I
«Just read the text!» Дауысым қатты шығып кетті. Қарсы отырған сегіз жасар Хи Сон әлжуаз қолдарын айқастырып, менің отырысымды айнытпай қайталады да, кішкентай көздерін одан бетер сығырайтып: «Вы только что потеряли клиента!», - деп мәлімдеді. Күлкі қысып барады. Бала елірмесін деп, қабағымды түйіп алдым. Бұл жолы Хи Сон бет әлпетімді айнытпай келтірді. Әсер етпеген соң, шабуылын жалғастырды: «Пастор хотел, чтобы его дети учились у вас, теперь я скажу, что вы на меня кричите!»
Есікке қарай тұра жүгірдім: «Ле-на-а-а!» Қожайынның әйелі жүгіріп келді. «Ле-на зде-е-сь?» дедім, ежіктей сөйлеп. Ол басын изей жөнелді: «Лена? Ие, ие, ие!» Аудармашы қолында бір кесе шәйі бар, ас үйден шықты: «Здесь я, здесь! Что случилось?» «Хи Сон оқудан әбден жалығып кетті. Осы айда уақыттың көбі тәртіпке шақырумен кетті. Жазда демалып алсын». Лена тілегімді Хи Сонның мамасына жеткізгенде, ол маған аңырая қарады да, өз тілінде ұзақ сөйледі. «Шаршаған жоқ. Жалғастыра беріңіз!» Лена жартысын ғана аударды. «Құрып қалсыншы бәрі, мен шаршап кеттім! Аудармай-ақ қой! Жай әншейін айтқаным ғой. Ертең нешеде келейін?» - дедім, жуып-шайып.
Жексенбі күні таңертең онға таяу келдім. Қызметші қыз Хи Сонның бөлмесін жинап жатыр екен. Бала сол сәтті пайдаланып, төсегінің үстінде ойыншық ойнап отыр. Оғаш көрінді. Бір жылдан аса уақыт ішінде, бұл баланың ойыншық ойнап не теледидар көріп отырғанын көрген емеспін. Бала маған қиғаш көздерінің қырымен жақтырмай қарады. Байқұс балаға әбден жеккөрінішті болдым-ау! Қонақ бөлмеге өтіп, диванда отырған әжейге алдымен басымды иіп, артынша қазақша амандасып, жанына барып отырдым. Әжей жымиды. Ас үйден кірген Хи Сонның мамасы қолындағы табағын бөлменің ортасында тұрған аласа үстелге қойып, ымдап дастарханға шақырды. Бір кесе көк шәй, үлкен әдемі тәрелкеге жұмыртқа мен сүтке малып, сары майға баптап қуырылған бір жапырақ нан салыпты. Корейлер асты жерге отырып ішетіні біз сияқты деп ойладым. Таңертеңгі асты ішпей шығып едім, ып-ыстық шәй мен жұмыртқасы қызарта қуырылған жұмсақ нан жаныма майдай жақты. Үн-түнсіз соғып алдым. Хи Сонның мамасы жұмысқа кетіп бара жатқанын ымдап білдірді де, шығып кетті.
Хи Сон өз бөлмесінен айқай салды: «Все! Заходите!» Сөмкесін еденге сүйретіп, үстеліне қарай ықылассыз бет алған ақсары бала күлкілі акцентімен мамасының тапсырмасын жеткізді: «Папа и мама пригласили вас на обед в наш ресторан. Хотите попробовать нашу еду?» Мен қатқылдау дауыспен: «Speak English!» - дедім. «Не хочу! После урока с Хе Рен, не уходите. Пойдем в наш ресторан».
Тура сағат он бір жарымда музыка мұғалімі Ольга екеуіміз қарама қарсы екі пәтердегі оқушыларымызды ауыстырдық. Екі пәтердің арасындағы дәлізде асығыс сәлемдесіп, екеуіміз ашық тұрған екі есікке жүгірдік. Мен пәтерге кіргенде, он екі жасар Хе Рен бұртиып ас үйден шықты. Ар жағынан мамасының дауысын көтермесе де, бір нәрсеге ренжіген дауысы естіліп жатыр. Хе Рен маған басын иіп, «Здрасте!» деп амандасты да, бөлмесіне томпаңдай жөнелді. Есік жабыла сала, ол: «Қарным ашты. Мамам тамақты көп ішесің деп ұрсады» - деп шағымданды. Пианинодан шаршаған саусақтарын айқастырып, жаттығу жасап отырған күйі жыларман дауысын күштеп күлкіге айналдырды: «Мен ашқарақпын. Тамақ ішкенді сондай жақсы көремін». Не дерімді білмей, «Тырнағыңа не жағып алғансың?» - деп сұрадым. Қыз екі қолын алдына жайып, томпиған саусақтарына қарады да, жадырап сала берді. «Иод. Мамам жағып қойды. Кореяда қыздардың бәрі бетін, сосын тырнағын күтеді. Сол үшін мамам менің диетамды қатаң қадағалайды. Маған әрқашан С витамині көп ас береді. Кептірген балдырды сондай жақсы көремін!», - деді бала тамсанып. «Көп қыздар көздеріне операция жасайды, бірақ мен жасамаймын. Мамам жасама деді. Маманы тыңдау керек. Ол менің болашағым үшін айтады. Семіріп кетесің дейді. Білесіз бе, мен Сеулде тұрғанда балетке барғанмын. Орыс мұғалім бір жылдан кейін қол-аяғың қысқа деп алмай қойды. Ал мамам жас кезінде сондай сұлу болған. Папам екеуі қалай кездескенін білесіз бе? Мама на дискотеке очень очень странно танцевала и папа думал, что она очень очень странная. А сейчас мама папу все время ругает. У него ничего не получается. Мама говорит, что он лузер...».
Ағылшын-орыс аралас бұл тирада сабақтан жалыққан Хе Реннің менің көңілімді басқа нәрсеге бұрмақ амалы. Кішкентай қыздың өзінің қомағайлығы жайлы әзіл-оспақтап сөйлеп, ас үшін жыларман болғанын жуып-шайғаны да сүйкімді. Бұл үйді көңілсіздік басқалы біраз болды. Ата-анасының кәсібі жүрмей, әкесі еліне қайтып кеткен. Бұлар әкесінің шешімін күтіп, белгісіз бір күйде күн кешіп жатыр. Қалған-құтқан шаруаларды мамасы үйден басқарып отыр. Хи Сонның ата-анасы әрқашан өзімді құрмет тұтып, ақшамды уақытында берсе де, бүйрегім осы Хе Реннің отбасына тартып тұрады. Кейде бір ұзын-сонар сериал көріп жүргендей, «Шіркін, Хе Реннің папасы инвестор тауып алып, бизнесі жүріп кетсе екен» - деп тілек тілеймін. Қазір де томпиып, үнсіз қалған балаға жаным ашып қарап отырмын. «Хе Рен, бүгін ән үйренеміз. СД ойнатқышыңды қос.» Бағана неге Хи Сонға қаршығадай шүйліктім екен? Байқұс балақай көп сабақтан мезі болып кетті. Хе Рен сұқ саусағы майысып, СД ойнатқыштың түймесін басты. Әншінің жұмсақ дауысы гитарамен бірге шықты: «You are my sunshine, my only sunshine…» Бала мұрнын тыржитып, брекетпен қысып қойған тістерін екі қолымен жауып, күліп жіберді.
Сабақтан соң Хи Сон Ольга екеуімізді сол үйдің бірінші қабатындағы мейрамханаға ертіп апарды. Екі бөлмелі мейрамхананың төргі бөлмесіне жер үстелдер, ал ауызғы бөлмесіне кәдімгі үлкен үстелдер қойыпты. Мен бірден төргі бөлмені таңдадым. Ольга қарсы болмады. Төртбұрышты аласа үстелдің басына тізерлеп отыра кеттім. Ольга біраз қиналды. Бір кезде үстелдің астына екі аяғын созып жіберіп барып жайғасты. Хи Сонның мамасы бізді өзі күтті. Алдымен үстелге әр қайсысына бір-бір уыс дәм ашар салынған жеті шағын кесе қойды. Бірінде ашты кимча, бірінде жасыл бұршақ, бірінде теңіз балдырынан жасалған салат, титтей тәрелкеге оймақтай бес тұшпара салыпты. Ольга да бұрын таяқшамен жеп көрмеген, екеуіміз де қиналып отыр едік, қожайын бір қолына өзінің ас аяғын ұстаған Хи Сонды жетектеп алып келді. «Не, не так, вот так надо держать палочки». Аяқ астынан шыдамды бола қалаған тынымсыз Хи Сонның іс-әрекетін сенімсіздікпен бағып отырмыз. Сабақ үстіндегі қалжыңы да, бетін тыржитып мазақ қылатын әдеті де – бәрі жайына қалды. Ересек адам сияқты салиқалы әңгіме айтып отыр. «Корейцы все хотят быть как японцы», - деді бала. «Мама говорит, что мы много у них берем. Но мы не хотим быть как китайцы!» Хи Сонның саяси тұжырымдамасына Ольга екеуміз еріксіз езу тарттық. Ыстық ас та жетті. Үлкен кеседе сорпа, екі-үш жапырақ ет, қол кеспе мен көкөністер. Теңіз балдырын кесенің бір шетіне бөлек салыпты. Сорпаны ішуге қысқа да қайқы сапты қасық берді. Бала бізді әкесімен бірге есікке дейін шығарып салды. Алғысымызды айтып болған соң, қожайын басын иіп, өз тілінде қоштасты. Хи Сон болса, «До свидания! Завтра не увидимся!» деді. Хи Сонның миссиясы аяқталғанын түсіндік. Ертең бізді не күтіп тұрғаны белгілі болды.
***
Өткенде бір хабарландыруды көріп, резюмемді электрондық поштамен жібере салған едім, сұхбатқа шақырыпты. Үстелдің шетінде отырған бурыл сақалды, көзәйнекті егделеу ер адам қазақша сөйледі. Профессор Спенсер бір америкалық университеттің өкілі екен. Алматыдағы бір оқу орнымен бірлесе қазақ тілінен шетелдіктерге арналған жазғы курс ұсынбақ үшін мұғалімдерге байқау жариялапты. «300 адам резюме берді. Содан жиырма адамды таңдап алдық. Барлығымен сұхбаттасып болған соң, үш адамды іріктеп аламыз» - деп жәйтті түсіндірген. Бір айдан кейін біреу телефон соқты. Қазақша аударылған кинолардағы дублер сияқты сөйлейтін әйел өзін «Айманмын» деп таныстырды. Байқау аяқталыпты. Тағы екі мұғаліммен бірге сол байқаудан мен өтіппін. Айман өзі әдістеме және ұйымдастыру жөнінен жетекші болып тағайындалған екен. Келіп, келісімшартқа қол қой дегенде, тентек Хи Соннан уақытша құтылғаныма қуанып кеттім.
Алғашқы сабаққа келгенде, сыныпта жалғыз студент отыр екен. Толықша келген, көзәйнекті америкалық әйел жұмсақ дауысымен асықпай сөйледі: «Менің атым Пегги». Қазақша баяу, бірақ дұрыс сөйлейді. Ойыма келген бірінші сұрақ атқып шықты.
— Қазақ тілін неге оқып жүрсіз?
— Қазақ музыкасын зерттеп жүрмін.
— Музыкатанушы?
— Антрополог.
«Атамекен» киносындағы антрополог шал есіме түсе кетті.
— Кәдімгі адамның бас сүйегін зерттейтін антрополог па?
Пегги күліп жіберді. Ол енді ағылшын тіліне көшті.
— Жоқ. Орысша кейде «культоролог» дейді. Бірақ Америкада антропология саласы кең, мәдениетті зерттеу де осы салаға кіреді.
— А, солай ма!
Пегги жаз бойы қазақша оқитын жалғыз студент болып шықты. Ол Америкада тіл үйрену үшін берілетін гранттың жүлдегері екен. Курсқа басқа ешкім жазылмапты. Үш мұғалім кезектесіп бір Пеггиге қазақша үйретеміз. «Айдағаным бес ешкі, ысқырығым жер жарады» деген осы екен ғой! Жалғыз жүргізгенде ғой, екі айға алатын жалақым бес мың доллардан асар еді.
Жұма күні соңғы сабақтың ортасында сыныптың есігінен бір әйел басын сұғып амандасты. Қырықтардан асқан, қысқа шашты, аққұба әйелдің Айман екенін сөйлеген сөзінен тани кеттім.
— Пеггиді түскі асқа апаруым қажет еді...
— Әлі жиырма минуттай бар...
— Ештеңе етпес, түстен кейін бір баратын жерлер бар!
Пегги Айманға қиыла қарады.
— Маған бір он бес минуттай уақыт бересіз бе? Шылым шегіп алайын. Shynar, do you smoke?
Екеуіміз аяңдап ішкі ауладағы баққа өттік. Пегги шылымын тұтатып, көк түтінді бір рет бұрқ еткізді де, бұйымтайын айтты.
— Мен бір ыңғайсыз жағдайға қалдым. Қалай десем екен...
— Қысылмай айта бер.
— Келгеніме бір аптадан асты, тұрған жерім жайсыздау болып тұрғаны. Үй тарлау және отбасы қазақша білмейді, бәрі орысша сөйлейді. Ал мен грантты қазақша үйрену үшін алдым ғой. Балалар тіпті тек қана ағылшынша сөйлескісі келеді менімен. Сөз жоқ, Айман өте-өте ақ көңіл, жақсы адам, бірақ тұратын үйді іздегенде сол жағын ойламапты. Көңілін қайтарып аламын ба деп қорқып тұрмын. Және түстен кейін қосымша мәдени шаралар тым көп сияқты. Маған қобыз ойнап үйрену қажет еді. Диссертациям үшін оқитын кітаптарым да жетіп жатыр.
— Әкімшілікке айтайын ба?
— Ренжітіп алмаймыз ба? Ұйымдастырушылар «Америкалық бәлсінді» деп ренжімесе болғаны.
Бес минут өтер өтпестен Айман жетіп келді. «Пойдем, Пегги. Нам надо бежать, после обеда надо еще успеть в баню...» Пегги көзімен «Айттым ғой!» дегендей ишарат білдірді де, бір қағазға ұялы телефонын жазып, маған ұсынды.
Өткенде профессор Спенсер сұрақтарың болса оқу орнының бастығына хабарлас деп еді, бірден әкімшілікке бардым. Бастық жазғы демалысқа шығып кетіпті. Орынбасары жасы елулерге таяған ұлты орыс ер адам екен. Жағдайды түсіндіріп жатыр едім, қабағын тас түйіп алған орынбасар сөзімді бөлді.
— Пегги бізге емес, саған неге айтады?
— Ол байқұс тіл білмейді ғой және жаңадан келген адам, ыңғайсызданып жүрген көрінеді.
— Сенің мұнда шаруаң болмасын. Ұйымдастырушы – Айман, сол жауап береді.
Менімен дөрекі сөйлескеніне таң қалмадым. Бірақ Пеггидің жағдайын жасауға құлық танытпағаны ерсі көрінді.
— Ешқандай шара қолданбайсыз ба?
— Айттым ғой саған, бұл сенің шаруаң емес.
Кешке Пеггиге телефон соқтым.
— Қалың қалай?
— Бәрі жақсы! «Арасанға» барып келдік.
— Ұнады ма?
— Менің бойымда скандинав қаны бар ғой, ыстыққа шыдадым. Бірақ біз қоғамдық моншаға бармаймыз ғой!
Пегги сылқ-сылқ күлді.
— Aiman is so crazy!
Бізде америкалықтар не нәрсеге еркін деген қате стереотип қалыптасқан. Керісінше, олардың өте консервативті және ұялшақ келеді екен. Айман алдымен өзінен сұраса жөн болар еді. Мен өз әрекетімнің нәтижесін баяндағанда, Пегги бір сәтке үнсіз қалды.
— Жарайды, рақмет. Онда мен өзім бір жолын табайын.
Дүйсенбі күні таңертең сыныпқа кіргенім сол еді, бөлмеге Айман кіріп келді.
— Пегги қайда?
— Әлі келген жоқ.
— Түк білмеген адамдай мүләйімсіме.
— Түсінбедім сізді...
— Проректор Пеггиді өзіңнің пәтеріңді жалдауға көндіргеніңді біліп отыр.
— Ааа, проректор мен үшін тон пішіп қойған екен ғой. Түсінікті. Мен өзім жалданған пәтерде тұрамын, Пеггиге қайдан пәтер жалдайын!
Пегги сенбі күні заттарын жинап алып, тұрған үйінен кетіп қалыпты. Ұялы телефоны екі күндей өшірулі көрінеді. Қайда кеткенін үй иесі мен оның балаларына айтпаған. Алғашында шошып кеттім.
— Енді не істейміз?
— Білмеймін.
Сол сәтте Пегги кіріп келді. Айманды күтпеген болуы керек, абдырап қалды.
— Айман, кешірім өтінемін. Хабарласуға ешқандай мүмкіндік болмады. Жаңа пәтерге бүгін таңертең ғана көштім.
— Қандай пәтер?
— Елшіліктегі таныстарым тауып берді. Маған бір бөлме болса жетеді ғой.
Айман маған күдіктене қарады да, сыныптан шығып кетті.
***
Пеггиге біреу қобыз мұғалімін тауып беріпті. Сабақтың бағасы мен күнін келісуге үйіне бардық. Сәкен мен әйелі екеуі орта жастағы адамдар екен. Шетелдік келе жатқан соң, дастархан жайыпты. Алдымен шәй іштік.
— Ұлтың кім?
— Америкадан келдім.
— Жоқ, білем ғой, ұлтың кім дегенім ғой.
— Америкада ұлт жоқ қой. Бәрі америкалық. Ата-бабамды сұрап отырсаңыз, олар осыдан екі жүз жыл бұрын Скандинавия елдерінің бірінен келіпті.
— Мамандығың не?
— Антрополог.
— Археологсің ғой сонда?
— Маған музыка жағы қызықты. Бізде мәдениетті зерттейтін мамандарды «антрополог» деп атайды.
— Қайдағы! Оны «этнограф» дейді.
Әңгімеге мен кірістім.
— Жоқ, олар антропология дегенді басқаша түсінетін көрінеді.
Сәкен басын шайқап күлді.
— Теодор Драйзердің «Америка трагедиясын» оқып едік кезінде. «Сестра Керри» деген романы да бар. Оқыдың ба?
— Жоқ, оқымадым. Ондай жазушыны білмеймін.
Қобызшының көзі шарасынан шықты.
— Драйзерді білмейсің бе? Америкалықтар кітап оқымайды деген рас екен ғой!
Пегги түсініп қойып, ренжіп қала ма деп, тағы кірістім.
— Америкада Драйзер қазір аса белгілі емес көрінеді. Ол коммунист болып, Кеңес Одағын мақтаған соң, біздің елде өте танымал болған ғой.
Ол маған сенімсіздеу кейіппен қарады.
— Ммм... Қазақстан – нағыз Жер Ұйық. Аймағы бес Франция. 125 ұлт өкілі тұрады.
Ол берген ақпараты әсер етті ме дегендей, Пеггидің бетіне барлай қарады. Мен «Жер Ұйық» дегенді Promised Land деп аударып бердім.
— Қобызды не қыласың?
— Бақсыларды зерттегім келеді.
— Дұрыс. Қобыз деген қасиетті аспап. Шегін жылқының қылынан жасайды. Қорқыт ата туралы аңызды білесің бе? Қорқытты бәрі анау дейді, мынау деді, Қорқыт негізінде – қазақ.
Тағы мен кірістім.
— Аңыз ғой, түркі халықтарының бәрінде бар...
— Қорқыт – қазақ.
Сәкеннің Қорқыт жайлы ұзын-сонар лекциясын ағылшын тіліне аударып болғанша, жұрт шай ішіп болды. Осы біз кейде артық сөйлемейміз бе?
***
Пегги бір күні менен тағы көмек сұрады. Бір емші бейне клипке түсуге келісіпті.
— Бақсының бәрі қобыз ойнамайды ғой, оны қайтесің?
— Бал ашамын деді, соны көргім келеді. Бал ашқың келе ме? Бұл кісі өзі атақты екен. Кезекке жазылдым. Қымбат тұрады, қаласаң ақшасын мен төлейін, бейнеге түсуден қысылмасаң болғаны.
— Келістік. Бірақ мен ондай нәрселерге сенбеймін.
Телефон соғып, Фатима деген балгерге баратынымды айтып едім, мамамның құлағына «Құда келе жатыр» дегенмен бірдей естілді. Ол аздай, «Үй-ішінің бәрінің суретін алып бар» деген қатаң нұсқау берілді.
Такси Сейфуллин көшесімен ұзақ жүрді. Үлкен қақпаны басына ақ жаулық жапқан, қолында таспихы бар, еңселі апа ашты. Фатима апаның өзі екен. Кең ауланың екі жағында екі үй тұр. Бірі – ескі, бірі – жаңадан салынып жатқан үлкен үй. Бізді ескі үйдің жазғы верандасына алып барды. Тәуекелге бел буып, Фатима апаның алдына алдымен өзім отырдым. Мамамның бала-шағасы мен немере-шөберелерінің суреттерін жайып салдым. Пегги камерасын Фатима апаға кезеді. Фатима апа алдымен дәрігер сияқты тамырымды басты, одан кейін алақанымды қарады. «Ұзақ жол жүресің. Қолыңа бір қағаз тиеді» - деді. «Бастық болып сайланасың, қоластыңда төрт ер адам қызмет ететін болады». Фатима апай мамамның естігісі келгенін жайлы ләм-лим демеді.
— Тұрмысқа шығатын түрім бар ма?
Фатима апай басын шайқап, ол жайлы ешнәрсе көрінбегенін айтты.
— Жолың жабық. Біреулер қастық қылып, жолыңды жауып тастаған. Жолыңды ашып берейін бе?
— Қалай?
— Ол үшін қой сою керек. 100 доллар тұрады.
— Ондай ақша жоқ менде.
Бұл жолы Пегги түсініп қойды. Камерасын көзінен алып, маған ағылшынша сөйледі.
— I can pay for it.
Фатима апа дереу: «Айдар!» - деп айқай салды. Балаң жігіт тапсырманы үнсіз тыңдап, шығып кетті. Емші енді Пеггидің тамырын басты. «Жуықта балалы боласың. Қыз бала болады, атын Үміт деп қой» - деді. Америкалық баласын «Үміт» деп қалай атайды? Әлде оның аты «Хоуп» бола ма? Мен мырс етіп күліп жібердім.
Пеггидің жақын-алыс болашағы анықталған соң, жаңадан салынып жатқан үйдің бір бөлмесіне кірдік. Үлкен үстелдің үстінде семіз қой жатыр. Жанында қолына үлкен пышақ ұстап, бағанағы жігіт тұр. Фатима апа маған киіміңді шеш деп бұйырды. Жігітке қарадым. Жігіт теріс бұрылған болды. Пегги Фатима апа берген үлкен ақ матамен мені жапқан болып тұрды. Киімімді түгел шешіп, сол ақ матаға Цицерон сияқты оранып алдым. Үстелдің қойдың басы қараған жағына бір аласа орындық қойыпты. Сол орындыққа отырдым. Жігіт үстелге жақын отыр деп бұйырды. Фатима келіп, қойдың басын қолымен ұстады, ернін жыбырлатып бірнәрсе оқыды. Сол-ақ екен, төбемнен жабысқақ жылы бір нәрсе төгіле бастады. Көзімді жұмып алдым. Фатима апа қолымен бетіме, денеме әлгі жылымық нәрсені жағып әлек. Көзімді ашсам, өне бойым түгел қан. Пегги есі шыға камераны маған кезеп алыпты. «Ойбай, бетімді түсіре көрме!» деп айқайладым. Фатима апа аузыма бір тостағанды тақады. Қарасам – кәдімгі қан! «Іш!» - деді. Басымды шайқадым. Бірақ есіме жүз доллар түсті. «Ақша текке кете ме, аяғына дейін көрейік». Көзімді қайта тарс жұмып алдым да, тостағанды аузыма апарып жұта салдым. Төгілгені төгіліп, қысып алған ерінімен өткені өтіп кетті. Бір кезде бітті-ау. Бөлменің бір бұрышына душ орнатып қойыпты. Суы салқын екен, дірілдеп тұрмын. Ұзын шаштан қан қайдан жылдам кете қойсын? Жүз доллар мен он мың теңгенің басына су құйып, екеуміз үлкен қақпадан атқып шықтық. Қақпа тарс жабылды. Тоңғаннан ба, әлде қорыққаннан ба, әлі дірілдеп келемін. Сол қолымызды созып алып, үн-түнсіз Сейфуллин көшесімен жоғары қарай зытып келеміз. Машиналар тоқтар емес. Белинский көшесіне жеткенде бір машина тоқтады-ау. Жүргізуші маған айнасынан қарап-қарап қояды. Айнаға қарасам, «Адамстар отбасы» киносындағы Мартишадан аумаймын: бетім аппақ та, ерінім қып-қызыл. Шашым су. Екеуіміз қаланың ортасындағы Пеггидің үйіне жеткенше күлдік.
Пегги бейне клиптің көшірмесін беремін деген еді, бірақ ұмытып кетті ме, тамыздың аяғында үйіне қайтарда ол туралы ләм-лим демеді. Тіке сұрауға батпай, ойқастаттым.
— Өткендегі бейнені не істейсің?
— Диссертацияма қолданамын.
— Диссертацияң кітап болып шыққан соң маған көрсетесің бе?
Пегги әдетінше сылқылдап күлді.
— Менің диссертациям саған ұнамайды ғой.
— Неге? Қазақ музыкасы жайлы болса, неге ұнамасын?
— Қалай десем екен? Менің қазақтарды қай қырынан суреттегім саған ұнамайды. Сен ұлтшылсың ғой.
— Ұлжанды де, ұлтшыл емес. Бейнені конференцияда көрсетіп қоймашы!
Естімей қалды ма? Тағы қайталадым. Бұл жолы ол естімеген болып, басын басқа жаққа бұрды. Шынымен естімеген болып тұрғаны ма? Қайталауға батпадым. Қош айтыстық.
***
Пегги кеткен соң, амалсыздан корей кәсіпкерлердің бала-шағасына ағылшын тілін оқытуға оралған едім. Бірде Айман телефон соқты.
— Америкадан келген тағы бір зерттеушіге аудармашы керек болып тұр. Сенің телефоныңды берсем қалай қарайсың?
— Беріңіз, сөйлесіп көрейін.
Екеуіміз Ғылым академиясының жанында кездестік. Үстіне ескі тон, аяғына кәдімгі калош киген ұзын бойлы қыз қарашаның шалажансар қарын абайлап басып, жаныма келді. Еңгезердей бойына үйлеспейтін жіңішке дауыспен «Здравствуйте!» деді.
— Я извиняюсь за опоздание. Меня зовут Рене́.
— Француженка?
— Нет, просто имя такое есть тоже в Америке.
— Ұлтыңды айтамын да, ұлтың француз ба?
— Жамбыл көшесінде бір керемет кофехана бар. Соған барып сөйлесейік!
Онда бір рет Пеггимен барғанмын. «Каппучино» кофесін сонда өмірімде бірінші рет көргенмін. Сүт қосып, қою шай сияқты демделген кофенің бетінде аппақ көпіршік қалқып тұрады. Шыныдан какао сияқты көрінеді екен. Бір шыны кофе мың жеті жүз теңге тұрады. Шетелдіктерге арналған. Басымды изедім. Ешнәрсе алмасам да болады ғой, міндетті түрде кофе ішуім керек пе? Даяшы Рене́ге «Мокка» кофесін әкеліп берді. Мен даяшыға «су» дегенде жаратпай қалып еді, бір стакан суды алдыма тарс еткізіп қойды.
— Мен мұнда бір рет Пегги деген студентіммен келгенмін.
— Пегги? Хансен Пегги ме? Сен оны қайдан білесің?
— Қазақ тілін оқыттым.
— Қазақша жақсы біле ме?
— Үйреніп алды. Алғыр екен.
— Онда сен маған да үйретші!
Көрші үстелде отырған екі америкалық әйел айқайлап сөйлеп отыр. Рене́ көздері жыпылықтап оларға ұзақ қарады да, басын шайқады: «Америкалықтар кейде маңайында адам отырғанын ұмытып кететін сияқты. Сондай ұят!» Рене́нің жерлестерін сыбағанына таң қалып қалдым. Ол шаруаға кірісті.
— Я тоже изучаю казахские народные песни и тоже изучаю казахский. И мне нужен переводчик.
Осы америкалықтар орысша сөйлегенде неге «тоже» деген сөзді қоса береді екен? Рене́ ағылшынша жалғастырды. Рене́ де Пегги сияқты бір грант ұтып алған екен.
— Менімен әр концертке баратын адам қажет. Бір кішкентай аудармашым бар еді, бірақ соңғы концертте ұйықтап қалды.
— Соған қарағанда, ол қазақша білмейтін сияқты.
— Қазақша білмесе, оны неге жалдағансың?
— Пәтерімнің иесінің жиені еді...
— Түсінікті.
Грантымның ақшасынан саған айына 300 доллар төлеймін.
Тегін концерттер, 300 доллар, ағылшын тілі – одан артық не керек! Келісе кеттім. Жұмысқа құлшына кірістік. Рене́ алдымен Әдебиет институтының мұрағатындағы терме үлгілерін қарап шығайық деген ұсыныс жасады. Екеуіміз келесі күні Ғылым Академиясының ғимаратына мәжіліске келгендей таңғы сағат тоғызда жетіп келдік. Аспирант кезімде осындағы кітапханадан шықпаушы едім, іргелі ғимараттың салтанатты мәрмәр сатыларын енді ғана байқадым. «Мына ғимараттың күштілігін көрдің бе? Кеңес Одағы ғылым іргесін осылай қалаған» дедім, менен екі саты төменде келе жатқан Рене́ге бұрылып. Ол тоқтай қалды да, басын бір жағына қисайтып, көздерін қысыңқырай күлімсіреп, маған қадала қарады. Оның көзқарасынан өзім ыңғайсызданып қалдым. Жұмсақ кілем төселген ұзын дәліздің түбіндегі бөлмеге үнсіз жеттік. Мұрағатта жұмыс істейтін өзіміз шамалас қыз қабағын тас түйіп алып, бізді жақтыртпай қалды.
— Рұқсаты бар ма?
— Иә, рұқсаты бар екен.
— Төлқұжатыңызды беріңіз. Термені не қылады ғой дейсің. Баяғы шпион шығар. Түйеқұс сияқты тұрған тұрысы қалай.
Рене́ге қарадым. Естімеген сияқты. Расында да, көзәйнегін тағып алып, ұзын мойнын басқа жаққа бұрып, түйеқұс құсап өз жайына тұр. Қыздың дәл суреттегеніне күлкім келіп кетті.
— Олай деп айтпаңыз. Ол орысша жақсы біледі.
— Біле берсін! Шпион екені өтірік емес.
— Шпион мұрағаттағы термені не қылсын. Қызықсыз ғой, америкалықтың қазақша оқып жүргеніне қуанбайсыз ба?
— Несіне қуанамыз? Саған не жоқ?
Уһ, бір кезде құжаттарды қайтарып берді. Рене́ екеуіміз сөрелерден қырқыншы жылдардан бері жарияланған термелердің бірнеше томын алып шықтық. Тақырыбын, қай жерде өткенін, барлығын жазып отырмыз. Маған бұл жұмыс ұнап кетті. Тоқтар емеспін. Бір кезде Рене́ көзі жасаурап, маған жалынышты көзбен қарап отырғанын байқадым.
— Мен шаршап кеттім. Қарным ашты. Үйге қайтайықшы.
— Жаңа ғана келдік қой. Жұмыс бітіріп қайтайық та!
Рене́ жылап қоя берді.
— Не болып қалды?
— Анау әйел қандай ашулы. Көңілім қалып қалды.
— Жылама, ол жәй, өзі басқа нәрсеге ренжіп тұрған сияқты... Ойбой, сенің көңілің бос екен ғой.
Қағаздарды апыл-ғұпыл жинап, папкаларды дереу қайта апарып қойдым. Мұрағаттан шығып, ұзын дәліздің соңына жеткенше, Рене́ түк болмағандай, жадырап кетті.
— Жүр, «Өзбек» мейрамханасына барайық. Лағман жейміз.
— Қымбат. Барғым келмейді.
— Мен төлеймін.
Жанды қойсын ба, соңынан ердім. Дәмді лағманды лимон қосылған ыстық көк шаймен басып, екеуіміз үйге қайттық.
***
Бірде Рене́ мені америкалықтардың бас қосу кешіне шақырды.
— Олар кімдер? Бәрі сен сияқты антропологтар ма?
— Тілшілер де бар. Барасың ба менімен? Жүр!
— Шақырсаң барамын. Бойдақ жігіттер бар ма?
— Бар болғанда қандай! Өткен аптада ғана Майкл деген жігіт келді. Қателеспесем сенімен жасты.
— Қойшы-ей! Таныстырасың ба?
— Таныстырайын. Ол саған ұнаса!
Рене́нің көз алдына не елестеп кеткенін, әйтеуір ішек-сілесі қатып күлді.
— Кейбір америкалықтар ақша үнемдегеннің жөні осы екен деп, шектен асырып жібереді. Меніңше, Майкл дәл сондай америкалықтардың қатарына жатады.
Кешке екеуіміз Абайдың ескерткішінің жанында кездестік. Мен бүрмелі жібек көйлегімді, ұзын қонышты былғары етігімді киіп, жолдан Дина құрбыма кіріп, оның француз әтірін шашып алдым. Рене́ тілерсектен түсетін көк шифон белдеме киіпті де, үстіне ескі тонын киіп алыпты. Тоны тізеден ғана келеді. Аяғында баяғы калошы.
— Рене́, андағы әдемі жібек белдемшемен неге калош киіп алғансың? Етігің жоқ па?
Рене́ күліп жіберді.
— Бұл калош емес, Dansko. Жүз доллар тұратын аяқ киім.
— Қайдан білейін, калош сияқты.
— Осында бір британдық тілші бар. Соны ала кетуіміз керек. Жүр, үйіне кіріп шығайық.
Джонның үйінде біраз отырып қалдық. Джон біреуді күтіп отырған сияқты. Сағат тоғыз жарымда біреу есікті шырылдатты. Джон тысқа шығып кетті. Қолында пластик дорбаға оралған бір нәрсесі бар, жылдам оралды. Біз жеткенде, сағат он бір болып қалған. Екі бөлмелі пәтер адамға лық толы. Түгел ағылшынша сөйлеген жұрт. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Балконда бір топ адам тұр. Ас үйде бір топ адам тұр. Зал мен жататын бөлменің есігі айқара ашық. Сабылған жұрт. Музыка айқайлап тұр. Рене́ мен Джон дәлізде таныстарын көріп, кідіріп қалды. Мен залға өттім. Бұрышқа ығыстырып қойған диванда Пегги отыр. Маған қолын көтерді. Мен Пеггиге қарай жүрдім.
— Қайтып келгенсің бе?
— Сен мұнда қайдан жүрсің? Иә, мен... мен кеше ғана келдім...
— Рене́мен келдім.
— Сұлу қыз Рене́ ме? Менен бұрын келіп алып, бәрін арбап алыпты ғой!
— Өй, сендер тура күндес абысын сияқтысыңдар ғой!
Пегги сылқылдап күлді.
— Біз өсек айтқанды жақсы көреміз ғой. Ойнап айтамын, сен оған айтып қойып жүрме!
— Нем бар оған айтып. Келерде маған неге хабарласпадың?
Пегги мені естімеген болып отыра берді. Жанында толықтау бір жігіт отыр екен. Түрі шетелдік сияқты, бірақ үсті-басы алба-жұлба. Жыртық джинси шалбар, мына суықта үстіне жеңі қысқа футболка киіп алыпты. Басында бейсбол қалпақ.
— Танысып қой, бұл – Майкл. Майкл да жуықта ғана келді.
Майкл бір қолын көтеріп, «Хай!» деп күж етті. Біраздан кейін Майклмен даурығып сөйлесіп кеттік. Майкл тарихшы екен.
— Майкл деген сен екенсің ғой. Сонда қазақ тарихын зерттемексің бе? Оны біз өзіміз де жарытып білмейміз.
— Тарихты зерттеу әдістерін зерттемекпін.
— Қызық екен. Саған аудармашы қажет емес пе?
— Қазақ досым бар. Сол көмек береді.
— Келмей жатып дос тауып алдың ба?
— Бұрыннан танимын. Америкада оқыған. Мен сол досымның пәтерінде тұрып жатырмын. Банкте жұмыс істейді.
— Өзі Америкада оқыса, өзі банкте жұмыс істесе, өзінің жалға беретін пәтері болса – онда ол нағыз шала қазақ шығар ?
Майкл басын шайқап, жайдарлана күлді.
— Қатты сөкпе оны. Өзі білмесе де, мамасы біледі қазақша. Сен абайлап сөйлесеңші, қыздар сені сыртыңнан «ұлтшыл» деп жүр.
— Антрополог қыздар ма? Олардікі «екінші курс синдромы» ғой. Елдің бәріне «ұлтшыл» деген диагноз қояды.
— Бенедикт Андерсонды көп оқығаннан болар!
— Бенедикт Андерсон деген кім?
Майкл енді ішек-сілесі қатып күлді.
— Оны сен білмей-ақ қой...
Кеш қызып барады. Музыка түн ортасынан ауғанша айқайлап тұрды. Сабылған жұрт. Қолыма Майкл әкеліп берген бір бөтелке сыраны ұстап, түні бойы сол бұрышта отырдым. Кешке барамын деп ас ішпей шыққаныма өкіндім. Пегги мен Рене́ анда-санда алыстан қолдарын бұлғап қояды. Кеште жүрген бірен-саран орыстар мен қазақтар осылардан аумайды. Бұл кешке келген жұрттың өмір салты бізден бөлек екені көрініп-ақ тұр. Бұлар басқа әлемде өмір сүреді. Бір сәтке барлық ауыл қазақтары үндістер сияқты бір қиямет алдында тұрғандай көрініп кетті. Жүрегім сыздап, жылағым келді. Бір кезде орта бойлы, көгілдір көзді, жұқа жүзді бір жігіт келіп жаныма отырды.
— Неге мұңайып отырсың?
— Жай, әншейін. Шаршап отырмын. Мұнда не істеп жүрсің?
— Археологпін. Жеті жылдай болды, археологиялық қазбаларға қатысып жүрмін.
— Біраз болып қалыпты ғой. Еліңе қашан қайтасың?
— Еліме қайтқым келмейді.
— Неге?
— Не знаю, в моей стране люди какие-то странные. У меня такое ощущение, что там люди кроме своих покупок ни о чем не могут говорить.
— Разве это не показатель хорошей жизни? К сожалению, мы думаем только о хлебе насущном.
— Вот именно!
Пегги мен Рене́ бір топ америкалықтармен балконда тұр. Қайтатын түрлері жоқ. Қызу бір нәрсені талқылап жатыр. Бәрі айқайлап сөйлейді екен. Бір кезде адам аяғы саябырлағандай болды. Бағанағы археолог үй жинап жүр. Көрген түс сияқты. Әлде сыра ма әсер еткен?
— Эйвинд, неге үй жинап жүрсің? Әлде сен осы үйде тұрасың ба?
— Енді кім жинайды? Бөтелкелерді бөлек жинап қою қажет. Әйтпесе біреулер қалай болса солай қоқысқа тастай салады.
— Білмеймін, бізде қонақтар үй жинамайды. Әлде сен қоршаған ортаны қорғау ұйымының мүшесісің бе?
Эйвинд маған қарады.
— Жоқ. Мүшесі емеспін. Бірақ қоқысты қалай болса солай тастауға болмайды.
Эйвинд бір кезде жұмысын тоқтатып, маған аты-жөні жазылған картасын берді. Жаныма Джон келді.
— Джон, Эйвинд неге үй жинап жүр?
— Соны айтамын да! Қызық, иә?
— Сендер бәрің қызықсыңдар. Осындай кеш бола ма екен? Сырадан басқа түк жоқ!
Джон мен Рене́ такси алып, алдымен мені үйге апарып салды. Джон жол бойы мені мазақ қылып келді.
— Эйвинд сені ұнатып қалды-ау деймін.
— Қайдам, мен оны ұнатып қалған сияқтымын. Ақылды жігіт екен.
— Все, хватай его. Ол холостой. Бірақ Эйвинд қыздарды емес, жігіттерді ғана ұнатады. No chance! Ха-ха-ха!
— Сен массың ғой. Сыраға да мас болып қалдың ба?
— Рене́ таңертең ерте қоңырау шалды. Таныстарының бірі оны ғылыми конференцияға шақырыпты. Маған жүр деді.
— Не жайлы?
— Тарих жайлы.
— Сен тарихшы емессің, қажеті не?
— Мені шақырған адам – таныстары көп, беделді адам. Диссертациям үшін көп адамдардан сұхбат алуым керек. Көмегі болып қалар. Сондықтан баруым қажет. Балнұр ше, оның әкесі белгілі академик қой.
— Cолай ма! Сендер де қазақтар сияқты таныстықпен күн көресіңдер ме?
— Оны біз «worknet» дейміз. Несі бар?
— «Свадебный генерал» дейміз біз бұндайды. Жарайды, барсақ барайық.
Байқаймын, қазақтар америкалықтардың алдына құрша жорғалайды. Рене́ деген бар- жоғы жиырманың жетісіндегі аспирант емес пе! Әлде конференцияға шетелдіктер қатысты деген жарнама қажет болды ма екен? Балнұрды ғой өзі өткенде ғана сөгіп отырған. Үйіне қонаққа шақырып алып, өміріне шағымданып, тіпті сырын да айтып қойыпты. «Америкалықтар жеке өмірі жайлы бөтен адамға ешқашан айтпайды. Ол әлсіздігін көрсету болып саналады» - дегенде төбе шашым тік тұрған. Балнұрды танымасам да, «Жалғызсыраған болар» деп жуып-шайып қойғанмын.
Рене́ үстіне қатаң стильде тігілген ақ бұршақты көкшіл крепдешин көйлегін киіп, шашын түйіп, көзіне линзасын емес, көзілдірігін тағып келіпті. Балнұр бізді ауладан өзі қарсы алды.
— Міне, түрің енді нағыз ғалым сияқты!
Екеуі мәз болып күлді.
— Балнұр, юморың күшті сенің!
— Сен сонда ғалым емессің бе?, - дедім мен, таңырқай.
Сұрағым орынсыздау болды ма, Рене́ маған жылдам көз тастады да, алға жүріп кетті. Конференция аяқталған соң, Балнұр бізді түскі асқа шақырды. Университеттің бір залына үлкен дастархан жасапты. Дастархан басында қарсы алдымызда отырған екі жігіт Рене́ге қырындай бастады.
— Девушка, а вы американка?
— Да.
— Ух, ты! «Американская трагедия». Читали Драйзера?
— Нет, не читала. Who is Dreiser?
Рене́ маған қарады.
— An American writer.
— А че вы делаете в Алматы? Шпионка?
Екі жігіт тапқырлықтарына мәз болып күлді. Рене́ көзәйнегін шешіп, көздерін қысыңқырап алды да, тәптіштеп қазақша сөйледі.
— Жоқ, «шпионка» емеспін. Мен мұнда қазақ тілін оқып жүрмін. Ал сіздер ше, қазақша сөйлесіздер ме?
Жігіттер сеспей қатты. Бұл жолы күлкіге ерікті біз бердік.
Түскі астан кейін Балнұр бізді алғысын айтып шығарып салды. Бір музыкалық оқу орнының жетекшісі танысы екен. Сол кісі Рене́ге сұхбат беруге келісіпті. Үйіне барыңдар деді. Келесі күні айтылған уақытта жетіп бардық. Есікті алпыстарды алқымдап қалған апай ашты. Академик аға үйде жоқ екен. Бақытжан апай да кезінде театрда ойнаған өнер адамы екен. Асықпай сөйлейтін дауысынан әлі күнге дейін күңіренген драма үні естілетіндей. Үйі мұнтаздай. Қымбат жиһаз қонақ бөлмеге әзер сыйып тұр. Дастархан жайып қойыпты. Ұзын жібек халатына оранып, гаухар тастар көмкерген саусақтарымен қымбат фарфор шәйнекті жайлап көтеріп, шәйдің дыбысын шығармай құйды. Жиегі көкшіл гүлдермен безендірілген фарфор тәрелкеге салынған бал бауырсақты уыстап алып, жеп отырмыз. Оймақтай хрусталь вазалардағы жидек тосаптары мөп-мөлдір. Хрусталь қайықшаларға толтыра қымбат кәмпит салыпты. Дастарханның ортасындағы үлкен табақта сопақшалап туралған қазы мен қиярдың үстіне аскөктің бір-екі сабағын ұзынынан тастапты. Бақытжан апайдың қонақ күтіп әбден жаттыққаны көрініп тұр. Ұлы үлкен қызметте, ал күйеу баласы бір дөкей екен. Бақытжан апай балалары мен құда-жұрағаттарын айтып, орысша-қазақшасы аралас көсіле сөйлеп отыр.
— Моя дочь такая дипломатичная!
— Да? А в какой стране?
Рене́ жартысын түсініп, жартысын түсінбей отырғанын көріп отырсам да, аударуға еріндім. Қойшы, енді осы мақтанудан жалықпайтын қазақтың бала-шағасының жетістігін аудару қалып па. Бір кезде кербезденіп отырған Бақытжан апай маған тіксіне қарады.
— Сен қыз немене, бұлданып отырсың ба? Аудармайсың ба!
— Орысша жақсы түсінеді. Орысша сөйлей беріңіз.
— Осы қазақтар қызық, мұнда шай ішуге келгендей, тіпті міз бақпайсың.
— Кешіріңіз. Шаршап отыр едім. Аға келгенше тынығып алайын деп...
Рене́ көзі жыпылықтап екеуімізге кезек қарады.
— What's going on?
— Nothing. She's upset with me.
Бақытжан апай қызының жоғалып қалған гауһар тасты сырғасы жайлы әңгімесін егжей-тегжейіне дейін баяндап берді. Жоғалып қалған сырғаның жүзігін ұлының кіндік шешесіне сыйлап, артынан сырға табылғанда, құрбысын сылап-сипап жүріп, жүзікті қайтарып алыпты. Қызының дипломатиялық қабілеті осы екен. Мен қазы мен нанды соғып отырмын. Рене́ басын изеп қояды. Байқұс Рене́, гаухар жүзік пен кіндік шешенің не екенін де білмейтін шығар. Осылардың алтын тағып жүргенін көрмеппін. Әңгіме енді маған ауысты.
— Осы уақытқа дейін күйеуге тимей не қылып жүрсің?
— Білмеймін, кезінде жігіт болмады, енді уақыт жоқ.
— Уақыт жоқ дейді? Өзіңше осыларға еліктеп жүрген шығарсың. Осы жүрген жүрісің өзіңе түк те жарасып тұрған жоқ. Жігіт жоқ болса, бала туып ал біреуден! Қазақтың қызының міндеті – бала тауып үйде отыру.
Жыным келіп кетті. Қонақта отырғанымды есіме салып, ішімнен өзімді өзім басып, бетіне қарап жымидым.
— Уақыты келгенде шығамын ғой тұрмысқа. Қайбір ерігіп жүр ғой дейсіз, жұмысым осы. Адам баланы өзі үшін солай тауып ала ма екен? Балаға обал емес пе!
Бұл жолы мені Рене́ тарпа бас салды.
— Is she out of her mind? Why didn't you say it's none of her business?
— It's OK. She's older and she thinks she has a right to do so. You know our customs…
Шәй ішіп болғанда, академик аға телефон соқты. Бізге офиске жетсін депті. Екеумізді Бақытжан апайға алғысымызды айтып, академик ағаның офисіне ұштық. Неге келгенімізді кезектесіп түсіндірдік. Рене́ орысшасы жеткен жерде өзі сөйлеп отырды. Орысшасы жетпеген жерде мен ағылшын тілінен қазақшаға аударып отырдым. Проректор бір кезде телефонмен хатшысын шақырып алып, «Шәй әзірле» деп бұйырды. Хатшысы бөлменің бір бұрышында тұрған журнал үстеліне әп-сәтте дастархан жая қойды: бауырсақ, қант-кәмпит, жент, қазы – бәрі де бар екен.
Академик маңғаздана басып, журнал үстелінің басында тұрған креслоға қарай жүрді. Рене́ екеуміз артынан ілесіп келеміз. Ол маған көздерін бажырайтып, үнін шығармай, «What is this?» деп ымдайды. Мен «No idea!» деп иығымды көтеремін. Қайдам, қазақ болғасын қонақжайлығын көрсеткен болар. Америкалық үшін бұл аса ыңғайсыз жағдай еді.
— Иә, қыздар! Сонымен бұл бикештің мамандығы не?
Қария маған қарады.
— Антрополог.
— Кәдімгі бас сүйекті зерттейтін антрополог па?
— Америкада адам мен оның өмір сүретін ортасын зерттейтін ғылымды «Антропология» деп атайды екен, - дедім жаңылмай.
Анықтамасын айтып үйреніп қалыппын.
— Немерем Америкада оқып еді менің. Әлі күнге дейін сол жаққа қайта барсам деп аңсап жүр. Насихат күшті ғой!
— Өзіне ұнаған болар.
— Несімен ұнайды? Қазақстан ғой нағыз жер ұйығы! Кезінде бәрі осында келіп тұрады. Айт мына қызға, Қазақстанның аймағы – бес Франция!
— Талай айтылды ғой.
— Ммм. Драйзердің «Америка трагедиясын» оқыды ма екен, сұрашы!
— Жоқ, оқыған жоқ.
— Сен қайдан білесің? Сұра өзінен.
— Have you read Dreiser's novel, «An Ameriсan Tragedy»?
Рене́ Драйзердің атын естігенде, көзі жыпылықтап кетті.
— Why does everyone ask me about this Dreiser? Is he someone I should know?
— Nobel prize nominee. You see, there was this movie by this Soviet director…
Қарт ойын түйді.
— Америкалықтар кітап оқымайды деген рас осы.
Мен тағы Рене́ге қарадым. Түсінбей қалған сияқты.
— Менің кітапханам бар үйде. Төрт қабырғасы түгел том-том кітап. Бәрін оқып шықтым. Баспалар жаңадан шыққан кітаптарды үйге өздері әкеліп береді...
— Сіз кітапты жақсы сүйесіз!
Рене́нің өзінше қазақша сөйлеген түрі.
— Ойбай, мынауың қазақша сөйлейді екен ғой!
Рене́ көзәйнегін бір саусағымен көтеріп, сайқымазақ көздерін профессорға қадады.
— Аздап!
— Әй, маладес! Коньяк ішесің бе?
— Рақмет, коньяк ішпеймін.
— Мен саған концерт әзірлетіп қойдым.
Шәй ішіп болған соң, профессор бізді мәжіліс залына алып барды. Залда бір топ көңілсіз сазгер аспаптарын құшақтап отыр екен. Бәрі шулап қоя берді.
— Жұмыс уақыты аяқталды ғой. Бала-шаға бар, босатыңызшы!
— Жә, сөзді қой, «Көш керуенді» ойнаңдар.
Шағын оркестр қабақ ашпастан күйді орындап берді. Профессор асықпай музыкалық аспаптарды таныстыра бастады. «Сазсырнай – басқа ұлттардың ешбірінде жоқ аспап...».
Аспаптар жайлы дәріс біразға барды. Профессор бір сазгердің домбырасын қолына алып, пернелерін күмбірлете шертіп, өз өнерін де көрсетіп жіберді. Рене́нің ұнжырғасы түсіп кетті. Ол өзінің сұхбат алмақ тілегі осыншама адамды әуреге салады деп ойламаса керек. Өзін кінәлі санады ғой деймін, профессор кетіп қалған соң, бір сағат бойы өзі үшін ән айтып, күй шерткен жастарды мейрамханаға шақырды. Қыздар жағы үйге асығып бас тартты. Әнші-күйші жігіттерге керегі де сол, келісе кетті.
***
Екі домбыра көтерген бір топ жігіт бізді маңайдағы бір шағын мейрамханаға бастап апарды. Адам әлі жинала қоймаған мейрамхананың бос отырған даяшылары екі үстелді қосып, үлкен дастархан әзірлеп берді. Қонақтардың арасында шетелдік отырғаны даяшыларға сиқырлы таяқтай әсер етеді. Әншілер дастархан басына отыра сала, бірінен кейін бірі ән айтып, өнерлерін паш ете бастады. Бұлар – үлкен концерттерде өнер көрсетіп жүрген кәсіби әншілер, көбін теледидардан көріп жүрмін. Домбыраны дастарханның шетінде елеусіз отырған қараторы жігіт алды. Салалы саусақтары домбыраның мойнымен сырғи жортып, «Жиырма бесті» бастады. Бір жағына қайыра тастаған қайратты шашы кең маңдайына селдірей түсіп, домбыраның басына қиғаш көзінің қырымен ғана қарап отыр. Қыр мұрны қара торы жүзіне құйып қойғандай. Ұзын мойны сол жаққа бұрылған күйі, жігіттің еңгезердей денесі қозғалмайды. Рене́ге сыбырладым: «Үндістердің көсемі дерсің! Сұлулық пен өнер қоса біткен жігітті қазақтар «сері» дейді». Әннің әуені көз алдыма Асанәлі Әшімовтің бір қолы қалтасында, бір қолында шылым – күн батысқа беттеген бейнесін әкелді. Шәкен Аймановтың осы екі минуттық эпизоды адамға осыншама әсер ететіні несі? Бес жасымда алған әсерім отыздан асқанша өзгермеді. Сері жігіт аппақ тістерін көрсетіп жымиғанда, үстел басына қайта оралдым.
Бір кезде жігіттер қалжыңдасып, айтысқа көшті. Менің жұмысым аудару. Рене́ жігіттерден қалысар емес. Шумақтап өлең шығарып отыр. Қызыққа батып отырып, айналамызға қарамаппыз. Көрші үстелге екі-үш жігіт келіп отырған екен. Бір кезде жігіттер біз жаққа тіксіне қарап, орысша: «Прекратите этот мамбетский базар!» - деп бұйырды. Әнші жігіттер тыныштала қалды. Бірі орнынан тұрып, «Қазақтың қасиетті әнін айтпа деп бұйыратын сен кім едің?» деп еді, бітті, алақандай мейрамхана әп-сәтте шайқас алаңына айналды да кетті. Рене́ екеуіміз есікке қарай жылжуға мұрша жоқ, мейрамхананың бір бұрышына қарай тұра жүгірдік. Аспан айналып жерге түскендей болды. Мейрамханадағы бүкіл жиһазға қанат біткендей әуеде ұшып жүр. Біреу жараланған болуы керек, жер-көкке қан шашырады. Бармен жігіттің басы қылтиып көрінеді де, қайта жоғалып кетеді. Тоқтатуға шамасы жоқ. Мен есімді жылдам жиып алдым. Бұл жерден қалайда шығып кетпесек, мертігуіміз әбден мүмкін. Бұлар естерін жоғалтқаны сонша, бірін бірі өлтіріп тынар. Бағанағы қара торы сұлу жігіт бір сәтке тоқтай қалды: «Неғып тұрсыңдар бұл жерде? Жоғалыңдар жылдам! Мертігесіңдер!» Рене́ні жеңінен тартып, басымды бұғып алып есікке тұра жүгірдім: «Рене́, жүр, қорықпа!» Далаға шыққанда ғана көрдім, Рене́нің аппақ жейдесіне қан шашырапты. «Жарақаттанып қалдың ба?» Көшенің шамдарының жарығымен қолдарын, бетін қараймын, аман сияқты. Өң жоқ, түс жоқ. Мен жолға шығып, такси ұстадым.
«Уһ» деп Рене́нің үйіне жеткенде, ол таксиге әмиянын тастап кеткені белгілі болды. Бүкіл банк карталары мен азын-аулақ ақша соның ішінде кеткен. Рене́ жалма-жан мамасына телефон шалды. Банктерге хабарласып, карталарды жабуын өтінді. Бір кезде телефон құлағына жас балаша өкіріп жылап қоя бермесі бар ма! Мамасы телефонмен біраз уақыт жұбатты. Мен де аңтарылып оның бетіне қарап отырмын: «Рене́, сен ана шалдан қандай сұхбат алмақшы болып едің?» Ваннадан бетін жуып оралған Рене́ енді тоқтай алмай күле бастады. Мен оның шынымен қорқып кеткенін сонда ғана түсіндім. Көңілін аулайын деп, диванның үстінде отырған екі қонжықты қолыма алдым.
— Мәссаған, сен де қонжықтарды жақсы көресің бе?
— Иә, әрқашан өзіммен алып жүремін.
— Мен де аюларды ұнатушы едім. Сенесің бе, он алтыға келгенше қуыршақ ойнадым.
Бірде мен үйде жоқта мамам есеймей қойды деп, барлық қуыршақтарым мен аюларымды туыстардың балаларына бере салыпты. Сондағы ішімнің ашығанын көрсең! Үш күн жылаған шығармын.
Рене́нің жіңішке дауысы одан бетер шіңкілдеп, айқай салды.
— Сенің ойыншықтарыңды бере салды ма? Оның қандай қақысы бар?
— Қызықсың ғой, қақысы болғанда қандай! Анам ғой. Он алтыға дейін ойыншық жиған қайбір жақсы ғой дейсің!
— Миға қонбайды. Ол сенің заттарың ғой!
— Ой, одан да зорғысы болған. Менің Вася деген мысығым болған. Мамам мысықты қуыршақ сияқты құшақтайды деп, мен жоқта бір жаққа апарып тастапты. Онда мен он жаста болатынмын. Трагедияның көкесі сонда болған!
Бұл жолы Рене́нің көздері кәдімгідей жасаурап, қолына телефонды қайта алып, асығыс тере бастады.
— Mom, you would not believe what had happened to Shynar!
Рене́ бәрін мамасына баяндап берді.
— Жындысың ба, мамаңа несіне айттың?
— Сенің жүрегің жаралы.
— Жаралы шығар, бірақ мысық үшін емес қой. Жүректі жаралайтын нәрсе жетеді ғой өмірде.
— Сен өзің оны білмейсің, бала кезіңде психологиялық травма алғансың. Олай дейтінім – бұл әлі сенің есіңде, тіпті кеше болғандай айтып отырсың.
— Қойшы-ей қайдағыны айтпай!
Мен Рененің қойған диагнозына ішек-сілем қатқанша күлдім. Елдердің мәдениеті әр түрлі болады-ау, бірақ әр нәрсеге көзқарасы осыншама бөлек болады деп кім ойлаған! Васяны мамам бере салғанда, жаным ашып, жүрегім ауырғаны рас. Содан бері мысыққа қарай алмайтыным да рас. Жануарға бауыр басудан қорқатыным да рас. Бірақ бұның барлығын адамның мінез-құлқына әсер ететін травма деп кім ойлаған?
***
Телеарналар АҚШ-тың Иракқа басып кіргенін жаппай хабарлауда. Арнадан арнаға секіріп, күн ұзақ теледидардың алдында отырдым. Түстен кейін Пегги телефон соқты. Соғысқа қарсы шараға қатыспақшы екен. Рене́ күні бойы елшілікте жүрген еді, ол да келетін болды. Кешке Алматының орталығындағы тұрғын ауданның жұпыны кейпін еуропалық салтанатымен бұзып тұрған Италияның мәдени орталығының алдында кездестік. Тап-тұйнақтай мәжіліс залының қымбат орындықтарына жайғасқан жұрт Иракқа бас жоқ, көз жоқ басып кірген АҚШ-ты жамырай сөгіп жатыр. Еңгезердей, көзәйнекті италияндық жігіт шараны орысша акцентпен, бірақ қиналмай жүргізіп отыр. Алматыда жүрген біраз шетелдіктер жиналыпты. Рене́ мен Пегги соғысты өздері жариялағандай қысылып тұр. Микрофон қолыма тигенде, АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымының пікірін шыбынның ызыңындай көрмеген менмендігіне қатысты пікірімді мен де білдірдім. Шара аяқталған соң, бағанағы италиялық жігіт жанымызға келді. Күректей қолын ұсынып, өзін таныстырды: «Антонио, Тони». Осы мәдени орталықтың ұйымдастырушы екен. Америкалықтардан жөн сұрап болған соң, маған бұрылып, бір шаруасы бар екенін айтты. Қыздар мұндай да қарап тұрсын ба, жырқылдап қоя берді. Тони менің қыздармен қазақша сөйлескенімді байқапты. Аудармашы қажет екен. «Ертең кел, орталықтың директорымен бірге жұмыс жайлы сөйлесейік» - деп, картасын берді.
Келесі күні орталыққа оралдым. Аулаға кіретін қақпа жабық. Қоңырауды бастым. Есік дыз етіп ашылды. Ғимараттың кіреберісінде жас қазақ жігіт тұр екен. Үстіңгі түймелерін босатып, аппақ жейдесінің жағасын айқара ашып қойыпты. Мойнындағы күміс алқа көзіме оттай басылды: крест. «Здравствуйте! Меня зовут Максат». Қой көздері күлімсіреп, «Жүріңіз!» деп жол көрсетті. Орталықтың директоры Андреаның бөлмесінде Тони де отыр екен. Жақынырақ таныстық. Жасымыз шамалас болып шықты. «Құрдас екенбіз ғой!» Екеуі бірдей мен бір маңызы зор нәрсе айтқандай, секем алып қалды. Еуропалықтар жергілікті халықтың дәстүрін білмей, ыңғайсыз жағдайға қаламыз ба деп, не нәрсеге құлақ түргіш келеді. Бағанағы жігіт кофе әзірлеп әкелді. Андреаның көмекшісі екен. Ол италиялықтармен италиян тілінде ғана сөйлесті. Әңгімелесе келе, «мәдениет орталығы» деп жүргенім католик миссионерлерінің басты офисі екені анықталды. Андреа мен Тони осы ұйымның негізін қалаушылар көрінеді. Өздері целибат антын берген бойдақтар екен. Плано Карпинидің «Ystoria Mongalorum» атты еңбегін ағылшын тілінен қазақшаға аударып бер деп өтінді.
— Сонда сендердің мақсаттарың қазақтарды католик дінін қабылдауға азғыру ма?
Екеуі бір біріне қарады.
— Иә. Және жетімдер үйлеріне қамқорлық көрсету. Алматы қаласы бойынша бірнеше жетім үйді қамқорлыққа алдық.
— Өзінің мәдениеті, діні бар халықты католикке айналдырғанда сендерге не түседі?
— Орта Азияда христиан діні жаңалық емес. Несториандар ше?
— Несториандар заманы қайда, біз қайдамыз? Осы буддистер неге дінін басқаға таңбайды?
Екеуі тағы бір-біріне қарады.
— Олар да дінін уағыздайды. Ал христиандарға қасиетті Павел «Шіркеу сал» деп өсиет қалдырған.
— Менің нағашы атам бүкіл аймақ құрметтеген молда болып еді, сол кісінің жұртқа өз дінін таңғанын көрмеппін. Жарайды, мен ойланайын. Қанша төлейсіңдер?
— Мәтін күрделі екенін ескеріп, алпыс мыңдай деп отырмыз...
Бірталай ақша. Мамама жаңа кір машина сатып әперсем! Бірақ... Бұл тарихи материалды аударуға қаншалықты құлықты болғаныммен, көңілімде бір түйткіл көлденең тұрып алды. Ертеңінде Андреаға хат жолдадым: «Уважаемая Андреа!
По поводу вашего предложения: я подумаю, мне нужно время. Если вы не против, хочу записаться в клуб кинолюбителей при центре. Я – большая любительница итальянского кино».
Мәдениет орталығынан ашылған италиян тілінің курсын оқытатын мұғалім Валентина – Андреа мен Тонидің жан досы. Жексенбі сайын мессадан кейін орталықтың шағын кинозалынан италиян кино шеберлерінің шығармаларын көрсетіп, артынан талқылау ұйымдастырады. Бірде ерте келіппін. Месса болып жатқан залдың есігі ашық тұр екен. Месса кезегінің соңында тұрған Тони мені көріп, бір қолымен «Кел, кел!» деген ишарат білдірді. Артқы қатарда бос тұрған орындықтардың біріне барып отырдым. Ұзыннан ұзақ кезекте тұрған жұрт ақ киімді пастордың алдына тізерлей құлап, шоқынып, пастордың қолындағы ыдысқа ернін тигізеді. Орысы бар, қазағы бар – кілең жастар. Кинодан талай көрген бұл рәсімнің жаныма бөтендігі соншама, басым айналып кетті. Кеше ғана атеизм қағидаларын миымызға құйған кеңес мектебін аяқтаған балалар дінге неге жылдам құлады?
— Вал, Милан университетін аяқтап, Дантені оқыған адам целибат антын неге береді? Біреудің бақытын ашатын әп-әдемі қызсың!
— Қойшы, сен тура менің мамам сияқты сөйлейсің ғой тіпті!
— Ал мен ше? Сұрықсызбын ба? Маған неге олай деп айтпайсың? Мен де Милан университетінің заң факультетін аяқтағанмын.
Машина жүргізіп кел жатқан Тони қарқылдап күлді.
— Сенің жараң жеңіл. Валға сәби сүю керек деген сияқты...
Андреа менің кезекті шабуылымды үнсіз бақылап отыр. Машинаның алдыңғы жағында отырған Валентина маған аққұба жүзі қызарақтап, көзәйнегінің артынан қой көздері жәудіреп қарады.
— Мен саған оны түсіндіре алмаймын. Сен сияқты атеисттерге сөз өтпейді!
Италия миссионерлері қаланың шетінен жуықта салдырған жетімдер үйіне бірнеше машинамен бардық. Ұйым бұл үйге мектеп жасына жетпеген сәбилерді көшіріп, өз қамқорлығына алыпты. Енді міне, бірнеше сәбидің туған күніне сыйлық апара жатырмыз. Екі қабатты үйге кіріп келгенде, таныс иіс бұрқ ете түсті. Бұл иіс бір рет сезілсе, жадыңыздан кетпейді. Бала бақшаға кіргенде мұрын жаратын балақайлардың тәтті иісі емес, анасын аңсаған сәбидің көз жасының ащы иісі. Асханаға өттік. Қатар-қатар қойылған аласа үстелдердің басында екі-үш жасар отыз шақты бала отыр. Балаға толы асханада орнаған тыныштық оғаш көрінді. Темір қасық тиген ас аяқтар кезек-кезен шаңқ етіп, жаңғырығы ауаны жарады. Сәбилерге арналған кішкентай орындықта біртүрлі күжірейіп бірнеше тәрбиеші балалармен қатар отыр. Балалардың кейбірі бізге аңтарыла қарап қалды, кейбірі мән бермеді. Қабырғаны бойлай қойылған ұзын орындыққа барып отыра кеттім. Студент кезімде жетімдер үйіне еріктілер ретінде бір рет барып, қайтып бармауға сөз беріп едім. Бұл аянышты көріністі қайта көргім келмеген. Ол кезде жетімдердің дені орыс балалар еді, ал мына асханада отырған сәбилер түгел қазақ. Асхананың бір қабырғасынан қуыс жасап, Марияның мүсінін қойыпты. Бұл – Тони, Вал және Андреаның менің қыршаңқы сұрақтарыма жауабы.
Маған жақын тұрған үстелдің шетінде отырған екі-үш жасар қыз бала жатырқамай жаныма жетіп келді де, тіземе сүйеніп, бетіме қарады. Балақайды амалсыздан алдыма алдым. Қабат-қабат киімінен кір иісі шығады. Тым қысқа шашына ебедейсіз, жапырайта тағылған лентасын абайлап алып, төбесін иіскедім. Сәби суықтан бітіп қалған танауы пыс-пыс етіп, басын иығыма сүйеген қалпы, тапжылмай отыр. Тони ұсынған тәттілерді томпиған кішкене қолдарымен қалтасына толтырып алды да, симағанын құйттай алақанына қысып алып, басын иығыма қайта салды. Екеуімізде де үн жоқ. Менің алдымда біз кеткенше отырды.
Қайтар жолда машинаны үнсіздік жайлады. Мен машинаның терезесінен Алматының тозған көшелері мен Саяхат автотұрағының маңында қытайдың ала сөмкелерін көтеріп сабылған жұртқа қарап отырмын. Жасыл базарға созылатын әдемі аллеяны бойлай шемішке сатқан не құмалақ ашқан әжелер отыр. Олар көшеде отырғанда немереге ертегіні кім айтады? Крест таққан қазақтар ертең кім болады? Жетпіс жылда жадымыздан өшірілген мәдениетіміз бен тілімізді қайтара алмай жатқанда, бұл бөтен мәдениет адасқан ұл мен қызды одан әрі адастырмай ма? Өз ойымнан өзім шошып кеттім. Мен неге бұл туралы ойлануға тиістімін? Мен кіммін?
— Тони, сен білімді жігітсің ғой. Сұрағыма жауап берші. Экономикалық жағдайды пайдаланып, жастардың басын дінмен шырмау әділ ме? Олар әлі жас қой. Дінді қазіргі заманда сәби балаларға таңуға бола ма?
— Дін бұл балаларға кейін бағыт береді. Мақсат бізді кездестірмегенде, тағдыры не боларын...
— Бағыт береді дейсің. Мақсатты көшеден тауып алып, адам қылдық дейсіңдер. Мақсат қазақша білмесе де екі жылда италиян тілінде сайрап кетті. Ол ертең қазақ мәдениетінен жиреніп, нағыз италияндық болатыны сөзсіз. Көшеде жүрген балаларды басқа секта өкілдері де жетектеп алып кетіп жатыр. Ертең елді надандық басады. Бұл елдің там-тұтығы қалмайды ғой!
— Сонда сен үшін Мақсаттың көшеде жүргені артық па? Сен де Американың шпиондарына көмектесіп ақша тауып жүрсің ғой!
Мен күлдім.
— Біздің адамдар ғана секем алғыш екен десем, «КГБ» параноясына бүкіл әлем шалдыққан екен. Мені де құпия қызметтің тыңшысы деп жүрген боларсың? Ол бейбақтар шпион емес. Қазақтарды зерттеп жүрген бір топ айкезбе. Халықтың мәдени көзқарасы арқылы Орта Азиядағы саяси ахуалды зерттеп жүр деген күннің өзінде де, бізді басып алу немесе мәдениетімізден айыру мақсатымен жасап жүрген жоқ. Қайта олар орыстанып кеткен қазақтар менсінбей жүрген тілімізді үйреніп, мәдениетімізді жарнамалап жүр. Бар мәселе осында тұрған жоқ па! Ал сендер ше? Бөтен дінді әкеліп, жер бетінен жоғалып кеткелі тұрған халықты одан әрі шатастырып жүрсіңдер!
Қыздар бұл шабуылыма Тони өзі жауап берсін дегендей, машинаның артында үн-түнсіз отыр.
— Міне, өз сұрағыңа өзің жауап бердің. Егер адамның өзінің тұғыры берік болса, оған ешкім ешнәрсе таңа алмайды. Көптеген қазақтар өздерінің кім екенін, қайдан келгенін де білмейді! Қайда тартсаң, сонда жүреді. Коммунистер рухани аздырып жіберген халық.
— Енді сол азған жұрт есін жимай жатып бәрің жан-жақтан тарпа бас салғаның дұрыс па? Кешегі тарихымызды қорытып та үлгермедік. Бар-жоғы он бес миллионның қақ жартысы онсыз да өзінен өзі жеріп отыр. Коммунизм деген не? Ол да діннің бір түрі. Коммунистер де жоқ нәрсені уағыздап, адамдарды жоқ нәрсеге сендірді. Олар да «идея үшін өміріңді сарп ет» деп үйретті. Ол құлдық емей немене? Мафия тозығын шығарған Сицилияны коммунистер басып алып, қалған Италияға қарсы қойса, саған ұнар ма еді?
— Біз күштіміз ғой. Біздің мәдениетіміз мықты.
— Ненің ұлтшылдық, ненің адамгершілік екенін қайдам, қысқасы, өткендегі аударманы алмаймын. Жұрт өзінен өзі беземін десе, өзі білсін. Бірақ оған дәнекер болу менің жұмысым емес.
Миссионерлермен достығым ұзаққа бармады. Америкалықтар ғана Тониға меңзеп мені мазақ қылғанын ұзақ уақыт қоймады.
***
Буш екінші президенттігін жеңіп алған күні америкалық достарым кезек-кезек телефон соқты. Бәрінің көңілі жабырқау болғасын, кешкі асқа шақырдым. Бәрібір ешкімнің жұмыс істеуге құлқы жоқ. Көк базарға барып, бір салым қазы жасатып, жал-жая сатып алдым. Жаңа сауған сүт пен қол майынан бауырсақ иледім. Қыздар салат жасап алып келеміз деді. Майкл әдетінше бір жәшік сырасын көтеріп келетін шығар. Америкалықтар бұны «потлак» дейді. Рене́ бір қазақ тілші қызды ертіп келіпті. Өзі додасы шығып әлі жылап жүр. Аяқ киімін шешкенше, бүкіл қайғы-қасіретін төгіп салды: «Сенер емеспін! Америкалықтар осыншама ақымақтыққа барады деп кім ойлаған? Американың беделін осыншама түсірген адамды қайта сайлау барып тұрған жауапсыздық!» Қолына бір бөтелке сыра ұстаған Майкл ас үйден залға өтіп бара жатып, «Right!» деді. Алматыға жуықта ғана келген Анна диванға сүйеніп, банджосын ойнап отыр еді, ол да мұрнын тыржитып, қарсылығын көрсетіп қойды. Америкадан қонаққа келген жігіті Эндиге бауырсақтың не екенін түсіндіріп жатқан Пегги де Ренені қолпаштап ала жөнелді. Дастархан басына отырған соң, сайлаудың нәтижесіне көңілі толмаған достарыма жұбату айтқан болдым: «Сайлау құтты болсын! Президенті өзін өзі сайлап алатын жұрттар да бар әлемде! Қаймықпаңдар, бәрі де жақсы болады!» Қонақтар күліп жіберді.
Энди басында жылқының еті деген соң, тартыншақтап отыр еді, енді қамыр мен қазыны сүйсіне жеп отыр. Пегги қарадай қысылып, оны «Көп жеме» деп түрткілеп отыр. Одан қалса, Рене́ге қарап, астыңғы ернін тістеп, басын шайқап қояды. Бұл антропологтар тілінде «Энди – басқа халықтар жайлы еш хабары жоқ сауатсыз!» - дегенді білдіреді. Мен Пеггидің бұл антропологиялық диагнозына қарсылық таныттым: «Энди, алыңыз! Қонақтар асты сүйсініп ішсе, үй иесіне содан артық қошемет қажет емес!»
Рене́мен келген тілші қыз маған бір шаруамен келіпті. Бұйымтайын айтты. Францияның бір телеарнасы полигон жайлы деректі дерек фильм түсіру үшін арнайы тобын жіберген көрінеді. Соларға аудармашы керек екен. Өткенде Рене́ бұл қыз жайлы маған айтқан. Америкадан оқып келіп, халықаралық ақпараттық агенттікте қызмет етіп жүрген нағыз кәсіби тілші екен. «Қазақстанға келгелі нағыз профессионалды көрген емеспін. Менің таныстарымның бәрі негізгі мамандығымен емес, басқа нәрсемен шұғылданып жүр» - деп мені қызғандырып қойған. Расында да, ағылшынша осылардан кем сөйлемейді және АҚШ-тың сайлауын осылармен бірге талдап отыр. Өзіммен қатарлас қыздың біліктілігіне қызыға қарап қалыппын. Бұл қызды бәрі құрметтеп, өздерімен тең көреді екен. Өз ісін білетін адамды бұлар мойындай біледі.
***
Француздар келген бойда келісімшартқа қол қоюға шақырды. «Достық» қонақүйінің дәлізінде мені қарсы алған ұзын бойлы, орта жастағы сары жігіт өзін «Жан» деп таныстырды. Жобаның режиссері екен. Жанның көздері мен бет әлпеті өзімен қоса сөйлейді. Жымын білдірмейтін америкалықтардан мүлдем өзгеше! Жанындағы аласа бойлы, қара торы ер адамның аты Пьер, фильмнің продюсері екен. Ал менімен «Enchanté!» деп танысқан оператор жігіттер ағылшын тілін білмейтін көрінеді.
Жан рұқсатын көрсетіп, жобаның мақсатымен таныстырған соң, «Ал енді бір күндік жалақыңды айт» демесі бар ма. Жалақысын әрқашан өздері тағайындаушы еді ғой? Не дерімді білмей қалдым. «Қанша десең, сонша береміз. Себебі біз жергілікті тілдерді мүлдем білмейміз. Саған қанша тәуелді екенімізді түсінетін шығарсың?» Батылым жетіңкіремей, «Жүз?» деп бетіне қарадым. Ол маған таңырқай қарады: «Are you sure?» Не көп, не аз екенін біле алмай, басымды изедім. Жан «100» деп жазды да, келісімшартты маған ұсынды. Мен қолымды қойған соң, «Бизнес жасауды білмейді екенсің. Мен 100 доллар үшін таңертең орнымнан да тұрмас едім! Сен он екі күн бізбен сандаласың, 500 десең де келісер едік» - деп күлді. Үш жарым мың доллар көзден бұл-бұл ұшты. Болары болып қойған соң, өкінішке жол бергім келмей, «Оқасы жоқ. Бұл сапардан көп нәрсе үйренемін», - деп жауап бердім.
Келесі күні таңертең шығыс жаққа жол жүретін болып келістік. Таңғы сағат алтыда үлкен такси жалдап, қонақ үйден бүгіннен бастап өзіме бағынышты төрт жігітті алып кетуге келсем, құралдары салынған төрт-бес үлкен қораптың үстінде отырған киношылардың жанында қара түлкі жағалы қымбат былғары тон киген ұзын бойлы сұлу тұр. «Басқа аудармашы тауып алған ба?» Ойым сан-саққа жүгірді. «Hi! We have an escort!» - деді Жан. Оның күйгелектенген дауысынан бір түсінбестік орын алып жатқанын сезе қойдым. Сұлу қыз маған қарап жымиды: «Айша. Я буду вас сопровождать». Ұшаққа кіргенде, Айша менің жаныма отырды. Бөлек отырған француздардың дауысын естіп отырмын. Олар бір нәрсені даурыға талдап жатыр. Жайғасып болғанымыз сол еді, Жан жетіп келді. Ол маған ғана қарап тұрып, «Талқылайтын бір нәрсе бар. Айша менің орныма барып отыра тұрсын» - деді. Айша кеткен соң, ол бірден шаруаға кірісті: «Бізге ешқандай эскорт қажет емес. Бала-шаға емеспіз, жолды өзіміз де тауып аламыз. Мына сұлу қыз – тыңшы. Ағылшын тілін білмеймін дейді, мен оған сенбеймін. Сен абайлап сұрап көрші, бұл қызға не керек бізден?» Жан жылдам тұрды да, кетіп қалды. Айша оралды.
— Айша, сен қайда жұмыс істейсің?
— Атом орталығының кадрлар бөлімінде жұмыс істеймін.
— Сені бұл сапарға кім жіберді?
— Бастық. Сендер филиалдарға барғанда қиналмасын деп...
— Сен ағылшын тілін білмесең де жіберді ме?
— Сен барсың ғой, аударып бересің.
— Қайдан боласың жалпы?
— Семейден боламын.
— Ммм. Еліңе бара жатыр екенсің ғой. Отбасың әлі сонда тұра ма?
— Иә, бір жағынан мамама кіріп шығайын деп...
Семейге жеткенше Айша өзі жайлы біраз әңгіме айтты. Сөзіне қарағанда, Жанның байбаламы орынсыз сияқты. Айша бастығымен жақсы көрінеді. Шетелден келген қонақтар күтпеген қиындыққа ұшырасып қалмасын деп және Айшаға қосымша табыс болсын деп жіберген екен. Әуежайдан күтіп алатын көлік пен басқа қосымша шаралардың барлығын ұйымдастырып қойыпты. Бірақ Жан бастапқы ойынан айрыла алмады. Ол менің америкалық антропологтарым қуана пайдасына асырып жүрген қонақжайлықты «қамқорлық», «жомарттық» деп қараудан мүлдем бас тарты.
— Сен оның киген тонына қара! Ол сен айтқандай қарапайым қыз болса, ақшаны қайдан алады? Еуропада ондай тонды бай адамдар ғана киеді.
— Біз жақта тонды бәрі кие береді. Күн суық қой!
— Сен неге кимейсің? Жұп-жұқа жарғақпен бүрсеңдеп жүрсің.
— Ол рас, менің тон алатын артық ақшам жоқ. Артық ақшам болса да тон алмаспын. Ол адамның талғамына байланысты емес пе?
Әуежайдан бізді күтіп алған шағын автобуспен бірден Курчатовқа тарттық. Жүргізуші езуінен күлкі кетпейтін жас бала екен, өзін «Қайратпын» деп таныстырды. Жас болса да екі баланың әкесі екен. Француздар мұны ести сала, сұрақты жаудырды. Батыста аяғына тік тұрмай ешкім үйленбейді. Бұл жақта адамдар неге ерте үйленеді?
Қалашыққа кіргенде, бәріміз үнсіз қалдық. Жұртта қалғандай, әйнексіз терезелері аңырайып, қаңырап тұрған үйлерге толы көшемен баяу жылжып келеміз. Тарковскийдің зонасынан аумайды. Бір кезде құдды бір Мысырдың құдіретіндей, Курчатовтың алып ескерткіші көрінді. Түс сияқты. Француздар өзара бір нәрсеге күле бастады. Сөйтсем, ағылшын тіліндегі Lonely Planet гидінде Курчатов қаласы жайлы «ghost town» деп жазылған екен. Расында да солай. Қалашықтың оңтүстік бөлігіне өткенде ғана тіршілік белгісі байқалды. Қаладағы бірен-саран әдемі ғимараттардың бірі - қалашықтың орталығында тұрған қонақ үй екен. Орналасып болған соң, Айша астыңғы қабаттағы мейрамханадан оның мекемесі қонақтарға арнайы дастархан әзірлегенін хабарлады. Қалашықтың әкімшілігінен бір-екі ер адам келмекші екен. Француздарды біреулер қазақтар мен орыстар қонақтарын арақ ішуге мәжбүрлейді деп ескертіп қойыпты. Әкімшіліктен келген жігіттер біраздан кейін расында да мәжбүрлей бастағанда, француздар бұл дәстүрлі өз көздерімен көргендеріне мәз болды.
Ертеңінде атом орталығына барып, деректі фильм материалдарын әзірлеуге кірісіп кеттік. Орталық мамандарымен сұхбат уақыты алдын ала келісіліп қойған. Алдымен шағын мәжіліс болды. Орталықтың өз аудармашысы бар екен. Жап-жас қазақ қыз алдына кішкентай блокнотын ашып қойып, сөйлеген адамның сөздерін жылдам түртіп алып, кідірместен аударып береді. Машина сияқты. Кәсіби әзірлігі күшті әріптесімнің біліктілігіне бір жағынан сүйсінсем, бір жағынан зәрем ұшып кетті. Мәжіліс аяқталған соң, Жан да аудармашыға алғысын айтып, қошеметін жаудырды. Жан өз ісіне бекем және бастық ретінде бәрімен санасып тұратын кішіпейіл жігіт екен. Меселі қайтпасын дегендей, мені де арқамнан қағып, қолпаштап қойды: «Абыржыма, сенің әзірлігің кем емес. Ол дегенің бір салада маманданған профессионал ғой! Сен де кәсіби аудармашы болуға әзір тұрсың. Қаласаң, Еуропадағы арнайы оқу орындары жайлы ақпарат тауып берейін.»
«Профессионал тілмаш», «профессионал аудармашы» – бұлар үшін маман иесі болу дүниедегі ең маңызды нәрсе екен. Әркім өз ісімен айналысады, өздерінің біліктілігі аз жерде бұлар пікірін білдіруге де ұялады. Қызық! Бұл туралы дұрыстап ойланатын екен.
Сол күні сұхбат алатын инженер кезінде Ресейден келген күшті мамандардың бірі, полигон жабылғанда, Ресейге баруға жүрексініп, осында қалып қойыпты. Жан сұрағын аяқтаған соң, аударайын деп инженерге бұрылып едім, мәссаған, ол қып-қызыл мас екен. Әрең тұр. Мен Жанға қарадым. «Маған керегі де осы» дегендей, Жанның көздері ұшқын атады. Операторға «жақынырақ ал деп» нұсқау берді. Көздері жәудіреп, жетім баладай жасқанып тұрған инженердің алабұртқан өңіне қайта қарадым. Құрып қалсын, жанары қара түнек. Не қияметтің дерті уақыт. Ал өміріңді сарп еткен дүние жалған болып шықса ше? Оның дерті бар ма?
Атом физикасын шемішкедей шаққан күшті сана ішімдікке берілер емес. Байқұстың тілі күрмелсе де, Жанның сауалдарына нақты жауап берді. Түсіріп болған соң, Жанға өкпемді айттым.
— Мас қой. Несіне түсірдіңдер?
— Қызық емес пе! Бұл реактор жабылғалы қай заман! Бұлар әлі жұмыс істеген кейіп көрсетіп жүр. Әлі қырғи қабақ соғысын ойнап жүр. Бұдан артық қандай материал керек?
— Обал ғой. Өмірін осы жұмысқа арнаған бейбақтар. Жаным ашып кетті. Сендер үшін Кеңес Одағы бір құбыжық сияқты, ал біз бұл елде тұрдық. Қаншама адамдар сенді бұл жүйеге. Бұл бейбақ та соның бірі. Менің әкем де сенді. Ата-анасын атып тастап, өзін жетімдер үйіне жіберіп, «ата-анаң – өкімет» деді. Оны дер кезінде білмедің деп бетіне басу барып тұрған қатыгездік емес пе?
— Дұрыс айтасың. Ол солай. Бірақ біздің қандай күйде өмір сүргенімізді білесің бе?
Екі оттың ортасында әрқашан үреймен өстік. Бүкіл әлемнің зәресін алған құпия зонаның инженері елес қалада ешкімге керексіз болып қалғаны тағдырдың тәлкегі емей не? Юмормен қара әр нәрсеге, Шынар. Не нәрсеге күрделі қарай берме. Әйтпесе адам жынданып кетпей ме?
Соңғы күні полигонның көріністерін түсіріп болған соң, Семейге кешкі астан кейін шығып кеттік. Жан таңертеңгі Алматы ұшағына үлгермек. Онда бір жоспарланған сұхбатты түсіріп, түнде еліне қайтпақ. Біз шыққанда қар бірталай жауып қалған екен. Жол жабылып қалмай ма деп сұрағанда, Қайрат алаңсыз: «Абыржымаңыз, жылдам жетеміз» - деген еді, қайдам, бір кезде автобус қардан жүре алмай қалды. Есікті ашсам, алай-дүлей боран басталып кетіпті. Сұмдық болғанда, ұялы телефондар түгел байланыссыз қалыпты. Сигнал мүлдем жоқ. Бар үміт Айшада. Ол ата-анасына кіріп шығамын деп, ертерек шығып кетіп еді, сол бізді жоқтамаса, біздің жолда қалғанымызды ешкім білмей де қалар. Қайратты бас салдым.
— Бағана сұрағаным осы еді ғой! Сонда неге айтпадың шыныңды? Енді осы жерде үсіп өлеміз бе?
— Менен неге көресіз? Мен қайдан білейін!
Екеуіміздің де үніміз ащы. Жасы егделеу Пьер түсінбесе де, сабырға шақырды.
— Мұндай да жүргізушіге оңай тимейді. Оны кінәлама. Сигнал оралатын шығар. Сабыр сақтайық.
— Құрысын! Өткенде бір әйел «Байға ти де, үйде отыр!» деп еді. Тіпті дұрыс айтқан екен!
Жан менің сөздеріме көзінен жас аққанша күлді. Бірақ бұл аймақта жолда қалып, үсіп өлу жаңалық емес екенін әбден білетін Қайрат екеуімізді үрей шындап жайлап алған еді, езу тартуға шамамыз келер емес. Автобустың қызуы үш-төрт сағатқа жетті. Қайраттың капотында бір бөтелке ақ арақ бар екен, бірақ француздар жымиып, бастарын шайқасты. Олар қайта сөмкелеріндегі барлық киім-кешекті шығарып, оранып-шымқана бастады. Қайрат екеумізге де қосымша шұлық пен свитер тиді. Пьердің сөмкесінде сыйлық ретінде салған қымбат шоколадтары бар екен. Шоколад біраз қуат бергендей болды. Жан менің қатты абыржып отырғанымды көріп, көңілімді аулаған болып отыр. Қойын қалтасынан отбасының суреттерін алып шықты. Бірінші сурет қолыма тигенде, аңтарылып қалғаным рас: екі сүйкімді балақайды суға түсіріп отырған келіншектің нәсілі қара екен.
Балақайлардың қаралығы болмаса, Жаннан аумайды. Жан Африкада бес-алты жыл тілші болып жұмыс істепті. «Әкеме қоңырау шалып, «Үйлендім» деп едім, әкем: «Тұра тұр» деді. Телефонды қайта алып, «Ал, сөйле!» деді. Әлі күлкім келеді. Виски жұтып алмағанда, жүрегі жарылар еді. Ата-анам – ауқатты адамдар. Ешқашан қиындық көрмеген. Құрысыншы, өз мұрнынан арғыны көрмейтін надандықтан жек көрерім жоқ. Біздің бас қосқанымыздың өзі де осы расизмге деген қарсылығымыз. Парижде тұрамыз. Менің жаным осыларда, ал әкем болса әлі ренжіп жүр. Ата-анам маған жақсы өмір сыйлады, ол рас. АҚШ-тың ең мықты университетінен оқытты. Мен де оның үмітін ақтадым. Енді өмірімнің қожайыны өзіммін».
Боран басылып, таң қылаң бергенде, ұйықтап кетіппін. Шуылдаған дауыстардан ояндым. Түс болып қалыпты. Семей жақтан бульдозер келген екен. Айша байбалам салып, бәрін аяғынан тік тұрғызса керек. Бульдозердің соңына ілескен джиптен секіріп түсіп, ұзын тонының етегіне шалына, далбалақтап бізге жүгіріп келді: «Как вы нас напугали! Я думала все... Боже мой! Не дай бог!» Бозарған келбетінен түні бойы ұйықтамағанын байқадым. Айшаны әкелген джип француздарды бірден әуежайға жеткізу үшін арнайы жіберіліпті. Ұшақтан қалып қойғанымыз сөз емес екен, бірақ Алматыдағы аса маңызды ресми тұлғамен жоспарланған сұхбатты жіберіп алмау үшін, Жанның телеарнасы жеке ұшақ жалдапты. Мен бұны естігенде, аузым ашылып қалды. Жан маған қарап жымиды: «Көрдің бе, профессионализм деген осы. Тілші үшін не маңызды – қалаған жеріне дер кезінде жету маңызды!» Ол Айшаға бұрылғанда, жүзі жібіп, күлімсірегенін байқадым. Айша екеуміз француздармен қоштасып, Қайраттың автобусына оралдық. Айша түнгі қарбаласын аптыға сөйлеп аяқтаған соң, таңдайын қағып, тамсанып қойды.
— Жұмысың қандай қызықты! Бұрын аудармашы не стюардесса болсам деп армандайтынмын.
— Қайдам, кеше түнде шошығаным сонша, енді қайтіп мұндай жұмысқа бармаспын деп ойладым.
Машина бульдозер тазалап кеткен жолмен зуылдап келеді. Түнде ғана алай-дүлей боран жұлқылап, ойран салған дүние түк болмағандай тып-типыл. Кіршіксіз қар таңғы шуақпен шағылысып, жалт-жұлт етеді. Әркім өз ойына шомылып, үнсіз қалдық. Бір кезде ұялы телефоным дыбыс бергендей болды. Байланыс оралған болуы керек. Түнде жете алмаған қоңыраулар кезек түзіп үлгеріпті. Кезектің басында Айманның нөмірі тұр. Жаңа ғана звондапты. Тағы бір антрополог жеткен болар. Кім екен?
Дереккөз: adebiportal.kz/kz/news/view/19351
Дереккөз: Адырна журналы, қараша 2017, N11, 8-36 бет.
Opmerkingen