9.jpg

© 2017-2020 | Зәуре Батаева | Зерде блогы

  • Зәуре Батаева

Карл Ове Кнаусгард: әдеби сенсация

Норвегия жазушысы Карл Ове Кнаусгард «атың шықсын десең жер өртенің» нағыз өзі. «Көркем әдебиет атаулыдан шаршадым. «Жалған кейіпкерлер мен жалған сөзден құсқым келеді» деп, «Менің күресім» атты алты томдық өмірбаянында шындықты жайып салғанда, беті күйген туыстары өзінен түгел безіп, жазушы амалсыздан Швецияға жер аударуға мәжбүр болды. Ал әлем автордың батылдығынан бұрын, туындының күшіне қайран қалды. Бұл не? Жаңа әдеби құбылыс па әлде эпатаж ба? Бұл шығарманың атауы мен маңайындағы адамдардың жеке өмірін паш ету әдісі провокациялық болып көрінуі мүмкін, дегенмен, мамандар Карл Ове Кнаусгардтың күнделікті тұрмысты, кейіпкерлердің ойын, мимикасын, іс-қимылын егжей-тегжейіне жете сипаттау, кейде мизансценалық деректерге дейін суреттеу арқылы оқиға өрбіту шеберлігін жоғары бағалады. Өз басым Карл Кнаусгардтың туындысын әдеби құбылыс деп бағаладым және бұл құбылыс Роланд Бардтың автор мен жазба жайлы белгілі қағидасын растай түскендей көрінді.


Біз білетін әдебиеттегі отбасы жайлы шығармалар әрқашан әдемі сага немесе бақытты естелік үлгісінде, ал Карл Ове Кнаусгардтың хикаяты психолог маманның көмегіне жүгініп, өзіне маза бермей жүрген құпия сырды ақтарып салған адамның жан айқайы сияқты. «Менің күресім» – Толстойдың «Облонскийлер үйінде шым-шытырық» деп басталатын драмасы немесе Голсуорсидің Форсайттар әулеті жайлы романтикалық сагасы немесе Набоковтың «Естен кетпес сол сәттер» романындағы күн шуақты естелігі емес. Бұл романды оқу үшін алдымен Зигмунд Фрейдтің еңбектерінен аздап болса да хабардар болған жөн болар. Шынымды айтсам, бұл шығарманы бірден бастап кете алмадым. Бірінші кітабын бірнеше мәрте бастап, ортасына жетпей тастадым. Содан кейін, бір сәті түскенде, қолыма қайта алып, бас көтерместен оқып шықтым.


Карл Ове Кнаусгард менің замандасым екен. Екеуміздің балалық шағымыз, жастық шағымыз бір уақытта өтіпті. Мен кеңес одағының жалған идеалдарына сеніп, нағыз ақымақтарға арналған пионерлер лагерінде достық жайлы мүләйім әндерді шырқап, шерулетіп өсіп жатқанда, Кнаусгард жаз сайын ата-анасымен әлемді кезіп, мектепте рок тобын құрып, оқығысы келген кітабын оқып, әлемнің мұражайларын аралап, Еуропаның дамыған елдерінің бірінде өмір сүріп жатыпты. Оның 18 жасында оқыған кітаптарын мен 30 келіп оқығаным қалыпты нәрсе шығар. Дегенмен, жағдайлар жағадан алып, тығырыққа тірелгенде, адамзат атаулы бір тілде сөйлейді ғой. Адамзат тарихында «Бұл өмірге неге келдім?» деген сұрақты өзіне қоймаған бір де бір жан жоқ шығар.

Романның бірінші томының басында басты кейіпкер жақында мерт болған әкесінің мәйітін көруге моргқа келеді. Әкесінің жансыз денесіне қарап тұрған жас жігіт не жыларын, не қуанарын білмегенін жасырмайды. Аяқ астынан осындай дилеммаға тап болған Карл өмірінде бірінші рет өлім жайлы толғанады. Кеше ғана құты қалмай қорқатын адамның жансыз бейнесінен жас жігіт «әкелік» қасиетін таба алмай қиналады. Бұл адамның өзіне кім болғанын түсіне алмай дал болады. Бұл жанындай жақсы көретін, өлімге қимайтын әкесі ме әлде зұлымдығы әбден өткен, жек көретін жауы ма? Одан кейін, балалық шағы мен жасөспірім шағын кеше көрген кинодай баяндап береді.

Сырт көзге бақытты болып көрінетін Кнаусгардтар отбасы ел қатарлы екі қабатты үйде тұрады. Демалыс болса, шетелге немесе көлге барып демалады. Жаңа жыл мен басқа мейрамдарда маңайда тұратын ата-әжесінің үйіне барады немесе туыстары олардың үйіне қонаққа келеді. Әкесі осы шағын қалашықтың бір мектебінде бастауыш сыныптардың мұғалімі болып қызмет істейді. Анасы да жергілікті ауруханада медбике. Ал үйдегі екі ұл бала бұл отбасының баласы емес, жетім балалар сияқты әкесінен өлердей қорқады. Оған бір сөз айтуға дәті жетпейді. Карл ағасы екеуі әсіресе анасы түнгі кезекке кеткен түндері зәре-құты қалмай, кешкі асты жылдам ішіп, бөлмелеріне зып беруге асық болатындарын жасырмайды. Өз бөлмелерінен тыс аймақта әкесімен кездесіп қалса, тұла-бойы қалтырап, өзін қайда жіберерін білмей қиналатын бала анасы үйде болмағанда күні бойы бөлмесінен шықпай, кітап оқып отыруға бар. Өзінің туған әкесіне ұнамайтын асты ішкім келмейді деп айтуға қорқатын Карл тілінің мүкісі әрдайым үркіп қорыққаннан болғанын біліп пе? Дәл қазір Карл Ове әкесінің жат бауырлығы оның ертеңгі өміріне қалай әсер етері жайлы ойланатын жасқа да жетпеген. Ол бұл сұрапыл жағдайға қалайда бейімделіп, осы ортада күн көруі тиіс. Күресе білуі тиіс.

«Күресу» деген Карл Ове үшін жанжалдасу емес, ол үшін нағыз күрес – мүмкіндігінше әкесіне ұқсамауға тырысу. Анасымен сырласа қалатын сирек мезеттер – бала үшін шипа. Әкесінің толассыз мазағы мен ұрып-соғу әдетіне шыдамай, Карлдың ағасы үйден ерте кетуге мәжбүр болады. Анасы бұл жағдайға жол бергеніне өкініп, үлкен ұлының жанында болуды жөн көреді. Жасөспірім Карл мінезі иттей, өзіне деген ешқандай жылулық сезімі жоқ, дөрекі жанмен бір үйде тұруға мәжбүр. Ол әкесін барынша сирек көруге тырысады. Ата-ана мейіріміне зәру жасөспірім жақын маңайда тұратын ата-әжесіне жиі барады, бірақ олар немересін мүлдем қолдарына алуға құлық танытпайды. Карл өзінің сенімсіздік пен күмәнға толы болмысын ата-анасымен қарым-қатынасы дұрыс, салауатты отбасынан шыққан достарымен әрқашан салыстырады. Тілінің мүкісінен қысылатын Карл ірі денесі мен тартымды келбетін кемшілігін жасыру үшін қолданады, қажет болса күш көрсетіп, жасытуға да бар. Өмірдің астарлы, күрделі жақтарын айтпағанда, қарапайым күн көріс әрекеттерін өз бетімен үйрену жетімнің еншісіне тисе, тірі ата-анасының мейріміне қарадай зәру болып, жетімдік зардабын тартқан баланың тірлігі қандай аянышты! Мұндай отбасында өскен баланың ертеңгі тағдыры қандай болады? Карл Кнаусгард қалған 5 томында осы сұраққа жауап іздегендей әлде дабыл қағып, оқырмандарын ескерткендей.

Карл Кнаусгардың сырты бүтін, іші түтін отбасы жайлы сагасы баспа бетіне шыға салысымен көптеген жазушылар сараптауға асықты. Бұл көлемді шығарма өмірге шағымдану емес, шынайы оқиғаларға толы аянышты хикаят. Автордың өнер және әдебиет саласындағы білімі, көркем өнерге деген қызығушылығы, музыкамен әуестігі – барлығына да көңіл бөлінген.


Бұл шығарманы көптеген мамандар Прустың белгілі романымен салыстырады. 20 ғасырдың басында адамзаттың ақымақтығынан түңілген Марсель Пруст экзистенциалдық қаламын оқырмандарға сән-салтанат мұражайы мен интеллектуалдық шарықтау ләззатын ұсынуға арнады. Карл Ове Кнаусгард 21 ғасырдың өзіне тән ашықтық стиліндегі туындысында шым-шытырық, қайшылыққа толы өмірдің қиындықтарына төтеп беру үшін өзінің, айналасындағы адамдардың, отбасы мен бала-шағасының болмысына, олармен қарым қатынасына үңілді.


Бұл шығарма 22 тілге аударылды. Олардың арасында орыс тілі жоқ. Мүмкіндік болса, атышулы шығарманы ағылшын тілінде оқыған тиімдірек болар.


Толығырақ: https://amazon.com/Karl-Ove-Knausgaard/e/B00NS0C37C