• Зәуре Батаева

Жомарттық және бекзаттық жайлы

Жазушы Зира Наурзбаеваның шығармашылық кешіна қатысты шын жүректен жазылған мына мақала өзіме екі себептен ұнады және осыған орай көкірегімде баяғыдан жүрген «жомарттық» пен «бекзаттық» жайлы бір ойымды қоса айтқым келіп отыр.


Мақаланың авторы – «Экспресс К» баспасының редакторы Расул Шыбынтай мәдениет, әдебиет және музыка саласында қажымай-талмай еңбек етіп, еліміздің зияткерлік байлығын арттыруға зор үлес қосып жүрген үш өнер қайраткерінің керемет жемісті серіктестігін «феминистік трио» деп өте орынды атаған екен. Зира жеңгеміз бен Лиля Калаустың терең білімін бағалап, сарқылмас қиялына қанат бітіретін іскер сіңліміз Раушан Жұманиязқызының «аса жоғары гуманитарлық талғамы» мен «ұйымдастыру қабілетін» де ерекше атап өтіпті.


Иә, феминистік қозғалысты әрқашан нағыз ерлер, парасатты азаматтар қолдайтыны белгілі дүние, себебі феминизм ерлерге қарсы қозғалыс емес, керісінше, қоғамның ақыл-ой, зияткерлік потенциалын халық мүддесінде барынша тиімді пайдалануға бағытталған өркениет талабы!


Расул: «Қазақстанның жаңа руханиятын қалыптастыруға шексіз үлес қосып жүрген күшті замандастарымызды арамызда жүргендіктен байқай алмай жүрген іспеттіміз. Оларға алғысты көзі барда айтқанымыз дұрыс емес пе? Немесе, Ержан Татишевтің «Аспандау» қорының атынан әрекет ететін Қанат Нұровтың өнегесімен оларды қазір қолдау қажет қой! Ал ертең ескерткіш қойып, көшеге аты-жөнін беру арзымайтын тірлік, миф құрудың тағы бір түрі екенін мойындайық!» - деп, тағы бір өте ОРЫНДЫ ОЙ айтыпты.


Айналама қарасам – білімді, талантты және еңбекқор ақын-жазушы қыздар көп, тіпті алғы шепте жүр бәрі. «Осы күшті қыздарды жігіттер неге қолдамайды? Сыйлық-марапаттың бәрінен қағылып, тіпті аты-жөндері де аталмайды. Әдеби конференцияларда білімі телегей теңіз әпке-сіңлілерімізге неге мінбер берілмейді, біздің жігіттер неге оларды итеріп тастап, алға өздері шығып алудан ұялмайды? Жөн-жосықсыз бірін бірі неге мақтай беруден шаршамай ма? Әлде бұл іштарлық па?» - деген ой мазалап жүрген еді. Расулдың мақаласын оқып, «Жомарт та бекзат жігіттер әлі де жоғалып кетпеген екен ғой!» - деп қуанып қалдым.


«Жомарт», «бекзат», «текті» деген асыл сөздерге материалдық белгі тағып, мағынасын мүлдем бұрмалап алыппыз. Негізінде, бұл дүниенің мәнін әлемнің неше ғасырлық ғұламаларынан ешбір кем түсінбеген ата-бабамыз «жомарт» деп өнер мен білімнің қасиетін білетін, тума дарынды танитын, нағыз білімді мойындайтын, ақты ақ, қараны қара дейтін шыншыл да көреген адамды айтады, ал «бекзат», «текті» деп дәулетті жұрттың үрім-бұтағын айтпайды, қандай қиындыққа мойыматын, қандай жағдайда да, тіпті өлім мен өмір арасында тұрып, адамгершілік қасиетін жоғалтпайтын рухы мықты, төзімді адамды айтады.


Толығырақ: https://express-k.kz/news/literatura/kulturnyy_feminizm_kazakhstana_zira_naurzbaeva_lilya_kalaus_raushan_dzhumaniyazova-135666