Роман және әңгіме шебері Уильям Фолкнердің (1897-1962) сана ағысын қолдану техникасы мен бейнелеу ауқымы, тереңдігі жағынан теңдесі жоқ «Шу мен Ашу», «Мен өмірден озғанда», «Ғибадатхана» романдары жазушыны 1929-32 жылдары ұлылар қатарына қосып, Американың әдебиетін ілгері жылжытты.
Бүгінде Кадзуо Исигуро, Бен Лернер, Даниель Кельман сияқты XXI ғасыр жазушыларына шабыт берген Фолкнердің рухани құндылықтарының, адамзат жайлы білімінің қайнар көзі – Библия, ал суреткерлік шеберханасы – Шекспир, Диккенс, Сервантес, Толстой, Достоевский, Чехов, Флобер туындылары. Әйтсе де, Фолкнердің өзі «Замандас немесе ізашар жазушылардан асып түсуге ұмтылма, өзіңнен асып түсуді көзде» деген қағиданы берік ұстанды.
Қазіргі заман жазушылары Фолкнерді оқымай қолына қалам ала қоймас, оқыған соң, қолына қалам алуға жүрексінетіні тағы бар. Бұның құпиясы неде? Сұхбатымызды Уильям Фолкнердің шығармашылығына арнап, осы сұраққа жауап іздемекпіз және бұл тақырыпты Фолкнердің шығармашылығына тәнті болған қаламгерлердің бірі – Дидар Амантаймен талдауды жөн көрдік.
Осы сұхбатқа қатысты хабарласқанымда, Дидар Амантай Фолкнердің шағын жанрдағы прозасымен алғаш рет 1990 жылы танысқанын, ал кейбір қысқа әңгімелерінің, соның ішінде «Аю» әңгімеcінің маңызы мен құндылығы жөнінде 1993 жылы Әлішер Сүлейменовтен, романдарындағы, жалпы, прозасындағы ерекше стилі жайлы 2002 жылы Берлинде өзбек ақыны Шәмшад Абдуллаевтан естігенін әңгімелеп берді, бұл жайт қаламгердің шығармашылығын жан-жақты зерттеуіне, тереңдеп оқуына себепкер болса керек.
Зәуре Батаева: Алғысөзде айтылғандай, Фолкнер – XX ғасыр әдебиетіне елеулі өзгеріс енгізген жазушының бірі. Бірақ Фолкнердің КСРО-дағы беделі 1950-жылдардың соңына дейін, тіпті 1949 жылы Нобель сыйлығына ие болған соң да, «рухани азған Батыс», «құлдыраған капитализм» жазушысы деген атақтан аспады. Фолкнердің ең құнды еңбектері тек қана 1970 жылдардың орта шенінен бастап жарық көріпті (аудармалары жайлы толығырақ Александр Долининнің сұхбатынан оқыңыз).
Дегенмен, Борис Пастернак 1960 жылы АҚШ жазушысы Ольга Карлаймен әңгімесінде КСРО кеңістігінде ақындық үшін ешқандай raison d’être жоқтығын басып айтып: «Бүгінгі күннің құралы – Фолкнердікі сияқты күрделі де бай проза… Бүгінгі проза барлық тұстарын қамтып, өмірдің өзін қайта сомдауы тиіс», – деген еді.
Горбачев дәуірінде жазушыға деген ресми көзқарас түбегейлі өзгеріп, Фолкнердің 6 томдық жинағы 1985-87 жылдары, демек, өзің орта мектепті аяқтаған уақытта жарық көрді. Фолкнердің шығармашылығымен танысқанда, оның КСРО-дағы сол кездегі бейнесі қандай еді? Туындыларын оқуға бел буғанда, бұл жазушыдан не күттің? Қандай әсер алдың? Ол жайлы пікірің жылдар өте өзгерді ме?
Дидар Амантай: Ол кезеңде совет оқырманының Фолкнер жайлы пікірі енді өзгеріп келе жатқан. Бірақ түбегейлі өзгерген жоқ, шығармаларына күдікпен қарады. Бұған бір жағынан идеология салқыны әсер етсе, екінші жағынан, инцест, нәпсі туралы көп жазатын қаламгерді оқырмандар бірден түсіне қойған жоқ. Әдебиеттің басқа үлгісін көрмеген ел «буржуазиялық құндылықтарды» қабылдағысы келмеді.
КСРО-ның «шын жазуы» мен Фолкнердің «шын жазуы» арасындағы айырмашылық зор еді. Екеуі де реализм, бірақ советтік нұсқада – «социалистік» деген айдары, белгісі бар, алайда ақиқаттың социалистік немесе буржуазиялық сипаты болмайды. «Истина имеет всеобщее значение», сондықтан, ел-жұртты ақымақ еткен соцреализм жойылды, Фолкнер жеңіп шықты.
Кітаптары қатты әсер етті. Әсіресе нығыздығы. Етістік көп. Сана ағысының дүлей стихиясы бар, мәтіндеріне еркіндік, «жабайылық», тұтастық береді. Уақиғалары ұзақ, үздіксіз, кейде соңы жоқ, шексіз. Бір уақиға – бір романына жүк. Кейіпкерлері шығармадан шығармаға көшіп жүреді. Басында бағын сынап поэзияға қалам тартқан прозашы ақыр аяғында қара сөзді жырға айналдырады. Ең биік әңгімесі – «Уош».
Фолкнердің кейіпкерлері ауыспайды: Компсондар, Сатпендер, Сартористер, Симпсондар, Сноустар әулеттері он бес мың халқы бар Йокнапатоф өлкесінде тұрады, Фолкнер жазған он тоғыз романның бәрінің дерлік ішінде жүреді, повесть-әңгімелеріне енеді. Бірде бас кейіпкер ретінде, бірде жанама, қосалқы кейіпкер ретінде. Автор кейіпкерлерінен адаспайды, шашып та алмайды.
Зәуре Батаева: Орыс тіліндегі ең сапалысы деп саналатын Осия Сорока аудармаларын оқыған боларсың. Әрине, аудармада лингвистикалық ерекшелігі – жергілікті оңтүстік диалекті мен африкалық-америкалықтар диалектісі – жоғалып кетеді. Аударылған дүниенің тіл ерекшеліктерімен қатар басқа да көркемдік қасиеттері жоғалып кететіні белгілі жайт. Осы тұрғыдан, түпнұсқада оқысам деген тілек немесе тілді тереңірек үйренбедім деген өкініш болды ма?
Дидар Амантай: Сороканың тәржімелерін де, басқа нұсқаларын да оқыдым. Сороканың «Шу мен ашу» романын, «Аю» повесін, «Вербена иісі», «Пойма күзі», «Таңғы қуғын» секілді, негізінен аңшылық тақырыбындағы әңгімелерін аударғанын да білемін.
Ағылшын тілінде түпнұсқада оқыған азын-аулақ кітаптар бар. Десе де, әрине, өкініш те жоқ емес: тереңірек бойлауым керек еді. Университет қабырғасындағы ізденістерім кейін жалғасын таппай қалды.
Зәуре Батаева: Фолкнердің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге мыңдаған еңбектер арналды, мәтіндерін жан-жақты талдау жұмысы әлі күнге дейін жалғасуда және өзекті болып отыр. Сөйте тұра, жазушы көзі тірісінде осының бірін де қаламаған қарапайым адам болған екен. Өзін «арбадан ұзамайтын тазыға» теңеп, сұхбат беруден қашып, әдеби конференцияларға барудан жиі бас тартқан.
1956 жылы The Paris Review-ге берген әйгілі сұхбатында Фолкнер: «Мен өмірге келмесем, мені, Хемингуэйді, Достоевскийді – барлығымызды басқа біреу жазар еді. Бұның дәлелі – Шекспирге телініп келген туындылардың авторлығына кем дегенде 3 кандидат табылып отыр. Бірақ маңыздысы – «Гамлет» пен «Жазғы түнде көрген түс», ал оларды кім жазғаны маңызды емес…» – деген еді.
Бір баспагерге жазған хатында Фолкнер: «Құлпытасыма «КІТАП ЖАЗДЫ, ӨЛДІ» деп жазылса, сол жетеді», – депті. Тағы бір хатында: «Шығармашылығымның басынан бастап псевдоним қолдануым қажет еді», – деп өкінеді.
Осы мысалдар Фолкнердің «Атын білме, сөзін біл» қағидасын берік ұстанған жазушы екенінің дәлелі. Фолкнердің осы пікірімен келісесің бе? Классиктерді өзің қалай оқыдың? Жазушының өмірбаяны жайлы хабардар болу оның шығармаларын түсіну үшін қаншалықты маңызды болды? Өзің пір тұтатын Камю, Хемингуэйлердің туындыларын түсіну үшін өмірбаянымен танысу маңызды болды ма?
Дидар Амантай: Мартин Хайдеггер көне грек философиясынан дәріс оқуға аудиторияға енгенде, тыңдаушыларға: «Аристотель туды, еңбек етті, дүние салды, енді философиясына көшеміз», – деген екен.
Мен үшін шығарманың өзі маңызды. Жақсы жазушы деген атақ жоқ, жақсы шығарма бар, бір жазушы жақсы да, жаман да шығарма жазуы мүмкін, сондықтан, автор емес, көркем туындыға баға берілуі тиіс. Жазушылықпен ұзақ айналысқан адам ақыр соңында өзінен жазғаны биік, құнды әрі дербес екеніне көз жеткізеді. Бұл өзі ақиқат іздеген гносеологиялық таным cубъектісі тәрізді, тапқан ақиқат Сіздікі емес, Сіз оның сұлулығына ешқандай еңбек сіңірген жоқсыз, ол – Ахмет Байтұрсыновша (Әдебиет танытқыш) айтсақ, жаратынды нәрсе. Демек, суреткердің жасалынды дүниесін жаратынды деңгейіне дейін жеткізуге талаптанғаны ләзім.
Зәуре Батаева: Фолкнердің шығармашылығында XIX ғасырда қалыптасқан хронологиялық тәртіппен баяндау үлгісінен жаңашылдыққа бетбұрыс «Шу және Ашу» (1929) романын жазу барысында орын алды.
Миссисипи ақсүйектері Компсондар әулетінің күйреуі жайлы саганы жазушының өзі «адасқан екі әйелдің трагедиясы» деп сипаттады. Бір-біріне бейжай ерлі-зайыпты Компсондар 4 баласына ата-ана мейірімін беруге жарамсыз. «Дисфункционалды» отбасында өскен 16 жастағы Кадди дәулетінен әлдеқашан айырылған отбасын енді абыройынан айырып, үйден біржола кетуге мәжбүр. Әпкесі Каддиден айрылу отбасының жарымес кенжесі Бенджи мен әпкесімен тетелес өскен сезімтал Квентин үшін ауыр соққы, ал өзімшіл Джейсон үшін әпкесі мен оның некесіз баласы – отбасын құртқан кесір.
Романды уақыт пен кеңістік байланысын сезінбейтін жарымес кейіпкер атынан бастау Фолкнерге хронологиялық баяндау дәстүрін бұзып, оқырманды бір сәтте бірнеше уақыт кезеңіне жетелеуге мүмкіндік берді. Көркем әлем дәстүріне сай ойлау қабілеті төмен Бенджи сенімсіз кейіпкер болуы тиіс, бірақ 3 түрлі кейіпкер атынан баяндалған романда табиғи түйсігіне адал Бенджи – жалғыз сенімді кейіпкер. Осы әдістің өзі туындының оқырманға эстетикалық әсерін күшейте түседі.
Оқиға 30 жыл аралығын қамтиды, бірақ роман сюжетсіз: оқырман оқиға желісін кейіпкерлердің естеліктері мен сол естеліктер әсерінен туындаған сезімдері арқылы өзі құрайды. Бірнеше рет оқуды талап ететін бұл күрделі туындыны оқырман ретінде қалай қабылдадың? Жаңашылдығынан жазушы ретінде қандай дәріс алдың?
Дидар Амантай: Бұл туындының күрделі құрылымы қазірдің өзінде жазып жатқан «Бақыт биохимиясы» атты романыма өз әсерін тигізіп отыр. Фолкнер әуелі нақұрыс туралы бөлімін жазады, сосын, ел түсінбей қалады-ау деген қауіппен кейінгі бөлімдерін қосады, кенет ашылған әдіс-тәсіл маған қатты әсер етті, ұмытылып кетіп еді, қайта есіме түсті.
Мен бұдан герменевтикалық екі қорытынды жасадым: бірінші – соңынан басына қарай, кері жазуға болады екен, екіншісі – бүтін сюжеттің бөлшектері қалай орналастырсаң да, тұтастығын жоғалтпайды. Фолкнер жазып жатқанда бұл туралы ойланды ма, жоқ па, білмеймін, бірақ мен мәтіндерінен осындай көркем әдісті байқадым.
Зәуре Батаева: Фолкнердің барлық шығармалары дерлік – сюжетсіз. Мысалы, 15 кейіпкер атынан баяндалған «Мен өмірден озғанда» романын Фолкнер 1930 жылы «Шу мен ашу» романының әсерімен жазған екен. Бұл туындысында да сана ағыны әдісін өте тиімді қолданған Фолкнер оқиға желісін оқырманды әр кейіпкердің ішкі дүниесіне сүңгіту арқылы баяндайды.
«Көзіңңен айналайын» әңгімесін сюжетсіз баяндаймын деп, сынға ұшырағаның есімде. Жалпы, қандай да шығарма жазғанда баяндау дауысын табу қаншалықты қиындық туғызады? Көптеген жазушылар жазу барысының осы мәселеге тіреліп қалатынын айтады.
Дидар Амантай: Әдетте шығарма өзі тілейді, дауыс сұранып тұрады. Шығарма үнін ести білу қажет. Менің тәжірибемде Сіз атап көрсеткендей мәселе болған емес, баяндаушыны тез табамын.
«Көзіңнен айналдым» әңгімесі әдеби орта, оқырман қауым арасында дау туғызды, бірақ эстетикалық ізденістерін мойындады деп ойлаймын. Алайда формасын, үлгісін, пішінін қабылдамады. Көбі. Сюжетсіз шығарма мақсатын айқындау қиын еді. Әдетте, кейіпкерді белгілі бір фонда бейнелейді, ал бұл әңгімеде, керісінше, кейіпкердің көз алдында фон сомдалады. Бірінші фон, екінші, үшінші… жас персонаж жүріп келе жатқанда, фондар ауысып отырады, тоқтағанда жаңа пейзаж, жаңа кеңістік, жаңа жағдай, төңірек қалыптасады.
Бұл ауысымды қалай оқырманға жеткізуге болады, қандай тіл керек, қандай дауыс, қайсы ондыққа дәл, нешінші жақтан сөйлеген дұрыс: мені аздап қинаған осы болды. Ақыры, мен үшінші жақты таңдап алдым. Үшінші жақпен кез келген кейіпкер атынан сөйлей бересің. Әрі кез келген зат, құбылыс «меніне» көшу де оңай.
Қазір жастар арасында «Көзіңнен айналдым» әңгімесін түсінетіндер, жақсы баға беретіндер көп. Қаперде ұстайтын жайт, эстетика, өкінішке қарай, дәуірі өткен этикамен бірге ескіреді, жаңа этиканы жаңа эстетика қалыптастырады. Бертольт Брехттің уәжіне жүгінсек: «Жаңа мазмұнды (мағына) ажаңа форма ғана паш ете алады».
Зәуре Батаева: Шығармашылығын зерттеген ғалымдардың айтуынша, осы бірегей туындының дүниеге келуіне себеп болған маңызды екі жағдай бар екен. Біріншіден, 1927 жылы қарашада Фолкнердің алғашқы 2 романын жариялаған Boni & Liveright баспасы жазушының өзі көп үміт күткен «Шаң басқан байрақтар» романын жариялаудан бас тартады. Бас тартып қана қоймайды, Фолкнердің жазушылық шеберлігіне күмән келтіреді. Екіншіден, Фолкнер 1927 жылы жазда үйленіп, отбасын асырайтын қаржыға зәру болады. Бұл жағдайлар жазушыны тығырыққа тіреп, алғашқы онжылдық шығармашылығын толығымен қайта бағалауына себеп болады.
Әдеби баспалар, баспагер және жазушы арасындағы тікелей байланыс, баспагердің көркем шығарма сатуға қабілеттілігі – әдебиеттің дамуына қажетті салауатты бәсекелестік пен креативтік стимул ұсынатын алғышарт. Сайып келгенде әрбір жазушы туындысының оқырманға кәсіби баспагер арқылы жетуін, яғни, қаламымен табыс табуды қалайды. Қазақстанда жазушымен тікелей жұмыс істеп, жазушының да, баспаның да табыс табуын көздейтін, нарықтық тәуекелге бара қоятын кәсіби баспагерлер атымен жоқ. Ал әдебиетке арналған гәзет-журналдар қаламақыны зияткерлік еңбектің сапасына емес, таныстарына ғана төлейді. Осы фактор қазіргі қазақ әдебиетінің тоқырауына қаншалықты әсер етіп отыр?
Дидар Амантай: Қазақ баспалары, ағайындарымыз ренжімесін, төл өнімдерінің сапасына, шығарылымына, сатылымына тікелей мүдделі емес, себебі қазақ полиграфиялық нарығының өзгеше бір ерекшелігі бар: жұрт сапалы көркем шығарма үшін емес, тапсырыс үшін күреседі, тапсырыс – табыс кепілі, қолы жеткен жағдайда жақсы пайда табады. Нарықта жарнамалап кітап сату үрдісі қалыптаспаған. Бұл қол байлайды. Нарық қалыптастыра алмай келеміз. Сатылымда бәсеке жоқ, жоспар жоқ, болашақ жоқ.
Зәуре Батаева: Жазушы «Авессалом, Авессалом…», «Мизам-шуақ» романдарында ақ адам үстемдігі мен расизм сырқаты меңдеген Оңтүстік менталитетін тереңінен зерттеді. Миссисипи тумасы Уильям Фолкнер Конфедерация құндылықтарына шын өмірде ашық түрде қарсы шыға алмағанымен, суреткер – Фолкнер көркем туындыларында жүрегіндегі сырды шертіп, Америка қоғамының ең үлкен мәселесі – тіпті бүгінгі күні АҚШ-тың бір тұтастығына қауіп төндіріп тұрған расизм мәселесін әлемдік деңгейге алып шыққан жазушы. Жазушы өзі айтқандай, «жүрегімен араз» кейіпкерлердің шынайылығының сыры да осында болса керек.
«Авессалом, Авессалом…» романындағы тегі де, өткені де көмескі Томас Сатпеннің «америкалық арманы» – дәулетті әулет құру, ал арманына жету әрекеттері шындығында 3 баласы мен үрім-бұтағының болашағына балта шабуға алып келеді. Сатпеннің қара нәсілді әйелінен туған Чарльз Бон өз қарындасына ғашық болып, Сатпеннің ақ әйелден туған мирасқоры Генридің қолынан қаза табады. Бірақ Генриді бұл қылмысқа жетелеген Библия кейіпкерінің уәжі емес, Чарльз Бонның нәсілі. Сатпеннің тірі қалған жалғыз ұрпағы – Чарльз Бонның некесіз туған қара нәсілді кемтар баласы.
«Мизам-шуақ» романының оқиғасы Оңтүстікте қара нәсілді америкалықтарды сегрегациялау жайлы бірқатар заңдар қабылданған 1930 жылдары орын алады. Джефферсон қалашығына келген Джо Кристмас жетімдер үйінде өссе де, келбеті ақ болса да, тегінде қара нәсіл қаны бар екенін іштей сезеді. Ақ нәсілді Джоанна Берденді өлтірген қылмыскер белгісіз, бірақ Джефферсон тұрғындары мен полиция өкілі үшін Джо Кристмасты жауапқа тарту үшін нәсілі қара деген қауесет те жеткілікті.
Аталған шығармаларда Фолкнер «америкалық арман» идеологиясының екіжүзділігін, Американың іргетасы теңдікке емес, адамзатқа қарсы қылмыс пен нәсілдік теңсіздікке негізделгенін әшкерелеп, «америкалық» болмысының болашағына күмән келтірді.
Осындай күрделі мәселені көркем әлем аясында көтеру үшін жазушыға қандай шеберлік құралдары керек?
Дидар Амантай: АҚШ-тағы нәсілшілдік мәселесін көркем шығарма арқылы XIX ғасырда Марк Твен, Синклер Льюс сияқты басқа да жазушылар да көтерді, дегенмен шеберлігі, құндылығы, масштабы тұрғысынан Фолкнер алда. Уақыты жағынан да Фолкнер алда. Себебі ол адамзаттың бойында ғана бар жеккөрініш сезімінің тамырын, табиғатын зерттеді.
«Мизам-шуақта» ізашарлары сияқты нәсілшілдік мәселесін күн тәртібіне, қоғам алдына ашық қоймайды, мәселе шығарма атауынан да көрінбейді, ол өтіп жатқан күндердің ығында, қалалықтар қарым-қатынасының көлеңкелі жағында, тұрғындар тіршілігінің тасасында, жалпы, өмірдің тереңінде жатыр. Сосын, бір күні оянған вулкандай сыртқа жарып шығады, жан-жағына атқылап. Қоғамның құндылықтарының қандай екендігі бірден айқын болады. Ақ жүзді Джо Крисмас нәсілшілдік оның түсінде емес, санасында, психологиясында жатқанын өзі де білмейді. Көрдіңіз бе, Фолкнердің талантын! Пафостың жеңіл түрі де жоқ, түсіндіріп те әуреленбейді, өзен ағысы тәрізді, оқырман, сиқырлы мәтін соңынан сырғып отырады.
Фолкнер жазғандарын үлкен эпосқа айналдырады. Эпостың бір шарты бар: ғаламдық уақиғаларды бейнелей отырып, әр заттың детальдарын да ұмытпайды. Автордың ұзын сөйлемінде айқын деректер, нақты іс-әрекеттер, мыңдаған ұсақ-түйек бөлшектер көп, бәрі анық жазылған. Уақиға контексі ішінде. Бұл жайттар мәтін ұлылығын көрсетеді.
Зәуре Батаева: Фолкнер өзін «провинциялық жазушымын» дегенімен, отандастары «Америка тудырған ең күшті жазушы» деп Фолкнерді мақтан тұтады. Америка Фолкнерді қалай дүниеге әкелді десек, кеңестік қазақ әдебиеті пайда болғалы қазақ жазушыларының түсіне де кірмеген аса маңызды тағы бір фактор айқындалады. Кез келген жазушы өмірінің бір сәтінде белгілі бір шектеулерді бұзып, креативтік және рухани еркіндікке жетуі шарт.
Бұл жайлы жазушының өзі былай депті: «Сарторис» романынан бастап, туған жерімнің пошта маркасына дейін жазуға тұрарлық екенін әрі өмірімнің соңына дейін жазсам да сарқылмас қазына екенін, ал шындықты апокриф деңгейіне биіктету арқылы толық еркіндікке қол жеткізіп, бойымда бір дарын болса, соны барынша пайдалануға болатынын түсіне бастадым».
«Халыққа қызмет етемін» деген мәлімдемені қазіргі қазақ жазушыларынан жиі естимін. Егер Фолкнер «халыққа қызмет етіп», Оңтүстік құндылықтарын мадақтаса, онда ол реалист жазушы емес, фашизм үгітшісі атанар еді. Жазушы «халыққа» қызмет ете ме әлде өнерге қызмет ете ме? Халыққа, ұлтқа қызмет етеді-міс жазушы саясаткерлер сияқты өтірік айтуға мәжбүр болмай ма? Нәр алатын негізгі рухани мұрасы әлі күнге дейін КСРО құндылықтарына негізделген қазақ қоғамында креативтік еркіндікке жету мүмкін бе? Осы жайлы ойыңды айта кетсең.
Дидар Амантай: Бір деректер бойынша, Фолкнерге туған жері, Оңтүстік аймағы жайлы жазуға кеңес берген жазушы Шервуд Андерсон көрінеді. «Білетініңді жаз» десе керек.
Ахмет Байтұрсынов еңбектің күллі түрін өнерге жатқызады, адамның бүкіл қаракетін өнер деп атайды. Пенде біткеннің бәрі еңбектенеді. Талантына қарай, кәсібіне орай. Демек, асып туған ешкім жоқ, ешкім еңбегін бұлдамауы тиіс. Құр талант бәйгеге шаппайды. Кәсіпті меңгеру керек. Кезінде, халық жазушысынан халық жауына айналып кету бір сәттік нәрсе еді. Бұл жайт – атақтың халық емес, Сталиннің қолында болғанын көрсетеді. Шығарма сипатын халық шешкен жоқ, билік басындағылар анықтады. Бүркеніш сөз елге қызметін білдіретіндей көрінгенімен, шын мәнінде коммунистердің жалған насихаты еді: авторды идеологиялық талапқа сай туынды жазғаны үшін марапаттады. Социализм кезінде «халық» ұғымы өз мағынасына сай болған жоқ және инерциямен біздің заманымызға дейін жетті. Шын халықтыкі болу үшін ұзақ еңбектену қажет, оның өзінде – оны бір Құдай біледі. Жалғыз төреші – Уақыт. Қаламгер – әлем сомдаушы.
Зәуре Батаева: Фолкнер жас қаламгерлерге берген тағы бір дәрісінде: «Адалдық, шындық және жанашырлық хақында әділетсіздікке, өтірікке және ашкөздікке қарсы тұруға ешқашан қорықпа. Дүние жүзінде барлық адамдар солай жасаса, әлем өзгереді», – деп жазушының қоғамдағы рөлін анықтап берді. Фолкнердің бұл пікірі XIII ғасырда «Над горем людским ты не плакал вовек, так скажут ли люди, что ты человек?» деп жырлаған Саади Ширазидің ойымен үндес.
Ал төл әдебиетімізге қарасақ, қазақ тарихындағы Ашаршылық, Семей полигоны, 1986 жылғы трагедияларының ешбірі тиісті деңгейде көрініс таппаған. Бұл тақырыптарға бұрылған қаламгерлер очерк және мелодрама жанрынан аса алмады. Жаңаөзен трагедиясы жайлы жазуға талаптанған Ырысбек Дәбей – жаңа буын өкілі. Жас қаламгер қалыптасып қалған дәстүрмен тақырыпты журналистік очерк жанрына жақынырақ көтерсе де, осы талпыныстың өзі үміт отын жақты. Себебі бүгінде бұл оқиғалар жайлы аузыңды ашсаң, мың шақты қазақ өзіңе дүрсе қоя береді.
Бұл эмоционалдық және креативтік тоқырауға өз басым осы күнге дейін КСРО-ның қырық өтірігіне табынып отырған академияны кінәлаймын. КСРО-ның ең бір сұмдық қылмыстарының бірі – тарихи деректерді бұрмалап, рухани азық бұлағы болып табылатын әдебиет пен гуманитарлық ғылымдарды улау арқылы біз сияқты шағын ұлт өкілдерін болмысынан айырып, мәңгүрттендіріп, неше буын бойына айықпас үрей сезімін ұялатты. КСРО үшін адам өмірі құнсыз болды, миллиондаған жазықсыз адамдардың обалына қалды. Сөйте тұра, қазақтың бетке ұстар ақын-жазушылары мен суреткерлері осы режимнің мұрасын әлі күнге дейін қызғыштай қорғап отыр. Режимнің аяусыз үгіт-насихаты адамдардың жанашырлық танытып, болашақ қамын ойлау қабілеттерін, яғни, өміршеңдігін жойып жіберген іспетті. Өзің қалай ойлайсың?
Дидар Амантай: Рас, Кеңес Одағы тұсында Коммунистік партия көркем әдебиетті идеология құралы ретінде қолданды. Сондықтан ақшаны аямай үйіп-төкті, бірақ жазушының шығармашылық еркіндігі болған жоқ. Қазір бостандық бар, алайда ақша жоқ. Енді, кімнің жұмысына жарасақ екен деп, жан-жағымызға телміріп қараймыз.
Умберто Эконың «Раушан есімі» атты романы еске түседі. Езу тартқызып, елді күлдіретін әрі қорқынышты адам бойынан сейілтетін кітаптарды Хорхе деген бір зағип монах тығып тастайды, әйтпесе шіркеуге бағынбай кетеді деп ойлайды. Күлкі үрейді басып, адам бойындағы қорқынышты тарқатады екен.
Әлем жұртшылығының абызы атанған Фолкнер шығармашылығынан түйгенім, цензура, үрей – біздің санамызда. Сананы қамақтан босатуға бізге де «қырық жыл» керек тәрізді ме, қалай, бірақ «мен жастарға сенемін», соңғы екі ұрпақтың ізденістері көңілге үміт ұялатады.
Зәуре Батаева: Әдебиеттегі сабақтастық демекші, кейіпкер сомдауға бір тоқталайық. Фолкнер бірде: «Сүйікті кейіпкерім – Дилси әжей («Шу мен ашу»), себебі ол батыл, қайсар, жомарт, мейірімді әрі шыншыл. Ол менен әлдеқайда батыл, әлдеқайда шыншыл», – деп қара нәсілді америкалықтардың тектілігін жоғары бағалады. Жазушы сондай-ақ «Мизам-шуақ» кейіпкері 16 жастағы Лина Гроувты «тағдырына мойынсұнбайтын, өз жанының иесі» деп сипаттады. Жалпы жазушының барлық туындыларында әйел кейіпкерлердің ерлерден әлдеқайда батыл және шыншыл екені рас.
XX ғасырдың басында енді қалыптаса бастаған жазбаша қазақ әдебиетінде әйелдер бейнесі шынайы әрі күшті еді. Мысалы, «Ақбілек» туындысын алсақ, бұл романның басты кейіпкерінің бойынан көшпенділерге тән төзімділік, сабыр, не нәрсеге де бейімділік, өміршеңдік қасиеттерін байқаймыз. Өкінішке қарай, большевиктер бір керемет теңдік әперіп тастағандай, ресми оқулықтарда бұл шығарма әлі күнге дейін «әйел теңсіздігі» деген жалғыз шаблоннан шықпайды. Ал мұқият оқысақ, 1927 жылы жазылған бұл туындысында адамның күрделі табиғатына терең үңілген сұңғыла Аймауытов «стокгольм синдромын» зерттеп қана қоймады, сонымен қатар «ақ офицер» бейнесімен астарлап, большевиктердің Түркістандағы шынайы ниетін ашып берді. «Ақбілектің» көркемдік тұстарын «Жандауа» атты мақалаңда тамаша талдадың.
Қазақ әдебиетінің Әлихан Бөкейхан бастаған шоқ жұлдыздарының қай-қайсысы да Бернард Шоудың: «Өз уақыты жайлы жазған адам ғана барлық адамдар, барлық уақыт жайлы жазады» деген сөзіне айғақ. Меніңше, қазақ әдебиетінің нағыз өкілдері осы азаматтар еді.
1940 жылдардан кейінгі уақыттағы кеңестік көркем әдебиетте қылмиған, жасанды қазақ әйелдерінің бейнесі басым – барлығы дерлік статикалық, өлі кейіпкерлер. Өзіңнің әйел кейіпкерлерің де ер адамға кіріптар, әлсіз, ер адамның көлеңкесі сияқты жансыз тіршілік иелері. Бұл пікірді сын емес, оқырман көзқарасы деп қабылдарсың. Себебі мен білетін 3 буын қазақ әйелдерінің ешбірі ондай емес: қазіргі қазақ қоғамында әр әйел отбасының негізгі тірегі, яғни, қоғамның тұғыры, отбасының мүддесі үшін күрескер. Жақында жасырақ буын өкілдері жазған 1-2 туындыны оқып, олардың да шығармаларындағы қазақ қызының бейнесі «секс-объекттен» әлі аса қоймағанын, яғни, осы қалыптасып қалған дәстүрді сол қалпында қабылдап алғанын байқадым. Бұл тренд неге өзгермейді әлде қоғамның талабы осы ма?
Дидар Амантай: Көшпелі қазақ қоғамында әйел мәртебесі қашанда аса жоғары болған: ел басқарған, қол бастаған аналар қаншама? Қазіргі күнде де қазақ әйелінің образы жарқын, орны биік болуы тиіс. Неге қазақ қыздарының бейнесі солғын немесе табиғи емес, жасанды, себеп – авторлардың көркем образды қалыптастыру әдісі, жолы, схемасы дұрыс емес. Бұл – ізденумен, оқумен келетін нәрсе.
Сервантес пен Шекспирге дейін өмір сүрген рыцарьлық романдардың пафостық кейіпкер-әйелдері сияқты ұшып-қонып жүрген әсіре персонаждар. Көркемдік әдістерін игермеген соң, сондай болады. Бұл мәселенің шешімі біреу: әлем әдебиетін көп оқып, жазудың әдіс-тәсілін, мәнерін, стилін зерттегендері жөн. Жазу үшін оқу қажет.
Зәуре Батаева: Фолкнер жас қаламгерлерге берген тағы бір кеңесінде: «Оқы, оқы, оқы. Қоқыс, классика, жақсы, жаман – барлығын оқы, олардың қалай жазылғанын көр. Шеберханада жұмыс істеп, ағаш шеберінен үйренген шәкірт сияқты. Оқы! Сіңір. Содан кейін жаз. Жақсы шықса – өзің де түсінесің. Болмаса – терезеден лақтыр», – деді. Өз ізбасарларыңа қандай кеңес берер едің?
Дидар Амантай: Мен ұстанатын ең маңызды жазушылық ұстын, талап – жазу үшін оқу керек. Оқымай жазудың қажеті жоқ. Қателік-кемшілік көп болады. Көркем сауат көп нәрсеге көзіңізді ашады. Әсіресе, жиырмасыншы ғасырдың модерндік тәжірибесі керек-ақ. Әдетте, модернизм бағытын Джеймс Джойс, Марсель Пруст, Франц Кафка бастаған үш арнаға бөледі. Бұл тізімге Уильям Фолкнер мен Эрнест Хемингуэйдің жетіспейтіні анық көрініп тұрады. Жалпы, Хемингуэйдің шеберлігі жылдан жылға кемшін тартса, Фолкнердің таланты, керісінше, ашыла түсті.
Бірінші, көп оқу керек. Екінші, көп жазған абзал. Әлем әдебиетін түгел оқып шықпасаң да, тарихын жақсы тануың шарт. Өзгенің әдебиетіне табынып, өз әдебиетіңді мансұқтама. Өзгенің әдебиетін мансұқтап, өз әдебиетіңді асыра мақтама. Екеуіне бірдей қара, бұл – әділдік. Еркін жаз. Қаламыңды қорықпай ұста. Қаламың барда, қорғансызға сүйеусің, қаламың жоқта саған кім сүйеу? Менің ойым.
Шындықты айтып, әділетке жақ бол. Өнердің міндеті осы. Фолкнердің өсиеті де сол.