• Зәуре Батаева

Мектеп

I. Бұйрық


Жүрегім тас төбеме жетті. Мектептің директоры Ближнева «Шынар Сағыман освобождается от должности преподавателя казахского языка и этнической литературы за нарушение трудовой диспциплины» деген бір парақ қағазды кіреберістегі хабарландыру тақтасына бадырайтып іліп қойыпты. Мамырдың ортасында? Тақтаның алдында қалшиып біраз тұрдым. Кіреберістегі диванда отырған жоғарғы сынып оқушыларының езулері құлақтарында. Жұртқа жария қылып іліп қойғаны несі? Есімді жинап үлгергенше хатшы жымиып амандасты: «Қайырлы күн! Сізді директор шақырып жатыр». Ближнева еңгезердей болып үстелінің басында отыр екен. Қолындағы шылымын күл толы шыны аяққа басып өшірді де, көзілдірігінің үстінен маған бажырая қарады.

— Бұйрықты көрдің бе?

— Иә.

— Неге екенін түсіндіріп қажет емес шығар?

— Жоқ.

— Жолың болсын онда. Есіңде болсын, сен мына мінезіңмен ешқайда сыймайсың.

— Тілегіңізге рахмет.

Ближнева маған бажырайып қайта қарады.

— Бухгалтер қалған ақшаңды есептеп береді. Сау бол!


Есікті тарс еткізіп жаптым. «Сенің түкке тұрмайтын жалақыңсыз өлмеспін» деген өркөкіректікті бірер секунд ішінде «Өзің кінәлі екеніңді біле тұра кешірім неге сұрамадың, райынан қайтар ма еді?» деген байсалды дауыс сап тыйды. Жоғарғы сынып оқушылары өткенде сабақ өткізуге мүмкіндік бермеді. «Қазақ тілінің қажеті қанша?», «Біз бәрібір Ресейге көшеміз», «Ағылшын тілі тұрғанда қазақ тілін кім оқиды?». Әбден жалықтым. «Сабақ бағдарламада бар екен, оған мұғалімнің қанша қатысы бар?» - дегенімде, бөлмені басына көтерді. Мен сыныптан үн-түнсіз шығып, дереу оқу бөлімінің меңгерушісіне барған едім.

— Надежда Ивановна, он бірінші сынып оқушыларымен жақсылап әңгіме өткізіңіз. Маған сабақ өткізу үшін жағдай қажет. Олармен қанша алысуға болады? Емтихан уақыты таяп қалды, олар баяғы әнін қояр емес.

— Он бес оқушыға шамаң келмесе, несіне мұғалім болып жүрсің? Балалармен тіл табысу – ол педагогтың жұмысы.


«Шындықты біле тұра неге жалған жауап бердіңіз? Бұл мектептегі орыс балалардың қазақ тіліне неге қарсы екенін екеуіміз де жақсы білеміз!» - деп айқай салғым келді. Өрекпіген асау толқынның тізгінін тартып үлгердім. Оның орнына салмақты үнмен: «Менің әлі ондай тәжірибем жоқ, сізден көмек сұрап келдім. Менімен бірге сыныпқа оралмасаңыз, мен де сыныпқа бармаймын» - деп жауап бердім. Надежда Ивановна маған алая қарады да, үстелінің басында отыра берді. Алдында тұрған орындықта сабақ аяқталғанша оқтау жұтып қойғандай тапжылмай отырдым. Надежда Ивановна бұл жәйтті мектеп директорына жеткізгеніне күмән жоқ. Дегенмен, Ближневаның менімен қоштасу рәсімі бойыма бір жігер берді.


Бухгалтер: «Қалған алты мың теңгені маусымның ортасында аласың», - деді. Әттең, мұнда қайтіп аяқ баспас едім! Мектептің күзде сары, жазда жасыл көрікті бақшасы аяқ астынан жеккөрінішті бола қалды. Мұғалімдік жалақымды түгел дерлік ағылшын тілінің сабақтарына төлеп қойған едім. Қызық болғанда, сәуір айында аспирантура мерзімі аяқталып, стипендиям да тоқтатылған болатын. Шұғыл жұмыс табуым қажет.


Маршруттық автобустарға ақша шығарғым келмей, мектептерді жаяу араладым. «Қазақ, орыс тілдерінен дәріс беремін. Әлем әдебиеті кафедрасының аспирантурасын аяқтадым, ағылшын тілін де тәп-тәуір білемін» деген жарнамам ешкімге әсер ете қоймады. Маусым да келіп жетті.

Аяғымдағы бір киерден күнде киерге айналған былғары бәтеңкеден аяғым терлеп, есім шықты. Ақша тапшы болса да, екі мың теңгеге табаны жайпақтау, алды-арты ашық, ақ түсті былғары жолақтары айқаса сәнделген бір сүйретпе аяқ киім сатып алдым. Үйге келе сала тізеден сәл түсетін көк юбкамды шыдамсыздана киіп, айнаның алдына тұра қалдым. Жарасып тұр. Бір сәтке жан азабымды ұмытып, жадырай қалғаным сол-ақ екен, пәтердің иесі Баян аяғыма қарады.

— Мынадан арзанырақ аяқ киім табылмады ма? Бөлмеңнің ақшасын әлі төлеген жоқсың ғой?

— Күте тұрыңызшы, бухгалтер маусымның ортасында ақшамды беремін деді, сонда төлеймін.

Өзімнің бір жағынан амалсыздықтан барған, екінші жағынан жауапкершіліктен жұрдай әрекетімнен қысыла сөйледім. Баян екеуіміз Ближневаның жеке мектебінде бірге жұмыс істегенбіз. «Бір бөлме бос тұр, сонда келіп тұр. Маған ес боласың» - деп өзі ұсынған еді. Баян – қырыққа таяп қалған, бірақ ешқашан тұрмысқа шықпаған адам. Дауысын көтермей, сыпайы сөйлегенімен, тағдырына назасы жетерлік. Анда-санда шүйіркелесіп, шәй ішкеніміз болмаса, бос кезінде Бразилияның сериалдарын көріп, жалған әлемнің қызығына түскенді тәуір көреді.


Баянның пәтерінен еншіме уақытша тиген бөлмеме кіріп, шашылып жатқан кітаптарым мен сөздіктеріме көзім түскенде: «Ештеңе етпейді. Әлі-ақ жұмыс табылады» деп өзімді жұбатқан болдым. Үстелдің үстінде тұрған нағашы сіңлімнің "бір кәдеңе жарап қалар" деп берген ескі компьютері де «қарап отырмай бір тірлік жасай бер» дегендей. Үстелдің үстінде университеттің кітапханасынан алты ай күтіп, әрең қол жеткізген Хулио Кортасардың «Секірмек» романы жатыр. Оқуға қатты құштар болып едім, енді міне, кітап оқуға құлқым жоқ. Маусымның ортасы таяғанда, мектепке тағы телефон соқтым.

— Хотела зайти за деньгами ...

— К сожалению, пока денег нет.


Мамам диплом алғанда сыйлаған алтын сырға мен алқаны ломбардқа апарып тапсырдым. Үш мың бес жүз теңге шықты. Аз екенін білсем де, амал жоқ, бір-екі айда қайта сатып алармын деген үмітпен тастап кеттім. Бірақ бұл неге жетеді? Қарызға ақша таппаса болар емес. Дина мен Сәниядан ақша сұрауға бата алмаспын. Қанаттан сұрасам ба екен? Өткенде «алтын бұйымдарымды ломбардқа тапсырамын» дегенде ләм-лим демеген еді, енді ақша сұрауға намысым жібермеді. Белімді бекем буып Күлімханға бардым. Күлімхан сурет училищесін аяқтаған соң, Кеңес Одағы құлағанда жабылып қалған зерттеу институтының бос қалған ғимаратының екі бөлмесін жалға алып, кішігірім шеберхана ашып алған. Өз офисі, бухгалтері, хатшысы бар – әжептәуір кәсіпорын. Оның өте қарапайым отбасынан шыққанын жақсы білемін. Студент кезінде дүкендердің еденін жуып күн көрді. Отбасындағы тоғыз баланың ішіндегі жалғыз жүйрік. Алыс-жақын жұрағатының барлығы осыны маңайлайды. Күлімхан екеуіміз құшақтасып амандастық. Қазақи ортада өскен Күлімханның орыс тіліне онша тілі келмейді, соған қарамастан, менімен орысша сөйлескенді жөн көреді.


Ретсіздік билеген кітап сөре үлкен-үлкен, түрлі түсті кітаптарға толы. Үстел үстінде айқара ашық жатқан үлкен кітаптың жылтыр бетіндегі Веласкестің «Лас Менинас» репродукциясына назарым бірден ауды. Күміс қамқаға малынған бес жасар инфанта Маргаританың менмен жүзі мен оның әміріне құлдық ұрған қызметшілері. Бала күнімде энциклопедияны мақсатсыз ақтарып отырып, осы суретке ұзақ қараушы едім. Ол кезде, әрине, суретшінің шеберлігі емес, құйттай ханшаның сәні мен салтанаты қызықтыратын. Күлімхан бұл суреттен қандай шабыт алды екен?


Хатшысы шәй әкелген соң, Күлімхан екеуіміз әр нәрсенің басын бір шалып біраз отырдық. Күлімханға жағдайымды айтып шағымдандым. Әдетінше, ол мені алдындағы қағазға сурет салып отырып үнсіз тыңдады.

— Ештеңе етпейді. Саған жұмыс табылады.

— Қайдан табылсын? Таныс-тамырдан жұрдаймын. Папам мен мамам алыста. Оның үстіне, оқу оқытып, барды-жоғын бізден аямаған жандарға енді жұмыс тауып беріңдер деп қиқаңдаймын ба?

— Сенікі астамшылдық. Ағылшын тілін жеке мұғалім жалдап оқыдың. Это же роскошь!

— Молшылықтан ғой дейсің бе? «Заманың түлкі болсаның» амалы баяғы. Мені жұмысқа алсаңшы, көмегің сол болсын, - дедім, ақша сұрауға бата алмай, кібіртіктеп.


Күлімхан қарындашын үстелге тастай бере креслосының арқасына шалқасынан құлады: «Сен менен көмек сұрап отырсың ба? Қол-аяғың сау, білімің бар, басың бар, сен өзіңе өзің көмектесе алмасаң, бөтен мен саған қандай көмек бере аламын? Ізден, таныс, тап орныңды қоғамнан. Әлде сен де ата-ананың абыройымен ғана күн көретін паразиттердің бірі ме едің? Мен сені қазақтың қайратты қызы екен деп жүрсем!»


Мұндай жауапты күттім бе? Сұлу бейне мен нәзік сөзге келгенде аса сезімтал, бірақ бала кезінен жоқшылық пен жалғыздыққа шыныққан Күлімханның тастай берік жаны арзан сезімталдық пен жылаңқы мүсәпірлікті қабылдамайды да, төзбейді де. Өткір көздері ренішке толып, маған жындана қарап отыр. «Cау болымды» мұрнымның астынан әзер айтып шығып кеттім.


Ағылшын тілінің сабақтары дәл қазір мен үшін құтқарғыш жейде сияқты. Ақшасын алдын ала төлеп қойған бес сабағым қалған. Ақша жоқта сол қалған бес сағаттың бір секундын да бос жібермеуге бел буып, Николь базарының жанындағы ескі ғимаратқа құстай ұшым жеттім. Ғимаратқа кірген сайын ескірген көк иісі бойыма біртүрлі аяныш сезімін таратады. Бұл ғимараттың бұрын қандай қызмет атқарғанынан хабарым жоқ, дегенмен еденіне жасыл түсті кілем төселгеніне қарағанда, Кеңес заманында бір маңызды мекеме болғаны анық. Джеймсті ағылшын тілінде сөйлесіп жаттығу үшін «Караван» газетінен тауып алғанмын. Оның басында маған Канададан келдім дегені бекер. Африка елдерінің бірінен келді десе шындыққа көбірек жанасатын сияқты. Маған ол қайдан келсе де бәрібір, сөйлесіп машықтанатын адам болса болғаны. Жылдамырақ IELTS емтиханын тапсырып, «ағылшын тілінің мұғалімі» деген дәрежеге жету дәл қазір шұғыл шаруа болып тұрған жоқ па?! Ағылшын тілінің мұғалімдерінің жалақысы да, беделі де жоғары.


Бөлмеге кірсем, Джеймс бір жас қыз балаға ағылшын тілінде бір нәрсені түсіндіріп жатыр екен. Мен сыпайы амандасып, әдеттегі орныма барып жайғастым. Кітап-қағаздарымды шығарып, жаңа сөздер жазылған блокнотымды алдыма қойып, қайталап біраз отырдым. Джеймс он минуттай уақыт өткенде, есіне жаңа түскендей маған асығыс бір тапсырманы берді де, қайта қызға бұрылды. Біраз уақыттан кейін Джеймстің бүгін менен жаттығу беріп құтылмағын түсіндім. «Джеймс!» Дауысым қатты шықты.

— Джеймс, бұл қыз неге менің сағатымда сенен дәріс алып отыр? Біз сағатына бес доллар деп жеке сабақ үшін келіскен жоқпыз ба?

— Шынар, сенің сағатыңа оның еш қатысы жоқ қой! Тапсырмаңды орындай бер ...

— Мен бес долларды үнсіз жаттығу жазу үшін төлемеймін, сенімен сөйлесіп машықтану үшін төлеймін. Сен оны жақсы білесің ғой. Бұның не, Джеймс?

Қыз басын шайқады.

— Как вам не стыдно? Разве можно так грубить человеку?

Соңғы екі-үш аптада ішіме жиналып қалған ашу булыға төгілді: «Сен менің күніне бәленбай сағат еңбек етіп тапқан ақшамды өзіме де жұмсамай, үкіметтің аянышты зейнетақысына қарап отырған ата-анама бергеннің орнына сенің қалтаңа не үшін салып беріп жүргеніммен шаруаң жоқ па? Әрине, менің өз елімде өзімнің туған тілімнің құны бес тиын болғандықтан қайдан қаңғырып келгені белгісіз саған ағылшын тілі үшін жалынышты болғаныма сен де, мен де кінәлі емеспіз. Бірақ төлеген ақшаның құнын неге ақтамайсың?»


​Джеймс таң қалған кейіппен бетіме қарап отырып қалды. Қағаздарымды асықпай жинап, сөмкеме салдым да, есікке қарай беттедім. Есіктің тұтқасына қолымды созып жатып: «Джеймс, сен маған жиырма бес доллар қарызсың» - дедім, шарасыздықтан сес көрсеткен болып.​


Тығырыққа әбден тірелгенде Күлімхан телефон соқты. Ұлттық киімдер көрмесіне Польшаға жол жүргелі жатыр екен. «Киімдердің сипаттамаларын ағылшын тіліне аударып берсең, елу доллар төлеймін» деді. «Шамам келе ме екен?» деген жауапкершіліктен елу доллардың салмағы басып кетті, білем, бірден келісе кеттім. Бар сөздіктерді түгел қолданып, мәтіндерді сөзбе-сөз аударып шықтым. Күлімханның шетелдік сапары үшін бұл мәтіннің маңызы зор. Сапасы жоғары болуы тиіс. Олай болса, аударманы біреуге тексертіп алуым қажет. Мектептегі ағылшын тілінің мұғалімдеріне телефон соқсам ба екен? Оларға ақша төлеу қажет. Джеймс ше?


Мен есікті қағып кіргенде, ол бөлмесінде жалғыз отыр екен. Абдырап қалды.

— Сәлем! Алдымен неге телефон соқпадың? Сабақтарыңды жалғастырғың келсе, уақытын қайта белгілеуміз қажет қой.

— Мен басқа жұмыспен келдім. Мына мәтінді маған редакциялап бер. Ауадай қажет болып тұр.

— Оны неге мен редакциялауға тиістімін?

— Себебі сен маған қарызсың.

Мәтінді алдына апарып қойып, үстелдің басында тұрған бір орындыққа жайғастым. Джеймс мәтінді қолына алғанымен, маған біраз уақыт тесіле қарап отырды. Содан кейін басын шайқады.

— Жақсы. Таңертең келіп алып кет.

— Рақмет.

Мен есікке таяғанда Джеймс орысша сөйледі: «А ты далеко пойдешь!» Артыма қарап жымидым. Менің жағдайымда бұл нені білдіретінін қайдам.


***


Динаның туған күніне сенбі күні түскі сағат үшке шақырыпты. Жасыл және қызыл ұсақ гүлді, тілерсектен түсетін жазғы юбкам мен оған түстес қысқа жеңді жасыл жейдемді киіп, әдемі сүйретпемді іліп, жаңа жуған шашым қобырап, айнаға қарадым. Өзіме өзім ұнап кеттім. Дина бізге әрқашан «қыздар кездесуге кешігіп келуі тиіс» деп кеңес береді. Бұл даналықты әйелдерге арналған журналдардан көрсе керек. Бірақ сол кеңесін бір қолдана алмадым. Ешбір жерге кешігіп бара алмаймын. Уақытында барғым келіп тұрады. Үшке он минут қалғанда алып-ұшып Абай мен Алтынсарин көшесінің қиылысына жетіп келдім. Қанат әлі келмепті. Жиырма минуттан кейін таксиден түсіп жатқанын көрдім. ​

— Давно стоишь?

— Да нет.

​Динаға арнап гүл сатып алдық. Отырыста көңіл-күйімді жасырып бақтым. Құрбыларымның алаңсыз жүздері мен күлкілері аздап қытығыма тигені тағы бар. Қанатпен бірге шықтық.

— Жұмыстан шығып қалдым. Қалуға болар еді, Ближневадан кешірім сұрағым келмеді.

— Енді не істемек ойың бар?

— Жұмыс іздеп жүрмін.

— Ммм … Кто так делает? Надо было сначала работу найти.

«Жұмыс іздеп қайтесің, үйленейік!» деп айтса, бүкіл мәселе сол жерде шешіле қалатындай, осы сәтті асыға күткенімді жаңа ғана түсіндім. Осыншама жеңіл ойлағаным қалай? Мәселенің шынайы келбет алғаны енді ғана анықталды. Газет киоскісінен жұмыс туралы жарнама газеттерді сатып алып, бірнеше сағат қараймын. Шілденің аяғы таяп қалды, ешқандай жұмыстың қылаңы да білінбеді. Құрбыларыммен қыдыруға ақша тапшы, сондықтан қолым тимейді деп құтылып жүрдім. Сәнияның мамасы – бір мектептің директоры. Содан көмек болып қала ма деген үміт жылт етті. Телефон соқтым.

— Газеттен «жеке университетке студенттер тауып берген адамға 2000 теңге төлейміз» деген жарнама көрдім. Соны неге көрмейсің?

— Маған тұрақты жұмыс керек қой.

— Не айтарымды білмеймін.

«Мамама айтып көрейін» деген ұсыныс болмады.

— Туған күнің таяп қалды. Не істемексің?

— Ешнәрсеге зауқым жоқ. Қыздарға айт, текке әуреленбесін.

— Жағдайыңды білеміз. Сені ешкім сөкпейді. Бірақ біз міндетті түрде келеміз.

Қыздар туған күнімді жасамасам, жанымды қоймасы белгілі. Баянмен кеңестім. Баянға бұл ой онша ұнамады.

— Пәтердің ақшасын төлеген жоқсың, енді туған күн жасамақсың ба?

— Кеш жасап жарытпаспын, жай, ырымы ғой. Қыздар тілек айтып келгісі келіп отыр.

— Өзің біл.

​Қанатқа телефон соқтым.

— Жұма күні туған күнім ғой.

— Ааа.

— Қыздар келмекші. Келесің бе?

— Білмеймін. Жұмыстан шыққан соң соғып шығармын.


Жұма күні сағат үштен кейін қолдарында гүлдері мен торты бар Дина мен Сәния бір топ қызды бастап келді. Кіреберісте бәрі шуылдасып, көңілімді көтермек болды. Баян ренжісе де, азын-аулақ ет пен асқабақ қалдырып кетіпті. Барлығымыз ас үйге кіріп, мәнті жасадық. Қыздардың бірі шайға ірімшік салмасы бар құймақ пісіріп әкеліпті. Біз мәнтіні жеп болып, шәй әзірлеуге кіріскенде, қолында бір себет гүлі бар Қанат келді. Алдында қуана қалған едім, жақындағандан солғын тартқан гүлдердің ескілігі көзіме оттай басылды.


Қанатпен осыдан екі жыл бұрын Динаның үйінде танысқанбыз. Мәскеу Университетінің заң факультетін аяқтаған білдей маман. Қазір бір банкте заңгер болып жұмыс істейді. Отыздан асқан бойдақ Қанаттың болашағы зор қызметі ғана емес, ұстамды мінезі мен жан-жақтылығы, тартымды келбетіне қарап көптеген қыздар күрсінетіні рас. Дос болғанымызға біраз уақыт өтсе де, арамызда бір кірбің бар. Не екенін ұзақ уақыт біліп түсіне алмаған едім. Қанаттың қасиеттерін мен бағалағанмен, ол мені өзіне лайық деп санамайтын тәрізді. Әлде ол өзіне салиқалы алматылық отбасынан шыққан, үлкен көзді, аққұба жүзді, яғни, «әдемі» деген талап жауап беретін жар іздей ме екен?


Ол жасырақ кезінде ұяң болғанын әрқашан күліп есіне алады. Алғашқы шынайы махаббаты туралы сырын да менен жасырмады. Менің әңгіме атаулыны жақсы көретінімді әбден біледі, сондықтан өміріндегі аянышты оқиғаны менен жақсы түсінетін адам жоқ деп санаған болар. Ол Мәскеуден оралып, туған қаласында жұмыс істеп жүрген кезінде, өзінен жасы үлкендеу, бір балалы жесір әйелге ғашық болған екен. Екеуі ұзақ уақыт кездесіп жүріпті. "Қандай сұлу болғанын білсең ғой! Үнді қыздары сияқты. Қандай нәзік еді!" - дейді Қанат көзілдірігін бір саусағымен көтере, менің жүзіме кінәлі кейіппен, түсіністік іздей қараған күйі. Сол бақытты күндерін сағынып, өкініш көкірегін тесетінін айнытпай танимын. Сол бейнені басқалардан іздей ме екен?

— Мамам ол туралы біліп қойды. Маған Алматыға кет деп шарт қойды.

— Шартын қабылдай салдың ба? Қызға қалай түсіндірдің?

— Қолдан келер не бар? Қош айтыстым.

— Ол үшін күресуді қажет деп санамадың ба?

— Мамаммен күресу оңай болып па?

— Мамам дейді! Оған анаңның қанша қатысы бар? Сенің қорыққаның баяғы сол «адамдар не дейді» шығар! Біздің қоғамда ажырасқан немесе жесір әйелден жұрт өлердей қорқады. Олардың қайта отбасын құруға құқығы жоқ сияқты. Ал ажырасқан ер адамға ғой, жұрттың бәрі жақсы жар тауып беруге асық. Барып тұрған екіжүзділік!

— Не деп кеттің? Мен саған мені түсінеді ғой деп айтып отырсам, сен мені сөгуге кіріскенің қалай?

Бұл әңгіме осылай аяқталған.


​Валентина есікті өзі ашты.

— Здравствуйте, Валентина Алексеевна!

— Заходите! Так, в первую очередь скажите мне правду, вы не голодны? Есть горячий борщ!

— Спасибо, Валентина Алексеевна! Не голодна.

— Тогда сразу к делу. Статью закончили?

Басымды шайқадым. Валентина күлімсіреген көздерін менен алмай, жұмсақ дауысын көңілдене көтеріп: «Даша, неси стул!» - деді. Кішкентай Даша көп ұзамай орындығын әзер көтеріп, қонақ бөлмеге жетіп келді. Жиі келетін маған ол әбден үйренген. Менімен жымиып амандасты: «Здравствуйте! Опять вы?» Енді мамасына бұрылып, көздерін бажырайтты.

— Мам, ты же обещала!

— Так, что тут происходит? Карие глаза просят «отпустите», синие глаза просят «быстрее» – а статью-то надо закончить! Шынар, присаживайтесь!


Даша екі ұзын бұрымын екі жаққа ұшыра жалт бұрылды да, бөлмесіне жылдам басып кетіп қалды. Мамасының әдетінше менімен ұзақ отыратынын жаратпаған кейпі. Валентина басын шайқады да, екі судай жаңа кітапты алдыма қойды.

— Міне, Мәскеуден жаңа кітатар келді. Кезек үлкен. Алдымен сізге беріп отырмын, себебі мақалаға қажетті материалдар осы кітаптардан табылып қалуы мүмкін.

Ол күлімісіреген қалпы маған қиыла қарады.

— Шынар, обещайте не потерять и вовремя вернуть!

Қыпылықтып, көзіне тура қарай алмай, міңгір еттім.

— ​Мне надо Вам что-то сказать.

Валентина күлкісін жиып ала қойды.

— Что случилось?

— Ближнева мені мамыр айында жұмыстан шығарып жіберген. Содан бері жұмыс іздеп жүрмін, табылатын түрі жоқ. Мақаланы аяқтауға ешқандай мүмкіншілік болмады. Қазір маған бәрінен де бұрын тұрақты жұмыс керек екен. Зерттеу жұмысын тоқтата тұрмасам болар емес.

Үстелде жатқан жап-жаңа екі кітапқа қимай қарадым. Валентина қабағы түсіп, ойланып қалды.

— Конечно, вам прежде всего нужно как-то устроить свою жизнь. Если нужна работа, ищите работу. Все остальное подождет.

Мен есікке бет алғанда, ол мені жұбатқан болды.

— Удачи Вам, Шынар! Но помните, что все это - временнные трудности. Ни в коем случае не уходите на базар!

— Базар? Я и продавать-то не умею. Оказывается, я ничего не умею!


Бірнеше күннен кейін үйге Сәния соқты. Құрбыма жағдайым мүшкіл екенін әлі де айтқым келмеді.​

— Мына компьютер бұзылып қалды. Тым болмағанда ағылшынша басып үйренер едім.

— Не үшін?

— Білмеймін. Бір пайдасы тиіп қалар.

— Менің бір туысым компьютер маманы. Жөндеп бер деп айтайын ба?

— Төлейтін ақша жоқ қазір.

— Тегін қарап бер деп айтайын.

​Сәнияның туысы сол күні жетіп келді. Ол біраз уақыт шұқылағаннан кейін, компьютер шуылдай қосылып, файлдар тізілген көгілдір экраны көрінді. Алғысымды айтып, қоштаспаққа ыңғайланғанда, ол «500 теңге берсең жетеді» деді. Амал жоқ, 500 теңге бердім. Жігіт ақшаны алып жатып, қызарақтап, үстелдегі сөздіктерді меңзеді.

— Ағылшын тілін білесің бе?

— Үйреніп жүрмін.

— Біздің университет ағылшын тілін білетін мұғалімдерді жұмысқа шақырып жатыр. Резюмеңді бер, мен кадрлар бөліміне апарып берейін.


Сәнияның «ақша алма» деп тапсырғанын оның кінәлі кейпінен түсіндім, бірақ дәл сол сәтте қалған ақшамды түгел бере салуға әзір едім. Қатты қуандым. Нағашы сіңлім принтерінен басып шығарып, ұқыптап папкаға салып берген көп резюменің біреуін суырып алып, телефон нөмірін бірнеше рет тексеріп, қолына бердім. «Жоғалтып алмаңыз!» Бір жерге тастап кете ме дегенде зәре жоқ.


Басында еңсем көтеріліп қалып еді, «Қайдам, ондай университет мені қайдан жұмысқа ала қойсын!» деген ой аласұрған көңілімді су сепкендей басты. Хулио Кортасардың романын құшақтап, төсекке құлай кеттім: «Ине сұмдық пышылдаған дыбыс шығарды да, түбінен бірнәрсе қозғалып барып, құлақ пен дауыс арасына бірнеше қабат мақта салынғандай, әлде Бесси бетін тұмшалап алып ән айтып тұрғандай, кір салынған себеттен бе, дауысы тұншыға, маталардың барлығына іліне, назасыз, шағымданбай: «Мен біреудің қуыршағы болсам деймін, өмірім мейірімге толса деймін...» Мына әннің сөздері қандай аянышты! Кітаптың артындағы түсініктемені қарадым. «Бесси Смит – 1920-1930 жылдары «блюз ханшасы» деген аттаққа ие болған джаз әншісі». Тыңдап көрсе ғой! Романның түтін тұтқан атмосферасына күмп берсе!


Телефон шыр ете түскенде, бұл қоңыраудың маған екенін бір түйсігіммен сездім. Бірнеше күн мазалап жүрген ойдың шешімі жалтақтауға, екі ойлық дүдәмалға ешбір орын қалдырмай, сай тұрған екен. Баян трубканы алғанда, мен де орнымнан тұрып, бөлмемнен шығып, дәліздегі айнаға қарадым. Міне, тұрған тұрысың мынау. Не жұмысың жоқ, не көзіңде үміт жоқ. Сен кімнің бақытын ашпақсың бұл түріңмен? Баянның «Шынар, телефонға! Қанат!» деген дауысы естілгенде, мен бөлмеге кіріп үлгерген едім. Баян телефонды қолыма ұстатты да, теледидардың пултін қолына алып, бір шынтағына таянып, диванға қисая кетті. Мен телефон құлағын алғанда, ол теледидардың дауысын қаттырақ шығарып қойды. Қанаттың дауысы көңілді естілді.

— ​Привет! Как дела?

— Пойдет.

— Как всегда, во ВДНХ?

Мен барынша сабыр сақтап, асықпай жауап бердім.

— Нет, у меня нет времени.

— Нет времени? Погода хорошая, прогуляемся.

— Нет, я читаю.

— Как хочешь. За ...

— Завтра я буду занята. И вообще, я теперь буду всегда занята.

Қанат біраз үндемей тұрды.

— Что случилось?

— Ничего.

— Обиделась?

— Да нет, я просто решила, что мы больше не будем встрачаться.

​Телефон құлағын жайлап орнына қойдым да, Баянға қарадым: «Қазір телефон қайта шырылдайды. Шынар телефонға келе алмайды деп жауап беріңізші. Рақмет!»


Баян теледидардың дауысын ақырындатып, жатқан жерінен асықпай көтеріліп, диванға отырды.

— Неге олай жасадың? Түсінбедім сені.

— Болды, осымен роман аяқталды.

— Сонда сен оны сүймейсің бе?

— Білмеймін. Ол маңызды емес. Өзімінің басымды, оның басын қатырыпқайтемін? Бас қатыруға еш уақытым жоқ. Осылай дұрыс. Мен ұзақ ойланып, шешім қабылдадым.

— Шешім қабылдадым дейді, сонда махаббат жайына қалды ма? Дәл осылай дайын тұрған жігіттен айрылып қаласың ба? Жасың болса отызға...

— Мен емес, ол айрылып қалды. Мен де ақылды жар, жақсы келін бола аламын, бірақ біздің азаматтар қалыңдық емес, қайын жұрт іздейді. Мен өмірлік серік іздеймін. Папам сияқты.

— Шынар, уақытында тұрмысқа шығып, балалы болған дұрыс. Әйел адамның бақыты – отбасы. Одан басқасы маңызды емес.

Баянның дәл осылай дерін білген едім. Оның қырыққа келгенше тұрмыс құрмағаны, қазіргі жалғыздығы оның әйелдік беделін төмендетіп, өзіне деген сенімін әбден жойған. Дені сау, жұмысы бар, ешкімнің қолына қарап отырмаса да, бұл қоғам Баянды орнын таппаған, одан қалса мүсәпір деп санайды. Баянның жанына кімнің болса да жанын жегідей жейтін жалғыздық қана емес, осы қоғамның ойсыз қысымы көбірек батады. Ол маған өзінің өмірден жақсылап тұрып алған осы сабағынан үйрен демекші. Бірақ мен оның жағдайын түбіне жете сараптап болғанмын. Мен өзімді бұндай күйге әсте жеткізбеймін. Көп ұзамай телефон қайта шыр ете түсті. Мен бөлмеден шығып есікті жаптым.​


II. Қара кресло


Дүйсенбі күні таңертең біреу телефон соқты. Бір қыз таспаға жазып қойғандай, орысша жылдам сөйледі: «Вас беспокоят из университета. Вы в своем резюме указали, что владеете английским языком. Вам нужно подготовить пробную лекцию и в четверг быть в 210 аудитории».

— Қай жерде? Университет қай жерде?

Сұрағымды естімей, телефон құлағын қоя сала ма деп үрейленіп, мен де жылдам сөйледім.

— Знаете где находится здание бывшего технологического училища?

— Білемін. Рахмет.​


Бейсенбіге дейін лекция әзірлеуім керек болды. Қуанбаққа оқталған жүрегімді қорқыныш ұялап үлгерді. Дәріс әзірле дейді. Қандай дәріс? 210-шы аудитория адамға лық толы екен. Алдыңғы қатарда отырған төрт адамның комиссия мүшелері екенін жайбарақат жүздерінен бірден байқадым. Ортасында отырған қара торы ер адамның осы мекеменің бастығы екенін де айнытпай таныдым. Араларында отырған қыз тым жас көрінді. Біреу осы жап-жас қызды әдістеме бөлімінің бастығы деді. Сондай дәрежеге жеткен жап-жас бала тегі вундеркинд болар.


Ағылшын тілінде сайрап тұрған болар. Қандай бақытты! Жұмысын біледі. Жалақысы да жақсы болар. Артқы қатарда әзірлеген дәрісімді қайталап отырып, басқалардың дәрістеріне мүлдем мән бермеппін. Кейбіреулері орысша сөйлегені анық. Барлығы ағылшынша сөйлеу керек дегені қайда? Сарнай жөнелдім. Жеті минутқа созылатын қазақ ауыз әдебиеті туралы дәрісімді өрекпіген жүрегімнің қағысымен жарыса сөйлеп, төрт минутта аяқтап тастадым. Аудиторияда тыныштық орнады. «Сұрақтарыңыз бар ма?» Жайдарлана сөйлеген болып тұрмын. «Рақмет. Кеңес шешім қабылдаған соң, телефон соғамыз» - деді жас қыз. Қағаздарымды жинап, аудиториядан шыққан бойда далаға тұра жүгірдім. Аулаға шыққанда ғана аласұрған жүрегім жай тапқандай болды. «Телефон соғамыз» деді ме?


Аялдамада ойланып отырғаныма біраз уақыт болып қалыпты. Автобус келіп тоқтағанда, әбден қалжырағанымды сездім. Адам стресстен осыншама шаршайды деп кім ойлаған!? Автобус лық толы, отыратын орын жоқ. Ортасына қарай сығылыса жылжып, бір қолыммен аспалы ұстағыштан ұстандым. Басымнан берген дәрісім шығар емес. «Былай деу керек еді, былай деу керек еді» деп өкіндім. Үйге аяғымды сүйрете басып, әрең келемін. Ыстық шәйді рахаттана, сораптап ішіп, Кортасардың романына қайта бас қойсам деп аңсадым. Есікті ашқаным сол еді, Баян алдымнан жүгіріп шықты: «Саған біреу телефон соқты, жылдам университетке қайта оралсын деді». Аяқ киімімді іле сала қайта жүгірдім. Неге шақырды екен? Сағат төрттен асып кетіпті, автобус келгенше қай заман! Сөмкемдегі ұсақ-түйек тиын-тебенді жинап алып санап едім, үш-төрт күн нан алуға жететін бес теңгедей ақша қалыпты.


«Тәуекел!» деп такси ұстадым. Көзілдірікті әдемі хатшы талдырмаш денесін орындықтан жеңіл көтеріп, телефонды жылдам теріп: «Она здесь» - деді де, жылдам сөйлеген қалпы бастықтық бөлмесіне қарай бет алды. «Қалай жылдам жүресіз, артыңыздан іле-шала шығып едім, жоқ болып кеттіңіз. Президент сізді тауып әкел деп деп бұйырды» - деп жымиды. «Президент» деді ме?


Бұрын мұндай әдемі офисте болған емеспін. Нарық заманы басталғалы оқу орындары мен кітапханалардан басқа мекемелерге кіріп көрмеппін. Оқу орындары әлі сол кеңес заманына тән жұпыны қалпында. Ескі дүние мен сұрықсыз заттар. Мына офистің салтанаты бірден көзге түседі. Үлкен кілем төселген бөлменің қақ ортасында тұрған мәжіліс үстелінің айналасына жиырма шақты орындық қойылыпты. Үстелдің басында бағана сынақ дәріс бергенде алдыңғы қатарда отырған ер адам отыр екен. Мен жақындай бергенде, «Отырыңыз» деп өзіне жақындау орналасқан орындықты нұсқады. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген жұмыс ұсынды. Университет жанынан орта мектеп ашылған екен. Сол мектептің директорына әкімшілік жұмыстары жөнінен орынбасар қажет екен.

— Резюмең маған ұнады.

— Рақмет.

— Үш тілде сөйлейсің, ұстаздық тәжірибең бар, ертеңнен бастап жұмысқа шық. Сынақ уақытында жалақың үш жүз елу доллар болады. Жұмысқа алсақ, жалақыңды бес жүз долларға көтереміз.​


Аяқ астынан бағалы маман болып шыққаныма таң қалдым. Оның үстіне мұндай жалақы түсіме де кірмеген! Мектепте аптасына жиырма сағат сабақ бергенде, менің жалақым жетпіс доллардан асқан емес. Бастық сөзін жалғастырды: «Біздің адамдар «салауатты бәсеке» деген ұғымнан жұрдай. Салауатты бәсекеге төтеп бере білу керек. Бір айда кім екеніңді көрсет, қолыңнан іс келетінін дәлелде. Есіңде болсын, бұл балабақша емес. Сені ешкім сәби сияқты қолыңнан жетелеп, «мынаны былай істе, мынаны былай істе» деп үйретпейді».


​Жұмыс орнымды хатшы өзі ертіп апарып көрсетті: терезенің алдында тұрған жұмыс үстелінің басында үлкен қара кресло тұр. Креслоға жақындап, таңырқай қарап біраз тұрдым да, жұп-жұмсақ орындығының шетіне отырып көрдім. Айналмалы креслоның екі жағына қолымды салып, ортасына қарай жылжып едім, тым ыңғайлы екен, сырғып барып, күмп еттім. Сол-ақ екен, денемді бір бөтен сезім жайлады. Бүкіл өмірім осы қара креслоға байланып қалғандай, «сенен енді айырылмаспын» деген жағымсыз ой жылт етті.


Ертеңінде таңертең жұмысқа келсем, кеше ғана мендік креслода бір бейтаныс әйел отыр. Жүрегім қылп ете түсті. Жанына жетіп бардым.

— Мынау менің жұмыс орным еді, босатасыз ба?

— Менің атым Райхан. Сіз Шынарсыз ба? – деді ол, жайдары жүзбен.

— Иә. Бірақ мынау менің орным.

— Мен бір айға директордың орынбасары болып тағайындалдым.

— Бұл қателік болар! Кеше Президент директордың орынбасары етіп мені тағайындаған.


Жасымай, бетіне қaдала қарадым. Райханның табиғи жұмсақтығын пайдаланып үлгердім бе, әлде дәл қазір өмір мен өлім арасында тұрғандай сақтану түйсігі ояна кетті ме, Райхан менің тесіле қараған көздеріме шыдамай, орнынан тұрып, үстелдің екінші жағында тұрған орындыққа барып отырды.


Түскі үзіліс кезінде Райхан екеуіміз асханаға бірге бардық. Оның екі жас баласы бар екен. Жолдасы жуықта қайтыс болыпты. Өзі бірнеше жыл Пәкістан елшілігінде хатшы болып жұмыс істепті. Ағылшын және неміс тілдерінің маманы көрінеді. Райханның асықпай сөйлейтін жұмсақ дауысынан, күлкі үйіріле кететін көздерінен, байыпты әңгімесінен оның мейрімді ана, адал жар, тіпті кімге болсын әпке бола кетуге әзір тұратын, жүрегі таза, тамаша адам екенін бірден таныдым.


Жолдасы қайтыс болғаны аздай, Пәкістан елшілігінде қысқарту жүріп, ондағы жұмысынан бір ай бұрын айрылып қалған екен. «Бірақ, жалақысы онша болмады. Өкінбеймін». Райхан бетіме жымия қарады. Мен Райханның әңгімесін үнсіз тыңдадым. Екеумізді бұл жерге айдап келген бір себеп. Екеуімізді неге бір орынға тағайындады екен? Бастық қателесті ме екен? Бір мезетте бастықтың нақылы есіме сап ете түсті. Қап, бәсекелесім Райхан болғаны ма? Жүрегім аяныштан сыздап кетті. Жылдам арылдым. «Қазір жұртқа жан ашып, қамқорситын уақыт емес. Кеше жұмыссыз қалғанда өмірлік деген достарым да қарқ қылып көмек берген жоқ» - деді бір қатқыл, бейтаныс үн.


Райхан екеуіміз таңертеңнен кешке дейін болашақ оқушыларды қабылдаймыз. Ата-аналарға мектеп жүйесін түсіндіріп, ережесімен таныстырамыз. Осы жұмыстардың арқасында күзде мектепте оқуға келетін екі жүзден аса баланың атын-жөнін жаттап алдым. Бұл мектеп жай оқу орны емес, қалталы азаматтардың балалары оқитын мектеп екені маған біртіндеп түсінікті бола бастады. ​Бірде офиске бір орыс әйел келіп екі баланың құжатын өткізді. Құжаттарын ашып едік, екі бала да АҚШ-та бірнеше жыл оқыпты. Әйел екі баланың бір жылдық оқуының құнын бірден төлеймін деді. Екі балаға бес мың алты жүз долларды қазір төлемек! Мұндай ақша түсіме де енбеген!

Тамыздың ортасына қарай кезекті демалыстан Лина деген қыз оралды.


Немқұрайлылау киінген, шот маңдай, бойы еңгезердей Лина алдымен барлығымызды барлай қарады да, бір сөз айтпастан, ренжіген кейіппен офистен шығып кетті. Сөйтсек, Лина мектептің қаржы бөліміне жауапты екен. Қаржы бөлімі бір компьютер мен Линадан тұратын көрінеді. Сондықтан ол өзінің компьютерін бөтен адамдардың пайдаланып жатқанын жаратпай, үдірейіп жүрген кейпі екен. Біраздан кейін компьютер босағанда келіп отырып, бір сөз айтпастан пернетақтаны сыртылдатып, бірнәрсесін баса жөнелді. Бірер күннен кейін дене бітімі Линаға жақын, бойы еңгезердей, тырбиған арық бір қазақ қыз келді. «Ой, Алька, привет!» Лина екеуі бір-бірін көруге асыққан туыстардай көрісті. Ол да бізге ләм-лим деместен Линаның жанына келіп отырды. Екеуі біраз сыбырласты. Линаның «Алькасы» кәдімгі «Әлия» екен. Құлағым шалғаны − Әлия осыдан бір-екі апта бұрын Президентпен сөзге келіп қалып, жұмыстан шығамын деген өтінішті өзі жазып берген екен. Президент оның құнды еңбегін бағалап, жалынғанның орнына, «Cвято место пусто не бывает» деп, өтінішіне қолын қойып беріпті.


Намыстанған Әлия Линаға бұл мекемеге сіңірген еңбегін айтып ұзақ шағымданды. Әлияның барлық бақытсыздығы мен өкінішінің қайнар көзі оның орнын жылдам баса қойған Райхан екеуіміз болсақ керек, енді екеуі бірдей біз жаққа қарай өкпеге толы жанарларынан жалын ата қарап отырды. Жау шебінде отырғандай Райхан екеуіміз қағазға үңілген болып бұға түстік.


Сынақ айы аяқталуға таяғанда Райханның басымдылығы айқындалды. Ағылшын тілінде менен жақсырақ сөйлейді және оның жайдары мінезі ұжымдағы көптеген адамдардың көңілінен шыққан сияқты. Әдетте ешнәрсемен жұмысы жоқ мектеп директоры Ахмет те Райханға бір бүйірі тарта сөйлейді. Әсіресе Президенттің орынбасары Балжанға ұнап қалғанын байқамау мүмкін емес. Балжан – Президенттен кейінгі екінші адам. Оның сөзі өтері анық. Менімен тіл табысқан Лина ғана болып шықты. Бұл жағдайды «әділетсіз» деп бағалауға әділдікті сүйетін басым әсте бармайды. Райханның басымдылықтарын өзім де білемін, соқыр емеспін. Бірақ күтпеген бір жәйт оқиға желісін күрт өзгертті. Сынақ айының ең соңғы күндері Райхан екеуіміздің біреуіміздің қателігімізден бір болашақ оқушының ата-анасы бухгалтерияда үлкен дау шығарса керек. Айына төленетін екі жүз доллардың орнына жүз доллар деген түбіртек жазып беріппіз. Ата-аналардың ақшасына тәуелді жеке мектептің қаржы саясатына балта шабатын бұл қателік Президенттің құлағына бірден жеткен. Ол дәл қазір жетуімізді талап етті.


Басында Райхан екеуіміз өзімізді ақтағанның орнына бір-бірімізді қорғаштап әлек болдық. Президент ашулана бастаған кезде, Райхан аяқ астынан кінәні мойнына алып, тіпті сол ақшаны өзі төлеуге әзір екенін мәлімдеді. Президент осы сәтті күтіп отырғандай, хатшыны шақырып алып, «Райхан жұмыстан бүгіннен бастап шығарылсын және қаржы бөлімі жалақысын түгел ұстап қалсын» деген бұйрық әзірле деп тапсырма берді. Райханның неге ондай қадамға барғанын түсінбедім. Жуықта ғана жалақы алуға асық екенін, жинақтап жүрген ақшасы бітуге таяғанын айтып еді. Райхан менің күйімді өзінің жағдайынан да мүшкіл деп ойлады ма екен? Жұмыссыз қалғаны былай тұрсын, бір ай тегін жұмыс істеді. Райханның күлімсіреген жүзі маған бұрылғанда, еріксіз көзімді төмен салдым. Бұндай жомарттыққа мен бара алмаспын.


Бірнеше күннен кейін Балжан офиске бір жас қызды ертіп кірді. Толық денесін жасырып, қара түсті қымбат киім киген, бұйра қысқа шашын әдемілеп қиған, бет әлпетін келістіре, талғаммен бояған түрінен Алматының тұрғыны шығар деп пайымдадым. Қыз бізбен сыпайы амандасты. Аты − Айна. Айнаның әкесі халықаралық білім бағдарламасында Балжанмен бірге жұмыс істепті. Айнаның папасының керемет адам екенін Балжан бірнеше рет қайталап айтты. Содан кейін Айнаның балалармен тікелей жұмыс істейтін орынбасар ретінде тағайындалғанын хабарлады. Айна тіпті университетті де аяқтамаған екен, яғни, жоғарғы білімі де жоқ! Біз сияқты терлеп-тершіп сынақ мерзімінен де өтпеді. Отырған қара креслом біртүрлі ыңғайсыз көрініп кетті.


Әр жұма сайын үлкен мәжіліс залында Президент жиналыс өткізеді. Жиналыстың басында ол біздің барлығымызға жұмыс беріп отырғанын есімізге салып өтеді. Кеңес заманында қалыптасқан тоғышарлық пен жұмыс істеген түр көрсету қадетінен құтылу керек екенін баса айтады. Жиналыстың жарты сағаттан көбін Президент өзін мақтауға арнайды. Одан кейін жазалау рәсімі басталады. Зарыға күткен жалақымыз көгалдай қырқылады. Кешкі сағат алтыға жоспарланған жиналыс кейде сағат сегізде әрең басталады. Жүз шақты адам қажет болса екі сағатқа дейін күтуге әзір. Лина ғана уақытын күтумен бос өткізгенше, интернетті шарлағанды жөн көретін. Ол әдетте менен: «Звякнешь когда шеф придет?» - деп өтінетін. Мәжіліс залына бастықпен бір мезетте кіретін де, мен өзі үшін сақтап отырған орындыққа келіп отыра қалатын.


Мұғалімдердің жалақысы қалыпты оқу мекемелеріндегідей сағатына емес, олардың жеке кәсіби деңгейіне, ғылыми атағына байланысты екен. Оған қоса, бұл жеке мектеп құрылғаннан бері қызмет етіп жүрген бір топ ұстаз бар көрінеді. Линаның айтуынша, олар Президент бұл мекемені дүниеге әкеліп жатқан тұста түсіністік танытып, көп ақаулықтарын кешіре білген «достар» саналады екен. Мекеменің қожайыны бұл адамдарға «аяғымыздан тік тұрған кезде сіздерге ерекше құрмет көрсетіледі» деп сөз беріпті. Сондықтан жалақы құпиялығы туралы бұйрық жарияланды. Әсіресе әкімшілік қызметкерлері бұл ақпаратты құпия сақтау туралы қатаң нұсқаулық алдық.


Бір күні таңертең Лина тысқа шығып кеткенде, тарих пәнінің мұғалімі Салтанат Шаушабай үн-түнсіз келіп, Линаның компьютеріне отыра қалды. Лина бухгалтерия үшін мұғалімдердің жалақысы туралы кесте жасап отыр еді, компьютерін бекітпей шығып кетіпті. Мен: «Салтанат, бұдан былай офис компьютерлерін қолдануға рұқсат жоқ. Кітапханаға барып басып алыңыз құжаттарыңызды» - дедім. Салтанат cөзімді құлағына да асқан жоқ.


Бірнеше мәрте қайталап айтуыма тура келді. Тіпті болмаған соң, орнымнан тұрып, жанына тақадым. Сонда ғана байқадым: Салтанат ызадан жарылғалы отыр екен. Орнынан атып тұрды. «Мамбетка, небось в жизни не видела компьютер. Пристала как банный лист» - деді ол, ызадан тұтыға ысылдап. Дәл осы сәтте офиске бірнеше жоғарғы сынып оқушылары кіре қалмасы бар ма. Салтанат оларды көргенде, көсеу тиген оттай одан бетер қыза түсті: «Мамбетка, вот кто ты, понаехали тут всякие, понабрали тут мамбетов, неизвестно из какой дыры!»


Жүзім өртеніп бара жатса да, балалардың көзінше артық сөз айтуға батпадым. Салтанат ызасын баса алмай, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, офистен шығып кетті. Балалардың қутыңдаған көздерінен талай сұрақты көрсем де, барынша сабыр сақтауға тырысып, оқушылардан неге келгендерін сұрай бастадым. Балалар шығып кеткен соң, ұнжырғам түсіп, қапаландым. «Осы қазақтардың бірін-бірі жер-жебіріне жете тіл тигізіп, жек көретіні несі? Осы қазақтардың өздерін басқалардан жоғары санай қалатыны несі? Салтанат өзін астана тұрғыны, деңгейі басқа жұрттан жоғары, ақсүйектер қатарына жатқызатыны түсінікті. Ондай ақсүйек болса, қарапайым мәдениет деген ұғымнан неге жұрдай? Мәдениет атасы кішіпейілдік емес пе? Ата-анасы кеше ауылдан көшіп келген қазақтар аяқ астынан неше ғасырлық Париж тұрғындарынан бетер кісімси қалады? Түк көрмеген деп соны айт! Ел-жұрттан, өз мәдениетінен безген мәңгүрттер! Орыс тілін білгеніне мәз, орыс бола алмай қор болып жүр» - деп айқайлағым келді. Есіме ұқсас көрініс түсе кетті.


90 жылдардың басында күнкөрістен басқа ешнәрсе ойлауға мұрша келмеген қиын-қыстау уақыттың бір күні троллейбуста оғаш көріністің куәсі болдым. Жүрегіме инедей қадалған осы көрініс менің бүкіл болмысымды, дүниетанымымды күрт өзгерткен еді. Ауылдан келген болуы керек, жұпыны киінген жас жігіт қызып алып, жанында отырған өзі қатарлас қызға «қарындас» деп қырындаса керек, ауыл жігітінің өзіне назар аударғанына шамдана қалған қыз орнынан атып тұрып, айқалай жөнелді: «Я тебе не карандаш! Мамбет, в кармане ни копейки, хорохорится как петух. Бескультурный идиот. Ненавижу. Понаехали тут!» Ауылдың жігіттерінің қатты сөзді көтермейтінін білетін мен басында қызға қолы тие ме деп шошып кеттім. Жоқ. Жігіт біртүрлі мұңды кейіппен басын кеудесіне салбырата түсірді де, бір нәрсе деп міңгірледі. Бір кезде мырс етіп күліп, қыздың айтқанын қайталады: «Хмм, в кармане ни копейки...» Одан кейін басын көтеріп алып, құдды Рязанның орысындай тап-таза орыс тілінде айқай салды: «В кармане ни копейки! Что ты понимаешь? Ничего ты не понимаешь!» Енді бір сәтте бүкіл әлемнің маскүнемдеріне тән күйіне қайта оралды: ауыр басын кеудесіне салбыратып, өз-өзімен сөйлесуге көшті.


Намыстанған қызға жанашыр әжелер де табыла кетті. Қыз енді «мазаны алатын ауыл мәмбеттерін» сыбауға көшті. Дәл осы сәтте мен өзімді троллейбустың артқы орындығында жалғыз өзі отырған бейтаныс жігітпен бауырлас, туыс екенімді, тіпті оған жанашыр екенімді, ал мына сәнді киініп алып айқайлап тұрған қазақ қызға мен емес, орыс әжелер жақынырақ екенін өмірімде бірінші рет түсінген едім. Кейде Алматыда туып-өскен үлкен Динаның «ауылдан келген қазақтар Алматыны тоздырды» деген ақылсыз сөздеріне мән бермеуші едім, бұл сырқаттың шынымен үдеп бара жатқаны ма? Бір-бірімізді жек көруді жақсылап үйренген екенбіз. Оны көрсету үшін мас болу, мәдениетсіз болу міндетті емес, қазақша сөйлеп, ауылдан келгенің жеткілікті екен. Әлде мен сезім жетегінде кетіп, жағдайды өзім күрделендіріп отырмын ба?


Ертеңінде таңертең хатшы телефон соқты. Кешегі мәселеге қатысты Президенттің алдына баруыма тура келді. Президенттің бөлмесінде Балжан да отыр екен. Салтанат шағымданып Балжанға барса керек. Президент маған бұл мұғалімдердің еңбегі ерекше екенін, ол кісілерді айрықша құрметтеген жөн екенін шыт жаңа, тәптіштеп қайта түсіндірді. Бұл түсініктемеге Балжан салмағы едәуір дерек қосты: «Шынар, к твоему сведению, Салтанат − дочь профессора Шаушабаева». Аузымнан қалай шығып кеткенін өзім де байқамай, Балжанға лезде жауап бердім: «Сонда сіз осында беделді адамдардың балаларына адвокат болу үшін отырсыз ба? Салтанат неше жерден профессордың қызы болса да, коммерциялық құпия деректер сақталған компьютерді қолдануға рұқсат жоқ деген әкімшіліктің бұйрығы қайда қалады сонда?» Президент көздерін төмен салып, біраз үнсіз қалды. Содан кейін басын көтеріп: «Шынар, сен сөзді көбейтпе. Жақсы жұмыс істеп жүрсің, жұмысыңды жалғастыра бер» - деді. Балжан екеуіміз бастықтың бөлмесінен шыққанда, Балжан басын кекірейте көтеріп, менің алдыма түсті де, «ісім сенімен болсын, бәлем» деген кейіппен жылдам жүріп кетті. Осы тілім ақылымнан бұрын сөйлеп қоятын жаман әдетімнен қалай арылсам екен?


Офиске жеткенім сол еді, оныншы сыныптың екі оқушысы кіріп келді. Бірінің қолында бір литрлік айранның бос қорабы бар. Есіктен сөйлей кірді: «Қараңыздаршы мынаны! Гоханың үстіндегі киімі қанша тұратынын білесіз бе? Бұл көйлек ЦУМ-да бірнеше жүз доллар тұрады!» Гауһардың басынан аяғына дейін кәдімгі ақ айран сорғалап тұр.

— Не болды, Гауһар?

— Не называйте меня по-мамбетски «Гаухар». Я − Гоха. Айша үстіме айран құя салды. Психопатка!

— Гауһар, сен үйіңе барып, киіміңді ауыстырып кел. Біз Айшамен сөйлесейік.


Гауһар тілін сырт еткізіп, есімін қайталағанымды жақтыртпағанын тағы бір білдірді де, шығып кетті. Айша бізбен бұл туралы сөйлесуге еш құлқы жоқ екенін кесіп айтты. Тәкаппар кейіппен: «Вечером мама сама зайдет» - деп хабарлады. Айшаның жеке ісін алып қарап едім, әкесі жоқ, мамасымен тұрады екен. «Анасының кәсібі сәулетші» деп жазылып тұр.


Үстіне лас құрылысшы киімін киген егделеу әйел офиске кіргенде, шынымен шаршап-шалдығып жұмыстан келгенін әлде қандай да бір мақсатпен әдейі осылай киініп келгенін түсінбей қалдым. Кофе ұсынып едім, ол басын шайқады. Орындыққа отырып, қабағын ашпаған қалпы: «Не боп қалды тағы?» - деп сұрады. Мен болған жағдайды айтып бердім.

— Маған не қыл дейсің?

— Cізге? Айша өзі ғой сізге телефон соққан. Біріншіден, қыздар бір сыныпта оқиды. Татуласқаны дұрыс болар. Екіншіден, Айша бұдан былай сабақта мұндай өрескел қылық көрсетпегені дұрыс. Бүгін математика пәні мүлдем жүрген жоқ.

— Мен таңертеңнен кешке дейін жұмыстамын. Осы мектепке айына 250 доллар төлеймін. Сонда сендер не істейсіңдер? Ал баламның көзіне қарасам – бос, мағынасыз. Кейде өзім қорқамын.

— Айшаның бұл мектепке келгеніне үш-ақ ай болды. Мұғалімнің жұмысы − пәні бойынша білім беру. Біздің жұмысымыз – оқу барысын қамтамасыз ету. Сондықтан балалардың тәртібі жағынан ата-анадан көмек болса ...

— Сонда мен осыншама ақшаны не үшін төлеймін?

— Бұл балабақша емес, орта мектеп қой. Өз қылығына өзі жауапты болатын ересек балалар...

Сәулетші қолын бір сілтеді де, үнсіз есікке бет алды.


Таңертең Гаухардың мамасы келді. Қолына гитара ұстатсаң, құдды «Тақиялы періштедегі» Алтыншаш сияқты: күміске боялған шашын беліне жіберген, шылымнан дауысы қарлыға сөйлейтін, мұқият боянған, нағыз ерке сылқым екен. Ол алдымен Айнаның үстелінің алдында тұрған орындыққа емес, үстелінің шетіне жайғаса отырып, ұзақ уақыт Айнамен сыбырласты. Анда-санда «Так же? Правда же?" - деп Айнадан бір нәрсені тартқылап сұрап отырғанын еміс-еміс естіп отырмын. Одан кейін менің алдыма келіп жайғасты. Алдымен жағымпазданып, сыбырлай сөйлеп: «Осындағы адам сияқтысы сен ғана. Гоха солай деп айтады» - деді. Қудай өтірік. Бұл арзан тәсілін мүлдем елемедім. Ерке сылқым іске көшті.

— Айшаның ата-анасы бүлінген көйлектің ақысын төлесін. Солай деп айт оларға. Майлы айран көйлекке сіңіп қалды, кететін түрі жоқ.

— Алдымен Гаухар мен Айшаны татуластырсақ. Екеуінің қарым-қатынасы шиеленісіп бара жатқан сияқты.

— Шынар, сен Гоханың папасын көріп пе едің? Мені менсінбесең, түстен кейін папасы келеді. Лина, ты же видела нашего папу? Правда, что он великан? Рост – 185. Папа у нас что надо! Наш папа знает английский лучше вас всех! С ним шутки плохи!

Гауһардың мамасы ішек-сілесі қатып күлді.

— Гаухардың папасы бұл мәселені шеше алмайтын болар. Қыздармен өзіңіз жеке сөйлесуге қалай қарайсыз?

— Ана психопатпен бе? Өлсем де сөйлеспеймін.

— Ол бала ғой. Бір нәрсеге назаланған болар...

— Ата-анасына сәлем айт, көйлектің құнын төлесін!


Гаухардың мамасы кеткен соң, Айна «Ну и мамаша!» деп басын шайқады. Лина компьютерден көзін алмаған қалпы, он саусағымен бір нәрсені басып отырып, баяғы сабырлы үнімен ұсыныс жасады: "Айшаны басқа сыныпқа ауыстырайық. Ол ақылсыз қыз емес, көнуі керек".


Шынында да, Айша еш қарсылықсыз басқа сыныпқа ауысты.


​Жалақыны асыға күттім. Қазанның ортасы болып қалды, ал біз тамыз айының жалақысын әлі алған жоқпыз. Бухгалтерияға бірнеше рет барып сұрадым. Ондағы қыздар ондай бұйрық берілген жоқ деп жауап берді. Тағы бір сұрағанымда, бас бухгалтер Женя кассаға өзі келіп, «Мазалай бермеші!» деп өтінді.

— Женя, жалақысыз адам қалай жұмыс істейді?

— Сенен басқа адамдар неге келіп мазаламайды? Өзің ұялмайсың ба?

— Маңдай теріңмен тапқан ақшаны сұрау ұят деп саналса, жұрттың жалақысын кешіктіріп беріп, адамды ыңғайсыз жағдайда қалдыру ұят емес екен? Басы төмен, аяғы жоғары қараған бұл қандай дүние болды?

​Женя кассаның терезесін ішінен жауып алды. Әріптестерімнен абайлап сұраймын, мен сияқты ақшадан қиналып жүрген ешкім байқалмайды. Лина сабырлы кейіппен жалақыны әрқашан кешіктіріп беретінін айтты.

— Сонда сендер қалай өмір сүресіңдер?

— Не істейміз енді? Мамамның жалақысы жетеді бәрімізге. ​


Бірнеше күннен кейін жалақы беріледі деген хабар тарады. Түстен кейін уақыт бола қалғанда екі өкпемді қолыма ұстап бухгалтерияға ұштым. Келсем, кассаның алдында үлкен кезек. Кезекте біраз уақыт тұрдым. Бір кезде кассаның терезесі тарс жабылды. «Ақша таусылып қалыпты» - дед біреу терезенің арғы жағынан.


Қыс қазанда алып-ұшып жетіп келетін салқын жылдың бірі еді. Орталықтан жылыту жүйесі әлі қосылмаған. Өкіметтен жуықта сатып алынған ғимараттың бірнеше жылғы қарызы төленбегендіктен, жылыту мекемесі жылуды қоспай отыр деген қауесет естідім. Оның үстіне бұрынғы мекеменің бастығы ғимаратты жекелендіру заңсыз жасалды деп сотқа берген көрінеді. Сабақтағы балалар да, офистегі жұрт та, түгел суықтан мазамыз кетіп, сырт киіммен жүрдік. Бір күні түстен кейін бастықтың хатшысы телефон соқты. Бастық жылдам келіп кетсін депті. Бастық мәжіліс бөлмесінде емес, оның артындағы жеке шағын бөлмесінде отыр екен. Бөлмесінде жылу құрылғысы орнатылған ба, жып-жылы. Ол мені теледидардан адамдар келіп, мектеп туралы жарнамалық ролик жасайтынын ескерту үшін шақырған екен.

— Бұл тапсырманы саған бергім келіп отыр.

— Неге маған? Ахмет қой директор.

— Ескі мектеп өкілдері демагог болып келеді. Сондықтан сұхбатты Ахметтен емес, сенен алады. Мұқият әзірлен.

Бастық менің жұпыны пәлтеге оранып, мұрным қызарып, шашым жалбырап тұрған кейпімді бір шолып өтті.

— Женяға айтып, саған ақша бергізейін, тілші келгенше шашыңды шаштаразға барып тәртіпке келтір.

Күтпеген мүмкіндік туа қалғанын қараңыз.

— Маған шаштаразға емес, тамаққа ақша керек еді.

Бастық менің пысықайлығымды жақтыртпай қалды. Дегенмен, жайбарақат жауап берді.

— Жалақы бүгін кешке болады.​

«Кешке болады» деді ме? Кешке бухгалтерияға ұштым. Кассаның терезесі ашық тұр екен. Ешкім жоқ. Жұрт күтуден жалығып, үйге кетіп қалған сияқты. Әлде ешкім білмей қалды ма екен? Бухгалтер Женя тізімдемені алдыма қойды. Қол қоюға оқтала бергенде, алатын жалақым жеті мың теңгеге де жетпейтін болып шықты.

— Женя, мынау қате ғой! Менің жалақым әлдеқайда көп болу керек. Және мен тамыздың басынан бері жұмыс істеп жүрген жоқпын ба?

— Что ты опять выдумываешь? Все правильно, выдаем только тридцать процентов и за август.

— Почему?

— Спроси у шефа.

— Но тридцать процентов должно быть не меньше двенадацати тысяч тенге!

— Сказали удержать за какую то ошибку. Шынар, пойми, что я выдаю зарплату согласно приказу!


Екі айда әрең алған жалақым пәтердің ақшасын төлеуге да жетпей қалды. Ызадан көзімнен жас тоқтамай парлады. Осындай да қорлық болады екен-ау! ​


Бірнеше күннен кейін математика пәнінің мұғалімі де бөлмеге жылап кірді. Еңіреген дауысынан алтыншы сыныптағы спортшының баласы «идиотка» деп тіл тигізгенін әзер түсіндім. «Ол менен кешіріп сұрамаса, ол сыныпқа енді кірмеймін, балалардың бетіне қалай қараймын?» − деп зар жылады жас қыз. Дереу баланың анасын шақырттық. Үстіне шолақ былғары пальто мен ұзын бойын одан сайын сорайта, биік өкшелі қымбат етік киген қара торы әйел қабағын ашпай, орысша тәптіштеп сөйледі.

— Баланың аты-жөнін дұрыс айта алмайтын ол қандай мұғалім? «Идиотка» деп тіпті дұрыс айтқан.

— Кешіріңіз, бірақ мұғалім күніне бірнеше сыныпқа сабақ береді. Мұғалімдер кейде оқушылардың аты-жөнін шатастырып алуы әбден мүмкін.

— Менің баламның аты-жөні шөп-шөңке ат емес, менің күйеуім − бүкіл Қазақстанды әлемге паш еткен спортшы. Тіпті дұрыс айтқан!

— Спортшыларды жанкүйерлері білгенмен, спорттан хабары жоқ адамдар біле бермеуі мүмкін және мұғалім баладан бірден кешірім сұраған екен. Ол білім беретін мұғалім, одан балаңызды қорғап қажет емес, және өзі жас бала...


Спортшының әйелі кекірейіп орнынан тұрды да, есікті тарс жауып жүре берді. Ертеңінде ұзын бойлы, еңгезердей чемпион өзі келді. Сыпайы амандасып, мені сұрағанда, чемпион мәселеден жақсы хабардар екенін бірден түсіндім.

— Айналайын Шынар, менің кім екенімді білмесең, энциклопедиядан қарап ал. Менің ғана аты-жөнім ғана емес, ел намысы, ел мақтанышы. Менің баламның өзі де талай жүлдеге ие болып жүр. Мұғалім оның аты-жөнін неге дұрыс айтпайды?

— Баланың жүлде алып жүргені тамаша, бірақ білім беріп жүрген мұғалімге «идиот» деп айту қандай мәдениетке жатады? Тәртіп барлық балаларға ортақ болуы тиіс. Өзінен жасы үлкен адамға тіл тигізді ме, кешірім сұрасын.

— Көргенсіз, бетпақ. Сен кімсің маған ақыл айтатын? Өз орнын білмейтін сен сияқтының талайын көргенбіз.

— Орнымды білмесем де, жұмысымды жақсы білемін. Еңбек етіп жүрген ұстаздары сіз сияқты дөрекі адамдардан қорғау − менің міндетім.


Спортшы офистен ытқып шықты. Жарты сағаттан кейін Балжанның хатшысы телефон соқты: «Ректор сізге жылдам келсін деді». Мен кіргенде чемпион кофе ішіп отыр екен, Балжан маған үстелдің екінші жағында, чемпионның қарсы алдында тұрған орындықты нұсқады. «Әп, бәлем түстің бе қақпанға!» деген кейіппен көзін қысыңқырап алып сөйледі.

— Отыр. Баймұрат мырза барлығын маған айтты. Еліміздің намысын қорғап жүрген азаматты осыншама қорлағаның не? Кешірім сұра, айналайын!

— Мәссаған! Мен қорлаппын ба? Оқу орнын қызыл дипломға бітіріп, сабақ беріп жүрген білдей маманға еш себепсіз тіл тигізген бала кешірім сұрағанның орнына, мен неге кешірім сұрауға тиістімін?

Спортшы «көрдің бе» деген кейіппен Балжанға қарап, басын шайқады. Балжан әп-сәтте ыңғайсызданған күйге ене қалды.

— Баймұрат мырза, кешіріңіз, осындай әдепсіз адамдар болады ғой, өзіңіз білесіз.

Чемпион оны қостай жөнелді.

— Айтпаңыз, әсіресе өздері ешнәрсеге тұрмайтын адамдардың көргенсіздігін айтып жеткізу қиын.

Мен де қарап отырмадым.

— Чемпион мырза, «атың шықпаса, жер өрте» демекші, сізге PR қажет болса, дәл осы жағдайды бүкіл баспаларға пресс-релизбен жіберемін, әлем чемпионының қылығын жұрт естісін.


Чемпионның аузына сөз түспеді білемін, үстелдің екінші жағында отырған маған қарай ұзын қолын сермеп қалды. Мен басымды жылдам артқа тартып үлгердім, бірақ оң қолыммен ректордың үстелінің үстінде тұрған қола мүсінді шап бердім. Мұндай жылдам жауапты күтпесе керек, чемпион түтігіп орнынан атып тұрды. Тайсалмастан, «Мен де өзімді қорғай аламын!» деп, орнымнан өре түрегелдім. Бірақ екеуміздің кейпіміз аянышты еді: мен спортшының орта белінен ғана келеді екенмін.


Ертеңінде спортшы баласын жаңадан ашылған өте қымбат жеке мектепке ауыстырғанын естідік. Баласының құжаттарын өздері келіп алуға намыстанып, ректорды жіберіпті.


​III. ​Алтын белгі


Балжан Айнаға тапсырма берді. Мектеп оқушылары үшін «Күзгі Бал» ұйымдастыру қажет екен. Тапсырманы естіген Айна бұндай шаруамен өмірінде айналысып көрмегенін айтып біраз шағымданды: «Я не умею развлекать людей». Айна мектеп әкімшілігінің қызметкері бола тұра, өзін мектептің еркетотайларының бірімін деп санайды.


Жалақысы да бізден артық. Оның себебі Айна Париж қаласында бірнеше ай француз тілін оқыпты. Әкесі халықаралық бағдарламалар бойынша лауазымды қызмет атқарған соң, Айнаға сол гранттың біреуі ешбірі сайыссыз тиген екен. Айнаның әңгімесін тыңдағанда, оның Париж қаласында тіл оқығаннан гөрі, дүкендерді көбірек аралағанын байқау қиын емес. Айнаның шамасы келмегендіктен «Күзгі Балды» ұйымдастыруға барлығымыз ат салыстық. Мұғалімдердің бірі тіпті вальс үйрететін би мұғалімін де дейін тауып әкелді. Би мұғаліміне әкімшілік тарапынан бір айдың жалақысы тағайындалып, ол күнде келіп, вальс билейтін жұптарды жаттықтыруға кірісті. Біраз әбігерге түстік. ​Бал болатын күні жұмыстан кейін үйге бармадық. Кештің дұрыс өтуіне, балалардың амандығына барлығымыз жауаптымыз.


Кеш басталғанда көйлек-сайыс та басталды. Жібек пен алтынға малынып келген «наташа ростоваларды» танымай қалып жаттық. Балдың салтанатты бөлімі аяқталғанда, оқушылар мен келген қонақтар кешкі ас әзірленіп жатқан асханаға қарай жүрді. Ата-аналар одағы ұйымдастырған банкетті аса қымбат мейрамхана әзірлеген екен. Күнде ас ішіп жүрген асханаға кіргенде қымбат декордан көзім қарықты. Әншейінде мектеп дәлізінде бес жасар балаша жүгіріп жүретін оқушылар қымбат та сәнді киімдері міндет артқандай, өздерін аяқ астынан ересек адам сезіне қалып, құдды кинолардағы 19 ғасырдың орыс аристократтарындай паңданады. Бұл біз үшін қарапайым кеш болғанымен, ата-аналар үшін мағынасы зор әлеуметтік шара екен. Бұл таңғажайып көріністен көз алмай отырғанда не жеп, не қойғанымды да білмей қалдым. ​Кешкі астан кейін балаларға дискотека жоспарланған еді.


Қымбат көйлектер мұқият оралып, машиналардың артқы жағына ілініп, ата-аналармен бірге үйге қайтып кеткенге ұқсайды. Дискатекаға келген оқушылар йығынан бір ауыр салмақ түскендей, қайта бала күйіне ене қалыпты.


Дискотека қыза бастағанда оқушылардың қайта-қайта тысқа шығып жүргенін байқадым. Университеттің ауласына шығып, балалар бізден жасырып ішімдік ішіп жүрсе керек. Бір барлап қайтайын деп аулаға шықсам Айна бір топ баламен шылым шегіп тұр екен. Оқушылармен шылым шегуге болмайды, бірақ Айна өзін солардың бірімін деп санайды. Айна жүрген соң, барлығы дұрыс болар деген оймен оралуға бет алғанымда, «тарс» еткен дыбыс құлағымды жарды. Артыма жалт бұрылдым. Айнаның жанында тұрған балалар шуылдап, тым-тырақай қаша жөнелді. Есімді жиғанша «тарс» еткен дыбыс тағы естілді де, алаңда жалғыз қалған Айна бір тізесіне қарай құлай берді. Оған қарай тапанша созып тұрған жігітті сонда ғана көрдім. Ол жылдам ауладан шығып кетті. Біртүрлі таныс көрінді. Ешнәрсе ойлауға мұршам болмай, Айнаға тұра жүгірдім. Мен жеткенде есі шыққан Айна ышқына жылап жіберді. Мен не болғанын түсінгенше күзетші жігіттер де жетті. Біреу жедел жәрдемге телефон соғып үлгеріпті.


Айна дауыстап жылап отыр. «Тірі болса болғаны, ештеңе етпес» - деді біреу. Шым-шытырық. Жедел жәрдем келгенде Айнамен ауруханаға Лина екеуіміз бірге бардық. Оқ емес бытыра екен. Дәрігерлер бытыраны алып, жарасын орағанша, сағат түнгі екі болды. Дәрігерлер бастарын шайқасып: «Жара ауыр емес, бірақ Айна қатты қорқып қалған. Осында қалсын» - деді. Біз қайтуға жиналғанда, Айна Лина екеуімізден «өткендегі инцидент» жайлы ешкімге тіс жармаңдар деп өтінді. «Қай инцидентті айтасың?» Лина екеуіміз бір мезетте «Ах!» дестік. Өткенде Айнаның біздің көзімізше бір оқушының ағасына тілін тигізгені есімізге сонда ғана түсті.

Түні бойы ұйықтамаған соң, сенбі күні жұмысқа жайырақ келдім. Лина да жұмыста отыр екен. Бастық шақырып жатыр деді. Екеуіміз бастықтың бөлмесіне келгенде, бүкіл әкімшілік сонда отырды. Бастық ашулы. Мен көргенімді айттым. «Университет Айнаның ата-анасының алдында жауапты, сондықтан тергеу міндетті түрде жүргізіледі» - деді. Лина екеуіміз қазан айының жалақысының жартысынан айрылдық. Айна үйінде бір ай жатты. Оның жұмысын біз атқардық. Университет оның жалақысына үстеме төлемақы қосып, ата-анасынан шуылдатпауды өтініпті.


***


Жылдың ортасында жалақы мәселесі жанымызға шындап бата бастады. Ахметтің бала-шағасы бар, жалақысыз жұмыс істеуге шыдамай, жұмыстан шығып кетті. Біраздан кейін Лина басқа жұмыс тауып алғанын хабарлады. Мектеп әкімшіліксіз қалды. Президент көп ойланбастан мектептің директоры қылып мені тағайындады. Басында қарсылық білдірдім. «Директор» деген құлаққа жағымды естілгенімен, ешқандай тәжірибем жоқ және жалақының өзгеретін түрі жоқ. ​


Мектепті басқару туралы әдебиетті қарап шығу қажет шығар. Кітапханаға бардым. Меңгеруші Биязова кітапхананың кіреберісіндегі бұрышта үйіліп жатқан жаңа кітаптардың тізімін жасап отыр екен. Тағы бір шетелдік ұйым университетке классикалық әдебиет шығармаларын сыйға тартыпты.

— Асылгүл, жазда ғана осы жинақты кітапханаға Британ елшілігі сыйлап еді ғой, мына жинақты не істейсің?

— Артық болмайды, солардың жанына тізіп қоямын.

— Вирджиния Вульфтың романдарын маған бере салшы. Соларды кім оқиды ғой дейсің?

— Осындай ой қалай келеді адамдардың басына? Бұл дегенің біздің студенттерімізге берілген сый емес пе?

— Оқырмандар арасында мен сияқты жақсы кітапты меншіктеп алғысы келіп тұратын «өзімшіл оқырмандар» болады.

Асылгүлге бұл ақталғаным мүлде әсер етпеді.

— Айтпақшы, қызметің құтты болсын!

— Естіп қойдың ба?

— Иә, жұрттың бәрі айтып жүр. Енді саған «Бизнесвуман» деген имидж керек. Әйтпесе ғой, киім киісің, жүріс-тұрысың хиппи сияқты.

— Қойшы! Шынымен бе?

— Дұрыс киініп жүрмейсің бе? Қарашы ана өзің сияқты Айнаға.


Биязова – бастыққа адал қызмет ететін, осы мекеменің сенімді адамдарының бірі. Екеуіміз құрдас болсақ та, көбінде ол маған ересектеу адам сияқты, бұйыра сөйлейді.


Мен офиске оралғанда, бірнеше жас мұғалім Айнаның компьютерінің айналасында бірнәрсеге үңіле қарап, қызықтап тұр екен. Мені көріп барлығы ыңғайсызданып қалды. «Нені қызықтап жатырсыңдар?» - дедім әртүрлі ойдан басым қатып. Айна қызарақтап, оныншы сыныптың бір оқушысының форумында жоғарғы сынып оқушыларының бір нәрсені талқылап жатқанын айтты. «Қаласаң, келіп қара. Сен туралы» - деп күлді. «Мен туралы?» Көзәйнегімді тағып, орындыққа жайғасып отырып, жазуы ұсақ форумға үңілдім. Форумда пікір тым көп екен. Көзіме ілінгендерін жылдам қарап шықтым.

Alma85: Почему Шынар? Она вообще не подходит для этой позиции

OlegPak: Преп каз языка директор школы? Беспонт!

Akma555: Не харизматичная. Я не хочу, чтобы преп каз языка была директором школы.

GaliaN: Зря вы так! Она прекрасно справится с этой работой. Очень граммотная.

Офисте тұрған мұғалімдер не айтар екен деген кейіппен менен көз алар емес. Сын деген осы болар. Менің бұл ұйымдағы жаңа рөлім енді абайлап сөйлеуді қажет етеді. Алдымен жымиып күлдім. «Пікір білдіру деген жақсы ғой! Бірақ балалардың барлық сыны менің қазақ тілінің мұғалімі болғаныма барып тірелгені мен үшін жаңалық! Харизма деген не? Ол да тілге ғана байланысты ма? Сонда мен қазақша білмесем, харизмам арта түспек пе?» Мұғалімдер жауап қатпады.


Президент осыншама қаржы төлеп оқып жүрген балардың білім сапасын дәлелдеу үшін, мектептен бір оқушы «Алтын Белгіге» ұсынылсын деген бұйрық берді. Мектепте кілең беске оқитын, дарынды балалар жоқтың қасы. Мұғалімдер бірнеше пәннен олимпиядаға қатысып жүрген Айнұрды ұсынды. Мұғалімдер кеңесі болған күннің ертеңінде Айнұрдың мамасы келді. Бұл отбасы қарапайым отбасы емес, Айнұр − белгілі саясатшының туған жиені. Айнұрдың мамасы биязы болғанымен, көп сөйлетін мылжыңдау адам екен. Оның ұзақ тирадасынан түсінгенім, Алтын Белгі бұл отбасы үшін алпауыт қайын жұрт тапқанмен бірдей керемет мансап екен. «Жақсы, мұғалімдер Айнұрды әзірлейді. Сізде де жеке мұғалім жалдап, әзірлікті үстемелетіңіз» - деп шығарып салдым.


Емтихан мерзімі таяғанда сынақтық емтихан жүргіздік. Айнұр математика мен ағылшын тілінен жақсы нәтиже көрсеткенімен, шығармасы нашарлау болып шықты. Оқыған бірнеше мұғалім әлі де әзірлік қажет деп тапты және бір-екі аптада керемет нәтижеге жете қоюы екіталай шығар дегене күмән білдірді. Тәжірибесі мол мұғалімдер орыс тілінің мұғалімдері бір шығарманы әзірлесін деген кеңес берді.​


Кешкі сағат бес жарымда сынақ мерзімінде жүрген Талғат Айнұрдың дәптерлерін қалалық білім бөліміне жеткізді. Сол күні басқа балалардың емтихандарын тексеріп болған ұстаздарды күтіп, қажетті құжаттарды толтырып, үйге кешкі сағат оннан кейін қайттық. Үйге келген соң шаршағаным сонша, бірден көзім ілініп кетіпті. Қатты ұйқыдан ұялы телефонымның шырылдаған дауысынан ояндым. Сағат түнгі он екіден асқан. Бұл кім екен түнде телефон соғып жатқан? Бейтаныс дауыс: «Шынар, қазір жылдам қалалық білім бөліміне келіңіз. Жарты сағаттың ішінде жетпесеңіз, мектебіңіздің намысына нұқсан келуі мүмкін» - деді. «Қандай шаруамен? Не болып қалды?» дегенімше телефон құлағын қоя салды. Амал жоқ, түннің ортасында такси шақырдым.


Мен қаланың ортасындағы білім әкімшілігіне жеткенде, ғимараттың алып сатысында бірнеше әйел тұр екен. Біреуі алдымнан тіпті жүгіре шығып: «Шынарсыз ба?» - деп сұрады. Қалғандары маған біртүрлі қабақ шыта қарап тұр. Екеуіміз үнсіз жоғары қабатқа көтеріле жөнелдік. Ғимарат дәліздерінің шамдары өшірулі. Жұмсақ кілем төселген ұзын, қараңғы дәлізбен біраз жүрдік. Бір бөлмеге кірдік. Бөлмеде үш-төрт әйел отыр екен. Ортасында отырған менің университеттік ұстазымның таныс жүзі көзіме жылы ұшырады. «Гүлзада Ахмедияровна, саламатсыз ба?» Ол біртүрлі ыңғайсызданып қалды. Кезінде университетте студенттердің зәресін алатын қатал ұстаздардың бірі еді. Жай маман емес, талай мықты жетістіктерге жетіп жүрген күшті маман. «Алтын Белгі» комитетінің төрағасы екен. Тартынып, әрең амандасты.

— Шынарочка, я даже не знала, что ты директор этой школы. Что ж ты так запустила это дело?

— Что я запустила?

Ұстазым бетіме тесіле қарады да, күрсінді.


Құдды кинодағыдай. Барлығы құпия. Ешкім ешнәрсе түсіндірмейді. Бағана мені даладан ертіп әкелген әйел маған «жүріңіз» деген ишарат білдірді. Соңынан тағы ердім. Қараңғы дәліздегі үнсіз шеруіміз тағы біраз жалғасты, содан кейін үшінші қабатқа көтеріліп, тағы бір бөлменің есігі ашылғанда, қарсы алдымдағы қара былғарымен қапталған есіктегі жазу көзіме оттай басылды: «Қалалық білім департаментінің бастығы Нұрғалиева Сәбира». Бұл адамның бөлмесіне түнде келу былай тұрсын, күндіз ешкім кіре алмаушы еді, мені неге мұнда алып келді? Хатшы есікті ашып, "кіріңіз" деді. Кірдім.


«Саламатсыз ба!» Сәбира Нұрғалиева бір нәрсе жазып отыр екен. Басын көтерген жоқ. Мен есіктің жанында тұрмын. Бес минуттай уақыт өткенде: «Отыр» - деді зілді дауыспен. Алдына келіп отырдым. Бірнәрсе бүлдірген баладай жаси қалдым дауысының зілінен. Тұрмысқа шықпаған кәрі қыз, мінезі жаман деп естуші едім. Бірақ бұл стереотиптен гөрі, тарс түйіп алған қабағы мен түн ортасында шаруашыл бола қалған түрі Швондерге ұқсап кетті. Күлкім келіп кетті. Осы бастық біткен қабағын тарс түйіп алатыны несі?


— Сен Айнұрдың обалына қалғаныңды білесің бе? Жауапкершіліктен жұрдайсың. Баланың бүкіл болашағына балта шаптың.

— Айнұрдың болашағына ма? Қалайша балта шауыппын?

— Сайқымазақтық орынсыз.

— Шынымен, ешнәрсе түсінсем бұйырмасын. Менен кеткен ағаттық не?

Нұрғалиева үнсіз жазуына қайта бас қойды. Мен бағанағы бөлмеге оралдым.

— Гүлзада Ахмедияровна, Айнұрдың шығармасы нашар болып шықты ма? Үш маман тексерген соң, барлығы дұрыс деп ойлап едім.

— Ну а что жы ты ничего не предприняла?

— Нужно что-то предпринимать?

— Ты что, притворяешься? Они говорят что вы не донесли то, что требовалось!

Құрып қалғыр, ақша беру қажет екен ғой! Маған неге ешкім айтпаған?

— Кеш болып кетті ме?

— Не знаю. Иди, разводи сама!

​Ұялы телефонымнан Президенттің үйіне қоңырау шалдым. Жұбайы алды. Жағдайды бастан-аяқ түсіндіріп айттым.

— Бастық үйде ме?

— Жоқ. Құдай біледі оның қайда қаңғырып жүргенін. Қазір, мен оған хабарлайын, сен күте тұр.

Жұбайының бұл сөздері жұрт әншейінде бетіне қарауға батпайтын Президенттің де қорқатын иесі бар екенінен хабар берді. Еріксіз күліп жібердім. Қараңғы аулада жалғыз өзім біраз тұрдым. Президент телефон шалды.

— Үйіңе қайта бер, мен өзім қажетті адамдарға хабарласамын.

​Айнұр алтын емес күміс белгі алды.


Келесі күні офистің алдында тұрған бір оқушының анасын көрдім. «Кіріңіз» деп шақырғанда, «Сізбен жеке сөйлесуім қажет» деп жауап берді. Екеуіміз бос дәліздің соңына қарай аяңдадық. Он бірінші сыныпты аяқтаған Құралай деген қыздың мамасы екен. Құралай орташа оқыды, бірақ мамасының химия пәнінен бағасы жоғары болса, оның мұнай факультетіне түсуіне себі тие ме деген үміті бар екен.

— Химия пәнінен қазіргі бағасы үш пе?

— Жоқ, төрт.

— Ол жақсы баға ғой.

— Соны беске түзетіп берсеңіз. Біз де құр...

— Химия пәнінің мұғалімі – үлкен адам. Ол кісіге «бағаны өзгерт» деуге дәтім бармайды.

— Шынаржан, бізде құр қол қалмаймыз.

— Кешіріңіз, жұмыстарым көп еді бүгін. Егер мені пара алады деп ойласаңыз, қателесесіз. Мен пара алмаймын. Құралай оқуға түседі, алаңдамаңыз.

Офиске оралсам, Құралайдың мамасы дәліздегі орындықта әлі отыр. Мені күні бойы аңдып отырмақ па? Түскі үзіліс кезінде мені қуып жетіп, лифтіге қоса кірді.

— Бағана айттым ғой сізге.

— Жарайды, түсінемін сені. Бәрі солай деп айтады. Ақша қажет емес деген адамды маған көрсетші? Құралай өмір бойы өзіңе риза болып жүрсін.


Мен аузымды ашып үлгерместен ол жібек жейдемнің кеуде қалтасына бір нәрсені тыға салды. Қолымды қалтама салып үлгергенше лифтінің есігі айқара ашылды. Лифтіні күтіп тұрған адам көп екен. Бетім ду ете түсті.

Құралайдың мамасы ширақ қимылдады: адамдарды жарып өтіп, жүгіре басып кетіп барады. Осындай да болады екен ғой! Өне бойым қалтырап кетті. Дәретханаға тұра жүгірдім. Ешкім жоқ екен. Есікті ішінен жауып алып, төс қалтамдағы бір бума ақшаны алып шықтым. Қып-қызыл бес мыңдықтар! Барлығы отыз бес мың теңге! Бұл дегенің көп ақша ғой! Енді не істеймін? Дәлізде біреулер келіп күтіп тұрған сияқты. Ақшаны сөмкеме салып, шашымды түзеп, дәретханадан шықтым.​


Талғат жағдайды жылдам түсінді.

— Мен бір-екі аттестатты артық алып келіп едім. Қаласаң, «Құралайдың аттестатын бүлдіріп алдық» деген протокол жазып, қайта толтырып берейін.

— Біреу біліп қойса қайтеміз? Бұл қылмыс қой.

— Бәрі солай жасайды ...

— Білесің бе, менің папамның бір әріптесі ұлының аттестатын осылай өзгертіп, оқуға түсіріп жіберген соң, артынан біреулер соны көрсетіп, баланы оқудан шығартты. Оқудан шығып қалған бала ауылға келіп жұмыс істеп жүргенде, жүріп жүрген қызын мотоциклден құлатып алып, он жылға сотталып кетті. Қыздың аяғы ауыр екен. "Әдейі өлтірді" деген айып тағылды. Баға тізілген бір парақ қағаз адамның өміріне осынша әсер етеді деп кім ойлайды?

— Андағың аянышты әңгіме екен. Бұл қашан болған оқиға?

— Жетпісінші жылдары.

— Қызықсың, қазір заман басқа ғой! Дегенмен, сұмдық-ай, біреудің баласын құртқанда сол адамдарға не түсті екен?

— Не түсті дерің бар ма? Қазақ бірін-бірі құртқанды жанындай сүймей ме?! Есіңде ме, Майлиннің романында жазықсыз айдалып бара жатқан Әбдрахманға жұрттың жаны ашығанның орнына күлетіні? Бұл тақырыпты Майлин неге қозғады ғой дейсің? Біз-бірімізге эмпатия көрсетуге жоқ халықпыз. Бельгер ағаны «неміс бала» деп еркелететін қазақ өз баласына келгенде тас бауыр!

— Не деп кеттің тағы, Шынар? Сабыр, абыржыма, мен барлығын өзім жөндеймін.


​Мен үнсіз он бес мыңды Талғатқа ұсындым. Сөмкем көзіме қайта-қайта оттай басылады. Жұмыстан шыққан соң бірден «Рахымжан» бутигіне бет алдым. Жабылып қалған жоқ па екен? Жоқ, ашық тұр екен. Көзіме баяғыдан түсіп жүрген қысқа қонышты, былғарысы жібектей италиян етігінің отыз алтыншы өлшемін он бес мың теңгеге сатып алдым. Аяғыма қона кетті. Арсыз олжа пайдасыз дүниеге кетсін. Не деген әдемі! Папам не дер еді мұны білсе? Ойламауға тырыстым. Енді қайтіп пара алмаспын.


IV. Еркіндік


Емтихандар аяқталып, балалардың жазғы демалысы басталғанда Алматының жылы ауасынан үйге кіргің келмей қалатын шуақты күндер де келіп жетті. Жұма күні кешкі сағат алтыда жұмыс уақыты аяқталғанда, бүкіл аптаның ауыртпалығы сырғып түскендей денем жеңілдеп сала берді. Жиналуға оқталғанда бүгін жиналыс бар екені есіме түсті. Қап! Бүгін қыздар Сәнияның үйіне жиналамыз деген. Дина кешке бір жігітті шақырыпты. «Фрукт весьма интересный. Не прозевайте!» - деген. Кім екен? Алаңсыз студенттік күндермен қош айтысқалы қыздардың бойдақ жігіттерге көзқарасы күрт өзгерген. Қыздарды көрмегелі біраз болды және студент кезімізден жаңадан үйренген бард әндерін айту үшін жиі бас қосатынбыз. «Келемін» деп уәде беріп қойып едім.


Жұмада болатын жиналыс ұзақ созылмайтын шығар, жазғы демалыс уақыты ғой, көбі демалыста деген үмітім бекер екен: жиналыс уақытында басталмады. Хатшыдан бірнеше рет сұрадым: «Бастық нешеде келемін деді? Менің бір кездесуім бар еді». Хатшы болса: «Сонда кездесу жұмыстан артық болғаны ма? Күтіңіз!» - деп ұрсып тастады. Сағат жеті болғанда, сөмкемді алдым да, мәжіліс залынан шығып жүре бердім. Аялдамаға жүгіре жеткенде әбден тозған ескі троллейбус та сүйретіле келіп тоқтады. Жұмыстан шыққан адамдар мен оқушыларға лық толы. Аялдаған троллейбустан ешкім түспеді. Жылдам жүріп кетуге оқтала бергенде, артқы есігіне лап қойған бір топ бала есікке кептеліп қалды. Троллейбус амалсыздан қайта аялдады.


Келесі көлік келгенше қанша уақыт өтетіні белгісіз, мен де балаларды итере, қыстырылып кіріп кеттім. Иін тірескен жұрт, жерге бір аяғымның ұшы ғана тиіп тұр. Бір кезде құлағыма сөмкемнің түбінен тұншыға шыққан телефонның дауысы жетті. Жуықта ғана бастықтың қаржы бойынша жауапты орынбасары қолымызға ұстатқан судай жаңа Nokia мазасыздана шырылдап, экранынан «6 missed calls» деген қаһарлы хабарын көрсетіп тұр. Жұрттың дабырлаған дауыстары мен троллейбустың шиқылынан естімеген болуым керек. Президенттің хатшысы екен. «Шұғыл шаруа болмаса, кешірім өтінемін. Кафеде отырмын, келе алмаймын. Бір досымның туған күні еді» - деп өтірік айттым. Біраздан кейін телефон қайта шырылдады. Президенттің нөмірін танып отырмын. Мұның арты жақсы болмайтынын білсем де, телефонымды өшіріп тастадым.


Есік ашық қалыпты. Ақырын кіріп, қыздарды шошытайын деген оймен, аяқ киімімді шу шығармай шешіп болып, төргі бөлмеге бұрылуға оңтайланғанда, кіре беріске қарсы орналасқан ас үйдің терезесінің алдында көзілдірік киген, орта бойлы жігіттің екі қолын айқастыра терезенің жақтауына сүйеніп, жымия қарап тұрғанын енді байқадым. «Сәлем!» - деді жігіт. Еріксіз күліп жібердім.


Менің дауысымды естіген Дина төргі бөлмеден атып шықты. Динаның комиктік дарыны оның сұңғылалығынан әлдеқайда басым. Бұл қасиеті Динаның табиғаты ма, әлде оның сыйдиған бойына жараса жаралған сопақ және секпіл бетті, үлкен құлақты, күлкілі бет-әлпетіне бола туындаған қажеттілік пе, атап айту қиын. Не болса да, Дина кез-келген қолайсыз жағдайдан комиктік тапқырлығының арқасында асқан абыроймен шығады. «Шынар. Маңдайға басқан жұлдызымыз. Болашақ ғалым. Дәл қазір бір білдей мекеменің бастығы».


Динаның дауысынан аздаған сайқымазақтық байқалды. «Одним словом, спортсмэнка, аспирантка и просто красавица» - деп аяқ астынан таныстыру рәсімін фарсқа айналдыра салды. Жігіт маған қолын созды: «Нұржан». Көзілдірігі дәу екен.


Мен ас үйде күйбеңдеп жүрген Сәнияға көмек беруге асықтым. Майға түскен жылқының еті шыжылдап, қызара бастағанда, ұсақтап туралған көкөністерді төге салып еді, керемет иіс бұрқ ете түсті. Қазанға түсіп кетуге әзір тұрмын. Көп ұзамай Нұржан магнитофонды көтеріп ас үйге жетті. Өзі алып келген кассеталарын сұрыптап отырып, жетпісінші жылдардағы кеңес эстрадасының хит әндерінің жинағын қойды.


​"Говорят, что некрасиво, некрасиво,

Некрасиво отбивать девченок у друзей своих.

Это так, но ты с Алешкой,

Несчастлива, несчастлива,

А судьба связала крепко нас троих".


​Леонид Баргердің мұңға толы дауысы зарлап қоя бергенде, барлығымыз күліп жібердік. Осы ән пайда болғанда біз әлі дүниеге де келмеген шығармыз, дегенмен бүкіл кеңес елдеріне белгілі хитті бірден таныдық. Дастархан әзір болғанда гитарасы мен грузин шарабын көтеріп Ержан жетті. Әдетте өзіміз ғана жиналатын ән кештерде барлығымызға еркелеп үйренген Ержан алдымен қонақты жаратпай қалды. Мұрнының астынан сөйлеп, құлағыма: «Это что за чудо?» - деді. Бірақ Нұржанның аты-жөнін естігенде бір қабағы керіліп, дауыс ырғағы күрт өзгерді. Бірден бағалады, білем. Нұржанның ата-анасы – белгілі адамдар.


Жұмсақ қуырдақты жайпап салған соң, ән салуға кірістік. Ержан түнгі тыныштықты бұзғысы келмегендей, қоңыр дауысымен «Тамшылар» әнін айтып болды да, гитараны Сәнияға ұсынды. «Кончается четверг и дождик мелок...» Сәния гитараның шектерін жылдам қағып, жалғыздық мұңын осы әнмен жеңетіндей, екі көзін жұмып, дұға оқығандай, жан-тәнімен беріле айтады.


​Нұржан мені «шәй ішейік» деп ас үйге шақырды. Шәйнекті көгілдір отқа қойған соң, әңгіме қозғадық. Нұржан өзі баспа кәсібін жуықта бастапты. Менің әдеби зерттеулерім жайлы сұрады. «Ауыз әдебиетін ұнатамын» дедім үнім шығар-шықпас. Ішімнен орысша қате сөйлеп қоямын ма дегенде зәре жоқ. Университеттің жылнамасына жазған мақалаларым жайлы айттым. «Молодец». Нұржанның дауысынан ересектер баланы құптағандай ма, өктемдеу сарын естілді. Неге екенін қайдам, осы «молодец» деген сөзді жаратпаймын. Бәлкім, бұл сөздің мағынасына көп адам мән бермейтін болар. Әлде жасым ұлғайып, тым қазымыр болып бара жатырмын ба? «Нәтижесіне ұмтылмай, шығармашылық үрдісінен ләззат ала білу керек». Нұржанның дауысынан тағы ұстаздық сарын естілді. Ас үйге Дина кірді: «Шәй әзір ме?» Шәйнектегі су бұрқылдап қайнап жатыр. «Выключи, нет хуже перекипевшей воды». Тағы Нұржан. «Почему?» Дина Нұржанға таңырқай қарады. «Шәй дәмді болу үшін судың қайнау деңгейін дәл білу керек. Бұл − ғылыми дерек. Су енді қайнай бастағанда өшіру қажет».

Сағат он екілерде Нұржан мен Ержан үйге қайту үшін такси шақырып, бізбен қош айтысты. Нұржан барлығымызға офистің мекенжайы, телефон деректері мен аты-жөні жазылған картасын берді. "Ертең офиске келіңдер" - деп шақырды. Екеуі кеткен соң, ыдыс жуып, үйді жинастырып, жігіттерді талқылап, әр кештен кейінгі міндетті рәсімімізді орындадық. Ержанның бөспелігіне күліп, Нұржанды жер-көкке сиғызбай мақтап, офисіне барар-бармасымызды айтыстық. Болмашы нәрсеге жас балаша ішек-сілеміз қатып, түнгі сағат үшке дейін отырдық. Жыл бойы қыздарға «көмек бермеді» деп бұртиған ренішімнің сілемі де қалмады. Қиналғанда алды-артымды бағдарлауға шама жоқ, құрбыларыма текке назаланыппын. Қыздарға тағы бір апат алдында тұрғаным жайлы ләм-лим демедім. Сезім мен парасаттылық жігін айыра білетін уақыт келген екен. Олай болса шешім қабылда.


Дүйсенбі күні таңертең офиске емес, бірден Президенттің қабылдау бөлмесіне тарттым. Әдемі хатшы қымбат көзілдірігінің үстінен қарап, «өзің кінәлісің» деген кейіппен күрсінді де: «Шынар келді» деп хабарлады. Президент үстелдің басында жалғыз өзі отыр екен. «Отыр» демеді.


— Сен не, маған соғыс жарияладың ба?

— Жоқ. Мен сізді бір сағат күттім.

— Қажет болса, үш сағат, төрт сағат күтесің. Мансап үшін адам құрбандыққа бара білуі тиіс. Телефонды неге өшіріп тастадың?

— Жұма сайын жиналыс, ал менің жұмыстан басқа да өмірім бар ғой.

— Бүгіннен бастап телефонды қайтар. Жазаң сол болсын.

Телефонды үстелге қойдым да, бар күшіммен Президентке қарай итере салдым. Телефон жылтыраған қымбат үстелмен сырғып барып, бастықтың алдына жетті.

— Мені жұмыстан босатыңыз. Маған құр мансап емес, ақша табу қажет. Мен бұдан былай сізге тегін қызмет ете алмаймын. Тамақ ішуім қажет, киім керек, қарт ата-анама көмектесуім керек.

​Бастық түтіге қарады.

— Свято место пусто не бывает. Орныңа адам әзірле де, жүре бер.


Бірден кадрлар бөліміне бет алдым. Мектеп директорының қызметіне өтініш берген адамдардың резюмелері жинақталған папка тіпті қалың екен. Барлығы келуге әзір көрінеді. «Свято место пусто не бывает» дегенде бастық осы папканың салмағын меңзеген болар. Қуанып кеттім. Түстен кейін еңбек кітапшам да дайын бола қалды.


Балжан «мектеп директорының қызметін атқарды» деген мәртебені маған қимай, «мектеп директорының орынбасарының қызметін атқарды. Еңбек кодексінің бәленбайыншы бабына сай еңбек тәртібін бұзғаны үшін жұмыстан шығарылды» деп жазып қойыпты. Жұмыстан шығуға өтінішті өзім берген сияқты едім ғой? Бұйрық та әзір екен, бір көшірмесін ұстап бухгалтерияға бардым.


— Женя, мен жұмыстан шығатын болдым. Осы айдың ақшасын әлі алған жоқпыз. Және бір жылдың демалыс ақшасы тағы бар. Қашан алуға болады?​

Женяның жүзі өзгеріп сала берді.

— ​Шынарочка, нам приказали тебе не выдавать деньги.

— Почему? Я же сама уволилась!

— Все вопросы к шефу. Ты же понимаешь, что я ничего не могу сделать.


Бір жылғы еңбегімнің қызығын да көре алмағаным ба? Уақытында берілмеген жалақы ше? Әр айдың жалақысының жетпіс пайызы ше? Бухгалтерия бастықтың бөлмесіне жақын орналасқан еді. Бухгалтериядан шығып, солға бұрылсаң болғаны. Бірақ, солға бұрылғанмен пайда болмасы белгілі. Ойламауға тырыстым. Аулаға шығып, жүзіме шілденің жылы күн сәулесі тигенде, кеудемді бір тамаша сезім кернеді. Еркіндік − дүниедегі ең керемет сезім.


Дереккөз: Таң-Шолпан журналы, қазан 2017, N5, 3-41 бет.