік нұсқасын жасап шығу, атадан балаға мирас болып қалған естеліктер мен ауызша аңыз-әңгімелерді ұрпақ жадынан өшіріп, советтік нұсқасын санаға сіңіру еді. Бұл куәліктер одан әрі совет пропаганда машинасының түрлі тармақтарына (мектеп, университет, газет, кітаптар, радио, телеарналар) беріліп, қазақ отбасыларында ара-тұра ауызекі тілде сақталып қалған тарихи шежірелерді тамырымен жоюды көздеді.


Әрине, әрбір басылымның діттеген өз мақсаты болды. «Абай» шығармаларының жинағы мен оның өмірбаянын жариялау арқылы совет билігі бір емес бірнеше мақсатты көздеді: қазақтың ата-бабасы жалқау, масыл және бір-біріне жау, ал олардың өмір салты артта қалған, орыс мәдениетінен неше саты төмен болды деген пікірді таратып бақты. Қысқасы, совет қазақтарын ата-бабаларының көшпелі өмір салтын аңсамауға, одан түбегейлі жиренуге шақырды.


Ал Янушкевичтің кітабының мақсаттары өзге. Бұл кітап совет қазақтарының ұжымдық жадындағы бес тарихи оқиға жайлы күдік-күмәнін сейілтуді көздеді:


  1. Қазақ-қырғыз руларының Ресей империясына қосылуы: Янушкевичтің куәгерлігі бойынша, қосылу толығымен ерікті түрде жүрді-міс.

  2. Кедей «жатақтың» пайда болуы: Янушкевичтің куәгерлігі бойынша, мұндай әлеуметтік топ көшпелі тайпа жүйесіндегі бай мен кедей арасындағы таптық күрестің нәтижесінде пайда болды-мыс.

  3. «Абай Құнанбаевтың» тарихи тұлға екендігі: Янушкевич 1846 жылы бір жасар «Абайды» өз көзімен көріпті-міс.

  4. Сұлтан Кенесары Қасымұлының жеке тұлғасы мен билігі: Янушкевичтің куәгерлігі бойынша, Кенесары Қасымұлы – жабайы, қанішер және біліксіз Хан, сондықтан халықтың басым бөлігінен қолдау таппаған.

  5. Қазақ әйелінің отбасы мен қоғамдағы мәртебесі: Янушкевичтің куәгерлігі бойынша, қазақ қоғамында әйелдің күні күңмен тең.


«Абайдың» қара сөздері сияқты, Янушкевичтің кітабы да кейіпкерлерін аса жағымсыз сайқымазаққа айналдырып, қорлайды. Ондағы мақсаты – Виталий Губаревтің ертегісіндегі «сынық айна» тәрізді, бетіне қараған адамды жаңылдырып, түзуді қисық қылып көрсетіп, оқырманның миын шаю. [9]


Бүгінгі күні Қазақстанның мәдени және академиялық алаңында Янушкевичтің кітабы тосын жағдайда. Көптеген кәсіби тарихшылар, оның ішінде орыс және батыс тарихшылары бұл кітапты мүлдем атамайды. Бірақ Қазақстанның медиа саласында, оқу орындарында, әсіресе Абайтану саласында – Янушкевичтің кітабын сенімді тарихи дереккөз деп мәлімдеп жүргендер әлі де жетерлік.


Янушкевичтің кітабынан жасандылық және плагиат белгілері де айдан анық көрініп тұрса да, өкінішке орай, бірде-бір адамның оны зерттеуге батылы бармады. Сол себепті бұл мақалада осы мәселе алғаш рет талқыланып отыр.


II. Айғақтар


Кітаптың 1966 жылғы орыс тіліндегі нұсқасының алғы сөзінде редактор Ф.Стеклова тосын мәлімдеме жасады: «Бұл кітап бұдан 100 жылдан астам уақыт бұрын басылып шыққан және де ол ат төбеліндей шағын топқа ғана мәлім еді. Ол өзінің шынайы оқырманын енді ғана тапты.» [10] Бір жағынан, бұл кітаптың поляк тілінде жазылғанын және негізінен автордың Польшадағы өз туыстарына жазған хаттарынан құралғанын ескерсек, бұл мәлімдеме оғаш болып көрінуі мүмкін. Ол неліктен Кеңес Одағының қазақтарын бұл кітаптың «шынайы оқырмандары» деп атауы тиіс? Дегенмен, мүмкін Стеклова кітаптың шынайы мақсатын тұспалдап айтқан болар? Стеклова өз әріптестерімен бірге көзбояушылықпен шұғылданып жүргендері жайлы астарлап мәлімет берген алғашқы я немесе жалғыз совет ғалымы емес еді.


Янушкевичтің кітабы туралы сұрақтар көп. Оның шығу тегіне қатысты аса жағымсыз бір сұрақ: бұл кітап аяқ асты қайдан пайда болды? Стеклова өзінің кіріспе сөзінде кітаптың осы уақытқа дейін белгісіз болып келгенін растайды, алайда кітаптың кейіннен қайдан пайда болғанын түсіндірмейді: «Орыс тарихшыларына да, қазақ тарихшыларына беймәлім болып келген Қазақ халқының тарихындағы ең маңызды кезең туралы сол заманғы куәгердің аса құнды көзқарасы» деп сипаттайды. [11] 1966 жылы советтік жүйенің мәңгілік болашағына сенімді болған Стеклова кітаптың шығу тегінің бұлыңғырлығы басқа дәуірде қаншалықты күдік тудыратыны жайлы аса алаңдай қоймады.


Янушкевичтің кітабын бұрмалау жұмысы көптеген адамдар мен мемлекеттік мекемелердің қатысумен жүргізілген күрделі де ауқымды іс-шара болса керек. 1966 жылы жоқ жерден пайда бола салысымен, кітап тез сатылып кетті, біршамасы әлемдегі ең маңызды академиялық кітапханаларға сый ретінде таратылды. Дегенмен, бұрмалаушы көздерінің мол қорына қарамастан, бұл кітаптың түпнұсқа емес екенін дәлелдейтін сенімді айғақтар жетерлік.


Бұл зерттеуде келтірілген материалдарды дәлел ретінде қабылдау үшін советтік тарихшылар қолданып жүрген әдістемеден бас тарту қажет. Әлі күнге дейін советтік әдістеме аясында білім алған тарихшылар ашық түрде «бұл осылай болған» немесе «бұл шындық» деп қолмен жазылып қол қойылған мұрағаттық деректер мен әкімшілік іс қағаздарды ғана нағыз айғақ ретінде қабылдайды. Бұл әдісті ұстанатын тарихшылар ешқашан бұрмалаушылық пен плагиатты әшкере ете алмайды, өйткені «иә, мен шындықты бұрмаладым» деп жазылған бір де бір құжат табу мүмкін емес. Оның үстіне, олардың әдістемесінің ең осал жері – бұл қағаздар мен құжаттардың кейбірінің өздері сияқты тарихшыларды алдау мақсатында әдейі бұрмалануы мүмкін екендігін ескермей, барлық мұрағаттық құжаттар мен әкімшілік іс-қағаздарын құнды дерек ретінде қабылдайды.


Әлемнің басқа елдерінде – тарихшылар ғана емес, әдебиеттанушылар, дінтанушылар, археологтар мен сот сарапшыларының қолданып жүрген әдістемелері айғақтардың басқа да түрлерін пайдалануға мүмкіндік береді. Мәселе қандай да кітапқа қатысты болса, басылымның физикалық материалы да, немесе ол кітаптың мазмұны да дәлел ретінде қарастырылуы мүмкін. Янушкевичтің кітабына келер болсақ, айғақтардың бұлтартпастығы сонша, біз оның мазмұны түпнұсқа емес – жалған және плагиат деп сенімді түрде қорытынды жасай аламыз.


Янушкевичтің кітабын оқыған кез келген адамның көзіне тайға таңба басқандай бірден түсетін айғақтың бірінші түрі – бұл кітаптың өзіне тиісті жанрмен жазылмағандығы. Поляк тіліндегі кітаптың атауы оның өмірбаян жанрында жазылуы тиіс екендігін мен мұндалап тұрса да, оның өмірбаяны тек бірінші бөліммен, яғни кітаптың кіріспесімен ғана шектелген. Кітаптың орыс тіліндегі атауында оның құрамына автордың «күнделік жазбалары» мен «хаттары» да кіретіні ескертіліп тұрса да, олардың ешқайсысында автордың жеке өміріне немесе хат алушылардың жеке өміріне сілтемелер жоқ; бұл, әрине олардың шынайы адамдар екеніне үлкен күмән тудырады.


Осы орайда, автордың өз туысқандарына, атап айтсақ, туған ағасына жазған хатынан бір мысал келтірейік: «Құрметті Януари! Біз мамырдың 19-ы күні түскі сағат 1-де Қыр сапарына дайындығымызды аяқтап, Ертіс өзеніне де келіп жеттік: биылғы мұздың көп болуына байланысты, су деңгейінің көтерілуі Семейдің тарихында бұрын соңды болмаған дәрежеге жетті.» [12] Бұл хат осы сарынмен жергілікті аймақ пен оның тұрғындарын сипаттаумен, қазақша «бәйбіше», «қалыңмал» сияқты сөздерді еш түсіндірместен қолданып, 18 бетке жалғаса береді де, хат жазушы не ағасының Париждегі өмірі туралы ештеңе сұрамайды, не автордың өз өмірі туралы тіс жармайды. Ең қызығы, Янушкевич ағасы құдды бір жақын танитындай, Бейсеке, Тоқымбай, Қанақ, Қойшыбай сияқты қазақтардың есімдерін де атай береді.


Бұдан түйетініміз, бұл жазбалардың күнделік пен хаттарға еш қатысы жоқ екендігі айдан анық: олар ешкімнің де анасына, ағасына немесе достарына арналып жазылмаған. Оның үстіне, аталған «күнделік жазбалары» мен «хаттардың» арасында еш стильдік айырмашылықтар жоқ екенін ескерсек, олар мүлдем басқа жанрға жататын біртұтас мәтін, атап айтсақ, бұл мәтін – этнографиялық есеп беру баяндамасы (отчет). Бұдан туындайтын сұрақ: бұл баяндаманы кім жазды? Янушкевичтің өзі ме, әлде басқа біреу ме? Бұл сұраққа кейінгі тарауларда ораламыз.


Бұл кітаптағы «күнделіктер» мен «хаттардың» жанрлық көмескілігі – кітаптың бір топ бұрмалаушылар жазған жасанды туынды екендігінің тура көрсеткіші болып табылады; оған қоса, бұл топтың қолындағы мол ресурстарға қарамастан, олардың өздеріне жүктелген тапсырманы тиянақты орындамағандығын, тіпті оның мақсатын да толық түсінбегендігін әшкерелейді.


Тағы бір күшті ішкі айғақ – кітап мазмұнындағы идеологиялық жолдаулар. Янушкевич кітабын құрастырушылардың оқырманға жеткізгісі келген идеологиялық жолдауының басымдығы сонша, ондағы хаттар мен күнделік жазбалары кітаптың ресми мазмұнына (1846 жылы өтті-мыс санақ экспедициясының есебі) мүлдем көңіл бөлмей, оның орнына Қазақ тарихының советтік нұсқасында аса маңызды болып табылатын бес тақырыпқа ғана баса назар аударады: Қазақ (Қырғыз) тайпалары Ресей империясына өз еркімен қосылды, «жатақтар» – таптық күрес белгісі, Янушкевич «Абай Құнанбаевты» бір жасында көрген, сұлтан Кенесары Қасымов өз мүддесін ғана ойлаған біліксіз хан, қазақ әйелдері күң болған.


Жоғарыда айтылғандарға қосымша ретінде, кітаптың баспадан шығу тарихының жұмбақтарына жақынырақ үңілсек, бұл басылым тарихының кітаптың өзінен алынған ішкі дәлелдерінен шығатын тұжырымдарға аса қайшы келмейтіні сөзсіз.


Ақыр аяғында, Янушкевичтің хаттары мен күнделіктерін 19 ғасырдағы Ресей дереккөздерімен салыстырсақ, Кеңес редакторларының хаттар мен күнделіктерді жоқтан ойлап таппағанын, орыстың санақшы ғалымы Федор Щербина мен оның ұлты қазақ көмекшісі Әлихан Бөкейхановтың есеп беру баяндамаларынан алынған плагиат екендігін көреміз.


Плагиатқа баруы жұмысты жеңілдету және оңтайландыру ниетінен туындаған болуы ықтимал. Щербинаның 1896-1899 жылдардағы Степной Край облыстарына экспедициялары туралы есеп беру баяндамаларының совет-қазақ плагиаторлары үшін өте тартымды дереккөз болу себебі – бұл еңбектер өзінің жан-жақтылығымен және ерекше жүйелілігімен өте құнды болып табылады. Өйткені 19 ғасырдың аяғындағы қазақ көшпенділерінің аты-жөні, дүние-мүлкі, тұрмыс-тіршілігі туралы егжей-тегжейлі мәліметтер басқа еш дереккөздерден табылмас. Тағы бір мән беретін дерек –Щербинаның өмірбаяны мен Янушкевичтің өмірбаянында ұқсастықтар өте көп (бұл тақырыпқа төменде нақтырақ тоқталамыз).


Бөкейхановтың баяндамаларға қосқан үлесі совет плагиаторлары үшін одан да тартымды, өйткені Бөкейханов 19 ғасырда қырда жүрген санақ экспедицияларына қатысқан санаулы ғана қазақтың бірі болып табылады. Оның үстіне, көктен сұрағаны жерден табылып, 1960 жылдарға дейін Бөкейханов «халық жауы» атанып, оның шығармалары мен жеке мұрағаты тәркіленіп, оның есімі мен шығармашылығына қатаң тыйым салынғаны бәрімізге мәлім. Бұл жағдайдың нәтижесінде оның жазбаларының плагиатқа ұшырауы әрине әбден мүмкін еді.


Егер де біреулерге бұл мақалада қолданылып отырған сараптамалық талдау әдісі Джордж Оруэллдің атышулы «1984» романынан алынған үзінді сияқты көрінсе, жазушы 1940 жылдары Совет Одағының үгіт-насихат науқанына шабыт алған еді және бұл біздің халық ретінде соңғы жүз жыл ішінде санамызға құйылған жалған ақпараттың шынайы мөлшерінен әлі күнге дейін хабарсыз екендігімізді білдіреді. Қырғиқабақ Соғыс жылдары КСРО қауіпсіздік қызметінің «белсенді шаралар» деп аталған, яғни жауларын адастыруға немесе әлсіретуге бағытталған ақпараттық майданына ерекше көңіл бөлініп, оған қыруар қаржы жұмсалғаны тарихтан белгілі нәрсе. Тарихшылардың «белсенді іс-шаралар» (активные мероприятия) туралы еңбектерінің көбі КСРО насихатшыларының Батыс елдерін жаңылдыру үшін нақты қандай шаралар қолданғаны төңірегінде өрбиді.


Дегенмен, бұл «белсенді шаралар» советтік республикаларда тұратын жергілікті ұлттардың санасын улау мақсатында да жүйелі түрде жүргізіліп отырғаны қазір анықталып жатыр. Сол сияқты, қазақтарды да өз ата-бабаларының шынайы тарихынан ажыратып, жалған тарихқа сендіру көптеген жалған ақпарат таратушы науқандардың негізгі мақсаты болды. Бұл науқандардың ең алғашқысы және ең көлемдісі – 1933 жылы бастау алып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан «Абай Құнанбаев» жобасы. Басқа да көптеген «белсенді шаралардың» біразы ашық түрде емес, көлегейленген жасырын түрде өтіп жатты: мысалы, совет-қазақ жазушыларының көркем шығармаларын мектеп оқушыларына деректі тарихи шығарма ретінде таныстыру жұмысы да осы науқанға жатады.


Бұл шаралар жайлы әзірге қол қойылған бірде-бір құжат немесе әкімшілік хаттама жарияланбағандықтан, совет пропагандасының құрсауынан шыға алмай жүрген адамдарды мұндай жалған ақпарат тарату науқандарының болғанына сендіру қиынға түседі. Күрделі тарихи тақырыптарды деректемелердің басқа да түрлері арқылы зерттеуге болатынына сенетіндер үшін бұл талдауды түсіну оңайырақ болады.


Совет тарихындағы қазақ-орыс қарым-қатынастарының жалған екендігін дәлелдеу үшін том-том зерттеулер қажет, ал біз төменде солардың бірнеше мысалдарына ғана толығырақ тоқталмақпыз.


Дәлелдемеміздің ең негізгі де мықты бөлігін құрайтын кітаптың ішкі айғақтарына жүгінбес бұрын, кітаптың баспадан шығу тарихы мен оның бүгінгі күні қолданылып жүрген физикалық көшірмелеріне қысқаша тоқталайық.


III. Баспадан шығу тарихы


Бұл кітап жайында 100% қандай сенімділігіміз бар? Британ Мұражайы Кітапханасының қолжазба реестрінде 1862 жылы 4 қазанда кітапхана сол кездегі Лондонның шетел кітаптарының танымал сатушысы Barthes & Lowel дүкенінен «Żywot Adolfa Januszkiewicza» атты кітапты сатып алғаны тіркелген. Бұл дерек 1862 жылы поляк тілінде Янушкевичтің «өмірбаяны» туралы кітаптың болғанын 100% растайды.


Алайда, кітаптың қашан, қай жерде, қай баспадан басылып шыққаны жайлы дерек бұл қолжазбада тіркелмеген. Тіпті авторы да аталмаған.


Қазір әлем кітапханаларының кейбірінде ғана сақталған поляк тіліндегі басылымдарға жүгінетін болсақ, кітап алғаш рет 1861 жылы Behr’s Verlag баспасынан басылып шыққан. Бұл баспагердің атауы мен оның тарихы біздің зерттеуіміз үшін аса маңызды.


Behr – заңды кәсіби баспагерлер қатарына жатады. Десе де, 194- жылдары Behr баспасының барлық кеңселері Берлиннің шығыс бөлігінде орналасқан Unter den Linden деген бульварда орналасқан еді. 1945 жылы Кеңес әскерлері қаланың шығыс бөлігін басып алып, стратегиялық маңызы бар барлық нысандарды, соның ішінде Behr’s Verlag баспасын да тәркіледі. Соғыстан кейін Behr Батыс Германияда аумағында жаңа кеңселер ашса да, ол 1945 жылға дейін өз иелігінде болған барлық кітаптардан, баспа құралдарынан, әкімшілік құжаттарынан, реестрлер мен бүкіл мұрағатынан айырылып қалған еді.


Баспагердің бұл тарихы біз үшін бір нәрсені дәлелдейтін дерек бола ала ма? Әлбетте, жоқ. Бірақ бұл дерек Янушкевичтің кітабы жасанды деген болжамға да қайшы келмейді. 1946 жылға қарай Behr-дің тізімдемелері мен техникалық инфрақұрылымы совет шенеуніктерінің қолына түсті. Бұл жағдай 1950 және 1960 жылдарда жүргізілген әртүрлі «белсенді шаралардың» бір бөлігі ретінде совет насихатшылары үшін 19 ғасырдың фейк кітаптарын қолдан жасап шығаруға таптырмас негіз болғаны анық.


Қазіргі кезеңде қолданыста жүрген 19 ғасырлық поляк кітабының физикалық көшірмелерінің басқа да күдік тудыратын сипаттары бар. Мысалы, Стеклова поляк кітабының сұранысқа ие болғандығы сонша, оны 1875 жылы қайта басып шығаруға тура келді деп мәлімдеді, алайда, қазір бұл кітаптың 20-дан астам ғана данасы (1861 жылғы мен 1875 жылғыны қосқанда) сақталған. Жасанды антиквариат әрқашан аз мөлшенде жасалады.


Оған қоса, кітаптың 1 данасы сақталған кітапханалардың көпшілігінде кітаптың қашан сатып алынғаны туралы жазбалар мүлдем жоқ. Жазбаларды жүйелі түрде жүргізген бірнеше кітапханаларда көңіл алаңдатарлық үрдіс байқалады: Гарвард университетінің Widener кітапханасы бұл кітапты тек қана 1961 жылы сатып алса, Мюнхендегі (Германия) Bayerische Staatsbibliothek өз данасын 1981 жылы ғана сатып алған. (Аталған кітапханалар бұл мерзімдерді растады.) Бұл уақыт кезеңі совет үкіметі орыс тіліндегі аудармасының мыңдаған данасын халықаралық нарыққа шығарып жатқан кезеңмен сәйкес келеді.


Ал 1862 жылы сатып алынған Британ кітапханасының көшірмесі туралы не деуге болады? Қазіргі Британ кітапханасына тиесілі көшірменің түпнұсқаға сәйкес екендігіне ешқандай кепілдік жоқ. Оның үстіне, 1950 және 1960 жылдардағы Батыс кітапханаларындағы қауіпсіздік шараларының өте әлсіз болғандығын ескерсек, Батыстағы совет үкіметінің өкілдері мен олардың сыбайластарының кең тараған агентурасы қол жетімді түпнұсқаларды жасанды көшірмелермен оңай алмастыра салғанын елестету аса қиын емес. (Ол кезде саусақпен санап аларлық бірнеше кітапханада ғана түпнұсқалық көшірмелері болған еді: Британ кітапханасы, мүмкін Франция мен Польшаның Ұлттық кітапханаларында, және тағы бірнеше поляк кітапханалары мен жеке коллекцияларда болған болуы мүмкін.)


Бүгінгі күнге дейін сақталған 19 ғасырлық поляк кітабының көшірмелерінің ең күдікті элементі оның құрылымына қатысты, атап айтсақ, оның парақтарының нөмірлену коды. Заманауи көшірмелерде кітаптың кіріспе бөлімі 241 беттен тұрады (I-CCXLI), яғни, оның көлемі 334 беттен тұратын негізгі бөлімнің көлемімен бірдей деуге болады. Егер бұл шынымен солай болса, онда Янушкевичтің кітабы әлемдегі кіріспесі ең ұзақ кітап деген рекордтық құбылыс болып табылмақ.


Алайда, мәселе мынада: кіріспе деп аталған бұл бөлім Адольф Янушкевичтің Ресей империясының Сібір және баса аймақтарында айдауда болғанын сипаттайды – демек, ол 1861 жылы басылған түпнұсқа кітаптың негізгі бөлімінің мазмұнына сәйкес.


Керісінше, қазір қолданыста жүрген көшірмелердің негізгі бөлімінің мазмұны хаттар мен күнделік жазбаларының топтамаларынан тұрады және ол (негізгі бөлім) кіріспеде сипатталған өмірбаяндық жанрды ары қарай жалғастырмайды. Анығында, бұл хаттар мен күнделіктер Янушкевичтің жеке өмірбаянынан гөрі, нақты бір оқиғаны, нақты айтсақ, 1846 жылғы орыс әскерінің Қырға жасаған экспедициясын талқылайды. Бұл бөлімде оның жеке өмірінің мүлдем көрініс таппауы оғаш нәрсе, өйткені хаттар мен күнделік жазбаларын Янушкевичтің өзі жазған-мыс және де олар оның жақын туыстары мен достарына арналған-мыс деп есептеледі ғой. (Бұл сәйкессіздікке біз кейінірек тағы да бір рет ораламыз.)


Сонымен, неліктен поляк тіліндегі кітаптың атауында бұл кітаптың мазмұны Янушкевичтің «өмірбаяны» делінген? Бұл қайшылықтың ең ықтимал түсініктемесі – 1861 жылы басылып шыққан түпнұсқа кітап шынында да өмірбаян жанрында жазылған туынды болып табылады, ал хаттар мен күнделік жазбалары кітапқа бір ғасырдан кейін жасанды жолмен қосылған, яғни, совет насихатшылары кең ауқымды жалған ақпарат тарату науқанының бір бөлігі ретінде антиквариаттық поляк кітабын бұрмалап, оның орыс тіліндегі аудармасын нарыққа таратып жіберген.


Польша және совет бұрмалаушылары кітаптың ішкі құрылымындағы сәйкессіздіктен хабардар болса керек, себебі совет насихатшылары Янушкевичтің өмірбаянын алып тастап, орыс тіліне хаттар мен күнделіктерін ғана аударған. Ал поляк бұрмалаушыларының Янушкевичтің өмірбаянын қосудан басқа амал болмады, бірақ жасанды кітаптың араб сандарымен белгіленген бет нөмірлерін (1-334) өзгертпеу үшін, олар Янушкевичтің өмірбаянын рим сандарымен белгілеп, кітаптың кіріспе сөзі ретінде көрсетуге мәжбүр болды (I-CCXLI).


Біз бұрмалаушылардың аты-жөні немесе олардың қызмет еткен мекемелерінің атаулары туралы не білеміз? Ештеңе білмейміз. Бізге совет насихатшыларының жалған ақпаратын тарату жұмыстарына қатысқан кейбір адамдардың аты-жөні ғана белгілі. Стеклова поляктар жағынан бірнеше жазушының атын атайды. Олардың ішіндегі ең маңызды тұлға – ол 1956 жылы Янушкевич туралы бірнеше мақала жазған және 1966 жылғы кітаптың орыс тіліндегі нұсқасын әзірлеу кезінде Алматыға келген жазушы және тарихшы Януш Одровонж-Пененжек. Януш Одровонж-Пененжек рөлі маңызды, себебі Стеклованың айтуынша, ол Янушкевичтің түпнұсқа қолжазбасын өз көзімен көріпті-мыс, көрген жері Париж мұрағаттары екен-мыс. [13] Одровонж-Пененжек қолжазбаны «көрген» 1950 жылдары Париж қаласы совет үкіметінің жалған ақпаратын тарату орталығы және бұрмалаушылықтың ошағы болған еді. 1950 жылдары Париж қаласында орыс тілді қашқындар мен эмигранттар батыс оқырмандарын шатастыруға бағытталған жалған естеліктер, күнделіктер мен өмірбаяндарды кең көлемде басып шығарған еді. [14]


Мысалы, бұрынғы совет дипломаты және сол кезгі Париждегі аса маңызды насихатшылардың бірі болған Грегорий Беседовский өзінің бір хатында былай деп мойындайды: «Мен кітаптарымды тек қана ақымақтар үшін жазамын». [15] Осы уақытқа дейін «ақымақтардың» барлығы батыстықтар деп есептеліп келді, бірақ Париждегі бұрмалаушылардың совет үкіметінің ішіндегі «ақымақтарға» да арналған жалған кітаптар жазбағанына кім кепіл.

IV. Идеологиялық жолдау Бұл кітаптың жасанды екендігін дәлелдейтін басты белгі – оның оқырмандарға деген идеологиялық жолдамасы. Бұл жолдаулардың бүкпесіздігі сонша, бұл «хаттар» мен «күнделік жазбаларды» 1830-31 жылдардағы Ресей империясына қарсы қараша көтерілісіне қатысқаны үшін жер аударылған 19 ғасырдағы поляк ақсүйегі емес, 20 ғасырдағы совет жазушысы жазғандай оқылады.

Егер бұл жолдауларды 1846 жылы расында да Янушкевич жазып алған болса, Янушкевич 1847 жылы жарияланған Маркстің «Коммунистік манифестінің» алдын орап, жұмысшы табын қанау туралы жазған тарихтағы ең алғашқы марксист-ленинист болып шығар еді! Бұл да мүмкін, бірақ ондай сәйкестіктің болуы екіталай. Кәсіби тарихшылар Янушкевичтің бұл кітабын беделді тарихи дереккөз деп қарастырмайды. Алайда, бұған дейін айтқанымыздай, Қазақстанда әлі де болса, бұқаралық ақпарат құралдарында, мектептерде және Абайтану саласында Янушкевичтің кітабын сенімді дереккөз деген пікірді ұстанушылар мен насихаттаушылар әлі де баршылық.


Сондықтан Янушкевичтің әрбір мәлімдемесі я жолдауына жіті үңіліп, олардың Кеңес дәуіріндегі насихатшылардың ұрандарына қаншалықты сәйкес келетінін айқындайық, және бұл жолдаулардың неге шынайы тарихи оқиғаларға қайшы келетінін түсіндіріп көрейік. Іс жүзінде мұндай әшкерелеу жұмысы соншалықты қиын емес болып шықты, өйткені Янушкевичтің хаттарын қолдан құрастырып жалған кітап жасаған адам тарихи хронологияға қарсы бірнеше өрескел қателіктер жіберген. Янушкевич совет үгітшінің дауысымен былай деп мәлімдейді: «Өркениет рухы Қырғыз даласына жол тауып, ұшқыннан жалын тұтанып жарық күн туады, ал қазіргі көшпенділер Үндістандағы жоғары касталардың параяларға (Парайярларға) шекесінен қарайтыны сияқты, өздеріне менсінбей қараушылардың арасынан құрметті орын табатын заман туады». [16] Лениннің сүйікті «ұшқыннан жалын тұтанады» деген қанатты сөздерінің біріне сілтеме жасалуы да (декабрист ақын Александр Одоевскийдің өлең жолдары) идеологиялық жолдауды толықтыра түседі: орыс «өркениеті» қазақ көшпенділерін олардың мүшкіл жағдайынан құтқарады-мыс. Бұл жолдауды идеологиялық деп атаудың кем дегенде екі себебі бар: біріншіден, Ресей империясына қарсы шыққаны үшін Сібірге жер аударылған поляк нағыз Янушкевич орыс «өркениетіне» оң қабақ танытпауы тиіс еді; екіншіден, бұл жолдау Кеңес Одағының өз қарамағындағы ұлттарды советтендіру бағдарламасымен сөзбе-сөз үндесіп тұр. Янушкевичтің кітабындағы қайталана беретін тағы бір жолдау – ол көшпелі қауымдардың феодал көсемдерінің өз халқына деген қатыгездігі мен қанаушылық көзқарасы. Бұл да, әлбетте, ондаған жылдардан кейін кең тараған марксизм-ленинизмнің өзекті түйіні. Янушкевичке сенсек, қазақ көшпенділері 1846 жылы таптық күрестің қайнаған ортасында жүрген екен. Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары саналатын қазақ сұлтандары мен Қыр ақсүйектері малынан айырылып жалдамалы еңбекпен күн көріп жүрген кедей көшпенділерді, яғни «жатақтарды» аяусыз қанап басып-жаншып отыр екен. Олардан да сорақы қанаушыларға Мұхаммед пайғамбардың тікелей ұрпақтары саналатын қожалар мен дін басшылары жатады екен. Қожалар қазақты алдап-арбап алаяқтық жасап отырғанымен қоймай, «қара қазақтың еті арам, біздің қанымыз таза» деп оларға күйе жағады екен. [17] Ең таңқаларлығы, Янушкевич өзінің бай мен сұлтанға қарсы жалынды сөздерінде қазақтың дәулетті екі тұлғасына – Барақ сұлтан мен болыс Құнанбайға ғана жұмсақтық танытады. Бұл екі тұлғаны Янушкевич мақтағанда теңеу таппайды: «Барақпен салыстырғанда, басқа ақсүйектер (Қыр ақсүйектері) ақ емес сұрқай көрінеді екен, ал байлардың бірде бірі Құнанбайдың етігін шешуге де лайық емес». [18]

Янушкевичтің пікірінше, бұл екі адамның әрқайсысында басқа қазақтарға ұқсамайтын бір қасиет бар. Барақ сұлтан бүкіл қазақ руларының Ресей империясының құрамына ерікті түрде тез қосылуына орасан зор үлес қосып, тіпті өз адамдарын Кенесары Қасымов бастаған бүлікшілер тобына қарсы шайқасуға жұмылдырды. [19] Болыс Құнанбайдың мақтауға тұрарлық қасиеті – ол да Барақ сұлтан сияқты, Ресей билігіне қарсылық көрсетіп жатқан Кенесары Хан мен оның қолдаушыларын құртуда белсенділік танытып жүрген сенімді қазақ. [20] Дегенмен, Құнанбайдың ерекшелігі оның тағы бір қасиетінде екен. Янушкевичтің өзі бұл жайлы еш түсініктеме бермейді, бұл түсініктемені кітаптың советтік басылымының редакторы Ф.Стеклова береді, ол кітаптың сілтемесінде Құнанбайдың қазақтың ұлы ақыны «Абай Құнанбаевтың» әкесі екендігін ағынан жарыла көрсетеді. Хаттың мазмұнында ол баланың аты аталмаса да, жасы көрсетілмесе де, Стеклова сілтемеде оны бір жасар «Абай» деп қуана хабарлайды. [21]


Абайтану саласындағы академиктер бұл кітаптың жасандылық белгілеріне қарамастан, Янушкевичтің кітабын неге соншалықты маңызды деп тапқанын түсіну қиын емес. «Туу туралы куәлікке» қоса, «Абайдың» 1846 жылы дүниеде бар болғанының жалғыз дәлелі – осы Янушкевичтің кітабы. Алайда 1845 жылы қазақ көшпенділеріне еш төлқұжаттар берілмегенін ескерсек, туу туралы куәліктің растығы да үлкен күмән тудырады. (Көшпенділерді былай қойғанда, тіпті Кеңес қазақтарының өзі төлқұжаттарды 1930/1933 жылдардан кейін ғана ала бастады.) Сонымен, Янушкевичтің кітабының жалған екенін мойындасақ, 1846 жылы «Абайдың» болғанын дәлелдейтін ешқандай айғақ қалмасы анық. Жоғарыда айтылғандардан көрініп тұрғандай, Янушкевич сипаттаған тұлғалар 100 жылдан кейін орыс насихатшыларының айтқандарымен сәйкес келетін оқиғаларды айтуға мүмкіндік береді, бірақ бұл, әрине, мақалада сипатталған тұлғалар немесе оқиғалардың жалған екенін дәлелдемейді. Алайда Янушкевичтің кітабындағы «Абайдан» басқа кем дегенде екі адамның жалған екендігі, дәлірек айтсақ, олардың 1846 жылы болмағаны туралы нақты дәлелдер бар.


Ең қарапайым айғақтан бастайық: Барақ сұлтан. 2006 жылы Янушкевичтің кітабының орысша аудармасының екінші басылымына бас редактор болған қазақ тарихшысы Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, бұл кітапта аталған Барақ сұлтан – 18 ғасырда Орта Жүздің Ресей империясына қосылуына үлес қосқан қазақ көсемдерінің бірі Барақ Тұрсынов. Артықбаев өз түсініктемелерінде Ресейдің әкімшілік деректеріне сәйкес Барақ сұлтан 1750 жылы қайтыс болған деп қысқа қайырады. [22] Артықбаев Янушкевичтің Барақ сұлтанмен кездесуі өтірік деп ашық айтуға бармайды, бірақ тарихшының түсініктемелерінен шығатын жалғыз қорытынды осы.


Сонымен, бұл жалған ақпаратты кім ойлап тапты? Бұл туралы Янушкевичтің өзі өтірік айтуы мүмкін бе? Бұның да еш қисыны жоқ, оның үстіне, ол хаттар Ресейдің әкімшілік құжаттарындағы жазбаларға қайшы келетін болса, 1846 жылы Янушкевич ол кездесулерді ойлап табудан қандай пайда таппақ болды? Демек бұл қателік 1960-шы жылдардың басында өзіне берілген тапсырманы дұрыс орындай алмаған немесе байыптылықпен қабылдамаған бұрмалаушы үгіт-насихатшылардың қаламынан кеткен.


Янушкевичтің хаттарында кездесетін тағы бір тарихи қателіктің идеологиялық маңыздылығы әлдеқайда жоғары болғандықтан, оны тәптіштеп түсіндіруді қажет етеді.

Автор өз оқырманын Янушкевичтің хаттарында жиі кездесетін «жатақ» ұғымы барлық көшпелі тайпаларда кездесетін жалдамалы кедей жұмысшылардан тұратын «әлеуметтік тап» дегенді білдіреді деп сендіргісі келеді. Бір қызығы, Шоқан Уәлиханов шығармаларының 1972 жылғы советтік басылымына енгізілген сурет те осы ойды тұспалдап айтқысы келгендей: 1846-47 жылдары көшпелі қоғам құрылымындағы теңсіздік («таптық күрес») нәтижесінде жатақтар деп аталатын әлеуметтік тап пайда болған-мыс. [23]


Сурет те оның жеткізбек болған жолдауы да тарихи шындыққа жанаспайды. 1846 жылы Янушкевичтің берген анықтамасындағыдай «жатақтар» әлі пайда болған жоқ болатын. Бұл сөз қазақ тілінде бұрыннан қолданылып жүрсе де, оның мағынасы мүлде басқаша болған. Әлихан Бөкейханов 1898 жылы Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесіне жазған хатында былай деп түсіндіреді: «жатақ» сөзі қазақ тіліндегі «жатпақ» етістігінен шыққан, сөзбе-сөз аударғанда жату, ауыспалы мағынасында «көшпенді емес» дегенді білдіреді. Қазақ көшпенді емес адамды жатақ деп атайды. Бұл атау әлеуметтік мәртебесі әртүрлі адамдарға қолданылуы мүмкін: несиегерлер, саудагерлер, әкімшілер, сатушылар, жалдамалылар, қолөнершілер, малшылар, қысқасы, өмір салты көшпенділікке бейімделмеген кез келген адамды қазақтар жатақ деп атайды». [24] Бөкейханов 1896-1902 жылдары қатысқан белгілі санақ экспедициясының жетекшісі Федор Щербинаның айтуынша, 1898 жылы отырықшы жатақтардың саны көп болмаған (әлбетте тұтас бір тап болған емес), бірақ көшпенді қазақтар сол аз топтың өзіне қырын қарап, оларды «жалқау» деп санаған. [25]


Бөкейхановтың 1898 жылғы жазған хатында түсіндіргеніндей, қазақ көшпенділерінің малынан айырылып, жатақтық өмір сүруге мәжбүр болуы соңғы кездерде ғана пайда болған құбылыс. Павлодар ояздығын мысал ретінде келтіре келе, Бөкейханов бұл жаңа мәселенің түпкі себебі ретінде «көшпенді мал шаруашылығының азып-тозуы» деп көрсетті. [26]


Батылдана түскен Бөкейханов хатының соңында мал шаруашылығының құлдырауының түпкі себебін көшпелі қауымның құнарлы жерлерін баспалап тартып алып жатқан Ресей билігінің жер саясаты екенін анықтады. Ресей шенеуніктерінің қазақтарға аса қажетті қыстауларын күшпен тартып алған Ақмола облысын мысалға келтіре отырып, Бөкейханов Ресей билігін аймақтағы барлық қазақтарды көшпелі өмір салтынан ажыратып, бірте-бірте жалдамалы жұмысшы, жатаққа айналуға мәжбүрледі деп айыптады. [27]


Алайда мәселе мұнымен де аяқталмайды. Бөкейханов тағы бір жерде атап өткендей, көшпенділер өз өмір салтынан бас тартып, жалдамалы жатақтарға айналуы мұң екен, олардың күнделікті өмір тіршілігінен көшпелі өмір салтында қалыптасып қалған барлық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер ғайып болады. Ең бастысы, көшпенділердің ғасырлар бойы қолданып келе жатқан «жылу» сияқты қиын-қыстау кезеңде бір-бірін қолдау механизмдері де жоғала бастайды. [28]


Бөкейхановтың тұжырымдамалары кейінірек совет тарихшылары С.Зиманов пен Е.Бекмахановтар тарапынан да қолдау тапты. Зиманов пен Бекмахановтың пікірі бойынша, 19 ғасырдың аяғындағы Ресейдің жер саясаты қазақтарды жерінен айырып қана қоймай, қазақтардың рулық қауымдастық, туыстық, қандастық қарым-қатынастарын үзіп, нәтижесінде жаңа әлеуметтік топтың пайда болуына жол ашты. [29]


Егер Бөкейханов, Зиманов және Бекмахановтардың айтқаны дұрыс болса, ал Янушкевич қателессе – онда ол шынында да өтірікшіден кем емес, өйткені, Янушкевич өз хатында 1846 жылы «ең кедей тап өкілі жатақтарды» «байлар табының» қанап жатқанын өз көзімен көргенін мәлімдейді. [30]


Сонымен қатар, 2006 жылы тарихшы Артықбаев қазақ тарихшыларының пікіріне сүйене отырып, қазақ қауымында жатақтардың саны салыстырмалы түрде өте аз болғанын, тек 1928-33 жылдардағы Сталиннің ұжымдастыру шаралары кезінде ғана олардың санының күрт артқанын мәлімдеді.[31] Артықбаев пен оның әріптестерінің айтқаны дұрыс деп есептесек, жатақтардың тарихы қазақ тарихындағы ең алапат оқиғамен – 1929-33 жылдардағы Ашаршылықпен тығыз байланысты. Совет өкіметінің статистика қызметі жатақтардың рекордтық санын тіркеп жатқан тұста аштықтан қырылып жатқан қазақтардың саны да рекордтық көрсеткішке жеткен еді. Басқаша айтқанда, жатақтардың санының артуы, шын мәнінде, совет үкіметі қолдан жасаған мәселе болып табылады.


1846 жылы Сібірге жер аударылған поляк ақсүйегі Янушкевичтің «ең кедей тап, жатақтармен» кездестім деп өтірік айтуына не түрткі болуы мүмкін? Оған еш себеп не мотив жоқ. Алайда, егер біз хаттар 100 жылдан кейін, совет үгіт-насихатшылары жазғанын мойындасақ, онда оның мотиві әлдеқайда түсінікті болады: жатақ мәселесін қазақ тайпаларының дәстүрлі феодалдық құрылымының тікелей салдары ретінде дәлелдеп беретін жалған куәлік айғақтарын жасап, сол арқылы совет үгіт-насихат машинасының (мектептер, университеттер, газеттер, кітаптар, радио және теледидарлар) басқа да тармақтарына тарихи негіздеме жасап беру мақсатымен.


Янушкевичтің кітабының 1966 жылғы совет басылымы Қазақстан Ғылым академиясы дайындап, басып шығарған кітаптар топтамасының бір бөлігі ғана болды, олардың барлығының алға қойған мақсаты біреу: қазақтардың өткен тарихына деген ұжымдық санасы мен көзқарасын өзгерту (бұл кітаптардың біразын мақаланың басында атап өткенбіз.) Янушкевичтің кітабын осы мақсат контекстінде оқысақ, совет өкіметінің нақты қай нысаналарға қатысты қазақтардың ой-пікірін өзгертуді көздегені белгілі болады.


Ол нысаналардың бірі – осы тарауда талқыланған кедей жатақтар мәселесі және ол туралы Ашаршылықтан аман қалғандардың есінде болғандықтан, Янушкевичтің кітабының мақсаты сол ауыр естеліктерді өзгертуге тырысу емес (бұл орындалмайтын іс), керісінше, кім кінәлі деген сұраққа қазақтардың көзқарасын өзгерту болып табылады. Янушкевичтің көзқарасы бойынша, ол апатқа дәстүрлі көшпелі қауымдар мен олардың феодал көсемдері кінәлі, осылайша совет өкіметінің сәбидей күнәсіз екенін және бұл мәселенің қиын шешімін көшпенділерді колхозшыларға айналдыру арқылы таба білгенін совет үгіт-насихат машинасының басқа да салаларына түсіндіруге мүмкіндік береді.


Янушкевичтің кітабындағы совет өкіметінің қазақтардың тарихи көзқарасын өзгерту әрекетінің ең маңызды мақсатын осы мақаланың келесі бөлімінде қарастырамыз. 1966 жылы бұл нысана қазақтардың ұжымдық жадында сақталған ең ұзақ та ұмытылмас мәселе болатын. Бұл – Ресей патшасына қарсы шыққан қазақтың соңғы ханы, қазақ қайсарлығының қуатты символына айналған Кенесары Қасымовтың тұлғасы жайлы естелік.


V. Кенесары Қасымов Янушкевичтің хаттарында Кенесарыны қаралап, оны зұлым етіп көрсетуге көп көңіл бөлінген. Егер де біз бұл хаттарды 19 ғасырдағы поляк ақсүйегінің анасы мен ағасына жазған шынайы хаттары деп қабылдасақ, мұндай өшпенділікті түсіну қиын болар еді. Алайда, оларды совет қазақтарының санасын (редактор Ф.Стеклованың өз сөзіне жүгінсек, Янушкевичтің кітабының «шынайы оқырманы») өзгертуге тырысқан Кеңестік үгіт-насихатшылардың жазғаны деп түсінсек, онда Кенесарының мінез-құлқы мен жетекшілігіне бағытталған үздіксіз шабуылдың түп-төркіні түсінікті бола бастайды.

Янушкевичтің хаттарындағы Кенесары бейнесінің тарихи шындықтан алшақ екенін және советтік жолдауларға тұнып тұрғанын түсіну үшін мәтінді талдаудың өзі жеткілікті.


Бұл кітаптың жалпы мазмұнына қысқаша тоқталсақ, Янушкевич пен оның бастығы полковник Ивашкевич (тағы бір жер аударылған поляк ) Омбыдан мамыр айында шыққан генерал-майор Вишневскийдің әскери экспедициясының құрамында Орта Жүз руларын аралап, санақ мәліметтерін жиып жүр-мыс. Жетісудың сұлу табиғатын тамашалап, аты аңызға айналған Орынбай ақынның айтысына тәнті болған екі поляк өздеріне сенім артып, орыс әкімдерінің озбырлығы мен жемқорлығы туралы өз ойларын ашық айтқан қазақтардың жанашыры-мыс. [32] Алайда, Янушкевич туыс-достарына жазған хаттары мен күнделік жазбаларында Гогольдің кейіпкері Иван Хлестаковты еске түсіретін мәнермен қазақтарды мансапқор, жалқау, аңғал, мақтаншақ, ақымақ деп келеке етеді. Есесіне Янушкевич «жүректері Марат батырларына лайықты ерлікпен жалындаған тау халқы» деп қара қырғыз руларын мадақтаудан шаршамайды. [33] Янушкевич қара қырғыздарды ержүрек көтерілісші деп мақтайды, неге десек, олар Кенесары әскеріне қарсы шығыпты. Бұл кітаптың мазмұны кез келген зейінді оқырманды «бұл экспедиция санақ экспедициясы ма, әлде әскери экспедиция ма?» деген сұрақты қоюға мәжбүрлейді. Янушкевич өзінің санақ жұмысына қатысып жүргенін айтса да, жұмысын аса көп сипаттамайды. Оның хаттарынан экспедицияда тек сарбаздар мен офицерлер жүргендей әсер аласың: «Бейбітшілік тілесең, соғысқа дайындал» деген көне мәтелді негізге ала отырып, казактарды жинап, салт атты артиллерияны, жылқы, түйе, киіз үй дайындап, Аға Сұлтандарды отрядымен бізге қосылуға шақырып жатырмыз» дейді Янушкевич бір хатында. [34]

Янушкевич өзінің санақ жұмысы туралы жазудан гөрі, Кенесарының бағыты туралы казактар мен қазақ шабармандарынан алатын жаңалықтарды жазуға көбірек құлшыныс танытады. Бұл жаңалықтарды пайдаланып, ол Кенесарының адамгершілігі мен басшылығы жайлы өте жағымсыз бейне сомдауға тырысады. Янушкевичтің пікірінше, Кенесары – қазақ руларының арасында ешқандай беделі жоқ қатыгез қарақшы, өзін өзі хан жариялаған алаяқ. Оның басқару саясатын Янушкевич былай деп сипаттайды: «Біздің псевдо-Әбделқадер көп жылғы кезбеліктен титықтап, үйсіндерге Ресеймен келісімшарт жасаудан бас тартуға және өзін Хан деп тануға шақырған жарлық жіберді... Бірақ олар Кенесарының адуын, тәкаппар мінезін, қазақ халқының мүддесін емес, өз жеке басының мүддесін көздеп жүр қу екенін жақсы біледі». [35] Кенесарының әйелдерге деген қарым-қатынасы туралы Янушкевичтің айтары тіптен көп. Көшпенді қауым әйелдерінің өз қоғамында атқаратын сан-алуан рөлдері туралы хабарсыз екенін өзі-ақ әшкерелеген Янушкевич менсінбеген кейіппен былай деп жазады: «Ол әскер санын көбейту мақсатында өз әскеріне ерлер киімін киген әйелдер мен қыздарды қосып алған». [36] Көшпенді әйелдердің ғасырлар бойы ат құлағында ойнаған шабандоз, құралайды көзге атқан аңшы болғаны және ерлермен қатар жауынгер ретінде де шайқастарға қатысатыны жайлы Янушкевич мүлдем хабарсыз сияқты. Ал Кенесарының қатыгездігі туралы Янушкевичтің жазбалары небір қорқынышты хикаяларға толы: «Біз жаңа ғана Кенесарының қара қырғыздарға жорығы туралы жаңалық алдық... зорлық-зомбылықсыз емес әрине, олар жүкті әйелдерді киіз үйдің қабырғасына байлап, қарындарын жарып тастаған... Жабайы аң іспетті». [37] Бір қарағанда, Янушкевич патша өкіметінің ресми ұстанымын білдіріп тұрғандай көрінуі мүмкін. Біз патша өкіметінің Кенесарыға қатысты ұстанымын білеміз, өйткені оны жоғары лауазымды әкім Николай Середа қағазға түсіріп, 1870 жылы «Вестник Европы» журналында жариялаған еді. Середаның жазбаларынан біраз фактілерді білуге ​​болады, мысалы, патша өкіметінің Кенесарының басына 3000 рубль көлемінде сыйақы тағайындағаны және ақыр аяғында бұл қастандықты қазақ рулары емес, қара қырғыздардың жүзеге асырғанын білеміз. [38] Середаны оқи отырып, Кенесары сұлтанның мінезі мен басшылығына қатысты патшаның ресми ұстанымы қандай болғанын да білуге ​​болады. Середаның көзқарасы бойынша, Кенесары «жыртқыш», ал оның әскері «қарақшы» болған. Бұл көзқарас тек Кенесарының қоластындағы руларға ғана қатысты емес, көшпелі тайпалардың барлығы да «тағы» деп есептелді, ал Ресей империясының мақсаты «жабайыларға өркениет орнату» болатын. [39] Бұл пікірге қарасақ, Янушкевичтің қазақтар жайлы пікірі мен ресми Патша өкіметінің ұстанымдарының арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Алайда, Середа Кенесары сұлтанның бүкіл қазақ руларының мүддесін қорғаған саяси көсем, қалаулы Хан болғанын да мойындайды: «Ол нағыз патриот болғандықтан, өз халқының мәңгілік азат болуын тіледі, сондықтан ол Ресей өкіметінің ерте ме, кеш пе, Орда руларын бодандауға көңіл бөлетінін және оларды қоныстандырып, қатаң бақылауға алғысы келетінін жақсы түсінді». [40] Середа Кенесарыны аса қауіпті жау санағанымен, ол Кенесарының қолбасшылық қабілетіне деген құрметін жасыра алмады: «Сұлтан Кенесары Қасымов – Абылай Ханның әулетінен шыққан ақсүйек. Ол «қанға қан, жанға жан» қағидасы рухында тәрбиеленген, жеңілген жауына қаhарлы да қатыгез, бірбеткей және жігерлі адам болды ... Ол шабуылы – жолындағының бәрін жусатып кететін Сахара дауылындай дүлей, еш кедергі тоқтата алмайтын күш... Еуропаның кез-келген әскери қолбасшысы оның сарбаздарына рух беру қасиетіне сүйсінер еді». [41] Кенесарының саяси басшы ретіндегі қасиеттеріне Середаның мақтаудан басқа айтары жоқ. Жоғарыда атап өткеніміздей, Середа Кенесарының саяси мұратының таза екендігіне шүбә келтірмейді: «Ол өз халқының мәңгілік азат болуын тіледі». Ең бастысы, Середа қазақтардың да Кенесарыны дәл осы қасиеттері үшін құрметтегенін мойындайды: «Кенесарының бойындағы осы қасиеттері үшін ол біздің көшпенділердің шексіз құрметіне бөленген және оның сарбаздары өз басшысына шын жүректен адал, шексіз берілген; оның бойында өз руластарын байқатпай тартып тұратын бір құдіретті күш бар болатын, сондықтан да оның жақтастарының саны күн сайын арта түсуде ... Иә, бұл адам, жалпы айтқанда, ұлы тұлға еді, кім білсін, мүмкін, ол басқа жағдайда туып, басқа тәрбие алғанда, керемет мемлекет қайраткері болар ма еді». [42] Ал Янушкевичтің хаттарынан Кенесарының көсемдігіне деген құрмет кездеспейді. Янушкевич Кенесарыға жала жауып, жаппай қаралаумен айналысқандықтан, ол 19-шы ғасырдағы поляк-орыс лауазымдысынан гөрі 20-шы ғасырдағы Кеңес насихатшысына көбірек ұқсайды. Янушкевичтің Кенесарының күресі «қазақ халқының емес, өз жеке басының мүдделерінен» [43] туындады деген қисынсыз сыны Кеңес үгітшілерінің Кенесарыға тағатын айыптарынан еш айнымайды. Стеклованың көзімен қарасақ, Кенесары өз заманының саяси қайраткері емес, бүкіл Қазақты өзінің «жекеменшігі» деп санайтын «феодал-монархист» тайпа көсемі. [44] Сондай-ақ, Янушкевичтің қолданып отырған мәдени сілтемелері де өте күдікті. Ол Кенесарыны «псевдо-Әбделқадер» деп атағанда және Кенесарының жауларын (қара қырғыздарды) «Мараттың батырларына» теңегенде, ол Әмір Әбделқадер (1808-83) мен Жан-Поль Мараттың (1743-93) тарихи тұлғаларын меңзеп тұр. Олар кезінде кейбір орыс тілділерге ғана таныс болғанымен, кейіннен тек Кеңес Одағында ғана кең танымал болған адамдар. Марат пен Әбделқадерді Кеңес Одағындағы мектеп оқушыларының бәрі білетін. Расында да мойындау керек, бұл мәдени сілтемелердің 1960 жылдары қосылғанын айқын көрсетіп тұрған еш дерек жоқ. Дегенмен, бұл сілтемелер Стеклованың Янушкевичтің «мақсатты оқырманы» Совет Одағының адамдары екендігі туралы мәлімдемесінің жаңғырығы сияқты естіледі. Жоғарыда біз Янушкевичтің хаттарындағы Кенесары бейнесі 19-шы ғасырдағы Кенесары туралы Патшалық Ресейдің көзқарасына емес, 20-шы ғасырдағы Кеңестік көзқарасқа жақын екендігін көрсеттік. Бұл айғақтар Янушкевичтің хаттарындағы сипаттаманың жалған екенін дәлелдеу үшін жеткіліксіз. Дегенмен, Янушкевич берген мәліметтер мен басқа куәгерлер және қазіргі заман тарихшылары берген мәліметтер арасында айтарлықтай, тіпті бір-біріне қайшы келетін айырмашылықтар бар. Янушкевичтің Кенесары қазақ руларының қолдауына ие болған жоқ деген мәліметі жалған, өйткені бұл ақпарат Середаның (1870 жылы) жинап жариялаған куәгерлерінің баяндамаларына және қазақ тарихшылары Жамбыл Артықбаев (2006) пен Радик Темірғалиевтің (2013) зерттеу нәтижелеріне мүлдем қайшы келеді. [45] Үшеуі де Кенесарының Қазақ рулары арасында кең қолдауға ие болғанын растайды және үшеуі де Янушкевичпен салыстырғанда әлдеқайда бай мәліметтер береді. Артықбаевтың пікірінше, Кенесары екі оттың ортасында қалды: бір жағынан ол «барлық әлеуметтік топтардың» «кең қолдауына» ие болса, екінші жағынан, ол Орта Азияның хандары мен қазақ-орыс атқамінерлерінің ұйымдастырған «қарсылықтарына» төтеп беруге мәжбүр болды. Темірғалиев Кенесарының жағдайы өте күрделі болғанын растап, қызықты мәліметтерді қосады. 1841 жылы Қазақ ру басылары Кенесарыны Хан етіп сайлап, оны хан сайлаудың дәстүрлі жолы – ақ киізге көтереді. Ру басыларының Кенесарымен қол жеткізген келісімі бойынша, олар ресми түрде Ресей империясын мойындағанымен, Кенесарыға салық төлеп, оның күресіне демеушілік көрсету арқылы оны жасырын қолдап отыруға келіседі .[46] Қазақтар арасында Кенесарыға қолдау көрсеткендер көп болса керек. Әйтпегенде, Кенесары қозғалысы Ресей Патшасының қуатты әскерлеріне 9 жыл бойы қарсы тұра алмас еді. Бұл тұрғыдан Янушкевичке тиесілі деген деректер Середа, Артықбаев және Темірғалиевтің мәліметтерімен мүлдем сәйкес келмейді. Яғни, Янушкевичтің берген деректері жалған. Бұл жалған деректерді 19 ғасырда Ресейге жер аударылған поляк тұтқыны жазды деу қисынсыз. Янушкевичтің кітабындағы «жатақтар» туралы берілген жалған ақпараттың әдейі берілгенін ескерсек, кітаптың бұл бөлімдерін совет идеологтары жазғанына еш күмән қалмайды. Кітаптың ішкі құрылымындағы күдікті элементтер мен кітаптың басылып шығу тарихындағы көптеген жұмбақтарды ескере отырып, Янушкевичтің бүгінгі біз білетін кітабы КСРО-ның 1950 және 1960 жылдардың басындағы кең ауқымды тарихты бұрмалау науқаны аясында жасалып, кең тарап кеткен болуы мүмкін деген тұжырымға тоқталамыз.

Янушкевичтің кітабын жасанды жалған шығарма екенін мойындасақ, бұл кітаптағы Кенесары сұлтанның жағымсыз бейнесін түсіну аса қиын болмайды. Кенесары Ханның тұлғасы совет өкіметі үшін беймаза мәселе болды, себебі тіпті социализмді күштеп орнатқан соң да, қазақтардың ұжымдық санасында Кенесары Хан ерекше құрметке ие тұлға болып қала берді, ол қазақтың қайсарлығы мен Ресейге деген қарсылығының өлмес символына айналды. Бұны орыс музыкатанушысы Александр Затаевичтің 1925 жылы шыққан еңбегінде Кенесары Ханды қазақтардың жадында қазақ халқын орыс бодандығынан азат ету үшін күрескен батыр деген суреттемесінен де көреміз. [47] Кейін, 1929-33 жылдар аралығында, халықтың 40% қырып, одан кейінгі ондаған жылдардағы жаппай советтендіру шараларына қарамастан, Кенесары қазақтардың ұжымдық жадында ерекше құрметке бөленген тұлға болып қала береді. 1940 жылдары совет қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмаханов Кенесары көтерілісіне Ұлт-Азаттық Қозғалыс деген анықтама бергені үшін өз өмірі мен мансабын үлкен қатерге тікті. 1951 жылы Кеңес өкіметі тарихшыны әсіре ұлтшылдығы үшін айыптап, 25 жылға бас бостандығынан айырды (ол тек Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана босатылды). [48] Янушкевичтің кітабындағы Кенесарының теріс бейнесінің 1966 жылы көптеген Қазақтардың жадындағы Кенесарының бейнесіне сәйкес келмеуі мәселенің түйткілі болып табылады: Янушкевич кітабының мақсаты Кенесары туралы «шындықты« ашып, Қазақтардың оған деген көзқарасын өзгерту болып табылады. Келесі тарауда Янушкевичтің «хаттарында» әдейі бұрмаланған тағы бір маңызды мәселеге тоқталайық: көшпенді әйелдер тақырыбы.

VI. Гендерлік теңсіздік Янушкевич өз хаттары арқылы оқырманына тағы бір маңызды идеологиялық жолдауды жеткізіп бағады: көшпелі қазақ қоғамында әлеуметтік теңсіздікпен қатар (байлар мен «жатақтар» арасындағы), әйел мен ерлер арасында да теңсіздік орнаған-мыс. Янушкевичтің сөздеріне сенсек, қазақтар әйелдерін күң санаған. Ер адамдар ауылға келген сал-серілерге қыз-келіншектерін сыйға тартып, қыздары мен әйелдерін ауылға келген ақ нәсілді лауазымдыларға ермек болуға мәжбүрлеп, бірнеше әйел алып, оларды үй қызметшісі ретінде пайдаланған, ал өз қыздарын малға сатыпты-мыс. [49]

Янушкевичтің пікірінше, қазақтар өркениетті қоғамның заңдарына мүлдем ұқсамайтын табиғи тәртіпке бағынып өмір сүріпті: «Қазақтардың нәзік жандылары әлеуметтік сатының ең төменгі деңгейінде... Қазақтар Құдай жаратқан махұлықтарын келесі ретпен бағалайды: алдымен еркек, содан соң жылқы, әйел, түйе, сиыр, қой, ешкі және ең сорлысы – ит... Қазақтар біреуге жақсы жылқы бергенше қыздарын бергенді артық санайды». [50] Янушкевичтің айтуынша, жағдайы ең нашары – жалшылықпен күн көретін «жатақтардың» қыздары мен әйелдері. Бай көшпенділер қызметшілеріне сүйек-саяқ пен дастарханнан қалған қалдықты тастап, иттен де төмен санайды-мыс. [51]


Осының ішінде шындыққа жанасатыны бар ма? Тарихи дереккөздерге сүйенсек, Янушкевич сипаттаған көшпенді қазақ әйелдерінің бейнесінің шындыққа жанаспайтынын әшкерелейтін деректер жеткілікті. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды сақтауға міндетті болса да, көшпенді қазақтар әйелдеріне ешқашан құл немесе күң ретінде қарамаған; тіпті керісінше, оларға ер адамдармен терезесі тең деп қараған, әдетте әйелдердің өз атқаратын шаруасы болса да, олар ер адамдарға жүктелетін шаруаны да қалыспай орындауға қабілетті болған. Британ-чех антропологы Эрнест Гельнер 1981 жылы мәлімдегеніндей, әлемдегі барлық көшпенді қауымдар, оның ішінде Орталық Азия Сахарасын мекендейтін көшпенділер де басқа қоғамдарға қарағанда эгалитарлы (тең құқықты) болып келеді. Біріншіден, көшпенділердің дәулеті тұрақты емес, себебі оқыс жағдайлар немесе жұт кезінде көшпенділердің әулеті тірнектеп жиған малынан (жекеменшіктің жалғыз түрі) бір-ақ күнде айрылып қалуы мүмкін еді. Екіншіден, көшпенді отбасында белгілі бір саланы ғана кәсіби меңгерудің жоғары деңгейі («еңбек бөлінісі») қалыптаспаған. Көшпенді әулеттің барлық мүшелері – ері мен әйелі, жастары мен қарттарының кез келгені отбасы шаруашылығының көп функцияналды тетігі бола алады, оларға барлық маңызды шаруаны жүктеуге болады: мал бағу, жылқы және/немесе түйеге міну, азық-түлік өндіру, күзет пен қорғанысты қамтамасыз ету, көшіп-қону, қос орнату, үй тігу сияқты жұмыстарды орындай алады. [52] Совет-орыс антропологы Анатолий Хазанов өзінің 1984 жылғы көшпелі қоғамдарды (оның ішінде Орта Азияның далалы аймақтарын да) салыстырмалы түрде зерттеу жұмысында көшпелі отбасылардың айрықша белгілерінің бірі – ерлер мен әйелдер арасындағы еңбек бөлінісі («гендерлік айырмашылық») бар болса да, аса дамымады, өйткені «ортақ өндіріс» және «ортақ тұтыныс» көшпелі әулеттің табысының негізі кепілі болды деп жазды. [53] Одан қалса, Советтік Қазақстанның экономист ғалымы С.Е. Толыбеков 1959 жылы көшпенділер гендерлік айырмашылықтарына қарамастан, сегіз қырлы, бір сырлы, тым құрығанда, бесаспап, шаруашылықтың кез-келген түріне икемді, ата-бабасының шежіресін жатқа білетін, әнші мен жыршы тұлғалар болып табылатынын айтқан болатын. Толыбековтің өз сөзімен айтсақ: «Әрбір сауатсыз деген көшпенді қазақ... әрі малшы, әрі жауынгер, шешен-шежіре, ақын-әнші». [54] Қазақ көшпенділерінің ерінің де, әйелінің де жан-жақтылық қасиеттерін американдық зерттеуші Милтон Кларк өзінің 1951-52 жылдары Үндістанның Кашмир аймағынан жазған баяндамасында да растайды; ол кезде жүздеген қазақ Совет және Қытай әскерлерінің қуғынынан қашып құтылып, сол жерді паналап, ғасырлар бойы ата-бабаларынан қалған көшпенді өмір салтын ұстанып аттың жалында, түйенің қомында өмір сүріп жатқан болатын. Кларк өз жазбалары мен суреттерінде көшпенді әйелдердің атқа мінуге, мал бағуға, ән салып, би билеуге, домбыра тартуға, ал төтенше жағдайларда қолына қару алып, басқыншылардан ауылын қорғауға қабілетті екендіктерін бейнелейді. [55] Янушкевич көшпенді әйелдердің жауынгерлік қабілеттерін келеке етуге қанша тырысса да, қазіргі заманғы археологиялық зерттеулер оның сөздерінің жасандылығын әшкерелейді. Соңғы ондаған жылдар ішінде Еуразия даласының (Қазақстанның территориясын қоса алғанда) шетсіз-шексіз қойнауынан 300-ден астам қорымдар табылды, ондағы обалардың ішінде осыдан 2000 жыл бұрын көшпенді әйелдер өздерінің қару-жарақтарымен (садақ пен жебе, қорамса мен найза) ат-әбзелдерімен, кейде тіпті аттарымен қоса жерленген. Табылған сүйектер мен қорымдардағы зерттеу жұмыстары көшпенді қоғам әйелдерінің атқа мініп, аң аулап, соғысқа қатысқандарын айғақтап берді. [56] Орта Азияға Ислам діні тарағаннан кейін (шаhарлардағы отырықшы халыққа қарағанда көшпенді малшыларға әсері аз болды) көшпенді әйелдер аңшылық және жауынгерлік дағдыларын жоғалтып алды деуімізге еш негіз жоқ. Археология бізді әлі айғақтармен қамтамасыз етпесе де, тарих ілімінде деректер жеткілікті. Мысалы, 17-18 ғасырлардағы қазақ пен қалмақ тайпалары арасындағы қақтығыстарды тарихи жағынан біршама шынайы суреттейтін «Қобланды батыр» жырындағы қалмақ ханшасы Қарлыға жауынгерлік өнердің бәрін меңгерген, соғысуға келгенде еш жігітке дес бермейтін қабілетімен ерекшеленеді. [57] Одан қалса, Янушкевичтің Кенесарының бүлікші әскерінің құрамындағы әйел жауынгерлердің суреттемесіне қайшы келетін тарихи деректер де бар. Орыс әкімшілері мен қазақ зерттеушілерінің жазбаларынан Кенесарының Ресей отаршылдығына қарсы күресіндегі көтерілісшілер құрамында өзінің жеке қолы болған қас жауынгер әрі әскери қолбасшы Бопай атты қарындасы болғанын көреміз. Жамбыл Артықбаев Бопайдың әскери қолбасшылығы өте нәтижелі болды деп жазады – Янушкевичтің біздің сендіргісі келгеніндей, «баланың ойыны» емес. [58] Янушкевич қазақ көшпелі қауымындағы әйелдердің көп функцияналды рөлін бұрмалаумен қатар, қазақтардың көшпелі мал шаруашылық жүйесінің түпнегізінде жатқан тәртіптемені де бұрмалап көрсетуге тырысады. Адамдар, үй жануарлары, малдарды иерархиялау, оның үстіне әйелдерге жануарлардан да төмен мәртебе беру арқылы Янушкевич қазақ көшпелі мал шаруашылығының ең маңызды екі қағидасын – Жеті Қазына мен Төрт түлікті былықтырып, бұрмалай көрсетеді. Бірінші қағида бойынша, көшпелі қазақ үшін аса ардақты жеті құндылық болған: ер жігіт, ақ жаулық, ілім-білім, жүйрік ат, қыран құс, берен мылтық және құмай тазы. Бұл қағида қазақ көшпенділерінің итті де жоғары бағалағанын көрсетеді, ал Янушкевич бізді керісінше сендіргісі келеді. [59] Екінші қағида бойынша, көшпелі қазақтың бүкіл өмірі төрт түлік малға тәуелді болған: түйе, жылқы, қой және ешкі (кейін оларға сиыр да қосылды). Тағы бір қорытындыласақ, Янушкевичтің айтқандары шындыққа жанаспайды, болмаса, жоғарыда аталған зерттеушілердің барлығы да өтірікші болып танылуы тиіс. Ал қазақтарды сипаттауда көптеген қателіктер мен бұрмалауларға жол бергенін ескерсек, нағыз өтірікші Янушкевич болып табылады. Дегенмен, «Янушкевич» деп19-ғасырда Сібірге жер аударылған поляк ақсүйегін айтып отырған жоқпыз, «Янушкевич» деп совет жазушылары мен редакторларының бейесім тобын меңзеп отырмыз; оларға қазақ көшпелі тарихының советтік нұсқасын құрастыру және көшпелі қазақ ұрпақтарының ұжымдық жадында қалған төл тарихын жоюға тапсырма берілген. Мұндай мәлімдеме жасауға қандай негіз бар? «Янушкевичтің» хаттары мен күнделік жазбаларын бірнеше адамның құрастырып жазғаны «Янушкевичтің» өз-өзіне қайшы келетін тұстарынан, мысалы, қазақ әйелдері туралы жазғандарынан анық көрінеді. «Янушкевичтің» қазақ әйелдеріне деген нәсілшілдік қомсыну сезімі оның «мегерадай жексұрын», «өлімші күнәдан да ұсқынсыз» немесе «өлермен түйедей сұрықсыз» деген қорлау сөздерінен-ақ көзге ұрып тұр. [60] Қазақтарды келемеждеуге кітаптың ондаған бетін аямаған жазушыдан басқа қандай көзқарас күтуге болады. Алайда, тағы бір хатында ол кенеттен қазақ әйелдерін Геродотқа ғана тән ақындық шабытпен сипаттайды: «Тал-тал өрілген бұрымдарын тарқата жайып, олар шетсіз-шексіз көк аспанның астында сүйріктей тұлпарларға мініп еркін шабады» деп суреттей келе, оларды «Сахараның үстінен ұшқан жебедей әсем амазондарға» теңейді. [61] Мұны жазған жазушы мен қазақ әйелдерін «күнәдан да сұрықсыз» деп сипаттаған жазушының бір адам болуы мүмкін бе? Егер «Янушкевич» шынында да бір ғана адам болса, бұл қайшылықты түсіну өте қиын болар еді. Алайда, егер «Янушкевич» кітапты әртүрлі дереккөздерден алып құрастырған үгіт-насихатшылар тобы деп қарастырсақ, онда бұл қайшылықтарды қабылдау оңайырақ болар еді. Қазақ әйелдерінің жағымсыз бейнесі совет дәуірінде қолдан жасалғанына қалай сенімді боламыз? «Янушкевичтің» жатақтар мәселесінде де, Кенесары мен қазақ әйелдері туралы да өрескел қателіктер жібергеніне қарағанда, ол хаттар мен күнделік жазбаларын өзі жазбағаны анық. Сонда, оларды кім жазуы мүмкін? Тарихта «Янушкевичтен» басқа тағы кім көшпенді қазақ қауымындағы әйелдерді қаналған күң немесе езілген құл деген пікірді алға тартып еді? Әрине, тек қана совет өкіметі.


(Совет өкіметіне дейін, патшалық Ресейдің санақ экспедициясының жетекшісі Федор Щербина да қазақ әйелдері жайлы осыған өте ұқсас надан пікірлерін білдіргенді, «Янушкевичтің» атынан жазған совет жазушылары оның жазбаларын қуана-қуана көшіріп алса керек және бұл тақырыпқа келесі тарауда тоқталамыз.) Совет өкіметінің бұл көзқарасты қасақана жалған ақпарат тарату науқанының бір бөлігі ретінде үнемі ұстанып отырғанын американдық саясаттанушы Грегори Массел 1974 жылы құжаттармен дәлелдеген болатын. Масселдің пікірінше, бұл науқан Орталық Азияның байырғы тұрғындарының наразылығынан туындады, олар совет өкіметінің саясатын қабылдауға ұзақ қарсылық танытты, себебі бұл халықтарға өздерінің дәстүрлі өмір салтын ұстануға рұқсат етілмеді. Совет өкіметі өздерінің қол астындағы әртүрлі үгіт-насихат құралдарын (кино, әдебиет, оқу құралдары, газет, радио және теледидарды) пайдалана отырып, ұлттың әйелдерін нысанаға алып, оларды көшпенді қоғамының қаналған пролетариат табы ретінде бейнелеп, әйелдерді осындай қаналу мәдениетінен «азат болуға» шақырды. [62] Массел Янушкевичтің кітабынан еш үзінді келтірмейді және «Янушкевичтің» өзі де «эмансипация» сөзін қолданбауға тырысады (өйткені бұл оның советттік болмысын бірден білдіріп қояр еді). Дегенмен, «Янушкевичтің» кітабындағы оқырманның құлағына арналған жолдау мен совет өкіметінің жеткізгісі келген жолдауының арасында анық та толық сәйкестік бар. Сондықтан Янушкевичтің кітабын құрастыруға ат салысқан жазушылар мен редакторлар көшпелі отбасындағы қазақ әйелдерінің мәртебесіне қатысты қандай ақпаратты қолдану керектігі туралы айқын нұсқаулар алғаны да анық. Совет өкіметінің тарихты, бұл орайда Орта Азия әйелдерінің тарихын бұрмалауға қаншалықты күш салғанын археология саласындағы әйгілі мысалға қарап жақсы түсінуге болады. 1969 жылы Янушкевичтің кітабы жарық көргеннен кейін үш жыл өткен соң, советтік Қазақстанның археологтары Есік маңынан оба (қорған) тауып алды, оның ішінен мәйіт, қару-жарақ, жүздеген алтын бұйымдар, былғары жейде, былғары шалбар және сәукелеге ұқсас конус пішінді бас киім табылды. Мәйіт сүйектерінің ұсақтығы мен гүлдермен өрнектелген артефакт және зергерлік бұйымдардың әйел затына тиесілі екеніне, ал конустық бас киім кәдімгі сәукеле болып шыққанына қарамастан, атышулы жауынгер дереу ер адам болып жарияланды, Археологтар сүйек жас қыздікі болуы мүмкін деген болжамды неше мәрте қайталап айтып жатса да, совет өкіметі бұл болжамды мойындаудан бас тартып, табылған киім-кешек, қару-жарақтар және алтын жәдігерлерді «Есіктің Алтын Адамы» деп атап алып көрмеден көрсетуді жалғастыра берді. 1997 жылы сүйектің жынысын ДНК сараптамасы арқылы ғылыми түрде нақты анықтауға мүмкіндік туған сәтте, «Алтын Адамның» қаңқасы мұражайдан жоғалып кеткені анықталды. [63] Есік жауынгерінің жынысына қатысты кез келген зерттеуге тыйым салу шешімі мен одан бірнеше жыл бұрынғы Янушкевичтің кітабындағы жауынгер әйелдерді келемеждеу деректері сол кездегі советтік идеологиялық науқанның нәтижелері болса керек. Екі оқиғаның да мақсаты біреу: советтік қазақ әйелдерін көшпенді ата-бабаларының қыз балаларына саяси маңызы зор, тіпті батырлықты талап ететін соғыс қимылдарына қатысуға тыйым салмағанын анық көрсететін рөль-модель, үлгіден айыру болып табылады.

Янушкевичтің көшпенді қазақ әйелдерінің бейнесіне қатысты талқылаған соңғы мәселесі – қыз баланы атастыру тақырыбына да келіп жеттік. Янушкевичтің атастыру дәстүріне есеңгірей таң қалып, одан қалса, өз отанындағы ақсүйектер ортасында да атастыру арқылы некеге отыру дәстүрінің қалыпты жағдай екендігіне еш сілтеме жасамағаны, кез келген зерттеуші үшін «Янушкевичтің» шын мәнінде басқа адам екендігіне жеткілікті дәлел болса керек. Өзін «Янушкевич» деп атаған советтік идеолог (немесе бірнеше идеолог) бұл салттың әділетсіздігіне деген өзінің жан күйзелісін білдірумен ғана шектелмейді. Оның көздеген мақсаты – көшпенді қазақ отбасындағы атастырып, құда түсіп келін түсіру дәстүрін қазақ әйелдерінің күң екендігін дәлелдейтін дерек ретінде қолдану. Сол мақсатта, ол қазақтың қалыңмал беру салтын «қызын малға сату» әрекеті деп бұрмалайды (советтік қазақ жазушыларының әдеби шығармаларында көп кездесетін қисық пікір). Алайда тарихи шындық мүлдем басқа: қалыңмал беру салты – көшпелі қауымдарда жиі кездесетін өзара қол ұшын беру дәстүрінің көптеген түрлерінің бірі ғана болып табылады, қалыңдықтың отбасына күйеу жігіттің отбасынан берілетін сыйлық (міндетті түрде мал емес) үйлену тойының алдында қызына лайықты жасау дайындауға да мүмкіндік береді. Совет өкіметінің ондаған жылдар бойы жалған ақпаратпен көз байлауға тырысқанына қарамастан, біз ұжымдық жадымызда өзіміздің әжелеріміздің өмірін суреттейтін айқын көріністерді сақтап қалдық: әйелдер үй шаруасын да, дала шаруасын да өзара бөлісіп, немесе отбасындағы ер адамдармен қатар атқара берген; ақын не әнші әйелдер ерлермен бірдей құрметке ие болған; әйелдер ер адам болсын, әйел болсын, үйіне келген мейманмен еркін қарым-қатынас жасай алған; әйелдер қорғаныс саласындағы ұрыстарға да, соғыс қимылдарына да белсене қатыса алған; сайып келгенде, көптеген әйелдер, өздерінің ерлері сияқты, атастыру салтының оң жақтарын өз пайдаларына тиімді асыра білген.

Совет үгіт-насихатшылары бұл жалған ақпараттарды қандай дереккөздерге сүйеніп жазған? Қолданылған дереккөздерге жоғарыда аталған орыс санақшысы Федор Щербина мен оның қазақ әріптесі Әлихан Бөкейхановтың 1896-1899 жылдардағы Степной Край өлкесіне жасаған экспедициялары туралы есеп баяндамалары жатады.


Келесі тарауда «Янушкевичтің» кітабын жазу барысында орын алған плагиат мысалдарына жеке тоқталамыз және Совет Одағының бастапқы кезеңдерінде мемлекет тарапынан қаржыландырылған жазушыларға репрессияға ұшыраған немесе қаза тапқан ақын-жазушылардың туынды-еңбектерін емін-еркін иемденіп, пропаганда үшін пайдалануға рұқсат берген заң баптарына назар аударамыз.

VII. Плагиат

Плагиат Совет Одағы кезінде кең орын алған қалыпты жағдай еді. Совет жазушылары мен ғалымдары өздеріне тиесілі емес дереккөздерден алынған идеялар мен сөздерді еш сілтемесіз көшіріп алатын жағдайлар жиі кездесетін. Бұндай өрескел плагиаттың құқықтық негіздемесі авторлық құқыққа қосымша ретінде 1925 жылы қабылданған арнайы қаулымен қамтамасыз етілді. Бұл қаулы бойынша, а) біреудің шығармасын басқа тілге аудару; б) біреудің щығармасын жаңа, айтарлықтай басқа туынды жасау үшін пайдалану авторлық құқықты бұзу болып саналмады .[64]


Аталған екі жағдайда да түпнұсқалық дереккөзге сілтеме жасаудың қажеттілігі болмай қалды. Басқа елдердің көбінде ауыр қылмыс, ұрлықтың бір түріне жататын плагиат Совет Одағында осылайша қалыпты тәжірибеге айналды. Қазірдің өзінде постсоветтік елдердің көпшілігінде, оның ішінде Қазақстанда плагиат қалыптасып қалған үйреншікті нәрсеге айналып кеткен.


Бұл 1925 жылғы қаулы плагиатқа кеңінен жол ашты. Қаулының арқасында Сталиннің сүйікті жазушысы Михаил Шолоховқа қаза тапқан казак жазушысы Федор Крюковтың жарияланбаған қолжазбасын иемденіп алуына лицензия беріліп, нәтижесінде Нобель сыйлығының жеңімпазы деген атақты жеңіп алған әйгілі «Тынық Дон» (1928-40) романы дүниеге келді. [65] Плагиат әсіресе советтік академиялық ғылыми ортада жиі кездесетін құбылыс. Совет академиктері зерттеулерінде әрқашан ғылыми емес, идеологиялық әдістері ғана қолдануға мәжбүр болғандықтан, плагиат бұл әдіспен тамаша үйлесім тапты: ешбір дереккөздерге сілтемей, ұсынылған айғақтарды зерттеместен, еш өзгермейтін марксистік-лениндік тұжырымдар жасай салуға өте қолайлы жағдай жасалды.


Өз заманында патшалық Ресейдің бетке ұстар ғылыми саласы болған Шығыстану ғылымы да осы жағдайға душар болды. Жақында ғана тарихшы Ольга Лебедева сипаттағандай, Шығыстану саласы советтік үгіт-насихат машинасының бір тетігіне айналып, бар күш-жігерін бір ғана «әлемдік революцияны Азияға экспорттау» мақсатына жұмылдырды. [66] Лебедева Янушкевичтің кітабын атамаса да, кітаптың редакторы Стеклованың Янушкевич кітабының «мақсатты оқырмандары» Совет Одағының қазақтары деп ашық жариялауы – cовет дәуіріндегі Шығыстану ғылымының идеологиялық пиғылын растап тұрғаны анық.


1966 жылы жарық көрген Янушкевичтің хаттары мен күнделік жазбалары тек советтік Шығыстану ғылымының ғана емес, сондай-ақ, плагиат жұмысының да нәтижесі болып табылады. Янушкевичтің кітабы көшірілген дереккөздер сол кезде қолданылуы шектеулі, идеологтарға ғана қол жетімді құжат, яғни: «Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей»» деп аталатын 12 томдық барлау баяндамасы болатын. Бұл 1896-1901 жылдар аралығында Ресейдің бюджет санақшысы Федор Щербина жетекшілігімен Дала өлкесінде жүргізілген санақ экспедицияларының барлау нәтижелері еді. (Үгіт-насихатшылар 1920 жылы Прага қаласына қашып кеткен Щербинаның жеке мұрағатын, тіпті күнделігін да қолдануы мүмкін екенін ескеру қажет және бұл сұрақты жеке зерттеу қажет).


Жер ресурстарын басқару және мемлекеттік мүлік министрлігінің тапсырысымен ұйымдастырылған бұл экспедиция жан-жақтылығы мен көлемі жағынан Ресейде алғаш рет өткізілген іс-шара болатын. Щербина бірінші томның алғы сөзінде экспедиция мақсатын – орыс шаруаларын қоныстандырумен айналысатын Ресей империясының жер істері жөніндегі шенеуніктеріне ауылшаруашылыққа жарамды жер көлемін тауып беру деп түсіндіреді:


«Зерттеудің негізгі міндеті, бір жағынан, қалыптасқан табиғи-экономикалық жағдайда қазақ халқының мұқтаждықтарына сай жер көлемін анықтау, ал екінші жағынан, қоныс аударушы орыс шаруаларының қажеттіліктеріне сай келетін артық жер көлемін анықтау. Экспедицияның басты мақсаты – шаруаларға жер тарататын шенеуніктерді көшпенділердің мүдделеріне зиян келтірмей жұмыс істеуіне кепіл бола алатын материалдармен қамтамасыз ету». [67]


Ресей империясының отарлау саясатына сай қазақ жерінің қай аймақтарын «артық жер» деп атауға болатынын анықтау үшін Щербина тобы әр ояздағы халық саны, олардың малы, шаруашылық заттары, жер пайдалануы жайлы деректер жинады. Нәтижесінде: Ақмола, Семей, Торғай облыстарына жататын 20-25 ояздардың санақ кестелері, оған қоса әр түтіннің ақсақалының аты-жөні, олардың руы, жайылымдарының атауы мен көлемі және осы деректер көмегімен Ресей санақшылары есептеп анықтаған әр қожалықтың «артық» жер телі көрсетілген баған берілді. Щербина тобы көшпенділердің басты меншігі – төрт түліктің саны туралы нақты мәлімет алуды көздеп, жалған дерек беруге жол бермеу үшін, бақылау сұрақтарын қою арқылы әр қазақ берген деректі тексеріп отырды. Санақ экспедициясының бұл соңғы аспектісінің маңызы зор, себебі Щербина алғы сөзінде Ресей империясының мақсаты көшпенділердің мүддесіне нұқсан келтірмей, тың ауылшаруашылық жерлерін табу деп қулана мәлімдегенімен (жоғарыдағы сілтемені қараңыз), қазақ көшпенділері шындықтың мүлдем басқа екенін – бұл санақтың өздерінің өмір салтына қауіп төндіретін Ресейдің отарлау науқанының бір көрінісі екенін жақсы түсінді. Қазақтар Щербинаның жұмыс тобына үлкен сенімсіздік білдігенді. Экспедицияның көшпенділердің қарсылығына ұшырағаны сонша, Щербина өз баяндамасында оған тұтас бір тарауды арнағанды жөн көріпті: «Бұрын-соңды болмаған соны тапсырма мен жұмысты атқару барысында туындаған жаппай кедергілер, қырын қабақ бұратана тайпалар (инородцы) жайлаған бөтен де тағы түз бұл баяндаманы ертерек шығаруға мүмкіндік бермеді». [68] Қазақ көшпенділерінің күдіктенуіне толық негіз бар еді. Щербинаның санақ экспедициясы өзге ұлтты отарлауды көздеген дұшпан елдің тыңшылық әрекеттері мен барлау операцияларының бірі болатын. Щербинаның жұмыс тобы сұхбат жүргізу барысында тек қана санақ деректерін емес, сонымен қатар аңыз-хикаяларды да жинады. Бұл хикаялардың ішіне тек ақсақалдар айтатын аңыз-әңгімелермен қатар көршілер арасындағы, отбасы ішіндегі, отбасы аралық, ру ішілік, ру аралық және жеке қарым-қатынастарға байланысты көптеген жағдайларды қамтитын оқиғалар да енді. Әрбір есептік баяндамадан көрініп тұрғандай, экспедиция мүшелеріне жер дауларына қатысты әңгімелерді жазып алу тапсырылған – бұл орыстарға көшпелі рулардың әлеуметтік құрылымының осал тұстарын анықтап, оны тиімді пайдалануға мұрсат беретін аса құнды барлау мәліметтері еді. Щербинаның жетекшілігімен жазылған 12 томдық баяндамада әр ояздағы әлеуметтік топтың шежіресі берілген: қазақ рулары, сұлтандар мен олардың төлеңгіттері, жергілікті қожалар және қара қырғыз рулары. Шежірелердің барлығының дерлік авторлығы – Щербинаның ұжымындағы жалғыз қазақ санақшы қазақ Әлихан Бөкейханов делінген. Сонымен, бұл баяндамалардың залалды мақсатын есепке алмасақ. 19 ғасырдың аяғындағы қазақ көшпенділерінің тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін аса құнды сирек дереккөздердің бірі болып табылады. Сондықтан советтік үгіт-насихатшылардың қолданысына берілген бұл құжаттардың емін-еркін плагиатқа ұшырауы аса таңқаларлық жағдай емес. «Янушкевичке» телінген хаттар мен күнделік жазбалары әсіресе 1, 6 және 10 томдардан көшірілген іспетті. «Янушкевичтің» қазаққа қатысты жағымсыз сыни көзқарасын экспедициялық баяндаманың 1-ші томынан-ақ тануға болады және бұл томды бастан аяқ толығымен Щербинаның өзі жазған еді. Щербина – Кубань казактары отбасында туып-өскен, революциялық ұстанымы үшін жер аударылып, қуғында жүріп народникке айналған, орыс тарихын, дінін және әдебиетін жоғары тұтатын нағыз славянофил адам болған. Славянофилдік ағым өзіне түбегейлі ұқсамайтын басқа мәдениетпен бетпе-бет келгенде, шовинизмге немесе тіпті нәсілшілдікке айналуы ғажап емес, сондықтан, Щербинаның славянофильдігі де сол соқпақтан ауытқыған жоқ. Оның үстіне Щербинаның өзі ауыл шаруашылығының маманы болғандықтан, орыс шаруаларының диханшылық өмір салтын қазақтардың көшпелі өмір салтынан әлдеқайда жоғары деп бағалаған.


Щербинаның көшпенділерге қарсы біржақты көзқарасы 1 томда, әсіресе «Тұрғындар және көшпелі өмір салтының оғаш ерекшеліктері» деп аталатын VI тарауда көзге ұрып тұр. Көшпелі өмірдің жыл мезгіліне бағынышты маусымдық циклдерін түсінуге шамасы жетпеген Щербина тек өзінің көргісі келетін нәрселерді ғана көргендей: көшпенділердің ерлері жалқау, ал әйелдері олардың күңі деп сөгеді. Осылайша, Щербина кейін 20-шы ғасыр антропологтарының көзіне анық көрінген қарапайым шындықты көруге шамасы жетпейді: көшпелі қоғамда ерлер мен әйелдер, олардың арасындағы болмашы еңбек бөлінісіне қарамастан, тең қатарлы серіктес болған.

Щербинаның көшпелі қазақ отбасындағы әйелдер жайлы және қазақ дастарханындағы ет пен сүйектің орны жайлы қате түсініктері «Янушкевич» аватарын жамылған советтік үгіт-насихатшылары үшін өте ыңғайлы ақпарат көзіне айналды, олар бұл дерекке сүйеніп, бір қарағанда шынайы көрінсе де, анығында көшпелі өмір салтына күйе жағатын теріс пікірлер қалыптастыра бастады. Мұқият зерттеулер Щербинаның Ақмола облысындағы Көкшетау ояздына арнаған баяндамасы мен «Янушкевичтің» хаттары мен күнделіктерінен (Семей облысы-мы) талай ұқсастықтар табары анық. [69]


Әділдік хақында атап өткен жөн, Щербинаның кейінгі томдарда жазғанынан қазақ көшпенділерінің әдет-ғұрыптарына үлкен құрметпен қарай бастағаны және өз экспедициясының көшпенділердің тұрмыс-тіршілігіне тигізетін теріс салдарларын тереңірек түсіне бастағаны байқалады. Бұған қарамастан, Щербина баяндамаларының кейінгі томдары «Янушкевич» атын жамылған совет үгіт-насихатшыларына Семей облысына қатысты талай жалған материал әзірлеуге мүмкіндік беретін материалдарға толы еді.


Щербинаның баяндамаларының қаншалықты плагиатқа ұшырағанын тексергісі келетін зерттеушілер Семей облысының үш ояздығы туралы есептерді қамтитын 4, 6 және 10 томдарды қарауы тиіс: Павлодар, Қарқаралы және Семей ояздықтары. Үш баяндама да негізінен Бөкейхановтың қаламынан шыққан. Қарқаралы оязының тумасы, орысша білім алған (Щербинаның сөзімен, «интеллигент киргиз») Бөкейханов бұл тапсырманы орындауға әбден лайық тұлға еді. Ол санақ мағлұматтарымен ғана шектеліп қоймай, сол өлкенің әр руының егжей-тегжейлі тарихын сипаттап, оған әр рудың ақсақалдарының аузынан жазып алған бай аңыз-әңгімелерді де енгізген. Оған қоса, ол әр ояздың шежіресін құрап, әр баяндаманың соңына қосымша ретінде қосып, рулар мен ауылдар арасындағы жайылым бөлісудің алуан түрлі формаларына тереңірек үңілуге тамаша жағдай жасап берді. Қазақ руларының тұрмыс-тіршілігі мен тарихын қоса қамтитын мұндай терең зерттеулер 1896 жылға дейін жүргізілмеген болатын. Ал 1846 жылы генерал-майор Вишневский басқарған әскери экспедициясының құрамында болыпты-мыс «Янушкевич» мұндай білімнен, әлбетте, алыс еді. Соған қарамастан «Янушкевич» өзінің хаттары мен күнделік жазбаларында Семей облысына қатысты терең танымдық білім танытып, оның жағрапиясы, жер-су аттары, ауа-райы, тарихы және шежіресі туралы өте сауатты жазады. Ондай жан-жақты білімге тек сол жердің байырғы тұрғыны жергілікті көшпенді немесе Бөкейхановтың баяндамаларымен таныс адам ғана ие болуы мүмкін. Мысалы, «Янушкевичтің» 1846 жылы кездестірдім деген Қарқаралы оязының барлық дерлік сұлтандарының аты-жөнін Бөкейханов 1896-1902 жылдар аралығында зерттеп, 6-томға қосымша ретінде берген шежіреден кездестіруге болады: ол Бөкейхановтың өз бабасы Бөкей Ханның шежіресі. 1846 жылы бұл сұлтандардың көпшілігі өмірден өтіп кеткен марқұмдар еді, бірақ бұл «Янушкевичтің» атын жамылған советтік үгіт-насихатшыларға хаттар мен күнделіктерде сұлтандардың есімдерін пайдаланып, жалған шынайылық көріністерін жасауға кедергі бола алмады. «Янушкевичтің» атын жамылған насихатшылардың Бөкейхановтың баяндамаларын бұрмалауын зерттеу, сөзсіз, Янушкевичтің кітабын бұрмалаудың басты себептерінің бірі болып табылатын тақырыпқа жетелейді: ол тақырып – совет дәуірінің қазақтарына «Абай» деген есіммен белгілі ақын «Ибраһим Құнанбаев» тақырыбы.


Бөкейханов 1900 жылы Семей оязы бойынша жүргізілген санақ талдауының 10-томында жер дауына қатысты бірнеше оқиғаларды, соның ішінде «көршісі Ыбырай Құнанбаевтың кегінен қорқып» қыстауын тастап кетуге мәжбүр болған Шыңқожа ақсақалдың оқиғасын жазып алған еді. [70] Бұл оқиғаға назар аударуымыздың екі себебі бар. Бұл дерек Щербина тобының қазақ әулеттерінің арасындағы дау-дамай оқиғаларының белгілерін іздегенін көрсетеді. Бұдан да маңыздысы, бұл құжатта қазақ тарихындағы ең танымал тұлғалардың бірінің аты аталады: «Ыбырай Құнанбай».


Алайда, Бөкейханов бұл құжатта «Ыбырай Құнанбайды» «Абай» ақын деп таныстырмайды, бұл дерек Бөкейхановтың 5 жылдан кейінгі «Абайға» қазанамасындағы (некролог) Семей оязында тұратын «Ыбырай Құнанбай» шын мәнінде осы атақты ақын деген өз пікіріне күрт қайшы келеді. [71] Бөкейхановтың 1900 жылғы санақ материалдарында Ыбырай Құнанбайды ақын деп таныстырмауы «Абай жұмбағы» атты мақаламда жарияланған болжам/гипотезаның тағы бір дәлелі болып табылады: 1905 жылғы жазған қазанамасында Бөкейханов «Абай» тұлғасын осы санақ материалдарына сүйеніп сомдаған еді және бұл тұлғаны ол саяси және жеке әдеби-көркемдік мақсатта қолданды.


Бұған қоса, Бөкейхановтың 1900 жылғы санақ талдауы 1905 жылғы некрологта аталған әулеттің ойдан шығарылғанын да растайды. Мысалы, Бөкейхановтың некрологында «Абайдың» ұлдары ретінде көрсетілген үш ер адам 1900 жылғы халық санағы есебінде Ыбырай Құнанбайдың руынан өзге ру мен ауылға жататын ақсақалдар (ру басылары) ретінде көрсетілген. Ыбырай Құнанбай санақ есебінде №1 ауылдың ақсақалдарының бірі және Айдос руының өкілі ретінде көрсетілген. Керісінше, некролог бойынша «Абайдың» үлкен ұлы болып есептеліп келген Мағауия Ибрагим 1900 жылғы санақ есебінде №8 ауылдың ақсақалдарының бірі және Жуанталы әулетінің мүшесі ретінде көрсетілсе, некролог бойынша «Абайдың» кіші ұлдары Тұрауыл мен Ақылбай Ибрагим да №8 ауылдың ақсақалдарының қатарында, бірақ Құнанбай әулетінің мүшелері болып көрсетілген.


Басқаша айтқанда, 1900 жылғы халық санағы нақты мәліметтер мен деректерден тұратын ғылыми есеп болды деп есептесек, онда 1905 жылғы некрологта жалған деректер қолданылған деген қорытынды жасауға тура келеді. [72] Бұл өте маңызды: Бөкейхановтың 1905 жылғы некрологта ойлап тапқан әулетінің хикаясы кейінгі «Абай» туралы бүкіл советтік әфсананың негізін қалаған аңызға айналды. Осы күнге дейін қазақтар Мағауия, Тұрауыл, Ақылбай Ибрагимдер Ыбырай Құнанбайдың ұлдары болған деп сеніп келеді. Бөкейхановтың баяндамаларының плагиатын зерттеу жұмысы тағы бір маңызды мәселені көтереді: ол – Шәкәрім Құдайберді кім болған деген сұрақ. Семей оязына қатысты 1900 жылғы санақ есебінде Шәкәрім Құдайберді №2 ауылдың ақсақалдарының бірі – кәдімгі көшпенді қазақ ретінде тіркелген. [73] Алайда 1913 жылы Бөкейханов Шәкәрімді мүлде басқа қырынан, яғни, 3 облыстың шежіре мағлұматтарын жинап талдаған, өз бетінше орысша сөйлеуді үйреніп, орыс түркологы Николай Аристовтың екі күрделі мақаласын оқып, зерделеп, «Түрік, қырғыз және сұлтандар шежіресін» жазып, жарыққа шығарған оқымысты қазақ ретінде таныстырды.


Бөкейханов өзінің 1913 жылғы Шәкәрімнің шежіресіне арнаған мақаласында былай деп жазды: «Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шәкәрімнің бұл кітабы қазақ шежіресінің алғашқысы... Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі Шәкәрім кітабын әбден білмей қадам баспасын. Кітап жиған жері жоқ, көшпелі далда жүріп Шәкәрім шежіресіндей кітап жазбақ жазу оңай жұмыс емес». [74] Алайда, біз Щербинаның баяндамаларынан, оның ішінде 10-томынан қазақ руларының шежіресінің алғашқы да жалғыз авторы Бөкейхановтың өзі екенін анық білеміз. Бөкейханов неліктен өзі құрастырған шежіренің қазақ тіліндегі нұсқасын Шәкәрімның атынан бүркеншік атпен жариялауға мәжбүр болған? Оның себебін Бөкейхановтың өмірі мен шығармашылығы туралы терең ғылыми зерттеулер жүргізілмейінше анықтау мүмкін емес.


Алайда, Бөкейхановтың бұл әрекеті кері нәтиже бергені бізге белгілі. Одан кейінгі жылдары Бөкейханов қазақ зиялыларының мұсылман фракциясы тарапынан қазақ газеттерінің бетінде «алаяқ», «қара маймыл», «кірпі» атанып, біршама қуғынға ұшырады. [75] Оның үстіне, Бөкейханов өз еңбегін біреудің атынан жариялау арқылы кейінгілерге де теріс үлгі көрсетті: сансыз совет плагиаторлары Бөкейхановтың өзінің еңбектері мен идеяларын өз мақсаттары үшін емін-еркін пайдаланды, соның бірі – осы мақалада талданған «Янушкевичтің» хаттары мен күнделік жазбалары.


VIII. Қорытынды Адольф Янушкевичтің өмірбаяны туралы кітапты бұрмалап, жасанды дереккөз құрап тарату көп қаражат пен күш-жігер жұмсауды қажет етсе де, онымен шұғылданған насихатшылардың жіберген өрескел тарихи қателіктерінің кейбірін біз осы жерде әшкереледік. Мүмкін сол жіберілген қателіктерге байланысты әлде кітаптың ашықтан ашық идеологиялық риторикасына байланысты, көптеген кәсіби тарихшылар Янушкевичтің кітабына сенімді тарихи дереккөз ретінде атамайды. Ең сорақысы, осы күнге дейін бірде-бір қазақстандық немесе ресейлік тарихшы Янушкевичтің кітабы жасанды екенін ашып айтуға батпады және осының салдарынан қалың оқырман жұртшылық бұл мәселеден әлі де болса бейхабар. Дегенмен, бұл мақалада келтірілген айғақтар мен деректер бұл кітапытң 1966 және 2006 жылдардағы орыс тілді басылымдары еш сын көтермейтін сенімсіз құжат екендігіне шүбә келтірмейді деп үміттенеміз. Десе де, Янушкевичтің кітабы неге бұрын әшкереленбеді деге сұрақ туындайды. Бұл сұрақтың жауабы бірнеше факторларға тығыз байланысты екенін ескеруіміз керек. Аса маңызды факторлардың біріне – Қазақстан зиялыларының идеологиялық көзқарасының 1929 жылдан бері қатаң тәртіпке бағынғаны жатады. 1929-1953 жылдар аралығында Қазақстандағы барлық еркін ойлы тәуелсіз ғалымдар мен жазушылар түбімен жойылды. Бұл зұлматтың ауқымы және оның мыңдаған кінәсіз жандар мен олардың отбасына әкелген қайғы-қасіреті 1994 жылы жазушы Лариса Кудеринаның кітабынан көрініс тапты. [76] Сталин тұсындағы қазақ ғалымдары мен көзі ашық зиялыларын жаппай қыру мен өлтіру саясатының азабын тек қана қамалған немесе атылған адамдар мен олардың қудалауға ұшырап, қорлық көрген отбасы ғана тартқан жоқ, бұл зұлматтың одан басқа да ұзақ мерзімді жүйелі салдарлары көп. Біріншіден, әрқашан қыспақ, қуғын-сүргін көрген қоғамда паранойялық көңіл-күй – идеологиялық бас шұлғу мәдениетін қалыптастырып, ғалымдар, жазушылар және басқа да зиялылар (опасыздық жасағандар да) мемлекет мақұлдамаған дүниелерді жариялауға батылы жетпеді. Бұл үрдіс 1953 жылдан кейін де, тіпті 1991 жылдан кейін де өз жалғасын тауып отыр. Қазақстан тарихшыларының басым көпшілігі әлі де ұстанып жүрген ғылыми емес, идеологиялық тәсілдеме жүйесін өзгерту үшін тұтас тарихи парадигманы өзгерту қажет. Алайда, ғылымда парадигмалардың ауысуы оңай жүзеге асатын шару емес: олар тек аса бір қажеттіліктен (дағдарыс кезінде) немесе көреген де парасатты жетекшілік нәтижесінде ғана орын алады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан өкіметі өзінің асқақ стратегиялық жоспарын мәлімдеді: 2030 жылдары еліміз әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылуы тиіс деді. Бүгінгі таңда Қазақстанда жүргізіліп отырған ғылыми зерттеулердің сапа көрсеткіштері алдыңғы қатарлы отыз елден көрі, жаһандық медианаға жақынырақ десе де болады.[77] Әрине, зерттеу сапасы дегеніміз көптеген толып жатқан көрсеткіштердің бірі ғана, бірақ айта кетуіміз керек, барлық дамыған елдерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Дәл осы тарихи мезетте, Қазақстан ғалымдары мен зиялы қауымын анағұрлым ғылыми, дәлелді де деректі әдістемеге жетелейтін көшбасшылық қажет-ақ. Мойындауымыз керек, Совет дәуірінде бұрмаланған барлық жасандылық пен жалғандықтарды әшкерелеу мен сараптау жұмысы біз үшін өте жағымсыз әрі масқара ұят жағдайларға толы күрделі үрдіс болары анық. Ешкім де олардың туыстарының, тәлімгерлерінің немесе ізашарларының бұрмалаушылық немесе жасандылыққа қатысы бар-жоғын шұқшия тексеруге құмарлық танытып отырған жоқ. Десек те, басқа амалымыз бар ма? Қазақ тарихына қатысты советтік жасандылық пен жалғандық – бұл мәдениетіміздің денесіне жабысқан қатерлі ісік тәріздес қауіпті нәрсе: олар қазақтың өз-өзін, ата-бабасын, тілін, мәдениетін менсінбеуі мен кемсітуіне әкеліп соқтырды. Біз бұл қатерлі ісіктен жалғандық пен жасандылыққа тікелей ота жасау арқылы ғана құтыла аламыз.


Осы үрдісті бастауға кедергі жасап тұрған ең ірі бөгетке келсек, советтік Қазақстанның ең ірі идеологиялық құралы – «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» жобасы Совет Одағының қазақтарға таңған барлық жалғандығы мен жасандылығын кірпік қақпай күзетіп тұрған сфинкс екенін мойындау маңызды. «Абайдың» өмірбаянын жазушылардың соңғы өкілдерінің бірі Николай Анастасьевтің сөзімен айтсақ, «Абай мүсінінің алыптығы соншалық, оның «түп құпиясын ашу» ешкімнің ойына да келмейтін шаруа». Әлбетте, Анастасьевтің өзі де Абайдың бірде-бір құпиясын ашуға тырысып баққан жоқ, Абайдың шығармашылығы мен өмірі жайлы терең зерттелген «өмірбаян» емес, сырт жағынан пайымдаған әлсіз «сұлбасын» ғана ұсындым деп жауапкершіліктен сытылып шықты. [78]


Анастасьевтің 2008 жылы жарық көрген «өмірбаяны» өте маңызды. Оған ақынның мемлекет мақұлдаған өмірбаянын жазып шығу тапсырылғанымен, ол Абайдың жалпы өмірде болған адам екендігіне сенімі болмай, өмірбаянды басқа жазушылардың (совет насихатшылары Мұхтар Әуезов, Леонид Соболев және күтпеген жерден американдық жазушы Уильям Фолкнердің) көркем шығармаларынан алынған көлемді мазмұндамалармен толтыра салды. Бұл жайлы, әрине, қазақ баспаларында ләм-лим делінбейді.


Сфинкс мүсіні бүгіннің өзінде де 75 жыл бұрынғыдай мызғымас алып болып көрінуі мүмкін, бірақ оның өзегінің морттығы (өйткені жалғандықпен нығыздалған) сонша, ол бір күні сынып құлап түсуі әбден мүмкін. Оған соққы бола алатын бұлжымас айғақты табу қазақ және орыс тілдерін жақсы меңгерген, араб және кирилл жазуын оқи алатын кез келген зерттеушінің қолынан келеді. Ақынға телінген канонды «Абай (Ибраһим) Құнанбаев жазбаған» деген тұжырымға келу үшін Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы мен Әлихан Бөкейхановтың шығармаларын «Абай» канонындағы жазбалармен салыстырудың өзі де жеткілікті болар еді.


Абайтану саласында еңбек еткен жүздеген академиктердің Янушкевичтің кітабын табанды түрде насихаттап қолдап келуінің түпкі себебі міне осында жатыр. Өйткені, Янушкевичтің кітабы алып сфинкстің өмірде шынайы болғандығын дәлелдейтін жалғыз «түпнұсқалық» айғақ болып табылады. Жасанды туу туралы куәліктен басқа, Абайдың өміріне қатысты соңғы жылдары табылған басқа «дәлелдердің» де жалғандығын ХХІ ғасырда ДНК сараптамасының көмегімен-ақ дәлелдеуге болады . Нағыз кәсіби тарихшылардың Янушкевичтің кітабына сілтеме жасаудан қашқалақтау себептері – олардың осы мақалада талданған күдікті мәліметтерге деген сенімсіздігінен туындап отырғанына күмән жоқ. Сөйте тұра, абайтанушылар Янушкевичтің кітабын әлі күнге дейін насихаттап отыр және бұның бірден бір себебі – өздері зейнетке шыққанша шындықтың беті ашыла қоймас деген үмітке бой артып отырғанында.


Янушкевичтің кітабының жасанды, советтік жалған құжат екендігі қазақ қоғамында ашық түрде мойындала ма? Көп мәселе мемлекет есебінен қаржыландырылатын тарихи зерттеулердің қай бағытқа бет алатындығына байланысты болмақ: тарих ғылымы совет дәстүрімен мемлекеттік үгіт-насихат құралы қызметін атқара бере ме әлде дамыған елдердің тарихшылары қолданып жүрген жаңа әдістемелерге сүйеніп, ғылыми жолға түсе ме? Мүмкін, күндердің күнінде, қазақ тарихшылары бүгінде Еуразия даласын зерттеп жүрген археологтардың қазба жұмыстарының нәтижелерінен шабыт алар деп үміттенеміз. Ғылымның соңғы технологияларын пайдалана отырып, бұл археологтар Орталық Азиядағы ата-бабаларымыздың табиғи тарихын қалпына келтіруде. Қазақ тарихында Ақ патшаның отаршылдық саясатына дейін, ізін ала Совет өкіметінің көшпенділік өмір салтын біржолата құрту саясатына дейін, басқа да тарихи жағдайлар, басқа да нәубеттер орын алғанын ұмытпаған жөн. Және ол міндетті түрде көршілес тайпалар арасындағы әскери қақтығыстар емес (Совет насихатшыларының сүйікті тақырыбы), ол сондай-ақ, климаттың күтпеген тосын мінезінен туындайтын, көшпенділердің өздерінің шамасы жетпейтін құрғақшылық пен ашаршылық сияқты апаттар болатын. [79]

Біздің көшпелі бабаларымыз қазақтар «жұт» деп атайтын табиғи құбылыстың тарихымен жақсы таныс болған, әрине. Бөкейхановтың 1898-99 жылдары сұхбат алған Берікқара руының ақсақалы Итқара Мұхаметшенің мәліметтері бойынша, қазақтардың ұжымдық жадында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атауымен сақталған тарихи оқиға – кейін Совет өкіметі мәлімдегендей қазақ-жоңғар соғысымен емес, керісінше, мыңдаған көшпенділерді Сырдариядан Қарқаралы (әлде керісінше) өңіріне шұбыра көшуге мәжбүр еткен табиғи апат – ір жұт салдарынан болған мәжбүрлі жаппай көші-қон көрінеді. [80]

Әрине, Орталық Азияны мекендеген ата-бабаларымыздың жаңа, табиғи тарихы жазылатын күні әлі алда, бірақ бұр тарих – шындықтың өзі сияқты әсем де күрделі болатынына сенімім мол. Өткен ғасырлардағы тарихымызда есепсіз қасірет шеккен біздер, қазақтар, қазіргі жалған тарихтан құтылып, ақиқатты білуге лайықты халықпыз: Совет дәуіріне дейінгі ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін, қалай өркендегенін, тіршілікпен қалай күрескені туралы нақты ақпарат алу болашағымыз үшін аса маңызды шарт.


Ал қазіргі уақытта, біздің нағыз әдеби қайраткерлеріміздің есімдерінің кім екенін де қайталап атауға тиіспіз: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейханов, айрықша дарын иесі – Мағжан Жұмабаевты ұмытпауымыз керек. Бұл тұлғалар – ата-бабаларымыздың бойындағы ғасырлар бойы қалыптасқан баяндау, ырғақ, ұйқас, сазды әуенге деген табиғи бейімділігін жаңа өнерге айналдырған қазақ жазба мәдениетінің және әдебиетінің негізін салушы асыл жандар болып табылады.


Сондай-ақ, көшпелі ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинаған білімі мен тәжірибелік даналығын 20-21 ғғ. экологиялық-климаттық апаттарды тануға үлес қосатындай заманауи ғылымға айналдырмақ болған Жұмақан Күдерин сияқты ұмыт болған зиялыларымыздың еңбектерін де қайта қарастыруға тырысуымыз керек.


Көшпенді бабаларымыздың ғасырлар сынынан өткен бай тарихы келмеске кетіп, ұлттық жадымыздан қасақана өшіріліп тасталса да, осы тарихпен суарылған жазба әдебиет бүгін де уақыт пен кеңістік шегінен асып, көз алдымызда жаңғырып жатыр. Қазіргі мезетте, біздің қолымыздағы бар асыл қазына тек осы әдебиет қана: біз оны қастерлеуіміз керек. Қалған мұраның бәрі, өкінішке орай, советтік үгіт-насихат уымен уланған дүниелер: мұны да тарихи шындық деп қабылдауға тиіспіз.


[1] Вячеслав Огрызко. Чего мы не знаем об Абае и его великом певце: развенчивая мифы вокруг великой эпопеи Мухтара Ауэзова. Литературная Россия, Выпуск 27, 2018. [2] Абай Құнанбаев. Қара сөздер, 40, 41 және 42-қара сөз. [3] Абай Құнанбаев. Қара сөздер, 40-қара сөз. [4] Абай Құнанбаев. Қара сөздер, 41-қара сөз. [5] Варлам Шаламов. Несколько моих жизней. Стихотворения, 1988. [6]Казахская академия наук. Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках. Сборник документов и материалов. Алма-Ата, 1961. Казахская академия наук. Казахско-русские отношения в XVIII-XIX веках. Сборник документов и материалов. Алма-Ата, 1964. [7]В.И.Басин Казахстан в системе внешней политики России в первой половине XVIII века. Казахстан в XV-XVIII веках. Алма-Ата, 1969, стр. 50, 74 [8]Басин, стр. 74. [9] Виталий Губарев. Королевство кривых зеркал. Москва, 1951. [10] Ф.Стеклова. Адольф Янушкевич и его книга // Дневники и письма из путешествия по казахским степям. Алма-Ата, 1966, стр. 18-19. [11] Стеклова, стр. 21. [12] Адольф Янушкевич. Дневники и письма из путешествия по казахским степям. Алма-Ата, 1966, стр.60. [13] Стеклова, стр. 35. [14] Paul W. Blackstock. Agents of Deceit: Frauds, Forgeries and Political Intrigue among Nations. Chicago, 1966, pp. 171-175. [15] Blackstock, p. 172. [16] Янушкевич, стр.132. [17] Янушкевич, стр. 228. [18] Янушкевич, стр. 121. [19] Янушкевич, стр. 325. [20] Янушкевич Құнанбайды орыс шенділеріне руластарын сатып жіберіп, Кенесарының Құлжада қытайлардан қымбат сыйлықтар алғанын хабарлағаны үшін мақтайды. Қараңыз: Янушкевич, стр. 265. [21] Янушкевич, стр. 237. [22] Ж.Артықбаев. Примечания // Адольф Янушкевич. Дневники и письма из путешествия по казахским степям. Павлодар, 2006, стр. 367. Сол кездегі тарихи құжаттарда Барақ есімді тағы бір адамның аты аталады. Бірақ ол сұлтан емес, Кіші Жүздің Байбақты руынан шыққан би. [23] Шокан Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах: Том 5. Под редакцией казахской академии наук. Алма-Ата, 1972, с. 31. [24] Алихан Букейханов. Джатаки (Западно-Сибирский отдел). 31.III.1898. В: Алихан Букейханов: Сочинения. Том. 1. Астана, 2016. стр. 146-147. [25] Федор Щербина, Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Том 1, Акмолинская область, Кокчетавский уезд., 1898, с. 81. [26] Букейханов, стр.146-147 . [27] Букейханов, стр.146-147 . [28] А.Н. (Әлихан Бөкейханов). Ескіден қалған жақсы мұра. Дала Уалаятының газеті, 47 саны, 1889 жыл. [29] Артықбаев, 359-360 беттерді қараңыз. Одан арғы дәлелдемені ертеректегі дереккөз «Дала Уәлаяты газетінен» (Қазақтың тұңғыш газеті) оқуға болады, онда 1889 жылы Жүсіп Көпейұлы сияқты қазақ зиялылары орыс әкімшілерімен «жатақ» деп аталатын жаңа құбылыс туралы қызу пікірталастар жүргізе бастады. Қараңыз: Жүсіп Көпейұлы. Фельетон. Дала Уалаяты газеті. 1889 жылғы 45-46 сандар. [30] Янушкевич, стр. 82. [31] Артықбаев, стр. 359-360. [32] Янушкевич, стр. 318. [33] Янушкевич, стр. 110. [34] Янушкевич, стр. 112. [35] Янушкевич, стр. 108-112. [36] Янушкевич, стр. 173. [37] Янушкевич, стр. 331. [38] Николай Середа. Бунт киргизского Султана Кенесары Касымова (1838-1847). Вестник Европы, 1870, вып. 9, с. 86. [39] Середа, вып. 8, стр. 541-573. Середа, вып. 9, стр. 60-86. [40] Середа, вып. 8, стр. 558. [41] Середа, вып. 8, стр. 550. [42] Середа, вып. 8, стр. 550. [43] Янушкевич, стр.108. [44] Стеклова, стр. 340. [45] Середа, вып. 8, стр. 541-573. Середа, вып. 9, стр. 60-86. Артыкбаев, стр. 378-379. Радик Темиргалиев. Казахи и Россия. Москва, 2013. С. 251-252. [46] Темиргалиев, стр. 251-252. [47] Александр Затаевич. Примечания // 1000 песен киргизского народа. Оренбург, 1925, стр. 328, 336. Сонымен қатар, Әлихан Бөкейханұлының Степняк атынан жарияланған мына мақаласын қараңыз: Материалы по Истории Султана Кенесары Касымова. Ташкент, 1923 год. [48] Ермухан Бекмаханов. История Казахской ССР. Алма-Ата, 1943 год. Казахстан в 20-40-х годах 19 века. Москва, 1948 год. Бекмаханов өзінің докторлық дәрежесін «Қазақстанның Ресейге қосылуы» (1957) атты Кеңестік идеологияға сай кітап жазғаннан кейін ғана қорғай алды. [49] Янушкевич, стр. 163, 328, 252, 257, 205, 285. [50] Янушкевич, стр.252. [51] Янушкевич, стр.257. [52] Ernest Gellner. Алғы сөз. Мұнда: Анатолий М. Хазанов. Nomads and the Outside World. Cambridge, 1984, pp. ix-xxv. Сондай-ақ, Ernest Gellner, Soviet and Western anthropology. London, 1980 және Ernest Gellner, Nations and Nationalism. Ithaca, 1983. [53] Anatoli Khazanov. Nomads and the Outside World. Екінші басылым. Wisconsin, 1994, pp. 16, 127. [54] Серғали Толыбеков. Общественно-экономический строй казахов в XVII-XIX веках. Алма-Ата, 1959., стр. 426. Сондай-ақ: С.Е. Толыбеков. Кочевое общество казахов в XVII--начале XX века: политико-экономический анализ. Алма-Ата, 1971. [55] Milton J. Clark. How the Kazakhs Fled to Freedom. National Geographic журналы, қараша 1954, 621-644 беттер. [56] Marjorie Mandelstam Balzer (ed.). Amazons and Dianas? Female Burials in Perspective. Anthropology & Archeology of Eurasia, Volume 59, Issue 2, 2020. [57] Әлихан Бөкейханов. Қырғыздың «Қобланды» жырындағы әйелдер . «Туркестанские ведомости» 1899 жылғы 9 мамыр, 1899 жылғы 20 мамыр және 1899 жылғы 3 маусым. [58] Ж. Артыкбаев, стр. 378-379. [59] Янушкевич, стр.80. [60] Янушкевич, стр.74, 91, 87 [61] Янушкевич, стр.79. [62] Gregory J. Massell. The Surrogate Proletariat: Moslem Women and Revolutionary Strategies in Soviet Central Asia, 1919-1929. Princeton, 1974. Масселлдің пікірінше, совет өкіметінің Орталық Азия әйелдерін нысанаға алуының себебі, олар әйелдердің ерлерге қарағанда «революциялық шамасы» жоғарырақ деп есептеген. [63] Adrienne Mayor. The Amazons: Lives and Legends of Warrior Women across the Ancient World. Princeton, 2014, pp. 74-75. Сондай-ақ, қараңыз: Jeannine Davis-Kimball. Chieftain or Warrior Priestess? Archaeology, 1997, Issue 5, pp. 41-42. [64] Центральный исполнительный комитет СССР, Постановление от 30 января 1925 года об основах авторского права. [65] «Тихий Дон» Кто автор? Из архива исследователей. Под редакцией А.Г. Макарова. Москва, 2021, стр.268. [66] Ольга Лебедева. Московский институт востоковедения имени Н.Н. Нариманова. В: Memorial (https://topos.memo.ru/en/node/355). [67] Федор Щербина, Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедиции по исследованию степных областей. Том 1, Акмолинская область, Кокчетваский уезд. [без места издания], 1898, стр. i-iv. [68] Щербина, стр. 1-13. [69] Щербина, стр. 67-69. Янушкевич, стр. 205-285. [70] Федор Щербина. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Том 10, Семипалатинская область, Семипалатинский уезд. [без места издания], 1909, с. 86. [71] Алихан Букейханов. Абай (Ибрагим) Кунанбаев: Некролог // Семипалатинский листок, вып. 250, 1905. [72] Одан кейінгі жылдарда қазақ газеттерінің беттерінде қазақ зиялыларының мұсылмандар фракциясы Бөкейхановқа «өтірікші», «қара маймыл», «кірпі» деген ат қойып, айыптады. Қараңыз: Күзетші. Тағы алдады // «Үш жүз», 1918 жыл, 4 саны. [73] Әлихан Бөкейханов. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Том 10, Семипалатинская область, Семипалатинский уезд., 1909, с. 166. [74] Қыр Баласы. Түрік, қырғыз хәм хандар жүйесі (Шәкәрім Құдайбердіұлы). ішінде: Qazaq, 1913 ж., 12 саны. [75] Күзетші. Тағы алдады. ішінде: «Үш жүз», 1918 жыл, 4 саны. [76] Лариса Кудерина. Геноцид в Казахстане. Москва, 1994. Ольга Лебедева. Московский институт востоковедения имени Н.Н. Нариманова // Мемориал (https://topos.memo.ru/ru/node/355). [77] Нақты мәліметтерді Дүниежүзілік банктің инновациялық индексін және Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік индексін қараңыз. (https://tcdata360.worldbank.org/topics) [78] Николай Анастасьев. Абай: тяжесть полета. Москва, 2008. стр. 5-7. [79] Willem H. J. Toonen, Mark G. Macklin, Giles Dawkes, Julie A. Durcan, Max Leman, Yevgeniy Nikolayev, and Alexandr Yegorov. A Hydromorphic Reevaluation of the Forgotten River Civilizations of Central Asia. PNAS, 29 December 2020, pp. 32982-32988. [80] Алихан Букейханов. Заселение //Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованиям степных областей. Том 6, Семипалатинская область, Каркаралинский уезд, стр. 10, 51.


bottom of page