top of page
  • Вера Савельева

Идеология және Ғылым

Бұл сұхбатты алудағы мақсатым - Зәуре Батаеваның қорғаушысы болу емес (шындықты қорғаудың қажеті жоқ, ол өзін-өзі қорғайды), бұл сұхбатты осы тақырыпқа қызығушылық танытушы оқырман ретінде алып отырмын. Мәселені айқындай түсетін бірнеше сұрақтар қою арқылы, реті келсе, жөн-жосықсыз тіл тигізу қарқынын бәсеңдетсем деген де үмітім жоқ емес. Өйткені қазіргі заман тұрғысынан қарасақ (демократия, толеранттық дейміз), мұндай жағдайда диалог, пікірталас, қызу талқылау басталуы шарт еді, алайда баяғы жартас сол жартас - бәрі де бұрынғысынша қалып отыр!


Вера Савельева: «Абай жұмбағы: қазақтың белгісіз ұлы ақыны» деп аталатын мақалаңыз қазақ оқырманы үшін ғана емес, сондай-ақ, өзге тілді оқырмандардың да қызығушылығын оятып, маңызды болып отыр. Әлем әдебиетінің тарихы құпияландыру, бұрмалау оқиғалары және бүркеншік аттар мен гетеронимдерге қатысты зерттеулерге толы. «Абай» атынан жарияланған шығармалардың текстологиясына қатысты көтерілген сұрақтар күрделі, сондықтан даулы болса да, ХХІ ғасырдағы Абайтану саласы үшін тың және аса маңызды. Бұл әңгіме тек қана тіл тигізіп, айдар тағумен шектелгені дұрыс болмас еді.


Орыс тілінде «квасной патриотизм» деген түсінік бар. Қазақ мәдениетіне икемдеп айтсақ, «қымыз патриотизм» деуге болады. Қазақстанның гуманитарлық ғылымдар саласында осы құбылыс қаншалықты белең алуда? Фейсбук парақшаңызда жазғаныңыздай, неліктен «біраз таныстарыңыз сізбен қарым-қатынасын тоқтатты» деп ойлайсыз? Мүмкін, бітеу жараның бетін ашып, көпке ыңғайлы әфсана қалпын бұзған шығарсыз?


Зәуре Батаева: Жеке басыма жасалған шабуылдарға аса таң қалмадым. Оппоненттің жеке басына шабуыл жасау жалпы кеңес заманының үгіт-насихат машинасы қолданған белгілі әдіс және, өкінішке орай, кеңес заманында білім алған адамдардың көпшілігіне осы қадет сіңіп қалған. Бұл жерде «ақпаратты қорыту қиын болса, авторға шабуыл жаса» деген қағида жүреді. 2020 жылы өздерін «ғалым» немесе «зиялы» деп атайтын білімді адамдардың әлі күнге дейін кеңестік идеологияның бағзы тәсілдерінен арыла алмай жатқаны өкінішті жағдай.


Бірақ, жағымды жаңалықтар да бар. Мақалаға қатысты жас буын өкілдерінің басым көпшілігінің көзқарасы оң болды. «Абай» олар үшін тас мүсін емес, олар өз тарихы жайлы шындықты білгісі келеді. Жаңа буын өкілдерінің бағытынан Қазақстанның «бұрынғы кеңес республикаларының бірі» болып қала бермейтінін байқауға болады және бұл қуантарлық жайт.


Оған қоса, ғалымдардан да көптеген оң пікірлер алдым. Тек қана батыс және орыс ғалымдарынан емес, сонымен қатар қазақстандық ғалымдардың біразы жылы лебізін білдірді. Бірақ ашық емес: олар бұл тақырыпты ашық талқылауға аудитория әзір емес екенін жақсы біледі. Өзіңіз түсініп отырғандай, мен үшін ең маңыздысы, әрине, соңғы топтың пікірі болып табылады. Батыстың әлдебір астыртын қастандығына қатысы бар деп жала жапқандардың есіне сала кетейін: Қазақстаннан тыс «Абай» тақырыбы ешкімді де қызықтырмайды. Әрине, «Абайға» қызығушылық танытатын санаулы батыс ғалымдары мақалада көтеріліп отырған мәселелерге назар аударуы ықтимал. Бірақ Абайтану саласының шынайы болашағы қазақстандық тарихшылары мен филологтарының қолында екені сөзсіз. Абайтану саласы өз жолын кеңестік идеология қалап кеткен, яғни, қиял мен ақиқатты бұрмалауға негізделген тайғақ соқпағымен жалғастыра ма, әлде бағытын өзгертіп, ғылыми әдістерді кеңінен қолдануға бет бұра ма – бұл жағдайды осы жаңа буын ғалымдары шешеді.


Мақалада бірнеше рет баса айтылғандай, «Абайдың» өмірбаяны мен шығармашылығына арналған жаңа зерттеулер оның ақындық ұлылығын ешбір кемітпейді, керісінше, бұл зерттеулер – қазақ тарихы мен әдебиетінің біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі және әлдеқайда терең екенінің тікелей дәлелі болып табылады. Қазақ әдебитетінің тарихы 1933 жылдан басталмайды. «Абай» атынан өлең жазған автордың немесе авторлардың жеке басының кім болғанына қарамастан, бұл шығармалар мәңгілікке қазақ әдебиетінің ең ірі жетістіктерінің бірі болып қала береді.

Қазақ тілінде оқи алмайтындарға «Абай» өлеңдерінің ерекшеліктерін бағалау, әрине, өте қиын. Қазақ ақындық тілі тікелей аудармаға көнбейді, ал «Абай» өлеңдерінің аудармалары әрқашан да өте сапасыз болған еді. Әдейі жасалды деген болжамға да негіз бар... Кеңес өкіметі «Абайдың» прозасын жарнамалады, демек, оны орысшыл, қазаққа қарсы ойшыл ретінде ерекше атап көрсеткісі келді.


Вера Савельева: Өзекті сұрақ. «Абай» прозасын поэзиясынан бөлек қарастыру дұрыс па? Бір «Абайдан» екі «Абай» жасау қаншалықты тиімді? Әлде екі «Абай» арасындағы қайшылыққа тереңірек үңілетін уақыт келді ме? «Қара сөздердің» тілін қалай қабылдайсыз: өлеңдерді жазған адамның тілімен бірдей ме? «Қара сөздердің» ішінде өзіңізге ерекше қызықты немесе жан дүниеңізге жақын сөздер бар ма?


Зәуре Батаева: «Абай жұмбағы» мақаласында 45 сөз егжей-тегжейлі талқыланды. Осы сұхбаттың оқырмандарына 45 сөзді алдымен өз көзқарасы тұрғысынан оқып шығып, содан кейін ғана менің мақаламның 7-8 тарауларын оқып шығуға кеңес берер едім, аталған тарауларда бұл мәтіндердің тарихи астары мен олардың авторы кім болуы мүмкін деген мәселелер талқыланған.


45 сөз толығымен алғаш рет 1933 жылы жарияланып, оның 38-і жоқ жерден пайда болғанын ескерсек, бұл жаңа мәтіндердің қазаққа қарсы сарынының 1929 жылы басталған көшпенділерді күштеп ұжымдастыру науқанымен тұспа-тұс келуі жай кездейсоқтық деп қарау – аңғалдық немесе немқұрайдылық болар еді.


Кеңестік мұрағаттарға қолымыз жетпесе де, 45 қара сөздің 80% кеңес өкіметінің насихатшылары жазған немесе қандай да мәтіндер негізінде сомдалған деген болжам жасауға толық негіз бар. Мысал ретінде Әлихан Бөкейхановтың 1890 жылы Дала Уалаяты Газетінің үшінші санында С.М.Ч. деген лақап есіммен жарияланған хатына негізделген 3-ші сөзді келтіруге болады. Дала Уалаяты Газетінің көптеген басылымдары Интернеттен табылады. Сәтін салып, бұл газет екі тілде шығарылғандықтан, араб жазуымен жазылған қазақша түпнұсқасын оқи алмайтындар оқырмандарға кирилл қарпімен жазылған орыс тілді мәтінін оқуға болады.


«Абай» өлеңдерімен салыстырғанда, қара сөздерден әр түрлі авторлардың дауыстары әлдеқайда анық естіледі. 3-сөзді оқығаннан кейін 38-сөзге назар аударсаңыз, Бөкейханов емес, мүлде басқа адамның дауысы естіледі. 38-сөздегі дауыс байыпты да кешірімді, діни адамның сөз саптау мәнеріне ұқсайды. Бұл мәтін стилі жағынан Құранның немесе Румидің «Маснавиін» еске түсіреді.


45 прозалық мәтіннің жетеуі ертеректе, 1917-1918 жылдары «Абай сөзі» деген айдармен жарияланған еді. Бұл жерде баса назар аударатын нәрсе – ақынның көзі тірісінде емес, тек 1917-1918 жылдары жарық көргені. Егер мәтіндерді бір-бірімен және Жүсіпбек Аймауытовтың «Байлық, Кедейлік» мәтінімен («28-сөздің» прототипі) салыстырсақ, онда қазір «Абайдыкі» деп жүрген осы жеті мәтіннің нағыз авторы Аймауытов деген тұжырымға келу ғажап емес.


Ондаған жылдар бойы қара сөздер мектеп бағдарламасына енгізіліп, қазақ мәдениетіне қатысты белгілі бір көзқарасты қалыптастыру үшін қолданылып келді. Шынтуайтында, 45 сөз аса маңызды тарихи құжат болса да, күпті ойларға жетелейтін құжат. 1930 жылдары Кеңес өкіметі өзінің саяси идеяларын аудиториясына жеткізетін үгіт-насихат құралына мұқтаж болғандықтан, «Абайдың» өз қаламынан туындады-мыс прозалық мәтіндер топтамасы ойлап табылып, мәтіндердің шынайылығын арттыру мақсатында оларды тұтқындалған немесе сол кезде қазаға ұшыраған авторлардан тәркіленген қазақ тіліндегі мәтіндермен толықтырылғаны анық.


Жақында 1920-1930 жылдардағы кеңестік үгіт-насихат жұмыстарының тарихи контекстіне маңызды үлес қосатын жаңа бір тарихи дерекке тап болдым. 1925 жылы Кеңес өкіметі кез-келген адамға авторсыз туындыларды (мысалы, аласапыранда не азамат соғысында қайтыс болған авторлардың) плагиат деген айыптан қорықпай, өз атынан пайдалануға мүмкіндік беретін авторлық құқықтар туралы қаулы қабылдаған екен. Қаулының анықтамасының бұлыңғырлығы соншалық, бұл заң белгісіз автор туындыларын үгіт-насихат мақсатында емін-еркін пайдалануға тамаша жағдай жасаған.


Вера Савельева: Менің түсінуімше, бір кездегі Аполлон Григорьевтің «Пушкин – наше все» дегеніндей, қазіргі кезде «Абай» да қазақтар үшін «барымыз осы» болып отыр. Тарихтың әр кезеңінде Пушкин дайын мәзір сияқты қолданылып, оның шығармаларынан барлық жағдайларға сәйкес дәйексөздер табыла кетті: ол біресе революционер болып шықты (послание «В Сибирь»), біресе монархист болды («Нет, я не льстец, когда царю...»), қажет болғанда космополит («Когда народы, распри позабыв, в великую семью соединятся…»), тіпті ұлтшыл-патриот («Клеветникам России») болып шыға келеді.


Сіздің тұжырымдамаңызға сәйкес, қазақтар үшін «барымыз осы» мүлдем басқаша жолмен жасалғанға ұқсайды: әртүрлі мәтіндерден құрап, қажет болса өңдеп, үстіне қосып, барлық уақытта және барлық жағдайда қолдана беруге ыңғайлы «Абай» корпусы сомдалған екен. Яғни, 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында, менің ойымша, генетикалық және органикалық жағынан қарағанда теңдесі жоқ деп атауға болатын бір ғажайып ұжымдық шығармашылық үрдіс орын алғанға ұқсайды. Меніңше, бұған тек саясат қана емес, сондай-ақ, әдебиет саласында орын алған ерекше жағдай, яғни, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті белсенділігінің қатар келіп, ал авторлық құқық мәселесі әлі заңды мәртебеге ие болмауы да үлкен ықпал еткені байқалады.


Мақаланың кіріспесінде «Абайдың» ақындық шығармашылығына өте жоғары баға бердіңіз, оны бәрі де құптайды, бірақ одан кейін оларды жариялау барысында ақындық мәтіндердің бұрмалануын, рұқсатсыз өңдеуге ұшырағанын атап көрсеттіңіз. Бұл – мәтіндердің бір бөлігі қағаз бетіне түскенге дейін, олардың ауызша нұсқасы болған дегенді білдіре ме? Кейінірек ол мәтіндер бір алфавиттен екінші алфавитке қайта жазылған кезде бір өзгерістерге ұшырауы мүмкін бе?


Мен дұрыс түсініп отырмын ба? Сіздің ойыңызша, авторлық мәтіннің түпнұсқасын қалпына келтіруге бола ма? Ол жалпы кімге тиесілі? Мүмкін болмаған жағдайда, «Абай» корпусының сол қалпында канонизацияланып кеткенін ескерсек, жабулы қазан жабулы күйінде қалғаны дұрыс па?


Зәуре Батаева: Өзіңіз айтып отырғандай, «Абай» атты ойшыл ақынның генезисін зерттеу үшін мәселені жан-жақты, әр қырынан қарастырған жөн. «Абай» тақырыбына ғылыми тұрғыдан қарау – тарихи оқиғалардың қаншалықты күрделі болатындығының тағы бір мысалы болып табылады. Осы түйткілдердің кейбірін ғана түсіндіруге арналған мақаламның көлемі 30, 000 сөзден асып түсті. «Абайдың» шығу тарихын терең және егжей-тегжейлі түсіндіру үшін бірнеше том кітап жазу керек болар деп ойлаймын. Егер біреу қызығушылық танытып жатса, менің бұл тақырыпқа кітап жазу жоспарым жоқ.


Тарихи деректерді ғана зерттеуге біраз уақыт кеткендіктен, мәселені көпшіліккке түсінікті етіп жеткізсек, біз қазір «Абай» деп атап жүрген ойшыл ақынның шығармашылық генезисі маңызды үш кезеңнен тұрады.


Бірінші кезең ғасырлар тоғысында орын алды (19-шы ғасыр мен 20-шы ғасыр). Бұл кезеңде «Абай» белгісіз болатын, ол туралы қазақ оқырмандары да, орыстілді оқырмандар да хабарсыз болды. Нақтырақ айтсақ, 19-шы ғасыр оқырмандары үшін «Абай» деген ақын болған емес. Соған қарамастан, қазір «Абайдыкі» деп жүрген туындылар осы кезеңде жазылды. Бұған дәлел болатын тарихи жазбалар көп. Ең маңызды тарихи құжат – «Дала Уалаятының Газеті» және онда Әлихан Бөкейханов (әр түрлі лақап аттармен жазған) және Жүсіп Көпей-ұлы (өз атынан жазған) қазіргі кезде біз «Абайға» теліп жүрген бірнеше өлеңдерін, аудармаларын және прозалық мәтіндерін жариялап шығарған.


Екінші кезең 20 ғасырдың басында «Абай» авторға айналып, Әлихан Бөкейханов Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатовпен шығармашылық бірлестік құрған сәттен басталады. Олар «Абайды» ат төбеліндей қазақ зиялыларына ақын және ойшыл тұлға ретінде таныстыра бастады, мақалаларында «Абайдан» үзінді келтіріп, оның өлеңдер жинағын (самиздат?) басып шығарды. Дәл осы кезеңде «Абай» өзінің өмірбаяндық жеке тарихы бар және жарияланған шығармалар жинағы бар ақын тұлғаға айналды.


Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың және Дулатовтың осы өлеңдерді жазуға да, өңдеуге де ат салысқанын дәлеледейтін стильдік ерекшеліктер бар. Әлбетте, олардың белгілі бір өлеңнің авторы екендігін растайтын жазбаша дәлелдер табу өте қиынға түседі. Өздеріңізге белгілі, 20-шы жылдардың аяғында үшеуіне де «халық және мемлекет жауы» деген жала жабылып, олардың жеке құжаттары мен қағаздары тәркіленіп, жойылып кетті.


Үшінші және соңғы кезең 1920-шы жылдардың аяғы мен 1930-шы жылдардың басында кеңес өкіметі «Абайдан» қазақтың ұлттық ақынын сомдап шығаруға кіріскен кезден басталады. «Абайдың» өмірбаяндық жеке тарихы егжей-тегжейлі сараланып, жаңа мәліметтермен толықтырылды. Бірнеше жаңа өлең «жарық көрді». Ақын тұлғасы дараланып, 19-шы ғасырдағы қазақ көшпендісіне тән бет-әлпетке ие болды. Бірақ бұл шығармашылықтың ең басты жетістігі – ақын енді прозаик және данышпан ұстаз мәртебесіне ие болды. «Жаңа табылған» мәліметтер мен «жаңа мәтіндердің» барлығы «Абайдың» лирикалық өлеңдерімен бірге мемлекеттік маңызы бар жинаққа еніп, 1933 жылы, яғни, қазақ Ашаршылығы шегіне жетіп, Қызыл Террор бүкіл ҚСРО-ның құтын қашырған уақытта қымбат фолиант түрінде басылып шықты. Бәрімізге бала кезден таныс «Абай» каноны дәл осы кезеңде дүниеге келді.


Дегенмен де, текстология ғылымында мәтіннің ішкі дәлелі деген заңдылық бар: өлеңдердің тақырыптық я стилистикалық ерекшеліктері авторды анықтауда бұлтартпас дәлел болуы мүмкін. Кеңес заманындағы Абайтану саласының аса беделді зерттеушілерінің бірі Зәки Ахметов Абай өлеңдерін зерттей бастағанда, олардың отыздан астамы (одан да көп болуы мүмкін деген еді) Михаил Лермонтов өлеңдерін негізге ала отырып жазылған еркін аударма немесе шығармашылық тәржіме екенін анықтаған еді. Лермонтов шығармаларындағы терең идеялардан шабыт алып, қазақ тілінде осындай нақышты өлең жолдарын жазуға кім қабілетті болуы мүмкін деп ойлайсыз? Меніңше, 19-20 ғасырдың басындағы Степной крайда осындай өлеңдер жазуға қабілетті, тиісті жоғары білімі мен әдеби құштарлығы сай келетін бір-ақ адам болды: ол – Әлихан Бөкейханов болатын.


Сонымен, жоғарыда аталған үш кезеңге ұзақ тоқталмай-ақ, жалпы, осы зерттеулер негізінде жасалған тұжырым мынаған саяды: «Абай» бірнеше автордың қолымен құрылған әдеби конструкт болып табылады, сонымен қатар, нақтырақ айтсақ, «Абайға» телініп жүрген көптеген өлеңдер мен аудармалардың авторы Әлихан Бөкейханов деген гипотезаға негіз болатын деректер көп.


Ал оның прозалық шығармаларына келетін болсақ, жоғарыда аталғандай, ол мүлдем басқа әңгіме, бірақ бұл мәселеде де Бөкейханов, Көпей-ұлы және Аймауытовтардың қолтаңбасы анық көрінеді.


Негізінде, «Абайдың» шығармалар жинағының нағыз ғылыми басылымына канондағы өлеңдер мен прозалық шығармаларының барлық нұсқалары енуі тиіс және әр нұсқасы өзінің түпнұсқа тілінде (қазақ немесе орыс) және түпнұсқадағы қаріппен (араб, латын немесе кириллица) ұсынылуы қажет деп санаймын. Әр шығарманың белгілі бір нұсқасы үшін бір немесе бірнеше адамның авторлығы анықталуы керек, бірақ бұл тек нақты дәлелдер келтіру мүмкін болған жағдайда ғана жүзеге асады. Егер нақты дәлел болмаса, авторы белгісіз деп қалдырған дұрыс. Міне, «Абайдың» шығармалар жинағының Ғылыми басылымы осылай жасалуы тиіс. Әрине, бұл «Абай» шығармаларының бүгінгі қолданылып жүрген басылымдардан мүлдем өзгеше кітап болмақ (дегенмен, 2005 жылғы 2 томдық басылымның ескертпелерін оқысаңыз, осы басылымды әзірлеген ғалымдардың осы бағытты ұстанбақ болған ниетін байқайсыз).


Ондаған жылдар бойы басылымдардың қанша өзгеріске ұшырағанын ескерсек, бір кездері Абайдың өлеңдері мен прозалық мәтіндерінің соңғы нұсқалары жазылған түпнұсқалық қолжазба болды деп айту мүмкін емес шығар. Ондай қолжазба ешқашан болған емес.


Түпнұсқа корпусты еске түсіретін қандай да бір құжат болды деп есептеген жағдайдың өзінде, бұл тек 1902-1906 жылдар аралығында Әлихан Бөкейхановтың қолында жүрген өлеңдер жинағының қолжазба нұсқасы болуы мүмкін. Байтұрсынов та, Дулатов та өз мақаласында бұл қолжазбаның болғандығын растады. Осы ғасырдың басында мұрағаттардан 1906 жылы орыстың құпия полициясы Бөкейхановты қамауға алғанда, оның сөмкесінде «Абай» өлеңдерінің қолжазбасы болған деген жаңа дерек табылды. Ол қолжазбаға не болды? Оны біле қоюымыз екіталай.


Вера Савельева: Жуырда мен бір танысымның: «Бар кінәны Сталинге жабу – бәріне қазіргі Ресейді кінәлаумен бірдей» деген пікіріне назаландым. Біртұтас канонға айналған «Абайтану» саласын әшкерелеуге қатысты жағдай Ресеймен қатынасыңызды ушықтырмай ма, өйткені ондай жағдайда Ресейдің рөлі де ашылуы керек қой. Бүгінгі күні «Абай» мирасын мығымдай түсу үрдісінде Ресейдің рөлі қандай? Ал Еуропа ғалымдары зерттеулеріңізге қызығушылық танытты ма?


Зәуре Батаева: Сталин мен бүгінгі Ресейді теңестірудің жөні жоқ. Сталиннің қылмыстары жауыздығы жағынан еш ақылға симайды. Кеңес Одағын аңсаушылар Сталиннің жантүршігерлік қылмыстарын ақтап аламыз деп қателеспеуі керек. Сталин миллиондаған жазықсыз адамдардың қазасына бір өзі кінәлі. Бұны растайтын бұлтартпайтын тарихи деректер бар.


«Абайдың» шығармашылығы мен өмірбаянына қатысты қазіргі заманғы тарихи зерттеулерді жүргізуде Ресейдің рөлі біржақты емес. Бір жағынан, Ресейде тиісті мұрағаттармен жабдықталған ғылыми-зерттеу институттары бар, ондағы деректер «Абай» және оның шығармалары жайлы түсінігімізді едәуір арттырушы еді, алайда, бұл мұрағаттар жабық күйінде қалып отыр. Ресей билігі өздерінің кеңестік әріптестерінің жалған үгіт-насихат жұмыстарын әшкерелегісі келмейді. Олар ақиқатты бізден жасырып қалғысы келеді.


Ал екінші жағынан, қазіргі кезде 1930 жылдары кеңес насихатшыларының халық әдебиетін бұрмалаған ауқымды жобаларын зерттеумен айналысатын біраз орыс ғалымдары бар. Бұл бұрмалаулар ойшыл ақын «Абай» генезисін зерттеу барысында өте маңызды тарихи контекст болып табылады, өйткені «Абай» мәтіндерінің кеңес өкіметінің құптауын алған нұсқасы дәл сол кезеңде дәл сол адамдардың қатысуымен жүзеге асырылған еді.


Мысалы, жекелеген орыс ғалымдарының еңбектері болмаса, Жамбыл Жабаев өлеңдерінің бұрмалану ауқымын әлі де тиісті деңгейде түсінбес едік. Атышулы еңбек жарық көргенде, Қазақстанның әлеуметтік желілілерінде бұл ғалымдарды жаппай кінәлап, тіл тигізу орын алды. Керісінше, қазақтар оларға шындықтың бетін ашқандары үшін ризашылықтарын білдірулері керек еді. Бұл шындық Жамбылдың тума дарынын еш төмендетпейді: Жамбылдың халық ауыз әдебиетінің талантты өкілі болғанына еш күмән жоқ, бірақ ол сол кездегі көп ақынның бірі еді, ал оны ұлттық ақын деңгейіне көтерген – кеңес идеологиясының үгіт-насихат машинасы екеніне кімнің дауы бар? Көтеріп қана қойған жоқ, ҚСРО үгін-насихат машинасы ақынның бірегей талантын оның халқын қырып отырған Сталин мен Ежовты мақтауға қолданды. Ақиқат, шын мәнісінде, біздің миымызға құйып тастаған кеңестік жалғаннан әлдеқайда күрделі.


Вера Савельева: «Зәуре Батаеваның Герострат даңқы» мақаласының авторы кеңес дәстүрімен ат қойып, айдар тағу әдісін қолданса да, Бөкейхановтың бүркеншік есімдеріне көп мән берген екен. Бәлкім, сіздің өзекті де уақытылы жазылған мақалаңыз Бөкейхановтың өмір тарихындағы назардан тыс қалған ақ және қара дақтарға да көңіл аудартар? Шынында да, белгілі бір тұлғаның өмірбаянын зерттеу кезінде оны уақытша стандартқа сай түзету немесе кесіп-пішу тәсілдеріне кедергі келтіретін сәйкессіздіктерді ескермеу, деректерге немкетті қарау өте ыңғайлы.


Зәуре Батаева: Қандай да ғылыми әдіс әр зерттеушіден өз көзқарасын растауға ғана ұмтылатын біржақтылықтан (confirmation bias) бас тартуды талап етеді. Егер ғалым үнемі тек өзінің бастапқы көзқарасын ғана растайтын белгілер мен дәлелдер іздесе, онда ол ешқашан ақиқатқа жете алмайды. Қазіргі заман ғалымдары мәліметтерді сараптау үшін арнайы компьютерлік бағдарлама қолданып, өздерінің біржақтылығына мүмкіндігінше жол бермеуге тырысады.


Ал зерттеушілердің компьютерлік бағдарламаны қолдануға жағдайы болмаса, онда біржақты көзқарасты бейтараптандырудың жалғыз әдісі – дәлелдерге құрметпен қарау, деректерді бұрмаламай, деректер арасындағы сәйкессіздіктерді жасырып қалудан аулақ болу. Міне, сондықтан да оқырман үшін тігісін жатқыза жатық әңгімелеген тарихи еңбектен гөрі дәлелдердің олқылықтарын ашық талқылайтын тарихи зерттеу жұмысы әлдеқайда сенімді болады.


Мұхтар Әуезовтің «Абайдың» кеңестік нұсқасын қалыптастырудағы рөлі қандай болса да, біз оған «Абайдың» өмірбаянының «деректі» нұсқасын емес, көркем шығармалық нұсқасын сомдағаны үшін риза болуымыз қажет. Оның хикаясы жатық оқиғаларымен, үлгілі кейіпкерлерімен социалистік реализм талаптарына сай оқылады және Әуезовтің өзі де туындысының дәл осылай қабылданғанын қалағанын ескеру керек.


Алайда, роман басылып шыққаннан кейінгі уақытта абайтанушылар Әуезовтің қиялынан туған оқиғалар мен кейіпкерлерді тым еркін пайдаланып, оларды көркем шығарманың ойдан шығарылған бейнелері емес, шынайы деректер ретінде ұсына бастады. Болашақта, мысалы, Әлихан Бөкейхановтың өмірбаяны жайлы кітаптар жазылса, оларға да көркем қиялды дерек орнына ұсынып, сол қателікке қайта бой алдыру қаупі төніп тұр.


Адам баласы болғандықтан, Бөкейханов тұлғасы – социалистік реализм романының кейіпкерінен анағұрлым күрделі. Шын мәнінде, Бөкейханов – өмірі құпиялар мен қайшылықтарға толы аса күрделі тұлға. Оның шынайы тегі Бөкейханов па, әлде Нұрмұханбетов па? Руы Төре ме әлде Тобықты ма? Орыс тілін ерте оқуына не себеп болды? Оның бойындағы әдебиетке, өнерге деген ерекше құштарлықты кім оятты? Оған неліктен славян әйелдері ғана ұнады? Өз шығармаларын жариялау үшін ол неліктен бүркеншік аттар мен гетеронимдер қолданды? Осы жұмбақтар мен қайшылықтарды жасырып қалуға тырысатын өмірбаян оқырманның жүрегіне сенім ұялатпайды.


Вера Савельева: Соңғы сұрақ. Оған жауап бермеймін десеңіз өз еркіңіз. Өз ойларыңызды ашық айтамын деп, Отаныңызға келу енді сіз үшін қауіпті болып отырған жоқ па? Алайда, Борат фильмдері туралы терең де уақытылы мақалаңыз («Почему последняя пародия Саши Барона Коэна не будет названа «Блэкфейс Шоу»?» EC, 25.11.2020) ашулы қазақтардың сізге деген көзқарасын өзгертуі тиіс сияқты.


Зәуре Батаева: Біріншіден, маған жанашырлық танытқаныңыз үшін көп рахмет. Мен жалпы тәуелсіз жазушымын, бұл үшін маған ешкім жалақы төлемейді. Мен тек өзімнің оқығаным мен көргендерім туралы жазамын және тек қана шындықты жазуға тырысамын. Оған қоса, мен – қазақпын. Әкеміз бала кезімізден өз тегімізден ешқашан ұялмауға, ал өз мәдениетімізді биік қойып құрметтеуге үйретті. Саша Барон Коэннің қазақтарды обалсыз мазақ еткен фильмін көргенде, мен оны жеке басымды қорлау ретінде қабылдадым және оған жауап жазуды жөн көрдім.


Яғни, мен бұл мақаланы маған ашуланған қазақтардың алдында өзімді ақтап алу үшін жазған жоқпын. Мен бұл мақаланы да «Абай жұмбағы» сияқты, өзімнің ішкі мотивацияма сүйеніп жаздым: бір жағынан, талан-таражға түсіп, жойылып кету шегіне жетіп тұрған төл мәдениетіме деген шынайы құрметім түрткі болса, екінші жағынан, өз пайдасы үшін шындықты бұрмалап, халықты алдап соғып, мазақ еткісі келетіндерге қарсылық білдіру үшін жаздым.


Дегенмен, менің жазған мақалаларым елдегі жағдайға қатты әсер етіп, бір нәрсені өзгерте қояды деген жалған үмітім жоқ. Менің алға қойып отырған жанама мақсаттарымның бірі – қазақтардың өз мәдени мұралары мен құндылықтарына деген оң көзқарастарын ояту болатын. Кейбір мәселелерде мен өз мақсаттарыма жеткен де сияқтымын. Біраз оқырмандар маған қазақтар туралы жазған мақалаларымда менің туған еліме деген адалдығым мен құрметімнің үнемі сезіліп тұратынын айтып хат жазып, өз ризашылықтарын білдіріп жатады. Мен үшін осы хаттар – ең жоғарғы марапат. Оқырмандардың жазғаныма назар аударып, пікіріммен санасып отырғанын білудің өзі бір ерекше сезім.


Отаныма келу қауіпті ме деп сұрапсыз. Уақыт көрсете жатар. Күндердің күнінде Қазақстан либералды демократияға бет бұрып, адамдар бір-біріне жөн-жосықсыз ашулануын азайтып, адамдар арасында өзара сыйластық орнайтын күндер де туар деп үміттенемін. Мүмкін сол кезде, адамдар менің ниетімнің таза болғанын түсінетін шығар.




bottom of page