top of page
  • Зәуре Батаева

Аягүл Мантай: тік жүрді, тік құлады

Аягүл Мантайдың қазасы жанымызға қатты батты. Соңғы екі жылда қанша адаммен қоштастық, бірақ 29-шілде күні жеткен ауыр хабардан бәріміз есеңгіреп қалдық. Аягүлдің бойында адамға деген жанашыршылық деңгейі өте жоғары болатын, содан болар, ол өзі тым сезімтал еді. Француз жазушысы Марсель Пруст бірде: «Әлемдегі қандай ұлы нәрселерді жүйкесі жұқа адамдар жасады: дін негізін қалаған да, адамзатқа небір өнер туындыларын сыйлаған да басқа емес, солар», - деген еді, Аягүлді де жазушылыққа ерте әкелген осы ерекше табиғаты болса керек.


Ондай адамдар басқаның тән азабын, жан азабын өзінікіндей қабылдап алады да, сол адаммен бірге қасірет шегеді, сондықтан олардың сыртқы әлемнен қорғана білу қабілеті төмен болады, олар сәби бала сияқты қорғансыз келеді. Аягүлдің сондай ерекше адамның бірі екенін оның шығармаларын, әлеуметтік желілерде жазып жүрген ой-пікірлерін оқыған оқырмандары, жақын-алыс таныстары бәрі білетін еді. Енді өзекті өкініш өртеп, «аяулы жанды сақтай алмадық» деп қоштасып жатырмыз. Біз оны неден сақтай алмадық?


Ковид-2019 басталғанда қазақ тілінде не бір жүйелі ғылыми ақпарат жоқ, не бір жүйелі сақтану шаралары жоқ – не істерге білмей абдырап қалған жұртты кесірден сақтануға шақырған Аягүлдің Фейсбук үндеуін жүздеген оқырмандар өзара бөлісіп, қаламгердің жанайқайы мыңдаған адамдарға демеу болды. Міне, жазушының ешкім оқымайтын неше том кітап шығарып, ұйым-одақ мүшесі болуы немесе сансыз жүлдеге ие болуы талап емес, қандай жағдайда да оқырманына рухани қолдау, шешім ұсынған қаламгерді жазушы дейді. Аягүл осы қағиданы, жазушының қоғамдағы орнын ерте және елдегі жазушылық жайлы қалыптасып қалған теріс түсінікке қарамастан, дұрыс түсінген сирек қазақтың бірі.


Ол қоғамдағы қатігездікке, принципсіздік пен жағымпаздыққа төзімсіз еді, бәрінен де сатқындықты жек көруші еді. Ондай адамға кез келген қоғамда, әсіресе рухани құндылықтары тым бұлыңғыр посткеңестік қоғамда өмір сүру өте қиын. Аягүл де өз ортасын таппады.


Тіпті сонау 2006-2007 жылдары жазған туындыларын оқып, «бұл бала неге осыншама мұңды» деп ойлайтын едім. Кейіннен әлеуметтік желілер пайда болып, таныстық, 1-2 әңгімесін аудардым. Осыған қатысты жиі хабарласып тұратын едік, жазушылық кәсібін қанша жақсы көрсе де, жазушылықпен айналысуға соншалықты жағдайы болмады. Бұған қатысты ойларын жиі айтып жүретін еді. «Сапалы дүние ізденісті қажет етеді, ізденіс күш-қайратты, уақытты талап етеді, бізде ой еңбегі бағаланбайды», - деп өзіме бірнеше мәрте жазды. Қазақстанда дәл қазір орын алып отырған ой еңбегін бағаламау, дарынды керексіз қылып итеріп тастау кризисін бір әдеби сыншы «қаламгердің трагедиялық қажетсіздігі» деп атаған еді, ұлтымызда «қажетсіздік» сырқаты үдеп тұр. Екі жоғары білімі бар, таланты бар Аягүл Мантайға тұрақты жұмыс ұсынатын бір де бір қазақ табылмағаны ма?


Екіншіден, Аягүлдің сезімталдығын, жеке күйзелісін «әлсіздік», тіпті «сырқатқа шалдыққан» деп түсінетін рухани соқыр-керең адамдар бар екенін кеше Аягүл көз жұмған сәтте білдік. Аягүл сол адамдардың аяусыз қатігездігінің құрбаны. Аягүлдің қазасына «қоғам кінәлі» деген кеңестік слоганды мың қайталап, жұртты сабырға шақырған болып, істі жылы жауып қоюға қазірден бастап кірісе бастаған топтар бар. Бірақ бұл адамдар мәселені жете түсінбей отырған сияқты.


Қазір «буллинг» деп аталып жүрген құбылыстың орысшасы «травля», қазақша атауы – психологиялық қудалау, адамның ізіне түсу. Яғни, не физикалық, не психологиялық «құрық» деген мағынасы бар. Қателеспейтін адам болмайды, өзара түсінбеушілікті мәдениеті жоғары адамдар, әсіресе ақылы толған әйел адамдар әлеуметтік желіде емес, жеке жерде шешеді. Халық алдында жүрген қаламгерге ауыр сөз айтып, әлеуметтік жүйеде жер-жебіріне жете жәбірлеген адамдар Аягүлдің психологиялық күйін, жеке күйзелісін біле тұра осы буллинг әдісін қолданды және оны өз көзімен көрген куәгерлер жетерлік. Аягүл өзіне құрылған осы психологиялық тұзақтан шыға алмай қалды – психологтардың айтуынша, буллинг нәтижесі жиі осылай аяқталады. Зәбірлеуші адамдарды заң жүзінде жазалау қажет, себебі халық алдында жүрген өнер иелеріне ұйымдасып алып жабылу, оларға қарсы жандайшаптарын айтақтап, айдап салып, жұрт алдында талау – бұл қазақ қоғамында баяғыдан бар құбылыс, 15 ғасырда отырған жоқпыз, 21 ғасырда бұнымен заң жүзінде күресу керек.

Толығырақ: adebiportal.kz/kz/news/view/tik_zhurdi_tik_kuladi__23454

Сәуле Әбілдаханқызы


Comments


bottom of page