9.jpg

© 2017-2020 | Зәуре Батаева | Зерде блогы

  • Зәуре Батаева

Суретші Нұрлан Әбішевтің бір туындысы туралы

Жуықта «Сурет өнерінің тарихы: үңгірден компьютер экранына дейін» деп аталатын кітап сатып алдым. Кітап 2016 жылдың қазан айында жарық көріп, «Гардиан» газетінде бұл кітаптың ерекше форматы туралы мақала болған еді. Осы ғасырдың әйгілі суретшілерінің бірі – Дэвид Хокни мен көркем өнер сыншысы Мартин Гейфорд бірлесе жазған кітабында бір-бірімен сұхбаттаса отырып, оқырманды көркем сурет тарихы, жанр ерекшеліктері және әр түрлі заманда суретшілер қолданған техника түрлерімен таныстырады.


Кітаптың әдемі репродукциялар басылған майда беттерін асықпай ашып, қарапайым тілмен жазылған мәтінді сүйсіне оқып отырып, маған беймәлім немесе жаңа түсініктермен танысқанда, көрнекі құрал ретінде бөлмеде ілініп тұрған жалғыз суретке қараймын. Бұл – Нұрлан Әбішевтің «Көктем этюдтері» деп аталған жинағына кірген туындалырының бірі.


Мен бұл суретті 2014 жылы Алматыдан Еуропаға ұшатын күні Нұрланның үйіне жол-жөнекей соғып, жексенбі болса да жанын қоймай сатып алған болатынмын. Әуежайда тығыздап оралып, тағы бір матамен мұқият қапталған қатқылдау кенеп кеден қызметкерлерінің назарын аударды. Суретті ашып көрсетуге тура келді. Кеден ережелерін мүлтіксіз орындайтын сарбаздар «түбіртекті көрсетіңіз» деді. Нұрлан жексенбі болғандықтан түбіртек бере алмап еді.


«Бастықтың» бөлмесіне барған соң әуежайда кофе ішемін деп қалдырған екі мың теңгені сарбаздарға ұстатып тұрып, суретті алып алмағандарына тәубә деп, енді бір 20 жылда қазіргі Алматы қаласының біз білетін бейнесін есімізге салатын бірден бір естелік болатын Нұрланның суретінің қолымда қалғанына қуандым.


Суретті жақтауға салып, қабырғаға іліп қойғаннан бері байқағаным – Алматыда тұрған немесе болған адамдар шағын аудандардағы сары түсті «хрущевка» үйлерін бірден таниды. Ал басқа жұрт болса, «Бұл қай жерде?» деген сауал қойып, міндетті түрде біздің кешегі тарихымыз – кеңес заманындағы өміріміз туралы сөз қозғайды. Және бөлмедегі менің басқа құрылықтағы, басқа әлемдегі «үйімді» күнделікті еске салып тұратын жалғыз дүние – осы сурет.


Мен суретке жиі көз саламын. Күндіз бөлмеге үлкен терезеден күн сәулесі төгілгенде, суретте бір жылымық пайда болып, суреттің артқы жағындағы перспектива тәсілі үшін кішірейе қалған үйлерден аса төгілген көк аспан ашыла түсіп, еріген қардың тамшылары естілгендей болады. Табиғи жарықтың суреттегі бояуға әсері осы болса керек. Ымырт түсіп, перделер терезені қымтағанда, суреттің қошқыл тұстары шамның сарғыштау жарығымен қоюлана түсіп, суреттен бір жылулық сезілсе, кейде Фландрия өңірінің таусылмайтындай көрінетін жауыны мұңды шеруін бастағанда, суреттен Алматының наурыз ызғары сезілгендей болады.


Суретке жақындай түсіп, текстурасына мұқият көз салсаңыз, суреттегі формалар сұлбасын жоғалтып, кенепке сілтей жағылған бояу мен штрихтер ғана қалады. Ашық және қошқыл қоңыр аралас, қошқыл күлгін және қылқалам бір-екі рет тигізген көкшілдеу бояудан сомдалған көктемнің түссіз топырағы мен оған контраст көк түсті аспан – Нұрланның суретті салған сәтте көрген бейнелері осы.


Қайтқысы жоқ қыстың соңғы арпалысы мен мезгілі жеткен көктемнің белгілері ме әлде сезімтал суретшінің көңіл толқыны ма? Нұрлан суретті ұзақ сырқаттан тұрған күні салғанын айтып еді.


«Суретші өз уақытының өкілі және көзімен көргенін бейнелеуі тиіс» деген ойды жұрт француз суретшісі Эдуард Мане айтқан деседі. Импрессионизм негізінде жатқан қағида да осы. Шындыққа ұмтылған әр көркем әлем негізінде осы қағида жататын сияқты. Көркем сурет мұражайлары мен көрмелер аздау мәдениетте өскен біздер кейде аңқаулықпен көркем суретті қатты ұнатқанда «фотосурет сияқты» деп баға береміз.


Осыған ұқсас пікірді фильмдер туралы да білдіріп жатамыз. Өнер туындыларынан "шындықты" талап етіп, көркем суреттің фотосурет сияқты болуын қалаймыз. Бірақ біз суретшінің өз көзқарасын сомдайтыны, ал камера объектінің қырына ілінген бейнені түгел түсіріп алатыны жайлы ойлана бермейміз. Сондықтан фотосурет адамға көркем суреттей әсер ете алмайды! Дэвид Хокни мен Мартин Гейфорд кітаптың «Ағарту заманындағы Шындық және Сұлулық» тарауында дәл осы тақырып хақында сөз қозғапты.


Француз суретшісі Доминик Корбассонның қылқаламы сомдаған ашық реңктерге толы Париж иллюстрацияларын көргенде Париждің жеңіл аурасы бірден сезілгенімен, бұл әдемі суреттер мені толғандырып, ешқандай ассоциациялар туындатпайды. Ал Нұрланның суреті мені күнделікті басқа уақыт пен басқа кеңістікке жетелейді: суретке қараған сайын Алматының наурыз айындағы ызғарлы және ылғалды суығы мен қысқы киімнен шаршаңқырап, бірақ асыға жеткен көктемнің алғашы белгілерін қуана, үйге асыққан бір сәт есіме түсе береді. Нұрланның лирикаға толы суреттері Алматының әсем бейнесі мен біздің өміріміздің ұмытылмас сәттерінің мұрағатындай.


Дереккөз: https://www.almaty.tv/kz/news/news/gorodskaya-lirika-v-kartinakh-nurlana-abisheva