• Зәуре Батаева

Босх көрмесі

Иероним Босхтың көрмесіне барып қайттым. Суретшінің туған қаласындағы мұражай әкімшілігі шебердің әлемдегі барлық шығармаларын туған қаласына жинап, суретшінің 500 жылдық мерейтойын атап өту үшін бұл жобаны осыдан жеті жыл бұрын бастаған екен. Әлемнің ең ірі мұражайларынан орын тапқан үздік туындылар асқан ұқыптылықпен суретшінің туған Хе́ртогенбос қаласына жеткізілген. Бұл көрме жалпы өнер әлемінде орын алып отырған ерекше оқиға.


Суретшінің ең белгілі шығармаларының бірі - «Шөп-арба» суреті Мадрид қаласынан соңғы 450 жылда мүлдем шықпаған екен. Испан королі Филип II (1527-1598 жж) кезінде суретшінің өзінен бірнеше шығармасын сатып алған екен. Қазір олар Мадрид қаласындағы Прадо мұражайының иелігінде. Бұл сурет солардың бірі. Суретшінің шығармалары рентген арқылы мұқият тексеруден өткізіліп, түпнұсқалығы айқындалып, кейбір суреттері көрмеге дейін қалпына келтірілген. Рентген суреттің түпнұсқалығын ғана анықтамайды, сонымен қатар қолданылған бояу және минерал түрлерін анықтайды. Бұл әсіресе көнерген суреттерді қалпына келтіру мамандары үшін тамаша жаңалық. Мамандар Босхтың бірнеше суретін осы технология көмегімен бастапқы қалпына келтірді.


Орта ғасырда өмір сүрген суретшінің ерекше қолтаңбасы жұртты соңғы без жүз жыл бойы таң қалдыруда, сұрақ туындатуда. Соңғы жылдары пайда болған өмірбаяны және шығармашылығы туралы жаңа зерттеулерге дейін бұл суретші туралы әр түрлі пікір, әр түрлі лақап тараған.


Шығармаларындағы адамның ең қорқынышты түсіне кірмейтін кейіпкерлер мен адамның миына келмейтін азап түрлері көптеген адамдарды «суретшінің дені дұрыс болмаған болар» деген тұжырымға итермеледі. Шебердің өмірбаянын мұқият зерттеген мамандар бұл пікірді мүлдем жоққа шығарады. Себебі, Босх өз заманында өте қадірлі және өте діндәр адам болған екен. Қала тұрғындары оның шығармашылығын аса құрметтеген. Бұл дерек, әрине, Босхтың заманындағы адамдар үшін дін және қасиетті кітаптың қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді.


Босх католик ретінде жақсы мен жаман, ақ пен қара жігін нақты ажырату мақсатымен бейіш пен тозақ бейнелерін көп суреттеген. Жалпы, Босх шығармашылығын осы үш тақырыпқа арнаған: жер бетіндегі өмір, бейіш және тозақ. Босх өзіне дейінгі басқа шеберлермен салыстырғанда, діни бейнелерді дәріптеудің орнына, күнделікті өмірден мысалдар беріп, қарапайым адамның бейнесіне көбірек мән берген. Оның суреттеріндегі негізгі кейіпкерлер әулилер мен діни кейіпкерлер емес, қарапайым адамдар.


Босх адам өмірі мен келесі өмір арасындағы тунель бейнесін кітап бетінен кенеп бетіне бетіне түсірген алғашқы суретші болып табылады. Жанр тұрғысынан көптеген мамандар оны алғашқы сюрреалист деп атағанымен, көптеген өнер сүйер қауым бұл пікірмен келіспеуі мүмкін. Өмірбаянын зерттеген мамандар Босхтың өз заманындағы басқа суретшілер сияқты шетелдерге барып дәріс алмағанын, туған қаласынан ұзап ешқайда бармағанын баса айтады. Дегенмен, Босхтың шығармашылық ізденісі мен техникалық шеберлігіне әсер еткен сол заманда жақсы дамыған Фландрия суретшілерінң мектебі болғаны анық. Босх қолданған майлы бояу да сол заманда фламанд және неміс суретшілері ойлап тапқан жаңалық еді. Ол кезде Италия шеберлері әлі темпера әдісін қолданатын, яғни пегменттерді жұмыртқаның сарыуызымен араластыратын. Қай жағынан болсын бірейгілік танытқан Босх аса ерекше дарын иесі болғаны анық.


Толығырақ: https://wikiart.org/en/hieronymus-bosch