• Зәуре Батаева

Тегі бенгал, американдық жазушы неге итальян тілінде жазады?

Пулитцер сыйлығының жүлдегері Джумпа Лахири – тегі бенгал, бірақ қазір итальян тілінде жазып жүрген американдық жазушы. 2015 жылы итальян тілінде шыққан In altre parole (Басқа сөздермен) кітабы 2016 жылы ағылшын тіліне аударылды. Қазір әлемде осындай да қызық адамдар бар. Бұл – Ұлы Британияға жиырмадан асқанда келіп, ағылшын тілінде тамаша шығармалар жазса да ағылшын тілінде дұрыс сөйлеп үйрене алмаған Джозеф Конрад пен ағылшын тілінде жазуға мәжбүр болған диссидент ақын Иосиф Бродскийдің шығармашылығынан мүлдем басқа, жаңа құбылыс.


Джумпаның ата-анасы – 60 жылдары Бенгалиядан Ұлы Британияға, одан кейін Америкаға қоныс аударған алғашқы оңтүстік Азия эмигранттары. Джумпа Лондон қаласында дүниеге келгенімен, ата-анасы Америкаға көшкенде ол екі-ақ жаста болған. Сондықтан Джумпа өзін нағыз Америкалықпын деп санайды және оның туған тілі ағылшын екеніне еш күмән жоқ. Оның үстіне, өзінің тегін ешқашан ұмытпаған Лахиридің анасы балалары бенгал тілінен айырылып қалмасын деген ниетпен, олармен тек қана бенгал тілінде сөйлесіп, жыл сайын Калькуттаға апарып отыруға көп күш салған, сондықтан Джумпа бенгал тілінде білім алмаса да, сөйлей біледі. Бірақ, осы жұлдызы жарық жазушы басқа тілге неге құштар болды екен?


Джумпа Лахиридің алдыңғы кітаптары Америкадағы үнділік және бенгал эмигранттары жайлы екенін ол туралы мақалалардан оқып жүрмін. Ал «Басқа сөздермен» кітабында ол өзінің итальян тіліне бет бұруы жайлы, өзінің тілді үйрену және басқа мәдениетке бейімделу тәжірибесі туралы жазыпты. Қызық, жазушы кітабында өзін әрқашан туған тілі жоқ адамдай сезініп, басқа бір тілге құштар болғанын айтады.

Басқа тілге құштар болып, өзінің қос төл мәдениетінен мүлдем бөлек Италияға бет бұруын жазушы өзінің италиян тіліне деген романтикалық махаббаты ретінде сипаттағанымен, басқа тілді өте жоғары деңгейде үйрену үшін адамға не күшті стимул қажет, не адам шарасыз жағдайда қалуы шарт. Бұл – шетел тілін үйрету саласында әбден зерттелген тақырып. Аталып отырған шарасыздық – босқындар мен еңбек мигранттары жиі ұшырасатын жағдай. Ал бірінші аталған шарттың негізінде не мансап, не қаржы жатады.

Сондықтан бұл жерде Джумпа Лахиридің америкалықтарға тән керемет іскерлігі мен не нәрсені өзінің пайдасына асыра білу қабілетін көруге болады. Ренессанс мамандығы бойынша докторлық бағдарлама аясында италиян тілін зерттеулері үшін үйреніп, аяғында осы тілді түбіне жете оқу үшін Рим қаласына көшіп, тіпті осы тілде кітап жаза бастағаны оны әлем әдебиетіндегі ерекше жазушылар деңгейіне көтергені анық.


Иә, Америка сияқты тілі де, ділі де мызғымас елде туып өссең, басқа мәдениетке сүңгіп кету – кешірімді. Ал қазақ сияқты шағын ұлт өкілі болсаң, онда меніңше бұл үрдісті кері бағытта пайдалану маңызды. Яғни, басқа тілдерді үйреніп, басқа мәдениеттен алған ақпаратты қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға қолдана білу қажет. Бұл орайда кеңес одағы кезінде тәлім-тәрбие алған зияткерлер буыны, бірен-сараны болмаса, көбі орыс тілінде жазады. Мысалы, мені өзім ұнатып оқитын орыс тілді зияткерлердің орыс тілді жастардың көңілінен шығып жүрген еңбектері түгел қазақшаға аударылып отырса, өсіп келе жатқан буын үшін зияткерлік ақпарат аясы кеңейер еді деп ойлаймын.


Толығырақ: https://www.amazon.it/altre-parole-Jhumpa-Lahiri/dp/8823513456/

Толығырақ: https://www.amazon.com/Jhumpa-Lahiri/e/B001H6GTG0/

6_edited.png
  • Facebook

© 2017-2020 | Зәуре Батаева | Зерде блогы