top of page
Зәуре Батаева

Аштық жайлаған дала: ашаршылық, озбырлық және кеңестік Қазақстанды орнату

АҚШ тарихшысы, Мэриленд университетінің оқытушысы Сара Кэмерон – тарихымызда Ашаршылық атауымен белгілі зобалаңды зерттеген ғалым. Камеронның Йель университетіндегі осы тақырыпқа арналған докторлық диссертациясы екі ғылыми жүлдеге ие болған екен. Зерттеу нәтижесі – «Аштық жайлаған дала: ашаршылық, озбырлық және кеңестік Қазақстанды орнату» атаумен 2018 жылдың қараша айында кітап болып шықты.


Кітаптың жарық көргенін ести сала, дереу оқып шығып, Сарадан сұхбат беруін өтініп, қазақтардың көкейінде жүрген біраз сұрақтарды қойған едім, ол сұхбатым 2019 жылы «Экспресс К» және «Әдебиет Порталынан» жарияланды. Ал кітапты оқыған соң, әрине, қазақ тіліне аудару қажет деген ой бірден келді. Алғашында әпкем екеуміз өз бетімізше аудару мүмкіндігін қарастырған едік, сәтін салып, белгілі қоғам қайраткері және саясаткер Досым Сәтбаевтың жеке «Сөз» қоры аударуға кірісіп жатыр дегенді естігенде, қуанып қалдық. Артынша-ақ, Досым Асылбекұлы бізге хабарласып, осы жобаға қатысуымызды өтінді. Бұл, әрине, біз үшін үлкен сәттілік еді.


Айта кететін жайт – бұл еңбекті орыс тіліне аудару жұмысын Ресейдің НЛО баспасы жүзеге асырып жатқан еді, сондықтан екі тілге аудару барысы екі елде бірақ қатар жүрді. Аудару жұмысына барлығы 8 айдай уақыт кетті. Қандай да кітапты басқа тілге аудару барысында автор тарапынан түзетулер, өзгертулер міндетті түрде орын алатыны белгілі жайт. Әр тарауды аударған соң, автор (Сара Камерон) 2 тілге аударылған нұсқаларын қарап шығып, өз ұсыныстарына қоса орыс тіліндегі нұсқасына енгізілген түзетулерді де бізге жіберіп отырды. Редакциялау барысында осы аталған өзгерістерді ескердік.


Аударма саласының, соның ішінде академиялық еңбектерді аудару ерекшеліктерінің бірі – аудармашының екі тілді жетік білуі мүлдем жеткіліксіз, оған қоса аудармашының аударылатын тақырып бойынша жалпы хабары мен кәсіби тәжірибесі болуы талап және бұл – кәсіби тұрғыдан да, этикалық тұрғыдан аса маңызды талап. Сондықтан аударуды екеулеп іске асырдық. Екінші аудармашы – Сәуле Батаева (әпкем). Оның негізгі мамандығы пәлсапашы әрі әлеуметтанушы болғандықтан, әлеуметтік ғылымдар саласындағы біліктілігі аударма сапасына өз үлесін қосты. Жалпы мәтіннің тікелей өзін аудару барысында аса қиындықтар туындаған жоқ, бірақ аударма жұмысы ең бірінші тәртіп пен жұмыс уақытын нақты жоспарлауды, одан кейін сол тақырыпқа толығымен беріліп, біраз уақытыңды сарп етуді талап ететін, асығыстықты мүлдем көтермейтін шығармашылық жұмыс екенін әсте естен шығармаған жөн. Бұл орайда «Аштық жайлаған дала» жобасына тапсырыс берген баспагер – Досым Асылбекұлы Сәтбаевтың өзі де бұл талаптардың орындалуына аса мүдделі болғанын және уақыт жағынан ешбір қысым жасамай, шығармашылыққа қажетті жағдай жасағанын айта кеткіміз келеді.


Аудармашылар ретінде, әрине, ұсақ-түйек тосқауылдарға жолықтық. Олар көбінесе саяси-әлеуметтік терминологияның тапшылығына кейде керісінше бірнеше баламасының болуына байланысты болды. Оған қоса, қазақ тіліндегі кейбір ұғымдардың ғылыми мағынасы ағылшын тілімен салыстырғанда ауқымдырақ не керісінше тарлау болуы мүмкін. Мысалы, ағылшын тіліндегі «pastoral nomadism» ұғымы кейде қазақшаға «жайылымды көшпенділік» деген аудармамен берілсе де, біз оны «көшпенді мал шаруашылығы» деп аудардық. Өйткені «көшпенді мал шаруашылығы» ұғымына «жайылым» ұғымының кіретіндігі априори белгілі, яғни тавтологиядан бас тартып, терминнің негізгі функциясына жүгіндік.


Одан басқа, қазақ тілінде қалыптасқан сөз тіркестерін (коллокациялар) дұрыс қолданудың мәтіннің жалпы сапасына әсері зор екені белгілі. Мысалы, Сара Камерон алғысөзінде кітаптың ағылшын тіліндегі атауын (The Hungry Steppe) Бетпақдаланың орыс тіліндегі «Голодная Степь» деген атауынан бейімдеп алғанын түсіндірген екен. Орыс тілінен бейімделген атауын қазақ тілінде «Аш Дала» деп тікелей аударудан бас тартып, қазақ тілінде қалыптасқан идиомалық сөз тіркесін қолданып, «Аштық Жайлаған Дала» деген атауға тоқталдық.

Аудару барысында аударма жұмысының негізгі – автордың әр сөзіне адал болу қағидасын ұстандық. Мысал ретінде айта кетейін, зерттеу жұмысында кездесетін ауыр оқиғалар суреттелгенде, әріптестер тарапынан сәл жұмсартып аударсақ деген ұсыныстар да болды. Біз бұл ұсынысты қабылдамадық. Аудармашы ретіндегі басты мақсатымыз – еңбектің мазмұнын қазақ оқырманына сол қалпында жеткізу болғандықтан, оқиға мұрағаттық материалда қалай берілсе, дәл сол күйінде қалдырдық. Кейде орыс транскриптіне сай өзгеріп кеткен атауларды тексеріп, оның түпнұсқалық атауын тауып қайта жазуға тура келді. Ондай жағдайлар әсіресе ру, тайпа немесе жеке тұлғалардың есімдеріне байланысты көп кездесті. Ал Кеңес Өкіметінің партия саясатына қатысты қолданған терминдерін өзгертпей қолдандық немесе жақшаға алып көрсеттік.


Сондай-ақ, жағрапиялық атауларға да байланысты біраз іздену қажеттілігі туындады. Мекенжайлардың сол кездегі нақты атауларын анықтау немесе сол кездегі кеңестік не ресейлік әкімшілік терминдерді тексеру жұмысында орыс аудармашысы Алексей Терещенконың біраз көмегі тиді.


Бұл кітап Сара Камеронның 11 жылдық зерттеу жұмысының нәтижесі. Алдымен докторлық диссертация аясында зерттелген бұл еңбек ғылыми монография ретінде 2018 жылы Корнелл Университетінің баспасынан жарық көрді. Тарих ғылымында қандай да тарихи жағдайларға қатысты бірнеше көзқарас болуы қалыпты дүние, ал Ашаршылыққа қатысты бір жақты пікірлер әбден қалыптасып қалған және бұл пікір КСРО идеологтары анықтап берген шеңберден асқан емес. Сондықтан Сара Камерон іспетті біліктілігі жеткілікті ғалымдардың еңбектері трагедияны жан-жақты түсінуге, себеп-салдарын анықтауға тек қана үлесін қосады. Бұны айтып отырғанымыз, баспасөз бен әлеуметтік желілерден «өз тарихымызды өзіміз ғана жазуымыз керек» деген пікірлерді зиялы қауым жи айтады. Бұл пікірлер, әрине, қазіргі ақпарат заманына сәйкес емес, кертартпа көзқарас. Ал плюрализм ғылым саласында қалыпты нәрсе болуы шарт. Өйткені, өздеріңізге белгілі пәлсапашысы Платон айтып кеткендей, Ақиқатқа жету үшін Пікір Талас (диалог) қажет.


Сара Камеронның бұл зерттеу жұмысының ерекшеліктері көп және олар біздер үшін, яғни, қазақтар үшін аса маңызды болып табылады. Бірнешеуіне тоқтала кетейік.


Бұл еңбекте апатқа себеп болған саяси-экономикалық факторлардың бірі – ұжымдастыру науқанын жүзеге асырған мамандардың біліксіздігі, режимнің жергілікті халықтың тұрмыс-салтын білместікпен орын алған қателігі-мыс деген пікірді түбегейлі жоққа шығарады. Ұжымдастыру науқаны басталмас бұрын, алдымен Сталиннің өзі, одан кейін ол тағайындаған жауапты адамдар қазақтардың өмір-салтын жан-жақты зерттеген білікті мамандармен кеңесті, тіпті қосымша экспедициялар да жүргізілді. Сталиннің жаппай ұжымдастыру науқанына, әсіресе сол жылдар көшпенді және жартылай көшпенді қазақтарды отырықшылдыққа мәжбүрлеуге осы мамандар түгел қарсы болды.


Екінші ерекшелігі – Сара Камерон Ашаршылық апатының негізінде геноцид әрекеті жатқанына бұлтартпас деректер ұсынды. Геноцид терминінің тарихын баяндай келе және Геноцид Конвенциясына қатысты келіссөздер жүргізу кезінде, Кеңес Одағының басқа бірнеше мемлекетпен ұйымдасып алып, геноцид құрбандары тізіміне ұлттық, этникалық, нәсілдік және діни топтармен қатар «саяси топтардың» енгізілуіне жол бермеуге бар күшін салғанын баяндай келе, Сара Камерон былай дейді:


«БҰҰ-ның Геноцид Конвенциясына сәйкес, Қазақ Ашаршылығы геноцид ретінде бағаланбауы мүмкін, өйткені қолдағы деректер режимнің қазақтарды этникалық топ ретінде қасақана жоюды көздегенін дәлелдей алмайды. Алайда, егер біз геноцидтің Лемкин тұжырымдаған бастапқы, яғни қырып-жоюдың физикалық емес жолдарын қамтитын – саяси, әлеуметтік, мәдени және әлеуметтік озбырлықты да геноцид ретінде бағалайтын бастапқы нұсқасына сүйенетін болсақ, онда Қазақ Ашаршылығын геноцид ұғымына жатқызылуы әбден мүмкін. Ұжымдастыру саясаты арқылы Мәскеу көшпенді өмір салтынғ яғни, қазақ мәдениеті мен болмысының басты ерекшелігі мен белгісін құртуды көздеді». (Аштық Жайлаған Дала, 204-205 бет.)


Тағы бір маңызды ерекшелігі – Сара Камерон Ашаршылықты қазақ халқы үшін «өтіп кеткен», енді қайталанбайтын құбылыс деп санамайды. Ол бұл әлеуметтік апаттың біздің халқымызға тигізген зардаптарын зерттеу қажеттілігін күн тәртібіне қойып отыр. Ол оны ашық түрде «аяқталмаған жоба» деп атады:


«Ашаршылықты заманауи қазақтардың жадында сақтау жолдары, сондай-ақ қазақтардың апат жайлы естеліктерді өз ұрпақтарына қалай түсіндіріп, олардың зердесіне қалай түйетіндігі әлі де бірталай зерттеуді қажет ететін үлкен тақырыптар. Сонымен қатар, Қазақ қоғамын тас-талқан күйретіп, Қазақ мәдениетін танымастай етіп өзгерткен, бірақ оның орнына іле-шала Қазақтың жаңа ұлттық болмысын қалыптастырған Ашаршылық Апаты туралы Қазақ ғалымдарының өз зерттеулері әзірге әлі де аяқталмаған жоба болып қала бермек». (Аштық Жайлаған Дала, 214-бет.)


Көріп отырғанымыздай, автор бұл әлеуметтік экспериментті қазіргі заманғы Қазақ Болмысымен (Идентичность) тығыз байланыстырып отыр. Кітаптың қорытынды бөлімінде келтірілген бір мысалдағы жас қазақтың бұл апаттың көлемін мойындауға келгендегі енжарлығы, сондай-ақ, қазіргі қазақтардың өз тіліне қарағанда орыс тілінде сөйлеуге деген құмарлығы бұл нәубеттің Қазақ сана-сезімі үшін зардапсыз өтпегенінен хабар береді. Кітаптың 195-ші бетіндегі: «Алапат Ашаршылықтан әзер есін жиған қазақтардың көпшілігі өздерінің дәстүрлі өмір салтының құрдымға кетіп жоқ болғанын сонда ғана білді», - деген сөйлемді осы зерттеудің квинтэссенциясы десе де болады. Бұл жантүршігерлік әлеуметтік эксперименттің нағыз салдары немесе көзделген мақсаты да осы «нәтиже» деген болжам жасауға әбден орынды. Кейбір скептиктер «Ашаршылықтың Қазақ Сана-Сезіміне қандай қатысы бар, оның бәрі партияның солақай саясатынан туындаған зардаптар емес пе?», - деген уәж айтып жүр. Олай болса, біз де қарсы уәж айтып көрейік:


Атышулы коммунизм идеясының авторы Карл Маркстың «Сананы болмыс билейді» деген тезисі бар. 20-шы ғасырдың басында қазақтың басынан өткен зобалаң әр қазаққа тән жағынан ғана емес, сондай-ақ жан жағынан тиген ауыр соққы. Қазақтардың бүкіл мәдени болмысы «өмір сүруге лайық емес» деген бағаға ие болып, болмыс иесі – қазақтардың өздеріне «артта қалған», "мәдениеті төмен" деген айдар тағылды. Қазақтарды болмысын түбегейлі өзгерту арқылы ғана модернизациялауға болады деген стереотипті пікір қалыптасты. Ал оған көнбегендерді, әрине, «қырып салуға» да болады деген ашық болмаса да, астыртын және бейсаналық ұғым пайда болды. Сол кезден бастап, кеңестік идеологияның жымысқы әрекеттерімен, кейде тіпті ашық үгіт-насихат арқылы қазақтарды «екінші сорт» ретінде көрсету жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келді. Олардың мәдениетінің кез-келген белгісі – тілі болсын, бет-пішіні болсын, киген киімі болсын немкеттілікке ұшырап, жайы келсе ашық түрде әжуалауға дейін баратын стереотип механизмдері жасалып отырды. Бұның психологиялық зардаптары әлі күнге дейін жалғасып отыр. Кейбір қазақтардың, тіпті олардың немере-шөберелеріне дейін әлі күнге дейін «қазақ болғысы келмейтіні» әлеуметтік психология мен социологияда Этникалық Нигилизм деген ұғымға сай келеді.


Қазақтардың зияткерлік дискурстарында Ашаршылыққа адам шығыны ретінде, статистика мен демография тұрғысынан ғана қарау және трагедияның ең залалды салдары ретінде осы ашыққан адамдардың сұмдық тән азабы мен қасіретін ұсыну үрдісі қалыптасқан. Алайда, апатқа себеп болған табиғи, экономикалық және саяси факторларды бөлек-бөлек емес, кешенді сараптау нәтижесінде апаттың салдары бұдан неше есе артық екені айқындала түседі. Сара Камерон осы аталған факторлардың соңғысының, яғни, саяси фактордың басым болғанын және оның қаншалықты залалды болғанын ашып көрсетеді.


Сталиннің марксистік теорияны өте тар түсінгені және осы өзінің тар түсінігінің аясына сыймаған дүниелерге асқан төзімсіздік танытқаны – Ашаршылықтың негізгі себебі десе де болады. Көшпенді қазақтардың өмір салты Сталиннің социалистік жүйені орнату схемасына сай келмегендіктен, ол алдымен 4000 жылдық тарихы бар көшпенді қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымын, рулық ағайындыққа негізделген жүйесін және оның барлық механизмдерін түбегейлі құртуды көздеді. Халықтың ұлттық болмысын аштан қатыру арқылы жойып қана қойған жоқ, ол қауымдастық өкілдерін 2 тапқа бөліп, бір-біріне қарсы қою арқылы ұлттың өзін өзі жоюына саяси жағдай жасап берді. Бұл науқанның залалды салдары біздің тілімізден мықтап көрініс тапқан – қазіргі қазақ қоғамында кеңінен қолданылатын «бай» сөзінің аса жағымсыз мағынасы осы 1928-1933 жылдары жүрген ұлттық жақсы-жайсаңдарына, қазақ зиялыларына қарсы күрес салдарынан пайда болған еді. «Бай» сөзінің мағынасы содан бері қайта қаралған жоқ.


Екінші көрінісі – КСРО-ның басқа республикаларының ешқайсысында орын алмаған өзінен өзі жеру мәселесінің түпкі негізі осы Ашарлықта жатқаны анық. Үгіт-насихат көмегімен қазақ қазақ болуға, өз тілінде сөйлеуге ұялатын жағдайға жеткені – осы Ашаршылықтың салдары. Мәдениетімізде осы сияқты психологиялық комплекстің бірнеше түрін атауға болады. Мысалы, «қазақтар жетім баланы далаға тастамайды» деген идеология кеңес заманында қалыптасты. Ал деректерге қарасақ, Ашаршылық кезінде ұрпағын өте жақсы көретін көшпенді қазақтар 80 мыңнан аса баланы жетімдер үйіне тастауға мәжбүр болған. Тағы бір мысал, Ашаршылық кезінде мыңдаған қазақтар бір үзім нанға зар болып, тентіреп жүргенде, Сталин режимі мыңдаған «саяси қылмыскерлер» мен басқа топтарды Қазақстанға жер аударды. Тарихшылардың айтуынша, Карлагтағы адамдардың жағдайы далада аштан қырылған қазақтардан әлдеқайда жақсы болған. Яғни, «қазақтар жомарт халық» деген идеологияның кеңінен таралуында қазақтарға бағытталған қылмысты барлығына «ортақ» мәселе деп көрсету саясаты жатса керек.


Бұл мысалдардың барлығы қандай да тарихи шындықты білмеу жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның өзін өзі тану үрдісіне кедергі жасап, тіпті жалған құндылықтардың қалыптасуына себеп болады. Сайып келгенде, бұл факторлар ұлттың рухани даму үрдісіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан Ашаршылық жайлы зерттеулердің нәтижелері қоғамда салауаттылық, парасаттылық қағидаларын қалыптастыру үшін де аса маңызды деп есептейміз.


Сара Камероның бұл зерттеуінде көтерілген тағы бір даулы мәселеге тоқтала кетейік. Ол Қазақ Ашаршылығындағы Голощекиннің рөліне қатысты мәселе. Кітапты оқырмандары автор Голощекинді ақтап алғысы келіп отыр деген жаңсақ түсінікке бой алдыруы мүмкін. Олай емес, әрине. Автор Қазақ Ашаршылығы сияқты зобалаңның бір адамның қолынан келмейтіндігін ескертеді. Ашаршылық – кеңес тарихшылары жазғандай тек бір тұлғаға ғана арта салатын қарапайым қылмыс емес. Қазақ Ашаршылығы – жоғарыдан жоспарланып, қадағаланып, басқа адамдардың қолымен жүзеге асырылған және Адамзатқа қарсы жасалған саяси қылмыс.


bottom of page