• Зәуре Батаева

Қазақ жазушыларын ағылшын тілді оқырман оқи ма?

Көп тілдерге аударылып, әлемді шарлап кететін шығармалар ең алдымен ағылшын тіліне аударылады. Осы орайда Орта Азия аймағынан осындай мәртебеге ие болған алғашқы жазушылардың бірі – алдымен орыс тілді оқырмандарды мойындатып, одан кейін әлемдік деңгейге шыққан Шыңғыс Айтматов еді. «Ақ Кеме» ағылшын тілінде 1972 жылы шыққан.


1988 жылы «Боранды бекет» романы Индиана Университетінің баспасынан шықты. Бұл романның алғысөзін жазған Катерина Кларк – «Кеңес Романы: Рәсімге айналған тарих» атты еңбектің авторы және кеңес әдебиетін терең зерттеген мамандардың бірі болып табылады. Бұл кітаптың университет баспасынан шығуы және алғысөзді Кеңес құндылықтарын зерттеуші антрополог маманның жазуы – бұл романның әдеби шығарма ретінде емес, антропологиялық тұрғыдан қызықты болғанын көрсетеді.


Ал Айтматовтың 1989 жылы шыққан «Жанпида» романын ағылшын тілді оқырмандардың мүлдем қабылдамағанын байқау үшін, Амазон вебсайтындағы пікірлерді оқысаңыз жеткілікті. Жалпы бұл роман – орыс тілді оқырмандарға да түсініксіз тұстары көп шығарма. Сондықтан прозаға өте жоғары талап қоятын ағылшын тілді оқырмандардың бұл шығарманы қабылдамағаны түсінікті де. Шығармада Михайл Булгаковтың екі оқиғаны қатар қолдану әдісін сол қалпында пайдаланғаны жайлы көп айтылды, ал романның күшті жағы – қасқырдың психологиясы – Мұхтар Әуезовтің «Көксерегінен» алынғанын ешкім ашып жазбады.


Дегенмен, Шыңғыс Айтматов бүкіл әлемге танымал деген мифті қаншалықты ұнатқанымызбен, шындығында оның ағылшын тіліндегі ең белгілі шығармасы аталған романдар емес, «Жәмилә» әңгімесі болып табылады. Француз жазушысы Луи Арагон кезінде «Әлемдегі ең әдемі махаббат жыры» деп атаған бұл шығарманың әлем оқырмандарының көңілінен шыққаны – оның таза өнер туындысы болып табылатындығында. Бұл шығармада «адам және өмір» тақырыбы ешбір саяси немесе басқа идеологияны дәріптеу тұрғысынан емес, таза өнер тұрғысынан берілген. Ван Гогтың шығармасы сияқты тұнық. Ешқандай түсініктемені қажет етпейді.


Соңғы 15-20 жылда ағылшын тіліне аударылып, шығармаларын кәсіби баспалар шығарған жазушы – өзбек диссиденті, қос тілде жазатын Хамит Исмаилов. Исмаиловтың екі романы орыс тілінен аударылып, АҚШ-тың кәсіби баспаларынан шықты және бір шағын әңгімесі өзбек тілінен аударылып, «Words Without Borders» журналынан жарық көрді. Шығыс және орыс әдебиетінен нәр алған қос тілді Хамит Исмаиловтың шеберлігі оқырмандарды шынымен мойындатқан сияқты.


Қазақ жазушыларына келсек, 2013 жылы шыққан Рафиз Абазовтың «Ұлы дала әңгімелері: Қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы» атты жинағына бірталай авторлар енді. Одан кейін жомарт демеушілердің көмегімен Әбдіжәміл Нұрпеиісовтің «Қан мен Тер» романы (2013) мен Герольд Бельгердің шығармалар жинағы (2016) жарық көрді. Бұл аталған кітаптар түгел ағылшын тіліне орыс тілінен аударылғанына назар аударыңыз.


Орта Азия және қазақ әдебиетін халықаралық деңгейге шығаратын жазушылардың бірі Мұхтар Әуезов екеніне ешкім күмән келтірмес. Өкінішке орай, бұл көркем тіл шеберін халықаралық деңгейге шығара алмай отырған тағы өзіміз. Қазақстанда «Мұхтар Әуезов ағылшын тіліне аударылған, шетелде танымал жазушы» деген қате түсінік бар. «Абай жолы» мен «Көксерек» ағылшын тіліне аударылғанымен, бұлар Мәскеу қаласындағы «Издательство литературы на иностранных языках» және «Радуга» баспаларынан шыққан. Мұхтар Әуезовтің шығармалары батыс баспаларынан шыққан емес.


Жуықта Қазақстан демеушілерінің қолдауымен «Абай жолы» романын ағылшын тіліне қайта аударуға тапсырыс берілгені және аударма орыс тілін жетік білетін британдық аудармашыға тапсырылғаны жайлы хабар естідім. Қуанышты хабар. Бірақ, «Абай жолы» қазақ халқы үшін өте маңызды шығарма болғанымен, біріншіден, бұл 19 ғасырдағы оқиғалар туралы эпикалық роман ағылшын тілді оқырмандарға көлемі жағынан және бейтаныс мәдениет жайлы болғандықтан, тақырыбы жағынан қызықты болмайтыны анық. Екіншіден, бұл шығарма тағы орыс тілінен аударылып жатқаны өкінішті. Нағыз шеберлік үлгісі болып табылатын «Көксерек» әңгімесінің «экшн» жанрын жақсы қабылдайтын ағылшын тілді оқырманға тиісті дәрежеде әлі ұсынылмағаны да өкінішті. Егер ұсынатын болсақ, бұл шығарманы орыс тілінен емес, тікелей қазақ тілінен аудару қажет.


Тіл мәселесі – қазақ әдебиетін ағылшын тіліне аударуға тікелей қатысы бар тағы бір үлкен мәселе. Дәнекер тіл арқылы аударылған шығарманың тілдік қасиеттері жоғалып, тіпті жазушының айтпақ ойы мүлдем басқа нәрсеге түрленіп кетуі әбден мүмкін. Қарапайым мысал ретінде Абайдың белгілі жолдарын алайық:


Фзули, Шәмси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси. Хожа Хафиз – бу һэммаси Мәдәт бер шағири Фәрияд.

Орыс тіліне былай деп аударылған:

Шамси, Саади, Физули, Хафиз, Навои, Сайхали, Фирдоуси, молодому поэту, Величие, вы помогли!


Бұл жерде Абайдың ұлы ақындардаң бата сұрап отырғаны мүлдем басқа ойға түрленіп кеткен. «Khodja Hafiz – all of you, Bless the young poet, your greatness!» - деп тікелей қазақшадан аударса, нақтырақ болады. Ал орыс тілінен аударса, түпнұсқадан мүлдем алыстап кетер еді. Бұл сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады.


2013 жылы осы мақаланың авторы Дидар Амантайдың повестері мен эсселер жинағын Амазон арқылы ағылшын тілді оқырмандарға ұсынуға ат салысты. Бұл жобаны іске асырғанда, Дидар Амантайдың шығармаларын ағылшын тіліне тікелей қазақ тілінен аудардық. Жуықта Амазон арқылы шыққалы тұрған Айгүл Кемелбаеваның «Бала Күтуші» әңгімесі де тікелей қазақ тілінен аударылып, жоғарыда аталған Хамит Исмаиловтың әңгімесін өзбек тілінен аударған Шелли Фейервезер-Веганың көмегімен өңделді. Бұл жобалар үшін осы аталған екі авторды таңдағандағы негізгі ой – Кеңес кезеңінде қалыптасқан біржақты қазақ әдебиетіне көптеген жаңалық әкелген, зияткер жазушылар ағылшын тілді оқырманға қызықты бола ма деген ізденіс.


Себебі, бүкіл әлем әдебиетіне бәрінен бұрын қолы жететін, көп оқитын және жан-жақты ағылшын тілді оқырманға жаһандық деңгейде айтар сөзі бар жазушы болмаса, бір мәдениет аясындағы шығарма онша қызықты болмайды. Әсіресе біздің кешегі тарихымыз, батыста «тоталитарлық» деп аталған Кеңес кезеңі жайлы мүлдем қызықты емес екенін ескеру қажет. Сонда аударылған әдебиеттің табысты болуы қазір тікелей оқырманның талғамына тәуелді. Ал қыруар қаржы жұмсап, «ванити» баспалар арқылы басу – қазаққа ғана тән даңққұмарлық болмақ.


Аударма саласы – өте күрделі сала. Бұл жерде тілдерді білу жеткіліксіз. Мәдени ерекшеліктерді жеткізе білу үшін аудармашы екі мәдениетті де өте жақсы білуі талап. Мысалы, Толстой, Чехов және Достоевскийдің шығармаларын ағылшын тіліне ең алғаш аударған Констанс Гарнетті қос тілді жазушы Владимир Набоков, кейіннен Иосиф Бродский қатты сынаған. Набоков Гарнеттің аудармаларын мақтаған Джозеф Конрадқа осы жалған пікірі үшін тіпті ренжіген. Бұның себебі – Констанс Гарнет орыс тілін шала білетін, орыс мәдениетінен жұрдай, дилетант аудармашы болған және түпнұсқадан мүлдем ауытқып, өз тәржімесін ұсынған. 20 ғасырда орыс классиктерін көптеген басқа аудармашылар да тәржімелеп көрді. Солардың арасында 90 жылдардан бері орыс классиктерін түгел қайта аударған Лариса Волохонская мен Ричард Певир жұбының аудармалары әзірге ең үздік аударма ретінде танылуда. Әрине, шығарманы екі тіл иесі бірлесе аударса – ең тамаша әдісі сол болмақ.


Сонымен, бұл салаға аздаған үлес қосып, аталған маркетті зерттеп, бас-аяғында жүрген адам ретінде айтарым – қазақ жазушыларын ағылшын тіліне аудару үшін, алдымен аудиторияны зерттеу маңызды.


Аудиторияның пікірімен есептесу қажет. Екіншіден, қазақ жазушыларын орыс тілінен емес, қазақ тілінен аудару қажет. Біз қазір Кеңес заманының қысымында отырған жоқпыз, тәуелсіз ұлтпыз. Бірнеше тілде сөйлейтін ұрпақ өсіп келе жатқан ел үшін бұл мәселе болмауы тиіс.


Толығырақ: https://wordswithoutborders.org/dispatches/article/the-translator-relay

Толығырақ: https://nybooks.com/daily/2018/10/23/why-translation-deserves-scrutiny/