• Зәуре Батаева

Елена Феранте: Неаполь оқиғалары

Соңғы жылдары әдебиет әлемін дүр сілкіндірген жазушылардың бірі – италиян жазушысы Елена Феранте. Италияның әдеби сыншылары 1991 жылдан бері «көп сериялы мелодрама» деп бағалаған «Неаполь оқиғаларын» дарынды аудармашы Анна Гольдштейн ағылшын тіліне аударғанда, әдебиет әлемі үшін нағыз сенсациялық жаңалық болады. «Неаполь оқиғалары» туралы барлық әдеби сыншылар жарыса жазып, Елена Ферантенің романдары бестселлерге айналды. Қазірде бұл жазушының шығармалары бірнеше әлем тілдеріне аударылған.

Бұл жазушының жеке тұлғасы туралы ақпарат 2016 жылға дейін құпия болған. Көптеген мамандар 50-60 жылдары Неаполь өңірінде орын алған қызықты оқиғалардың шынайы авторы кім екенін біле алмай, әр түрлі болжамдар жасап әлек болды. «Күдікке ілінген» жазушылардың бірі – Неаполь қаласында туып өскен белгілі жазушы Доменико Старноне еді. Бірақ оқиғаның басты кейіпкерлері қыздар болғандықтан, бұл болжам онша қолдау таппаған. «Елена Феранте» өзінің бұл шешімін баспа арқылы құпиялығын сақтай отырып берген сұхбаттарында, «оқырман үшін автордың тұлғасы емес, шығармасы маңызды, ал автордың жеке тұлғасы оқырманға шығарманы қабылдауға кедергі жасайды» деп талай рет түсіндірген.


24 жыл бойы құпия болған Елена Ферантенің тұлғасы 2016 жылы қазан айында ғана анықталды. Клаудио Гатти деген италиян тілшісі «Елена Феранте» – жазушы Доменико Старноненің жұбайы, аудармашы Анита Рай екенін мәлімдеді. Тілші бұл шындықты Рим қаласындағы жылжымайтын мүлік агенттіктерінің растағанын жерден жеті қоян тапқандай жариялағанымен, Елена Ферантенің шығармашылығына бас иген қауым бұл жаңалықты естуге мүлдем құштар болмай шықты. Өз басым да 2016 жылы 3 қазанда Гардиан газетінен бұл жаңалықты оқығанда, тілшінің сумақайлығын жақтыртпай қалдым. Ферантенің фанаты болсам да, оқырман ретінде мен үшін автор туралы бәрін білу мүлдем маңызды емес еді.


Дегенмен, Анита Райдың өмірбаянын оқып шығып, оның жеке өмірінің роман кейіпкерлеріне ешқандай қатысы жоқ екенін білгенде, кейіпкерлер мен оқиға желісін шебер суреттеген жазушының шексіз қиялына одан бетер қайран қалдым. «Елена Феранте атын жамылып жүрген Доменико Старноненің өзі емес пе екен» деген күдігім арта түскендей болды. 19 ғасырда әйел жазушыларға «Джордж Элиот» және «Жорж Санд» атынан жазу қоғамның керітартпалығынан туындаған қажеттілік болса, «құпиясыз» 21 ғасырда лақап атпен жазу оқырман қиялына қосақы әсер беретін тәсіл емес пе? Жарайды, бұл шындықты кезі келгенде өзіңіз анықтай жатарсыз, әзірге Елена Ферантенің романы туралы аздаған ақпарат ұсынамын.

«Неаполь оқиғалары» атты төрт томдық эпикалық роман – екі қыздың мызғымас, бірақ күрделі достығы туралы. Ең алғашқы томы «Менің дарынды құрбым» деп аталады. Бұл шығарманы 60-80 жылдардағы Италияға саяхат деп атаса артық емес. Жазушы екі қыздың бейнесі мен тағдыры арқылы оқырманды жалпы Италия қоғамымен, елде орын алған ірі экономикалық өзгерістермен, Неаполь өңірінің ерекше мәдениетімен, тіпті «Каморра» туралы деректермен асқан шеберлікпен таныстырады.


Соқыр күндестік емес, нағыз бәсекелестікпен бір-бірін шабыттандырып отыратын екі өжет қыз ең алдымен бір-бірінің алғырлығын, одан кейін сұлулығын, одан кейін дарыны мен қайратын өмір бойы сынап бағатындай. Оқырман туыстары мен достары еркелетіп Ленучи (Елена) және Лила (Рафаэлла) деп атайтын екі сұлудың қызықты балалық шағын Неаполь қаласының кедей жұмысшылары тұратын өңсіз көшелері мен лас жертөлелерінен қызықтаса, екі сұлудың жасөспірім шағында Неаполь орталығында тұратын әлеуметтік жағдайы тәуірлеу ортаңғы класс өкілдерімен танысып, бойжетіп, білім қуған Ленучидің соңынан Пизан университетінің зияткерлік ортасынан бір-ақ шығады. Екі қыздың қатар бой жетіп, әйелдік болмысын қалыптастырып, одан кейін бақыт іздеу жолында бір сәтке бақталастық болып көрінетін қыңырлау қарым-қатынасы шынтуайтында нағыз достық екеніне көз жеткізу үшін оқырман төрт томда баяндалған Неаполь оқиғаларын түгел оқып шығуы тиіс.


Елена Феранте шығармалары әлі орыс тіліне аударылған жоқ, бірақ ағылшын тілінде оқитын жастарға бұл автордың төрт томдығының тым болмағанда алғашқы екі томын оқуға кеңес беремін.


Дереккөз: https://www.bookdepository.com/author/Elena-Ferrante