top of page
  • Writer's pictureЗәуре Батаева

Элен Дельфорж бен Квентин Гребанның «Мама» атты жыр-альбомы қазақ тіліне аударылды

«Жаным менің, асылым, балапаным. Құшағымда бола тұршы. Алақаным, Мынау қатал дүниенің ызғарынан, Қорғай түссін әлі де балақанын».

Бұл өлең жолдары 2018 жылы француз тілінде жарық көріп, әлемнің 25 тіліне аударылып, бірнеше әдеби жүлдеге ие болған және миллиондаған оқырманның сүйікті кітабына айналған «Мама» атты жыр кітабынан. Құрсағында сәбиі пайда болған сәттен бастау алып, жылдар бойы ұлғаймаса азаймайтын, әлемде ешбір баламасы жоқ, өзінен басқа жанға беймәлім Ана Махаббаты деген ұлы сезімді жаттанды құр сөздермен емес, сол Ананың күнделікті өмірі, бала жайлы ойлары, құпия арман-тілектері жайлы сыр шерте отырып жеткізген Бельгия жазушысы Элен Дельфорж бен әлемнің түкпір-түкпірінде әр қилы жағдайларда күн кешіп жатқан ана мен баланың дара тұлғасын асқан шеберлікпен бейнелеген суреткер Квентин Гребанның өз анасына арнаған бұл жыр-альбомын Қазақ Тіліне аудару құрметі бізге бұйырды.


Бұл кітап ана мен баланың қарым-қатынасын, ананың отбасындағы және қоғамдағы орнына деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге шақыратын ерекше кітап екен. Иә, Ана болу уақытша жұмыс емес, ол өз өмірін өз еркімен сарп етуді қажет ететін Ұлы Сезім және қоғам үшін маңызы зор Игі Жұмыс. Бұл жайлы бала есейгенде ғана білуі заңдылық па әлде анаға деген салауатты көзқарас әр мемлекеттің білім беру бағдарламасынан орын алуы тиіс пе?


Айта кететін бір жайт, аударма кезінде мәтіннің түпнұсқаға барынша сәйкес болуына баса назар аудардық. Өлеңдер француз тілінде жазылғандықтан, олар әр мәдениетке тән ұлттық құндылықтар мен ұлттық ділге тұнып тұрған қазына болып шықты. Аудармашы ретінде бізге, әрине, ең басты қиындық ұлттық ұғымдарды қазақ тіліне аударған кезде олардың мәдени ерекшеліктерін сақтай отырып, қазақ халқы үшін аса қасиетті болып саналатын Ана деген асыл бейнені қалай да оқырманға жеткізу болды.


Ең қызығы, жұмыс барысында, Ана деген ұғымның жер бетіндегі барлық халықтарға ортақтығы соншалық, әр мәтінде бейнеленген жас аналардың қуаныштары мен бейнеттері болсын, қайғысы мен күнделікті шаруалары болсын, қазақ аналарына етене таныс та түсінікті мәселелер болып шықты. Сондықтан, қазақ оқырмандары Ана деген жаһандық ұғымды төл мәдениетіміздің тұрғысынан қабылдай алады деп үміттенеміз. Кітаптың атауына қатысты біраз кеңесіп, «Ана» деген атау керемет болғанымен, басқа тілдермен қатар «Мама» деп қалдыруды жөн көрдік, себебі француз тілінде Ана Mère, ал Мама Maman.


Әлемнің балалар мен жасөспірімдерге арналған көркем әдебиетінің ең бір құнды туындыларын Қазақстан жұртшылығының назарына ұсынып, Әлем тынысын танытуға және Қазақ Тілінің дамуына орасан зор үлес қосып жүрген Steppe & World Publishing баспасының директоры әрі әдеби агенті Раиса Сайран Қадер-қызына ерекше алғысымызды білдіреміз.


Бұл кітапты бірнеше тілде маңайымдағы аналарға, жас аналарға және әжелерге сыйға тарттым, үлкен-кішіге түгел ұнайтын керемет сүйкімді кітап. Аналар күніне осыдан артық сыйлық жоқ.


bottom of page