• Зәуре Батаева

Эммануэль Бов – анти-кейіпкер сомдау шебері

Кіріспе: Бұл жазушыға көңіл аударғаным – Literature Hub вебсайтында «Француз тіліндегі міндетті түрде оқитын бес кітап» деген мақаланың авторы тізімге Эммануэль Бовтың «Менің достарым» атты кітабын қосып, автор мен шығарма туралы аздаған ақпарат берген екен. «Бовты тағы жарты ғасыр күткіңіз келмесе, қазір оқып алыңыз» деп кеңес беріпті. «Оқып көрейінші!» деп дүкенге тұра жүгірдім. Сөйтсем, Эммануэль Бов соңғы кезде ағылшын және француз тіліндегі «міндетті түрде оқитын француз жазушылары» деген тізімдердің бәріне еніп, Франция мен Бельгиядағы кітап дүкені біткен алдыңғы сөресіне қойып жүрген бестселлер екен. Оның жөні де бар екен.


Жазушының атақты болуы немесе болмауы оның тура өзіне байланысты болса керек. XX ғасырдың француз әдебиетінен ерекше орын алған Эммануэль Бов – жұрттың назарынан бір емес, екі мәрте жоғалып, қайта оралған, жеке тағдыры да, жазушылық тағдыры да ешкімге ұқсамайтын, ерекше жазушы. Бір cыншы кезінде Бов туралы «Жазушы біткен атақ қуады, Эммануэль Бов атақтан қашады» деген екен. Бов дарынды жазушы болғанымен, амбиция дегеннен жұрдай болған сияқты. Париждің интеллектуалдық элитасына Колетт ханымның өзінің жеке қолдауымен келген Бовтың адамға жұғыспайтыны соншалық, бір күні Колетт «сол Бовті қайтып менің көзіме көрсетпеңдерші, үнсіздігінен адам шошиды» деген екен.


Эммануэль Бовтың толық аты-жөні – Эммануэль Бобовников. Әкесі орыс эмигранты, шешесі Люксембург қаласының еврей отбасынан шыққан қарапайым әйел болған. Екі ұлды болғанда, әкесі бір британдық ақсүйек әйелге үйленіп, отбасын тастап кеткен екен. Өгей шешесі Эммануэллдің жазушы болғысы келетінін білген соң, оны Британиядан оқытқан. Бірақ соғыс басталып кеткен соң, ол оқуын аяқтап үлгермеген.


Эммануэль Бовтің ең белгілі шығармасы жай ғана «Менің достарым» (Mes amis) деп аталады. Атауы әлемдегі ең қарапайым, бірақ ең тартымды сөздерден тұратын, кезінде Сэмюель Бекеттің өзіне шабыт берген осы шағын шығарманың басты кейіпкері – түрі де көріксіз, жаны да көріксіз, адамгершіліктен жұрдай, жеті жалқау, ал құр қиялға келгенде алдына жан салмайтын Виктор Батон деген адам. Әңгіме де қарапайым сөздермен басталады: «Әрқашан аузым ашылып оянамын. Тісімді түк басып кеткен: кешкісін тазалап ұйықтағанда дұрыс болар еді, бірақ соған мойын әсте жар бермейді».


Виктор Батон Бірінші Дүниежүзілік Соғысына қатысып, тіпті жарақат алған. Соғысқа қатысқаны үшін өкіметтен алатын азын-аулақ зейнетақыға күн көреді. Жасы қырықтан жаңа ғана асқан, тепсе темір үзетін жігіттің ешқандай жұмыс істеуге құлқы жоқ. Париждің асханаларынан ең арзан тамақ тауып ішудің түр-түрлі әдісін біледі, ал жақсылық жасауға келгенде бұдан сараң адам жоқ. Виктор Ерофеевтің «Мәскеу-Петушкидегі» әйгілі кейіпкері де дәл осы адамнан шабыт алғандай.


Виктор Батон – әлем әдебиетіндегі ең жағымсыз басты кейіпкерлердің бірі болса, Эммануэль Бов – анти кейіпкер сомдаушы шебер. Бов өзі бұл кітапты «рухани жұтаған жалғыздық туралы» деп сипаттаған. Ең қызығы – «сөзшең» француз тілінде ағылшын тіліне тән тиімділікпен қып-қысқа, әп-әдемі сөйлем құрайтынын қайтерсіз! Ал Париждің әдемі көшелерінде жанын қоярға жер таппай, сенделіп жүрген орыстың күңіренген көңілсіз жаны ше? Өмірінде Ресейде тұрмаған Эммануэль Бов орыстың жанын қайдан біледі? Генмен берілген бе? Кейіпкерлері түгел жалқау, тартыншақ, жігерсіз, одан қалса адамгершіліктен жұрдай оңбаған, тіпті болмаса барып тұрған өзімшіл, эгоист. Негізінде, көптеген мамандар Бовені «антикейіпкердің атасы» деп атаған екен. Сыншы біткен Бовені кезінде де, қазір де «гиперобъективтіліктің шебері» дейді.


Оқығаным бар болсын, неше мәрте үйді басына көшіріп, қарқылдап күлдім! Өлтіреді күлкіден. «Ағылшын тіліне тамаша аударылған» деген пікірді оқыдым Амазон вебсайтынан. Орысшасын интернеттен таба алмадым. Әлде аударылмаған ба? Біздің керемет «классик жазушыларымыз» бұл шығарма туралы «Осы да сөз болып па!» дейтіні сөзсіз, бірақ орысшасы болса, жастарға оқыңдар дер едім. Эммануэль Бов – суреткер жазушы.


Дереккөз: https://amazon.fr/Mes-amis-Emmanuel-Bove/dp/2253100455

Толығырақ: https://theparisreview.org/blog/2015/08/05/the-essential-detail/

6_edited.png
  • Facebook

© 2017-2020 | Зәуре Батаева | Зерде блогы