top of page
  • Айгүл Кемелбаева

«Антрополог» жайлы

Зәуре Батаеваның «Антрополог» атты әңгімесін бір демде оқып шықтым. Оқиғалары жасанды болмауы ерекше көңілімнен шықты. Прототиптері бірден көрініс береді. Саусақтан сорып жазылмаған, тұтас бір дәуірді айқын таңбалайтыны ерекше ұнады.


Ащы айтса да, күлдіріп айтса да Зәуренің шындықты қаз-қалпында, бояуын қалыңдатпай-ақ жазатын өзіне тән стилі Хемингуэйден бергі прозада бағалы қолтаңба деп танимын. Бір қарағанда қарапайым ғана оқиғалар тізбегі болғанымен айқын типаждар тұр, реализм тұнып тұр. Алғаш тәуелсіздік алған сәтте жас мемлекет қайраңда тұрған, ел қиыншылықтан көз ашпаған екіталай мезеттің аудармамен күн көріп жүрген Шынардың басынан кешкендері арқылы берілген көркем шындығы мені тәнті етті.


Ел-жұрттың психологиясы мен жастардың жаңаша өмір сүруге дағдылануға көшкені, жаһандану үстемдігінің күшейгені, басқа да типтік дүниелер анық берілген. Біртекті қоғамда шырмалған қазақтардың типажы, бірінің аузына бірі түкіргендей жаттанды пікірлері жұмсақ, бірақ гротескілі юмормен дәл беріліпті. Қазақтың рухын төмендетіп тұратын әлеуметтік тетіктер де, шетелдіктер бұл елге келіп, өз діндерін тықпалап, өз тәжірибесін жүргізуге көшкені де тегіс тұр. Өз ұлтының келешегі үшін алаңдайтын биік сана бұл әңгіменің лейтмотиві болып табылады. Оны автор псевдо-ура-патриотизммен бермегені керемет!


Ол астыртын ағыстар сияқты, айсберг сияқты көрінбей жасырын подтекстпен тұр. Бұл автордың әңгімені жазудағы басты мұратына жеткені деп қабылдадым. Кей тұста диалог басы артық, сылып тастаса одан текст ұтылмас еді. Дегенмен, тірі адамдарды сол күйінде беруде шеберлік бар. Шынардың образы өте қанық шыққан. Бірер штрихпен берілсе де елімізде жүрген біраз халықтың ұлттық мінезі тұр.


Корей баласы қалай ойлайды, шетелдіктер дүниеге қалай қарайды, бәрі де тек оқиға үстінде ашылады. Психологиялық тап басулар мен аңдампаздық анық. Шынардың шетелдіктердің арасында отырып, қазақ халқы үндістер құсамас па екен деп қарадай шошынуы, сол тұсқа акцент салмаса да жүрекке қатты батады. Ол біздің жүрегіміздегі жасырын уайым. Ал Алматыдағы жалдамалы пәтерде сыра ішіп жатқан шетелдіктер тым бейқам көрінеді. Олардың таңдауы баяғыдан өзгеше, олардың қоғамы басқа құндылықтарды икемдеп алған. Сондықтан олардың көңілі тоқ сияқты.


Зәуренің стилі қазіргі проза жазып жүргендерден ешкімге ұқсамайды. Оның оптимизмі мен пессимизмі бұл әңгімеде итжығыс түсіп тұрғандай көрінді. Өйткені ол суреттеп отырған уақыт ширек ғасыр бұрынғы уайым мен күдік итжығыс түскен кезең болатын. Юморы күштілігінен оң пайым түзуге әбден болады. Ол тіршілікке оң көзбен, өмірсүйгіштікпен қарайтыны ұнады. Ұлттық рухы күшті. Қазіргі қазақ үшін бұл өте маңызды қасиет.




bottom of page