top of page
  • Writer's pictureЗәуре Батаева

Ән-Нисаның 34-ші аятындағы «дараба» сөзінің аудармалары жайлы

Құранның Гордий Саблуков аударған орыс тіліндегі нұсқасын (1894, Қазан) бір букинистен тауып алдым. Саблуков мәтінді қысқа да нұсқа, түсінікті қылып аударыпты, бірақ айта кететін бір жайт – Саблуков аудармасында кейбір аяттардың орны аздап жылжып кеткен екен. Қолданылған түпнұсқа мәселесі ме екен? Мысалы, Ән-Нисаның 34-ші аяты бұл нұсқада 38 екен.


Құранды аудару барысында осы Ән-Нисаның 34-ші аятына қатысты дау-дамай туындайтыны мұсылман қауымына белгілі жайт. Саблуков бұл атышулы сөйлемді былай деп аударыпты: «а тех, которыя опасны по своему упрямству, вразумляйте, отлучайте их от своего ложа, делайте им побои». Бағынбаған әйелді: «алдымен насихатта, болмаса төсегіңе жолатпа, болмаса саба». Яғни, дау-дамайға себеп болатын арабтың «дараба» етістігін Саблуков «делайте им побои» деп тәржімелеген екен.


Мамандардың пікіріне жүгінсек, drb түбірінен туындаған бұл сөз Құранның өзінде 58 рет етістік ретінде, 3 рет зат есім ретінде кездеседі екен. Құранда қолданылған көптеген мағыналарының арасында «сапар шегу», «жолға шығу», «алға жылжу», «қалдыр/таста» мағыналары да бар екен. Құраннан тыс, күнделікті араб тілінде де бұл сөздің көп мағынасының арасында «сабау» мағынасы өте сирек қолданылатын көрінеді. Сөйте тұра, Қасиетті Құранның 4-сүресінің, 34-аятын тәржімеледуе «сабау» мағынасына неге басымдылық берілген деген сұрақты, әрине, Құранды өз көзімен оқыған әр әйел заты қояры хақ.


Менде Қасиетті Құранның ағылшын тіліндегі 3 аудармасы бар екен, соларды салыстырып қарап көрейік:


1. 2015 жылы Оксфорд Пресс баспасы үшін аударылған нұсқасында «дараба» етістігі «саба» (strike them) деп аударылған. Кітаптың жауапты редакторы, қазіргі Ислам пәлсапашыларының бірі – Сейіт Хуссейн Наср 34-аятқа берген түсініктемесінде: «Соңғы бір аудармаларда «дараба» сөзінің физикалық жазалау мағынасын жоққа шығарып, бұл сөздің Құранның басқа аяттарында, мысалы, daraba fi’l-sabil, яғни, «жолға шығу», daraba fi’l-ard, яғни, «сапар қылу» сияқты идиомалық мағынасына жүгініп, «таста» мағынасын ұсыну үрдісі орын алып жүр» дей келе, бұндай тәржіме аят берілгендегі тарихи контекстке сай емес дейді.


Сейіт Хуссейн Наср меңзеп отырған аудармашы – өзінің бұрынғы оқушысы, Құранды 2007 жылы ағылшын тіліне аударған Ләйлі Бахтияр деген үлкен пәлсапашы ғалым. Былтыр 82 жасында дүниеден өтті. Ләйлі Бахтияр намазға 1964 жылы жығылған екен, бірақ аударма жұмысын 2007 жылы, яғни, кемеліне келіп, зейнетке шыққанда ғана қолға алды. Бұл әпке «дараба» сөзінің мағыналарын мұқият зерттеп, жан-жақты сараптап, Алланың өз аузынан шыққан қасиетті сөз адамзатты зорлыққа емес, шарапатқа шақырса керек, дараба сөзін «сабау» емес, «go away», яки, «тастап кет» деп тәржімелеу теологиялық тұрғыдан дұрыс деген шешімге келген еді.


2. 2008 жылы Penguin Classics баспасынан жылы жарық көрген нұсқасында (суреттегі жасыл кітап) Палестина тарихшысы Тариф Халиди «дараба» етістігін «smack them», яғни, «жағынан тартып жібер» деп аударыпты. Бұл кісі аудармасына ешбір түсініктіме ұсынбаған екен.


3. 1984-2001 жылдар аралығында Принстон Университеті баспасынан жарық көрген Ахмет Әли (1910-1994) нұсқасында «дараба» етістігі «go to bed with them» деп, яғни, метафоралық мағынада «жүрегін жібіт» деп аударылған. Ахмет Әли 34-аятқа берген түсініктемесінде «дараба» етістігін «саба» деп аудару қателік дей келе, 9-ғасырда Сахих әл-Бухари мен Сахих Мұслім сияқты ғұламалар жазып қалдырған Пайғамбардың өз аузынан шыққан хадиске жүгінеді: «Әйелін құл сияқты сабап, түнде төсегіне жатқызуға кімнің дәті барады?». Ахмет Әлидің бұл тәржімесін 20-шы ғасырдағы Ислам реформистерінің бірі, Пәкістан ойшылы Фазлүр Рахман деген ғалым жоғары бағалапты.


4. 2008-2015 жылдары жарық көрген Талал Итани деген бір электроника инженерінің аудармасын кейбір мамандар «оқуға оңтайлы» деп бағалайды екен. Бұл кітап әзірге қолда жоқ, бірақ Google Books арқылы тексеріп едім, ол кісі де «strike them», яки, «саба» деп аударыпты. Талал Итани, әрине, Қасиетті Құран мен Ислам тарихын зерттеу саласында ешбір эксперттік білімі жоқ, араб тілін де жуықта үйренген адам, бірақ ол инженерлік біліктілігіне сүйеніп, барлық нұсқаларын сараптап, барынша бейтарап аудардым деген уәж айтады.

bottom of page