• Дидар Амантай

Абай елі – Зәуренің отаны: Семей хаттары

Дидар Амантай


Зәуре кітап шығарыпты. Көп жылдар бойы жұрт назарынан жасырып қалам тартқан дүниелері кенет, тосын сәтте, яғни, елде көркем машық, әдеби сауат алдына өлермендік, кеудемсоқтық түскен заманда, дер кезінде, нақ уақытында жарық көрген екен... Екі тілді меңгеріп, тіл үйрену қарым-қабілетімен ерекше көзге түсіп, оқшау топ жарған қазақ зияткері бүгінде үш тілде шығарма жаза бастады. Алғашқылардың бірі де бірегейі Ахас Тәжуітовтың серігі, досы, ақын-аудармашы Ғалымжан Мұқанов еді. Енді, міне, Зәуре. Мен Зәурені жақсы көремін. Сондықтан жұрт назарына ұсынған туындылары алдында адал, әділ және анық болуға тырыстым...


Зәуренің ақылдылығында шек жоқ, көркем шығармашылығынан сұңғыла. Сөзінен ойы жүйрік, қашқанда ұшқыр қаламына да, ұтқыр сөзіне де жеткізбейді. Батыр. Ойын ірікпейді, қазаққа деген махаббатын жасырмайды, күйінішін ақтара салады. Күйінішінде әдеттегідей екінің бірінде бар өкініш емес, ыза, кек, намыс, алғырлық басым, алғадайлық үстем. Елін сүйеді. Шын, Зәуреге ешкім жете алмайды, бірақ мақсатына үңіліп, мұратына көз тастап, біз жеттік қой деймін. Таныдық. Толғандық. Енді оқырман қауым, алаш жұртымен бөліскіміз келеді.


Бір повесть, үш әңгіме. Бірінші кітабынан екінші кітабы бұрын жарық көретін керзаманда, сірә, ой да кертолғау болатын сияқты. Қазақ не көрмеді, алаш не кешпеді. Бірақ, есі дұрыс, жады орнында. Сонда толғауын кері тартқандар қайдан шықты... Меніңше, қоғамдық әдеби сауаттың төмендегенінен. Телевидение, әуелі, арзан оқырманын даярлады, сосын кітабын шығарды. Жастардың талғамын бұзды. Эстетикалық нұсқаны талқандады. Тұнықты лайлады, жақсыны былғады, күрделіні арзандатты. Алға өзі шықты.


Телевидение күшімен. Қоғамды арзан әдебиет, жалған образ жаулады, елді жаңсақ пікір, теріс түсінік биледі. Енді, жаңарған оқырман қауымға сөз айта алмайсыз. Сұрайтыны – екінші кітап, second hand, вторичность ... Сол кезде Брюссельден хабар жетті. Басқан тінтуірдің тұмсығынан шығармаларын алдымызға көлденең жайып салған сайт көрінді: «Мектеп», «Америкаға қош келдіңіз», «Нұрай», «Ян» ... Зәуренікі – гипер-заманауи шығармалар. Тіпті, өз атымды кездестіріп қаламын ба деп қобалжып та отырдым. Күдігім расқа шықты. Менің де ағылшын тіліне өзі аударған кітабым жүр. Мен талдауымды үшке бөлдім: мазмұны (тақырыбы), туынды жанры (формасы), жазу мәнері.


Тақырыбы


Зифа-Алуа Әуезовадан оқығаным бар: «The Time of Ordeal»: a story of the 1916 revolt in Central Asia. Кәдімгі «Қилы заман» туралы көркем-әдеби және ғылыми очерк. Келтірілген деректері сұмдық. Жан түршігеді. Қазақстан басылымдары жариялаудан бас тартып, менің басқаным бар. Мұрат Әуезов телефон соқты. Әкесі не болмаса қызы үшін емес, қазақ үшін сұрады. Мен бір сәт маған көрсетілген айрықша құрметтен айтарға сөз таппай, телефон құлағын ұстаған күйі үнсіз тұрып қалғаным рас. Мұрат аға сөйлеп жатыр. Очерк бірден нөмірге жіберілді.


Ұлы Мұқаң қалам тартқан сол шығарма, аса талантты немересі жазған ғылыми очерк жаңғырып, жаңа нұсқада, қырдан көшіп, жатақ атанған, жерге орнығып, егін салған, тіпті, мұхит асып, шетел жеткен қазақтың образында Зәуренің туындыларынан қайта байқалған сияқты. Үстем мәдениеттің салқыны, кіші халықтардың мінез-құлқы, бойымыздағы кембағалдық, бір-біріне мәтіби ағайын-туғандарымыз, жаттан жасқанып, жақсыдан жиренген өзіміз, бөтен жер, басқа жұртта жүрсек те соңымыздан қалмайды ... Тегінде, өзіміздің жақсымызды менсінбейміз, өзгенің жаманына таңғаламыз. Мен түсінген лейтмотивім осы.


Жанр және форма


Бір қарағанда, байсалды, сабырлы көрінетін мәтінде, бабын да, тыныштығын да таппаған бір мазасыздық, асығыстық бар сияқты. Әлде шетелдің жылдам өмірі әсер етті ме екен... Повесть ұзақ, әңгімелер – ұзын. Көпсөзділік жоқ, сөйлемдері ықшам, сөздері – нақ. Жанрдың өзі формаға бағынған, повесть әңгімелерден құралған тәрізді әсер береді. Ұтымды жол. Бар шығарма бірінші жақтан баяндалады. Негізі, үшінші жақтан жазған дұрыс. Бірақ, қаламгердің жолы бірінші жақтан басталып, үшінші жақпен аяқталады. Үшінші жақтан қалам тарту әлдеқайда қиын. Жалпы, үшінші жақ – өскендіктің белгісі. Бейтараптық, сабыр, ой, суықтық, атмосфера – үшінші жақта, бірінші жақта сезім, ішкі монолог, кейіпкерге баға беру, автордың текст, мәтінге араласуы, бәрі-бәрі бар, кейде атмосфера қалыптасуына бөгет жасайды.


Жанр – зерттелген тақырып болса, форма – әркім өзінше түсінетін мәселе, қазір үлкен проблемаға айналды. Форма деп көп айтады, бірақ не айтып отырғандарын білмейді. Форма – мәтіннің архитектурасы. Архитектура сөйлем ұзындығынан, абзацтардың аз-көптігінен, жазу мәнерінен қалыптасады. Жазу мәнері – сөздің қою-сұйықтығынан, лексикалық қордың эстетикалық құрамынан, жиі қолданатын сөздерінің әдемі-сүреңсіз көрінісінен, сөйлемдерінің музыкасынан, әнінен қалыптасқан атмосфералық жай-күйінен білінеді.


Жазу мәнері және атмосфера


Жазушы дегеніміз жазу мәнері. Әдебиет тарихы – жазу мәнерінің тарихы. Сондықтан да, әдебиеттің айтатыны ой емес, беретіні білім емес, тек қана эстетикалық бақыт, эстетикалық рақат сезімге бөлейтін атмосфералық күй. «Я владею всего лишь манерой письма» - деп жазды Ален Роб-Грийе. Жазу мәнерінен атмосфера туады. Бұл – ақындық проза. Прозаның шыңы. Мақсат емес, алайда бағытын ұстанған жөн.


Әр авторды өз ұстындары аясында талқылау керектігі бүгінде аксиомаға айналып отыр. Сондықтан, ұстындарды таңдап, тәртіп енгізгенде, сүйенетін талғамның жоғарылығы, нақтылығы қажет. Әр заман өз стилін паш етеді. Стилінен адаспаған қаламгер табысқа жетеді. Біз нағыз проза жайлы айтып отырмыз. Одан басқа да проза түрлері бар.


Зәуренің бізге жақын, туыс, ағайын болғанын қалаймыз. Қуантатыны – сөйлем-сөздерін лингвистикалық әсіре байытудан қашқандығы және эпикалық жалпыламалықтан бас тартқаны. Сөйлемдері қысқа. Мығым. Уақиғалары жылдам, ойлары ұшқыр. Бірақ кейде ақындық әдеміліктен көз жазып қалады. Орысша аудармадан келген идиомалар бар екен. Қолдан келсе, қазақыландырып, келмесе, құтылу қажет. Көзге ұрып, мәтінді бүлдіріп тұр.


Мығым сөз кейде уақиғаны жылдамдатамын деп күйгелектеніп қалады. Сабыр қайда, проза данышпандардың сөзіндей байсалды болуы тиіс. Салтанатты. Раскованность письма – знак совершенства.


Мынадай сөздер Зәуренің зияткер қаламына жараспайды: бағалы маман (39 бет), сақтану түйсігі ояна кетті ме (32 бет), ұлы бөліс (34 бет)... Бельгер туралы (73 бет). Меніңше, Бельгер – таңғажайып құбылыс. Өмір бойы Абайды айтып өтті, өмір бойы алашты жақсы көріп өтті. Он заслужил свой авторитет и уважение. Для твоей сакральной мысли, в данном случае, он – неподходящий пример.


Зәуре жаңа тақырыпты ашты. Мен де жазып едім. АҚШ сапары жайлы. «Шерлі шырақ іздеген көңілдің сағынышы»: эссе. Жанрды кезінде Мұқтар Әуезов бастаған. Зәуре көркемдік тұрғыда жаңа тақырыпты ашқанын байқадық. Мағауиндей. Ол Шыңғысханның киіз үйдің ішінде, шаңырақтың астында отырған көшпелі жұрттың көзімен қарағандағы бейнесін сомдады. Зәуре қазақтың шетелдегі психологиясын, ұлттық табиғатын, қадір-қасиетін жазды.


Ата-бабамыз кешпеген ой-сезім, көрмеген жай-жапсарды кенет жарқ еткізіп күн тәртібіне шығарды, тіпті, өзін өзі танығандағы жай-күйін қаламына арқау етті. Біздің қазақ осындай. Абай айтқан қазақ табиғатынан айнымаған екен. Сол үшін де, қол жеткен табыстарымыз үшін де қазақ еліне, Махамбет, Абай, Мағжан, Әлихан, Қаныш, Сұлтанмахмұт, Бауыржан, Мұқағали, тіпті, Зәуре кейіптеген қаһармандар жұртына ғашықпыз.


Зәуре Батаева


Дидар Амантай менің «Зерде» атты блогымнан жарияланған әңгімелерім туралы жазған мақаласында автордың бірінші жақтан немесе үшінші жақтан баяндау мәселесіне тоқталып, «Негізі, үшінші жақтан жазған дұрыс. Бірақ, қаламгердің жолы бірінші жақтан басталып, үшінші жақпен аяқталады. Үшінші жақтан қалам тарту әлдеқайда қиын. Жалпы, үшінші жақ – өскендіктің белгісі. Бейтараптық, сабыр, ой, суықтық, атмосфера – үшінші жақта» деп жазады. Дидар Амантай бұл жерде дәстүрлі әдебиет теориясында «канон» болып саналатын пікірге сүйеніп отырғанымен, соңғы 10-15 жылдағы жағдай мүлдем басқа сияқты.


Британдық және американдық әдебиет сыншысы Джеймс Вуд «Көркем шығарма қалай жазылады» (2008 ж) деп аталатын еңбегінің бір тарауын осы «баяндау» мәселесіне арнады. Сыншы «Көркем шығарманың терезесі көп болғанымен, тек қана екі немесе үш есігі болады. Оқиға не үшінші, не бірінші жақтан, кейде екінші жақтан баяндалады немесе автор бірінші жақтың көпше түрі қолданады. Басқасы – баяндаудан гөрі ақындыққа немесе прозамен жазылған ақындыққа жақын болады» - деп жазады.


Авторлардың көбі бірінші немесе үшінші жақты қолданатыны белгілі. Осы тұрғыда Джеймс Вуд үшінші жақтан, яғни «бәрін білетін автор атынан» және бірінші жақтан, яғни «өзі туралы оқырманнан аз білетін кейіпкер» атынан баяндаушының алғашқысы «сенімді», ал кейінгісі «сенімсіз» деген дәстүрлі пікірді жоққа шығарады. Ол бірінші жақтан баяндау керісінше, сенімді, ал үшінші жақтан баяндау «бәрін біледі» дегеннен гөрі «жартылай біледі» дегенге жақынырақ деп санайды. «Бірінші жақтан баяндайтын Джейн Эйр оқиға желісін біртіндеп ашатын өте сенімді кейіпкер болса, Кадзуо Исигуроның кейіпкері Стивенс («На исходе дня») пен Владимир Набоковтың Гумберт Гумбертінің сенімсіздігі басынан бастап айқын» - деп жазады сыншы.


«Флобердің үшінші жақтан баяндалатын шығармада автордың тұлғасы мүлдем байқалмай, «жаратушы сияқты» болса деген тілегінің орнына, автордың стилі мен көзқарасы оқырманның назарын өзіне көп аударады. Жалпы, аталып отырған автордың «құдіреттілігі» шынтуайтына келгенде мүмкін емес. Үшінші жақтан баяндау үшін «еркін төл сөз» (free indirect style) тәсілін пайдаланғанда, кейіпкердің көзқарасы мен тілі арқылы берілген пікір шындығында авторға тиесілі болады» - деп жазады сыншы еңбегінде.


Ағылшын жазушысы Зэди Смит пен Пулитцер сыйлығының иегері Джеффри Евгенидис 2016 жылы қазан айында «Нью Йоркер» журналы ұйымдастырған «Жазушылық» туралы сұхбатында осы мәселе туралы қызықты пікірін айтты. Зэди Смиттің 2016 жылы шыққан «Свинг уақыты» деп аталатын бесінші романы бірінші жақтан баяндалған. Кэмбридж Университетінің «Ағылшын әдебиеті» факультетін тәмамдап, нағыз Шекспир рухындағы классикалық білім алған Зэди Смит ағылшын жазушыларына әлі күнге дейін білім ордаларында миына құйып тастайтын «үшінші жақ» қағидасының көп кедергі жасайтынына тоқталып, бұл ұстанымды «нонсенс» деп атады. «Әдебиет теориясында қалыптасқан Шекспир дәстүрін шеберлік белгісі деп атау миға сыймайды, себебі Шекспир проза емес, театр үшін пьеса жазғанын ұмытпайық» деп қос проза маманы бұл дәстүрді күлкіге айналдырды.


Бұл жауабымда 21 ғасырдың әдебиет әлемінен тиісті орын алған үш маманның пікірін келтіріп отырғаным, Дидар Амантайдың «үшінші жақ – өскендіктің белгісі. Бейтараптық, сабыр, ой, суықтық, атмосфера – үшінші жақта» деген пікіріне қатысты көзқарас өзгерген сияқты. Яғни, бір кезде қалыптасып, өзгертуге ешкімінің дәті бармаған «канондар» да уақыт талабына сай өзгеріске ұшырап отырады. Бұған келтірер тағы бір мысал – соңғы 10 жылда әдебиет әлемін дүр сілкіндірген италиян жазушысы Елена Феранте мен норвег жазушысы Карл Ове Кнаусгарттың бірнеше томнан тұратын романдарының барлығы бірінші жақтан жазылған. Ал менің әңгімелерімді бірінші жақтан баяндау тәсілін таңдағаным, жоғарыда Джеймс Вуд атаған «сенімді» кейіпкер сомдау үшін туындаған қажеттілік еді.


Дидар Амантай шығармалардағы жазу мәнерін талдағанда, «Орысша аудармадан келген идиомалар бар екен. Мынадай сөздер Зәуренің зияткер қаламына жараспайды: бағалы маман (39 бет), сақтану түйсігі ояна кетті ме (32 бет), ұлы бөліс (34 бет)» деп жазады. Соңғы кезді орыс тілінен келген «калька» деп көптеген сөз тіркестерінен мүлдем бас тарту үрдісі басталды. Жалпы, лингвистика ғылымында «калька» деген жағымсыз емес, жағымды құбылыс болып саналады. Ағылшын тілінде дәне орыс тілдерінде француз тілінен енген калька жетіп жатыр.


Ал нақты Дидар Амантай көрсеткен мысалдардың ішінде «сақтау түйсігінің ояна кетуі» деген идиома емес, психологиялық түсінік және ғылыми термин. Ағзаның қауіп-қатерге жауабы. «Сақтық жейдесі» де идиома немесе калька емес, кәдімгі күнделікті қолданыстағы термин, барлық жолаушы тасымалдайтын көліктерде қолданылатын зат. «Ұлы бөліс» деген «жекелендіру» үрдісіне қатысты қолданылған кейіпкердің өзінің анықтамасы. Орыс тілінде кеңінен қолданылып жүрген «Великая дележка» деген «фольклорлық» сөз тіркесі жоқ.