top of page
  • Зәуре Батаева

Ашаршылық тақырыбына арналған тағы бір тарихи еңбек жайлы бірер сөз

Француз тарихшысы Николя Верттің жуықта ғана, яғни 2020 жылдың қаңтар айында жарық көрген «Кеңес Одағының Ұлы Ашаршылықтары» атты шағын тарихи еңбегін қарап шықтым. Бұл шағын еңбектің атауын кейін қалай аударса да, көпше түрін көрсету маңызды екен, себебі бұл еңбектің негізгі мақсаты — Қазақстан мен Украинаны жаппай, ал Ресейдің бір аймағын жайлап, 7 млн аса адам өмірін жалмаған Ұлы Ашаршылықтың әр аймақтағы себептері мен салдарларын мұқият талдай келе, зұлмат көлемін аша түсу екен. Үш оқиғаны қатар қойып, 3 аймақ ерекшеліктерін салыстыру әдісін тиімді қолданған Верттің шағын еңбегін Ашаршылық — білместікпен емес, керісінше, біле тұра, бір емес, 2 ұлттық топтың өмір салтын, яғни, ұлттық болмысын жою мақсатымен қасақана жасалған сұмдық Қылмыс екенін дәлелдей түсетін тағы бір маңызды еңбек деп таныдым.


Мазмұнында көрсетілгендей, аталған осы үш аймақтың әр қайсысына бір-бір тарау арналып, соңынан қорытынды шығарылған. Тарихшы жалпы КСРО тарихы бойынша ірі эксперттердің бірі болғанымен, Қазақ Ашаршылығын өзі зерттемеген, сондықтан ҚЗ-ға арналған тарауында тақырыпты зерттеген 4-5 маманның пікіріне шолу жасай келе, себеп-салдарларын атап, қазақ зұлматының жалпы көрінісін, қасірет көлемін жақсы көрсеткен.


Бұл маңызды еңбекті Ресей баспагерлері орыс тіліне міндетті түрде аударады. Кітапты қазақ тіліне аударса да дұрыс болар еді деген ойға қалдым. Себебі бұл шағын еңбекте Қазақстан, Украина және Ресей Ашаршылықтары қысқаша, бірақ маңызды тұстары жайлы нақты деректер беріліп, мұқият талданған. Тарихшылармен қатар, осы тақырып жайлы көбірек білгісі келетін басқа сала мамандарына да, мысалы, өнер саласындағы суреткер қауымға және қарапайым оқырмандарға да өте пайдалы дереккөз болар еді. Тағы бір маңызды себебі — Украина Голодоморы жайлы Қазақстан жұртшылығы көп білмейді, ал осындай шағын да ықшам жазылған дереккөздер қасірет жайлы нақты хабар беріп, Қазақ Ашаршылығының деңгейін тереңірек түсінуге себебін тигізер еді.


Толығырақ: https://www.ihtp.cnrs.fr

Comments


bottom of page