• Зәуре Батаева

Шарлотта Бронте және оның сіңлілері

Романның мақсаты – хикаят айтып, оқырманды еліту болса, әлем әдебиетіндегі «Қымбатты оқырман, мен оған тұрмысқа шықтым» деп дәл бір сізбен ғана сырласып отырғандай жаныңызды баурап алатын күшті шығармалардың бірі – «Джейн Эйр». Байрон типтес кейіпкері мен оқиға желісі ертегі-аңыз стилінде жазылған бұл готикалық романды көптеген проза мамандары тілі, формасы және кейіпкер сомдау жағынан «проза үлгісі» деп атады. Ол солай. Шарлотта Бронтенің жазушылық шеберлігінен көп нәрсе үйренуге болады.


1847 жылы Smith, Elder & Co баспасы «Джейн Эйр» атты романды басып шығарғанда, Ұлы Британияның бүкіл зияткер қауымы, Виктория патшайымның өзіне дейін сүйсіне оқып, таң-тамаша қалды. Кейіпкерлері де, жазу мәнері де бөлек жазушы жайлы ақпарат жоқтың қасы еді. Шығарманың күштілігі соншалықты, белгісіз жазушының шеберлігін Уильям Теккерей бірден бағалады: «Авторға менің алғысымды жеткізіңіздер. Ағылшын тілінде жазылған романды өмірімде алғаш рет бас көтерместен бір күнде оқып шықтым». Шарлотта Бронте үшін бұдан артық баға қажет емес еді. Ол «Мұндай адамның бір сөзі көп сыншының бірнеше беттік еңбегінен мың есе артық» деді.


Виктория заманында әдебиет сүйер қауымға теңдесі жоқ шығарма сыйлаған Шарлотта Бронтенің дарыны туралы не білеміз? Кедей отбасынан шыққаны және тәрбиеші мұғалім болып қызмет еткенін оның өз шығармаларынан байқауға болады. Ал әлемге бірнеше роман мен өлеңдер жинағын сыйлаған апалы-сіңлілі Бронтелердің өмірден ерте өткені оқырмандарға әртүрлі дереккөздерден белгілі. Ең ұзақ өмір сүрді деген Шарлотта 38 жасында өкпе сырқатынан қайтыс болды.


Шарлотта Бронтенің өмірбаянын 1857 жылы алғашқы болып ұсынған оның құрбысы, белгілі жазушы Элизабет Гаскелл Бронтелердің денсаулығының әлсіз болуына олардың әкелерінің сараңдығы мен қатыгездігі себеп болды деп жазған. Бронтелердің шығармашылығы мен жеке өмірі осы уақытқа дейін Гаскелл суреттеген деректердің көлеңкесінен шықпады. Тетелес Бронтелер – Шарлотта, Эмили, Анна және Бранвелл – алдымен анасынан, одан кейін екі үлкен әпкесінен айрылған соң, әкесі мен нағашы әпкесінің қарауында қалды.


Протестанттық шіркеудің аскеттік қағидаларын ұстанатын Патрик Бронте мен ешқашан тұрмысқа шықпаған Елизавета жас балалардың қажеттілігін шынымен тани білмеді ме әлде медицина әлі жетіле қоймаған замандағы шарасыздық па? Әлде сол кездің өзінде атағы Еуропа мен Америка жайлап кеткен Шарлоттаның бейнесін оқырмандарға тартымды қылу үшін Элизабет Гаскеллдің қолданған тәсілі ме? Әлде қарапайым және діндар адамның балаларының дүниетану еркіндігін шектемей, олардың көкжиегін кеңейту үшін қолынан келгенше жағдай жасап, анасыз өскен балаларын барынша қорғап-қолпаштағанын көзқарасы тарлау Элизабет Гаскелл шынымен сараптап байқай алмаған ба?


2016 жылы жазушының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген «Өжет жүрек» атты кітабында Клер Харман Шарлотта Бронтенің өмірбаянын көптеген мұрағаттық ақпарат бере отырып, алғаш рет мұқият зерттеді. Шарлотта Бронтенің шығармашылғы мен оның отбасына үңілген осы кітаптың өзі бір ерекше дүние. Біз үйренген құр деректер жинағы емес: құжаттар, дереккөздер мен мұрағаттық материалдар оқиғалардың шынайлығын дәлелдеп отырса, Клер Харманның қылқаламы оқырманға Бронтелердің әрқайсысының бейнесін көркем бейне сомдағандай суреттеп береді.


Бронтелердің өмірі жұпыны болса да, рухани бай болғаны оқырман үшін үлкен жаңалық. Гаскелл суреттеген сараң да қатігез Патрик Бронте Харман суреттеген Патрик Бронтеге мүлдем ұқсамайды: Патрик Бронте балаларын жанындай жақсы көретін, кітапты көп оқитын, ақылды адам болған тәрізді. Балалар жас кезінен әкелерінің кітапханасынан қалаған кітаптарын алып оқуға ерікті болған. Олардың қиялы «Мың бір түн», «Эзоп мысалдары», «Гулливер хикаялары», тіпті сол заманда тым еркін саналып, тыйым салынған Байрон өлеңдерінен шабыт алғаны туралы деректер аз емес көрінеді. Бұл жайлы Клер Харман кітабының «Пастор үйіндегі сиқыршылар» атты тарауында тамаша жазған. Бірақ, балалар өзара керемет тату болғанымен, бөтен адамдардан жасқанып, өздерін оқшау ұстайтын, ойын-сауыққа шорқақ, епсіздеу болып өскен. Бұған олардың анасыз өсуі себеп болды ма әлде қиялы ұшқыр, білімі ерекше балаларға кітаптан басқа нәрселер қызықсыз болды ма?


Бұл әлемге бір емес, үш ақын-жазушы сыйлаған осы отбасы туралы тағы бір қызықты жәйт - Патрик Бронте балаларының жас шағынан нағыз шығармашылықпен айналысқанынан мүлдем хабарсыз болған. Балалары өздеріне ғана мәлім қиял әлемін ойлап тауып, әрқайсысы өзінің сүйікті кейіпкерін сомдап, титімдей кітапшалар жазған. Балалардың арасындағы ең дарындысы – Бранвелл сурет салуға да шебер болған. Отбасының Бранвеллден көп үміт күткеніне оның бала кезінен байқалған ерекше қабілеті негіз болса керек. Жоғарыдағы сурет – Бранвеллдің отбасында сақталған жалғыз шығармасы. Бұл суреттен Бранвелл кейінірек өзін өшіріп тастаған екен. Бұл әрекетіне не себеп болғаны жайлы ешбір дерек жоқ. Бранвелл өзін еңбекқор әпке-қарындастарының жанында тұруға лайықты емеспін деп қорланды ма екен?


Өкінішке орай, Бранвелл жас шағынан ішімдік пен нашақорлыққа салынып, дарыны мен білімін ысырап қылды. Ешқандай жетістікке жетпегенін оның бауырмал отбасы қабылдар еді, бірақ Бранвелл әкесі мен қарындастарын көп азапқа салып, аяғында қайғылы қазаға ұшырады. Шарлотта жасырақ кезінде өзімен тетелес Бранвеллге екі кішірек сіңлісінен гөрі жақынырақ болған, бірақ Бранвелл отбасының тозығын шығарған соң, одан үмітін мүлдем үзген. Апалы-сіңлілі Бронтелер ағасының өздеріне қамқоршы бола алмайтынын түсінген шақтан бастап, Шарлотта табыс табу жағын ойлай бастаған.


1846 жылы Эмили мен Анна Шарлоттаның ұсынысымен шығармаларын баспаға әзірлеуге құлшына кірісті. Ерлер билеген заманда өз аттарынан шығаруға батпай, әрқайсысы лақап ат таңдауға мәжбүр болды. Қызық болғанда, баспагерлер басында Шарлоттаның алғашқы романын қабылдамай, Эмили мен Аннаның шығармаларын ғана шығаруға келіскен. Бірақ Шарлотта көз ұзамай баспагерлерге «Джейн Эйрді» жібергенде, Smith, Elder & Co иелерді Каррер Беллдің ерекше жазушы екенін бірден таныған.


Шарлотта Бронтені әдебиет беттерінде қалыптасып қалған көңілсіз және өңсіз бейнесінен құтқарып, 21-ғасырдың өжет те озық қыздарының қатарына қосқан Клер Харманның «Өжет жүрегі» өзіме қатты ұнады. Нағыз шабыт көзі деп осындай еңбекті айт!


Дереккөз: https://www.bookdepository.com/Charlotte-Bronte-Claire-Harman/9780345803412

Толығырақ: https://bronte.org.uk/