Қазақ жырларымен қазақтардың көбі хрестоматияда берілген үзінділер арқылы ғана таныс, толығымен оқымаған, сондықтан Ақжүністің жырдағы нағыз бейнесін көп адамдар біле бермейді. Сәвет мектебінде эпостардағы әйелдер бейнесі – ақыл мен биязылық, жақсы жар мен жақсы қарындас, яғни, идеалды әйел үлгісі делінді. Бұл расында да солай ма?
Қара қыпшақ Қобыландының жары Құртқа кім? «Қобыланды Батыр» жырының 19 ғасырда қазақ жыршыларының аузынан жазып алынған алғашқы бір нұсқасында Құртқа – Көктім Аймақ ханының қызы емес, Көктім деген бір кемпірдің қызы екен. Түсінде Баба түкті Шашты Әзіз аян беріп, Құртқа Қобыландыны жылқы бағып жүрген жерінде тауып алып, түсін айтып, екеуі солай танысады. Қобыланды арудың ақылы мен шешендігіне, рухани байлығына, жанының нәзіктігіне ғашық болады.
Бұл тақырыпты Әлихан Бөкейханов «Женщина по киргизской былине» атты мақаласында талдапты (Туркестанские Ведомости гәзеті, 1899, № 9). «Жырда Құртқаның әкесі жайлы айтылмауына қарағанда, Құртқа – мұсылман дәстүрінде тәрбиеленген күйеуіне басыбайлы, әдемі ойыншық емес, керісінше, Исламға дейінгі матриархат, әйел теңдігі басым көне түркі дәстүрінде тәрбиеленген, ақылына көркі сай, жарына ақыл-кеңес, бағыт беріп, көлігін баптап, ері жорыққа кеткенде ата-енесін күтіп, ел-жұртына бас-көз болатын, Қобыланды сияқты ердің өмірлік серігі», - деген ой жазады Әлихан Бөкейханов мақаласында.
Әлихан ағамыздың пікірінше, Құртқаның ақылы, білімі, көрегендігі – оның анасы Көктімнің берген тәрбиесі. Қобыланды Құртқа үшін тігілген алтын теңгені қақ жарып, Құртқаның қолын сұрағанда, Құртқа «іздеген теңім келді» дейді, ал Көктім кемпір ұзату тойын жасап, қызының жасауын беріп, жастарды шығарып салады. Бұны естіген Қызыл Ер: «Құртқаны мені жықса ғана алады», - деп хабар жібергенде, 13 жасар Қобланды: «Артымда жау қалдырман» деп, Қызыл Ердің ауылына жалғыз өзі шауып барып, батырды жеңіп, Құртқаның абыройын қорғап қайтады.
«Ер Тарғын» жырындағы ноғайлы батыры Тарғынның жары Ақжүніс кім? Ер Тарғын жазықсыз біреуді өлтіріп, өз жұртынан қашып, Ақша Ханның еліне қаңғырып келгенде, Ақша Ханның еріккеннен не істерге білмей отырған жалғыз қызы Ақжүніс жігіттің сымбаты мен ерлігі жайлы естіп, жігітке құлдарын жібертіп шақыртып алады. Бұйрықпен келген жігітті үйіне терезеден кіргізіп алып, ойнап-күлісіп болған соң, Ақжүніс Тарғынға: «Қырымның мырзасы Жалманбет деген жігітпен ашына едім, сол жігітті жаңылыста өлтіртіп алдым, күйіктен ішер астан, ұйқыдан айрылып, бұл уақытта сізді естіп-біліп, енді өзіңізбен ойнап-күліп отырмын. Менен хабар болған уақытта, менің жаныма келіп жүріңіз, әр кез лебізімді жерге тастамаңыз», - деп бұйырады.
Жыршы Ақжүністің ашынасын не үшін өлтіргенінің мән-жайын анықтап, кейіпкерінің жауыздығын сөгіп жатпайды, тыңдаушысына Ақжүністің қандай адам екенін оның іс-әрекетін баяндау арқылы әшкерелеп береді.
Ақша Хан Ақжүністі бір ханның ұлына беремін дегенде, «Өзім хан қызымын, маған хан қажет емес, бақыты зорды таңдаймын, мені алып қаш», - деп Ер Тарғынға өзі жабысады. «Құлмен қашып кетті» деп Намыстанған Ақша Хан: «Қуып жетіп өлтірсең қыздың құны жоқ, тек құлдан айырсаң болғаны», - деп қашқындардың соңынан 65 жасар Қартқожақ батырды жібереді. Қартқожақ Ер Тарғынның жас екенін көріп, өлтіргісі келмей, сөзбен жеңіп кеткенде, Ер Тарғын: «Мені аяғаны рас екен, мен де қадірін білейін», - деп, артық қойдан бағасы төмен Ақжүністі шалға тастап жүріп кетеді. Ақжүніс Қартқожақтан әзер құтылып, елге қайтуға бет жоқ, амалсыздан Ер Тарғынның соңынан қуып жетіп, екеуі Ханзада Ханның еліне қосылады.
Жеңілтек Ер Тарғын шайқаста емес-ау, биік ағаштан құлап, омыртқасын мертіктіріп алғанда, Ханзада Хан «енді пайдасы нешік» деп батырды жұртына тастап көшіп кетеді. Батырдың басына күн түскен осы қиын-қыстау сәтте тіршіліксіз Ақжүністің өзінің қолынан келер іс жоқ, айла-тапқырлығы және жоқ, батырдың масыл болып қалғанына арланып: «Ағаштан биік мерт тауып, қызметші қара құлдарша, қорлықпенен өлген ер», - деп Ер Тарғынның бетіне басады.
Қазақ жырлары халық даналығынан, өмір тәжірибесінен туындаған реалистік шығармалар, соны арасында «Ер Тарғын» жырын кеңестік идеологиядан тыс, қазіргі заман контекстінде оқысақ, бұл жыр екі лузер туралы жыр: ұл-мен қызға не нәрсеге қатысты ойланып, салмақтап, дұрыс шешім қабылдамасаң, жолың жүрмейді деген маңызды сабақ беретін жыр.
Міне, қыздардың жырдағы нағыз бейнесі осы, ал Құртқа мен Ақжүністі сайысқа салсақ, Құртқа сабырсыз Ақжүністі білімімен, ақылымен жеңетіні айдан анық. Бірақ, ақылдыны арсыз жеңген 21 ғасырда артымен диірмен тартқан арзан да таяз Ақжүністер елге «ақыл айтып» отыр да, білімді Құртқаларға қоғамда орын жоқ, ер-азаматтарға да ондай жар қажет емес. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан Ақжүністерге «Тіліңді тарт» дейтін Қартқожалар да жоқ екен.
Ақжүніс бір ұлтқа үлгі болатын жар ма әлде жүгенсіз азғын ба – оны әр оқырман өзінің дүниетанымына қарай шешеді, ал біздің айтайық дегеніміз, посткеңестік қазақтар неге бір-біріне жау, тас бауыр, қатігез дейсіз бе? «Қорғансыздың күні» бүгін неге сондай өзекті болып тұр дейсіз бе? Аягүлді бір топ ақымақ кибербуллинг құрығына түсіріп алып, «Апай, тоқтатыңызшы!», - деп жалбарынса да тоқтатпай, әбден азаптап, содан кейін құр сүлдерін жардан итере салғанда, қоғам неге міз бақпастан осы садист Ақжүністерге қол соғып отыр дейсіз бе? Қазіргі Қазақстан неге дәл осындай рухани кризиске ұшырады дейсіз бе?
Қазақтар – тарихы жадынан өшіріліп, төл мәдениетінен, төл әдебиетінен және ата-бабалары ғасырлар бойы ұстанып келген рухани құндылықтарынан айырылып қалған Мәңгүрт халық. Жоғалтқан өркениетін іздеп табуға ерініп, кешегі сәвет режимінің идеологтары миына құйып берген жалған дүниелерді мәніне бармай, тотықұс сияқты әлі қайталап отыр. Яғни, посткеңестік қазақтардың «рухани құндылық» деп жүргендері – қазақылық және Ислам дәстүріне негізделмеген, кеңестік дәуірдің жасанды, жалған идеяларына негізделген!
Ұлттың рухани нәр алатын бұлағы – Әдебиет пен Өнер, ал бұл бұлақ таза әрі мөлдір болуы тиіс. Қайдан келгені, кім жазғаны дүдәмал «Қара Сөздер» мен «Абай жолы» сияқты лай болмауы тиіс. «Өткеніңді ұмыт, мәдениетіңді ұмыт, тіліңді ұмыт, орыс бол» деген кеңестік идеология хабары басым бұл шығармалар қазіргі заманда не ұсынып отыр? Қазақтың бірін-бірі, яғни, өзін-өзі жек көретіні дәл осы дереккөздерден келіп жатыр.
Рухани құндылықтары жасанды халық бір-бірін құрметтеу, асылын бағалау сияқты аса маңызды адамгершілік қасиеттерінен және болашақ қамқорлығы сияқты ұлттың өміршеңдігі үшін аса қажетті қарапайым түйсіктен жұрдай болады. Джордж Оруэллдің «1984» атты сәуегейлік романы өз ділінен айырылып, рухани азып кеткен біздер жайлы.
Сәуле Әбілдаханқызы